Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 20 желтоқсандағы № 83-VII ҚРЗ

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне:

      1) 1-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Сот жүйесін қаржыландыру ерекшеліктері "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында реттеледі.";

      2) 2-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Осы Кодекстің ережелері "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында реттелмеген бөлігінде сот жүйесін қаржыландыруға қолданылады.".

      2. 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне:

      1) мазмұны алып тасталсын;

      2) 18-баптың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Сот актілерін, сол сияқты сот талаптарын орындамау осы Кодексте көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға және заңда көзделген жауаптылыққа алып келеді.";

      3) 127-баптың төртінші бөлігіндегі "көрсеткішке дейінгі мөлшерде" деген сөздер "көрсеткіш мөлшерінде" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 138-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "138-бап. Келіп түскен іс бойынша соттың (судьяның) әрекеттері";

      екінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Сот (судья) мынадай негіздер бойынша талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады:";

      5) 143-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:

      "Осы Кодекстің 102-бабының үшінші бөлігінде көзделген даулар бойынша әкімшілік істерді алдын ала тыңдау сотқа талап қою берілген күннен бастап бір айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.".

      3. "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 3-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 2-1) және 11-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "2-1) судьялардың бос лауазымдарына кандидаттарды конкурссыз тағайындау мәселелерін қарайды;

      халықаралық соттардың Қазақстан Республикасынан жіберілген судьяларын өздерінің соңғы атқарған лауазымына конкурссыз тағайындау мәселелерін қарайды;

      халықаралық соттардың Қазақстан Республикасынан жіберілген судьяларын тиісті сотта судьялардың бос лауазымдары болмаған жағдайда, тең дәрежелі немесе төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындау мәселелерін қарайды;

      жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағаларын олардың өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін, сондай-ақ тиісті сотта судьялардың бос лауазымдары болмаған жағдайда, олардың өз қалауы бойынша тең дәрежелі немесе төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындау мәселелерін қарайды;

      Жоғарғы Соттың Төрағасын және сот алқаларының төрағаларын олардың өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін, сондай-ақ тиісті сотта судьялардың бос лауазымдары болмаған жағдайда, олардың өз қалауы бойынша төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындау мәселелерін қарайды;

      тиісті сот қайта ұйымдастырылған, таратылған жағдайларда, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 44-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда басқа сотқа ауысқан кезде жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағаларын тең дәрежелі немесе төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындау мәселелерін қарайды;

      тиісті сот қайта ұйымдастырылған, таратылған, судьяларының саны азайтылған жағдайларда жергілікті және басқа соттардың судьяларын, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 44-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда басқа сотқа ауысқан кезде судьяларды тең дәрежелі немесе төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындау мәселелерін қарайды;

      "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 40-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша қызметінен босатылған жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағаларын, Жоғарғы Соттың Төрағасын және сот алқаларының төрағаларын тиісті сотта судьялардың бос лауазымдары болмаған жағдайда, тең дәрежелі немесе төмен тұрған сот судьясының бос лауазымына конкурссыз тағайындау мәселелерін қарайды;

      судьялардың бос лауазымдарына конкурссыз тағайындау үшін кандидаттарды Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.";

      "11-1) судьяның кәсіби қызметін бағалауды жүргізу әдістемесін алдын ала келіседі;";

      2) 4-бапта:

      1-тармақтың екінші бөлігіндегі "Әділет министрін, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның басшысын," деген сөздер алып тасталсын;

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Судьялар, мемлекеттік қызметшілер, заңгер-ғалымдар мен адвокаттар қатарындағы Кеңес мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық органдар үшін қаржыландырудың және жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес Кеңеске бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жүргізіледі.

      Судьялар, мемлекеттік қызметшілер, заңгер-ғалымдар мен адвокаттар қатарындағы Кеңес мүшелері жалақы деңгейі бойынша Жоғарғы Сот судьяларына теңестіріледі.

      Судьялар, мемлекеттік қызметшілер, заңгер-ғалымдар мен адвокаттар қатарындағы Кеңес мүшелеріне екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы беріледі.";

      3) 13-бапта:

      2-тармақ алып тасталсын;

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Психологиялық тестілеуді тапсырмаған адамдар оны қайта тапсыруға кемінде алты айдан кейін жіберіледі.

      Біліктілік емтиханының басқа кезеңдерін тапсырмаған адамдар оларды қайта тапсыруға кемінде үш айдан кейін жіберіледі.";

      мынадай мазмұндағы 9-1 және 10-1-тармақтармен толықтырылсын:

      "9-1. Кандидаттар Комиссия мүшелерімен әңгімелесуге арнаулы тексеруден өткеннен кейін жіберіледі.

      Арнаулы тексерудің нәтижелері туралы құжат берілген күнінен бастап бір жыл ішінде жарамды болады.";

      "10-1. Заңгерлік кәсібі бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі бар және құқықтың жекелеген салаларында мамандар болып табылатын, осы Заңның 16-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген конкурс тәртібімен облыстық сот судьясы лауазымына орналасуға үміткер адамдар үшін біліктілік емтиханын тапсыру рәсімі мыналарды қамтиды:

      психологиялық тестілеу;

      сот практикасынан алынған жағдайларды модельдейтін міндеттерді шешу (кейстік міндеттерді шешу) негізінде үміткердің өзінде бар білімін практикада қолдана білу қабілетін тексеру.

      Осы тармақта көрсетілген біліктілік емтиханын тапсыру нәтижелері осы Заңның 16-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген конкурсқа қатысу үшін жарамды.";

      4) 15-баптың 2-тармағының 3) тармақшасындағы "жалған" деген сөз "қолдан жасалған" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 16-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 29-бабының 4-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетін және Жоғарғы Соттың ұсынысы бойынша тізбесін Кеңес бекітетін құқықтың жекелеген салаларында мамандар болып табылатын, облыстық сот судьясының бос лауазымына кандидаттар үшін жеке конкурс өткізілуі мүмкін. Мұндай жеке конкурстық іріктеуді өткізу тәртібі Кеңестің регламентінде айқындалады.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Кеңестің аудандық соттың төрағасы және судьясы, облыстық соттың сот алқасының төрағасы және судьясы, Жоғарғы Сот судьясы бос лауазымына орналасу үшін конкурс туралы хабарландыруын Кеңес аппараты Кеңестің регламентінде белгіленген мерзімдерде, бірақ конкурстан кемінде екі апта бұрын Кеңестің интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды. Бұл ретте аудандық сот және облыстық соттың сот алқасы төрағаларының лауазымдарына орналасу үшін конкурс аудандық сот төрағасы мен облыстық соттың сот алқасы төрағасы өкілеттіктерінің мерзімі өткенге дейін жариялануы мүмкін.";

      6) 18-бапта:

      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Судьялардың бос лауазымдарына кандидаттарға конкурстық іріктеу өткізу тәртібі Кеңестің регламентімен айқындалады.";

      2-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Шалғай жерде орналасқан соттарда немесе штат саны үш бірліктен аспайтын соттарда кемінде бес жыл жұмыс істеген судьялар аудандық соттарда тең дәрежелі лауазымдарға кандидаттарды іріктеу кезінде өзге жағдайлары тең болса, басымдыққа ие болады.";

      6-тармақтың 1) тармақшасындағы "басқа" деген сөз алып тасталсын;

      7) 24-бапта:

      3-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) Сот жюриінің шешімін негізсіз деп тану және іс жүргізуді тоқтата отырып, оның күшін жою;";

      мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешімін негізсіз деп тану, оның күшін жою және жаңа шешім шығару.";

      мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Кәсіби қызметті мерзімдік бағалау нәтижелері бойынша Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешіміне судьяның шағымын қарау нәтижелері бойынша қабылданған Кеңестің судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының Кеңеске – судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы ұсыну, ал судья ауысудан бас тартқан жағдайда судьяны атқаратын лауазымынан босату туралы ұсыну енгізуі үшін негіз болып табылады.".

      2-бап. Осы Заң:

      1) 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағын;

      2) 2022 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағы 2) тармақшасының екінші абзацын;

      3) 2022 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағы 2) тармақшасының үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ