Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 180-VII ҚРЗ

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 62-бапта:

      бірінші бөліктегі "басқа, тұлға – әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екi ай өткеннен кейiн, ал Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасын бұзғаны үшін оны жасаған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн" деген сөздер "басқа кезде, тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екi ай өткеннен кейiн" деген сөздермен ауыстырылсын;

      үшінші бөліктің екінші абзацы "Қаржы саласында" деген сөздерден кейін ", төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, оңалту және банкроттық кезінде" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) 14-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "14-тарау. Кәсіпкерлік қызмет, сондай-ақ оңалту, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар";

      3) 176-баптың тақырыбындағы "Оңалту және банкроттық" деген сөздер "Заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерді оңалту және олардың бакроттығы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) мынадай мазмұндағы 176-1 және 181-1-баптармен толықтырылсын:

      "176-1-бап. Дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы кезіндегі құқыққа сыйымсыз әрекеттер

      1. Мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік, оның мөлшері, тұрған жері туралы мәліметтерді не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасыру, мүлікті өзгенің иелігіне беру, мүлікті иеліктен шығару немесе жою, сол сияқты құқық белгілейтін құжаттарды жасыру, жою, бұрмалау, егер бұл әрекеттерді дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген Қазақстан Республикасының азаматы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімінде жасаса, –

      бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      2. Дара кәсіпкер ретінде тіркелмеген Қазақстан Республикасы азаматының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімінде басқа кредиторларға көрінеу залал келтіре отырып, жекелеген кредиторлардың мүліктік талаптарын құқыққа сыйымсыз қанағаттандыруы –

      елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.";

      "181-1-бап. Қазақстан Республикасының азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заңнамасын қаржы басқарушысының бұзуы

      1. Қаржы басқарушысының Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы бойынша мемлекеттік басқару саласындағы уәкілетті органға оның интернет-ресурсында орналастыру үшін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыруды, белгіленген тәртіппен қалыптастырылған кредиторлар талаптарының тізілімін жіберу жөніндегі міндеттерді орындамауы не тиісінше орындамауы, сол сияқты кредиторлардың мәлімделген талаптарын қарау нәтижелері бойынша шешімді уақтылы қабылдамау –

      бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      2. Қаржы басқарушысының мүлікке түгендеу, бағалау жүргізу, борышкерден оның мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды, оның мүлкін өз басқаруына қабылдау жөніндегі міндеттерді орындамауы, сондай-ақ төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалғанға дейін борышкердің Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген талаптарды бұза отырып жасаған мәмілелері анықталған кезде мүлікті борышкердің мүліктік массасына қайтару жөнінде шаралар қабылдамауы –

      он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      3. Сотқа қаржы басқарушысының қорытындысын, банкроттық міндеттемелерін тоқтату үшін негіздердің бар немесе жоқ екендігі туралы қорытындыны, қорытынды есепті, сол сияқты сотқа және талаптары кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кредиторларға борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің түпкілікті жоспарын ұсынбау немесе уақтылы ұсынбау –

      он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      4. Кредитордың жазбаша сұрау салуы негізінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын әзірлеу барысы туралы ақпаратты беру жөніндегі міндетті орындамау –

      ескерту жасауға алып келеді.

      5. Қаржы басқарушысының "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген, белгіленген тәртіпті, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы бойынша мемлекеттік басқару саласындағы уәкілетті орган айқындаған борышкердің мүлкін сату бойынша электрондық аукцион өткізу тәртібін бұза отырып, борышкердің мүліктік массасын иеліктен шығаруы, кредиторлармен есеп айырысулар жүргізуі –

      отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      6. Қаржы басқарушысының басқа кредиторларға көрінеу залал келтiре отырып, жекелеген кредиторлардың мүлiктiк талаптарын құқыққа сыйымсыз қанағаттандыруы, егер бұл әрекеттер сот арқылы банкроттық кезінде жасалса және оларда қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, –

      елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      7. Осы баптың бірінші және төртінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) –

      он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      8. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) –

      елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      9. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) –

      алпыс айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      10. Осы баптың бесінші және алтыншы бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –

      бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.";

      5) 182-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "182-бап. Әдейі банкроттық

      1. Заңды тұлғаның немесе дара кәсіпкердің әдейі банкроттығы, яғни заңды тұлға немесе дара кәсіпкер банкрот деп танылғанға дейін үш жыл ішінде құрылтайшының (қатысушының), лауазымды адамның, заңды тұлғаны басқару функциясын жүзеге асыратын тұлғаның, сол сияқты дара кәсіпкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында жеке мүддесі немесе өзге тұлғалардың мүдделері үшін мүлікті иеліктен шығару немесе жасыру арқылы жасаған әрекеттері, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, –

      жеке тұлғаға – екі жүз айлық есептік көрсеткіш, заңды тұлғаға төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

      2. Азаматтың әдейі банкроттығы, яғни азаматтың өзі банкрот деп танылған күнге дейін үш жыл ішінде орындалмауы банкроттық үшін негіз деп танылған міндеттемелер туындаған күннен кейін кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында мүлікті иеліктен шығару немесе жасыру арқылы жасаған әрекеттері –

      екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.";

      6) 684-баптың бірінші бөлігі "176," деген цифрлардан кейін "176-1," деген цифрлармен толықтырылсын;

      7) 720-баптың бірінші бөлігі "181," деген цифрлардан кейін "181-1," деген цифрлармен толықтырылсын;

      8) 804-баптың бірінші бөлігінің 31) тармақшасы "176," деген цифрлардан кейін "176-1," деген цифрлармен толықтырылсын.

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ