Бағалы қағаздар рыногы туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 1997 жылғы 5 наурыздағы N 77

Қолданыстағы

      Осы Заңмен бағалы қағаздардың шығарылуы мен айналыста болуы, бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң қызметiн жүзеге асыру, бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу процесiнде туындайтын қатынастар реттеледi.

I тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Бағалы қағаздар рыногы туралы Қазақстан
             Республикасының заңдары

      Бағалы қағаздар рыногы туралы Қазақстан Республикасының заңдары осы заңнан бағалы қағаздар шығаруға және олардың айналысына байланысты құқықтық қатынастарды реттейтiн өзге де заңдардан, Қазақстан Республикасы Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес шығарылатын мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2-бап. Негiзгi ұғымдар

      Бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      антеррайтер - бағалы қағаздар рыногында делдалдық және дилерлiк қызметке лицензиясы бар және эмитенттiң бағалы қағаздарын онымен жасасқан ережелерiне сай орналастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;
      Белгiлi бiр тұлғаның аффилиирленген тұлғасы ("аффилиирленген тұлға") - қоғамның белгiлi бiр тұлғаның шешiмiн тiкелей және/немесе жанама айқындауға және/немесе ол қабылдайтын шешiмге ауызша уағдаластықты қоса алғанда, шарттың немесе өзге бiр мәмiленiң күшi арқылы ықпал етуге құқығы бар кез келген заңды немесе жеке тұлға (өздерiне берiлген өкiлеттiктер шегiнде сол тұлғаның қызметiне бақылау жасауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарды қоспағанда), сондай-ақ оған қатысты осы тұлғаның осындай құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға. Акционерлiк қоғамның лауазымды адамдарды, қоғамның дауыс беретiн акцияларының он және оның одан да көп процентiн (ашық халықтық қоғамдар үшiн - бес және одан да көп процентiн) иеленетiн акционер мiндеттi түрде акционерлiк қоғамның аффилиирленген тұлғалары болып табылады;
      брокер - сыйақы үшiн шарт негiзiнде iс-қимыл жасайтын, клиенттердiң тапсырмасы бойынша, солардың есебiнен және мүдделерiн көздеп бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелердi жүзеге асырушы делдал;
      бағалы қағаздардың қайталама рыногы - бұрын шығарылған бағалы қағаздардың айналысы процесiнде бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi арасында қалыптасатын қатынастар, бұған бағалы қағаздардың бастапқы рыногының қатынастары қосылмайды;
      бағалы қағаздарды материалсыздандыру - бағалы қағаздармен куәландырылатын мүлiктiк құқықтарды растау әдiсiн өзгерту, бұл орайда арнаулы тiзiлiмдердегi жазбалар бұл құқықтарды растау болып табылады;
      бағалы қағаздар депозитарийi - бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi есепке алу және оларды орындау, сондай-ақ бағалы қағаздарды материалсыздандыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын мамандандырылған ұйым;
      депонент - депозитарийдiң клиентi болып табылатын тұлға, ол бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелерге қызмет көрсету жөнiндегi депозитарийдiң қызметтерiн шарт негiзiнде пайдаланады;
      бағалы қағаз ұстаушы - бағалы қағаздың меншiк иесi және/немесе нақтылы ұстаушысы;
      дивиденд - акционерлiк қоғамның таза пайдасының акционерлер арасында олардың меншiгiндегi акциялар санына қарай бөлiнетiн бөлiгi;
      дилер - бағалы қағаздарды кейiн қайта сату немесе олармен өзге де мәмiлелер жасау нәтижесiнде пайда табу мақсатымен өз атынан және өз есебiнен бағалы қағаздармен мәмiлелер жасайтын кәсiпқой қатысушы;
      инвестор - өз қаражатын бағалы қағаздарға салуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      институционалдық инвестор - өзi тартқан ақшаны көбiнесе бағалы қағаздарға инвестициялайтын заңды тұлға;
      кастодиан - клиенттердiң сенiп тапсырған бағалы қағаздары мен ақшаны сақтау және есепке алу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын кәсiпқой қатысушы;
      бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу жөнiндегi клиринг - бағалы қағаздармен мәмiле жасаудың нәтижесiнде жүзеге асырылатын есеп айырысуға қатысушы тараптардың өзара талаптары мен мiндеттемелерiн есепке алу;
      баға кесу - қор биржасында және басқа да ұйымдасқан бағалы қағаздар рыноктарында бағалы қағаздардың бағамын (рыноктық бағасын) белгiлеу;
      биржадан тыс бағалы қағаздар рыногындағы баға кесу ұйымы - бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары құратын, заңды тұлға мәртебесi бар, бағалы қағаздарға баға кесу және биржадан тыс рынок айналысындағы бағалы қағаздармен сауда жасауды техникалық жағынан қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;
      листинг - эмитенттiң бағалы қағаздарын қор биржасындағы немесе өзге де бағалы қағаздардың басқа да ұйымдасқан рыноктарындағы саудаға жiберу;
      бағалы қағаздарды бiр iзге түсiрудiң ұлттық жүйесi (NSIN) - Қазақстан Республикасы аумағында айналымға жiберiлген бiр эмиссиядағы бағалы қағаздарды әрiптiк-сандық кодификациялау жүйесi;
      ұйымдастырылмаған рынок - мәмiле нысанасына және оның қатысушыларына ұйымдастырылған рынок талаптарына сақтамай бағалы қағаздармен мәмiлелер жүзеге асырылатын бағалы қағаздар айналымы өрiсi;
      бағалы қағаздардың нақтылы құны - бағалы қағаздың оны шығару кезiнде белгiленген құнының ақшалай түрi;
      нақтылы ұстаушы - шартқа сәйкес және бағалы қағаздар иесiнiң мүдделерiн көздеп, өз атынан және меншiк иесi есебiнен бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асыратын кәсiпқой қатысушысы;
      бағалы қағаздар айналысы - бағалы қағаздармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасу;
      бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногы - бағалы қағаздардың айналым өрiсi, онда бағалы қағаздармен мәмiле жасау қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сол мәмiлелерге қатысушылар үшiн сауда-саттықты ұйымдастырушылар белгiлеген рәсiммен және шарттармен реттелген;
      бағалы қағаздардың бастапқы рыногы - бағалы қағаздарды шығару және орналастыру процестерiнде, бiр жағынан, эмитенттiң немесе оның тапсыруы бойынша бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушысының және, екiншi жағынан, инвесторлардың арасында қалыптасатын қатынастар;
      бағалы қағаздар портфелi - бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң меншiгiндегi не басқаруындағы алуан түрлi бағалы қағаздардың жиынтығы;
      бұйрық - бағалы қағаздарды ұстаушы немесе сатып алушы бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушысына беретiн, бағалы қағаздармен мәмiле жасасуға негiзделген және бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асыруға арналған бағалы қағаздар мен ақша жөнiндегi белгiлi бiр iс-әрекеттi жүзеге асыру жөнiнде нұсқаудан тұратын стандарттық үлгiдегi құжат;
      эмиссия проспектi - эмитент, оның қаржылық жай-күйi және шығарылған бағалы қағаздар туралы ақпараттан тұратын құжаттар жиынтығы;
      бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары - бағалы қағаздар рыногында кәсiпқой қызметтiң бiр немесе бiрнеше түрiн жүзеге асыруға лицензиясы бар заңды тұлғалар;
      туынды бағалы қағаздар - басқа бағалы қағаздар арқылы бiлдiрiп құнға ие болатын бағалы қағаздар;
      тiркеушi - бағалы қағаздар ұстаушылар тiзiлiмiн жүргiзу жөнiндегi кәсiби қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
      бағалы қағаздар рыногы кәсiпқой қатысушыларының өзiн-өзi реттейтiн ұйымы - бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары құрған, олардың кәсiби мүдделерiн бiлдiру және қорғау, сондай-ақ бағалы қағаздар рыногы инфрақұрылымының неғұрлым тиiмдi жұмысы үшiн жағдайлар жасау мақсатымен, олардың ерiктi қатысуы негiзiнде әрекет ететiн ұйым;
      бағалы қағаздар сертификаты - меншiк иесiне оның бағалы қағаздарға құқықтарын растауға эмитент беретiн, бағалы қағаз болып табылмайтын құжат;
      өзiндiк капитал - шаруашылық жүргiзушi субъектiнiң өз мiндеттемелерiн шегерiп тастағаннан кейiнгi активтерi;
      бағалы қағаздар эмиссиясының құрылымы - эмиссияның мөлшерi, бағалы қағаздардың нақтылы құны, шығару нысаны, шығарылатын бағалы қағаздардың саны, олардың түрi туралы мәлiметтер;
      бағалы қағаздар портфелiн басқарушы - бағалы қағаздар портфелiн сондай-ақ бағалы қағаздар сатып алуға арналған ақшаны басқару жөнiндегi кәсiби қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
      қор биржасы - қызметiнiң ерекше түрi қаржы құралдарымен сауда жасауды ұйымдастыру болып табылатын, ол қызметтi қолданылып жүрген заңдарға сәйкес және биржа белгiлеген ережелерге сәйкес жүзеге асыратын заңды тұлға;
      эмиссиялық бағалы қағаздар - бiр эмиссия шегiнде бiртектес белгiлерге және реквизиттерге ие болатын, осы эмиссияға арналған бiрыңғай ережелер негiзiнде орналастырылатын және айналысқа түсетiн бағалы қағаздар;
      эмиссия бағалы қағаздарды шығару және орналастыру;
      эмиссиялық синдикат - эмитенттiң бағалы қағаздарын орналастыру мақсатында құрылған бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының бiрлестiгi;
      эмитент - қолданылып жүрген заңдарға сәйкес бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асыратын және бағалы қағаздардың иеленушiлерi алдында өз атынан мiндеттемелерi болатын заңды тұлға.
      ЕСКЕРТУ. 2-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 2-бап өзгертiлдi және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 2-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен .

      3-бап. Бағалы қағаздармен сауданы ұйымдастырушылар

      1. Бағалы қағаздармен сауданы ұйымдастырушылар мыналар болып табылады:
      биржадан тыс рыноктың баға кесу ұйымы;
      қор биржасы;
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де ұйымдар.
      2. Бағалы қағаздармен сауданы ұйымдастырушылар қызметiн уәкiлеттi орган лицензиялауға тиiс.

      4-бап. Бағалы қағаздар рыногының объектiлерi

      Қазақстан Республикасы бағалы қағаздар рыногының объектiлерi мыналар болып табылады:
      акциялар, облигациялар және заңдарда белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган бағалы қағаздар деп танылған бағалы қағаздардың басқа да түрлерi;
      Заңдарға сәйкес осындай деп танылған туынды бағалы қағаздар;
      басқа мемлекеттердiң заңдарына сәйкес шығарылған, Қазақстан Республикасы аумағындағы айналысына уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен рұқсат етiлген шетел эмитенттерiнiң бағалы қағаздары;
      ипотекалық куәлiктер, коносаменттер және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаз мәртебесi болған өкiмдiк құжаттардың басқа да түрлерi.

      5-бап. Бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi

      Бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi:
      инвесторлар;
      эмитенттер;
      бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары;
      өзiн-өзi реттейтiн ұйымдар болып табылады.

      6-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы инвесторлар

      1. Бағалы қағаздар рыногында:
      инвесторлар - жеке және заңды тұлғалар;
      институционалдық инвесторлар болуы мүмкiн.
      Мемлекет Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi немесе Қаржы министрлiгi арқылы бағалы қағаздар рыногында инвестор ретiнде iс-қимыл жасайды.
      2. Бағалы қағаздар портфелiн қалыптастыру үшiн өздерi тартқан қаржыны пайдаланушы субъектiлер:
      инвестициялық қорлар;
      банктер Қазақстан Республикасы заң актiлерiнде көзделген жағдайларда;
      мемлекеттiк емес зейнетақы қорлары;
      сақтандыру ұйымдары;
      Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес басқа да ұйымдар Қазақстан Республикасындағы институционалдық инвесторлар болып табылады.
      ЕСКЕРТУ. 6-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .

      7-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару нысаны

      1. Эмиссиялық бағалы қағаздар мынадай:
      - құжаттандырылған;
      - құжатсыздандырылған нысандарда шығарылуы мүмкiн.
      2. Бағалы қағаздар шығарылуы құжатсыздандырылған нысаны - бағалы қағаздарға мүлiктiк құқықтар тiзiлiмде тiркелетiн шығару нысаны және бұған қоса олар материалдық таратушыларға (қағазға және басқа да материалдарға) шығарылады.
      3. Бағалы қағаздар шығарудың құжатсыздандырылған нысаны - бағалы қағаздарға мүлiктiк құқықтар бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмiнде тiркелетiн шығару нысаны.
      4. Эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару нысанын эмиссияны мемлекеттiк тiркеуге табыс етiлген құжаттарға тиiстi өзгерiстер енгiзе отырып, эмитенттiң жоғарғы басқару органының шешiмi бойынша эмитент өзгертуi мүмкiн.
      ЕСКЕРТУ. 7-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      8-бап. Бағалы қағаздар иелерiнiң құқықтарын растау

      1. Құжаттандырылған нысанда шығарылған бағалы қағаздар иелерiнiң құқықтары осы бағалы қағаздарды көрсетуi арқылы расталады.
      2. Құжаттандырылмаған нысанда шығарылған бағалы қағаздар меншiк иелерiнiң құқықтарын тiркеушiлер немесе нақтылы ұстаушылар растайды.
      3. Бағалы қағаздарды иелерiнiң талап етуi бойынша тiркеушi немесе нақтылы ұстаушы оларға бағалы қағаздарға өздерiнiң құқықтарын растайтын құжаттар беруге мiндеттi.

      9-бап. Бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелер

      1. Бағалы қағаздармен мәмiлелер ұйымдасқан және ұйымдаспаған бағалы қағаздар рыногында жасалады.
      2. Кәсiпқой қатысушылар ұйымдасқан бағалы қағаздар рыногында мәмiлелердi өз атынан немесе клиенттiң атынан, өз есебiнен немесе клиенттiң есебiнен бағалы қағаздар сатып алу немесе сату арқылы жасайды.
      Бағалы қағаздарды сатып алу-сату шарты тараптардың бiрiнiң талап етуi бойынша нотариалдық куәландырылуға тиiс.
      3. Бағалы қағаздардың ұйымдаспаған рыногында жасалатын мәмiлелердi инвесторлардың өздерi де, бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының қызметiн пайдалана отырып та жүзеге асыруы мүмкiн.
      4. Кәсiпқой қатысушының бағалы қағаздармен мәмiле жасауға өкiлеттiгi оның клиентпен жасасқан мәмiлелердi жасау және орындау үшiн қажеттi талаптарды айқындайтын шартымен расталады.
      5. Бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау рәсiмi және оларды тiркеу ұйымдасқан бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстейтiн ұйымдардың ережелерiмен белгiленедi.
      ЕСКЕРТУ. 9-бап өзгертiлдi және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

II тарау. Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу

      10-бап. Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк
              реттеу негiздерi

      Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу:
      бағалы қағаздар рыногы субъектiлерi қызметiне мiндеттi талаптар белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлер шығару;
      эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды тiркеу мен оларда көзделген шарттар мен мiндеттердi эмитенттердiң сақтауын бақылауды жүзеге асыру;
      бағалы қағаздар рыногына кәсiптiк қатысушылар және олардың өзiн-өзi реттейтiн ұйымдары қызметiн лицензиялау;
      биржадан тыс рыноктағы айналыстағы бағалы қағаздардың бағасын белгiлеудi және оның саудасын техникалық жағынан қамтамасыз етудi жүзеге асыратын қор биржалары мен ұйымдардың қызметiн лицензиялау;
      бағалы қағаздар рыногында инвесторлардың құқықтарын қорғау жүйесiн ұйымдастыру және олардың құқықтарын эмитенттер мен бағалы қағаздар рыногына кәсiптiк қатысушылардың сақтауына бақылау жасау;
      бағалы қағаздар рыногына кәсiптiк қатысушылар қызметiне бақылау жасау және бағалы қағаздар рыногын реттейтiн заңдарды бұзғаны үшiн тиiстi санкцияларды қолдану;
      бағалы қағаздар рыногында заңдарды бұзатын адамдарды анықтау және жауапкершiлiкке тарту жөнiндегi шаралар қолдану;
      бағалы қағаздар рыногына қатысушылардың кәсiптiк және бiлiм деңгейiн арттыру жөнiндегi жүйелердi ұйымдастыру жолымен жүзеге асырылады.
      ЕСКЕРТУ. 10-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      11-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қатынастарды реттеу
              жөнiндегi мемлекеттiк орган

      Мемлекеттiк орган арқылы мемлекет бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан қатынастарды мемлекеттiк реттеу мен бақылауды жүзеге асырады.
      Бағалы қағаздар рыногындағы қатынастарды реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Президентi бағалы қағаздар рыногын реттеу мен бақылау және акционерлердiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк орган (одан әрi - уәкiлеттiк орган) құрады, ол өз қызметiнде Конституция  нормаларын, бағалы қағаздар рыногы туралы заңдар мен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарын басшылыққа алады және Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен Ережелер негiзiнде қолданылады.
      ЕСКЕРТУ. 11-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      12-бап. Бағалы қағаздар эмиссиясын мемлекеттiк тiркеу

      Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздарды және басқа да бағалы қағаздарды шығару Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк тiркеуге жатады.

III тарау. Бағалы қағаздардың бастапқы рыногы

      13-бап. Бағалы қағаздардың эмиссиясы

      Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды (акцияларды, облигацияларды) жарияланған жарғылық капиталды құру және өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатында эмитент жүргiзедi.
      ЕСКЕРТУ. 13-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      14-бап. Мемлекеттiк бағалы қағаздар эмиссиясы

      Мемлекеттiк бағалы қағаздар эмиссиясын жүзеге асыру тәртiбi және эмиссия көлемi Қазақстан Республикасының арнаулы заңдарымен реттеледi.

      15-бап. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы
              қағаздар эмиссиясы

      Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар эмиссиясы:
      бағалы қағаздар шығару туралы эмитенттiң шешiм қабылдауын;
      уәкiлеттi органда бағалы қағаздар эмиссиясын тiркеудi;
      инвесторлар үшiн эмиссия проспектiсiнде болатын ақпараттар ашуды;
      бағалы қағаздар шығаруды және орналастыруды;
      бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi табыс етудi қамтиды.
      ЕСКЕРТУ. 15-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      16-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарды мемлекеттiк тiркеу
              шарттары мен тәртiбi

      1. Осы баптың 3-тармағында көзделгеннен басқа жағдайларда мынадай акциялардың эмиссиясы мемлекеттiк тiркеуге жатпайды:
      заң актiлерiнде көзделгеннен басқа жағдайларда, акционерлiк қоғамдардың үлгiсiне қарамастан, олардың акцияларының бастапқы эмиссиясы;
      жабық акционерлiк қоғамдардың акцияларының кейiнгi эмиссиясы;
      ашық акционерлiк қоғамдар акцияларының жабық немесе жеке тәсiлмен орналастырылатын акцияларының кейiнгi миссиясы.
      2. Ашық орналастыруды жүзеге асыратын ашық акционерлiк қоғамдардың және осы баптың 3-тармағында көрсетiлген қоғамдардың акцияларының эмиссияларын мемлекеттiк тiркеудiң, сондай-ақ акцияларды шығару және орналастыру қорытындысы туралы есеп беру рәсiмi мен тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      3. Акционерлiк қоғамдардың - банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың, сақтандыру ұйымдарының бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының, бағалы қағаздар саудасын ұйымдастырушылардың, инвестициялық қорлардың, жинақтаушы зейнетақы қорларының, зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компаниялардың және Орталық депозитарийдiң акцияларының барлық эмиссиялары мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатады.
      4. Акционерлiк қоғамның акцияларын кез келген әдiспен орналастыруға осы акциялар эмиссиясында уәкiлеттi орган берген ұлттық сәйкестендiру нөмiрi болғанда ғана рұқсат етiледi. Бағалы қағаздар эмиссиясына ұлттық сәйкестендiру нөмiрлерiн берудiң тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      ЕСКЕРТУ. 16-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      17-бап. Қазақстан Республикасы бағалы қағаздар
              эмиссияларының мемлекеттiк тiзiлiмi

      1. Бағалы қағаздардың тiркелген шығарылымы және олардың эмитенттерi туралы мәлiметтер бағалы қағаздардың Мемлекеттiк тiзiлiмде енгiзiледi, оны жүргiзудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      2. Бағалы қағаздардың Мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлмеген бағалы қағаздар эмиссиялары жарамсыз болып табылады.
      3. Уәкiлеттi органның мемлекеттiк бағалы қағаздарға бiр iзге түсiру нөмiрлерiн беру үшiн олардың эмиссиялары туралы ақпараттар беру тәртiбi заңдарға сәйкес белгiленедi.

      18-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар эмиссиясын тiркеу

      1. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын тiркеудi оның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган жүргiзедi.
      Уәкiлеттi орган бағалы қағаздар эмиссияларын тiркеудi заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу органдарына беруге құқылы.
      2. Бағалы қағаздар шығарылымын тiркеуге:
      табыс етiлген құжаттарды қарау және эмитенттiң қаржылық жай-күйiн тексеру;
      Бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiне бағалы қағаздар эмиссиясы мен эмитенттер туралы ақпараттарды енгiзу;
      эмиссияны мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк беру кiредi.
      3. Бұрын шығарылған бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептер бекiтiлмейiнше, бағалы қағаздардың кейiнгi эмиссиялары тiркеуге жiберiлмейдi.
      4. Бағалы қағаздар эмиссиялары туралы құжаттарды уәкiлеттi орган бағалы қағаздар эмиссиясын тiркеуге құжаттар бумасы табыс етiлген кезден бастап 30 күн iшiнде қарайды. Оларды ресми тiркеуден бас тартылған және тiркеу үшiн ұсынылған жағдайда құжаттарды қарау мерзiмi жаңадан белгiленедi.
      5. Бағалы қағаздар эмиссиялары туралы құжаттарда жалған, нақты емес, үстiрт мәлiметтер бергенi үшiн эмитент және оның лауазымды адамдары қолданылып жүрген заңдарда көзделгенiндей жауапты болады.
      6. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар уәкiлеттi органға бағалы қағаздар эмиссиясын тiркеу үшiн құжаттарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнiң сараптау қорытындысын алғаннан кейiн табыс етедi.
      7. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар эмитент болған жағдайда, эмиссияның проспектiсiндегi өзгертулердi тiркеу Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келiсiм бойынша жүзеге асырылады.
      8. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сақтандыру қызметiн реттеу мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның сараптама қорытындысын алғаннан кейiн уәкiлеттi органға бағалы қағаздар эмиссиясын тiркеу үшiн құжаттарды табыс етедi.
      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы эмитент болған жағдайда эмиссия проспектiне өзгерiстердi тiркеу сақтандыру қызметiн реттеу мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша жүзеге асырылады.
      ЕСКЕРТУ. 18-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 18-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 18-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2000.12.18. N 128 Заңымен .

      19-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар эмиссиясын
              тiркеуден бас тарту

      1. Бағалы қағаздар эмиссиясын тiркеуден дәлелдi бас тарту үшiн ұсынылған құжаттар қолданылып жүрген заңдарға және эмиссия проспектiсiне енгiзiлген мәлiметтердiң эмитенттiң нақты қаржы жағдайына сәйкес келмеуi негiз болып табылады.
      2. Бағалы қағаздар шығарудың мақсатқа сай еместiгiн дәлел етiп, тiркеуден бас тартуға жол берiлмейдi.
      3. Бағалы қағаздар эмиссиясын тiркеуден бас тарту жөнiнде сотқа шағым берiлуi мүмкiн.

      20-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар эмиссиясын тоқтата
              тұру

      1. Бағалы қағаздар эмиссиясын тоқтата тұруға:
      бағалы қағаздар эмиссиясы ережелерiнiң эмиссиялардың тiркелген ережелерiне, осы Заңға және нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес келмеуi;
      эмиссия ережелерiн едәуiр өзгертетiн ақпараттың уәкiлеттi органға келiп түсуi;
      эмиссияның тiркелген көлемiнiң артып кетуi;
      уәкiлеттi органның талаптарын эмитенттiң белгiленген мерзiмде орындамауы негiз болады.
      2. Бағалы қағаздар эмиссиясын тоқтата тұру:
      эмитенттiң бағалы қағаздарды одан әрi орналастыруына тыйым салуды;
      рынокта орналастырылған бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердiң тiркелуiн жүзеге асыруға тыйым салуды;
      осы эмиссияның бағалы қағаздарын орналастыру жөнiндегi жарнама науқанын тоқтатуды бiлдiредi.
      3. Бағалы қағаздар эмиссиясын тоқтата тұру туралы шешiмдi уәкiлеттi орган қабылдайды.
      4. Эмитенттiң уәкiлеттi органның тиiстi шешiмiн алған кезден бастап бағалы қағаздар эмиссиясын тоқтата тұруға және анықталған заң бұзушылықты уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде жоюға мiндеттi. Эмиссияны тоқтата тұру кезеңiнде бағалы қағаздарды орналастыру тоқтатыла тұрады.
      5. Аталған ескертпелер жойылғаннан кейiн уәкiлеттi органның шешiмi бойынша эмиссия жалғастырылуы мүмкiн.
      6. Эмитент бұқаралық ақпарат құралдарында бағалы қағаздар эмиссиясының тоқтатыла тұратыны туралы, ал тоқтата тұру себептерi жойылған жағдайда оның қайта басталатыны туралы хабар жариялауға мiндеттi.
      7. Уәкiлеттi органның эмиссияны тоқтата тұру туралы шешiмi жөнiнде сотқа шағым берiлуi мүмкiн.

      21-бап. Бағалы қағаздар эмиссиясын жарамсыз деп тану

      1. Уәкiлеттi орган мынадай негiздер бойынша бағалы қағаздар эмиссиясы болмады деп тануға құқылы:
      инвесторлар үшiн елеулi мәнi бар бағалы қағаздар эмиссиясы нақты шарттарының тiркелген эмиссия проспектiсiне (тiркелген шығару шарттарына) сәйкес келмеуi;
      тiркелген эмиссия проспектiсiне (тiркелген шығару шарттарына) сәйкес келмейтiн мәлiметтер бар бағалы қағаздардың шығарылуы мен орналастырылуы туралы жарнама науқанын жүргiзу;
      бағалы қағаздарды шығару және орналастыру қорытындысы туралы есепте көрсетiлген мәлiметтердiң тiркелген эмиссия проспектiне (тiркелген шығару шарттарына) немесе осындай эмиссияның нақты орналастырылу деректерiне сәйкес келмеуi;
      эмиссияны тоқтата тұрудың себебi болған жолсыздықтарды жою туралы уәкiлеттi органның ұйғарымын эмитенттiң орындамауы.
      2. Бағалы қағаздар эмиссиясы жарамыз деп танылған жағдайда осы шығарылымның бағалы қағаздары эмитентке қайтарылуға тиiс, ал эмитенттiң осы бағалы қағаздарды орналастырудан алған қаражаты инвесторларға қайтарылады. Бағалы қағаздардың құнын өтеу инфляция коэффициентiн ескере отырып жүзеге асырылады.
      3. Дау туған жағдайда уәкiлеттi орган эмитенттiң алған қаражатын мәжбүр етiн қайтару туралы сотқа қойып өтiнiш етуге құқылы.
      4. Бағалы қағаздар эмиссиясын жарамсыз деп тануға және қаражатты иелерiне қайтаруға байланысты барлық шығындар эмитенттiң есебiне жатқызылады.
      5. Уәкiлеттi органның бағалы қағаздар эмиссиясын жарамсыз деп тану туралы шешiмiне сотқа шағым берiлуi мүмкiн.
      ЕСКЕРТУ. 21-бап өзгертiлдi және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      22-бап. Бағалы қағаздар шығарылымы және эмитенттiң
              қызметi туралы ақпарат

      1. Бағалы қағаздарды ашық орналастырған жағдайда эмитент мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн эмитент 30 күн iшiнде бұқаралық ақпарат құралдарына бағалы қағаз шығару туралы мәлiмет жариялайды.
      2. Эмитент, сондай-ақ оның андеррайтерлерi ықтимал инвесторларға бағалы қағаздарды сатып алғанға дейiн бағалы қағаздар эмиссиясы проспектiмен (шығару шарттарымен), сондай-ақ эмитенттiң қызметiмен және олар шығарған ескiру мерзiмi алты айдан аспауға тиiс бағалы қағаздар туралы ақпаратпен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3. Бағалы қағаздарды орналастыру кезеңiнде ықтимал инвесторлардың мүдделерiн қозғайтын бағалы қағаздар эмиссиясының тiркелген проспектiндегi (тiркелген шығару шарттарындағы) деректермен салыстырғанда, iстiң нақты жай-күйiндегi өзгерiстердi уәкiлеттi органда тiркеуге және ықтимал инвесторларға осы өзгерiстер туралы және эмитенттiң қызметi мен олар шығарған бағалы қағаздары жөнiнде хабарлауға мiндеттi.
      4. Ықтимал инвесторлардың мүдделерiн қозғайтын эмитент iсiнiң нақты жай-күйiндегi өзгерiстер деп мыналар танылады:
      1) эмитенттiң органына кiретiн адамдар тiзiмiндегi өзгерiстер;
      2) эмитенттiң және оның еншiлес ұйымдары мен тәуелдi акционерлiк қоғамдарының органдарына кiретiн (өкiлдерi кiретiн) эмитент акционерлерiнiң (қатысушыларының) жарғылық капиталдағы (шығарылған (төленген) жарғылық капиталдағы) үлес мөлшерiнiң өзгерiстерi, сондай-ақ егер, олар әрбiр осындай ұйымның (ашық халықтық акционерлiк қоғамның жарғылық капиталында бес және одан да көп процент) дауыс беретiн акциялардың (үлестердiң, үлестiк жарналардың) он және одан да көп проценттерiн иеленген жағдайда, басқа ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы (шығарылған (төленген) жарғылық капиталдағы) акционер үлесi мөлшерiнiң өзгерiстерi;
      3) эмитенттiң дауыс берiлетiн акцияларының он және одан да көп процентiн (ашық халықтық акционерлiк қоғам үшiн - бес және одан да көп процентiн) иеленетiн эмитент акционерлерiнiң (қатысушыларының) тiзiмiндегi өзгерiстер;
      4) әрбiр осындай ұйымның дауыс берiлетiн акцияларының (үлестерiнiң, үлес жарналарының) он және одан да көп процентiн (ашық халықтық акционерлiк қоғам үшiн - бес және одан да көп процентiн) эмитент иеленетiн заңды тұлғалардың тiзiмiндегi өзгерiстер;
      5) акционерлердiң жалпы жиналысының (шаруашылық серiктестiктiң жоғары органының) шешiмдерi;
      6) эмитентi, оның еншiлес ұйымдарын және тәуелдi акционерлiк қоғамдарын қайта ұйымдастыру;
      7) эмитенттiң шоттары мен мүлкiне тыйым салу;
      8) эмитент лицензиясының күшiн тоқтата тұру немесе тоқтату не оны қайтарып алу;
      9) эмитенттiң қызметiн тоқтата тұру немесе тоқтату;
      10) ықтимал инвесторлардың мүлiктiк мүдделерiн қозғайтын және уәкiлеттi органдар осындай деп таныған өзге де өзгерiстер.
      5. Осы баптың 4-тармағында көрсетiлген эмитенттiң iсiнiң нақты жай-күйiндегi өзгерiстерi туралы мәлiметтердi эмитент оларды тiркеу (бағалы қағаздар эмиссиясы проспектiсiне (шығару шарттарына) тиiстi өзгерiстер енгiзу үшiн) осындай өзгерiстер туындаған кезден бастап жетi жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде уәкiлеттi органға жiберуге тиiс.
      6. Егер бағалы қағаздар эмиссиясы проспектiсiнде (шығару шарттарында), сондай-ақ эмитенттiң қызметi мен ол шығарған бағалы қағаздар туралы ақпаратта ықтимал инвесторлардың мүдделерiн қозғайтын жалған, дәл емес немесе толық емес мәлiметтер болса, эмитент келтiрiлген нұқсан үшiн заңдарға сәйкес мүлiктiк жағынан толық жауапты болады, ол оның лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген әкiмшiлiк және қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн.
      7. Инвесторларға (ықтимал инвесторларға) бағалы қағаздар эмиссиясының проспектiсiнде (шығару шарттарында) және эмитенттiң қызметi туралы және ол шығарған бағалы қағаздар туралы ақпаратта жалған, дәл емес немесе толық емес мәлiметтердi табыс ету немесе жариялау арқылы келтiрiлген нұқсан үшiн эмитенттiң жауапкершiлiгiн шектейтiн инвесторлар (ықтимал инвесторлар) мен эмитент арасындағы жасалған келiсiм жарамсыз деп есептеледi.
      ЕСКЕРТУ. 22-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 22-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      23-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру
              шарттары

      1. Бағалы қағаздар эмиссиясының құрылымы уәкiлеттi органда тiркелген құрылымға сәйкес келуге тиiс.
      2. Бағалы қағаздарды қайталама рынокта ашық орналастыру мен олардың айналысы кезiнде бiр инвестордың басқа инвесторлар алдындағы эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алу жөнiнде артықшылықты құқық белгiлеуге тыйым салынады. Акционерге жаңа эмиссияның бағалы қағаздарын сатып алғанда артықшылықты құқық берген кезде бұл шарт қолданылмайды.
      3. Ашық қоғам бағалы қағаздарды орналастыру кезiнде андеррайтердiң қызметiн пайдалана алады. Бағалы қағаздар рыногындағы андеррейтердiң қызметiн бағалы қағаздар рыногында атаулы ұстау құқығымен брокерлiк және дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға уәкiлеттi органның лицензиясы бар бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары жүзеге асыруға құқылы.
      Андеррайтер қызметiн жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары эмиссиялық синдикаттар құруға құқылы.
      Эмиссиялық синдикат бiрлескен қызмет туралы шарттың негiзiнде құрылады.
      Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының андеррайтер қызметiн жүзеге асыруының шарттары мен тәртiбi бағалы қағаздар рыногы туралы заңдармен реттеледi.
      ЕСКЕРТУ. 23-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      24-бап. Эмиссиялық бағалық қағаздарды шығару және
              орналастыру қорытындылары туралы есеп

      1. Эмитент бағалы қағаздарды шығарудың және орналастырудың қорытындылары туралы есептi оларды орналастырудың әрбiр алты айдағы (әрбір алты ай аяқталғаннан кейiн бiр ай iшiнде) қорытындылары бойынша, сондай-ақ түпкiлiктi орналастыру аяқталғаннан кейiн бiр айдың iшiнде уәкiлеттi органға табыс етуге мiндеттi.
      Ашық халықтық акционерлiк қоғам тоқсан аяқталғаннан кейiн жиырма күн iшiнде өз акцияларын нақты орналастырылуы туралы мәлiметтердi көрсете отырып, тоқсандық баланстар және кiрiстер мен шығыстар туралы есебiн баспасөз басылымында жариялауға және уәкiлеттi органға беруге мiндеттi.
      2. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар бағалы қағаздарды шығару және орналастыру қорытындылары туралы есептi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнiң қорытындысымен бiрге табыс етедi.
      3. Есептi қарау үшiн табыс етiлетiн құжаттар тiзбесiн және оларды ресiмдеу тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi. Эмитент аталған талаптарды орындамаған жағдайда уәкiлеттi орган оның есебiн қараудан бас тартуға құқылы. Эмитент құжаттарды қайтадан табыс еткен кезде қарау мерзiмi жаңартылады.
      4. Уәкiлеттi орган акцияларды шығару және орналастыру қорытындысы туралы есептi 14 күнтiзбелiк күн iшiнде қарайды.
      5. Эмитент бағалы қағаздарды шығару және орналастыру қорытындылары туралы есептi тапсырмаған жағдайда уәкiлеттi орган осы эмиссияны жарамсыз деп тануға құқылы.
      6. Бағалы қағаздар эмиссиясын тiркеу немесе оларды шығару және орналастыру қорытындысы туралы есептi қарау үшiн эмитент ұсынған мәлiметтердiң бұрыстығы анықталған жағдайда, уәкiлеттi орган эмиссияны тоқтата тұру немесе оны болмаған деп тану туралы шешiм қабылдауға құқылы.
      7. Эмиссиялардың тiркеу үшiн немесе есептi бекiту үшiн эмитент табыс еткен мәлiметтердiң дұрыс еместiгi анықталған жағдайда уәкiлеттi орган есептi бекiту туралы шешiмнiң күшiн жоюға және эмиссияны жарамсыз деп тануға құқылы.
      ЕСКЕРТУ. 24-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 24-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 24-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен .

      24-1-бап. Бағалы қағаздар ұстаушыларды уәкiлеттi
                органның хабардар етуi

      1. Бағалы қағаздар рыногында жасалған немесе жасалуы мүмкiн құқық бұзушылықтар туралы бағалы қағаздар ұстаушыларды хабардар ету және оларды ескерту мақсатында уәкiлеттi орган баспа басылымында:
      баспа бағалы қағаздар шығару мен орналастыруды тоқтата тұру және эмиссияны болмаған деп тану туралы;
      бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензияны қайтарып алу немесе оның күшiн тоқтата тұру туралы;
      эмитенттердiң және бағалы қағаздар рыногына кәсiпқой қатысушылардың қызметiн тексеру туралы мәлiметтердi жариялайды.
      2. Уәкiлеттi орган бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң қызметi туралы мәлiметтер базасын жүргiзедi.

      24-2-бап. Инвесторлардың бағалы қағаздар рыногындағы
                құқықтарын қорғау

      1. Инвесторлардың бағалы қағаздар рыногындағы құқықтарын қорғау мақсатында уәкiлеттi орган эмитенттер мен бағалы қағаздар рыногына кәсiпқой қатысушылардың қызметiне тексерiс жүргiзедi.
      Тексерiстiң нәтижелерi бойынша, бағалы қағаздар рыногын реттейтiн заңдардың бұзылуы анықталған жағдайда, уәкiлеттi орган:
      эмитенттерге және бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларына орындалуы мiндеттi нұсқамалар жiберуге;
      бағалы қағаздар ұстаушылары тiзiлiмiнiң жекелеген дербес шоттары және тұтас алғанда, тiзiлiм бойынша бағалы қағаздардың қозғалысын тоқтата тұруға;
      кiнәлi тұлғалардың жауапкершiлiктерi туралы мәселелердi заңдарға сәйкес шешуге құқылы.
      2. Эмитенттердiң және бағалы қағаздар рыногына кәсiпқой қатысушылардың қызметiн тексерудi уәкiлеттi орган:
      ұсынылған құжатттарды қарау;
      мүдделi тараптардың өкiлдерiн жолсыздық фактiсi бойынша олардың түсiнiктемелерiн тыңдау мақсатында шақыру;
      эмитенттiң немесе бағалы қағаздар рыногына кәсiпқой қатысушының орналасқан жерi бойынша тексерiс жүргiзу арқылы жүзеге асырады.
      Тексерiстер жүргiзудiң және олардың нәтижелерiн ресiмдеудiң тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      3. Уәкiлеттi орган, заңдарда көзделген жағдайларда, бағалы қағаздар рыногындағы кәсiпқой қатысушылардың көрсеткен қызметi үшiн сыйақы мөлшерiнiң негiздiлiгiн айқындауға құқылы.
      ЕСКЕРТУ. 24-1, 24-2-баптармен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

IV тарау. Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызмет

      25-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметке
              қойылатын талаптар

      1. Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызмет:
      бiлiктiлiк талаптарына;
      қаржы тұрақтылығы өлшемдерiне;
      қолданылып жүрген заңдарға сәйкес өз қызметi туралы ақпаратты ашып көрсету талаптарына;
      iскерлiк әдеп нормаларына сәйкес болуға тиiс.
      2. Бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушысы клиентке мүлiктiк зиян келтiрген жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша залалды өз есебiнен өтеуге мiндеттi.
      3. Бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыноктарындағы қызметтi жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушысы өзiнiң қызметiне байланысты қаржы тәуекелдерiн сақтандыруға құқылы.

      26-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби
              қызметтi лицензиялау

      1. Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтiң бiр немесе бiрнеше бiрлескен түрлерiн жүзеге асыруға тиiстi лицензиясы бар тұлғалар бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтi жүзеге асыруға құқылы. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға лицензия берудi шарттары мен тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      2. Бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыруға лицензия алу үшiн кәсiпқой қатысушы өз капиталының уәкiлеттi орган белгiленген ең төмен деңгейiнiң талабын орындауы қажет.
      3. Уәкiлеттi орган заңдармен айқындалатын реттерде лицензия беруден бас тартуға, лицензияның қолданылуына тоқтата тұруға немесе лицензияны қайтарып алуға құқылы.
      4. Лицензия берiлгенi үшiн алым алынады, оның мөлшерi мен төлену тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
      ЕСКЕРТУ. 26-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      27-бап. Бағалы қағаздар рыногында мәмiлелердi жүзеге
              асыруды шектеу

      1. Бағалы қағаздар рыногына брокерлiк және дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензия алған тұлғалардың бағалы қағаздармен мәмiлелер жасауға, егер аталған мәмiлелердi жасау және жүзеге асыру өз клиенттерiнiң мүдделерiне қайшы келетiн болса, құқықтары жоқ.
      2. Қызметтiк ақпаратты бар тұлғалардың бас пайдасын көздеу мақсатында немесе оны үшiншi бiреуге беру үшiн осы ақпаратты пайдалана отырып мәмiлелер жасауға құқығы жоқ. Бағалы қағаздар рыногының жай-күйi мен дамуы туралы мiндеттi түрде жариялануға тиiстi ақпаратты мемлекеттiк органдардың, қоғамдық ұйымдардың лауазымды адамдарының немесе бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының қасақана жасырып қалуына жол берiлмейдi.
      Осы талапты бұзған тұлғалар заңдарға сәйкес жауап бередi.
      3. Өзiнiң қызмет бабындағы жағдайына, эмитентпен жасасқан еңбек мiндеттемелерiне немесе шарттарына орай эмитент және ол шығарған бағалы қағаздар туралы ақпараты бар адамдарды бағалы қағаздар рыногының басқа субъектiлерiмен салыстырғанда артықшылықты жағдайға қоятын, көпшiлiктiң қолы жетпейтiн кез келген ақпарат қызметтiк ақпарат деп танылады.
      4. Қызметтiк ақпараты бар адамдарға:
      эмитенттiң басқару органдарының лауазымды адамдары немесе осы эмитентпен шарт арқылы байланысты бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушысы;
      эмитенттiң немесе эмитентпен шарт арқылы байланысты бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушысының аудиторлары:
      мемлекеттiк органдардың бақылау, қадағалау және өзге де өкiлеттiгi себептi аталған ақпаратқа қолы жететiн қызметшiлерi.

      28-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби
              қызмет түрлерi

      1. Бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтiң мынадай түрлерi жүзеге асырылуы мүмкiн:
      брокерлiк;
      дилерлiк;
      депозитарлық;
      кастодиалдық;
      бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi;
      бағалы қағаздармен операциялар бойынша өзара талаптар мен мiндеттемелердi (клирингтiк) айқындау жөнiндегi;
      бағалы қағаздар ұстаушыларының тiзiлiмiн жүргiзу жөнiндегi қызмет;
      уәкiлеттi органның белгiлеуi бойынша кәсiби қызметтiң басқа да түрлерi;
      мемлекеттiк емес зейнетақы қорларының зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару.
      2. Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызмет түрлерiн қоса атқаруды уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      3. Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызмет, қаржы рыногындағы қызметтi қоспағанда, кәсiпкерлiк қызметтiң басқа түрлерiмен қоса атқарылмайды.
      4. Бағалы қағаздар рыногындағы банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың қызметi Қазақстан Республикасындағы банк қызметiн реттейтiн заңдарға және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      ЕСКЕРТУ. 28-бап толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1997.06.19. N 134-I Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 28-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .

      29-бап. Брокерлiк қызмет

      1. Брокерлiк қызмет - өз клиентiнiң мүдделерiн көздеп және соның есебiнен тапсырма шарты немесе комиссия шарты негiзiнде iс-қимыл жасайтын брокердiң бағалы қағаздар рыногында бағалы қағаздармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасау жөнiндегi қызметi.
      2. Брокердiң өз клиенттерiнiң мүдделерiн көздеп мәмiлелер жасауы жазбаша нысанда жасалған шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
      3. Брокер өз клиенттерiнiң бағалы қағаздармен жүргiзiлетiн операциялар есебiн арнаулы шоттарда жүргiзедi.
      4. Брокер клиенттердiң бағалы қағаздарының нақты ұстаушысы ретiнде болуы мүмкiн.

      30-бап. Дилерлiк қызмет

      Дилерлiк қызмет - бағалы қағаздармен өз атынан және өз есебiнен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасау жөнiндегi қызмет.

      31-бап. Бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi
              қызмет

      1. Бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi қызмет - бағалы қағаздар портфелi иесiнiң шартпен белгiленетiн жекелеген заңды құқықтарын жүзеге асыру жөнiндегi басқарушының қызметi.
      2. Бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру тәртiбi, басқарушының құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының арнаулы заңдарымен белгiленедi.

      32-бап. Бағалы қағаздармен жүргiзiлетiн операциялар
              бойынша өзара талаптар мен мiндеттемелердi
              (клиринг) айқындау жөнiндегi қызмет

      1. Клирингiлiк қызмет - бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау нәтижесiнде жүзеге асырылатын есеп айырысуға қатысушы тараптардың өзара талаптары мен мiндеттемелерiн есепке алу жөнiндегi қызмет.
      2. Бағалы қағаздар рыногындағы клирингтiк қызметтi лицензиялауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi уәкiлеттi органмен келiсе отырып жүзеге асырады.

      33-бап. Депозитарлық қызмет

      1. Бағалы қағаздардың депозитарийi - бағалы қағаздар иелерiн есепке алу мен олардың құқықтарын растау, сондай-ақ бағалы қағаздарды материалсыздандыру жөнiндегi қызметтi және заң актiлерiне сәйкес өзге де қызмет түрлерi жүзеге асыратын мамандандырылған ұйым.
      2. Депозитарий мен депоненттiң қатынастары олардың арасында жасалған шарт негiзiнде туындайды. Шарттың нысаны мен мазмұны Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
      Шарттың жасалуы депоненттiң бағалы қағаздарына меншiк құқықтарының депозитарийге өтуiне әкеп соқпайды. Депоненттiң бағалы қағаздарына депозитарийдiң дербес билiк етуге, оларды басқаруға немесе, депоненттiң тапсырмаларын орындауды қоспағанда, депоненттiң атынан бағалы қағаздармен кез келген iс-әрекеттi жүзеге асыруға құқығы жоқ.
      3. Депозитарийдiң бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмiнде нақтылы ұстаушы ретiнде тiркелуге құқығы бар.
      4. Депозитарий бағалы қағаздарға құқықтарды есепке алу жөнiндегi өз мiндеттерiн орындамағаны немесе лайықты орындамағаны үшiн, оның iшiнде депо шоттары бойынша жазбалардың толық және дұрыс болуы үшiн жауап бередi.
      ЕСКЕРТУ. 33-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      34-бап. Бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмiн
              жүргiзу жөнiндегi қызмет

      1. Бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жөнiндегi қызмет - белгiлi бiр күнге бағалы қағаздың меншiк иесiн белгiлеуге мүмкiндiк беретiн деректердi жинау, тiркеу, өңдеу, сақтау және беру жөнiндегi қызмет.
      2. Бағалы қағаздар иелерiнiң тiзiлiмi жүйесi бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу жүйесiне өзгерiстер енгiзудi қажет етуге әкеп соғатын барлық фактiлер мен құжаттар туралы ақпаратты жинау мен сақтауды қамтамасыз етуге тиiс.
      3. Бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмiн жүргiзу құжаттандырылған немесе құжаттандырылмаған нысандарда шығарылған атаулы бағалы қағаздар жөнiнде жүзеге асырылады.
      4. Бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмiн эмитент немесе эмитентпен жасасқан шартқа сәйкес тiркеушi жүргiзедi.
      5. Бағалы қағаздар ұстаушылардың саны 500-ден аспаған кезде эмитент өзi шығарған бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн дербес жүргiзуге құқылы.
      6. Тiркеушi бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмдерiн эмитенттердiң санына шек қоймай жүргiзедi.
      7. Бағалы қағаздар ұстаушы туралы деректер бағалы қағаздар иесiнiң немесе оларды нақтылы ұстаушының тапсыруы бойынша тiзiлiмге енгiзiлуге тиiс.
      8. Бағалы қағаздар иесiнiң немесе нақтылы ұстаушының талап етуi бойынша тiркеушi тiзiлiмнен көшiрме беруге мiндеттi.
      Тiзiлiмнен берiлетiн көшiрмеде көшiрме берiлiп отырған бағалы қағаздарға қойылған барлық шектеулер немесе оларды мiндеттеу фактiлерi туралы белгi болуға тиiс.
      9. Тiзiлiмдi жүргiзу тәртiбiн, тiзiлiмдерден берiлетiн көшiрмелердiң нысандарын, бағалы қағаздар беру туралы өкiмдердiң нысандарын және оларда көрсетiлетiн мәлiметтердiң тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      10. Эмитент пен тiркеушiнiң арасында тiзiлiм жүргiзу туралы шарттың күшi тоқтатылған жағдайда соңғысы эмитент көрсеткен басқа тiркеушiге тiзiлiм жүйесiн қарайтын барлық деректер мен құжаттарды, сондай-ақ шарттың күшi тоқтатылған күнге жасалған тiзiлiмдi бередi. Оның берiлуi уәкiлеттi орган белгiлейтiн мерзiмде жүзеге асырылады.
      Эмитенттен жасасқан шарттың қолданылуы тоқтатылған күннен кейiн тiркеушi берген барлық көшiрмелер жарамсыз болады.
      11. Тiркеушi эмитенттiң, оның лауазымды адамдарының және дербес немесе аффилиирленген тұлғалармен бiрлесiп осы эмитенттiң дауыс берiлетiн акцияларының (үлестерiнiң, үлестiк жарналарының) бес және одан да көп процентiн иеленетiн әрбiр жеке акционерiнiң (қатысушының) аффилиирленген тұлғасы болуға тиiс емес.
      ЕСКЕРТУ. 34-бап өзгертiлдi және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      35-бап. Кастодиандық қызмет

      1. Кастодиандық қызмет - банктер өздерiне клиенттер сенiп тапсырған бағалы қағаздар мен ақшаны сақтауды және есепке алуды қамтамасыз ету жөнiнде бағалы қағаздар рыногында атқаратын қызметi.
      2. Кастодиандық, қызметтi лицензиялауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      3. Кастодиан өз клиенттерiне тиесiлi бағалы қағаздардың нақтылы ұстаушысы болуға құқылы.
      4. Кастодиандық қызметтi жүзеге асырудың шарттары мен тәртiбi заңдармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мен уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      ЕСКЕРТУ. 35-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .

      36-бап. Бағалы қағаздар бланкiлерiн шығару және
              Қазақстан Республикасының аумағына әкелу

      1. Бағалы қағаздар бланкiлерiн шығару жөнiндегi қызмет - полиграфия өндiрiсi бар және бағалы қағаздар бланкiлерiн шығарудың толық циклы жасалатын полиграфия кәсiпорындарының қызметi.
      2. Бағалы қағаздар бланкiлерiн дайындауға арналған, олардың жасанды жолмен жасалудан және басқа да қиянаттар жасаудан жоғары дәрежеде қорғалуын қамтамасыз ететiн арнаулы технологиялар мен жабдықтар болған кезде, сондай-ақ бланкiлердi жасау кезiнде сақталуын және полиграфия ұйымдарына қойылатын құпиялық режимiн қамтамасыз ету жөнiндегi жағдайлар болған кезде жасауға рұқсат етiледi.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң құпиялық режимi бойынша және Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi органдарының кәсiпорында құнды заттарды сақтау режимiнiң жай-күйi туралы қорытындысы болған жағдайда уәкiлеттi орган бағалы қағаздар бланкiлерiн жасау жөнiндегi қызметке лицензия бередi.
      4. Қазақстан Республикасының аумағына бағалы қағаздар мен оларды дайындауға арналған жартылай фабрикаттарды әкелу жөнiндегi қызметтi осы қызмет түрiне тиiстi лицензиясы бар ұйымдар жүзеге асыруға құқылы.
      5. Бағалы қағаздар бланкiлерiн шығаруға және оларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге бақылауды уәкiлеттi орган қажет болған жағдайда басқа мемлекеттiк органдардың мамандарын қатыстыра отырып жүзеге асырады.
      ЕСКЕРТУ. 36-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

V тарау. Бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыноктары

      37-бап. Қор биржасы

      1. Қор биржасы бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары құратын жабық акционерлiк қоғам нысанындағы өзiн-өзi реттейтiн коммерциялық емес ұйым болып табылады.
      Уәкiлеттi органның шешiмi бойынша қор биржасының акционерлерi бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары болып табылмайтын, бiрақ заңдарға сәйкес бағалы қағаздардан басқа өзге қаржы құралдарымен мәмiлелердi жүзеге асыруға құқығы бар заңды тұлғаларға қор биржасының акцияларын сатып алу құқығы берiлуi мүмкін.
      2. Қор биржасының қызметi өзiн-өзi өтеу принципiне негiзделедi және оның қызметiнен түскен кiрiстер биржаны материалдық-техникалық дамытуға пайдаланылады.
      3. Қор биржасы өзiнiң бағалы қағаздар рыногындағы қызметiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарына тәуелдi емес.
      4. Қор биржасының жұмыс iстеуi айрықша болып табылады және кез келген қызмет түрлерiн жүзеге асырумен сыйыспайды.
      Қор биржасының тауарлық биржалардың мiндеттерiн орындауға құқығы жоқ.

      5. <*>
      6. Қор биржасының қаржы құралдарымен операциялар өткiзiлуiне қызмет көрсететiн қосымша құрылымдық бөлiмшелер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес филиалдар мен өкiлдiктер құруға құқығы бар.
      ЕСКЕРТУ. 37-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 37-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен .

      38-бап. Қор биржасының мiндеттерi

      Қор биржасы:
      өзiнiң мүшелерiне қаржы құралдарымен мәмiлелердi жасау немесе тiркеу үшiн арнаулы жабдықталған үйлер және (немесе) арнаулы бағдарламалық-техникалық кешендер болып табылатын сауда алаңдарын (сауда жүйелерiн) бередi;
      қаржы құралдарымен сауда жасауды ұйымдастырады;
      қаржы құралдарына баға кесудi жүзеге асырады;
      өз мүшелерiне ұйымдық, ақпараттық, консультациялық қызмет көрсетедi;
      өзiнiң талдама зерттеулерiн жүргiзедi;
      қаржы рыногында (қаржы құралдары мен қаржы қызметтерiнiң рыногында) құқықтық қатынастар субъектiлерiнiң арасындағы өзара есеп айырысуға (клиринг) заңдарда көзделген тәртiп пен ережелер бойынша жәрдемдеседi;
      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мiндеттердi жүзеге асырады.
      ЕСКЕРТУ. 38-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 38-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен .

      39-бап. Қор биржасына мүше болу

      1. Бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары және бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары болып табылмайтын, бiрақ заңдарға сәйкес бағалы қағаздардан басқа өзге қаржы құралдарымен мәмiлелердi жүзеге асыруға құқығы бар заңды тұлғалар қор биржасының мүшелерi бола алады.
      2. Қор биржасының кемiнде он мүшесi болуға тиiс.
      Осы Заңда белгiленген талаптарға сай келетiн шетелдiк заңды тұлғалар биржа мүшелерi бола алады.
      Биржа мүшелiгiне қабылдау туралы шешiмдi биржа кеңесi қабылдайды.
      ЕСКЕРТУ. 39-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 39-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен .

      40-бап. Қор биржасын басқару

      1. Қор биржасының органдары, олардың мiндеттерi мен құқықтары, құрылу және шешiм қабылдау тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен, қор биржасының жарғысымен және биржалық сауда ережелерiмен белгiленедi. Қор биржасы органдарының қызметiнiң ерекшелiктерiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      2. Қор биржасы органдарының құрамына сайланған, бағалы қағаздары осы қор биржасының листингiне енгiзiлген ұйымдардың лауазымды адамдарының дауыстары листинг мәселелерi бойынша шешiмдер қабылдау кезiнде дауыстарды санағанда есептелмейдi.
      3. Қор биржасының жоғары органы шешiмдер қабылдаған кезде оның акционерлерiнiң дауыс саны бiрдей болады.
      ЕСКЕРТУ. 40-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен .

      41-бап. Биржа кеңесi

      1. Биржалық кеңес Қор биржасы директорлар кеңесiнiң мiндеттерiн атқарады.
      2. Биржа кеңесi акционерлердiң, биржаның басқа мүшелерiнiң, оның лауазымды адамдарының арасынан сайланады.
      3. Биржа кеңесiнiң құрамына уәкiлеттi органның өкiлi тұрақты негiзде дауыс беру құқығынсыз кiредi.
      ЕСКЕРТУ. 41-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      42-бап. Қор биржасы өндiрiп алатын жарналар мен алымдар

      Қор биржасы ақшалай жарналар мен алымдарды мынадай реттерде:
      қор биржасының мүшелiгiне өткенi үшiн;
      қор биржасының мүлкiн пайдаланғаны үшiн;
      бағалы қағаздар листингі үшiн;
      биржа мәмiлесiн тiркегенi және рәсiмдегенi үшiн;
      биржа саудасының жарғысында, ережелерiнде көзделген өзге де реттерде өндiрiп алады.
      ЕСКЕРТУ. 42-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен .

      43-бап. Биржаның кiрiстерi

      Қор биржасының кiрiстерi:
      биржалық саудаға қатысушылар төлейтiн жарналар мен алымдардан:
      қор биржасының акцияларын сатудан түскен қаражаттан;
      қор биржасының жарғысы мен биржалық сауда ережелерiнде көзделген ақпараттық, консультациялық және өзге де қызметтер көрсетуден алынған қаражаттардан құралады.

      44-бап. Биржалық мәмiлелер

      1. Қаржы құралдарының биржалық саудасына қатысушылар арасында жасалған шарт биржалық мәмiле болып табылады. Осы қор биржасында жасалған барлық мәмiлелер осы Заңмен белгiленген тәртiпке және биржалық сауда ережелерiне сәйкес тiркелiп ресiмделуге тиiс.
      2. Бағалы қағаздармен биржалық сауда жасау ережелерін, сондай-ақ осы ережелерге өзгерістер мен толықтыруларды қор биржасының басқармасы әзірлейді, уәкілетті органмен ол айқындаған тәртіпте келісіледі және қор биржасы мүшелерінің жалпы жиналысында бекітіледі. Бағалы қағаздармен биржалық сауда ережелерi бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының қор биржасы iшiндегi қызметiн реттейдi. Қор биржасының мүшелерi келiскен кезде биржа олардың бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногындағы қызметiн реттеуге құқылы.
      3. Бағалы қағаздармен биржалық сауда ережелерiнде мынадай қағидалар болуға тиiс:
      қор биржасында сауда-саттық жүргiзу тәртiбi;
      жасалатын мәмiлелердiң түрлерi, оларды тiркеу және есепке алу тәртiбi;
      қаржы құралдарға баға кесу тәртiбi;
      бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелер бойынша есеп айырысу тәртiбi мен әдiстерi;
      сауда-саттық өткiзiлетiн орын мен оның графигi;
      биржалық саудаға қатысушылар арасындағы дауларды шешу тәртiбi;
      бағалы қағаздарды биржалық саудаға жiберу тәртiбi;
      қор биржасын айыппұл өндiрiп алатын жолсыздықтардың тiзбесi, осы айыппұлдардың мөлшерi және оларды өндiрiп алу тәртiбi;
      биржалық саудаға қатысушылар төлейтiн алымдардың, тарифтердiң басқа да төлемдердiң мөлшерi, оларды биржаның өндiрiп алу тәртiбi;
      биржалық саудаға қатысушылар ауқымы, олардың құқықтары мен мiндеттерi;
      уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес басқа да талаптар.
      4. Қор биржасында айналысқа жiберiлген бағалы қағаздарды бiр мезгiлде басқа қор биржасында не Қазақстан Республикасының аумағында басқа бiр ұйымдасқан бағалы қағаздар рыногында айналысқа жiберуге болмайды.
      ЕСКЕРТУ. 44-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .
      ЕСКЕРТУ. 44-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен .
      Ескерту. 44-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.07.11. N 237 Заңымен .

      45-бап. Биржалық мәмiлелерге қатысушылар

      Биржалық сауда-саттыққа биржалық сауданың жарғысында немесе ережелерiнде белгiленген тәртiппен қатысуға рұқсат етiлген қор биржасының мүшелерi қатысады.

      46-бап. Қор биржасында айналысқа жiберiлген бағалы
              қағаздар эмитенттерiнiң мiндеттерi

      1. Қор биржасында айналысқа жiберiлген бағалы қағаздардың эмитенттерi:
      өздерiнiң шаруашылық қызметiне қатысты фактiлер және қаржылық жағдайының өзгерiстерi туралы, сондай-ақ бағалы қағаздар бағамының өзгеруiне әсер ете алатын басқа да барлық фактiлер туралы биржа кеңесiне уақтылы хабарлап отыруға;
      қоғамның шаруашылық қызметi мен қаржы жағдайы туралы тоқсан сайын есеп беруге мiндеттi.
      2. Егер эмитент осы баптың 1-тармақпен белгіленген талаптарды орындамаса, биржа кеңесi эмитентке оның бағалы қағаздарының қор биржасында айналысқа жіберілген бағалы қағаздар санынан (осы бағалы қағаздардың делистингінен) шығарылып тасталуы мүмкiн екенiн ескертедi және осы ескертудi биржа бюллетенiнде жариялайды.
      3. Егер эмитент биржа кеңесiнiң ескертуiнен кейiн осы баптың 1-тармағында көзделген мiндеттердi орындамаса, биржа кеңесi бағалы қағаздарға баға кесудi тоқтата тұру немесе олардың делистінгі туралы шешiм қабылдауы мүмкiн.
      ЕСКЕРТУ. 46-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен .

      47-бап. Қор биржасында қаржы құралдарымен жасалған
              мәмiлелер туралы ақпаратты жариялау

      Мерзiмдi шығарылып тұратын биржалық бюллетенде өткен айда жасалған мәмiлелер бойынша жалпы статистикалық деректер, биржалық сауда ережесiне енгiзiлетiн өзгерiстер, қор биржасы басқармасы мен акционерлердiң жалпы жиналысы қабылдаған шешiмдер, сондай-ақ қор биржасы мен оның мүшелерiнiң коммерциялық құпиясы болмайтын басқа да ақпарат болуға тиiс.
      ЕСКЕРТУ. 47-баптың атауы өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      48-бап. Қор биржасының жауапкершiлiгi

      Қор биржасы бағалы қағаздар рыногының субъектiсiне келтiрiлген залалдың орнын толтырады және оған өз мiндеттерiн лайықты атқармай, осы Заңды, биржа жарғысын, биржалық сауда ережелерiн бұзған немесе коммерциялық құпияны жария еткен жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.

      49-бап. Қор биржасының қызметiн тоқтату

      1. Қор биржасы өзiнiң қызметiн:
      биржаның шешiмi бойынша;
      сот органдарының шешiмi негiзiнде;
      уәкiлеттi орган биржалық қызметке берген лицензиясын қайтарып алған жағдайда тоқтатады.
      2. Лицензияны қайтарып алу туралы шешiмге сот тәртiбi бойынша шағым жасалуы мүмкiн.

      50-бап. Биржадан тыс рыноктың баға кесу ұйымы

      1. Бағалы қағаздарға баға кесу және биржадан тыс рынокта бағалы қағаздармен сауда жасауды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi құрылтайшысы өзiн-өзi реттейтiн ұйым болып табылатын бағалы қағаздар рыногының кәсiбi қатысушыларының қауымдастығы, жабық акционерлiк қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым жүзеге асырады.
      2. Биржадан тыс рыноктың баға кесу ұйымының жұмыс iстеуi бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтi қоса алғанда қызметтiң кез келген түрлерiмен сыйыспайтын айрықша қызмет түрi болып табылады. Биржадан тыс бағалы қағаздар рыногының баға кесу ұйымының лауазымды адамдарын және оған қатысушылар өзiне алған мiндеттемелердi орындамаған немесе адал орындамаған жағдайда, сондай-ақ сауданың өзге де ережелерiн бұзған жағдайда бағалы қағаздар рыногының субъектiсiне келтiрiлген залалды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өтейдi.
      3. Бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының баға кесу ұйымының жұмыс iстеуi белгiлi бiр аумақ шегiнде қағаз және электронды таратқыштар арқылы бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелерге қызмет көрсетудi көздейдi және бiр сауда алаңында мәмiлелер жасаумен шектелмеуi мүмкiн.
      4. Қор биржасында айналыста жүрген бағалы қағаздармен биржадан тыс рыноктың баға кесу ұйымы арқылы мәмiлелер жасауға жол берiлмейдi.
      ЕСКЕРТУ. 50-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .

      51-бап. Бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының
              баға кесу ұйымының сауда-саттығына қатысушылар

      Бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының баға кесу ұйымындағы саудаға қатысушылар оны құрған өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелерi болып табылатын бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары болады.

      52-бап. Бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының
              баға кесу ұйымын басқару

      1. Бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының баға кесу ұйымының басқару органдары, олардың мiндеттерi мен құқықтары, олардың қалыптасу және шешiмдер қабылдау тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен, бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының баға кесу ұйымының жарғысымен және ережелерiмен белгiленедi.
      2. Биржадан тыс рыноктың баға кесу ұйымының жоғары басқару органы шешiмдер қабылдаған кезде акционерлердiң дауыс саны бiрдей болады.

      53-бап. Бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының
              баға кесу ұйымының кiрiстерi

      1. Бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының баға кесу ұйымының кiрiстерi:
      қатысушылардың жарналары мен алымдары;
      ақпараттық, консультациялық және биржадан тыс рыноктағы бағалы қағаздармен сауда жасау жарғысы мен ережелерiнде көзделген өзге де қызмет көрсетуден алынған қаражат;
      сауда жарғысымен және ережелерiмен тыйым салынбаған өзге де кiрiстер есебiнен қалыптасады.
      2. Баға кесу ұйымының кiрiстерi оның жұмыс iстеуiне және оны құрған өзiн-өзi реттейтiн ұйымның қызметiн жүргiзуге жұмсалады.

      54-бап. Бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының
              баға кесу ұйымындағы мәмiлелер

      1. Бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының баға кесу ұйымында мәмiлелер кәсiпқой қатысушылардың бағалы қағаздармен мәмiлелердi жасау және орындау кезiндегi қызметiн реттейтiн бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының баға кесу ұйымы дайындаған ережелерге сәйкес жасалады.
      2. Бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының баға кесу ұйымының ережелерiнде мынадай қағидалар болуға тиiс:
      бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының баға кесу ұйымында айналысқа бағалы қағаздарды жiберу тәртiбi;
      бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеу және растау;
      бағалы қағаздармен сауда жасауды қамтамасыз ететiн есеп айырысу операцияларын жүргiзу;
      бағалы қағаздармен операциялар жасау және олар бойынша есеп айырысу кезiнде сауда-саттыққа қатысушылар арасында туындайтын дауларды шешу;
      айыппұл салынатын жолсыздықтардың тiзбесi, айыппұлдардың мөлшерi және  оларды өндiрiп алу тәртiбi;
      сұраным мен ұсынымның бағасы және бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердiң көлемi туралы ақпарат беру рәсiмi;
      алымдар мен басқа да төлемдердiң мөлшерi, оларды төлеу тәртiбi;
      уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес басқа да талаптар.
      3. Биржадан тыс рыноктың баға кесу ұйымының бағалы қағаздармен сауда жасау ережелерiн уәкiлеттi орган бекiтедi.

      55-бап. Бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелер туралы
              ақпаратты жариялау

      Баға кесу ұйымының биржадан тыс рыноктың бағалы қағаздарына баға кесу жөнiнде шығарылып тұратын мерзiмдi бюллетенiнде жасалған мәмiлелердiң саны, биржадан тыс рынокта айналыста жүрген бағалы қағаздарға баға кесу туралы жалпы деректер және уәкiлеттi органның айқындауы бойынша басқа да ақпарат болуға тиiс.

      56-бап. Бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының
              баға кесу ұйымының қызметiн тоқтату

      1. Бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының баға кесу ұйымы өз қызметiн:
      акционердiң шешiмi бойынша;
      сот органдарының шешiмi негiзiнде;
      уәкiлеттi орган бағалы қағаздардың биржадан тыс рыногының баға кесу ұйымының қызметiне бұрын берiлген лицензияны керi қайтарып алған жағдайда тоқтатады.
      2. Уәкiлеттi органның бұрын берiлген лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiмiне сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.

VI тарау. Бағалы қағаздар рыногы кәсiпқой қатысушыларының өзiн-өзi реттейтiн ұйымдары

      57-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымдарды құру

      1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым коммерциялық емес ұйым болып табылады және оны бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары қауымдастық нысанында құрады.
      2. Бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының өзiн-өзi реттейтiн ұйымының негiзгi мiндеттерi:
      бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының тиiмдi қызмет ету жағдайларын қамтамасыз ету және бағалы қағаздар рыногындағы қызмет ету әдiсiн сақтау;
      бағалы қағаздарды иеленушiлер мен бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары клиенттерiнiң мүдделерiн қорғау;
      бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу ережелерi мен стандарттарын жасау және бекіту болып табылады.
      3. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның құрылуы мен қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына және оның жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылардың қауымдастығы қызметiн лицензияның негiзiнде өзiн-өзi реттейтiн ұйым ретiнде жүзеге асыруға құқылы.
      ЕСКЕРТУ. 57-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.07.10. N 282 Заңымен .
      Ескерту. 57-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.07.11. N 237 Заңымен .

      58-бап. Бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой
              қатысушыларының өзiн-өзi реттейтiн ұйымның
              ережелерi

      1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым өз мүшелерi үшiн мiндеттi болып табылатын бағалы қағаздар рыногындағы кәсiпқой қызметтi жүзеге асыру ережелерiн, бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу стандарттарын белгiлейдi және олардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
      2. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның ережелерiнде:
      қызметкерлердiң ұйым мүшелерiнiң (техникалық қызметкерлердi қоспағанда) кәсiби бiлiктiлiгiне қойылатын талаптар;
      бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыру ережелерi мен стандарттары;
      бағалармен айла-шарғылар жасауды шектейтiн ережелер;
      есеп жүргiзу мен есеп беру құжаттамалары;
      ұйымға кiру, шығу немесе одан шығарып жiберу тәртiбi;
      өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң ұйымды басқару органдарына сайлану кезiнде өкiлдiк және ұйымды басқаруға қатысу құқықтарының тең болуы;
      шығындардың, төлемдердiң, алымдардың ұйым мүшелерi арасында бөлу тәртiбi;
      клиенттердiң ұйым мүшелерiне қоятын талаптары мен шағымдарын қарау тәртiбi;
      ұйым мүшелерiнiң белгiленген ережелер мен стандарттарды сақтауына тексеру жүргiзу рәсiмдерi;
      ұйым мүшелерiнiң клиенттерге және басқа тұлғаларға қатысты залалды өтеу жөнiндегi мiндеттемелерiн орындау тәртiбi;
      ұйым мүшелерiне қолданылатын санкциялар мен өзге де шаралар және оларды қолдану тәртiбi;
      ақпараттың бүкпесiз болуын қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар болуға тиiс.
      3. Өзін-өзі реттейтін ұйымның ережелері, сондай-ақ осы ережелерге өзгерістер мен толықтырулар уәкілетті органмен ол айқындаған тәртіпте келісіледі және өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің жалпы жиналысында бекітіледі.
      Ескерту. 58-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.07.11. N 237 Заңымен .

      59-бап. Бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой
              қатысушыларының өзiн-өзi реттейтiн ұйымының
              қызметiн тоқтату

      Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның қызметiн тоқтату Қазақстан Республикасының заңдарында және оның жарғысында белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.

VII тарау. Қорытынды ережелер

      60-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық
              шарттар мен конвенцияларға қатысуы

      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделген ережелерден өзге ережелер белгiленсе, республика бекiткен халықаралық шарттың ережелер қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi