Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 18 қарашадағы № 73-VII ҚРЗ.

Қолданыстағы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      11-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 3-6) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-6) қаржы мониторингін жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөнінде өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті мемлекеттік органға;".

      2. "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      3-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-1) жария лауазымды адам:

      жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам;

      лауазымды адам;

      мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам;

      мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам;

      шет мемлекеттiң заң шығарушы, атқарушы, әкiмшiлiк, сот органдарына немесе қарулы күштеріне тағайындалатын немесе сайланатын, онда қандай да бiр лауазымды атқаратын адам;

      шет мемлекет үшiн қандай да бiр жария функцияны орындайтын адам;

      халықаралық шарттар мәртебесі бар келісімдер негізінде елдер құрған ұйымдарда басшылық лауазымды атқаратын адам;";

      мынадай мазмұндағы 3-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-2) заң мәселелері жөніндегі тәуелсіз маман – заң қызметтерін дербес те, серіктес немесе заң көмегін көрсететін кәсіпкерлік субъектісімен еңбек шарты негізінде жұмыскер ретінде де көрсететін жеке тұлға;";

      14) тармақша алып тасталсын;

      2) 3-баптың 1-тармағы 19) тармақшасындағы "қатысушылары жатады." деген сөздер "қатысушылары;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 20) тармақшамен толықтырылсын:

      "20) цифрлық активтерді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, сондай-ақ цифрлық активтерді ақшаға, құндылықтарға және өзге де мүлікке айырбастау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар жатады.";

      3) 4-баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) егер операция сомасы 1 000 000 теңгеге тең немесе одан асатын болса және осы операция өзінің сипаты бойынша бәс тiгу, ойын мекемелерiндегi құмар ойындар және лотерея өткiзу нәтижелерi бойынша қолма-қол ақшалай нысанда, оның iшiнде электрондық нысанда ұтыс алуға жататын болса;";

      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) егер операция сомасы 3 000 000 теңгеге тең немесе одан асатын болса және осы операция өзінің сипаты бойынша ломбардтардың ақшамен, бағалы қағаздармен, бағалы металдармен және асыл тастармен, олардан жасалған зергерлік бұйымдармен және өзге де құндылықтармен (бағалы металдардан жасалған ұлттық валюта монеталарынан басқа) операцияларды қолма-қол ақшалай немесе қолма-қол ақшасыз нысанда жасауына жататын болса;";

      2) тармақшаның үшінші абзацындағы "қолма-қол ақша нысанында" деген сөздер "қолма-қол ақшалай немесе қолма-қол ақшасыз нысанда" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) тармақшаның екінші абзацындағы "қолма-қол ақша нысанында" деген сөздер "қолма-қол ақшалай немесе қолма-қол ақшасыз нысанда" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8) тармақшадағы "200 000 000" деген цифрлар "50 000 000" деген цифрлармен ауыстырылсын;

      4) 5-бапта:

      2-тармақ 2) тармақшасындағы "жүзеге асырылған жағдайларда клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеруді жүзеге асырады." деген сөздер "жүзеге асырылған;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) клиент (оның өкілі), бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған мәліметтердің анықтығына күмәндануға негіздер болған жағдайларда клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеруді жүзеге асырады.";

      3-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мәліметтерді жаңарту осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда және ішкі бақылау қағидаларымен жүзеге асырылады.";

      5-тармақта:

      екінші бөліктегі "ақпаратты" деген сөз "мәліметтерді" деген сөзбен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Осы Заңның 3-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 11) және 12) тармақшаларында аталған қаржы мониторингі субъектілері осы бапта көзделген шараларды қабылдаған кезде өз құзыреті шегінде қаржы мониторингі субъектілерінің Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдармен келісу бойынша уәкілетті орган бекіткен нысанмен клиенттердің бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтер алуды қамтамасыз етеді.

      Бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтерді клиенттер (олардың өкілдері) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қаржы мониторингі субъектісінің сұрау салуы бойынша береді.";

      5) 8-бапта:

      тақырыптағы "шетелдік" деген сөз алып тасталсын;

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қаржы мониторингі субъектілері осы Заңның 1-бабы 3-1) тармақшасының алтыншы, жетінші және сегізінші абзацтарында аталған жария лауазымды адамдарға қатысты осы Заңның 5-бабының 3-тармағында көзделген шаралардан басқа, қосымша:";

      1) тармақшадағы:

      "клиенттiң шетелдiк" деген сөздер "клиенттiң (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "отбасы мүшелеріне" деген сөздер "жұбайына (зайыбына)" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) тармақшадағы "шетелдік" деген сөз алып тасталсын;

      4) тармақшадағы "қаражат", "қабылдауға міндетті." деген сөздер тиісінше "клиенттiң (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің қаражат", "қабылдауға;" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:

      "5) клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексерудің күшейтілген шараларын қолдануға міндетті.";

      мынадай мазмұндағы 2, 3 және 4-тармақтармен толықтырылсын:

      "2. Қаржы мониторингі субъектілері тәуекелдің жоғары деңгейі берілген, Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін жария лауазымды адамдардың тізбесіне кіретін жария лауазымды адамдарға, олардың жұбайларына (зайыптарына) және жақын туыстарына қатысты осы Заңның 5-бабының 3-тармағында көзделген шаралардан басқа, осы баптың 1-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында белгіленген шараларды қосымша қолдануға міндетті.

      3. Осы Заңның 1-бабы 3-1) тармақшасының алтыншы, жетінші және сегізінші абзацтарында көзделген адамдарды қоспағанда, жария лауазымды адамдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      4. Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін жария лауазымды адамдардың тізбесіне кіретін жария лауазымды адам өзінің өкілеттігін орындауды тоқтатқан күннен бастап осы баптың 2-тармағының ережелері жария лауазымды адамға, оның жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына он екі ай бойы қолданылады.";

      6) 11-бапта:

      3-тармақтың үшінші абзацы "қаржыландыру тәуекелін" деген сөздерден кейін "(тәуекелдің төменгі, жоғары деңгейлерін)" деген сөздермен толықтырылсын;

      3-2-тармақтың бірінші бөлігінде:

      үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "осы Заңның 3-бабы 1-тармағының 1) (қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғалар және айрықша қызметі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғалар бөлігінде) және 12) тармақшаларында көзделген қаржы мониторингі субъектілері үшін уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі;";

      мынадай мазмұндағы төртінші абзацпен толықтырылсын:

      "осы Заңның 3-бабы 1-тармағының 6), 9), 10) және 20) тармақшаларында көзделген қаржы мониторингі субъектілері, сондай-ақ тауар биржалары үшін уәкілетті орган және тиісті мемлекеттік орган;";

      7) 13-баптың 1-1-тармағы бірінші бөлігінің бірінші абзацындағы "күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей" деген сөздер "кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8) 16-бапта:

      5-1) тармақшаның бірінші бөлігі "терроризмді қаржыландырумен" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және (немесе) терроризмді қаржыландыруға байланысты өзге де қылмыстық құқық бұзушылық жасаумен" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 13-6) және 13-7) тармақшалармен толықтырылсын:

      "13-6) қаржы мониторингі субъектілері үшін олардың қызметінің ерекшеліктерін және өзіндік ерекшелігін ескере отырып нұсқаулықтарды, әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;

      13-7) Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін жария лауазымды адамдардың тізбесіне кіретін жария лауазымды адамдардың, олардың жұбайларының (зайыптарының) және жақын туыстарының тізімін жүргізеді;";

      9) 18-бапта:

      2-тармақтың 1) тармақшасы "кезде" деген сөзден кейін "жеке және заңды тұлғалардың деректемелерін көрсете отырып," деген сөздермен толықтырылсын;

      3-тармақта:

      бірінші бөліктегі "және оның орынбасарларының" деген сөздер ", оның орынбасарларының, облыс прокурорларының және оларға теңестірілген прокурорлардың" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Уәкілетті органның, жалпыға бірдей қолжетімді болып табылатын ақпараттан басқа, сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінде қамтылған мәліметтерді алуы осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген тәртіп ескеріле отырып жүзеге асырылады.".

      3. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      3-қосымша мынадай мазмұндағы 62-тармақпен толықтырылсын:

      "62. Цифрлық активтерді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, сондай-ақ цифрлық активтерді ақшаға, құндылықтарға және өзге де мүлікке айырбастау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама.".

      4. "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 7-бап мынадай мазмұндағы 59-2) және 59-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "59-2) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес цифрлық активтерді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, сондай-ақ цифрлық активтерді ақшаға, құндылықтарға және өзге де мүлікке айырбастау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар хабарламаларының мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізеді;

      59-3) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес цифрлық активтерді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, сондай-ақ цифрлық активтерді ақшаға, құндылықтарға және өзге де мүлікке айырбастау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалардан хабарламалар қабылдауды жүзеге асырады;";

      2) 33-1-бап мынадай мазмұндағы 10-тармақпен толықтырылсын:

      "10. Цифрлық активтерді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, сондай-ақ цифрлық активтерді ақшаға, құндылықтарға және өзге де мүлікке айырбастау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама жіберуге міндетті.".

      2-бап. Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағын, 2-тармағы 8) тармақшасының екінші және төртінші абзацтарын, 9) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ