Жол жүрiсi қауiпсiздiгi туралы

Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15 шiлдедегi N 29 Заңы

Жаңартылған

  МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Мәтiнде "тарау" деген сөздiң алдындағы "I - IV" деген цифрлар тиiсiнше "1 - 4" деген цифрлармен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      Осы Заң жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк басқару жүйесiн ұйымдастырудың негiзгi принциптерiн белгiлеп, қоғамдық қатынастарды реттейдi. 

  1 тарау
Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 
      жол - мемлекеттiк есепке алуға жататын және көлiк құралдарының жүруiне арналған инженерлiк құрылыс кешенi болып табылатын жалпы пайдаланудағы автомобиль жолы, шаруашылық автомобиль жолы, қала мен елдi мекен көшесi. Жол бiр немесе бiрнеше жүрiс бөлiгiн, сондай-ақ трамвай жолдарын, тротуарларды, жол жиектерiн және бөлу өңiрлерi болған жағдайда - соларды қамтиды; 

      жол жүрiсi - адамдар мен жүктiң жолдармен көлiк құралдарын пайдаланып не оларсыз (жүргiншiлер) жүрiсi кезiнде, сондай-ақ осы жүрiс ережелерiн реттеу процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастар жиынтығы; 

      жол жүрiсi қауiпсiздiгi - жол-көлiк оқиғалары мен олардың зардаптарынан жол жүрiсiне қатысушылар мен мемлекеттiң қорғалу дәрежесiн көрсететiн жол жүрiсiнiң жай-күйi; 

      жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету - жол-көлiк оқиғаларының туындауын болғызбауға, олардың зардаптарының ауырлығын азайтуға бағытталған қызмет; 

      жол жүрiсiне қатысушы - жүргiзушi, жүргiншi, көлiк құралының жолаушысы, мал айдаушы ретiнде жүрiс процесiне тiкелей қатысатын адам; 

      жол жүрiсiн реттеудiң техникалық құралдары - жол белгiлерi,  жол таңбалары, бағдаршамдар (олардың жұмыс бағдарламасын айқындайтын жабдықтарды қоса алғанда), темiр жол өткелдерiндегi реттегiш құрылғылар, сондай-ақ жол қоршаулары мен бағыттаушы құрылғылар; 

      жол жүрiсiн ұйымдастыру - жолдардағы жүрiстi басқару жөнiндегi ұйымдық-техникалық шаралар мен өкiм жүргiзетiн iс-қимылдар кешенi; 

      жол-көлiк оқиғасы - көлiк құралдарының жол бойында жүрiсi процесiнде және оның қатысуымен туындаған, адамдар қаза тапқан немесе жарақаттанған, көлiк құралдары, ғимараттар, жүк бүлiнген не өзге де материалдық залал келтiрген оқиға; 

      көлiк құралы - адамдарды, жүктi немесе үстiне орнатылған жабдықтарды жолдармен тасымалдауға арналған қондырғы; 

      механикалық көлiк құралы - мопедтен басқа, двигатель арқылы жүретiн көлiк құралы. Бұл ұғым тракторлар мен өздiгiнен жүретiн машиналарға да қолданылады;

      тiркеме - двигательмен жабдықталмаған және механикалық көлiк құралының құрамында жүруге арналған көлiк құралы. Бұл ұғым жартылай тiркемелер мен ұзартылмалы тiркемелерге де қолданылады.
       Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209  Заңымен.

       2-бап. Қазақстан Республикасының жол жүрiсi
               қауiпсiздiгi туралы заңдары

      Қазақстан Республикасының жол жүрiсi қауiпсiздiгi туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. 

       3-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң
               негiзгi принциптерi

      Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң негiзгi принциптерi мыналар болып табылады: 

      - жол жүрiсiне қатысушы азаматтардың өмiрi мен денсаулығының шаруашылық қызметтiң экономикалық нәтижелерiнен басымдығы; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде мемлекет жауапкершiлiгiнiң жол жүрiсiне қатысушы азаматтардың жауапкершiлiгiнен басымдығы;

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету кезiнде азаматтар мен мемлекет мүдделерiнiң сақталуы;

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жүйелi көзқарас.
       Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       4-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi

      Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi мемлекеттiк саясатты iске асыру құралы болып табылады және ол жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы қатынастарды айқындайтын құқықтық нормаларды, орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, меншiк нысанына қарамастан, заңды тұлғалардың, жол жүрiсiне қатысушылардың, жол жүрiсi қауiпсiздiгiн және жол-көлiк оқиғаларының зардаптарын жоюды қамтамасыз ететiн құралдар мен шаралардың жиынтығын қамтиды.

  2 тарау
Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
саласындағы мемлекеттiк басқару жүйесi

       5-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң
               негiзгi бағыттары

      Жол жүрiсi қауiпсiздiгi мыналар арқылы қамтамасыз етiледi: 

      - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы өкiлеттiгi мен жауапкершiлiгiн белгiлеу; 

      - жол-көлiк оқиғаларының алдын алу және олардың зардаптарының ауырлығын азайту мақсатымен орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, заңды және жеке тұлғалардың қызметiн үйлестiру; 

      - автомобиль, қалалық жер үстi электр көлiгiнде және жол шаруашылығында жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi реттеу; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi белгiленген тәртiппен әзiрлеу және бекiту; 

      - жол жүрiсiн ұйымдастыру; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды бағдарламалық-мақсатты жоспарлау; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгi жөнiндегi шараларды ғылыми, материалдық-техникалық және қаржы жағынан қамтамасыз ету; 

      - көлiк құралдарының жүргiзушiлердi даярлауды ұйымдастыру және азаматтарға жүрiс қауiпсiздiгiнiң ережелерi мен талаптарын оқытып-үйрету; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық жағынан қамтамасыз ету жөнiнде шаралар кешенiн жүргiзу; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгін қамтамасыз ету саласында техникалық реттеу;

      - көлiкте сақтандыру саласында әлеуметтiк бағдарланған саясат жүргiзу; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында заңдардың, өзге де нормативтiк актiлердiң, ережелер мен стандарттардың орындалуын мемлекеттiк қадағалау мен бақылау.
       Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.12.29. N  209 , 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жол жүрiсi
               қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы
               өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына мыналар жатады: 

      - Қазақстан Республикасы аумағында жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясат әзiрлеу және жүргiзу; 

      - техникалық регламенттердi бекiту;

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында мемлекеттiк бағдарламалар әзiрлеу және оларды қаржымен қамтамасыз ету; 

      - орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi қызметiне басшылық ету, олардың Заңдарды, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiн орындауына бақылау жасау; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органды белгiлеу және ол туралы Ереженi бекiту; 

      - жол-көлiк оқиғасында зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау жүйесi мен ережелерiн, меншiк нысандарына қарамастан, олардың денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеу, сақтандыру, медициналық қызмет көрсету және өтемақы алу тәртiбiн белгiлеу; 

      - ережелердiң, стандарттар мен басқа да нормативтiк актiлердiң бiрыңғай жүйесiн белгiлеу; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру.
       Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.12.29. N  209  Заңдарымен.   

       7-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздігі жөнiндегi орталық
             атқарушы органның өкiлеттiктерi

      Жол жүрiсi қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органның өкiлеттiктерiне мыналар жатады: 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында мемлекеттiк саясатты iске асыру; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында бағдарламалардың орындалуын ұйымдастыру; 

      - көлiк құралдарын жүргiзушiлердi даярлау тәртiбiн белгiлеу; 

      - алдын алу шараларын жүргiзу және халыққа жол жүрiсi қауiпсiздiгiнiң ережелерi мен талаптарын оқытып үйрету тәртiбiн белгiлеу; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында мемлекеттiк маңызы бар ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық талдамаларды ұйымдастыру; 

      - жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру; 

      көлік құралдарын жүргізушілерді даярлау, қайта даярлау жөніндегі қызметті лицензиялау;

      - Қазақстан Республикасының жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы халықаралық шарттарын жасасуға қатысу;

      жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіру;

      автомобиль жолдарын, жол құрылыстарын, темір жол өтпелерін, қалалық электр көлігі желілерін пайдалануға қабылдау жөніндегі комиссиялардың жұмысына қатысу;

      техникалық регламенттердi әзiрлеу.
       Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.10.  N 116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.12.29. N  209 , 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

         7-1-бап. Автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті
               мемлекеттік органның құзыреті

      Автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның құзыретіне:

      халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жол қызметін басқару;

      халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарын салу, қайта жаңарту, жөндеу, енгізу және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстардың орындалуын қамтамасыз ету кіреді.
      Ескерту. 7-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.10.  N 116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       8-бап. Облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана)
             және аудандық (облыстық маңызы бар қалалар)
             өкілді және атқарушы органдардың жол жүрісі
             қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы құзыреті

      1. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) және аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) өкілді органдардың қарауына мыналар жатады: 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң жоспарларын, аймақтық бағдарламаларын бекiту; 

      - облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) және аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) атқарушы органдар басшыларының жол жүрiсi қауiпсiздiгi мәселелерi жөнiндегi есептерiн қарау. 

      2. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) және аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) атқарушы органдардың қарауына мыналар жатады:

      - тиiстi аумақта жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң аймақтық бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру, олардың орындалуын үйлестiру және бақылау; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы орган шешiмдерiнiң орындалуын ұйымдастыру және бақылау; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық жағынан қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар кешенiн ұйымдастыру және жүргiзу; 

      - облыстық және аудандық маңызы бар жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарында, елді мекендердің көшелерінде жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарын салу, қайта жаңарту, жөндеу, енгізу және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстардың орындалуын қамтамасыз ету;

      - аудандардың (қалалардың) автомобиль жолдарында, қалалардың, аудандардың (қалалардың) елдi мекендерiнiң жол тораптарында салу, қайта жаңарту, жөндеу, оларда жол жүрiсiн реттеудiң техникалық құралдарын енгiзу және күтiп ұстау, оларды күтiп ұстау, күзету және жолдарда қызмет көрсету объектiлерiн жайғастыру жөнiндегi жұмыстарды орындау кезiнде жұмыстың барлық түрлерiнiң орындалуын қамтамасыз ету және бақылау;

      облыстық және аудандық маңызы бар жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарындағы, елді мекендердің көшелеріндегі жол қызметін басқару.
       Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.10.  N 116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

       9-бап. <*>

       Ескерту. 9-бап алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       10-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiнiң жай-күйi
                көрсеткiштерiн есепке алудың мемлекеттiк жүйесi
 
      1. Қазақстан Республикасының аумағында апаттардың, жол-көлiк жарақаттарының көрсеткiштерiн, көлiк құралдарының, жүргiзушiлер санын, жол жүрiсi саласындағы құқық бұзушылықтардың, жолдардың көлiк-пайдалану көрсеткiштерiн, сондай-ақ жол жүрiсi қауiпсiздiгi мен оны қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтiң жай-күйiн көрсететiн басқа да көрсеткiштердi есепке алудың бiрыңғай мемлекеттiк жүйесi жүзеге асырылады. 

      2. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы есепке алудың, есепке алу мәлiметтерiн пайдалану мен есеп беру деректерiн қалыптастырудың мемлекеттiк жүйесiн жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. 

      3. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар есептiлiк жүйесiне кiретiн мәлiметтердi белгiленген тәртiппен сұратып алуға құқылы.
       Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       11-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
                бағдарламалары

      1. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру мақсатында жол-көлiк оқиғаларының, одан зардап шеккен азаматтардың санын қысқартуға және осы оқиғалардан болатын материалдық залалды азайтуға бағытталған жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң салалық және аймақтық бағдарламалары әзiрленедi.

      2. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң салалық және аймақтық бағдарламалары осындай бағдарламаларға қойылатын талаптарға сәйкес әзiрленедi, белгiленген тәртiппен бекiтiледi және бюджет қаражаты мен бюджеттен тыс көздер есебiнен қаржыландырылады.
       Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

  3 тарау
Жол жүрiсiн ұйымдастыру және оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз
ету жөнiндегi негiзгi талаптар

       12-бап. Қазақстан Республикасы аумағындағы жол
                жүрiсiнiң тәртiбi

      1. Қазақстан Республикасы аумағындағы жол жүрiсiнiң тәртiбi, жол жүрiсiне қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi, жол жүрiсiн реттеудiң техникалық және басқа да құралдарының мақсаты мен қолданылуы Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Жол жүрiсi ережелерiмен, Автомобиль жолдарын, жол құрылыстарын пайдалану ережелерiмен және оларды Қазақстан Республикасы аумағында қорғау тәртiбiмен белгiленедi.

      2. Қазақстан Республикасы аумағында көлiк құралдарының оң жақпен жүруi белгiленген.      

       13-бап. Көлiк құралдарын пайдалануға байланысты
                қызметтi жүзеге асыру кезiнде жол жүрiсi
                қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi негiзгi
                талаптар

      1. Көлiк құралдарын пайдалануға байланысты қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлғалар:

      - жол жүрiсi процесiнде қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн талаптарға сәйкес жүргiзушiлердiң жұмысын ұйымдастыруға;

      - жүргiзушiлер еңбегi мен демалысының белгiленген режимiн сақтауға; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн автомобиль және қалалық жер үстi электр көлiгi құралдарының жүргiзушiлерi мен басқа да қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру үшiн жағдай жасауға; 

      - жол-көлiк оқиғаларының және жол қозғалысы ережелерiн бұзудың себептерiне талдау жасап, оларды жоюға; 

      - көлiк құралдарының техникалық жай-күйiн және оның дұрыс жағдайда пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етуге; 

      - жүргiзушiлердi сапарға шығар алдында және мезгiл-мезгiл медициналық байқаудан өткiзiп тұруды қамтамасыз етуге; 

      - жүргiзушiлердiң жол-көлiк оқиғаларында зардап шеккендерге дәрiгер келгенге дейiнгi көмек көрсету дағдыларын жетiлдiру жөнiндегi шараларды ұйымдастыруға мiндеттi. 

      2. Автомобиль және қалалық жер үстi электр көлiгi құралдарымен тасымалдау қызметiн жүзеге асыратын мамандандырылған кәсiпорындар арнаулы ережелер белгiлеп, жүктiң түрiн, оларды тасымалдау ерекшелiктерiн ескере отырып және қолданылып жүрген заңдар шегiнде жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн жүргiзушiлерге қосымша талаптар қоя алады. 

       14-бап. Жол жүрiсiне қатысушылардың құқықтары мен
                мiндеттерi

      1. Азаматтардың жолдармен жүрудiң қауiпсiздiк жағдайлары құқықтарына мемлекет кепiлдiк бередi және ол құқықтар Қазақстан Республикасының жол жүрiсi қауiпсiздiгi туралы заңдарының, Республика бекiткен халықаралық шарттардың орындалуы арқылы қамтамасыз етіледi. 

      2. Жол жүрiсiне қатысушылардың өз құқықтарын iске асыруы жол жүрiсiне басқа қатысушылардың құқықтарын шектемеуге немесе бұзбауға тиiс. 

      3. Жол жүрiсiне қатысушылардың: 

      - заңдармен белгiленген ережелер мен рәсiмдерге сәйкес және солардың негiзiнде жолмен еркiн, кедергiсiз жүруге; 

      - лауазымды адамдардан және жол жүрiсiн қадағалауды жүзеге асырушы мемлекеттiк органнан жолмен жүруге тыйым салыну немесе шектелу себептерi туралы түсiнiктеме алуға; 

      - қозғалыстың қауiпсiз жағдайлары, жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты өнiмдер мен көрсетiлетiн қызметтер сапасы туралы, қызметi жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты лауазымды адамдардың құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi туралы толық және анық ақпарат алуға; 

      - қызметi жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты ұйымдар мен лауазымды адамдардан жол-көлiк оқиғасы кезiнде медициналық көмектiң, құтқару жұмыстарының кепiлдi көлемi мен басқа да қажеттi көмектi тегiн алуға; 

      - жол-көлiк оқиғасы салдарынан өздерiне дене жарақаттары келтiрiлген жағдайларда, сондай-ақ көлiк құралы мен (немесе) жүк бүлiнген жағдайларда заңдарда белгiленген тәртiп бойынша залалды өтеттiруге; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы өкiлеттiгiн жүзеге асырушы лауазымды адамдардың заңсыз iс-әрекеттерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша шағым жасауға құқығы бар. 

      4. Жол жүрiсiне қатысушылар осы Заңның және жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты бөлiгiнде Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарын орындауға мiндеттi. 

       15-бап. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығын алу

      1. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығы мыналарға берiлуi мүмкiн: 

      - он алты жасқа толған адамдарға - мотоциклдер, мотороллерлер және басқа да мотокөлiк құралдарын ("А" санаты) жүргiзуге; 

      - он сегiз жасқа толған адамдарға - рұқсат етiлген ең ауыр салмағы 3500 килограмнан аспайтын және жүргiзушiнiң орнын есептемегенде, отыратын орын саны сегiзден аспайтын автомобильдердi ("В" санаты), сондай-ақ рұқсат етiлген ең ауыр салмағы 3500 килограмнан асатын автомобильдердi ("С" санаты) жүргiзуге, бұған "Д" санатына жататындары кiрмейдi; 

      - жиырма жасқа толған адамдарға - жолаушылар тасуға арналған және жүргiзушiнiң орнын есептемегенде, отыратын орын саны сегiзден астам болатын автомобильдердi ("Д" санаты), троллейбустар мен трамвайларды жүргiзуге; 

      - "В", "С" немесе "Д" санаттарына жататын көлiк құралдарын жүргiзу құқығы бар адамдарға көлiк құралдарының тиiстi санаттарын жүргiзу стажы он екi айдан кем болмаған жағдайда - көлiк құралдарының құрамдарын ("Е" санаты) жүргiзуге. 

      2. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығы тиiстi куәлiктермен расталады. Қазақстан Республикасы аумағында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары талаптарына сәйкес келетiн ұлттық және халықаралық жүргiзушiлер куәлiктерi қолданылады. 

      3. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығының куәлiктерi осы бапта белгiленген жасқа толған, медициналық жағынан кiнәраты жоқ, көлiк құралдарының тиiстi санатының жүргiзушiлерiн даярлайтын үлгi бағдарламалар көлемiнде қажеттi бiлiм мен дағдысы бар және белгiленген тәртiппен емтихандар тапсырған, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын адамдарға берiледi. 

      4. Көлiк құралдарының тиiстi санаттарына жүргiзушiлер даярлаудың үлгi бағдарламаларын және рұқсат беру тәртiбiн жол жүрісі қауіпсіздігі жөніндегі орталық атқарушы орган мүдделi министрлiктермен, өзге де орталық атқарушы органдармен келiсе отырып әзiрлейдi. 

      5. Көлiк құралдарының "А" және "В" санаттарын жүргiзу құқығына куәлiк алу үшiн азаматтардың тиiстi бағдарламалар көлемiнде өз бетiнше даярлануына жол берiледi. 

      6. Адамдарды көлiк құралдарын жүргiзу құқығын алу емтихандарына жiберу, оларды тапсыру, көлiк құралдарын жүргiзу құқығына куәлiктер беру тәртiбiн және адамдардың көлiк құралдарын жүргiзуiне тыйым салатын медициналық кiнәраттарының тiзбесiн жол жүрісі қауіпсіздігі жөніндегі орталық атқарушы орган белгiлейдi.
       Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.10.  N 116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

       16-бап. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығының күшiн
                тоқтату негiздемелерi

      1. Көлiк құралдарын жүргiзу құқығының күшiн тоқтату негiздемелерi мыналар болып табылады: 

      - жүргiзушi куәлiгiнiң белгiленген қолданылу мерзiмiнiң бiтуi; 

      - жүргiзушi денсаулығының көлiк құралдарын қауiпсiз жүргiзуге кедергi келтiретiндей нашарлап, оның медициналық қорытындымен расталуы; 

      - көлiк құралдарын жүргiзу құқығынан айыру. 

      2. Жауапкершiлiк шаралары ретiнде көлiк құралдарын жүргiзу құқығынан айыруға не сондай құқықты шектеуге әкеп соғатын құқық бұзушылық түрлерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

       17-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық қамтамасыз
                ету

      1. Жол жүрісі қауіпсіздігін медициналық қамтамасыз ету: 

      - көлiк құралдарын жүргiзу құқығына куәлiк алуға үмiткер азаматтар мен жүргiзушiлердi мiндеттi түрде медициналық куәландыруды; 

      - жүргiзушiлердi сапарға шығар алдында және ағымдағы медициналық байқаудан өткiзудi; 

      - жол-көлiк оқиғаларында зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетудi; 

      - жол жүрiсiне қатысушыларды, жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн органдардың лауазымды адамдарын, сондай-ақ азаматтарды жол-көлiк оқиғаларында зардап шеккендерге дәрiгер келгенге дейiн көмек көрсету тәсiлдерiн үйретудi қамтиды.

      1-1. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн медициналық қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi үйлестiрудi денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады. 

      2. Жол-көлiк оқиғаларында зардап шеккендерге медициналық көмек: 

      - жол-көлiк оқиғасы болған жерде дәрiгер келгенге дейiн көмек көрсетудi; 

      - жол-көлiк оқиғасы болған жерде, медицина ұйымына бара жатқан жолда және медицина ұйымында медициналық көмек көрсетудi қамтиды. 

      3. Адамдардың көлiк құралдарын жүргiзуiне тыйым салуға негiз болатын медициналық кiнәраттардың тiзбесiн, медициналық куәландыру, тексеру тәртiбiн және олардың мерзiмдiлiгiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi. 
       Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       18-бап. Көлiк құралдарын пайдалану кезiнде жол жүрiсi
              қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жалпы талаптар

      1. Шығарылған көлiк құралдарының конструкциясы, оның iшiнде олардың құрамдас бөлiктерiнiң, қосымша жабдықтау заттарының, қосалқы бөлшектерi мен керек-жарақтарының конструкциясы жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жататын бөлiгiнде техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сай болуға тиiс. 

      2. Көлiк құралдары, олардың құрамдас бөлiктерi, қосымша жабдықтау заттары, қосалқы бөлшектерi мен керек-жарақтары жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жататын бөлiгiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сәйкестiгi расталуға тиiс. 

      3. Механикалық көлік құралдарының және тіркемелердің жекелеген түрлерінің жалпы пайдаланудағы жолдармен жол жүрісіне қатысуына рұқсат беруді жол жүрісі қауіпсіздігі жөніндегі орталық атқарушы орган тиісті құжаттар мен мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерін бере отырып, мемлекеттік тіркеу, оларды пайдаланушы, оның ішінде сенімхат бойынша пайдаланушы адамдарды тіркеу мен есепке алу, оларды жүргізу құқығына емтихан қабылдау мен куәлік беру арқылы жүзеге асырады.
      Механикалық көлiк құралы мен тiркеменiң техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптарына сәйкестiгiн растау саласындағы құжаты болмаса, оны мемлекеттiк тiркеуге тыйым салынады.

      Механикалық көлік құралдары мен тіркемелердің мынадай түрлері мемлекеттік тіркелуге жатады:

      1) жеңіл, жүк автомобильдері және автобустар, олардың базасында жасалған арнайы автомобильдерді қоса алғанда;

      2) мотоциклдер және мотороллерлер;

      3) автомобильдердің құрамында жүруге арналған тіркемелер;
      4)  алып тасталды - 2006.01.10.  N 116  Заңымен.

      5) басқа мемлекеттерде тiркелген және Қазақстан Республикасының аумағына екi айдан артық мерзiмге әкелiнген жеңiл, жүк автомобильдерi мен автобустар, бұған қоса олардың шассилерiнде жасалған арнайы автомобильдер, мотоциклдер мен мотороллерлер, автомобильдердiң құрамында жүруге арналған тiркемелер.

      Механикалық көлік құралдары мен тіркемелердің мынадай түрлері мемлекеттік тіркелуге жатпайды:

      1) жабық аумақтарда технологиялық көлік ретінде пайдаланылатын автомобильдер мен тракторлар, олардың базасында жасалған арнайы автомобильдер мен тракторларды, өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, тіркемелерді қоса алғанда;

      2) троллейбустар;

      3) трамвайлар және рельспен жүретін басқа да механикалық көлік құралдары; 

      4) басқа мемлекеттерде тіркелген және Қазақстан Республикасының аумағына екі айдан аз мерзімге әкелінген жеңіл, жүк автомобильдері мен автобустар, олардың шассилерінде жасалған арнайы автомобильдерді қоса алғанда; мотоциклдер мен мотороллерлер, автомобильдердiң құрамында жүруге арналған тiркемелер.

      4. Тiркелген көлiк құралдарының конструкциясына, соның iшiнде оның жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге әсер ететiн құрамдас бөлiктерiнiң, қосымша жабдықтау заттарының, қосалқы бөлшектердiң және керек-жарақтарының конструкциясына өзгерiстер енгiзiлгеннен кейiн Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен сәйкестiктi қайта растауды өткiзу қажет. 

      5. Жол қозғалысына қатысатын көлiк құралдарының конструкциясы, техникалық жай-күйi және жабдықтары жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты мынадай негiзгi талаптарға:

      1) көлiк құралында жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн тежегiш жүйе, рульдiк басқару, артқы жағын шолу айнасы, дыбыс сигналы, шассилер, жарық беру аспаптары болуына;

      2) көлiк құралдарын қауiпсiз басқаруға мүмкiндiк беретiн шолу мен көрудiң жеткiлiктi мөлшерде қамтамасыз етiлуiне; 

      3) адам өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтiру қаупiн болғызбайтын қосымша жабдық тетiктерi, заттары және көлiк құралының бейiмделген құрылғылары болуына;

      4) жол-көлiк оқиғасы болған жағдайда жолаушылар және жол қозғалысының басқа да қатысушылары үшiн қауiпiсiздiктi бәсеңдетудi қамтамасыз етуге сәйкес келуге тиiс.

      6. Көлiк құралдарын пайдалану кезiнде олардан қоршаған ортаға бөлiнетiн шығарындылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген жол берiлетiн деңгейден аспауға тиiс.
       Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.24.  N 276 , 2003.06.10.  N 433 , 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.01.10.  N 116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.12.29. N  209   Заңдарымен.

       19-бап. Механикалық көлік құралдарын мемлекеттік
                техникалық байқаудан өткізу 

      1. Қазақстан Республикасының аумағында пайдаланылатын және жол жүрісі қауіпсіздігі жөніндегі орталық атқарушы органда тіркелген механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелері міндетті мемлекеттік техникалық байқаудан өткізілуге тиіс.

      2. Мемлекеттік техникалық байқаудан өткізудің тәртібі мен мерзімдерін жол жүрісі қауіпсіздігі жөніндегі орталық атқарушы орган белгілейді. 
       Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.06.10. N  433 , 2006.01.10.  N 116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

       20-бап. Көлiк құралдарына техникалық қызмет көрсету мен
                оларды жөндеу кезiнде жол жүрiсi қауiпсiздiгiн
                қамтамасыз ету жөнiндегi негiзгi талаптар

      1. Көлiк құралдарына техникалық қызмет көрсету мен оларды жөндеу нормативтерiн көлiк құралдарын шығарған зауыттар олардың пайдаланылу жағдайларын ескере отырып белгiлейдi. 

      2. Техникалық қызмет көрсетiлiп, жөндеуден өткiзiлген көлiк құралдары Жол жүрiсi ережелерiнiң және жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты басқа да нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына сәйкес келуге тиiс.
       Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209   Заңымен.  

       21-бап. Көлiк құралдарын пайдалануға тыйым салудың
                негiздемелерi мен тәртiбi

      1. Көлiк құралдарын пайдалануға мынадай жағдайларда: 

      - көлiк құралдарының конструкциясы осы Заңның талаптарына және техникалық регламенттерге сәйкес келмесе; 

      - жол жүрiсi қауiпсiздiгiне және қоршаған ортаға қатер төндiретiн техникалық ақаулары болса; 

      - көлiк құралына орнатылған тораптар мен агрегаттардың нөмiрi көлiк құралындағы тiркеу құжаттарына енгiзiлген деректерге сәйкес келмесе; 

      - тiркеу құжаттары мен мемлекеттiк техникалық байқаудан өткiзiлгенi туралы құжаты болмаса; 

      - мемлекеттiк тiркеу нөмiрiнiң белгiлерi болмаса немесе олар белгiленген талаптар мен тiркеу құжаттарына сәйкес келмесе; 

      - көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты және (немесе) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты болмаса; 

      - заңдарда көзделген басқа да жағдайларда тыйым салынады. 

      2. Көлiк құралын пайдалануға тыйым салуды ондай тыйым салуға негiз болған себептер жойылғанға дейiн оған уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдар жүзеге асырады. 

      3. Көлiк құралдарын пайдалануға тыйым салу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
        Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.05.08. N  414 , 2006.12.29. N  209   Заңдарымен.

       22-бап. Жол жүрiсiн ұйымдастыру жөнiндегi шаралар

      1. Жол жүрiсiн ұйымдастыру жөнiндегi iс-шараларды оның қауiпсiздiгi мен жолдардың өткiзу қабiлетiн арттыру мақсатында автомобиль жолдарын дамытуды, сақтауды, жөндеудi және күтiп ұстауды қамтамасыз ететiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган, қарамағында автомобиль жолдары бар жергiлiктi атқарушы органдар, жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ жол жүрiсi қауiпсiздiгi жөнiндегi орталық атқарушы органның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асырады. 

      2. Аталған шараларды әзiрлеу мен өткiзу Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiп бойынша бекiтiлетiн жобалар, схемалар және өзге де құжаттар негiзiнде нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес жүзеге асырылады. 
       Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       23-бап. Жол жүрiсiн ұйымдастыру процесiнде оның
                қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi негiзгi
                талаптар

      1. Жол жүрiсiн ұйымдастыру жөнiндегi қызмет техникалық регламенттермен реттелген және жол жүрiсiн ұйымдастырудың жобалары мен схемаларында көзделген техникалық құралдар мен конструкцияларды кешендi пайдалану негiзiнде қауiпсiздiк талаптарына сәйкес жүзеге асырылуға тиiс. 

      2. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiне нақты қатер төнген реттерде көлiк құралдары мен жүргiншiлердiң жүрiп-тұруын ұйымдастыруға өзгерiстi соған уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдар ғана белгiленген тәртiппен жүзеге асыруға тиiс. 
       Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209   Заңымен.

       24-бап. Жолдарды жобалау, салу, қайта жаңарту, жөндеу,
                күту және басқару кезiнде жол жүрiсi
                қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi 
                негiзгi талаптар

      1. Қазақстан Республикасының аумағында жолдарды жобалау, салу, қайта жаңарту, жөндеу, күту және басқару техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптары негiзiнде және соларды сақтай отырып орындалуға тиiс. 
      Жолдарды жобалау, салу және қайта жаңарту кезiнде жол жүрiсi қауiпсiздiгiне терiс әсер ететiн инженерлiк шешiмдер есебiнен күрделi шығындарды азайтуға жол берiлмейдi. 

      2. Жолдарды жобалаудың, салудың, жөндеудiң, күту мен басқарудың нормативтiк, жобалық және техникалық құжаттамасы жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде Қазақстан Республикасының Үкіметi белгiлейтiн тәртiппен келiсiлуге және бекiтiлуге тиiс. 

      3. Салынған, қайта жаңартылған және жөнделген жолдардың жол жүрiсiнiң техникалық регламенттерiнде белгiленген талаптарға сәйкестiгi жолдарды қабылдап алу актiсiмен куәландырылады. Жолдарды қабылдап алу актiсiн белгiленген тәртiппен өткiзiлген тексерiп қарау, зерттеулер мен сынақтан өткiзу нәтижелерi негiзiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлдiк берген орган тағайындайтын комиссия бередi. 
      Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде жолдардың жай-күйiнің белгiленген талаптарға сай болуы үшiн жауапкершiлiк жобалау кезеңiнде жобаны орындаушыға, ал қайта жаңарту және салу кезеңдерiнде жұмыстарды орындаушыға жүктеледi. 

      4. Пайдалану процесiнде жолдардың жай-күйi техникалық регламенттерге сәйкес келуiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндет жолды иеленушi (қарамағындағы) заңды және жеке тұлғаларға жүктеледi.
       Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10.  N 116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2006.12.29. N  209   Заңдарымен.

       25-бап. Жолдағы жүрiстi шектеу немесе тоқтату

      1. Көлiк құралдарының жолдарымен жүруi дүлей зiлзала, жолдағы климат жағдайлары қолайсыз болған, бұқаралық шаралар өткiзiлген реттерде және жол жүрiсi қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн басқа да реттерде уақытша шектеледi немесе оған тыйым салынады.

      2. Көлiк құралдарының жолдармен жүруiн тоқтату немесе уақытша шектеу негiздерi мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

  4 тарау
Қорытынды ережелер

       26-бап. <*>

       Ескерту. 26-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2006.01.10.  N 116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.  

       27-бап. Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
                саласындағы заңдарды бұзғандық үшiн
                жауапкершiлiк

      Жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы заңдардың бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

       28-бап. Халықаралық шарттар

      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта жол жүрiсi қауiпсiздiгi туралы Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленгеннен өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 

       Қазақстан Республикасының
      Президентi