Оформи подписку на Портал Учёт и участвуй в розыгрыше трёх iPhone 11

Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 1993 жылғы 8 желтоқсан N 4200

Қолданыстағы

I бөлiм. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Қазақстан Республикасы әкiмшiлiк-аумақтық
             құрылысының жүйесi
      Қазақстан Республикасы әкiмшiлiк-аумақтық құрылысының жүйесiне мынадай әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер кiредi: ауыл (село), поселке, ауылдық (селолық) округ, қаладағы аудан, қала, аудан, облыс.

      2-бап. Әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң категориялары
      Қазақстан Республикасы аумағының республикалық және жергiлiктi мүдделерiн қолайлы ұштастыру негiзiнде мемлекеттiк басқаруды жүзеге асыру негiзгi екi категорияға - аймақтарға және елдi мекендерге бөлiнедi.
      Аймақ - республиканың бiрнеше елдi мекендерi енгiзiлетiн, оның мүддесi үшiн құрылатын және басқарылатын республика аумағының бiр бөлiгi.
      Республикалық әкiмшiлiк-аумақтық құрылыстың негiзгi буындары ретiнде облыс, аудан және ауылдық (селолық) округ аймақтар болып табылады.
      Елдi мекен - республика аумағының халық жинақы орналасқан, кемiнде 50 адамы бар, азаматтардың шаруашылық және басқа қоғамдық қызметi нәтижесiнде қалыптасқан, заңда белгiленген тәртiпте есепке алынған және тiркелген, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар басқаратын бiр бөлiгi.
      Қазақстан Республикасы аумағындағы елдi мекендер қалалық және селолық елдi мекендерге бөлiнедi.
      Қалалық елдi мекендерге республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы қалалар, сондай-ақ поселкелер; селоларға - олардың әкiмшiлiк бағыныстылығына қарамастан қалған барлық елдi мекендер жатады.

      3-бап. Қалалар мен басқа елдi мекендердiң категориялары
      Қалалар және басқа елдi мекендер:
      1) республикалық маңыздағы қалаларға бөлiнедi, бұларға ерекше мемлекеттiк маңызы бар және, әдетте, бiр миллион адамнан астам халқы бар елдi мекендер жатқызылуы мүмкiн;
      2) облыстық маңызы бар қалаларға бөлiнедi, бұларға саны 50 мың адамнан асатын, дамыған өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымы бар, iрi экономикалық және мәдени орталықтар болып табылатын елдi мекендер жатқызылуы мүмкiн;
      3) аудандық маңызы бар қалаларға бөлiнедi, бұларға аумағында өнеркәсiп орындары, коммуналдық шаруашылығы, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, оқу және мәдени-ағарту, емдеу мен сауда объектiлерiнiң дамыған жүйесi, кемiнде 10 мың адам халқы бар, оның халқының жалпы санының үштен екiсiнен астамы жұмысшылар, қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерi болып табылатын елдi мекендер жатқызылуы мүмкiн;
      4) поселкелерге бөлiнедi, бұларға өнеркәсiп орындарының, құрылыстардың, темiр жол стансаларының және басқа экономикалық маңызды объектiлердiң жанындағы, кемiнде 3 мың адамы бар, оның кемiнде үштен екiсi жұмысшылар, қызметшiлер және олардың отбасы мүшелерi болып табылатын елдi мекендер жатқызылуы мүмкiн;
      кемiнде екi мың адам халқы бар, оның жыл сайын емделу мен тынығу үшiн келетiндер саны кемiнде тең жартысын құрайтын, емдiк маңызы бар жерлерде орналасқан елдi мекендер де поселкелерге теңестiрiледi; оларға қалалықтардың жазғы демалыс орындары болып табылатын, ересек халқының кемiнде 25 процентi ауыл шаруашылығымен ұдайы айналысатын саяжай поселкелерi де жатқызылуы мүмкiн;
      5) ауыл (село) - кемiнде 50 адамы бар, халқының кемiнде жартысы ауылшаруашылық өндiрiсiмен айналысатын қызметкерлер және олардың отбасы мүшелерi болып табылатын елдi мекен;
      6) халқының саны кемiнде 50 адам шаруа және басқа да қоныстар ең жуық елдi мекеннiң құрамына енгiзiледi.

      4-бап. Әкiмшiлiк-аумақтық құрылыс туралы заңдар
      Әкiмшiлiк-аумақтық құрылыс мәселелерiн құқықтық реттеудi Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң, өзге де заңдар мен қалыпты құжаттар жүзеге асырады.

      5-бап. Әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердi құру, тарату,
             олардың шекараларын белгiлеу және өзгерту,
             оларға ат қою және олардың атын өзгерту туралы
             шешiмдер қабылдайтын органдар
      Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметi, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар өз өкiлеттiктерi шегiнде әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердi құру және тарату, олардың шекараларын белгiлеу және өзгерту, оларға ат қою мен олардың атын өзгерту туралы шешiмдер қабылдайды.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң        1995.12.19. N 2691 Жарлығымен.

      6-бап. Облыстар мен аудандарға, қалаларға ат қою мен
            олардың аттарын өзгертуге байланысты шығындар
      Облыстарға, аудандарға, қалаларға ат қою мен олардың аттарын өзгертуге байланысты шығындар республикалық бюджет қаржылары есебiнен жұмсалады.

      7-бап. Ономастика комиссиясы
      Әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге ат қою және олардың атын өзгертуге, атауларының транскрипциясын нақтылау жөнiндегi жұмысты ретке келтiру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанынан Ономастика комиссиясы құрылады.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң         1995.12.19. N 2691 Жарлығымен.

      8-бап. Әкiмшiлiк-аумақтық брлiктердi есепке алу мен
             тiркеу оларды есептi деректерден шығару

      Қазiргi және жаңадан құрылған әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердi есепке алу мен тiркеудi, сондай-ақ әрбiр облыстың шекарасындағы және республикалық маңызы бар қаланың аумағындағы деректердi шығаруды тиiстi атқарушы органдар және ауданның, қаланың атқарушы органдарының ұсынуы бойынша жүзеге асырады.
      Тұрақты халқының саны елу адамнан асатын қоныстар дербес елдi мекендер деп саналады және есепке алынып, тiркелуге жатады.
      Қызметтiк мақсаттағы объектiлер болып табылатын жалғыз үйлер, фермалар, қоныстар (орманшылардың, жол қараушылардың, жол шеберлерiнiң үйлерi, зайымкелер, қыстаулар, дала қостары, метеостансалар және т.б.) әкiмшiлiк немесе аумақтық тұрғыдан байланысты елдi мекендер құрамында есепке алынады.
      Мұндай қоныстарды тиiстi ауданның атқарушы органы есепке алады.
      Қалалардың немесе поселкелердiң құрамына енгiзiлген және олардың бiр бөлiгiне айналған елдi мекендер, сондай-ақ тұрғындарының бәрi кетiп қалған немесе қоныс аударған қоныстар дербес әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк мәртебесiнен айырылады және есептi деректерден шығарылады.

II бөлiм. ӘКIМШIЛIК-АУМАҚТЫҚ ҚҰРЫЛЫС МӘСЕЛЕЛЕРIН ШЕШУ
ЖӨНIНДЕГI РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРГАНДАРДЫҢ ӨКIЛЕТТIКТЕРI

      9-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң
             өкiлеттiктерi
      Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ұсынуы бойынша және жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың пiкiрiн ескере отырып:
      1) облыстар мен аудандарды құрады және таратады, олардың әкiмшiлiк орталықтарын белгiлейдi және көшiредi;
      2) республикалық маңызы бар облыстар мен  қалалардың шекараларын белгiлейдi және өзгертедi;
      3) елдi мекендердi республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың санаттарына жатқызады, олардың бағыныстылығын белгiлейдi және өзгертедi;
      4) облыстарға, аудандар мен қалаларға ат қою және олардың атын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының таркскрипциясын өзгерту мәселелерiн шешедi.
      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 1995.12.19. N 2691 Жарлығымен.

      10-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлеттiктерi
      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) Қазақстан Республикасының Президентiне облыстар мен аудандарды құру және тарату, олардың әкiмшiлiк орталықтарын белгiлеу және өзгерту, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың шекараларын белгiлеу және өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi;
      2) Қазақстан Республикасының Президентiне елдi мекендердi республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың категорияларына жатқызу, олардың бағыныстылығын белгiлеу және өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi;
      3) Қазақстан Республикасының аумағындағы кәсiпорындарға, ұйымдарға, мекемелерге, темiр жол станцияларына, әуежайларға және мемлекет меншiгiндегi басқа да объектiлерге, сондай-ақ физикалық-жағырапиялық объектiлерге ат қою мен атын өзгерту тәртiбiн белгiлейдi;
      4) Қазақстан Республикасы Үкiметi жанындағы Ономастика комиссиясын құрады; оның қорытындылары негiзiнде және тиiстi аумақ халқының, осы аумақтың өкiлдi және атқарушы органдарының пiкiрiн ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президентiне облыстарға, аудандарға, қалаларға ат қою және олардың атын өзгерту, сондай-ақ бұлардың атаулары транскрипциясын өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi;
      5) облыстық өкiлдi және атқарушы органдармен бiрлесiп аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың шекараларын өзгерту туралы мәселелердi шешедi.
      Ескерту. 10-бапта сөздер алмастырылды - ҚР Президентiнiң      1995.12.19. N 2691 Жарлығымен.

III бөлiм. ЖЕРГIЛIКТI ӨКIЛДI ЖӘНЕ АТҚАРУШЫ ОРГАНДАРДЫҢ ӘКIМШIЛIК-АУМАҚТЫҚ ҚҰРЫЛЫС МӘСЕЛЕЛЕРIН ШЕШУ ЖӨНIНДЕГI
ӨКIЛЕТТIКТЕРI

      11-бап. Облыстық өкiлдi және атқарушы органдардың
              өкiлеттiктерi
      Облыстық өкiлдi және атқарушы органдар бiрлескен шешiмiмен:
      1) Қазақстан Республикасының Үкiметiне облыстың шекарасын өзгерту туралы, облыс аудандарын құру және тарату, олардың әкiмшiлiк орталықтарын белгiлеу және көшiру туралы, елдi мекендердi республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың категорияларына жатқызу туралы ұсыныстар енгiзедi;
      2) Үкiметiмен келiсiм бойынша облыс аудандарының, облыстық маңызы бар қалалардың шекараларын белгiлейдi және өзгертедi; сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық (селолық) округтердiң шекараларын белгiлейдi және өзгертедi; поселкелердi, ауылдарды (селоларды) бiр ауданнан екiншi ауданға немесе қалалық өкiмет органдарының әкiмшiлiк бағынысына беру туралы мәселелердi шешедi;
      3) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың пiкiрiн ескере отырып, қала емес елдi мекендердi осы Заңмен белгiленген басқа елдi мекендердiң категорияларына жатқызады; ауылдық (селолық) округтердi, поселкелердi, ауылдарды (селоларды) құрады, таратады және қайта құрады, сондай-ақ олардың бағыныстылығын өзгертедi;
      4) Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы Ономастика комиссиясымен келiсiм бойынша, тиiстi аумақ халқының пiкiрiн ескере отырып және жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен ұсынысы бойынша ауылдық (селолық) округтерге, поселкелерге, ауылдарға, селоларға ат қою және олардың атын өзгерту, сондай-ақ бұлардың атаулары транскрипциясын өзгерту туралы мәселелердi шешедi.
      Облыстық атқарушы органдар аудандық және қалалық атқарушы органдарының ұсынуы бойынша облыстардың шекараларындағы қазiргi және жаңадан құрылатын әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер мен жекелеген елдi мекендердi есепке алады және тiркейдi, сондай-ақ оларды есептi деректерден шығарады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң        1995.12.19. N 2691 Жарлығымен.

      12-бап. Аудандық өкiлдi және атқарушы органдардың
              өкiлеттiктерi
      Аудандық өкiлдi және атқарушы органдар бiрлескен шешiмiмен:
      1) облыстық өкiлдi және атқарушы органдарына елдi мекендердi аудандық маңызы бар қалалардың категорияларына жатқызу туралы ұсыныстар енгiзедi;
      2) облыстық өкiлдi және атқарушы органдарға елдi мекендердi поселкелер немесе ауылдар (селолар) категорияларына жатқызу туралы; поселкелердi немесе ауылдарды (селоларды) құру немесе қайта құру, олардың бағыныстылығын өзгерту, оларды есепке алу және тiркеу туралы ұсыныстар енгiзедi;
      3) поселкелер мен ауылдардың (селолардың) басқару органдарының пiкiрiн ескере отырып, осы елдi мекендердiң шекараларын белгiлейдi және өзгертедi;
      4) облыстық өкiлдi және атқарушы органдарға аудандардың ауылдық (селолық) округтердiң шекараларын өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi;
      5) тиiстi аумақ халқының пiкiрiн ескере отырып, облыстық өкiлдi және атқарушы органдарға поселкелерге, ауылдық (селолық) округтерге, ауылдарға (селоларға) ат қою және олардың атын өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi;
      6) осы Заңда көзделген өзге де мәселелердi шешедi.

      13-бап. Қалалық өкiлдi және атқарушы органдардың
             өкiлеттiктерi
      Қалалық өкiлдi және атқарушы органдар бiрлескен шешiмiмен:
      1) облыстық өкiлдi және атқарушы органдарға қалаларды республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар категорияларға жатқызу туралы ұсыныстар енгiзедi;
      2) облыстық өкiлдi және атқарушы органдарына, ал республикалық маңызы бар қалалардың өкiлдi және атқарушы органдары Қазақстан Республикасының Үкiметiне қалалар шекараларын өзгерту жөнiнде, соның iшiнде олардың құрамына жеке елдi мекендердi енгiзу туралы ұсыныстар енгiзедi;
      3) қаладағы аудандарды құрады және таратады, олардың шекараларын белгiлейдi және өзгертедi;
      4) тиiстi аумақ халқының пiкiрiн ескере отырып, қаладағы аудандарға, алаңдарға, даңғылдарға, бульварларға, көшелерге, орамдарға, парктерге, скверлерге, көпiрлерге және қаланың басқа да құрамдас бөлiктерiне ат қою және олардың атын өзгерту, олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы мәселелердi шешедi.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң        1995.12.19. N 2691 Жарлығымен.

      14-бап. Поселке, село әкiмiнiң өкiлеттiктерi

      Поселке, село әкiмi:
      1) аудандық өкiлдi және атқарушы органдарға осы елдi мекендердi поселкелер, ауылдар немесе селолар категорияларына жатқызу туралы, оларды тарату және қайта құру туралы ұсыныстар енгiзедi;
      2) тиiстi елдi мекен халқының пiкiрiн ескере отырып, аудандық өкiлдi және атқарушы органдарға поселкелерге, ауылдық (селолық) округтерге, ауылдарға (селоларға) ат қою және олардың атын өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi;
      3) аудандық өкiлдi және атқарушы органдарға поселкелердiң, ауылдық (селолық) округтердiң, ауылдардың (селолардың) шекараларын белгiлеу және өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi;
      4) тиiстi аумақ халқының пiкiрiн ескере отырып, осы елдi мекендердiң құрамдас бөлiктерiне ат қою және олардың атын өзгерту мәселелерiн шешедi.
      Ескерту. 14-бапта сөздер алмастырылды - ҚР Президентiнiң      1995.12.19. N 2691 Жарлығымен.

IV бөлiм. ӘКIМШIЛIК-АУМАҚТЫҚ ҚҰРЫЛЫС МӘСЕЛЕЛЕРIН ҚАРАУ
ҮШIН ҚАЖЕТТI ҚҰЖАТТАР МЕН МАТЕРИАЛДАР

      15-бап. Аймақтық деңгейде әкiмшiлiк-аумақтық құрылыс
              мәселелерiн шешу үшiн қажеттi құжаттар мен
              материалдардың тiзбегi
      Аймақтық деңгейде әкiмшiлiк-аумақтық құрылыс мәселелерiн шешу үшiн:
      1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң шешiмi немесе облыстық өкiлдi және атқарушы органдардың мәселенi өз мәнiсiнде шешетiн (бiрлескен) ұсынымы;
      2) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң енгiзiлетiн ұсыныс жөнiндегi тиiстi өтiнiшi және оның тиiмдi екендiгiнiң негiздемесi, өзгертiлетiн аумақтың көлемi, онда тұратын халықтың саны туралы мәлiметтер, негiзгi кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың тiзбесi, олардың өндiрiстiк көрсеткiштерi, бұлардың әрқайсысында iстейтiн жұмысшылардың саны, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың құрылымы мен штаттары туралы, қайта ұйымдастыруға байланысты олардың өзгеруi туралы мәселенi өз мәнiсiнде шешу үшiн қажеттi барлық басқа мәлiметтерi бар ұсынымы;
      3) жергiлiктi (облыстық, аудандық, қалалық) өкiлдi және атқарушы органдардың, поселкелер, селолар әкiмдерiнiң қаралатын мәселе жөнiндегi ұсыныстары;
      4) әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жаңа шекаралары, мәселенi өз мәнiсiнде шешу үшiн маңызы бар өзге де жағырапиялық деректер көрсетiлген схемалық карта қажет. Картаға Үкiметiнiң өкiлi, сондай-ақ аумақтық қабылдайтын және беретiн өкiлдi және атқарушы органдардың басшылары қол қояды, қойылған қолдар мөрмен қуәландырылады;
      5) жүргiзiлетiн қайта құрулар мен аттарын өзгерту жөнiндегi ғылыми сараптаманың актiсi және экономикалық есеп-қисап қажет.
      Ескерту. 15-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң    1995.12.19. N 2691 Жарлығымен.

      16-бап. Аумақтар шегiнде әкiмшiлiк-аумақтық құрылыс
              мәселелерiн шешу үшiн қажеттi құжаттар мен
              материалдардың тiзбесi
      1) мәселенi өз мәнiсiнде шешетiн өкiлдi және атқарушы органның бiрлескен қаулысы;
      2) шешiлетiн мәселенiң мәнiсiне қатысты азаматтар конференцияларының хаттамалары;
      3) енгiзiлетiн ұсыныс тиiмдiлiгiнiң негiздемесi, өзгертiлетiн аумақ, оның халқының саны туралы мәлiметтер, елдi мекендердiң өнеркәсiптiк және басқа да объектiлердiң тiзбесi, сондай-ақ мәселенi өз мәнiсiнде шешу үшiн қажеттi барлық басқа мәлiметтерi бар түсiндiрме жазбаша хат;
      4) елдi мекендердiң жаңа шекаралары және мәселенi өз мәнiсiнде шешу үшiн маңызы бар өзге де жағырапиялық деректерi көрсетiлген схемалық карта. Картаға өзгертiлетiн аумақтың өкiлдi және атқарушы органдарының басшылары қол қояды;
      5) жүргiзiлетiн қайта құрулар мен аттарын өзгерту жөнiндегi ғылыми сараптаманың актiсi және экономикалық есеп-қисап.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi