Заң күшi бар Мемлекеттiк кәсiпорын туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1995 жылғы 19 маусым N 2335

Жаңартылған

      ЕСКЕРТУ. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 04 қарашадағы N 472 Заңымен енгізілген өзгерістер 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап
қолданысқа енгізіледі.

     "Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы  Заңының  1-бабына сәйкес, мемлекеттiк кәсiпорындардың қызметiн реттеу, мемлекет меншiгiнiң тиiмдi пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында осы Жарлықты шығарамын. 

             1-Тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Мемлекеттiк кәсiпорындар

      1. Мемлекеттiк кәсiпорындарға:
      1) шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорындар;
      2) жедел басқару құқығына негiзделген (қазыналық кәсiпорын) кәсiпорындар жатады.
      2. Мемлекеттiк меншiктiң түрлерiне қарай кәсiпорындар: 
      1) республика меншiгiндегi кәсiпорындар - республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар;
      2) коммуналдық меншiктегi кәсiпорындар - коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындар болып бөлiнедi. 
      3. Басқа мемлекеттiк кәсiпорын құрған мемлекеттiк кәсiпорын еншiлес мемлекеттiк кәсiпорын болып табылады. 
      4. Мемлекеттiк банктердiң құқықтық ережелерiнiң, құрылуының, лицензиялануының, қызметiнiң реттелуiнiң, жауапкершiлiгiнiң, қайта ұйымдастырылуы мен таратылу шарттарының ерекшелiктерi қолданылып жүрген банк заңдарымен белгiленедi.<*> 
      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi құратын кәсiпорындар Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар болып табылады. 
      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi кәсiпорындарының қызметiн құру, реттеу және тоқтату тәртiбi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленген ерекшелiктерiн ескере отырып, осы Жарлықпен белгiленедi.<*> 
       ЕСКЕРТУ. 1-бап 4, 5-жаңа тармақтармен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154  Заңымен

       2-бап. Мемлекеттiк кәсiпорындардың мiндет-мақсаты 

       1. Мемлекеттiк кәсiпорындар қызметiнiң негiзгi мiндет-мақсаты қоғам мен мемлекеттiң қажетiне қарай айқындалатын мынадай әлеуметтiк-экономикалық мiндеттердi шешу болып табылады: 
      1) мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн материалдық жағынан қамтамасыз ету және қоғам мүддесiн қорғау; 
      2) экономиканың жеке меншiк секторы қамтымаған немесе жеткiлiксiз қамтыған қоғамдық өндiрiстiң буындары мен салаларында бiрiншi қажеттiлiктегi тауарларды өндiру (жұмыстар атқару, қызметтер көрсету); 
      3) мемлекеттiк монополияға жатқызылған немесе бақылау және қадағалау функцияларын қоспағанда, мемлекеттiң функциясы болып табылатын салалардағы қызметтi жүзеге асыру.<*>
      2. Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың атаулы тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындардың атаулы тiзбесiн тиiстi жергiлiктi әкiмдер бекiтедi.
       Ескерту. 2-баптың 2-тармағының 3-абзацы алынып тасталды - 
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.12.23. N 2722 заң күші
бар   жарлығымен .    
       ЕСКЕРТУ. 2-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.05.04. N 185   Заңымен .  

       3-бап. Мемлекеттiң уәкiлдi органдары

      1. Министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер, ведомстволар мен Қазақстан Республикасының Үкiметi сол үшiн уәкiлдiк берген өзге де мемлекеттiк органдар (бұдан әрi - уәкiлдi органдар) республикалық мемлекеттiк кәсiпорындарды мемлекеттiк басқару органдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, сондай-ақ оларға қатысты мемлекеттiк меншiк құқығы субъектiсiнiң функцияларын жүзеге асырушы органдар болып табылады.<*> 
      2. Жергiлiктi әкiм сол үшiн уәкiлдiк берген жергiлiктi атқарушы органдар (бұдан әрi - уәкiлдi органдар) коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындарды мемлекеттiк басқару органдары, сондай-ақ оларға қатысты мемлекеттiк меншiк құқығы субъектiсiнiң функцияларын жүзеге асырушы органдар болып табылады. 
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген мемлекеттiк меншiк құқығы субъектiсiнiң функциясын жүзеге асыруға мемлекеттiк кәсiпорынды жекешелендiру немесе оның алғашқы кезеңдерi туралы шешiм қабылдау жөнiндегi өкiлеттiк кiрмейдi. 
      Мемлекеттiк кәсiпорынды жекешелендiру туралы (оның алғашқы кезеңi) шешiм қабылданған күннен бастап кәсiпорынды иелену жөнiндегi мемлекеттiк меншiк құқығы субъектiсiнiң функциясы осындай шешiм қабылдауға уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк органға көшедi.<*> 
       Ескерту. 3-бапқа өзгерулер мен толықтырулар енгiзiлдi - 
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.12.23. N 2722 заң күші
бар  жарлығымен .  
      ЕСКЕРТУ. 3-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154  Заңымен

       4-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынды құру 

       1. Республикалық мемлекеттiк кәсiпорын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе Ұлттық Банктiң шешiмi бойынша, коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорын - Қазақстан Республикасы Үкiмет белгiлеген тәртiппен жергiлiктi әкiмнiң шешiмi бойынша құрылады.<*> 
      2. Мемлекеттiк кәсiпорынның құрылтайшысы уәкiлдi орган болады. 
      3. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынды құруға, егер ол өзiнiң мiндет-мақсаты бойынша осы Жарлықтың 18-бабында айтылған талаптарға сай келген жағдайда жол берiледi. 
      Қазыналық кәсiпорынды құруға, егер ол өзiнiң мiндет-мақсаты бойынша осы Жарлықтың 32-бабында айтылған талаптарға сай келген жағдайда жол берiледi. 
       ЕСКЕРТУ. 4-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154   Заңымен

      5-бап. Мемлекеттiк кәсiпорындарды тiркеу және 
             қайта тiркеу 

       1. Мемлекеттiк кәсiпорын өзi мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап құрылған деп саналады және заңды тұлғаның құқығына ие болады. 
      Мемлекеттiк кәсiпорындарды тiркеу заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. 
      2. Бұл заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және қайта тiркеу туралы заң актiлерiнде көзделген жағдайда мемлекеттiк кәсiпорын қайта тiркеуге жатқызылады.

       6-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынның жарғысы  

      1. Жарғы мемлекеттiк кәсiпорынның құрылтайшы құжаты болып табылады. 
      Мемлекеттiк кәсiпорынның жарғысын оның құрылтайшысы (уәкiлдi органы) бекiтедi. 
      2. Мемлекеттiк кәсiпорынның жарғысында: кәсiпорынның түрi, оның фирмалық атауы, құрылтайшысы (уәкiлдi органы) туралы мәлiмет, кәсiпорынның тұрған жерi, оның қызметiнiң мәнi мен мақсаты, басшының өкiлеттiгi, жұмыс режимi, кәсiпорын мүлкiнiң құралуы мен табысты бөлу тәртiбi, кәсiпорынды қайта ұйымдастыру мен оның қызметiн тоқтату шарттары болуы тиiс. Жарғыда сондай-ақ кәсiпорын мен құрылтайшы (уәкiлдi орган), кәсiпорынның әкiмшiлiгi мен оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастары айқындалады. Жарғыда заңдарға қайшы келмейтiн басқа да ережелер болуы мүмкiн. 

       7-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынның фирмалық атауы 

      1. Мемлекеттiк кәсiпорынның фирмалық атауында мүлiк иесi мемлекеттiк меншiктiң қай түрiне (республикалық немесе коммуналдық) жататыны және ведомстволық бағыныстылығы көрсетiлуi керек. 
      Жедел басқару құқығындағы кәсiпорынның фирмалық атауында оның қазыналық болып табылатындығы көрсетiлуi тиiс. 
      2. Мемлекеттiк кәсiпорынның Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және фирмалық атауы бар мөрi болады.

       8-бап. Мемлекеттiк кәсiпорын қызметiнiң мәнi мен 
            мақсаты 

       1. Мемлекеттiк кәсiпорын қызметiнiң мәнi мен мақсатын оның құрылтайшысы (уәкiлдi органы) айқындайды, бұл кәсiпорынның жарғысында бекiтiледi және шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорындарға қатысты бөлiгiнде - осы Жарлықтың 18-бабының талаптарына, ал қазыналық кәсiпорындарға қатысты бөлiгiнде - осы Жарлықтың 32-бабының талаптарына сәйкес келуi керек. 
      Құрылтайшының (уәкілетті органның) мемлекеттік кәсіпорындарға мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын беруіне жол берілмейді.<*> 
      2. Мемлекеттік кәсіпорынға өз Жарғысында көрсетілген қызметінің нысанасы мен мақсатына сай келмейтін қызметті жүзеге асыруына, сондай-ақ мәмілелерді жасауына тыйым салынады.<*> 
      3. Кәсiпорынның жарғысында айқындалған, қызмет мақсатына қайшы жасаған мәмiлесi заңдарда белгiленген тәртiппен оның құрылтайшысының (уәкiлдi органының) талабы бойынша күшi жоқ деп танылуы мүмкiн. 
      Кәсiпорын басшысының кәсiпорынның қызметiнде жарғыдан тыс iс-әрекет жасауы еңбек мiндеттерiн бұзған болып табылады және белгiленген ретпен тәртiптiк жауапкершiлiкке тарту шараларын қолдануға апарып соғады. 
       ЕСКЕРТУ. 1-тармақ 2 бөлікпен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.10.04. N 469  Заңымен .  
      ЕСКЕРТУ. 8-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.05.04. N 185  Заңымен .

       9-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынды басқару  

      1. Кәсiпорынның мемлекеттiк басқаруын уәкiлдi орган жүзеге асырады. 
      2. Заңды тұлға ретiнде кәсiпорынның органы оның уәкiлдi органы тағайындайтын және оған есеп беретiн кәсiпорынның басшысы болып табылады. 
      3. Уәкiлдi орган кәсiпорынның басшысымен қарым-қатынасты контракт арқылы ресiмдеуге құқылы. 
      Контрактiде кәсiпорын басшысының құқығы, мiндетi мен жауапкершiлiгi, оның еңбек ету жағдайы, демалуы және материалдық жағынан қамтамасыз етiлуi, контрактiнiң мерзiмi және заңдарда көзделген кепiлдiктер ескерiле отырып атқаратын қызметiнен босату негiздерi белгiленедi. 
      4. Кәсiпорын басшысы меншiк иесiнiң алдында кәсiпорынның жұмыс жағдайы үшiн жеке дара жауап бередi. 
      5. Кәсiпорын басшысы жеке дара басшылық жасау принциптерi бойынша iс-қимыл жасайды және кәсiпорынның барлық мәселелерiн осы Жарлық пен кәсiпорын жарғысы белгiлеген құзыретiне сәйкес дербес шешедi. 
      6. Басшы кәсiпорын атынан сенiмхатсыз iс-қимыл жасайды, барлық органдарда кәсiпорынның мүддесiн бiлдiредi, кәсiпорынның мүлкiне өкiмдiк етедi, шарттар жасайды, сенiмхат бередi, банкiлiк есеп-шоттарын ашады және өзге де мәмiлелер жасайды, барлық қызметкерлер үшiн мiндеттi бұйрықтар шығарады және нұсқаулар бередi. 
      7. Басшы өз құзыретi шегiнде және еңбек заңдарына сәйкес қызметкерлердi кәсiпорынға жұмысқа қабылдайды және оларды жұмыстан шығарады, көтермелеу шараларын қолданады және оларды жазаға тартады. 
      Басшының ұсынысы бойынша уәкiлдi орган лауазымға тағайындайтын немесе лауазымнан босататын кәсiпорын қызметкерлерiнiң номенклатурасы кәсiпорынның жарғысында белгiленедi. 
      8. Басшының орынбасарларын кәсiпорын басшының ұсынысы бойынша уәкiлдi орган қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. 
      Басшының орынбасарларының және кәсiпорынның басқа да басшы қызметкерлерiнiң құзыретiн басшы белгiлейдi. 
      Басшының орынбасарлары өздерiнiң құзыретi шегiнде кәсiпорынның атынан iс-қимыл жасайды, оны мемлекеттiк органдарға және басқа кәсiпорындарға танытып бiлдiредi, шаруашылық операцияларын және сенiмхатсыз шарттар жасап, сондай-ақ кәсiпорын қызметкерiне сенiмхат бере алады. 

       10-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынның мүлкi 

       1. Кәсiпорынның мүлкiн негiзгi қорлар мен айналыс қаражаты, сондай-ақ құны кәсiпорынның дербес балансында көрсетiлген құндылықтар құрайды.
      2. Мемлекеттiк кәсiпорынның мүлкi бөлiнбейдi және оны салымдар (үлестер, пайлар) бойынша, соның iшiнде кәсiпорын қызметкерлерiнiң арасында бөлуге болмайды.
      3. Мемлекеттiк кәсiпорынның мүлкi:
      1) оған меншiк иесi берген мүлiктiң;
      2) өз қызметiнiң нәтижесiнде сатып алынған мүлiктiң (ақшалай табыстарды қосқанда);
      3) заңдармен тыйым салынбаған өзге де қаражат негiздерiнiң есебiнен қалыптастырылады.

     11-бап. Мемлекеттiк меншiк түрi не ведомстволық
             бағыныстылығы ауысқан кезде кәсiпорынның
             мүлiктiк құқықтарының сақтаулы 

       Заңдарда белгiленген тәртiппен мемлекеттiк кәсiпорынды республикалық иелiктен коммуналдық иелiкке бергенде немесе керiсiнше iстегенде, не мемлекеттiк басқарудың бiр органының бағынысынан басқа бiр органның бағынысына берген кезде ондай кәсiпорын өзiне тиiстi мүлiкке шаруашылық жүргiзу құқығын (жедел басқару құқығын) сақтап қалады. 

       12-бап. Мүлiктiк кешен ретiндегi мемлекеттiк кәсiпорын 

       1. Мемлекеттiк кәсiпорын тұтас алғанда мүлiк кешенi ретiнде жылжымайтын мүлiк болып танылады және мемлекеттiк меншiк құқығының объектiсi болып табылады. 
      2. Мүлiктiк меншiк ретiнде кәсiпорынның құрамына оның қызмет етуiне арналған мүлiктiң барлық түрлерi, оның iшiнде үйлер, ғимараттар, жабдықтар, құрал-саймандар, шикiзат, өнiмдер, жер учаскесiне құқығы, талап ету құқықтары, борыштар, сондай-ақ оның қызметiн дараландыратын белгiлерге құқықтар (фирмалық атауы, тауар белгiлерi) және басқа да айрықша құқықтар енедi. 
      3. Республикалық мемлекеттiк кәсiпорын жөнiнде ол бiртұтас мүлiктiк кешен ретiнде болғанда мәмiлелер (кепiлге беру, жалдау және басқалары) жасауы, оны оқшаулау жөнiндегi мәмiлелердi қоспағанда - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша, ал коммуналдық кәсiпорын жөнiнде - жергiлiктi әкiмнiң шешiмi бойынша жүзеге асырылады.

      13-бап. Мемлекеттiң тапсырысы

     1. Мемлекеттiк кәсiпорын үшiн мемлекеттiң тапсырысын орындау мiндеттi болып табылады.
     Егер бұл шарттар мемлекеттiң тапсырысында көзделген болса, кәсiпорынның тауарларды (жұмыстар атқаруды, қызметтер көрсетудi) сатып алушы немесе сатушы ретiнде шарттар жасаудан бас тартуға құқығы жоқ. 
     2. Мемлекеттiң тапсырысы кәсiпорынға уәкiлдi орган арқылы жеткiзiледi. 
     3. Мемлекеттiң тапсырысында қамтылмаған өнiмдердi (жұмыстар атқаруды, қызметтер көрсетудi) кәсiпорын өз бетiмен сатады. 

      14-бап. Заңсыз келген табыстарды кәсiпорыннан алып қою 

       Заңдарда тыйым салынған, оның жарғысында көзделмеген, оған уәкiлдi органның рұқсаты алынбаған қызметтi жүзеге асырудан кәсiпорынға түскен табыс, сондай-ақ сатылатын тауарлардың (жұмыстар атқарудың, қызметтер көрсетудiң) бағасын көтеру нәтижесiнде түскен табыс уәкiлдi органның немесе өзге де құзыреттi органның шешiмi бойынша республикалық немесе жергiлiктi бюджетке алып қойылады. 

      15-бап. Мемлекеттiк органдардың заңсыз iс-әрекеттерiне 
              кәсiпорынның шағым жасауы 

       Кәсiпорын мемлекеттiк органдардың заңсыз iс-әрекеттерiне, оған қоса ол уәкiлдi органның кәсiпорын пайдасын алып қоюға, мүлiктi қайта бөлуге, мемлекеттiң тапсырысын беруге, кәсiпорын шығаратын тауарларға (жұмыстар атқаруға, қызметтер көрсетуге) баға қоюға байланысты жасаған, сондай-ақ кәсiпорынның құқығы бұзылатын басқадай iс-әрекеттерiне белгiленген тәртiп бойынша сотқа шағым жасауға құқылы.

       16-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынды қайта ұйымдастыру 
              және тарату 

       1. Республикалық мемлекеттiк кәсiпорын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен, ал коммуналдық кәсiпорын - жергiлiктi әкiмнiң шешiмiмен қайта ұйымдастырылады және таратылады. 
      Кәсiпорын азаматтық заңдарда көзделген басқа негiздемелер бойынша да таратылуы мүмкiн. 
      Кәсiпорынды қайта ұйымдастыру және таратуды уәкiлдi орган жүзеге асырады. 
      2. Таратылған кәсiпорынның кредит берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлкiн уәкiлдi орган қайта бөледi.
     Таратылған кәсiпорынның ақшасы осы кәсiпорынның кредит берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалатын мүлкiн сату нәтижесiнде түскен ақша қаражатымен қоса тиiстi бюджеттiң табысына есептеледi.<*> 
      ЕСКЕРТУ. 16-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11.  N 154   Заңымен

      17-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынды жекешелендiру

     Мемлекеттiк кәсiпорын жекешелендiру туралы заңдарда белгiленген тәртiппен жекешелендiрiледi.

           2-Тарау. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорын

      18-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынның
             мiндет-мақсаты

       Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорын мынадай қызметтер аясында құрылуы (бұрын құрылғандарды iс-әрекет жасауы) мүмкiн: 
      1) қару-жарақты және оның оқ-дәрiсiн, қорғаныс құралдарын, әскеритехникасын, қосалқы бөлшектердi, санатталатын элементтер мен оның приборларын әзiрлеу, өндiру, жөндеу және сату; босатылған әскери-техникалық құралдарды қайта өңдеу және жою (құрту, ұқсату, көму); 
      2) уранды және басқа бөлшектенетiн материалдарды, сондай-ақ одан жасалатын бұйымдарды алу, өндiру, тасымалдау, қайта өңдеу, көму және сату; арнаулы қорғаныс құралдарын қолданбай-ақ пайдалануға болатын нормадан асатын мөлшерде радиоактивтi заттары бар өнiм шығару және сату; 
      3) дәрi-дәрмектер, дәрiлiк заттар мен емдеу препараттарын, медициналық жабдықтар мен құрал-сайман жасау және сату; 
      4) <*> 
      5) энергиямен, жылумен, сумен жабдықтау, желiлiк көлiк, байланыс, коммуникация, коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығы саласында, республикалық және жергiлiктi инфрақұрылымда тiршiлiкте қамтамасыз ететiн басқа жүйелерде өзiнiң табиғи монополия жағдай мен әлеуметтiк экономикалық маңыздылығы жағынан тiкелей мемлекеттiк басқаруын қажет ететiн шаруашылық қызметiн жүзеге асыру; 
      6) банк, сақтандыру және өзге де қаржы қызметi саласында; 
      7) заңдарда қаржыландырудың арнайы тәртібі белгіленген мемлекеттік автомобиль жолдарының және басқа инфрақұрылым объектілерінің желісін ұстау мен дамыту;
      8) почта байланысы мен телекоммуникация, жалпыреспубликалық және халықаралық байланыс желілерін пайдалану;
      9) денсаулық сақтау, табиғатты қорғау, білім беру, әлеуметтік қорғау, ғылым, мәдениет және спорт саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру;
      10) бұқаралық ақпарат құралдары, баспа және полиграфия қызметі саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру;
      11) қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы өндірістік қызметті жүзеге асыру.<*>
      12) мемлекеттік құқық кадастрын жүргізуді қамтамасыз ететін қызметті жүзеге асыру.<*>
      Мемлекеттік органдардың қызметтік ғимаратын пайдалану және жабдықтау функцияларын орындау мақсатында шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар құруға тыйым салынады.<*>
       ЕСКЕРТУ. 18-бап 7)-11)-тармақшалармен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.11.04. N 472   Заңымен
       ЕСКЕРТУ. 18-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.05.04. N 185   Заңымен .      

      19-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы
             кәсiпорынның мазмұны

       Шаруашылық жүргiзу құқығы мүлiктi мемлекеттен меншiк иесi ретiнде алған және осы мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқықтарын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Жарлықта және өзге де заң құжаттарында белгiленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорынның заттық құқығы болып табылады.

       20-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi  

      1. Егер заңдарда өзгеше көзделмесе, кез келген мүлiк шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi бола алады. 
      2. Кәсiпорынның қарамағында тек өзiнiң жарғылық мақсаттарында көзделген қызметтi қамтамасыз ету үшiн қажеттi, не осы қызметтiң өнiмi ретiнде алынған мүлiк қана бола алады. 

       21-бап. Кәсiпорынның жарғылық және резервтiк қорлары  

      1. Кәсiпорынның жарғылық қорының мөлшерiн оның құрылтайшысы белгiлейдi, бiрақ оның мөлшерi кәсiпорынға берiлген мүлiктiң жалпы құнынан аспауы керек және кәсiпорынды мемлекеттiк тiркеуден өткiзген күннен бастап белгiленген есептiк көрсеткiштiң 10.000 кем болмайды.<*> 
      Жарғылық қордың мөлшерi кәсiпорынның жарғысында көрсетiледi. 
      Жарғылық қорды меншiк иесi (құрылтайшы) кәсiпорынды мемлекеттiк тiркеуден өту қарсаңында толық құруға тиiс. 
      2. Жарғыда көрсетiлгендей кәсiпорын резерв қорын қалыптастыруға мiндеттi және ол жарғылық қордың 10 процентiнен кем болмауы керек және резерв қорының белгiленген дәрежесiне жеткенге дейiн құрамында қалған пайданың кем дегенде 5 процентiн осы мақсатқа жұмсауы керек. 
      Резерв қорының қаржысы тек қана шығынды жабуға, бюджет алдындағы мiндеттемелердi орындауға, мемлекеттiк кредиттердi өтеуге және кәсiпорынның басқадай қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда сыйақы (мүдде) өтем төлеуге жұмсалады.<*> 
      3. Егер кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген түрлерi туралы заң актiлерiнде жарғылық және резервтiк қорлардың өзге тәртiптерiн қалыптастыру мен мөлшерлерi белгiленген болса, онда кәсiпорындар оларды осы актiлерде көзделген мөлшерлерде құрады, бiрақ ол осы баптың 1-тармағында көрсетiлгеннен кем болмауы керек.
       ЕСКЕРТУ. 21-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.06.19. N 132  Заңымен .  
      ЕСКЕРТУ. 21-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154  Заңымен  

        22-бап. Шаруашылықты жүргiзу құқығына ие болу 
              және тоқтату 

       1. Мүлiктi құрылып қойған мемлекеттiк кәсiпорынға бекiту туралы меншiк иесi (уәкiлдi орган) шешiм қабылдаған мүлiкке қатысты шаруашылық жүргiзу құқығы, егер заңдарда немесе меншiк иесiнiң (уәкiлдiк органның) шешiмiнде өзгеше белгiленбесе, бұл кәсiпорында мүлiктi кәсiпорынның дербес балансына бекiтiп берген сәттен бастап пайда болады. 
      2. Шаруашылық жүргiзудегi мүлiктi пайдаланудың жемiсi, өнiмi мен кiрiсi, сондай-ақ кәсiпорын шарттар немесе өзге де негiздер бойынша алған мүлiк меншiк құқығына ие болуға арналған заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен кәсiпорынның шаруашылық жүргiзуiне келiп түседi. 
      3. Мүлiкке шаруашылық жүргiзу құқығы меншiк құқығын тоқтатуға арналған заңдарда көзделген негiздер мен тәртiп бойынша, сондай-ақ меншiк иесiнiң (уәкiлдi органның) шешiмiмен кәсiпорыннан мүлiк заңды жолмен қайтарып алынған жағдайларда тоқтатылады. 
      Заңды жолмен қайтарып алу реттерiне, атап айтқанда: 
      1) кәсiпорынның жарғылық қызметiнiң мақсатына сай келмеген мүлiктi қайтарып алу (осы Жарлықтың 20-бабының 2-тармағы); 
      2) артылып қалған, пайдаланылмайтын не өз мақсатында пайдаланылмайтын мүлiктi қайтарып алу жатады. 

       23-бап. Меншiк иесiнiң шаруашылық жүргiзудегi 
                 мүлiкке қатысты құқығы 

       Шаруашылық жүргiзудегi мүлiктiң меншiк иесi осы жарлыққа және басқа заң актiлерiне сәйкес кәсiпорын құру, қызметiнiң мәнi мен мақсаттарын белгiлеу, оны қайта құру мен тарату мәселелерiн шешедi, кәсiпорынға тиесiлi мүлiктiң өз мақсатында пайдаланылуы мен сақталуына бақылау жасайды. 
      Меншiк иесiнiң өзi құрған кәсiпорынның шаруашылық жүргiзудегi мүлiктi пайдаланудан түскен пайдасының бiр бөлiгiн осы Жарлықтың 27-бабының 2-тармағында көзделген тәртiп бойынша алуға құқығы бар.

       24-бап. Уәкiлдi органның құзыры 

      1. Кәсiпорынға қатысы бойынша уәкiлдi орган меншiк иесiнiң және мемлекеттiк басқару органының функциясын атқарады. 
      2. Осы Жарлықтың 23-бабынан туындайтын өкiлеттiктерден басқа уәкiлдi орган осы Жарлықтың 25-бабына сәйкес меншiк иесiнiң келiсуiн талап ететiн кәсiпорынның жарғысын бекiтедi және оның құрылтайшысы болады, заңға сәйкес кәсiпорынның басшысын тағайындайды және оны қызметiнен босатады, кәсiпорынға мемлекеттiң тапсырысын жеткiзедi және оның орындалуын бақылайды, оның пайдасын бөлу нормативтерiн белгiлейдi, кәсiпорынның мүлiкпен мәмiле жасауына рұқсат бередi, осы Жарлықтың 28-бабының 2-тармағына сәйкес кәсiпорын басшысының, оның орынбасарының және бас (аға) бухгалтерiнiң лауазымды жалақыларының мөлшерiн белгiлейдi, осы Жарлықпен және өзге де заң актiлерiмен оның құзырына жатқызылған басқа мәселелердi шешедi.

       25-бап. Кәсiпорынның мүлiктiк құқықтарын жүзеге 
              асыру шарттары  

      1. Қызметiн шаруашылық жүргiзу құқығы негiзiнде жүзеге асыратын кәсiпорынның меншiк иесiнiң немесе уәкiлдi органның келiсiмiнсiз кәсiпкерлiк қызметтiң мына түрлерiн жасауға: 
      1) өзiне тиесiлi үйлердi, ғимараттарды, жабдықтарды және кәсiпорынның басқа да негiзгi қорларын өзге адамдарға сатуға немесе беруге, айырбастауға, ұзақ мерзiмге (үш жылдан астам) жалға беруге, уақытша тегiн пайдалануға беруге; 
      2) филиалдар мен еншiлес кәсiпорындар құруға жеке кәсiпкерлермен бiрге кәсiпорындар мен бiрлескен өндiрiстер құруға, оларға өзiнiң өндiрiстiк және ақшалай капиталын салуға; 
      3) жеке кәсiпкерге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың ресми ставкасынан төмен сыйақы (мүдде) есептеумен несие беруге құқы жоқ.<*> 
      Өзiнiң ұйымдық-құқықтық нысаны бойынша мемлекеттiк кәсiпорындар болып табылатын банктердiң несие беру тәртiбi олардың жарғысымен және банк заңдарымен белгiленедi.
      2. Егер меншiк иесi (уәкiлдi орган) өзгеше белгiлемесе, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мүлiкпен мәмiле жасаудан алынған ақшаны кәсiпорын өздiгiнен пайдаланады.<*> 
      3. Егер заңдарда өзгеше көзделмесе, кәсiпорын өзiне шаруашылық жүргiзу құқығына бекiтiлiп берiлген негiзгi қорларға жатпайтын жылжымалы мүлiкке дербес билiк етедi.
       ЕСКЕРТУ. 25-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11.  N 154   Заңымен .    

       26-бап. Кәсiпорын өндiрген тауарлардың бағасы 

      1. Кәсiпорын өндiрген тауарлардың (атқарылған жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң) бағасы кәсiпорынның оларды өндiруге, атқаруға, көрсетуге кеткен шығынды толық өтеуге, оның жұмысын шығынсыз етуге және өз кiрiсi есебiнен қаржыландыруды қамтамасыз етуге тиiс. 
      2. Мемлекеттiң тапсырысын орындау есебiне кәсiпорын өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (атқарылған жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң) бағасын уәкiлдi органның келiсуi бойынша кәсiпорын, осы баптың 1-тармағында айтылған талаптарды ескере отырып белгiлейдi. 
      Кәсiпорын мемлекеттiң тапсырысынан тыс өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (атқаратын жұмыстардың, көрсететiн қызметтердiң) бағасын кәсiпорын дербес белгiлейдi.
      3. Кәсiпорын дербес өткiзетiн тауарлардың (атқаратын жұмыстардың, көрсететiн қызметтердiң) бағасын өтемдiкпен өсiруге жол бермеу мақсатында мемлекеттiк реттеу монополияға қарсы заңдарда белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. 

     27-бап. Кәсiпорынның қызметiн қаржыландыру

      1. Кәсiпорын өз қызметiнен алған меншiктi табысы есебiнен ұсталады.
      Мемлекеттiк кәсiпорынға қаражат заңдарда көзделген тәртiппен берiледi.
      2. Кәсiпорын иесiне аударым жасалуға тиiс пайданың үлесi (осы Жарлықтың 23-бабының екiншi бөлiгi) жыл сайын уәкiлдi орган Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң (тиiсiнше - оның жергiлiктi органдарымен) келiсiмi бойынша белгiлейтiн пайданы бөлу нормативiнде көрсетiледi және тиiстi бюджет пайдасына аударылады. 

       28-бап. Кәсiпорын қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу 

      1. Кәсiпорынның еңбекке ақы төлеу қорының (тұтыну қорының) мөлшерiн жыл сайын уәкiлдi орган белгiлейдi. 
      2. Еңбекке ақы төлеу нысандары, штат кестесiн лауазымдық жалақының мөлшерiн, сыйлық беру және өзге сыйақы жүйесiн белгiленген еңбекке ақы төлеу қорының шегiнде кәсiпорын дербес анықтайды. 
      Кәсiпорын басшысының, оның орынбасарының, бас (аға) бухгалтерiнiң лауазымдық жалақысының мөлшерiн, оларға сыйлық беру және өзге де сыйақы жүйесiн уәкiлдi орган белгiлейдi.

       29-бап. Кәсiпорынның сыртқы экономикалық қызметi  

      1. Кәсiпорын сыртқы экономикалық қызметтi заңдарда белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырады. Кәсiпорын салықты және басқа мiндеттi төлемдердi төлегеннен (сатудан) кейiн қалған валюта түсiмiн уәкiлдi орган белгiлеген нормативке сәйкес бөледi. 
      2. Кәсiпорынның қарауында қалатын валютаның пайдаланылуын ол валюта заңына сәйкес жүргiзедi.

     30-бап. Кәсiпорынның жауапкершiлiгi

     Кәсiпорын өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi мүлiктiң бәрiмен жауап бередi.
     Кәсiпорын өз мүлкiн иеленушiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
     Құрылтайшының (уәкiлдi органның) iс-әрекетiнен банкротқа ұшырағаннан басқа жағдайда мемлекет кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. Мұндай жағдайда мемлекет кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға кәсiпорынның қаржысы жетiспеген ретте оның мiндеттемелерi бойынша жауап бередi. 
     Заң актiлерiнде кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша мемлекеттiң жауапкершiлiгiнiң өзге де жағдайлары белгiленуi мүмкiн.

                3-Тарау. Қазыналық кәсiпорын 

     31-бап. Қазыналық кәсiпорын ұғымы

     Жедел басқару құқығындағы мемлекеттiк мүлiкке ие кәсiпорын қазыналық болып табылады.

      32-бап. Қазыналық кәсiпорынның мақсаты

      Қазыналық кәсiпорындар заңдарда белгiленген тәртiппен:
      1) төтенше және авариялық жағдайларда кен-құтқару және өзге де арнаулы жұмыстарды орындау, өрттен, су тасқынынан және басқа да табиғи зiлзаладан қорғау; 
      2) <*> 
      3) қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы өндірістік қызметті жүзеге асыру;<*> 
      4) топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстар жүргiзу; 
      5) денсаулық сақтау, табиғатты қорғау, бiлiм беру, әлеуметтiк қорғау, ғылым, мәдениет және спорт саласында өндiрiстiк-шаруашылық қызметтi жүзеге асыру;<*>
      6) мемлекеттік органдардың қызметтік ғимараттарын пайдалануды және жабдықтау функцияларын орындауды жүзеге асыру;<*>
      7) кеме жүзетін жолдар мен гидротехникалық құрылыстарды (шлюздерді) күтіп-ұстау мен дамыту;<*> 
      8) мемлекеттік монополияға жатқызылған салалардағы қызметті жүзеге асыру үшін құрылуы мүмкін.<*>
       ЕСКЕРТУ. 32-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.11.04. N 472  Заңымен
      ЕСКЕРТУ. 32-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.05.04. N 185  Заңымен .     

       33-бап. Қазыналық кәсiпорынды жедел басқару
             құқығының мазмұны 

       Жедел басқару құқығы қазыналық кәсiпорынның меншiк иесiнен алған және өз қызметiнiң мақсатына, меншiк иесiнiң тапсырмалары мен мүлiктiң мақсатына сәйкес осы Жарлық пен өзге де заң актiлерiнде белгiленген шекте сол мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асыратын заттық құқық болып табылады.

        34-бап. Жедел басқару құқығының объектiсi 

       1. Егер осы Жарлықта және басқа заңдарда өзгеше көзделмесе, кез келген мүлiк жедел басқару құқығының объектiсi болуы мүмкiн. 
      2. Қазыналық кәсiпорын өзiнiң жарғылық қызметiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi мүлiктi ғана жедел басқару құқығы негiзiнде иемдене алады. 

        35-бап. Жедел басқару құқығына ие болу және оны тоқтату 

       1. Жедел басқару құқығына ие болу мен оны тоқтату, егер осы Жарлық пен өзге де заңдарда басқаша белгiленбесе, меншiк құқығына және өзге заттық құқықтарға ие болу мен оны тоқтату үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне көзделген шарттар мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады. 
      2. Қазыналық кәсiпорынның уәкiлдi органның келiсiмiнсiз негiзгi қорға жататын мүлiктi сату-сатып алу, айырбастау, сыйға тарту шарттары немесе өзге мәмiле негiзiнде алуға құқығы жоқ. 
      3. Қазыналық кәсiпорынның уәкiлдi органның рұқсатынсыз банк кредиттерiн пайдалануға құқығы жоқ.

       36-бап. Қазыналық кәсiпорынның жедел басқаруына 
              берiлген мүлiк иесiнiң құқығы 

      1. Қазыналық кәсiпорынның жедел басқаруындағы мүлiк иесi осы Жарлық пен өзге заң актiлерiне сәйкес қазыналық кәсiпорынды құру, оның қызметiнiң мәнiн, мақсаттары мен мазмұнын анықтау мәселелерiн шешедi, кәсiпорынның заң жүзiндегi тағдырын белгiлеу құқығын иелендi. 
      2. Меншiк иесi қазыналық кәсiпорынның меншiк иесi берген мүлiктi тиiмдi пайдалануы мен сақтауына бақылауды жүзеге асырады.

      37-бап. Кәсіпорынның жедел басқаруына берiлген мүлiктi
             меншiк иесiнiң қайтып алу және қайта бөлу құқығы

     Қазыналық кәсiпорынға бекiтiп берiлген мүлiк иесi, егер заң
актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, өз қалауы бойынша мүлiктi қайтарып
алуға немесе оны өзi құрған басқа заңды тұлғалар арасында қайта
бөлуге құқылы.

     38-бап. Қазыналық кәсiпорынның мүлкiне билiк ету 

     Қазыналық кәсiпорын өзiне бекiтiлiп берiлген мүлiктi және өзiнiң шаруашылық қызметi нәтижесiнде түскен қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi уәкiлдi органның келiсуiмен ғана жатсындыруға немесе оған өзгеше тәсiлмен билiк етуге құқылы.
     Қазыналық кәсiпорын өзi өндiрген өнiмдi дербес өткiзедi.
     Қазыналық кәсiпорын табысын бөлудiң тәртiбiн өкiлеттi орган анықтайды.

     39-бап. Қазыналық кәсiпорынның шаруашылық қызметi 

     Қазыналық кәсiпорынның шаруашылық қызметi оның жарғыда көрсетiлген мақсаттары мен мiндеттерiмен, сондай-ақ кәсiпорынға уәкiлдi органдар арқылы жеткiзiлетiн мемлекеттiң тапсырыстарымен анықталады.
     Өзге шаруашылық қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.<*>
      ЕСКЕРТУ. 39-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.05.04. N 185  Заңымен .  

      40-бап. Қазыналық кәсiпорын өндiрген тауарлардың бағасы

     Қазыналық кәсiпорын өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (атқаратын жұмыстардың, көрсететiн қызметтердiң) бағасын уәкiлдi орган белгiлейдi.
     Қазыналық кәсіпорындар монополиялық жолмен өндіретін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге) бағаларды көтеруге жол бермеу мақсатында оларды мемлекеттік реттеуді бағалар мен тарифтерді реттеу жөніндегі орталық атқарушы органмен келісе отырып уәкілетті орган жүргізеді.<*>
     ЕСКЕРТУ. 40-бап 2 бөлікпен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.10.04. N 469   Заңымен .

      41-бап. Қазыналық кәсiпорынның қызметiн қаржыландыру

     1. Қазыналық кәсiпорынның қызметi мемлекеттік тапсырысты бөле отырып, уәкiлдi орган бекiтетiн смета бойынша өз табысының есебiнен қаржыландырылады.<*>
     2. Қазыналық кәсiпорынның сметадан тыс алған табысы тиiстi бюджетке аударылуға жатады.
      ЕСКЕРТУ. 41-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.11.04. N 472  Заңымен

     42-бап. Қазыналық кәсiпорын қызметкерлерiнiң
             еңбегiне ақы төлеу 

      Қазыналық кәсiпорынға еңбекке ақы төлеу қорын (тұтыну қорын), еңбекке ақы төлеу нысандарын, лауазымдық жалақының тарифтiк кестесiн уәкiлдi орган белгiлейдi. 

      43-бап. Қазыналық кәсiпорынның сыртқы экономикалық 
              қызметi 

       Қазыналық кәсiпорын сыртқы экономикалық қызметтi, егер бұл оның жарғысында көзделген немесе мемлекеттiң тапсырысынан туындайтын жағдайда ғана жүзеге асырады. Өзге жағдайларда қазыналық кәсiпорын жекелеген экспорт-импорт операцияларын уәкiлдi органның рұқсатымен ғана жасауға құқылы. 

       44-бап. Қазыналық кәсiпорын мен оның меншiк иесiнiң 
              жауапкершiлiгi  

      1. Қазыналық кәсiпорын өзiнiң мiндеттемелерi бойынша билiк етуiндегi ақшамен жауап бередi.<*> 
      Қазыналық кәсiпорынның қалған мүлкiн өндiрiп алуға осы кәсiпорын таратылғаннан басқа жағдайларда жол берiлмейдi. 
      2. Қазыналық кәсiпорын өз мүлкiн иеленушiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. 
      3. Қазыналық кәсiпорынның ақшасы жеткiлiксiз болса, оның мiндеттемелерi бойынша субсидиялық жауапкершiлiктi Қазақстан Республикасы немесе әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк көтередi.<*> 
      Қазыналық кәсіпорынның шарттық міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс тек мемлекеттік тапсырысты орындау шеңберінде ғана субсидиарлық жауапкершілікті көтереді.<*> 
      4. Таратылған қазыналық кәсiпорынның мүлкi кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға жеткiлiксiз болған жағдайда, соңғылары осы кәсiпорын мүлкiнiң меншiк иесi есебiнен талаптың қалған бөлiгiн қанағаттандыру туралы сотқа талап қоюға құқылы. 
      5. Зейнетақылар төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталықтың мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiктi толық көлемде Қазақстан Республикасының Үкiметi көтередi.<*>
       ЕСКЕРТУ. 44-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154  Заңымен .    
      ЕСКЕРТУ. 44-бап өзгертiлдi және толықтырылды  - Қазақстан Республикасының 1998.12.16. N 320  Заңымен .    
      ЕСКЕРТУ. 44-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1999.11.04. N 472  Заңымен .

     45-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынды
             қазыналық кәсiпорын етiп қайта құру

       1. Шаруашылықты жүргiзу құқығындағы республикалық кәсiпорынды қазыналық кәсiпорын етiп қайта құру Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен келiсiлген уәкiлдi органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен, ал коммуналдық кәсiпорынды қайта құру - аталған Мемлекеттiк комитеттiң аумақтық комитетiмен келiсiлген уәкiлдi органның ұсынысы бойынша жергiлiктi әкiмнiң шешiмiмен жүргiзiледi. 
      2. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынды қайта құру туралы шешiм және оның негiзiнде қазыналық кәсiпорын құру мынадай жағдайларда; 
      1) шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынға бөлiнген мемлекеттiк мүлiк пен ақша мақсаткерлiкпен пайдаланылмаса;<*> 
      2) соңғы екi жылдың қорытындысы бойынша пайда түспесе; 
      3) негiзгi қорға жататын мүлiкке билiк ету осы Жарлықтың 25-бабының 1-тармағында белгiленген ережелер бұзылып жүргiзiлсе мiндеттi болып табылады. 
      3. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынды қазыналық кәсiпорын етiп қайта құру жөнiндегi барлық шығын, сондай-ақ кәсiпорында жеткiлiктi қаржы болмаған жағдайда қайта құрылатын кәсiпорынның кредиторлармен есеп айырысуы тиiстi бюджеттiң есебiнен жүзеге асырылады. 
      4. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорын негiзiнде құрылған қазыналық кәсiпорын оған бұрын бөлiнген мемлекеттiк мүлiк пен ақшасы, сондай-ақ жердi пайдалану, табиғатты пайдалану, жер қойнауын пайдалану, квотаны, лицензияны және бұрын жасалған шарттарды беру жөнiнен, егер соңғылар жаңадан құрылған қазыналық кәсiпорынның мәнi мен мақсатына сәйкес келсе, қайта құрылған кәсiпорынның құқықтық мұрагерi болып табылады.<*> 
      5. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорын қазыналық кәсiпорын болып қайта құрылған кезде оған бекiтiлiп берiлген мүлiктiң құқықтық режимi кәсiпорынды қайта құру туралы шешiм қабылданған сәттен бастап шаруашылық жүргiзу құқығынан жедел басқару құқығына ауыстырылады.
       ЕСКЕРТУ. 45-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154  Заңымен .  

         4-Тарау. Еншiлес мемлекеттiк кәсiпорын 

      46-бап. Еншiлес мемлекеттiк кәсiпорын ұғымы 

      Өз мүлкiнiң есебiнен басқа мемлекеттiк кәсiпорын құрған заңды тұлға еншiлес мемлекеттiк кәсiпорын болып табылады. 
      Еншiлес мемлекеттiк кәсiпорындар құру құқығын шаруашылық жүргiзу құқындағы кәсiпорындар ғана пайдалана алады. 

    47-бап. Еншiлес мемлекеттiк кәсiпорынның
            құқықтық жағдайы

      1. Еншiлес мемлекеттiк кәсiпорын шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорын нысанында құрылады және аталған кәсiпорындардың түрi үшiн осы Жарлықпен берiлген өкiлеттiктi пайдаланады.
     2. Еншiлес кәсiпорынның өз мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiгi, сондай-ақ негiзгi кәсiпорынның еншiлес кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiгi осы Жарлықтың 30-бабында белгiленген ережелерге сәйкес туындайды. 

     48-бап. Еншiлес кәсiпорындарды құрудың мақсаты 

     Еншiлес мемлекеттiк кәсiпорындар:
     1) негiзгi кәсiпорынды, оның iшiнде монополияға қарсы заң талабы күшiндегi кәсiпорынды ықшамдау;
     2) негiзгi кәсiпорынның филиалдарын дербес заңды тұлға етiп қайта құру;
     3) негiзгi өндiрiстiң тиiмдiлiгiн арттыру үшiн қосымша және мамандандырылған өндiрiс құру;
     4) негiзгi өндiрiстi оған тән емес қызмет пен функция түрлерiнен босату мақсатында құрылады.

      49-бап. Еншiлес кәсiпорындарды құрудың тәртiбi

     1. Республикалық мемлекеттiк кәсiпорынға жататын еншiлес кәсiпорын уәкiлдi орган мен Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң келiсiмiмен негiзгi кәсiпорынды мемлекеттiк басқарудың жоғары тұрған органының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң рұқсатымен құрылады. 
      Коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорынға жататын еншiлес кәсiпорын уәкiлдi орган мен баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi аумақтық органның келiсiмiмен негiзгi кәсiпорынды мемлекеттiк басқарудың жоғары тұрған органының ұсынуы бойынша жергiлiктi әкiмнiң рұқсатымен құрылады. 
      2. Негiзгi кәсiпорын еншiлес кәсiпорынның құрылтайшысы болады. 
      3. Еншiлес кәсiпорынның жарғысын оның құрылтайшысы (негiзгi кәсiпорын) өзiнiң жоғары тұрған мемлекеттiк басқару органының келiсуi бойынша бекiтедi. 
      4. Еншiлес кәсiпорын басқа еншiлес кәсiпорын құруға құқылы емес. 

       50-бап. Мемлекеттiң уәкiлдi органы 

      1. Мемлекеттiң уәкiлдi органы құқығын пайдаланатын (осы Жарлықтың 24-бабы) негiзгi кәсiпорын еншiлес кәсiпорынды мемлекеттiк басқару органы, сондай-ақ мемлекеттiк меншiк құқығы субъектiсiнiң оған қатысты функциясын жүзеге асыратын орган болып табылады. 
      2. Республикалық мемлекеттiк кәсiпорынға жататын еншiлес кәсiпорын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен шаруашылық жүргiзу құқындағы кәдiмгi кәсiпорын болып қайта құрылуы мүмкiн. 
     Коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорынға жататын еншiлес кәсiпорын жергiлiктi әкiмнiң шешiмiмен шаруашылық жүргiзу құқындағы кәдiмгi кәсiпорын болып қайта құрылуы мүмкiн.

     51-бап. Осы жарлықтың күшiне ену тәртiбi

     Осы Жарлық жарияланған күннен бастап күшiне енедi.

     Қазақстан Республикасының
     Президентi