Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы

Қазақстан Республикасының 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Қазақстан Республикасының азаматтығы адамның мемлекетпен тұрақты саяси-құқылық байланысын айқындайды, бұл байланыс олардың өзара құқылары мен міндеттерінің жиынтығынан көрінеді.
      Қазақстан Республикасында әрбiр адамның азаматтық алуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының азаматтығы осы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады.
      Қазақстан Республикасының азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзiнiң азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды.
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.10.03. N 2477 Заң күші бар Жарлығымен.

1-тарау
Жалпы ережелер

      1-бап. Азамат және мемлекет

      Қазақстан Республикасы өзінің мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдары арқылы Республика азаматтары алдында жауапты, ал Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасы алдында жауапты. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, Қазақстан Республикасының мүдделерін, оның территориялық тұтастығын қорғауға, мемлекеттік тіл мен оның территориясында тұратын барлық ұлттардың тілдеріне, әдет-ғұрпына, дәстүрлеріне құрметпен қарауға, Қазақстан Республикасының күш-құдіретін, егемендігін және тәуелсіздігін нығайтуға жәрдемдесуге міндетті.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық туралы
             заңнамасы
 
      1. Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендерден өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
       Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2009.04.29. N 154-IV Заңымен.

      3-бап. Қазақстан Республикасының азаматы болу

      Мына адамдар:
      осы Заң күшіне енгізілген күнге дейін Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын;
      Қазақстан Республикасының аумағында туған және шет мемлекеттің азаматтығында тұрмайтын;
      осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығын алған адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылады.
      Қазақстан Республикасы азаматының басқа мемлекеттiң азаматтығында болуы танылмайды.
      Қазақстан Республикасы жаппай құғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру кезеңдерінде, адамгершілікке жат өзге де саяси шаралар салдарынан Республика территориясынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының өз территориясына қайтып оралуы үшін, сондай-ақ басқа мемлекеттер территориясында тұратын қазақтар үшін жағдай жасайды.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.10.03. N 2477 Заң күші бар жарлығымен , Қазақстан  Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен .

       4-бап. Азаматтық туралы құжат

      Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгi немесе Қазақстан Республикасы азаматының паспорты болып табылады. 16 жасқа дейінгі баланың азаматтығы оның туу туралы куәлігімен, ата-анасының қайсысының болса да паспортымен расталады.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.10.03. N 2477 Заң күші бар жарлығымен , Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен .

       5-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтық
              жағдайы

      Қазақстан Республикасының азаматтығы, оның қандай негiзде алынғанына қарамастан, бiрыңғай және тең болып табылады.
      Қазақстан Республикасының азаматтары тегiне, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, нәсiлi мен ұлтына, жынысына, бiлiмiне, тiлiне, дiнге көзқарасына, саяси және өзге де сенiмдерiне, кәсiбiнiң түрi мен сипатына, тұрғылықты жерiне және басқа мән-жайларға қарамастан заң алдына тең.
      Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында жарияланған, кепiлдiк берiлетiн азаматтық, саяси, экономикалық және әлеуметтiк құқықтар мен бостандықтарды барынша толық иеленедi.
      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.10.03. N 2477 Заң күші бар жарлығымен .

       6-бап. Шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың
              құқықтық жағдайы

       Конституцияда , заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасында азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді мойнына алады.
      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен .

       7-бап. Қазақстан Республикасы азаматтығының сақталуы

      Қазақстан Республикасы азаматының республикадан тыс жерлерде тұруы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға әкеп соқтырмайды.
      Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматшасының республика азаматы емес адаммен некеге тұруы, сондай-ақ мұндай некені бұзуы азаматтықтың өзгеруіне әкеп соқтырмайды.

      8-бап. Қазақстан Республикасының азаматын басқа
              мемлекетке беруге болмайтындығы

      Республиканың халықаралық шарттарында өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының азаматын шет мемлекетке беруге болмайды.
      Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.10.03. N 2477 Заң күші бар жарлығымен .

       9-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi
              азаматтарды  қорғау

      Қазақстан Республикасы өзiнiң одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепiлдiк бередi.
      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 1995.10.03. N 2477 Заң күші бар жарлығымен .

  2-тарау
Қазақстан Республикасы азаматтығын алу

      10-бап. Азаматтық алу негіздері

      Қазақстан Республикасының азаматтығы:
      1) тууы бойынша;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау нәтижесінде;
      3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген негiздер мен тәртiп бойынша;
      4) осы Заңда көзделген өзге де негіздер бойынша алынады.
      Ескерту. 10-баптың 3) тармақшасына өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 1995.10.03. N 2477 Заң күші бар жарлығымен .

       11-бап. Ата-анасы Қазақстан Республикасының азаматы
               болып табылатын баланың азаматтығы

      Бала туған кезде ата-анасының екеуі де Қазақстан Республикасының азаматы болса, ол туған жеріне қарамастан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен .

      11-1-бап. Ата-анасы шет мемлекеттің азаматы болып
                 табылатын баланың азаматтығы

      Бала туған кезде ата-анасының екеуі де шет мемлекеттің азаматы болса, ол туған жеріне қарамастан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайды.
      Ескерту. Заң 11-1-баппен толықтырылды - ҚР 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       12-бап. Ата-анасының азаматтығы әртүрлі болған
               жағдайындағы баланың азаматтығы

      Ата-анасының азаматтығы әртүрлі болып, бала туған кезде олардың біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болған жағдайда бала:
      1) Қазақстан Республикасының территориясында туса;
      2) Қазақстан Республикасынан тыс жерде туса, бірақ, ата-анасының немесе олардың біреуінің бұл кезде Қазақстан Республикасы территориясында тұрақты тұрғылықты жері болса, ол Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.
      Ата-анасының азаматтығы әртүрлі болып, бала туған кезде олардың біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болған жағдайда, егер осы кезде ата-анасының екеуінің де Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұрғылықты жері болса, Қазақстан Республикасынан тыс жерде туған баланың азаматтығы ата-анасының жазбаша түрде білдірген келісімі бойынша анықталады.
      Бала туған кезде ата-анасының біреуі Қазақстан Республикасы азаматтығында болып, ал екіншісі азаматтығы жоқ адам болса, не оның азаматтығы белгісіз болса, бала қай жерде туғанына қарамастан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.
      Баланың анасы азаматтығы жоқ адам болып, ал әкесі Қазақстан Республикасының азаматы деп танылып, әкелігі анықталған ретте 14 жасқа толмаған бала қай жерде туғанына қарамастан Қазақстан Республикасының азаматы болады. Бұл бала Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұрған ретте оның азаматтығы ата-анасының жазбаша арызы бойынша анықталады.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен .

       13-бап. Ата-анасы белгісіз баланың азаматтығы

      Ата-анасының екеуі де белгісіз Қазақстан Республикасы территориясындағы бала Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен .

      14-бап. Шетелдіктердің және (немесе) азаматтығы жоқ
               адамдардың баласының Қазақстан Республикасы
               азаматтығын алуы

      Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жерi бар, азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында туған баласы Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.
      Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жері бар, азаматтығы әртүрлі шетелдіктердің Қазақстан Республикасының аумағында туған баласының азаматтығы ата-анасының жазбаша нысанда білдірген, нотариат куәландырған келісімі бойынша айқындалады.
      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       15-бап. Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдау

      Шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар олардың өтініштері бойынша осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдануы мүмкін.
      Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтініштер бойынша шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен .

      16-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығына
               қабылдау шарттары

      Қазақстан Республикасының азаматтығына:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады.
      Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаған кезде кәмелетке толмағандардан, әрекетке қабiлетсіз және Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбек сiңiрген адамдардан не Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн тiзбе бойынша кәсiптерге ие және талаптарға сай келетiн адамдардан және олардың отбасы мүшелерiнен осы тармақшаның бiрiншi абзацында көзделген шарттардың болуы талап етiлмейдi;
      2) Қазақстан Республикасы азаматтарының iшiнде жақын туыстарының бiрi - баласы (оның iшiнде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және ата-анасының бiреуi (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан, қабылданатын болады.
      Әскери қызмет атқарып жүрген және Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан әскери қызметшiлердiң азаматтығы мәселелерi Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарымен белгiленедi.
      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 1995.10.03 N 2477 Заң күші бар жарлығымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2002.05.17 N 322, 2004.10.04 N 600, 2007.05.22 N 255, 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      16-1-бап. Жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен)
                 Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау
                 шарттары

      Жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығына тұратын мерзіміне қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын:
      1) тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген ұлты қазақ адамдар;
      2) өз еркінен тыс азаматтығынан айырылған немесе азаматтығын жоғалтқан жаппай саяси қуғын-сүргіннің ақталған құрбандары, сондай-ақ олардың ұрпақтары қабылдануы мүмкін.
      Жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) азаматтық алу туралы материалдарды қарау мерзімі өтініш берілген күннен бастап үш айдан аспауға тиіс.
      Ескерту. Заң 16-1-баппен толықтырылды - ҚР 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      17-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудан
               және Қазақстан Республикасының азаматтығын
               қалпына келтіруден бас тарту негiздерi

      Егер Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау және Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіру туралы өтiнiш білдірген адам:
      1) адамзатқа қарсы халықаралық құқықта көзделген қылмыс жасаса, Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсiздiгiне әдейi қарсы шықса;
      2) Қазақстан Республикасы аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырса;
      3) мемлекет қауiпсiздiгiне, халықтың денсаулығына нұқсан келтiретiн құқыққа қарсы әрекетті жүзеге асырса;
      4) ұлтаралық және дiни араздықты қоздыратын болса, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк тiлiнiң қолданылуына қарсы әрекет жасаса;
      5) террористік және экстремистік ұйымдарға кірген немесе террористік әрекеті үшін сотталған болса;
      6) халықаралық іздеуде болса, соттың күшіне енген үкімі бойынша жазасын өтеп жүрсе не сот оның әрекетін ерекше қауіпті баукеспелік деп таныса;
      7) басқа мемлекеттiң азаматы болса;
      8) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтініш білдірген кезде өзі туралы жалған мәліметтер хабарласа немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде қажетті құжаттарды дәлелсіз себептермен тапсырмаса;
      9) Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның шегінен тыс жерлерде қасақана қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңмасымен солай деп танылған, соттылығы алынбаған немесе өтелмеген болса;
      10) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтініш білдіргенге дейінгі бес жыл ішінде халықтың көші-қоны саласында Қазақстан Республикасының экономикасы және (немесе) заңнамасы саласында құқық бұзушылық жасаса;
      11) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтініш білдіргенге дейінгі бес жыл ішінде осы Заңның 21-бабы 1), 2) және 5) тармақшаларының негізінде Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылса, оның өтініші қабылданбайды.
      Осы баптың бiрiншi бөлiгi 7) тармақшасының ережелерi Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар қолданылатын, сондай-ақ осы Заңның 16-бабы бiрiншi бөлiгi 1) тармақшасының екiншi бөлігінде аталған және ішкі істер органдарына шетелдiк азаматтықтан бас тарту туралы нотариат куәландырған жазбаша өтiнiшпен өздері азаматы болып табылатын мемлекеттің азаматтық мәселелері жөнінде шешім қабылдайтын лауазымды адамына өтініш білдірген адамдарға қолданылмайды. Өтініш білдірген адамдар Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданған жағдайда мұндай өтініш білдіру фактiсi туралы ақпарат, олардың шетелдiк паспорттары шет мемлекетке жiберiледi.
      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      18-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына
               келтiру

      Бұрын Қазақстан Республикасының азаматы болған адамның өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес оның Қазақстан Республикасының азаматтығы қалпына келтiрiлуi мүмкiн.
      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      18-1-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына
                 келтіру шарттары

      Бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылғандығы тіркелген адамдарды қоспағанда, бұрын Қазақстан Республикасының азаматы болған, тұру мерзіміне қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және шет мемлекеттің азаматы болмаған адамдар жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіре алады.
      Ескерту. Заң 18-1-баппен толықтырылды - ҚР 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

  3-тарау
Азаматтықты тоқтату

      19-бап. Азаматтықты тоқтату негіздері

      Қазақстан Республикасының азаматтығы:
      1) Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығу;
      2) Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылу салдарынан тоқтатылады.

      20-бап. Азаматтықтан шығу

      Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығуға адамның осы Заңда белгіленген тәртіппен жасаған өтініші негізінде рұқсат етіледі.
      Егер шығу туралы өтініш жасаушы адамның Қазақстан Республикасы алдындағы міндеттемелерінің немесе мүліктік міндеттемелерінің орындалмағандары болып, олармен азаматтардың немесе Қазақстан Республикасы территориясында орналасқан кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің елеулі мүдделері байланысты болса, Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығарудан бас тартылуы мүмкін.
      Егер шығу туралы өтініш жасаушы адам айыпкер ретінде қылмысты жауапқа тартылған болса не заң жүзінде күшіне енген сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрсе, немесе ол адамның Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығуы Қазақстан Республикасының мемлекет қауіпсіздігі мүдделеріне қайшы келсе, Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығуға жол берілмейді.

      21-бап. Азаматтықтан айырылу

      Қазақстан Республикасы азаматтығынан:
      1) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген реттерді қоспағанда, адамның басқа мемлекетте әскери қызметке қауіпсіздік қызметіне, полицияға, юстиция органдарына немесе өзге де мемлекеттік өкімет және басқару органдарына орналасуы салдарынан;
      2) егер Қазақстан Республикасының азаматтығы көрінеу жалған мәліметтер немесе жалған құжаттар табыс ету нәтижесінде алынса;
      3) Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген негіздер бойынша;
      4) алынып тасталды - ҚР 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      5) егер адам басқа мемлекеттің азаматтығын алған болса;
      6) егер адамның Қазақстан Республикасының азаматтығын алуына негіз болған Қазақстан Республикасының азаматымен некесін сот жарамсыз деп таныса, айрылады.
      Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын және шет мемлекеттің азаматтығын қабылдаған адам үш жұмыс күні ішінде шетел азаматтығын алу фактісі туралы хабарлауға және паспортын және (немесе) жеке куәлігін Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына немесе Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шет елдердегі мекемелеріне тапсыруға міндетті.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 1995.10.03 N 2477 Заң күші бар жарлығымен, ҚР 2002.05.17 N 322, 2004.10.04 N 600, 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

  4-тарау
Ата-анасы азаматтығын өзгерткен және асырап алған
жағдайдағы баланың азаматтығы

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы өзгерді - Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен .

       22-бап. Ата-анасының азаматтығы өзгерген жағдайда
               баланың азаматтығының өзгеруі

      Ата-анасының азаматтығы өзгеріп, соның салдарынан екеуі де Қазақстан Республикасының азаматы болған, не екеуі де Қазақстан Республикасы азаматтығынан шыққан жағдайда тиісінше олардың 14 жасқа толмаған баласының азаматтығы да өзгереді.
      Егер баланың ата-анасының біреуі белгілі болса, осы ата-ананың азаматтығы өзгерген жағдайда тиісінше 14 жасқа толмаған баланың азаматтығы да өзгереді.
      Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен .

       23-бап. Ата-анасының біреуі Қазақстан Республикасы
               азаматтығын алған ретте баланың Қазақстан
               Республикасы азаматтығын алуы

      Егер ата-анасының біреуі Қазақстан Республикасы азаматтығын алып, ал екіншісі басқа мемлекеттің азаматы не азаматтығы жоқ адам болып қала берсе, Қазақстан Республикасы территориясында тұратын 14 жасқа дейінгі бала ата-анасының осы туралы жазбаша өтініші бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығын алуы мүмкін.
      Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен .

       24-бап. Ата-анасының біреуі Қазақстан Республикасы
               азаматтығынан шыққан ретте баланың Қазақстан
               Республикасы азаматтығының сақталуы

      Егер ата-анасының біреуі Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығып, ал екіншісі Қазақстан Республикасының азаматы болып қала берсе, 14 жасқа дейінгі бала Қазақстан Республикасының азаматтығын сақтап қалады. Ата-анасының осы туралы жазбаша өтініші бойынша, мұндай баланың Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығуына рұқсат етілуі мүмкін.
      Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен .

       25-бап. Асырап алған ретте баланың Қазақстан
               Республикасы азаматтығын алуы

      Қазақстан Республикасының азаматы асырап алған, басқа мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам болып табылатын 14 жасқа дейінгі бала Қазақстан Республикасының азаматы болады.
      Біреуі Қазақстан Республикасының азаматы, ал екіншісі оның азаматы емес ерлі-зайыптылар асырап алған, басқа мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ адам болып табылатын 14 жасқа дейінгі бала асырап алушылардың жазбаша түрде білдірілген келісімімен Қазақстан Республикасының азаматы болады.
      Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен .

      26-бап. Қорғаншылық белгіленген баланың Қазақстан
               Республикасының азаматтығын сақтауы

      Қазақстан Республикасының аумағында тұратын он төрт жасқа толмаған бала қорғаншысының өтініші бойынша мынадай жағдайларда:
      1) егер оның ата-анасының екеуі де немесе жалғыз ата-анасы Қазақстан Республикасының азаматтығынан шықса және бұл орайда ата-ана болу құқықтарынан айрылса;
      2) басқа мемлекеттердің азаматтары болып табылатын ата-анасының екеуі де қайтыс болса немесе із-түзсіз жоғалса, ата-анасы азаматы болған мемлекеттегі ағайын-туыстары асырап алудан бас тартса не бала олардың асырап алуын қаламаса Қазақстан Республикасының азаматтығын сақтап қалады;
      3) ата-анасының біреуі қайтыс болса немесе із-түзсіз жоғалса, баланың азаматтығы екінші ата-анасының қалауымен анықталады.
      Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      27-бап. Асырап алған ретте баланың Қазақстан
               Республикасының азаматтығын сақтауы

      Шетелдіктер асырап алған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын бала Қазақстан Республикасының азаматтығын өзі кәмелетке толғанға дейін сақтайды.
      Қазақстан Республикасының азаматтары асырап алған бала, асырап алушылардың екеуі де немесе асырап алушылардың біреуі Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтығын өзі кәмелетке толғанға дейін сақтайды.
      Осы бапта аталған баланың Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуына ол кәмелетке толғаннан кейін және оның тілегі бойынша ғана жол беріледі.
      Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен .

      28-бап. Баланың азаматтығын өзгерткен кезде онымен
               келісудің қажеттілігі

      14 жастан 18 жасқа дейінгі баланың ата-анасы азаматтығын өзгерткен ретте, сондай-ақ оны асырап алған немесе оған қамқоршылық белгіленген ретте оның азаматтығын осы Заңның 33-бабында көзделген тәртіп бойынша баланың келісуімен ғана өзгертуге болады.
      Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2002.05.17 N 322, 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

  5-тарау
Қазақстан Республикасы Президентiнiң және мемлекеттiк
органдарының азаматтық мәселелер жөнiндегi өкiлеттiгi

      Ескерту. 5-тараудың тақырыбына өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.10.03. N 2477 Заң күші бар жарлығымен .

       29-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі

      Қазақстан Республикасында азаматтық мәселелер жөнінде шешім қабылдайтын лауазымды адам Қазақстан Республикасының Президенті болып табылады.
      Қазақстан Республикасының Президенті:
      Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдау туралы;
      Қазақстан Республикасы азаматтығын қалпына келтіру туралы;
      Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығару туралы шешімдер қабылдайды.
      Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 1995.10.03. N 2477 Заң күші бар жарлығымен , Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен .

      30-бап. Iшкi iстер органдарының өкiлеттiгi

      Iшкi iстер органдары:
      1) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын адамдардан Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелерi жөніндегі өтініштер қабылдайды және оларды қажеттi құжаттармен бiрге Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына жiбередi;
      2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделгендей, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуды және Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуды тiркеудi жүзеге асырады;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылуын тiркейдi;
      4) жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азматтығына қабылдауды ресімдейді;
      5) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын адамдардың Қазақстан Республикасының азаматы болуын (болмауын) айқындайды.
      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын алу тәртібін бекітеді.
      Ескерту. 30-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      31-бап. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер
               министрлігінің, Қазақстан Республикасының
               шетелдегi мекемелерінің өкілеттігі

      Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi:
      Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұратын адамдардан Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелері жөнінде арыздар қабылдайды және оларды қажетті құжаттармен бірге Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына жібереді;
      Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұратын адамдардың Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылуына тіркейді;
      Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының есебін жүргізеді.
      Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын адамдардың Қазақстан Республикасының азаматы болуын айқындайды.
      Белгілі бір елде Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi болмаған ретте бұл органдардың міндеттерін тиісті шарттар негізінде басқа мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері атқарады.
      Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-тарау
Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелері жөніндегі
арыздар мен ұсыныстарды қарау бойынша іс жүргізу

      32-бап. Азаматтық мәселелер жөнінде арыз беру тәртібі

      Азаматтық мәселелер жөніндегі арыздар осы Заңның 30 және 31-баптарында көрсетілген органдар арқылы Қазақстан Республикасы Президентінің атына беріледі.
      Арызды немесе ұсынысты қарау мерзімі алты айдан аспауға тиіс.
      Жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) азаматтық алуды тіркеу мәселелері жөніндегі өтініштер ішкі істер органдарына беріледі.
      Ескерту. 32-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      33-бап. Азаматтық мәселелер жөніндегі арыздар түрі

      Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау, азаматтықты қалпына келтіру немесе одан шығу туралы өтініштер арыз берушінің жазбаша өтініші бойынша қаралады. 18 жасқа толмаған, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен қабілетсіз деп танылған адамдар жөніндегі өтініштер олардың заңды өкілдерінің нотариат куәландырған, басқа мемлекеттерде - Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемесi куәландырған өтініш бойынша қаралады.
      14 жастан 18 жасқа дейінгі баланы Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау, оның Қазақстан Республикасы азаматтығын қалпына келтіру және одан шығару туралы арыз берген кезде оның келісімі болуы міндетті, келісім жазбаша түрде білдіріліп, оны нотариат куәландыруға, басқа мемлекеттерде - Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемесi куәландыруға тиіс.
      Ата-анасының біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болып қалатын 14 жасқа дейінгі баланың Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығуы туралы өтініш берген кезде сол ата-атасының арызы да табыс етілуге, онда баланың Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығуына көзқарасы көрсетілуге тиіс. Мұндай арызды - нотариат, ал басқа мемлекеттерде Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемесi куәландырады.
      Егер арыз беруші арызға сауатсыз болғандықтан немесе дене кемістігі салдарынан қол қоя алмайтын болса, арызға оның өтініші бойынша басқа адам қол қояды, бұл жөнінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік нотариусы, шетелдегi мекемесi арызға тиісті жазба жасайды.
      Азаматтыққа қабылдау туралы арызға арыз берушінің жеке басын куәландыратын құжаттар қоса тіркелуге тиіс.
      Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 , 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

      34-бап. Азаматтық мәселелер жөніндегі арыздар бойынша
               қорытындылар

      Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары, шетелдегi мекемелерi өздерінің арыздар бойынша қорытындылары немесе азаматтық мәселелер жөніндегі ұсыныстарын азаматтыққа қабылдау туралы өтініш жасаушы адамның осы Заңның 1-бабында көзделген шарттарды сақтау туралы жазбаша міндеттемесімен бірге Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі немесе Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы Қазақстан Республикасы Президентінің атына жібереді.
      Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi және Қазақстан Республикасының халықтың көшi-қон мәселелерiн жүргiзушi органы Қазақстан Республикасы территориясынан тыс жерлерде тұрақты тұратын әрбір арыз берушіні Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың немесе оны қалпына келтірудің дұрыстығы туралы, соның ішінде оны Қазақстан Республикасында еңбекке, тұрғын үйге және өзгелеріне орналастыру мүмкіндігі туралы Қазақстан Республикасының Президентіне дәлелді қорытынды береді.
      Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығу туралы арыздар жөніндегі қорытындыларда арыз берушінің мемлекет алдындағы міндеттемелерінің немесе оның мүліктік міндеттемелерінің орындалмағандары, олармен азаматтардың немесе кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің елеулі мүдделерінің байланысты екені туралы, оның айыпкер ретінде қылмыстық жауапқа тартылуы, не оның заң жүзінде күшіне енген сот үкімі бойынша жазасын өтеуі туралы, не ол адамның азаматтықтан шығуы Қазақстан Республикасының мемлекет қауіпсіздігі мүдделеріне қайшы келетіні туралы нақты мәліметтер хабарланады.
      Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 1995.10.03. N 2477 Заң күші бар жарлығымен , 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

       35-бап. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы
               азаматтық мәселелер жөніндегі комиссия

      Осы Заңның 29-бабында көрсетілген азаматтық мәселелерді алдын ала қарау үшін Қазақстан Республикасының Президенті азаматтық мәселелер жөнінде комиссия құрады.
      Азаматтық мәселелер жөніндегі арыздар мен ұсыныстарды қараған кезде Комиссия арыз берушінің дәлелдеріне, ұсыныс мазмұнына, мемлекеттік органдар қорытындыларына, өзге де құжаттарға және куәлардың тиісті түрде ресімделген айғақтарына жан-жақты баға береді.
      Комиссия өзі жүргізіп отырған іс жөнінде тиісті мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктерден құжаттар мен материалдар талап етуге қақылы, олар қажетті ақпаратты комиссия белгілеген мерзімде табыс етеді.
      Комиссия әрбір арыз немесе ұсыныс бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсыныс енгізеді.
      Егер Комиссия мәжілісіне оның мүшелерінің жартысынан астамы қатысса, ол заңды болады. Комиссия шешімі жай көпшілік дауыспен қабылданады.
      Комиссия шешімі комиссияның мәжіліске қатысқан барлық мүшелері қол қоятын протоколмен ресімделеді.

      36-бап. Азаматтық мәселелер жөніндегі актілер

      Азаматтыққа қабылдау, оны өзгерту мәселелерi жөнiнде және өтiнiш қабылданбаған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы шығарылады.
      Азаматтық мәселе жөнінде қайталап берілген арыз бұл мәселе жөніндегі осының алдындағы шешімнен кейін бір жыл өткен соң қаралады. Іс үшін арыз берушіге мәлім болмаған және мәлім болуы мүмкін болмаған елеулі мән-жайлар туған ретте қайталап жасалған өтініш ертерек те қаралуы мүмкін.
      Ескерту. 36-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 1995.10.03. N 2477 Заң күші бар жарлығымен .

      37-бап. Азаматтық алу және одан айырылу мерзімінің
               есептелуі

      Қазақстан Республикасы азаматтығына:
      - азаматтыққа қабылдау туралы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы шыққан күні;
      - кәмелетке толмағандардың туған немесе асырап алынған күні;
      - кәмелетке толмағандардың ата-анасын Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдау туралы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы шыққан күні;
      - мемлекетаралық шарттарында көзделгендей тәртiп бойынша тіркелген күні;
      жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын алу тіркелген күні ие болады.
      Қазақстан Республикасының азаматтығы:
      - Қазақстан Республикасы Президентiнiң азаматтықтан шығару туралы Жарлығы шыққан күнi;
      - осы Заңда көзделген тәртiппен мемлекеттiк органдардың одан айырылғанын тiркеген күнi;
      - Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген тәртiппен Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуы тiркелген күнi тоқталады.
      Ескерту. 37-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 1995.10.03 N 2477 Заң күші бар жарлығымен, ҚР - 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       38-бап. Республика территориясында тұру мерзімінің
               есептелуі

      Осы Заңның 16-бабының 1) тармақшасында көрсетілген республика территориясында тұру мерзіміне:
      егер адам армияға дейін Республика территориясында тұрып, армиядан босатылған күні мен Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген күні арасындағы үзіліс үш айдан аспаса, армияда қызмет еткен уақыты;
      егер оқуды бітірген немесе оқу орнынан шығарылған күні мен Қазақстан Республикасына келген күні арасындағы үзіліс үш айдан аспаса, республикадан тыс жерлерде оқыған уақыты;
      егер командировканың аяқталуы мен Қазақстан Республикасына келген күнінің арасындағы үзіліс үш айдан аспаса, республикадан тыс жерлерге командировкаға барған уақыты есептеледі.
      Науқастанып қалған, дүлей апат болған ретте немесе басқа да дәлелді себептер бойынша осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген үш айлық мерзімді есептеу тоқтатылады.
      Басқа мемлекеттердің сот органдары тағайындаған қылмыстық жазалау шараларын өтеу уақыты, сондай-ақ республика территориясында командировкада болған, емделген мерзімі және басқа да уақытша тұрған реттер Қазақстан Республикасы территориясында тұру мерзіміне есептелмейді.
      Қазақстан Республикасының азаматы болып саналуының күші жойылғаннан бұрынғы кезең Қазақстан Республикасы территориясында тұру мерзіміне есептелмейді.
      Ескерту. 38-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.05.17. N 322 Заңымен .

   7-тарау
Азаматтық мәселелер жөніндегі шешімдердің орындалуы

      39-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелері
               жөніндегі шешімдерді орындайтын органдар

      Қазақстан Республикасында тұрғылықты тұратын адамдарға қатысты азаматтық мәселелер жөнiндегi шешiмдердiң орындалуы құжаттандыру және паспорттар мен жеке бас куәлiктердi беру жөнiндегi уәкiлеттi органға , басқа мемлекетте тұратын адамдарға қатысты - Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемесiне жүктеледi.
      Қазақстан Республикасының азаматтығын алған адамдарға құжаттандыру және паспорттар мен жеке куәлiктердi беру жөнiндегi уәкiлеттi орган, не шетелдегi мекемелер Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгiн және (немесе) паспортын тапсырады. Он алты жасқа толмаған баланың құжаттарында оның азаматтыққа қатыстылығы туралы жазба жасалады.
      Қазақстан Республикасында тұратын, азаматтығы тоқтатылған адамдарға iшкi iстер органдары азаматтығы жоқтығы туралы куәлiк бередi.
      Ескерту. 39-бап жаңа редакцияда - 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

        40-бап. Азаматтық мәселелер жөніндегі шешімдердің
               орындалуын бақылау

      Азаматтық мәселелер жөніндегі шешімдердің орындалуын бақылауды Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссия жүзеге асырады.

8-тарау
Азаматтық мәселелер жөніндегі шешімдерге шағым беру

      41-бап. Азаматтық мәселелер жөніндегі шешімдерге шағым
               беру

      Азаматтық мәселелер жөніндегі шешімді Қазақстан Республикасы Президентінің қайта қарауы мүмкін.
      Азамат болу және азаматтығынан айырылу туралы мәселелер жөніндегі шешімге шағымдар Қазақстан Республикасы Президентінің атына беріледі.
      Азаматтық мәселелер жөніндегі арыздарды қабылдаудан орынсыз бас тартуға, арыздардың қаралу мерзімін бұзуға, сондай-ақ лауазымды адамдардың азаматтық туралы істің қаралу тәртібін және азаматтық мәселелер жөніндегі шешімдердің орындалу тәртібін бұзатын басқа да заңсыз іс-әрекеттеріне заңда белгіленген тәртіппен бағыныштылық реті бойынша жоғары тұрған лауазымды адамға не сотқа шағым берілуі мүмкін.

9-тарау
Халықаралық шарттар

      42-бап. Халықаралық шарттардың қолданылуы

       Ескерту. 9-тарау алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2009.04.29. N 154-IV Заңымен.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті