Заң күшi бар Республикалық ұлан туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1995 жылғы 5 желтоқсан N 2671

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының 1997.06.19. N 134 заңымен енгiзiлген толықтырулар мен өзгертулер 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне кiредi.

      "Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының Z933600_  1-бабына сәйкес және Республикалық ұланның мұратын, мәртебесiн, қызметiнiң принциптерiн, құрылымын, мiндеттерi мен құқықтарын белгiлеу мақсатында осы Жарлықты шығарамын.

                I тарау. Жалпы ережелер.

      1-бап. Республикалық ұлан

      1. Республикалық ұлан Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрамына кiрмейтiн, дәстүрлiк рәсiмдердiң орындалуына қатысуға, Мемлекет басшысы мен өзге де күзетiлетiн адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, аса маңызды мемлекеттiк объектiлердi, сондай-ақ тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн үйлердi, ғимараттар мен қызмет жайларын күзетуге арналған арнайы әскери құрама болып табылады.
      2. Республикалық ұлан заңды тұлға болып табылады, оны өз атауы жазылған мөрi мен мөртабандары, банктерде шоты және белгiленген үлгiдегi туы болады.
      3. Республикалық ұланды қаржыландыру республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.

      2-бап. Республикалық ұлан қызметiнiң құқықтық негiзi

      Республикалық ұлан қызметiнiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары, осы Жарлық және басқа нормативтiк құқықтық актiлер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары құрайды.

     3-бап. Республикалық ұлан қызметiнiң принциптерi

     1. Республикалық ұланның қызметi заңдылық, дара басшылық, жариялылық, басқа мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимыл жасау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау принциптерiне сәйкес жүзеге асырылады.
     2. Республикалық ұланның әскери қызметшiлерi партияларда, кәсiптiк одақтарда болуға, қандай да бiр саяси партияға жақтасуға тиiс емес.

     4-бап. Республикалық ұланның мiндеттерi

     1. Республикалық ұланның мiндеттерi мыналар:
     1) күзетiлетiн адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысу;
     2) дәстүрлiк рәсiмдердiң орындалуына қатысу;
     3) аса маңызды мемлекеттiк объектiлердi, сондай-ақ тiзбесiн  Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн үйлердi, ғимараттарды және қызметтiк жайларды күзету;
     4) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасының эталондарын күзету;
     5) қолданылып жүрген заңдарда белгiленген тәртiппен төтенше жағдай режимi тұсында iс-шараларды жүзеге асыру.
     2. Республикалық ұланның өзге мiндеттерiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлеуi мүмкiн. 

                II тарау. Республикалық ұланның құрылымы,
                          саны және онда қызмет атқару

     5-бап. Республикалық ұланның құрылымы мен саны

     1. Республикалық ұлан құрамалардан, бөлiмдерден, бөлiмшелер мен қамтамасыз ету органдарынан тұрады.<*>
     2. Республикалық ұланның ұйымдық құрылымы мен санын Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
     ЕСКЕРТУ. 5-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының
1998.06.26. N 234 Заңымен.  Z980234_   

      6-бап. Республикалық ұланның кадрлары

      1. Республикалық ұланның кадрлары әскери қызметшiлерден, жұмысшылар мен қызметшiлерден тұрады.
      2. Республикалық ұланда қызмет өткеретiн әскери қызметшiлерге, осы Жарлықта көзделген ерекшелiктердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде әскери қызмет өткеру тәртiбiн реттейтiн заңдардың күшi қолданылады.
      3. Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiнiң әскери атақтары, айырым белгiлерi және олар үшiн белгiленген киiм үлгiсi болады.
      4. Республикалық ұлан жұмысшылары мен қызметшiлерiнiң еңбек қызметi еңбек туралы заңдардың нормаларымен реттеледi.

      7-бап. Республикалық ұланды жасақтау

      1. Республикалық ұлан:
      1) қолданылып жүрген заңдарға сәйкес мерзiмдi әскери қызметке шақырылған азаматтардың;
      2) ерiктi негiзде контракт бойынша Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi, Мемлекеттiк шекара күзетi жөнiндегi мемлекеттiк комитет пен Iшкi iстер министрлiгi әскери қызметшiлерiнiң;
      3) запастан шақырылған әскери қызметшiлердiң арасынан жасақталады.
      2. Азаматтарды Республикалық ұланға мерзiмдi әскери қызметке шақыруды Республикалық ұланға қойылатын талаптарға сәйкес Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi жүзеге асырады.
      3. Республикалық ұланға мерзiмдi әскери қызметтегi қызметшiлердi iрiктеп алуға басымдық берiледi.

      8-бап. Республикалық ұлан үшiн кадрлар даярлау

      1. Республикалық ұлан үшiн офицерлер даярлауды Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердiң жоғары оқу және әскери-оқу орындары жүзеге асырады.
      2. Республикалық ұлан үшiн прапорщиктердi, сержанттарды (старшиналарды) және маман солдаттарды даярлау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң оқу орындарында жүзеге асырылады.
      3. Республикалық ұланның офицерлiк құрамының кәсiптiк деңгейiн көтеру оқу және әскери-оқу орындарының факультеттерiнде, кафедралары мен курстарында жүзеге асырылады.

     9-бап. Республикалық ұландағы әскери атақтар,
            киiм үлгiсi мен айырым белгiлерi

     1. Республикалық ұланның офицерлерiне олардың атқаратын лауазымдары бойынша әскери атақтар Қазақстан Республикасының  Қарулы Күштерiнде осыларға ұқсас лауазымдар бойынша көзделген әскери атақтардан бiр саты жоғары тағайындалады.
     2. Республикалық ұландағы киiм үлгiсi мен айырым белгiлерiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi. 

               III тарау. Республикалық ұланның мiндеттерi
                              мен құқықтары

      10-бап. Республикалық ұланның мiндеттерi

      Республикалық ұланға мынадай мiндеттер жүктеледi:
      1) Республика Президентi Күзет қызметiмен өзара iс-қимыл жасай отырып Мемлекет басшысының, Республика экс-Президенттерi мен олардың отбасыларының және Республика Президентi бекiткен тiзбе бойынша мемлекеттiң лауазымды адамдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасында болған кезеңiнде шет елдердiң мемлекет, үкiмет басшыларының және халықаралық ұйымдардың басшыларының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;<*>
      2) Аса маңызды мемлекеттiк объектiлердi, сондай-ақ тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн үйлердi, ғимараттарды және қызмет жайларын күзету;<*>
      3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасының эталондарын күзету;
      4) Қазақстан Республикасының дипломатиялық және хаттамалық iс-шараларын, мерекелерi мен салтанаттарын өткiзу кезiнде дәстүрлiк рәсiмдердiң атқарылуына қатысу;
      5) қолданылып жүрген заңдарда көзделген тәртiппен төтенше жағдай режимi тұсындағы iс-шараларды жүзеге асыру.
      ЕСКЕРТУ. 10-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының
               1997.06.30. N 140 Заңымен. Z970140_

      11-бап. Республикалық ұланның құқықтары

      1. Республикалық ұланға өзiне жүктелген мiндеттердi орындау кезiнде:
      1) Республикалық ұланға өз мiндеттерiн жүзеге асыруға кедергi келтiрген адамдардың құқыққа қарсы әрекеттерiн тоқтатуды талап ету, талабы орындалмаған жағдайда осы Жарлықта көзделген шараларды қолдану;
      2) азаматтар мен лауазымды адамдарды күзетiлетiн объектiлерге өткiзу кезiнде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеру;
      3) күзетiлетiн адамдарға немесе күзетiлетiн объектiлерге қатысты құқыққа қарсы әрекеттер жасаған адамдарды ұстау, кейiннен оларды құқық қорғау органдарының қолына беру;
      4) күзетiлетiн объектiлердегi көлiк құралдары мен жүктерге тексеру жүргiзу;
      5) осы Жарлықта көзделген жағдайларда және тәртiпке сәйкес қаруды, жауынгерлiк техника мен арнайы құралдарды қолдану;
     6) төтенше жағдай тұсындағы мiндеттерiн орындау кезiнде телекоммуникациялық желiлердi пайдалану;
     7) қолданылып жүрген заңдарда белгiленген тәртiппен қару-жарақ, арнайы құралдар мен техника алу;
     8) өз қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету құқығы берiледi.
     2. Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiнiң қызмет  бабындағы мiндеттерiн атқару кезiнде табельдiк қаруы мен арнайы құралдарды сақтауға және алып жүруге құқығы бар.

          IV тарау. Республикалық ұланның Қолбасшылығы <*>

      12-бап. Республикалық ұланның Қолбасшысы

      1. Республикалық ұланның Қолбасшысы Республикалық ұланға тiкелей басшылықты жүзеге асырады, оны Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      2. Республикалық ұланның Қолбасшысы:
      1) Республикалық ұланды тұрақты жауынгерлiк әзiрлiкте ұстайды;
      2) Республикалық ұланның қызмет бабындағы жауынгерлiк iсiне, оперативтiк және жауынгерлiк даярлығына басшылық етедi;
      3) Республикалық ұланның ұйымдық құрылымы мен саны жөнiнде ұсыныстар әзiрлеп, Республика Президентiнiң бекiтуiне ұсынады;
      4) Республикалық ұланды әскери қызметшiлермен жасақтаудың жоспарын бекiтедi;
      5) Республикалық ұлан құрамаларының, бөлiмдерiнiң, бөлiмшелерiнiң және қамтамасыз ету органдарының штаттарын бекiтедi;<*>
      6) құрама командирiнiң орынбасарына дейiнгi қызметтерге тағайындайды, Республикалық ұлан Қолбасшысының орынбасарлары және құрамалар командирлерi қызметтерiне тағайындау туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныстар енгiзедi;
      7) бастапқы офицер атағын және полковникке дейiнгi атақты қоса әскери атақтар бередi;
      8) Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiн запасқа және отставкаға шығарады;
      9) Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiн, жұмысшылары мен қызметшiлерiн мемлекеттiк наградалармен наградтауға ұсынады;
      10) <*>
      11) бұйрықтар, нұсқаулар шығарады, Республикалық ұланның жауынгерлiк және арнайы даярлығының жоспарларын, нұсқаулықтары мен ережелерiн, бағдарламаларын бекiтедi;
      12) мемлекеттiк органдарда Республикалық ұланнан өкiлдiк етедi;
      13) Республикалық ұланның Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiмен өзара iс-қимылын қамтамасыз етедi;
      14) қызмет құжаттамасына қол қояды.
      2.<*>
      3. Республикалық ұланның Қолбасшысы Қазақстан Республикасының Республикалық ұлан туралы заңдарында және Қазақстан Республикасы  Қарулы Күштерiнiң жалпы әскери жарғыларында көзделген құқықтарды  пайдаланады.<*>
     ЕСКЕРТУ. 12-бапта 2-тармақ алып тасталды және 3-тармақ жаңа  
              редакцияда берiлдi - Қазақстан Республикасының
              1997.06.30. N 140 Заңымен.  Z970140_  
     ЕСКЕРТУ. IY-тараудың атауы және 12-бап өзгертiлдi - Қазақстан
              Республикасының 1998.06.26. N 234 Заңымен.  Z980234_
     ЕСКЕРТУ. 12-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының
              2001.10.10. N 247 Заңымен.  Z010247_   

      13-бап. Республикалық ұланның қолбасшылығы <*>

      1. Республикалық ұланның Қолбасшылығын Республикалық ұланның Қолбасшысы басқарады. Қолбасшылық құрамына Республикалық ұлан Қолбасшысының бiрiншi орынбасары және орынбасары кiредi.
      Республикалық ұлан Қолбасшысының бiрiншi орынбасарын және орынбасарын Республикалық ұлан Қолбасшысының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      2. Республикалық ұлан қолбасшылығы:
      1) Республикалық ұланды ұдайы әскери әзiрлiкте ұстау жөнiндегi iс-шараларды талдап жасау және оның орындалуын ұйымдастыру;
      2) Республикалық ұланның өзiне жүктелген мiндеттердi орындауы кезiнде қалыптасқан ахуал туралы мағлұматтар жинау мен талдау;
      3) Республикалық ұландағы жедел және жауынгерлiк даярлыққа, оқу-тәрбие процесiне басшылық жасау;
      4) Республикалық ұланның қызметтiк-жауынгерлiк iсiн қамтамасыз етудi ұйымдастыру;
      5) әлеуметтiк-құқықтық жұмыс iс-шараларының орындалуын қамтамасыз ету;
      6) кадрларды iрiктеу, орналастыру мен тәрбиелеудi жүзеге асыру;
      7) адам құрамын есепке алу мен бақылауды ұйымдастыру;
      8) материалдық құралдар қозғалысының есебiн жүргiзу және  оларды заңда белгiленген тәртiппен есептен шығару жөнiндегi жұмысқа басшылық жасау мiндеттерiн атқаруға тиiс.
     ЕСКЕРТУ. 13-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының
              1998.06.26. N 234 Заңымен.  Z980234_   

           V тарау. Республикалық ұланның мәжбүр ету
                    шараларын, арнайы құралдар, күш пен
                    қару қолдануы. Жауынгерлiк техниканы
                    пайдалану.

      14-бап. Республикалық ұланның мәжбүр ету шараларын
              қолдануының шарттары мен шегi

      1. Республикалық ұланның әскери қызметшiлерi өздерiне жүктелген мiндеттерi орындау кезiнде мәжбүр ету шараларын осы Жарлықта көзделген жағдайларда және тәртiпке сәйкес қолдануға құқылы.
      2. Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiнiң қару мен арнайы құралдарды қолданған жағдайлары туралы тиiстi командирлер прокуратура органдарын дереу хабардар етедi.
      3. Мәжбүр ету шараларын қолдану шегiнен асқан Республикалық ұланның әскери қызметшiлерi заңда белгiленген ретпен жауапкершiлiкке тартылады.

      15-бап. Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiнiң
                  арнайы құралдар мен күш қолдануы

      1. Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiнiң өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау кезiнде мынадай жағдайларда:
      1) күзетiлетiн адамдарға, әскери қызметшiлерге, сондай-ақ күзетiлетiн объектiлер мен жүктерге жасалған шабуылды тойтару үшiн;
      2) Ұланның әскери қызметшiсiнiң өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрген қарсылықты тыйып тастау үшiн;
      3) атыс қаруы мен суық қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш, химиялық және улы заттарды жандарында заңсыз ұстап, қарсылық көрсеткен адамдарды қарусыздандыру үшiн;
      4) Ұлан құрамалары орналасқан жерлерге жасалған шабуылды тойтару үшiн;
      5) кепiлге алынған адамдарды құтқару, басып алынған күзетiлетiн объектiлердi, ғимараттарды, көлiк құралдары мен жүктердi босату үшiн;
      6) жүргiзушiсi Республикалық ұланның әскери қызметшiсiнiң заңды талаптарын орындамаған көлiк құралын тоқтату үшiн арнайы құралдар мен күш қолдануға құқығы бар.
      2. Әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық байқалған адамдарға және кәмелетке толмағандарға қарсы, олар адамдардың өмiрiне қатер төндiретiн қарулы қарсылық көрсеткен, топтасып немесе өзгедей шабуыл жасамаған жағдайларда, арнайы құралдарды қолдануға тыйым салынады.
      3. Арнайы құралдар тiзбесi мен Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiнiң оларды қолдану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      16-бап. Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiнiң
              қару мен жауынгерлiк техниканы қолдануы

      1. Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiнiң бейбiт уақытта қару мен жауынгерлiк техниканы тек мынадай айрықша жағдайларда ғана:
      1) күзетiлетiн адамдарды қылмысты қол сұғушылықтан қорғау үшiн;
      2) күзетiлетiн объектiлерге, қарауылға, ғимараттар мен арнаулы жүктерге, Ұлан құрамаларының орналасқан жерлерiне жасалған шабуылды тойтару үшiн, сондай-ақ күзетiлетiн объектiлерге кiруге тырысқан әрекеттердi тыйып тастау үшiн;
      3) қарсылық көрсеткен не қылмыс жасау үстiнде көзге түскен адамдарды ұстау үшiн, қаруын тапсыру жөнiндегi талапты орындаудан бас тартқан адамдарды ұстау үшiн;
      4) кепiлге алынған адамдарды құтқару, басып алынған күзетiлетiн объектiлердi, ғимараттар мен арнаулы әскери жүктердi босату үшiн;
      5) дабыл белгiсiн беру немесе көмек шақыру үшiн қолдануға құқығы бар.
      2. Атыс қаруы мен жауынгерлiк техниканы жарылыс қаупі бар қоймалар мен сақтау орындарының бағытында, бейсауат адамдар зардап шегуi мүмкiн сәттерде адамдар едәуiр топтасқан жерлерге қарай, сондай-ақ олар қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен жағдайлардан басқа уақыттарда, әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қарсы қолдануға тыйым салынады.
      3. Қару мен жауынгерлiк техниканы қолданған кезде Республикалық ұланның әскери қызметшiсi айналадағы азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.
      4. Қару мен жауынгерлiк техниканы қолданғаны туралы Республикалық ұланның әскери қызметшiсi командирлерiне дереу хабарлауға мiндеттi, олар бұл жайында прокуратура органдарын хабардар етедi. 

         VI тарау. Республикалық ұланның әскери 
                   қызметшiлерiнiң құқықтық жағдайы
                   және оларды әлеуметтiк қорғау

      17-бап. Республикалық ұланның әскери
             қызметшiлерiнiң құқықтық жағдайы

      1. Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiнiң құқықтық жағдайы осы Жарлықпен және қолданылып жүрген заңдармен белгiленедi.
      2. Республикалық ұланның әскери қызметшiлерi қызмет бабындағы мiндеттерiн орындаған кезде өкiмет өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
      3. Республикалық ұланның әскери қызметшiсiне оның жеке басы мен өкiлеттiктерiн растайтын қызмет куәлiгi берiледi.
      4. Төте және тiкелей бастықтарынан басқа ешкiмнiң де Республикалық ұланның әскери қызмет iсiне араласуға хақысы жоқ.

      18-бап. Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiн
                    әлеуметтiк қорғау

      1. Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiн әлеуметтiк қорғау "Әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiнiң мәртебесi және оларды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және өзге қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiн зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар төлеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.<*>
      3. Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiне қосымша жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау кепiлдiктерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеуi мүмкiн.
      ЕСКЕРТУ. 18-баптың 2-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан    
               Республикасының 1997.06.19. N 134-I Заңымен.     

     18-1-бап. Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiне ақшалай
               үлес<*>    

     Республикалық ұланның әскери қызметшiлерiне ақшалай үлесi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет есебiнен қамтылған органдары қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде белгiленедi.
     ЕСКЕРТУ. 18-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының
              2001.10.10. N 247 Заңымен.  Z010247_   

          VII тарау. Республикалық ұланды
             материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      19-бап. Республикалық ұланның материалдық-техникалық
              қамтамасыз етiлуi

      1. Республикалық ұланды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.<*>
      2. Республикалық ұланды материалдық-техникалық қамтамасыз етудiң тәртiбi мен нормаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      3. Республикалық ұланды жер учаскелерiмен қамтамасыз етудi, оларға қажеттi үй-жайлар мен ғимараттар, сондай-ақ өзге де объектiлер бөлудi жергiлiктi атқарушы органдар жүргiзедi.
      4. Облыстардың аумақтарында уақытша орналасқан Ұланның құрамалары тұруға арналған тұрғын жайлармен, коммуналдық қызметпен, байланыспен, автокөлiк және жанар-жағар май материалдарымен республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң есебiнен қамтамасыз етiледi.
     ЕСКЕРТУ. 19-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан
              Республикасының 1998.12.22. N 327 Заңымен.  Z980327_

         VIII тарау. Республикалық ұланның қызметiн
                       бақылау мен қадағалау

     20-бап. Республикалық ұланның қызметiн бақылау

     1. Республикалық ұланның қызметiне бақылауды Қазақстан
Республикасының Президентi жүзеге асырады.
     2. Республикалық ұланның Қолбасшысы Республикалық ұланның
қызметi туралы Республика Президентiне жыл сайын мағлұмат берiп отырады.
     3. Ұланның құрамаларында ведомстволық бақылауды Республикалық ұланның Қолбасшысы жүзеге асырады. 

     21-бап. Республикалық ұланның қызметiн
               прокурорлық қадағалау

     Республикалық ұланда заңдардың, Республика Президентi
Жарлықтарының және өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң дәл әрi
бiркелкi орындалуына қадағалауды Қазақстан Республикасының
прокуратурасы жүзеге асырады.

     22-бап. Республикалық ұландағы қаржылық бақылау
     Республикалық ұланның қаржы-шаруашылық қызметiне Қазақстан
Республикасының Қаржы министрлiгi бақылау жасайды.<*>

     ЕСКЕРТУ. 22-баптың өзгердi - Қазақстан Республикасының
              1998.12.22. N 327 Заңымен.  Z980327_   

           IХ тарау. Қорытынды және өтпелi ережелер

      23-бап. Осы Жарлықты iске асыру жөнiндегi шаралар туралы

     1. Қазақстан Республикасының Үкiметi осы Жарлық күшiне енген күннен бастап бiр ай мерзiмнiң iшiнде бұрын қабылданған шешiмдердi оған сәйкес келтiрсiн.
     2. Республикалық ұлан өзiнiң нормативтiк актiлерiн осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн. Республикалық ұлан туралы Ереже  әзiрлеп, Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзсiн. 

     24-бап. Осы Жарлықтың күшiне ену тәртiбi

     Осы Жарлық жарияланған күннен бастап күшiне енедi.            

     Қазақстан Республикасының
     Президентi