ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 19-б.қараңыз.
Қолданушылар назарына.
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.
1-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
1. Осы Заң кейіннен сатып алу құқығымен жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сенімгерлік басқаруға берілген, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияларға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаларды қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға тікелей немесе жанама тиесілі ұйымдардың, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (бұдан әрі – квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері) жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ жарғылық қызметін орындау үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты қатынастарды реттейді.
2. Осы Заң:
1) жеке тұлғалардан еңбек шарттары бойынша не кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын жеке тұлғалардан өтеулі қызметтер көрсету шарттары бойынша көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде жекеше нотариустар, адвокаттар мен сот орындаушылары көрсететін қызметтерді сатып алу;
2) мүшелік жарналарды (салымдарды), оның ішінде заңды тұлғалардың жарғылық капиталына енгізу;
3) заңды тұлғалардың акциялары пакеттерін, жарғылық капиталға қатысу үлестерін (бұдан әрі – қатысу үлестері) сатып алу;
4) басқару органы мен байқау кеңесінің мүшелеріне сыйақы төлеу, басқару органы мен байқау кеңесі мүшелерінің міндеттерді орындауына байланысты шығыстарды (жол жүру және тұру, тәуліктік) өтеу не төлеу;
5) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдар қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
6) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, банктер және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған лицензиялар негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жүзеге асыратын банк операцияларын жүргізуге байланысты қаржылық көрсетілетін қызметтерді және бағалы қағаздар нарығында өзге де қатысушылардың көрсетілетін қызметтерін, брокерлік және (немесе) дилерлік көрсетілетін қызметтерді, кастодиандық қызмет көрсетуді сатып алу, ақпарат тасымалының автоматтандырылған қаржы жүйесіне қосу, оған қызмет көрсету және оны пайдалану жөніндегі көрсетілетін қызметтерді, ақпарат берудің және төлемдер жасаудың халықаралық банкаралық жүйесінің көрсетілетін қызметтерін, оның ішінде банктік үзінді көшірмелерді және Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын қор биржасы көрсететін ақпараттық көрсетілетін қызметтерді алуға байланысты көрсетілетін қызметтерді, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің және (немесе) халықаралық (шетелдік) банктердің, қолайлы хаттарды шығару бойынша заң консультанттарының, қаржы консультанттарының, сыртқы аудиторлық ұйымдардың және (немесе) бағалау ұйымдарының, сенімгерлік басқарушы инвестордың, төлемдік трансфер-агенттердің, тіркеушілердің көрсетілетін қызметтерін, процестік, төрелік және тапсырыс берушінің қарыз алуды ұйымдастыруына, оның ішінде бағалы қағаздар шығаруға және оларды сатып алуға, борышты және инвестициялық (қазынашылық) портфельді басқаруға қажетті өзге де көрсетілетін қызметтерді, жетекші халықаралық қаржылық ақпарат берушілердің ақпараттық-талдау жүйелері көрсететін қызметтерді сатып алу, сондай-ақ "Жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оригинатор және (немесе) кредитор ретінде секьюритилендіру мәмілелерін жүзеге асыру кезінде жоғарыда көрсетілген қызметтерді сатып алу;
7) теңіз портында алынатын алымдар мен төлемдерді төлеу;
8) өкілдік шығыстарды, іссапар шығыстарын төлеу және іссапар шығыстарына байланысты көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
9) ұлттық басқарушы холдингтің экспорттық кредиттерді сақтандыруға маманданған халықаралық сақтандыру компаниясының көрсетілетін қызметтерін сатып алуы;
10) бағалы қағаздарды бірыңғай тіркеушінің көрсетілетін қызметтерін және бағалы қағаздармен жасалатын операциялар бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
11) уақытша бос ақшаны орналастыруға байланысты қазынашылық операцияларды жүзеге асыру кезінде қаржы құралдарын, оның ішінде бағалы қағаздарды сатып алу;
12) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мемлекеттік кепілдік беру, мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелер орындалған жағдайда бөлінген республикалық бюджет қаражатын қайтару жөніндегі құқықтық қатынастар шеңберінде сенім білдірілген өкілдің (агенттің) көрсетілетін қызметтерін сатып алу;
13) агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық компанияның ауыл шаруашылығы өнімін және оны қайта өңдеу өнімдерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, оларды сақтау, қайта өңдеу, тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарларын азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларына сатып алу;
15) қаржы лизингінің көрсетілетін қызметтерін сатып алу және (немесе) лизингтік қызметті жүзеге асыру кезінде оларды кейіннен лизингке беру үшін тауарларды, сондай-ақ лизинг нысанасын сатып алуға, беруге және жұмыс жай-күйіне келтіруге тікелей байланысты тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
16) "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалатын өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар шеңберіндегі сатып алу жағдайларына қолданылмайды.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2021 № 87-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) алдын ала біліктілікті іріктеу – әлеуетті өнім берушілерді сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген біліктілік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан бағалау процесі;
2) анық емес ақпарат – әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің тендер, аукцион, бір көзден алу және баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерімен сатып алуға қатысуға арналған өтінімінде қамтылған, сол сияқты құжаттардың шынайы мазмұнын бұрмалайтын және әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің ұсынылған өтініміне сәйкес келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер;
3) әлеуетті өнім беруші – сатып алу туралы шарт жасасуға үмітті, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), консорциум;
4) біртекті тауарлардың түрлері – бірін-бірі алмастырмайтын біртекті тауарлар;
5) біртекті тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер – бірдей болып табылмаса да, ұқсас сипаттамалары бар және нақ сол бір функцияларды орындауға мүмкіндік беретін ұқсас құрауыштардан тұратын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;
6) жұмыстар – заттық нәтижесі бар қызмет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыстарға жатқызылған өзге де қызмет;
7) келісу комиссиясы – шарт жасасудан жалтарған және сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне немесе Қордың сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілерінің) тізбесіне енгізілген әлеуетті өнім берушілердің жолданымдарын қарайтын, тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган. Келісу комиссиясының құрамы, жұмыс істеу және шешім қабылдау тәртібі сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады. Бұл ретте келісу комиссиясының құрамына міндетті түрде Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасында аккредиттелген салалық қауымдастықтардың (одақтардың) өкілдері кіреді;
8) көрсетілетін қызметтер – тапсырыс берушінің қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, заттық нәтижесі жоқ қызмет;
9) Қордың ұйымдары – дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен Қорға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғалар. Жанама тиесілілік өзге заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы әрбір келесі заңды тұлғаға меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен тиесілі болатынын білдіреді;
10) офтейк-келісімшарт – құны, саны (көлемі) және беру мерзімдері бойынша алдын ала келісілген талаптармен өнім беруші болашақта өндіруді және оны беруді қамтамасыз етуді жоспарлап отырған тауарды беруге тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында жасалған шарт;
11) сатып алу – тапсырыс берушілердің осы Заңда, сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген тәртіппен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ақылы негізде сатып алуы;
12) сатып алу веб-порталы – осы Заңға және сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес сатып алуды электрондық форматта өткізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;
13) сатып алуға қатысушы – тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы, әлеуетті өнім беруші, өнім беруші және электрондық сатып алу ақпараттық жүйесінің операторы;
14) сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет – акционері ұлттық басқарушы холдинг немесе ұлттық холдинг болып табылатын ұлттық компанияны қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның қызметі, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қызметі;
15) сатып алуды жүзеге асыру қағидалары – реттелетін қатынастар саласына қарай:
Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін – сатып алу саласындағы уәкілетті орган бекітетін, Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуын жүзеге асыру тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;
Қор және Қордың ұйымдары үшін – сатып алу саласындағы уәкілетті органмен және бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Қордың директорлар кеңесінің шешімімен бекітілетін Қордың және Қор ұйымдарының сатып алуын жүзеге асыру тәртібі (бұдан әрі – Қордың сатып алуын жүзеге асыру тәртібі);
16) сатып алуды ұйымдастырушы – тапсырыс берушінің лауазымды адамы немесе құрылымдық бөлімшесі не сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу рәсімдерін орындауға жауапты болып айқындалған заңды тұлға;
17) сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясы – сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды дайындауға қатысу үшін сарапшыларды тарта отырып құратын алқалы орган;
18) сатып алу жөніндегі сарапшы – өткізілетін сатып алу саласында тиісті құжаттармен (дипломдармен, сертификаттармен, куәліктермен және басқа да құжаттармен) расталатын арнаулы және (немесе) тиісті техникалық білімі, тәжірибесі мен біліктілігі бар, сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды дайындауға қатысу үшін тартатын жеке тұлға;
19) сатып алу саласындағы уәкілетті орган – квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы саласында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
20) сатып алу туралы шарт (бұдан әрі – шарт) – осы Заңға, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жасалған азаматтық-құқықтық шарт;
21) тапсырыс берушілер – квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері;
22) тауарлар – нәрселер (заттар), оның ішінде жартылай фабрикаттар немесе қатты, сұйық немесе газ тәріздес күйдегі шикізат, электр және жылу энергиясы, зияткерлік меншік құқығының объектілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сатып алу-сату мәмілелерін жасасуға болатын заттық құқықтар;
23) тендерлік комиссия (аукциондық комиссия) – сатып алуды тендер (аукцион) тәсілімен өткізу рәсімін орындау үшін сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші құратын алқалы орган;
24) Ұлттық әл-ауқат қоры (бұдан әрі – Қор) – ұлттық басқарушы холдинг;
25) электрондық дүкен – сатып алу веб-порталымен интеграцияланған, сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен сатып алуды өткізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;
26) электрондық сатып алу ақпараттық жүйесінің операторы – қарым-қатынас саласына қарай:
Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін – сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған, өкілеттіктері сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалатын заңды тұлға (заңды тұлғалар);
Қор және Қордың ұйымдары үшін – Қор айқындаған, өкілеттіктері Қордың сатып алуын жүзеге асыру тәртібінде айқындалатын заңды тұлға.
Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.3-бап. Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің, осы Заңның нормаларынан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4-бап. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаттары
Сатып алу:
1) сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау;
2) өнім берушілердің коммерциялық құпияға құқықтарын және (немесе) заңды мүдделерін сақтай отырып (тендер қорытындылары шығарылғанға дейін) сатып алу процесінің ашықтығы мен бүкпесіздігі;
3) әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік, сатып алуға қатысушылар арасында сөз байласуға жол бермеу;
4) сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігі;
5) сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу;
6) отандық тауар өндірушілерге, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық берушілерге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейтіндей шамада қолдау көрсету;
7) инновациялық және жоғары технологиялық тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
8) осы Заңда көзделген жағдайлардан басқа, әлеуетті өнім берушілерге сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;
9) сатып алынатын тауарлардағы зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды сақтау қағидаттарына негізделеді.
1. Сатып алу процесі мыналарды қамтиды:
1) сатып алу жоспарын (алдын ала, жылдық, ұзақ мерзімді) әзірлеу және бекіту;
2) өнім берушіні таңдау және онымен шарт жасасу;
3) шартты орындау.
2. Сатып алу процесі сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес сатып алу санаттарын басқару және қорларды басқару рәсімдерін де қамтуы мүмкін.
3. Сатып алу, осы Заңның 18-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, сатып алу веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
1. Сатып алуды жоспарлау тиісті бизнес-жоспарлар және (немесе) бюджеттер және (немесе) даму жоспарлары, іс-шаралар жоспарлары және (немесе) жөндеу жүргізу жоспарлары және (немесе) өндірістік бағдарламалар және (немесе) инвестициялық бағдарламалар және (немесе) мемлекеттік тапсырманы орындауға арналған шарттар негізінде жүзеге асырылады.
2. Сатып алу жоспары (алдын ала, жылдық, ұзақ мерзімді) сатып алу веб-порталында жарияланады.
3. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы біртекті емес тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді – біртектілігі бойынша, біртекті тауарларды – біртекті тауарлардың түрлері бойынша және беру орындары бойынша, біртекті жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді олардың орындалған, көрсетілген орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті.
4. Бірдей тауарлар тізбесі бойынша бағаларды жоспарлау:
1) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес – Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін;
2) Қор айқындаған тәртіппен – Қор және Қордың ұйымдары үшін айқындалатын бағалардың жол берілетін ауытқуы шегінде жүзеге асырылады.
Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін бірдей тауарлардың тізбесін сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Қор және Қордың ұйымдары үшін бірдей тауарлардың тізбесін Қор айқындайды.
5. Сатып алу жоспарын әзірлеу және бекіту, оған өзгерістер енгізу тәртібі мен мерзімдері сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.7-бап. Сатып алуға қатысуға байланысты шектеулер
1. Әлеуетті өнім беруші, егер:
1) әлеуетті өнім беруші немесе оның қосалқы мердігері (бірлесіп орындаушысы) не консорциумға қатысушы мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде және (немесе) сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде және (немесе) Қордың сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілердің) тізбесінде және (немесе) өздеріне қатысты банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген борышкерлер тізімінде тұрса;
2) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен әлеуетті өнім беруші және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігер (бірлесіп орындаушы) және (немесе) олардың басшысы және (немесе) құрылтайшылары (акционерлері) терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне немесе жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген болса;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!3) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3) әлеуетті өнім беруші тапсырыс беруші сатып алатын технологиялардың, өнертабыстардың, пайдалы модельдердің, өнеркәсіптік үлгілердің және оларға техникалық құжаттаманың құқық иеленушісі (патент иеленуші) болып табылатын жағдайларды қоспағанда, әлеуетті өнім беруші тіркелген жері салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін жеңілдікті салық салынатын мемлекеттердің тізбесіне енгізілген мемлекет немесе аумақ болатын заңды тұлға болып табылса, өткізілетін сатып алуға қатысуға құқылы емес.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген әлеуетті өнім берушілермен шарт жасасуға жол берілмейді.
Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.8-бап. Әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары
1. Әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес айқындалады.
2. Әлеуетті өнім беруші біліктілік талаптарына өзінің сәйкестігін растау үшін сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген тиісті құжаттарды ұсынады.
3. Қазақстан Республикасының бейрезидент-әлеуетті өнім беруші сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген біліктілік талаптарына өзінің сәйкестігін растау үшін Қазақстан Республикасының резиденттері ұсынатын нақ сондай құжаттарды не Қазақстан Республикасының бейрезидент-әлеуетті өнім берушінің біліктілігі туралы ұқсас мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынады.
9-бап. Әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің анық емес ақпарат беруінің салдарлары
1. Сатып алу процесінде анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне, Қордың сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілерінің) тізбесіне енгізіледі.
2. Әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші беретін ақпараттың анықтығын тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет, сатып алу саласындағы уәкілетті орган не мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары сатып алуды жүзеге асырудың кез келген сатысында анықтауы мүмкін.
3. Әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің анық емес ақпарат беру фактісін анықтаған сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет, сатып алу саласындағы уәкілетті орган не мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары осындай факт анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, бұл туралы:
1) егер мұндай факт сатып алу қорытындылары шығарылғаннан кейін анықталса, тапсырыс берушіні;
2) егер мұндай факт сатып алу қорытындылары шығарылғанға дейін анықталса, тапсырыс берушіні, сатып алуды ұйымдастырушыны жазбаша хабардар етеді.
Бұл ретте жазбаша хабарламаға осы фактіні растайтын құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс.
10-бап. Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі
1. Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі электрондық сатып алу ақпараттық жүйесінде қалыптастырылады.
2. Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі:
1) жеңімпаз деп айқындалған, бірақ шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілердің;
2) біліктілік талаптары және (немесе) тендерлік баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің;
3) өздерімен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушінің шарт жасасудан жалтарған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде осындай әлеуетті өнім беруші туралы мәліметтерді сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметке жіберуге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы бұзушылық фактісі туралы өздеріне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, сотқа осындай әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен жүгінуге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші өнім берушінің шартты бұзу фактісі туралы өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, өнім беруші тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеген және ол шарттық міндеттемелерді толық орындаған жағдайларды қоспағанда, сотқа осындай өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен жүгінуге міндетті.
3. Келісу комиссиясы әлеуетті өнім берушінің жолданымын қарайды және әлеуетті өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен мерзімінен бұрын шығару немесе мерзімінен бұрын шығарудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
4. Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі:
осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайда, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің шешімі;
осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, заңды күшіне енген сот шешімі негізінде қалыптастырылады.
5. Осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер оларды сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешім қабылданған күннен бастап жиырма төрт ай бойы сатып алуға қатысуға жіберілмейді.
Осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер осындай әлеуетті өнім берушілерді немесе өнім берушілерді сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жиырма төрт ай бойы сатып алуға қатысуға жіберілмейді.
Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен шығару үшін мыналар негіздер болып табылады:
1) осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген мерзімнің өтуі;
2) әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешімнің күшін жою туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы;
3) келісу комиссиясының әлеуетті өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен мерзімінен бұрын шығару туралы шешімі.
6. Әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу туралы шешімге ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.
Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.11-бап. Сатып алуды жүзеге асыру тәсілдері
1. Сатып алу:
1) тендер;
2) аукцион;
3) баға ұсыныстарын сұрату;
4) бір көзден алу тәсілдерімен;
5) тауар биржалары арқылы;
6) электрондық дүкен арқылы жүзеге асырылады.
7) алып тасталды – ҚР 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.2. Осы баптың 1-тармағында көзделген тәсілдермен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көзделген тәсілдермен сатып алу сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес алдын ала біліктілікті іріктеу қолданыла отырып жүргізілуі мүмкін.
4. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген тәсілмен сатып алу Қор және Қордың ұйымдары сатып алуды жүзеге асырған кезде қолданылмайды.
5. Осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген сатып алу тәсілі сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган бекіткен биржалық тауарлар тізбесіне қолданылады.
6. Алып тасталды – ҚР 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.7. Сатып алуды жүзеге асыру тәсілін тапсырыс беруші осы Заңға, сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес айқындайды.
8. Сатып алуды жүзеге асыру кезінде:
1) мынадай:
негізгі (орнатылған) жабдықты қосымша жинақтау, қосымша жарақтау, біріздендіру немесе оның қолда бар тауарлармен, жұмыстармен және көрсетілетін қызметтермен үйлесімділігін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ одан әрі техникалық қолдап отыру, оған сервистік қызмет көрсету және жөндеу, оның ішінде жоспарлы жөндеу (қажет болған кезде) үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
егер Қордың сатып алуын жүзеге асыру тәртібіне сәйкес әзірленген және бекітілген сатып алу санаттық стратегиясында өзгеше көзделуі;
тапсырыс берушінің өнім беруші ретінде Қазақстан Республикасының бейрезидентімен өзі жасасқан шарт бойынша міндеттемелерді орындауы үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу және осы шартта тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларға, патенттерге, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауардың шығарылған жерінің атауына және өндірушінің атауына, сондай-ақ сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген әлеуетті өнім берушіге не өндірушіге тиесілілігін айқындайтын өзге де мәліметтерге және (немесе) құжаттарға тиісті нұсқаулардың болуы;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!1) тармақшаның бесінші абзацы жаңа редакцияда көзделген – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
мемлекеттік сараптаманың не аккредиттелген сараптама ұйымы сараптамасының оң қорытындысы бар жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына сәйкес мұнай өнімдері мен мұнай-газ-химия өнімдерін өндірушілердің тауарларды сатып алуы;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!1) тармақшаның алтыншы абзацы жаңа редакцияда көзделген – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
лицензиялық келісімдерге сәйкес технологиялық қондырғылар пайдаланылған жағдайда тауарларды сатып алу жағдайларын қоспағанда, тендерлік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) әлеуетті өнім берушілерге сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеуге не тендерлік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) немесе баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылатын ақпаратта сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген әлеуетті өнім берушілерге тиесілілігін айқындайтын сипаттамаларға нұсқау жасауға;
2) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген жағдайларда сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуға;
3) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген негіздер бойынша әлеуетті өнім берушіні және (немесе) ол тартатын жұмыстарды орындау бойынша қосалқы мердігерлерді не қызметтерді көрсету бойынша бірлесіп орындаушыларды біліктілік талаптарына және (немесе) тендерлік құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына сәйкес келмейді деп тануға;
4) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, сатып алуды жүзеге асыру кезінде біртекті емес тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді – біртектілігі бойынша, біртекті тауарларды – біртекті тауарлардың түрлері бойынша және беру орындары бойынша, біртекті жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді олардың орындалған, көрсетілген орны бойынша лоттарға бөлмеуге;
5) сатып алу бойынша сараптама комиссиясының не сатып алу жөніндегі сарапшының тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның) заңсыз шешім қабылдауына негіз болатын көрінеу жалған сараптамалық қорытынды дайындауына;
6) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген жағдайларда бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыруға;
7) әлеуетті өнім берушіден тендерлік құжаттамада көзделмеген құжаттарды ұсынуды талап етуге жол берілмейді.
Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.12-бап. Шартты жасасу және орындау
1. Шартты жасасу және орындау осы Заңға, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына, сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Шарттың тараптарына қатысты тепе-теңдік негізде шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны не тиісінше орындамағаны үшін жауаптылық көзделуге тиіс.
Шартта тауарлардың берілгені, жұмыстардың орындалғаны не қызметтердің көрсетілгені үшін осы шарт бойынша міндеттемелер орындалған күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде толық ақы төлеу туралы талаптар қамтылуға тиіс.
3. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларда тараптардың өзара келісуі бойынша шарттың жобасына не жасалған шартқа өзгерістер енгізуге жол беріледі.
4. Шарттың жобасына не жасалған шартқа өткізілетін (өткізілген) сатып алу талаптарының мазмұнын өзгертуі мүмкін өзгерістерді енгізуге жол берілмейді.
5. Офтейк-келісімшарттарды Қор және Қордың ұйымдары Қор айқындаған тәртіппен жасайды.
Жасалған офтейк-келісімшартқа сатып алу көлемін азайту және келісімшарттың бағасын төмендету бойынша өзгерістерді біржақты тәртіппен енгізуге жол берілмейді.
Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2021 № 87-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.13-бап. Сатып алу саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Сатып алу саласындағы уәкілетті орган:
1) Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу веб-порталдарын айқындайды;
2) Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу веб-порталдарының жұмыс істеу, оның ішінде веб-порталдар жұмысында техникалық іркілістер туындаған жағдайда жұмыс істеу қағидаларын бекітеді;
3) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес сатып алуға қатысушылардан қажетті ақпарат пен материалдарды сұратады;
4) сараптамалар және консультациялар жүргізу үшін мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың мамандарын тартады;
5) Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін сатып алу мәселелері бойынша, оның ішінде тиісті салалардың уәкілетті органдарымен келісу бойынша әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;
6) Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы саласында тізілімдерді қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекітеді;
7) Қордың сатып алуын бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметті қоспағанда, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет жүзеге асыратын бақылау жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
8) квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуды жүргізуі кезінде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қозғайды және қарайды және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік жазалар қолданады;
9) алып тасталды – ҚР 27.12.2021 № 87-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;10) Қордың және Қор ұйымдарының офтейк-келісімшартты жасасу және орындау тәртібін келіседі;
11) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2021 № 87-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.14-бап. Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу саласындағы құзыреті
1. Қор Қордың және Қор ұйымдарының сатып алу мәселелері бойынша бақылауды және әдістемелік басшылықты, мониторингті және талдауды жүзеге асырады.
2. Қор мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Қордың және Қор ұйымдарының сатып алу веб-порталын айқындайды;
2) Қордың және Қор ұйымдарының сатып алу веб-порталының жұмыс істеу, оның ішінде веб-портал жұмысында техникалық іркілістер туындаған жағдайда жұмыс істеу қағидаларын бекітеді;
3) Қордың және Қор ұйымдарының сатып алу саласындағы тізілімдерді, тізбелерді қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекітеді;
4) Қордың және Қор ұйымдарының офтейк-келісімшартты жасасу және орындау тәртібін бекітеді;
5) Қордың және Қор ұйымдарының сатып алуын бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің функцияларын жүзеге асыратын Қордың құрылымдық бөлімшесін айқындайды;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қордың жарғысында және Қордың сатып алуын жүзеге асыру тәртібінде белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Қордың Директорлар кеңесі:
1) Қордың сатып алуын жүзеге асыру тәртібін бекітеді;
2) Қордың сатып алуын жүзеге асыруына бақылау жүргізу қағидаларын бекітеді.
4. Тапсырыс берушінің не сатып алуды ұйымдастырушының бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары немесе өзге де басшысы сатып алу жөніндегі комиссияның төрағасы болып тағайындалады.
15-бап. Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау
1. Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің осы Заңның талаптарын және сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын сақтауын бақылауды сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет және сатып алу саласындағы уәкілетті орган жүргізеді.
2. Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуын бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет өз жұмысында квазимемлекеттік сектор субъектісінің директорлар кеңесіне есеп береді, ол сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін, жұмыс тәртібін айқындайды, оның басшысын тағайындайды және өкілеттігін тоқтатады, оның жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеудің мөлшері мен өзге де шарттарын айқындайды.
Қордың және Қор ұйымдарының сатып алуын бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет тікелей Қордың басқармасына бағынады. Бақылауды жүзеге асыру тәртібі Қордың сатып алуын жүзеге асыруына бақылау жүргізу қағидаларында айқындалады.
3. Мыналар бақылау объектілері болып табылады:
1) тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы, тендерлік комиссия (аукциондық комиссия), сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясы, сатып алу жөніндегі сарапшы;
2) өткізілетін сатып алу нысанасы шегінде әлеуетті өнім беруші, өнім беруші, сондай-ақ олар жұмыстарды орындау бойынша қосалқы мердігерлер не қызметтерді көрсету бойынша бірлесіп орындаушылар ретінде тартатын тұлғалар;
3) электрондық сатып алу ақпараттық жүйесінің операторы.
4. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының сақталуына бақылау жүргізуге мыналар негіз болып табылады:
1) сатып алуға қатысатын (қатысқан) әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің не оның уәкілетті өкілінің тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының не тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, сатып алу жөніндегі сарапшының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған жазбаша жолданымы не жалпыға бірдей қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жолданымы;
2) құқық қорғау органдарының келіп түскен қаулылары;
3) сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің тексеру жүргізу жоспары;
4) тапсырыс беруші ұсынған бұзушылықтар туралы мәліметтер.
5. Сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет бақылау нәтижелері бойынша сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бұзушылықтарды анықтаған кезде бақылау объектісіне:
1) бұзушылықтар анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті хабарламаны;
2) анықталған бұзушылықтарды және олардың туындау себептерін жою жөніндегі ұсынымдарды қамтитын, орындалуы міндетті жоспарлы тексеру актісін жібереді.
6. Бақылау нәтижелері бойынша бақылау объектісінің қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері бар әрекетті (әрекетсіздікті) жасау фактісі анықталған кезде сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет осындай факт анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде көрсетілген әрекеттің (әрекетсіздіктің) жасалғаны туралы ақпаратты және осындай фактіні растайтын құжаттарды құқық қорғау органдарына беруге міндетті.
7. Сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жіберген жағдайда, бақылау объектісі хабарламада көрсетілген бұзушылықтарды осындай хабарлама табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде жоюға міндетті.
8. Бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама осы баптың 7-тармағында көрсетілген мерзімде орындалмаған жағдайда, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет материалдарды сатып алу саласындағы уәкілетті органға береді.
Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.16-бап. Тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің шешіміне шағым жасау
1. Егер тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің, өнім берушінің құқықтарын және (немесе) заңды мүдделерін бұзса, әлеуетті өнім беруші, өнім беруші олардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасауға құқылы.
2. Егер тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің құқықтарын және (немесе) заңды мүдделерін бұзса, әлеуетті өнім беруші өтінімдер, баға ұсыныстары ашылған күнге дейін олардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасауға құқылы.
3. Егер тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері сатып алуға қатысқан әлеуетті өнім берушінің құқықтарын және (немесе) заңды мүдделерін бұзса, сатып алуға қатысқан әлеуетті өнім беруші сатып алу қорытындылары туралы хаттама жарияланған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде олардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасауға құқылы.
4. Тендерлік комиссия тендер нәтижелерімен келіспеген әлеуетті өнім берушінің жолданымына уәжді шешім ұсынуға міндетті.
5. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда, шарт жасасу мерзімі шағымды қарау мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.
6. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген мерзімдер өткен соң тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметке шағым жасау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
7. Әлеуетті өнім берушінің, өнім берушінің шағымы Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес сатып алу веб-порталы арқылы берілуі мүмкін.
8. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген мерзімдерде келіп түскен шағымды қарау нәтижелері бойынша сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет сатып алу қорытындыларының күшін жою және (немесе) оларды қайта қарау не олардың күшін жоюдан және (немесе) оларды қайта қараудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Сатып алу қорытындыларының күшін жою және (немесе) оларды қайта қарау қажеттілігінің жоқтығы туралы тұжырымдарды қамтитын, сатып алу қорытындыларының күшін жоюдан және (немесе) оларды қайта қараудан бас тарту туралы уәжді негіздемесі бар шешім осындай шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде өтініш берушіге жіберіледі.
9. Сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің осы баптың 8-тармағына сәйкес қабылданған шешімімен келіспеген жағдайда, әлеуетті өнім беруші оған сотқа шағым жасауға құқылы.
17-бап. Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасының талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
18-бап. Сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі
1. Мәліметтері мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған жағдайларда және сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларда, ерекше тәртіп қолданылатын сатып алу жүзеге асырылады.
2. Ерекше тәртіп сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
3. Ерекше тәртіп қолданылатын сатып алу сатып алу веб-порталы пайдаланылмай жүзеге асырылады.
19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 6-баптың 4-тармағын қоспағанда, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |