Табиғи монополиялар туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 204-VІ ҚРЗ.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 36-баптан қараңыз.
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға қолайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.
      МАЗМҰНЫ

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңның мақсаттары

      Осы Заңның мақсаттары мыналар болып табылады:

      1) тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізу;

      2) табиғи монополиялар салаларындағы қызметті мемлекеттік реттеудің құқықтық негіздерін айқындау;

      3) реттеліп көрсетілетін қызметтердің тұтынушылар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету;

      4) тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектiлерiнің мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету;

      5) табиғи монополиялар салаларындағы қызметті мемлекеттік реттеу рәсімдерінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету;

      6) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды және оларға сұранысты қанағаттандыруды ынталандыру.

2-бап. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Осы Заңның қолданылуы

      1. Осы Заң табиғи монополиялар субъектiлерi ұсынатын Қазақстан Республикасының көрсетілетін қызметтер нарығында туындайтын қатынастарға қолданылады.

      2. Осы Заңда қамтылмаған қатынастар Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасымен және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамасымен реттеледі.

      3. Осы Заңмен табиғи монополиялар салаларына жатқызылған реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополия субъектісіне қызметті мемлекеттік реттеу және мемлекеттік бақылау реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынуға қатысты ғана қолданылады.

      4. Осы Заңның күші табиғи монополиялар салаларына жатқызылған қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға мынадай:

      1) қызметі өз мұқтаждарына ғана арналған объектiлердi салу мен пайдалануға байланысты болатын;

      2) осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген қызметі жиынтығында мынадай:

      осындай қызметтен түсетін кірістер күнтізбелік бір жылда барлық қызметтен түсетін кірістердің 1 пайызынан аспауға тиіс;

      2012 жылғы 1 қаңтарға қолданыста болған тарифтің деңгейін ұстап-тұру шарттары сақтала отырып, жүзеге асырылатын жағдайлардың бірінде қолданылмайды.

4-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) амортизациялық аударымдар қаражатын мақсатқа сай пайдаланбау – бекітілген тарифте және (немесе) бекітілген тарифтік сметада амортизациялық аударымдар есебінен көзделген қаражатты реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынуда пайдаланылатын тіркелген активтердегі күрделі қаржы салымдарымен және тартылған кредиттік ресурстар бойынша негізгі борышты қайтарумен байланысы жоқ мақсаттарға жіберу;

      3) бақыланатын шығындар – табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынумен байланысты, шамасы табиғи монополия субъектісінің қызметіне қатысты болатын шығындары;

      4) бақыланбайтын шығындар – табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынумен байланысты, шамасы табиғи монополия субъектісінің қызметіне қатысты емес шығындары;

      5) есепке алу аспабы – реттеліп көрсетілетін қызметтерді жеке және (немесе) үй бойынша ортақ тұтынуды коммерциялық есепке алуға арналған, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен қолдануға рұқсат етілген техникалық құрылғы;

      6) жария тыңдаулар – тариф жобасын, есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін табиғи монополиялар салаларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тұтыну нормаларын талқылау және тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында есептер беруді өткізу рәсімі;

      7) инвестициялық бағдарлама – инвестициялық бағдарламаның нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуден немесе табиғи монополия субъектісі қызметінің көрсеткіштерін қолда бар деңгейде сақтаудан көрінетін техникалық-экономикалық және (немесе) экологиялық нәтиже алу мақсатында табиғи монополия субъектісінің қолда бар активтерін кеңейтуге, жаңғыртуға, реконструкциялауға, жаңартуға, ұстап-тұруға және жаңа активтерін жасауға бағытталатын қаражатты салу және қайтару жөніндегі іс-шаралар жоспары;

      8) индекстеу әдісі – қуаты аз табиғи монополия субъектісінің бекітілген тарифті жыл сайын индекстеуі арқылы тарифті қалыптастыру;

      9) қоғамдық мониторинг – қоғамдық ұйымдар мен өзге де мүдделі тұлғалардың бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалу, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталу және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу барысын байқау тетігі;

      10) қуаты аз табиғи монополия субъектісі – мынадай:

      жалпы белгіленген қуаты жиырма Гкал/сағатты қоса алғанға дейінгі жылыту қазандықтарынан жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және (немесе) онымен жабдықтау жөніндегі;

      көлемi жылына бес жүз мың текше метрге дейiн сумен жабдықтау және (немесе) су бұру;

      көлемі жылына отыз миллион текше метрге дейiн суғару үшін су беру жөніндегі;

      бәсекелес кірме жол болмаған кезде көлемі жылына елу мың вагон/км-ге, вагон/сағатқа дейін болатын кірме жолдар;

      көлемі жылына жиырма бес миллион кВт сағатқа дейін электр энергиясын беру жөніндегі;

      әуежайда қызмет көрсетілген жолаушылардың саны жылына үш жүз мың адамнан аз болатын әуежайлар бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополия субъектiсi.

      Қуаты аз табиғи монополия субъектісіне кірісі күнтізбелік бір жылда табиғи монополия субъектісінің барлық реттеліп көрсетілетін қызметінен түсетін кірістің 5 пайызынан аспайтын ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызмет бойынша табиғи монополия субъектісі де жатады. Бұл ретте қалған реттеліп көрсетілетін қызметтер бойынша табиғи монополия субъектісі қуаты аз табиғи монополия субъектісіне жатпайды;

      11) магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне баға шектері – магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерге индекстер түрінде тарифтердің ең жоғары және ең төмен деңгейлері;

      12) өтінім – табиғи монополия субъектісінің уәкілетті органға тарифті бекіту туралы өтініші;

      13) реттеліп көрсетілетін қызметтер – табиғи монополиялар салаларындағы табиғи монополиялар субъектілері ұсынатын және уәкілетті органның мемлекеттік реттеуіне жататын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;

      14) тарифтің болжамды индексі – тарифтің жол берілетін деңгейін оның болжамын есептеу жолымен айқындайтын көрсеткіш;

      15) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштері – тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну процесінің технологиялық және өзге де объективтік өлшемдерін қамтитын реттеліп көрсетілетін қызметтерді бағалау, оның ішінде тәуелсіз сыртқы бағалауға жататын өлшемшарттарының жиынтығы;

      16) стратегиялық тауарлар:

      табиғи монополиялар субъектілері жылу энергиясын өндіру үшін отын ретінде пайдаланатын көмір, газ, мазут және дизель отыны;

      электр энергиясын беру, сумен жабдықтау және (немесе) су бұру салаларындағы табиғи монополиялар субъектiлерi үшiн – электр энергиясы;

      жылу энергиясымен жабдықтау саласындағы табиғи монополиялар субъектілері үшін және жылу энергиясын беру және тарату саласындағы нормативтік ысыраптар үшін – жылу энергиясы;

      тауарлық газды сақтау, жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары және (немесе) газ тарату жүйелері арқылы тасымалдау, топтық резервуарлық қондырғыларды пайдалану, сондай-ақ шикі газды жалғастырушы газ құбырлары арқылы тасымалдау салаларындағы табиғи монополиялар субъектілері үшін өз мұқтаждары мен ысыраптары үшін – газ;

      сумен жабдықтау, жылу энергиясын өндіру салаларындағы табиғи монополиялар субъектілері үшін – су;

      17) стратегиялық тауар өндірушілер – мынадай:

      стратегиялық тауарларды өндіретін;

      стратегиялық тауарларды өндіруге (қайта өңдеуге) арналған шикізаттың меншік иелері болып табылатын;

      тікелей шетелдік өндірушінің атынан Қазақстан Республикасының аумағында стратегиялық тауарларды өткізетін жеке және заңды тұлғалар;

      18) табиғи монополия – тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің белгілі бір түрін өндіру мен ұсынудың технологиялық ерекшеліктеріне байланысты тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің осы түріне сұранысты қанағаттандыру үшін бәсекелестік жағдайлар жасау мүмкін болмайтын немесе экономикалық жағынан тиімсіз болатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер нарығының жай-күйі;

      19) табиғи монополиялар салаларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтер – ғимараттарда табиғи монополиялар субъектілері ұсынатын сумен жабдықтаудың және (немесе) су бұрудың, жылыту және (немесе) ыстық сумен жабдықтау мақсаттары үшін жылу энергиясымен жабдықтаудың реттеліп көрсетілетін қызметтері;

      20) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштері – табиғи монополия субъектісі қызметі нәтижелерінің және тарифті қалыптастыру кезінде ескерілетін оның экономикалық, басқарушылық, өндірістік шығасыларының арақатынасы;

      21) табиғи монополия субъектісі – тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;

      22) тариф – реттеліп көрсетілетін қызмет құнының ақшалай мәні;

      23) табиғи монополия саласының тарифтік реттеу әдісі – тарифті қалыптастыру кезінде қолданылатын әдіс;

      24) тарифтік реттеудің шығындық әдісі – табиғи монополия субъектісінің баптар бойынша айқындалған, экономикалық негізделген шығындарына және пайдасына қарай тарифті қалыптастыру әдісі;

      25) тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі – реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін сақтауға және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуге қарай тарифті қалыптастыру әдісі;

      26) тарифтік смета – уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтің кірістерінің, шығыстарының және көлемдерінің тізбесі;

      27) тарифті саралау – тұтынудың, оның ішінде тұтынушылар тобының шарттарына қарай тарифтің әртүрлі деңгейін белгілеу;

      28) тозуды есепке жазудың тікелей әдісі – амортизацияның жылдық сомасы амортизацияланатын құнды негізгі құралдар мен материалдық емес активтер объектісінің пайдалы қолдану мерзіміне бөлумен айқындалатын амортизация әдісі;

      29) тұтынушы – реттеліп көрсетілетін қызметтерді пайдаланатын немесе пайдалану ниеті бар жеке немесе заңды тұлға;

      30) уақытша өтемдік тариф – тұтынушыларға қаражатты қайтару мақсатында уәкілетті орган белгілі бір мерзімге бекітетін тариф;

      31) уақытша төмендету коэффициенті – тұтынушылар мен табиғи монополия субъектісінің мүдделерін қорғау мақсатында уәкілетті орган бекіткен және тарифке қолданылатын шама;

      32) уәкілетті орган – тиісті табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      33) "электрондық үкіметтің" веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің "бірыңғай терезесін" білдіретін ақпараттық жүйе.

5-бап. Табиғи монополиялар салалары

      1. Қазақстан Республикасында табиғи монополиялар салаларына:

      1) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеу және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге экспорттау мақсатында мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін тасымалдауды қоспағанда, оларды магистральдық құбыржолдар арқылы тасымалдау жөніндегі;

      2) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеу және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге экспорттау мақсатында тауарлық газды сақтауды, тасымалдауды қоспағанда, тауарлық газды сақтау, жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары және (немесе) газ тарату жүйелері арқылы тасымалдау, топтық резервуарлық қондырғыларды пайдалану, сондай-ақ шикі газды жалғастырушы газ құбырлары арқылы тасымалдау жөніндегі;

      3) электр энергиясын беру жөнiндегi;

      4) топырақтың жылуын, жерасты суларын, өзендерді, су айдындарын, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және электр станцияларының, кәріздік-тазарту құрылысжайларының сарқынды суларын пайдалана отырып өндірілген жылу энергиясын қоспағанда, жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және (немесе) онымен жабдықтау жөніндегі;

      5) электр энергиясын желiге беруді техникалық диспетчерлендiру және тұтыну жөніндегі;

      6) электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімін ұйымдастыру жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтер;

      7) жүктерді контейнерлермен тасу, бос контейнерлерді тасу және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүктерді транзиттік тасу кезінде магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін қоспағанда, магистральдық теміржол желілерінің;

      8) бәсекелес теміржол болмаған кезде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары, оның ішінде концессия шарттары бойынша теміржол көлігінің объектілері бар теміржолдардың;

      9) бәсекелес кірме жол болмаған кезде кірме жолдардың;

      10) халықаралық және транзиттік ұшуға аэронавигациялық қызмет көрсетуді қоспағанда, аэронавигацияның;

      11) портта көрсетілетін қызметтер нарығында бәсекелестік болмаған кезде порттардың;

      12) Қазақстан Республикасының әуежайларында коммерциялық емес мақсаттарда және халықаралық бағыттар бойынша техникалық қонуды жүзеге асыра отырып, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы транзиттік ұшып өтуді жүзеге асыратын авиатасымалдарға қызмет көрсетуді қоспағанда, әуежайлардың реттеліп көрсетілетін қызметтері;

      13) шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін қоспағанда, кәбілді арнаны мүліктік жалдауға (жалға) немесе пайдалануға беру жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтер;

      14) сумен жабдықтау және (немесе) су бұрудың реттеліп көрсетілетін қызметтері жатады.

      2. Табиғи монополиялар субъектiлерi реттеліп көрсетiлетiн қызметтерін көрсете отырып, Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiркелiмiне енгiзуге жатады.

      3. Табиғи монополиялар салаларын кеңейту Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАР САЛАЛАРЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТТІ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

6-бап. Табиғи монополиялар салаларындағы қызметті мемлекеттік реттеу

      Табиғи монополиялар салаларындағы қызметті мемлекеттік реттеу:

      1) Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімін қалыптастыру;

      2) тарифті қалыптастыру, белгілеу және бекіту;

      3) табиғи монополиялар салаларының тарифтік реттеу әдістерін айқындау;

      4) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табиғи монополия субъектісінің жекелеген әрекеттерді жасауына келісім беру, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінен реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асыруы туралы хабарламаны қабылдау;

      5) реттеліп көрсетілетін қызметтердің тізбесін қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады.

7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың орындалуын ұйымдастырады;

      2) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

8-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкiлеттi орган:

      1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне, осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғи монополиялар субъектiлерiнің қызметін мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады;

      2) табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      3) жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкіметіне табиғи монополиялар салаларының жай-күйі туралы, бекітілген тарифтік сметалардың орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есептер ұсынады;

      4) Табиғи монополиялар субъектiлерiнің мемлекеттік тіркелімін қалыптастырады және жүргізеді;

      5) тарифтерді қалыптастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      6) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      7) реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынудың үлгілік шарттарын әзірлейді және бекітеді;

      8) өтінімді қарауға қабылдайды не оны қабылдаудан бас тартады;

      9) өткізілетін күні мен орны туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялай отырып, жария тыңдаулар өткізеді;

      10) осы Заңда көзделген жағдайларда тарифті бекітеді;

      11) қуаты аз табиғи монополия субъектісінің тарифін индекстеу деңгейін айқындайды;

      12) тарифтік сметаны бекітеді және өзі бекіткен тарифтік сметаға өзгерістер енгізеді;

      13) осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 10), 12) және 13) тармақшаларында көзделген реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілерін қоспағанда, Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің бекітілген инвестициялық бағдарламасын өзге мемлекеттік органмен бірлесе отырып бекітеді және оларға өзгерістер енгізеді;

      14) Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің бекітілген инвестициялық бағдарламасын жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып бекітеді және оларға өзгерістер енгізеді;

      15) уақытша өтемдік тарифті бекітеді;

      16) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табиғи монополия субъектісінің жекелеген әрекеттерді жасауына келісім береді, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінен реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асыруы туралы хабарламаны қабылдайды;

      17) тиісті мемлекеттік органдармен келісу бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін әзірлейді және бекітеді;

      18) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерін әзірлейді және бекітеді;

      19) жеке және заңды тұлғалардан, оның iшiнде мемлекеттiк органдардан, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарынан, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарынан өз өкiлеттiктерін жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратты сұратады және алады;

      20) табиғи монополиялар субъектісіне Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзушылықты жою туралы нұсқама енгізеді;

      21) осы Заң бұзылған жағдайларда сотқа жүгiнеді;

      22) табиғи монополиялар субъектілерінің бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептеріне талдау жүргізеді;

      23) табиғи монополиялар субъектілері мен тұтынушылардың өтініштерін қарайды;

      24) тарифті қалыптастыру бөлігінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының, оның ішінде концессиялық жобаның конкурстық құжаттамасын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының, оның ішінде концессия шартының жобаларын, оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді келіседі;

      25) реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде технологиялық циклде пайдаланылатын мүлік мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органдардан, оның ішінде электр желілері басқа энергия беруші ұйымдардан өтеусіз пайдалануға балансқа алынған кезде және (немесе) сенімгерлік басқаруға қабылданған жағдайда, тарифті жоғарылатпастан бекітілген тарифтік сметаға өзгеріс енгізеді;

      26) уақытша төмендету коэффициентін бекітеді;

      27) табиғи монополиялар салалары бойынша бес жылдық кезеңге тарифтің болжамды индексін айқындайды;

      28) есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін табиғи монополиялар салаларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтер үшін төлемақы мөлшерін бекітеді;

      29) магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне баға шектерін бекітеді;

      30) тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне бекітілген баға шектеріне жыл сайын түзету жасайды;

      31) табиғи монополия саласының тарифтік реттеу әдісін айқындайды;

      32) реттеліп көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекітеді;

      33) тарифтері тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі қолданыла отырып бекітілетін табиғи монополиялар субъектілерінің тізбесін бекітеді;

      34) табиғи монополиялар субъектілерімен бірлесіп айына бір реттен сиретпей тұтынушыларды қабылдауды жүргізеді;

      35) жергілікті атқарушы органдарға есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін табиғи монополиялар салаларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тұтыну нормаларына келісім береді;

      36) құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдау және беру жағдайларын қоспағанда, табиғи монополия субъектісіне осы Заңның 15-бабы 23-тармағының 8) тармақшасына сәйкес есепке алу аспаптарын сатып алу және орнату үшін төлемақы алу мөлшеріне келісім береді;

      37) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

9-бап. Өзге мемлекеттік органдардың құзыреті

      Энергетика, теміржол көлігі, газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және көтерме саудада өткізу, сондай-ақ тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және тұтыну, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы мемлекеттік органдар:

      1) өз құзыреті шегінде табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;

      2) бәсекелес кірме жол болмаған кезде кірме жолдардың реттеліп көрсетілетін қызметтері бойынша Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің, сондай-ақ Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасын уәкілетті органмен бірлесе отырып бекітеді және оған өзгерістер енгізеді;

      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

10-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:

      1) өз құзыреті шегінде табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;

      2) осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 9), 10), 12) және 13) тармақшаларында көзделген реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілерін қоспағанда, Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасын уәкілетті органмен бірлесе отырып бекітеді және оған өзгерістер енгізеді;

      3) есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін табиғи монополиялар салаларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тұтыну нормаларын уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді және олар бекітілгенге дейін бір ай бұрын жария тыңдаулар өткізеді;

      4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

11-бап. Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімін қалыптастыру

      1. Реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың уәкілетті орган қалыптастыратын тізімі Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімі болып табылады.

      Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізілмеген тұлғалардың реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынуына жол берілмейді.

      2. Реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға реттеліп көрсетілетін қызметті тұтынушыларға ұсынуды бастаған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне өзін енгізу туралы өтінішпен уәкілетті органға жүгінеді.

      3. Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімін қалыптастыру және жүргізу оған табиғи монополиялар субъектілерін енгізу және одан алып тастау арқылы жүзеге асырылады.

      4. Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімі республикалық және жергілікті бөлімдерден тұрады.

      5. Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне екі және одан көп облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумағында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілері енгізіледі.

      Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөлімдеріне бір облыстың немесе республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың аумағында реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілері енгізіледі.

      Аэронавигацияның, порттардың, әуежайлардың реттеліп көрсетілетін қызметтерін, кәбілді арнаны мүліктік жалдауға (жалға) немесе пайдалануға беру жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілері Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне енгізіледі.

      6. Реттеліп көрсетілетін қызметті өзі ұсынатын орны бойынша Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізілуге жататын шетелдік заңды тұлғаны қоспағанда, Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне табиғи монополия субъектісі дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның тіркеу орны бойынша енгізіледі.

      7. Реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынуды тоқтатқан жағдайда, табиғи монополия субъектісі күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей уәкілетті органға өзін Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінен алып тастау туралы өтініш береді.

12-бап. Табиғи монополиялар салаларының тарифтік реттеу әдістері

      1. Тарифті қалыптастыру кезінде табиғи монополиялар салаларының мынадай тарифтік реттеу әдістері қолданылады:

      1) шығындық;

      2) ынталандыру;

      3) индекстеу;

      4) жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты негізінде тарифті айқындау.

      2. Табиғи монополия саласын тарифтік реттеу әдісі жиынтығында мынадай шарттар сақталған:

      1) табиғи монополия саласын тарифтік реттеудің тиісті әдісін қолдануға табиғи монополия субъектісінің экономикалық және технологиялық әзірлігі болған;

      2) табиғи монополия субъектісі мен тұтынушыларға олар орындай алмайтын міндеттерді жүктеуге жол берілмеген жағдайда қолданылады.

13-бап. Табиғи монополия субъектісінің жекелеген әрекеттерді жасауына келісім беру

      1. Табиғи монополия субъектісі:

      1) осы тармақтың 1-1) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, егер ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста есепке алынған мүліктің баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік балансқа сәйкес оның активтерінің баланстық құнының 0,05 пайызынан асатын болса, реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін пайдаланылатын мүлікпен мәмілелер жасауға;

      1-1) кірме жолдардың реттеліп көрсетілетін қызметін ұсыну үшін пайдаланылатын мүлікпен мәмілелер жасауға;

      2) қайта ұйымдастыруға немесе таратуға уәкілетті органның келісімін алуға міндетті.

      2. Табиғи монополия субъектісінің осы баптың 1-тармағында көзделген жекелеген әрекеттерді жасауына келісім беруден, егер:

      1) бұл тарифті жоғарылатуға алып келсе;

      2) бұл тұтынушылармен жасалатын шарттардың бұзылуына алып келсе;

      3) бұл тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге алып келсе;

      4) бұл реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынудың тығыз байланысты технологиялық жүйесінің бұзылуына немесе реттеліп көрсетілетін қызмет сапасының төмендеуіне алып келсе;

      4-1) кірме жолдардың реттеліп көрсетілетін қызметін ұсыну үшін пайдаланылатын мүлік табиғи монополия субъектісінің меншігінде реттеліп көрсетілетін қызметті көрсету күнінен бастап он сегіз айдан аз болса;

      4-2) кірме жолдардың реттеліп көрсетілетін қызметтерін көрсететін табиғи монополия субъектісі негізсіз алынған кірісті тұтынушыларға бекітілген уақытша өтемдік тарифке сәйкес өтеуді жүргізбесе;

      5) осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген құжаттардың толық емес топтамасы ұсынылса не ұсынылған құжаттарда анық емес ақпарат (мәліметтер) қамтылса, бас тартылуға тиіс.

      3. Егер ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста есепке алынған мүліктің баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк балансқа сәйкес оның активтерінің баланстық құнының 0,05 пайызынан асатын болса, реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін пайдаланылатын мүлікпен мәмілелер жасауға уәкілетті органның келісімін алу үшін табиғи монополия субъектісі иеліктен шығарылатын объектілер бойынша бөліністе иеліктен шығарылатын мүліктің атауы, типі, түрі, түгендеу нөмірі, бастапқы, қалдық құны көрсетіле отырып, табиғи монополия субъектісінің басшысы қол қойған ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланстан үзінді көшірме-растауды қоса тіркей отырып қоса өтінішхат ұсынады.

      4. Табиғи монополия субъектісі қайта ұйымдастыруға немесе таратуға уәкілетті органның келісімін алу үшін:

      1) бірігу, қосылу, қайта құрылу кезінде – тапсыру актісінің көшірмесін;

      2) бөлу, бөлініп шығу кезінде – бөлу балансының көшірмесін;

      3) тарату кезінде – тарату балансының көшірмесін тіркей отырып қоса өтінішхат ұсынады.

      5. Осы баптың 1-тармағында көзделген жекелеген әрекеттерді жасау үшін табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес белгіленген нысан бойынша осындай әрекеттерді жүзеге асыруға келісім беру туралы өтінішхатты және осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес құжаттарды ұсынуға міндетті.

      Қуаты аз табиғи монополия субъектісі қайта ұйымдастырылғанға немесе таратылғанға дейін кемінде күнтізбелік он күн бұрын уәкілетті органға өзінің көрсетілген әрекеттерді жасау ниеті туралы ақпаратты жіберуге міндетті.

      6. Табиғи монополия субъектісі өтінішхатқа қоса берілетін құжаттарды тізімдеме бойынша ұсынады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2019 № 295-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізілді) Заңымен.

14-бап. Табиғи монополия субъектісінің уәкілетті органды реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асыруы туралы хабардар ету тәртібі

      1. Табиғи монополия субъектісі реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асырған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде бұл жөнінде уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.

      2. Табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асыруы туралы хабарламасы уәкілетті органға тікелей де, рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы да берілуі (жіберілуі) мүмкін.

3-тарау. ТАРИФТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

15-бап. Тарифті қалыптастыру тәртібі

      1. Тариф реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну бойынша шығындардың орнын толтыруды және табиғи монополия субъектісін дамытуға және оның тиімді жұмыс істеуіне және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де мақсаттарға бағытталатын пайда алуды қамтамасыз етуге тиіс.

      2. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тариф бес және одан көп жыл мерзімге белгіленеді.

      3. Тарифтің қолданылу мерзімі өткен жағдайда, табиғи монополия субъектісі, бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыруға тартылған қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге бағытталған қаражатты қоспағанда, бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыруға бағытталған қаражатты (амортизациялық аударымдар мен пайданы) есепке алмастан, уәкілетті орган бекіткен тариф бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынады.

      4. Уәкілетті органның тарифті бекітуі үшін табиғи монополия субъектісі өтінім ұсынады.

      5. Өтінім электрондық нысанда ұсынылады.

      6. Уәкілетті орган өтінімді ұсынылған күнінен бастап тоқсан жұмыс күні ішінде қарайды.

      7. Өтінімге мыналар қоса беріледі:

      1) тарифтің (не салалық ерекшеліктерді есепке ала отырып прейскуранттың) жобасы;

      2) негіздейтін материалдар уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қоса тіркеле отырып тарифтік сметаның жобасы;

      3) тарифті бекіту қажеттігі туралы анықтама-негіздеме;

      4) инвестициялық бағдарламаның жобасы немесе бекітілген инвестициялық бағдарлама;

      5) негізгі құралдар құнының өсуіне алып келмейтін жөндеуге бағытталған шығындар сметасы;

      6) алдыңғы күнтізбелік екі жыл үшін қаржылық есептілік;

      7) мыналар:

      қаржы-шаруашылық қызметі туралы, инвестициялық қызмет туралы;

      мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша алдыңғы күнтізбелік екі жыл үшін негізгі қорларының жай-күйі, жекелеген лауазымдар мен кәсіптер бойынша және еңбек бойынша жұмыскерлер жалақысының мөлшері туралы есептер;

      8) шығыстардың баптар бойынша есеп-қисаптары;

      9) пайданың есеп-қисабы;

      10) тиісті салада (аяда) қолданылатын үлгілік нормалар мен нормативтер негізінде жүргізілген персонал санының, шикізат, материалдар, отын, энергия қажеттілігінің және техникалық ысыраптардың есеп-қисаптары;

      11) алдыңғы күнтізбелік жыл үшін материалдық, қаржылық ресурстарды, жабдықтарды және тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі конкурстық (тендерлік) комиссиялар шешімдерінің көшірмесі;

      12) бекітілген инвестициялық бағдарлама (жоба) іске асырылғанға дейін пайдаланылатын және жылдарға бөле отырып, ұзақ мерзімді кезеңде бекітілген инвестициялық бағдарламаны (жобаны) іске асыру кезінде пайдалануға берілетін негізгі құралдарға амортизациялық аударымдардың есеп-қисабы;

      13) қарыз ресурстарын қаржыландыру және олардың орнын толтыру шарттары туралы растайтын құжаттар;

      14) табиғи монополия субъектісінің жобалық қуаты және оны нақты пайдалану туралы деректер;

      15) реттеліп көрсетілетін қызметтердің жоспарланатын көлемін растайтын құжаттар (реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтынудың нақты көлемдері көрсетілген шарттардың тізілімі, реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтыну көлемдерінің төмендегенін растайтын құжаттар, жалпыға бірдей сапалы қызмет көрсету міндеті және табиғи монополия субъектісінің мүмкіндіктері, тарифтер деңгейін ұстап-тұру немесе өсіру мақсатында көлемдерді төмендетуге жол бермеу негізінде реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтыну көлемдерінің есеп-қисаптары, тұтынушылық сұранысты маркетингтік зерттеу материалдары);

      16) өтінім ұсынудың алдындағы төрт тоқсан үшін және алдыңғы күнтізбелік жыл үшін реттеліп көрсетілетін қызметтердің шығындары туралы және көлемдері туралы нақты деректерді растайтын құжаттар.

      Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісін қолдана отырып тарифті бекіту кезінде өтінімге осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 3), 4), 6), 7), 9), 10), 13), 14) және 15) тармақшаларында көзделген құжаттар, сондай-ақ негіздейтін материалдарды қоса тіркей отырып, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерінің жобалары қоса беріледі.

      8. Тізбесін уәкілетті орган айқындайтын табиғи монополиялар субъектілері үшін тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі қолданылатын тарифтерді бекіту жағдайларын қоспағанда, табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға бекітілген тарифтің қолданылу мерзімі өткеннен кейін тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі қолданылатын тарифті бекітуге өтінім ұсынуға құқылы.

      9. Уәкілетті орган өтінімді алған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей қоса берілетін есеп-қисаптар мен негіздейтін материалдардың толықтығын осы баптың 7-тармағына сәйкестігіне тексереді және табиғи монополия субъектісіне өтінімнің қарауға қабылданғаны немесе осы баптың 11-тармағына сәйкес бас тарту себептерін көрсете отырып, оны қабылдаудан бас тартылғаны туралы жазбаша түрде хабарлайды.

      10. Осы баптың 7-тармағына сәйкес өтінімге қоса берілетін есеп-қисаптар мен негіздейтін материалдар мынадай рәсімдер сақтала отырып ұсынылады:

      1) тігіледі, нөмірленеді және табиғи монополия субъектісінің басшысы не оны алмастыратын адам, не табиғи монополия субъектісі басшысының орынбасары қол қояды. Бұл талап өтінімді электрондық нысанда ұсынуға қолданылмайды;

      2) реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түріне жеке дайындалады.

      11. Өтінімді қабылдаудан бас тартуға мыналар негіздер болып табылады:

      1) табиғи монополия субъектісінің осы баптың 7-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбауы;

      2) ұсынылған құжаттардың осы баптың 10-тармағына сәйкес келмеуі;

      3) осы Заңның 25-бабының 7-тармағында көзделмеген мәліметтерді коммерциялық құпияға жатқызу.

      12. Өтінімді қараған кезде қосымша ақпарат қажет болған жағдайда, уәкілетті орган оны табиғи монополия субъектісінен мерзімді, бірақ кемінде бес жұмыс күнін белгілей отырып, жазбаша түрде сұратуға құқылы.

      13. Жария тыңдауларды уәкілетті орган тарифті бекіту кезінде – тариф бекітілгенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, тарифті оңайлатылған тәртіппен бекіту кезінде, сондай-ақ осы Заңның 22-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген жағдайларда тариф бекітілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей өткізеді.

      14. Табиғи монополия субъектісі жария тыңдаулардың өткізілетін күні мен орны туралы хабарландыру мерзімді баспасөз басылымында жарияланғаннан кейін жария тыңдауларға қатысушылардың талабы бойынша:

      тарифтің және тарифтік сметаның жобаларын;

      экономикалық негізделген есеп-қисаптармен бірге тарифтің өзгеру себептері туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.

      15. Уәкілетті орган өтінімді қараудың қорытындысы бойынша тарифтің, тарифтік сметаның және инвестициялық бағдарламаның жобаларын түзетуге құқылы.

      16. Бекітілетін кезде тариф:

      1) тұтынушының есепке алу аспабының болуына немесе болмауына;

      2) тұтынушылар тобына;

      3) таситын жүктердің түріне, жылжымалы құрамның типіне, тасудың арақашықтығына, таситын жүктердің көлеміне (салмағына) қарай саралануы мүмкін.

      17. Тарифті бекіту туралы шешім табиғи монополия субъектісіне оны бекіту туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірілмей жіберіледі.

      Тарифті бекіту туралы шешіммен бірге табиғи монополия субъектісі өтініммен бірге ұсынған шығындар, пайда және бекітілген инвестициялық бағдарлама іс-шараларының баптарына өзгерістер мен нақтылаулардың негіздемесі жіберіледі.

      18. Тариф, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тариф бекітілген айдан кейінгі екінші айдың бірінші күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      19. Табиғи монополия субъектісі тарифтің бекітілгені туралы ақпаратты ол қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей тұтынушының назарына жеткізуге міндетті.

      20. Егер табиғи монополия субъектісі осы Заңда белгіленген мерзімдерде тұтынушыға тарифтің енгізілетіні туралы хабарламаса, онда көрсетілген тариф уәкілетті органның шешімінде көрсетілген күннен бастап енгізілмейді. Бекітілген тарифті енгізу тариф бекітілген айдан кейінгі үшінші айдың бірінші күнінен бастап жүзеге асырылады.

      21. Табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға тарифті жоғарылатпай бекітілген тарифтік сметаны өзгерту туралы өтінішпен ағымдағы күнтізбелік жылдың 1 қарашасына дейін жүгінуге құқылы.

      22. Тарифтерді қалыптастыру қағидалары мыналарды айқындайды:

      1) осы Заңда көзделген табиғи монополиялар салаларының тарифтік реттеу әдістері ескерілген тарифті есептеу тетігі;

      2) уақытша өтемдік тарифті бекіту тәртібі;

      3) тарифті саралау тәртібі;

      4) тарифті оңайлатылған тәртіппен бекіту тәртібі;

      5) инвестициялық бағдарламаны және оның өзгерісін бекіту тәртібі;

      6) жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты негізінде тарифті айқындау тәртібі;

      7) уақытша төмендету коэффициентін бекіту тәртібі;

      8) реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түрі бойынша және тұтастай алғанда реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызмет бойынша кірістерді, шығындар мен тартылған активтерді бөлек есепке алуды жүргізу тәртібі;

      9) сырттағы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылу энергиясымен жабдықтау бойынша реттеліп көрсетілетін қызмет құнын қайта есептеу тәртібі;

      10) табиғи монополия субъектісі пайдасының жол берілетін деңгейін айқындау тәртібі;

      11) уәкілетті орган бекіткен тарифті оның қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгерту тәртібі;

      12) тарифте есепке алынатын және есепке алынбайтын шығындар тізбесі, тарифте есепке алынатын шығындардың мөлшерін шектеу тәртібі;

      13) тарифті индекстеу тәртібі;

      14) тариф, тарифтік смета, инвестициялық бағдарлама жобаларының, бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы есептердің нысандары;

      15) магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне баға шектерін есептеудің және оларды жыл сайынғы түзетудің тетігі;

      16) магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне баға шектерін қолдану тәртібі;

      17) тарифтің болжамды индексін есептеу және қолдану тәртібі.

      23. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидалары мыналарды айқындайды:

      1) Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізу және одан алып тастау тәртібі;

      2) жария тыңдаулар өткізу тәртібі;

      3) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табиғи монополия субъектісінің жекелеген әрекеттерді жасауына келісім беру, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінен реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асыруы туралы хабарламаны қабылдау тәртібі;

      4) табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуды өткізу тәртібі;

      5) реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің тең жағдайларын қамтамасыз ету тәртібі;

      6) тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында бекітілген тарифтік сметалардың орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерін өткізу тәртібі;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік құпияларға және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерді қоспағанда, бос және қолжетімді қуаттардың, сыйымдылықтардың, орындардың, табиғи монополия субъектісі желілерінің өткізу қабілеттерінің бар екендігі туралы ақпаратты, сондай-ақ табиғи монополиялар салаларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтердің инженерлік коммуникацияларының схемаларын орналастыру тәртібі;

      8) есепке алу аспабын сатып алу және орнату үшін төлемақыны келісу тәртібі;

      9) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерін бекіту тәртібі;

      10) табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібі;

      11) мыналардың:

      егер ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк баланста есепке алынған мүліктің баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк балансқа сәйкес оның активтерiнiң баланстық құнының 0,05 пайызынан асатын болса, реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін пайдаланылатын мүлікпен мәмiлелер жасауға және табиғи монополия субъектiсін қайта ұйымдастыруға немесе таратуға келісім беру туралы өтінішхаттардың;

      табиғи монополия субъектісінің тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдындағы:

      бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы;

      бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы;

      реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы туралы;

      табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерінің нысандары;

      12) тұтынушыларға және (немесе) уәкілетті органға тариф, оның өзгергені туралы хабарлау тәртібі;

      13) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін бекіту тәртібі;

      14) бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуына, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуына және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуге қоғамдық мониторинг және (немесе) техникалық сараптама жүргізу тәртібі.

      24. Тарифтерді қалыптастыру тәсілдері:

      1) уәкілетті органның тарифті бекітуі;

      2) табиғи монополия субъектісінің тарифті белгілеуі;

      3) жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты негізінде тарифті айқындау.

16-бап. Тарифтік реттеудің шығындық әдісі

      1. Тарифтік реттеудің шығындық әдісі қолданылатын тарифті уәкілетті орган экономикалық негізделген шығындар мен пайданы айқындау жолымен бес және одан көп жыл мерзімге бекітеді.

      2. Тарифтік реттеудің шығындық әдісі мыналарды көздейді:

      1) экономикалық негізділігін ескере отырып, тарифте есепке алынатын шығындардың түрлері мен мөлшерлерін шектеу;

      2) тиісті салада (аяда) қолданылатын үлгілік нормалар мен нормативтер негізінде айқындалған, олар болған жағдайда шикізат, материалдар, отын, энергия шығыстарының техникалық және технологиялық нормаларын, нормативтік техникалық ысыраптарды, персоналдың нормативтік санын қолдану;

      3) жылдарға бөле отырып тарифтік сметаны бекіту;

      4) тозуды есепке жазудың тікелей әдісін қолдану;

      5) осы Заңның 23-бабына және табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес табиғи монополия субъектісінің сатып алуларды өткізуі;

      6) табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну кезінде тартылған активтерінің баланстық немесе қайта бағаланған құнын және уәкілетті орган айқындаған әдіс бойынша есептелген пайда мөлшерлемесін және бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін қажетті қаражат көлемін ескере отырып пайданың жол берілетін деңгейін айқындау;

      7) инвестициялық бағдарламаны бекіту;

      8) бекітілген тарифтік смета шығындарының баптарын орындамағаны, амортизациялық аударымдардың және бекітілген инвестициялық бағдарлама іс-шараларының қаражатын мақсатқа сай пайдаланбағаны үшін уақытша өтемдік тарифті бекіту.

17-бап. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі

      1. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі қолданылатын тарифті уәкілетті орган реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерін ескере отырып, бес және одан көп жыл мерзімге бекітеді.

      2. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі мыналарды көздейді:

      1) экономикалық негізділігін ескере отырып, тарифте есепке алынатын шығындардың түрлері мен мөлшерлерін шектеу;

      2) тиісті салада (аяда) қолданылатын үлгілік нормалар мен нормативтердің негізінде айқындалған, олар болған жағдайда шикізат, материалдар, отын, энергия шығыстарының техникалық және технологиялық нормаларын, нормативтік техникалық ысыраптарды, персоналдың нормативтік санын қолдану.

      Осы тармақшаның күші тарифтік реттеудің шығындық әдісінен тарифтік реттеудің ынталандыру әдісіне өткен жағдайда тарифті бекіту кезінде қолданылады;

      3) бақыланатын және бақыланбайтын шығындарды айқындау;

      4) бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындамағаны үшін уақытша өтемдік тарифті және бақыланбайтын шығындарды бекіту;

      5) инвестицияланған капиталды қайтаруды және инвестицияланған капиталдың кірістілік нормаларын, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынуы кезінде тартылған активтерінің баланстық құнын және уәкілетті орган айқындаған әдіс бойынша есептелген пайда мөлшерлемесін ескере отырып пайданы айқындау;

      6) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін айқындау;

      7) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерін айқындау;

      8) тозуды есепке жазудың тікелей әдісін қолдану;

      9) инвестициялық бағдарламаны бекіту.

18-бап. Индекстеу әдісі

      1. Индекстеу әдісі қолданылатын тарифті қуаты аз табиғи монополия субъектісі бекітілген тарифті уәкілетті орган айқындайтын деңгейден асырмай индекстеу жолымен жыл сайын белгілейді.

      2. Тарифті индекстеу деңгейі Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму өлшемдері ескеріле отырып, жыл сайын күнтізбелік жыл басталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей айқындалады.

19-бап. Жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты негізінде тарифті айқындау

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны қарау кезінде тариф реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін қажетті шығындар құнынан төмен болмауға, сондай-ақ мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес салған инвестициялардың қайтарылуын және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жобасының, оның ішінде концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес салынған инвестициялардың кірістілік деңгейін қамтамасыз етуге тиіс.

      2. Жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты, бекітілген инвестициялық бағдарлама негізінде тарифті айқындау тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Тарифті айқындау мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісінің, оның ішінде концессионердің немесе уәкілетті органның бастамасы бойынша жүргізіледі.

      4. Тарифтің қолданылу мерзімі мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісінің, оның ішінде концессионердің бекітілген инвестициялық бағдарламаны және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын, оның ішінде концессия шартын іске асыру мерзімінен аспайтын кезеңге белгіленеді.

20-бап. Тарифтi оңайлатылған тәртiппен бекiту

      1. Уәкілетті орган:

      1) алғаш рет құрылған табиғи монополия субъектісінің;

      2) жаңа реттелетін қызметті (жаңа реттелетін қызметтерді) көрсететін табиғи монополия субъектісінің;

      3) егер қолданыстағы тариф объектiлер және (немесе) учаскелер бойынша бөлек бекiтiлген болса, жаңа объектiлерді және (немесе) учаскелерді сатып алған (салған) жағдайда;

      3-1) көрсетілетін қызметтеріне субъектіге тариф бекітілген кірме жолдардың ажырамас бөлігі болып табылмайтын кірме жолдардың жаңа учаскелері сатып алынған (салынған) жағдайда;

      4) қуаты аз табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетiлетiн қызметiне тарифтi оңайлатылған тәртiппен бекітедi.

      2. Өтінімді қарау ұсынылған күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімді құрайды.

      3. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген табиғи монополиялар субъектілері үшін оңайлатылған тәртіппен бекітілген тарифтің қолданылу мерзімі он екі айдан аспауға тиіс.

      4. Оңайлатылған тәртіппен бекітілген тарифті қолданысқа енгізу тариф бекітілген айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап жүзеге асырылады.

      5. Осы баптың 1-тармағында аталған табиғи монополиялар субъектілері үшін оңайлатылған тәртіппен бекітілген тарифтің қолданылу мерзімі өткеннен кейін тариф тарифтік реттеудің шығындық әдісі қолданыла отырып, күнтізбелік бір жылға бекітіледі.

      Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген табиғи монополиялар субъектілері үшін оңайлатылған тәртіппен бекітілген тариф көтерілген жағдайда, уәкілетті орган жаңа тарифтерді енгізумен бір мезгілде табиғи монополиялар субъектілерінің негізсіз алған кірісін тұтынушыларға өтеу туралы шешім қабылдауға міндетті.

      6. Осы баптың 1-тармағында аталған табиғи монополиялар субъектілері тариф қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей тұтынушыларға тарифтің, бекітілген тарифтік сметаның өзгеру себептерін қамтитын ақпаратты ұсына отырып, бұл жөнінде хабарлайды.

      7. Жасалған мәміленің немесе банкрот деп танылған борышкер − табиғи монополия субъектісінің мүліктік массасын өткізудің нәтижесінде оның активтері өз меншігіне түскен табиғи монополия субъектісі жаңа тариф бекітілгенге дейін, бірақ активтер түскен күннен бастап алты айдан асырмай, осы активтердің алдыңғы меншік иесі үшін бекітілген тариф бойынша тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметтер ұсынуды жалғастырады.

      8. Уәкілетті орган тариф оңайлатылған тәртіппен бекітілетін кезде ол бекітілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жария тыңдаулар өткізеді.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2019 № 295-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізілді) Заңымен.

21-бап. Инвестициялық бағдарламаны бекіту және оны өзгерту

      1. Инвестициялық бағдарлама Қазақстан Республикасының даму басымдықтары және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері ескеріле отырып әзірленеді және:

      1) реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынудың технологиялық циклінде тікелей пайдаланылатын қолданыстағы активтерді кеңейтуге, жаңғыртуға, реконструкциялауға, жаңартуға, жаңа активтерді жасауға;

      2) энергия үнемдеуді қамтамасыз етуге және энергия тиімділігін арттыруға;

      3) ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған іс-шараларды көздейді.

      2. Инвестициялық бағдарламаны:

      1) уәкілетті орган табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін сақтау және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуі тұрғысынан;

      2) құзыреті осы Заңның 9 және 10-баптарында көзделген өзге мемлекеттік орган не жергілікті атқарушы орган, ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыру мақсатында технологиялық негізділік және реттеліп көрсетілетін қызметтерге тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру тұрғысынан қарайды.

      3. Инвестициялық бағдарламаның жобасын қараған кезде:

      1) осы баптың 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмейтін;

      2) қаржыландыру көзімен қамтамасыз етілмеген;

      3) негіздейтін құжаттармен расталмаған іс-шаралар алып тасталады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес инвестициялық бағдарламаның барлық іс-шараларын алып тастау инвестициялық бағдарламаны бекітуден бас тартуға негіз болып табылады.

      4. Құзыреті осы Заңның 8, 9 және 10-баптарында көзделген уәкілетті органның, өзге мемлекеттік органның не жергілікті атқарушы органның инвестициялық бағдарламаны бекітуден бас тартуы тарифті бекітуден бас тартуға негіз болып табылады.

      5. Инвестициялық бағдарлама тарифтің қолданылу мерзіміне бекітіледі.

      6. Бекітілген инвестициялық бағдарламаның іске асырылуы және оны іске асыруға тартылған қарыз қаражатының қайтарылуы:

      тарифте есепке алынған пайданың және амортизациялық аударымдардың есебінен;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен жүзеге асырылады.

      7. Табиғи монополия субъектісі құзыреті осы Заңның 8, 9 және 10-баптарында көзделген уәкілетті органға және (немесе) өзге мемлекеттік органға не жергілікті атқарушы органға бекітілген инвестициялық бағдарламаны тарифті жоғарылатпай өзгерту туралы өтінішпен ағымдағы жылғы 1 қарашаға дейін бір мезгілде жүгінуге құқылы.

      Мемлекеттік бағдарламалар іске асырылған жағдайда, табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға және (немесе) өзге мемлекеттік органға не жергілікті атқарушы органға бекітілген инвестициялық бағдарламаны өзгерту туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.

      8. Табиғи монополия субъектісі бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын табиғи монополия субъектісіне байланысты емес себептер (шарттың екінші тарапы міндеттемелерін орындамауы, конкурсты (тендерді) өткізілмеді деп тану, еңсерілмейтін күштің мән-жайлары салдары) бойынша орындамаған жағдайда, бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындау мерзімдері олар іске асырылатын жылдан кейінгі жылдың 1 наурызына дейін келесі күнтізбелік жылға ауыстырылуы мүмкін.

      Бекітілген ивестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындау мерзімдерін қайта ауыстыруға жол берілмейді.

22-бап. Уәкілетті орган бекіткен тарифті қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгерту тәртібі

      1. Уәкілетті орган бекіткен тарифті қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгертуге мыналар негіздер болып табылады:

      1) стратегиялық тауарлар құнының және (немесе) мемлекеттік реттеуге жататын стратегиялық тауарларды тасымалдауға тарифтердің (бағалардың) өзгеруі;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төтенше жағдайдың жариялануы;

      3) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер мөлшерлемелерінің өзгеруі;

      4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға байланысты бекітілген инвестициялық бағдарламаның өзгеруі;

      5) ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтер көлемінің ұлғаюы;

      6) жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және (немесе) онымен жабдықтау жөніндегі және сумен жабдықтаудың реттеліп көрсетілетін қызметтерін ұсыну кезінде атом-энергетикалық кешен пайдаланатын, өзі өндіретін электр энергиясының және судың өзіндік құнының газдың және (немесе) оны тасымалдау бағасының өзгеруіне байланысты өзгеруі;

      7) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталмауы;

      8) мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органның ақпараты негізінде электр энергиясын беру жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынатын табиғи монополия субъектісі қызметінің "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-1-бабы 6-тармағының талаптарына сәйкес келмеуі;

      9) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізбеу;

      10) табиғи монополия субъектісіне "Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана" маршруты бойынша магистральдық газ құбырын мүліктік жалдауға (жалға) немесе сенімгерлік басқаруға беру.

      2. Осы баптың 1-тармағының 4), 5), 7), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген негіздерді қоспағанда, тариф қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгерген жағдайда, шығындардың тиісті бабы өзгереді.

      Осы баптың 1-тармағының 9) тармақшасына сәйкес тариф қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгерген кезде бекітілген тарифтік сметадан тарифтерді қалыптастыру қағидаларында айқындалған инвестициялық шығындар (пайда, амортизациялық аударымдар, негізгі құралдар құнының өсуіне алып келетін күрделі шығындар) алып тасталады.

      3. Тарифті өзгерту уәкілетті органның немесе табиғи монополия субъектісінің бастамасы бойынша жылына бір реттен жиілетпей жүзеге асырылады.

      4. Уәкілетті орган бекіткен тарифті қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгерту үшін табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға негіздейтін материалдармен қоса өтінім ұсынады.

      Уәкілетті органның тарифті қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгерту туралы өтінімді қарау мерзімі:

      1) осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, оның ұсынылған күнінен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімді;

      2) осы баптың 1-тармағының 4) және 6) тармақшаларында көзделген жағдайларда, оның ұсынылған күнінен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімді;

      3) осы баптың 1-тармағының 10) тармақшасында көзделген жағдайда, оның ұсынылған күнінен бастап тоқсан жұмыс күнінен аспайтын мерзімді құрайды.

      Тариф уәкілетті органның бастамасы бойынша өзгерген жағдайда, табиғи монополия субъектісі тиісті ақпаратты алған күннен бастап бір ай мерзімде экономикалық негізделген есеп-қисаптар мен материалдарды ұсынуға міндетті.

      5. Егер өтінімді қараған кезде қосымша ақпарат қажет болған жағдайда, уәкілетті орган оны мерзімді, бірақ кемінде бес жұмыс күнін белгілей отырып, жазбаша түрде сұратуға құқылы.

      Бұл ретте өтінімді қарау табиғи монополия субъектісін бұл жөнінде хабардар ете отырып, қажетті ақпарат алынғанға дейін тоқтатыла тұрады.

      6. Осы баптың 1-тармағына сәйкес өзгертілген тарифті қолданысқа енгізу уәкілетті орган белгілеген күннен бастап жүзеге асырылады.

      7. Осы баптың 1-тармағының 4), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген жағдайларда тариф бекітілетін кезде уәкілетті орган ол бекітілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жария тыңдаулар өткізеді.

      8. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда табиғи монополия субъектісі тариф қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей тұтынушыларға тарифтің, бекітілген тарифтік сметаның өзгеру себептерін көрсететін ақпаратты ұсына отырып, бұл жөнінде хабарлайды.

23-бап. Табиғи монополия субъектісінің сатып алуды жүзеге асыруы

      1. Осы бап және табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидалары мыналарды:

      1) мемлекеттік сатып алуды;

      2) дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке тікелей немесе жанама тиесілі табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуын;

      3) Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымнан электр және (немесе) жылу энергиясын сатып алуды;

      4) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес теңгерімдеуші электр энергиясын, электр энергиясын орталықтандырылған сауда-саттықта, спот-нарықта сатып алуды;

      5) қуаты аз табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуын;

      6) шығындары тариф бекітілетін кезде есепке алынбайтын табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуын қоспағанда, тарифтік реттеудің шығындық әдісі қолданылатын тарифі бекітілген табиғи монополия субъектісінің сатып алуына қолданылады.

      2. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу мынадай тәсілдердің бірімен:

      1) тендер арқылы конкурспен;

      2) баға ұсыныстарын сұратумен;

      3) бір көзден алумен;

      4) тауар биржалары арқылы;

      5) электрондық сауда алаңдары арқылы жүзеге асырылады.

      3. Осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу конкурс тәсілімен және (немесе) тауар биржалары, электрондық сауда алаңдары арқылы жүзеге асырылады.

      4. Егер біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің төрт мың еселенген мөлшерінен аспаса, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу осындай біртекті тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге өткізіледі. Бұл ретте баға шешуші шарт болып табылады.

      5. Бір көзден алу тәсілімен сатып алу:

      1) конкурс немесе баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылған;

      2) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген бағалар, тарифтер бойынша сатып алынған;

      3) сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қатысты айрықша құқықтарға ие тұлғадан немесе мемлекеттік немесе табиғи монополия субъектісі болып табылатын тұлғадан тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған;

      4) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер еңсерілмейтін күш мән-жайларының туындау, оның ішінде төтенше жағдайлардың зардабын оқшаулау және (немесе) жою салдарынан, аварияларды жою үшін сатып алынған;

      5) өкілдік ету шығыстарына байланысты тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған;

      6) қағаз жеткізгіштегі және (немесе) электрондық нысандағы мерзімді баспасөз басылымдары сатып алынған;

      7) мынадай:

      Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы заңнамасына сәйкес сот орындаушылары өткізетін;

      Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес өткізілетін;

      Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес өткізілетін;

      мемлекеттік мүлікті жекешелендіру кезінде сауда-саттықтарда (аукциондарда) өткізілетін мүлік (активтер) сатып алынған;

      8) егер біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспаса, осындай біртекті тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған;

      9) бару және кері қайту жолын, тұрғын үй-жай жалдауды, көліктік қызмет көрсетуді, тамақпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, жұмыскерді қызметтік іссапарға жіберуге байланысты көрсетілетін қызметтер сатып алынған;

      10) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған тапсырыс берушінің бірдейлендіру, стандарттау немесе сәйкестікті қамтамасыз ету мақсатында нақ сол өнім берушіден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қажеттігі туындаған жағдайларда жүзеге асырылады.

      6. Табиғи монополия субъектісінің сатып алуы, сауда-саттықтардың нәтижелерін жеке интернет-ресурстарында орналастыруды жүзеге асыратын тауар биржалары, электрондық сауда алаңдары арқылы сатып алуды жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда, сатып алу процесінің әрбір сатысы туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастыру арқылы, ал өзінің интернет-ресурсы болмаған жағдайда, уәкілетті органға оның интернет-ресурсында орналастыру үшін ұсына отырып электрондық нысанда жүзеге асырылады.

      7. Осы бапта реттелмеген бөлікте сатып алу табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес өткізіледі.

      8. Стратегиялық тауарлар сатып алуды табиғи монополия субъектiсi:

      1) электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган растаған, тиiстi тауар нарығында электр энергиясы тапшылығының болу;

      2) тұтынушыларға қойылатын электр энергиясының көтерме сауда нарығына қатысуға арналған шарттарға табиғи монополия субъектісінің сай келмеу;

      3) электр энергиясын беру саласындағы табиғи монополия субъектісінің шаруашылық мұқтаждарына электр энергиясын, шектес мемлекеттердің энергия жүйелерімен шекарадағы электр энергиясының нақты мемлекетаралық сальдо-ағымының жоспарлы ауытқуларына, электр энергиясын беру саласындағы табиғи монополия субъектісінің желілерінде электр энергиясының технологиялық шығыстарын өтеуге сатып алынатын электр энергиясының теңгерімсіздігіне өтем жасау мақсатында электр энергиясын сатып алу;

      4) Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасына сәйкес газ тарату ұйымдарынан газ сатып алу;

      5) Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасына сәйкес электр энергиясын сатып алу;

      6) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес теңгерімдеуші электр энергиясын, электр энергиясын орталықтандырылған сауда-саттықтардан, спот-нарықтан сатып алу;

      7) электр энергиясын беру саласындағы табиғи монополия субъектісінің шаруашылық мұқтаждарына электр энергиясын Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес белгіленген тарифтің шекті деңгейінен жоғары емес бағамен орталықтандырылған сауда-саттықтан сатып алу жағдайларын қоспағанда, тiкелей стратегиялық тауар өндiрушiлерден жүзеге асырады.

      9. Осы баптың 2-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген тәсілдермен сатып алуға табиғи монополия субъектісі алдында міндеттемелерін орындамау немесе тиісінше орындамау фактісін растайтын өзіне қатысты соттың шешімі заңды күшіне енген тұлғаның соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап екі жыл бойы қатысуына жол берілмейді.

24-бап. Тұтынушылардың реттеліп көрсетілетін қызметке қолжетімділігі

      1. Тұтынушылардың реттеліп көрсетілетін қызметке қолжетімділігі:

      1) осы Заңның 25-бабында көзделген ақпаратты табиғи монополия субъектісінің интернет-ресурсында орналастырумен, ол болмаған жағдайда, оны уәкілетті органға оның интернет-ресурсында орналастыру үшін ұсынумен;

      2) бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау (құрылыс салу схемасы) жобасына сай инженерлік коммуникацияларды дамыту жоспарына сәйкес табиғи монополия субъектісінің: электр, жылу энергиясын беру, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне, сондай-ақ магистральдық газ құбырларына және мұнай құбырларына, газ тарату жүйелеріне және топтық резервуарлық қондырғыларға қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызмет көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттар берумен;

      3) тұтынушының реттеліп көрсетілетін қызметке қосуға арналған техникалық шарттарды орындауымен;

      4) реттеліп көрсетілетін қызметке қосумен немесе реттеліп көрсетілетін қызмет көлемін ұлғайтумен;

      5) реттелетін қызметті көрсетуге шарт жасасумен қамтамасыз етіледі.

      2. Табиғи монополия субъектісінің: электр, жылу энергиясын беру, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне, сондай-ақ магистральдық газ құбырларына және мұнай құбырларына, газ тарату жүйелеріне және топтық резервуарлық қондырғыларға қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызмет көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттарды табиғи монополия субъектісі осы Заңда белгіленген мерзімде береді.

      3. Осы баптың 1-тармағы 1) тармақшасының талабы осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 10), 11), 12) және 13) тармақшаларында көзделген реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілеріне қолданылмайды.

      4. Электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосу мынадай кезеңдерден тұрады:

      1) табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызметтің көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттарды беруге өтініш беру;

      2) осы баптың 6-тармағында көрсетілген объектілерді қоспағанда, табиғи монополия субъектісінің Мемлекеттік корпорация арқылы келіп түсетін техникалық шарттарды беруге өтінішті қоса берілетін құжаттарының толықтығы тұрғысынан қарауы;

      3) табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызметтің көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттарды беруге тұтынушының өтінішін табиғи монополия субъектісінің қарауы;

      4) табиғи монополия субъектісінің техникалық шарттарды беруі;

      5) тұтынушының техникалық шарттарға сәйкес жұмыстарды жүргізуі;

      6) тұтынушының жұмыстардың аяқталғаны және табиғи монополия субъектісі желілеріне қосуға әзірлігі туралы хабарлауы.

      5. Осы баптың 6-тармағында көрсетілген объектілерді қоспағанда, табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызметтің көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттарды беруге өтінішті қабылдауды және оны қарау нәтижесін беруді Мемлекеттік корпорация "электрондық үкіметтің" веб-порталы немесе табиғи монополия субъектісінің кеңсесі арқылы жүзеге асырады.

      Осы баптың 6-тармағында көрсетілген объектілерді қоспағанда, табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызметтің көлемін арналған ұлғайтуға техникалық шарттарды беруге өтініш қабылданған және оны қарау нәтижелері берілген кезде Мемлекеттік корпорация тұтынушыдан осы қызметтерді көрсеткені үшін төлемақы алады.

      6. Құрылыс объектілерін табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беруге өтінішті сәулет және қала құрылысы органы сәулет-жоспарлау тапсырмасын дайындау кезінде қалыптастырады және оны табиғи монополия субъектісіне электрондық нысанда жібереді.

      Құрылыс объектілерін табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беруге өтінішті қарау нәтижелерін беруді сәулет және қала құрылысы органдары Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес сәулет-жоспарлау тапсырмасымен бірге жүзеге асырады.

      7. Сәулет және қала құрылысы органдарының өтініші бойынша табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға техникалық шарттар беруді табиғи монополия субъектісі:

      1) техникалық күрделі емес объектілер үшін – екі жұмыс күні ішінде;

      2) техникалық күрделі объектілер үшін – бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      Табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызметтің көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттар жобалау мен салудың нормативтік кезеңіне беріледі.

      8. Табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызметтің көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттарды беруге өтініштің нысаны мен өтінішке қоса берілетін құжаттардың тізбесін уәкілетті орган белгілейді.

      Техникалық шарттар табиғи монополия субъектісінің қосылатын желілеріне, материалдарға, жабдықтарға, құрылғыларға, есепке алу аспаптарына қойылатын талаптардың түбегейлі тізбесін айқындауға тиіс.

      9. Құжаттардың толық емес топтамасы ұсынылған жағдайда, осы баптың 6-тармағында көрсетілген объектілерді қоспағанда, Мемлекеттік корпорация арқылы келіп түсетін, табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызметтің көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттарды беруге өтінішті табиғи монополия субъектісі екі жұмыс күні ішінде "электрондық үкіметтің" веб-порталы немесе табиғи монополия субъектісінің кеңесі арқылы қайтарады.

      10. Реттеліп көрсетілетін қызметке қолжетімділік ұсынылған кезде табиғи монополия субъектісіне:

      1) бос қуаттар туралы ақпарат ұсынғаны үшін төлемақы алуға;

      2) реттелетін қызметті көрсетуге қатысы жоқ мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес ұйымдардың рұқсаттары мен өзге де құжаттарын ұсынуды талап етуге;

      3) табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызметтің көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттарды сақтаудан басқа, өзге талаптарды тұтынушыға қоюға;

      4) реттеліп көрсетілетін қызметке қолжетімділіктің тең емес жағдайларын жасауға;

      5) табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызметтің көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттарға сәйкес тұтынушының жұмыстарды жүргізу жөніндегі қызметін шектеуге;

      6) құрылыс жобасының табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызметтің көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттарға сәйкестігіне келісуді талап етуге тыйым салынады.

      11. Осы баптың 6-тармағында көрсетілген объектілерді қоспағанда, табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызметтің көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттарды беруге өтініш бес жұмыс күні ішінде қаралады, оның қорытындысы бойынша табиғи монополия субъектісі:

      1) техникалық шарттарды береді;

      2) техникалық шарттарды беруден бас тартады.

      12. Техникалық шарттарды беруден бас тартуға:

      1) реттеліп көрсетілетін қызметтің талап етілетін көлемін ұсыну үшін қажетті бос және қолжетімді қуаттар, сыйымдылықтар, орындар, табиғи монополия субъектісі желілерінің өткізу қабілеттері болмаған;

      2) табиғи монополия субъектісінің желілері немесе реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін қажет өзге де мүлік болмаған жағдайда жол беріледі.

      13. Техникалық шарттарды беруден бас тартқан жағдайда табиғи монополия субъектісі:

      1) техникалық шарттарды беруден бас тарту туралы шешімге уәжді негіздемені қоса береді;

      2) уәкілетті органға техникалық шарттар беруден бас тарту туралы шешімнің көшірмесін және бос және қолжетімді қуаттардың, сыйымдылықтардың, орындардың, табиғи монополия субъектісі желілерінің өткізу қабілеттерінің тапшылығы немесе табиғи монополия субъектісі желілерінің немесе реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін қажет өзге де мүліктің жоқ екені есептелген уәжді негіздеме жібереді.

      14. Құрылыс объектісін қосуға арналған техникалық шарттарды беруден бас тартқан жағдайда табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосудың балама көздерін табиғи монополия субъектісі ұсынады және бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес инженерлік инфрақұрылымды дамыту жоспарына сәйкес орталықтандырылған коммуникация желілеріне қосылу мерзімдерін көрсетеді.

      15. Уәкілетті орган табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беруден бас тарту туралы шешімнің көшірмесін алуға байланысты:

      1) жеті жұмыс күнінен кешіктірмей тұтынушыға табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттар беруден бас тартудың негізділігін растайтын немесе табиғи монополия субъектісінің қызметін тексеруге бастамашылық жасау үшін уәкілетті органға шағым берудің қажеттігі туралы хат жібереді;

      2) бос және қолжетімді қуаттардың, сыйымдылықтардың, орындардың, табиғи монополия субъектісі желілерінің өткізу қабілеттерінің болмау фактісі анықталған немесе табиғи монополия субъектісінің желілері немесе реттеліп көрсетілетін қызметтің талап етілетін көлемін ұсыну үшін табиғи монополия субъектісінің қажетті өзге де мүлкі болмаған кезде табиғи монополия субъектісіне экономикалық жағынан орынды болған кезде бекітілген инвестициялық бағдарламаны өзгерту және реттеліп көрсетілетін қызметке қосу үшін жағдайлар жасау қажеттігі туралы хабарлайды.

      16. Жұмыстар аяқталғаннан кейін тұтынушы табиғи монополия субъектісіне жұмыстардың аяқталғаны және реттеліп көрсетілетін қызметті алуға әзірлігі туралы хабарлайды, ол ақпаратты алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде берілген техникалық шарттарға сәйкес орындалған жұмыстарды және реттеліп көрсетілетін қызметті алуға әзірлігін тексеруді жүзеге асырады.

      Орындалған жұмыстар техникалық шарттарға сәйкес келген кезде реттеліп көрсетілетін қызметке қосу бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      17. Орындалған жұмыстар техникалық шарттарға сәйкес келмеген кезде табиғи монополия субъектісі құрылыс объектісінің реттеліп көрсетілетін қызметті алуға әзір емес екендігі туралы тұтынушыға бір жұмыс күні ішінде хабарлайды.

      Анықталған бұзушылықтар жойылғаннан кейін тұтынушы жұмыстардың аяқталғаны және реттеліп көрсетілетін қызметті алуға әзірлігі туралы қайта хабарлайды.

      18. Реттеліп көрсетілетін қызметке қосу мынадай жұмыстарды қамтиды:

      табиғи монополия субъектісінің қолданыстағы желіні ажыратуы;

      тұтынушыны қолданыстағы желіге қосуды жүргізу;

      табиғи монополия субъектісінің қолданыстағы желіні қосуы.

      19. Табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынуы реттелетін қызметті көрсету туралы шарт жасалғаннан кейін жүзеге асырылады.

25-бап. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеу процесінің жариялылығы

      1. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеу процесінің жариялылығы:

      1) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеуге қатысты ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырумен;

      2) жария тыңдаулар өткізумен;

      3) табиғи монополиялар субъектілерінің тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында есептер беруін өткізумен;

      4) тұтынушылар мен уәкілетті органға тарифті қолданысқа енгізу туралы хабарлаумен;

      5) бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуына, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуына және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуге қоғамдық мониторинг және (немесе) техникалық сараптама жүргізумен қамтамасыз етіледі.

      2. Табиғи монополия субъектісі осы баптың 6-тармағында белгіленген мерзімдерде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдындағы бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы және негіздемелермен бірге табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерін, оның ішінде қаржылық есептілікті орналастырады.

      3. Уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында:

      1) Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімін;

      2) уәкілетті органның құқықтық актілерін;

      3) осы баптың 7-тармағында белгіленген талаптарды ескере отырып, электрондық жеткізгіште ұсынылған қоса берілетін құжаттармен бірге өтінімді;

      4) бекітілген, белгіленген және айқындалған тарифтерді;

      5) бекітілген тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламаларды;

      6) табиғи монополиялар субъектілерінің бекітілген тарифтік сметалардың орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерін;

      7) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табиғи монополия субъектісінің жекелеген әрекеттерді жасауына берілген келісімдердің, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінен реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асыру туралы қабылданған хабарламалардың тізілімін;

      8) табиғи монополиялар субъектілерін әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы қаулыларды;

      9) уәкілетті органның қатысуымен өткен талқылаулардың қорытындысы бойынша соттардың шешімдерін;

      10) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін;

      11) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерін;

      12) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеуді жүзеге асыруға қатысты өзге де ақпаратты орналастырады.

      4. Тарифтің жобасын талқылау бойынша жария тыңдаулар Қазақстан Республикасы Парламентінің, мәслихаттардың депутаттары, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік органдардың, табиғи монополия субъектісінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, тәуелсіз сарапшылар, тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар шақырыла отырып өткізіледі.

      5. Уәкiлеттi орган мерзімді баспасөз басылымында – тарифтің жобасын талқылау бойынша жария тыңдаулардың өткізілетін күнi мен орны туралы ақпаратты олар өткізілетін күннен күнтізбелік отыз күн бұрын, ал өзінің интернет-ресурсында тарифтің жобасын талқылау бойынша өткізілген жария тыңдаулардың нәтижелерін, оның ішінде талқылаулардың стенограммаларын, қаралатын мәселелер бойынша қабылданған шешімдерімен бірге отырыстардың хаттамаларын олар өткізілген күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде орналастырады.

      Егер жария тыңдаулар табиғи монополиялар салаларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтерге, жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және (немесе) онымен жабдықтау бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтерді белгілеуге өтінімдер қаралатын кезде өткізілсе, уәкілетті орган тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жария тыңдаулардың өткізілетін күні мен орны туралы ақпаратты қосымша жариялайды.

      Тариф индекстеу әдісімен белгіленген кезде және жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты негізінде тариф айқындалған кезде табиғи монополия субъектісі өзінің интернет-ресурсында не тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жария тыңдаулардың өткізілетін күні мен орны туралы ақпаратты оларды өткізуден күнтізбелік отыз күн бұрын орналастырады.

      6. Табиғи монополия субъектісі ағымдағы күнтізбелік жылдың 1 тамызынан және келесі күнтізбелік жылдың 1 мамырынан кешіктірмей тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында жарты жылдың және жылдың қорытындылары бойынша бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептер беруді өткізеді.

      7. Табиғи монополия субъектісі тарифті бекіту үшін және осы Заңда көзделген міндеттерін орындаған кезде ұсынған кез келген ақпарат коммерциялық деп танылмайды.

      8. Тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдында есеп беру жария тыңдау нысанында өткізіледі.

      9. Алда есеп беруді өткізу туралы хабарландыруды Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісі – аптасына бір реттен сиретпей шығарылатын және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында, ал Табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісі аптасына бір реттен сиретпей шығарылатын және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында ол өткізілгенге дейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей жариялайды және ол мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) табиғи монополия субъектісінің атауы және орналасқан жері;

      2) есеп берудің өткізілетін күні мен орны;

      3) ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің түрі.

      10. Есеп беру өткізілуден бір ай бұрын табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға хабарлайды.

      11. Алдағы есеп беруді өткізу туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін табиғи монополия субъектісі осы баптың 13-тармағында көзделген ақпаратты есеп беру өткізілуден бес жұмыс күні бұрын өзінің интернет-ресурсында орналастырады, ал ол болмаған жағдайда, уәкілетті органға оның интернет-ресурсында орналастыру үшін ұсынады.

      12. Табиғи монополия субъектісі есеп беруге қатысуға ниет білдіргендердің барлығына өткізілетін орынға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

      13. Табиғи монополия субъектісінің сөйлейтін сөзі табиғи монополиялар субъектілерінің қызметті жүзеге асыру қағидаларына сәйкес негіздемелері бар ақпаратты қамтуға тиіс.

      14. Табиғи монополия субъектісі тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдындағы өз сөйлейтін сөзінде ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтің сапасы туралы толық түсіндірме береді.

      15. Осы баптың 2-тармағында, 5-тармағының екінші және үшінші бөліктерінде және 6, 8, 9, 10, 11, 12, 13 және 14-тармақтарында көзделген талаптар қуаты аз табиғи монополиялар субъектілеріне және жаңадан құрылған табиғи монополиялар субъектілеріне қолданылмайды.

4-тарау. ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАР САЛАЛАРЫНА ҚАТЫСУШЫЛАР

26-бап. Табиғи монополия субъектісінің құқықтары мен міндеттері

      1. Табиғи монополия субъектісі:

      1) тұтынушылардан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғи монополия субъектісі белгілеген техникалық талаптардың сақталуын талап етуге;

      2) тарифтiң қолданылу кезеңiнде барлық тұтынушылар үшiн тарифтi төмендетуге;

      3) анағұрлым тиімді әдістер мен технологияларды қолдануға, энергетикалық аудиттің қорытындысы бойынша әзірленген энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруға, нормативтік техникалық ысыраптарды төмендету жөніндегі іс-шараларды жүргізуге немесе ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтер көлемдерін табиғи монополия субъектісіне байланысты емес себептер немесе конкурстық (тендерлік) рәсімдерді өткізу нәтижелері бойынша қысқартуға байланысты шығындарды үнемдеу нәтижесінде пайда болған, іс-шаралар орындалған жағдайда бекітілген инвестициялық бағдарламада және бекітілген тарифтік сметада көзделген шығындардың толық пайдаланылмаған бөлігіне дербес билік етуге;

      4) тұтынушылардан көрсеткіштерді алу және пломбалауды жүзеге асыру үшін есепке алу аспабына қолжетімділікті талап етуге;

      5) уәкілетті органға – бекітілген тарифтік сметаға өзгерістер енгізу туралы өтінішпен, сондай-ақ уәкілетті және (немесе) өзге мемлекеттік органға не жергілікті атқарушы органға бекітілген инвестициялық бағдарламаға өзгерістер енгізу туралы өтінішпен жүгінуге;

      6) магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне өтініммен бір мезгілде тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне баға шектерінің жобасын ұсынуға;

      7) тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне бекітілген баға шектері шеңберінде магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне арналған тарифтерді дербес төмендетуге және жоғарылатуға;

      8) уәкілетті органға тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес магистральдық теміржол желілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне бекітілген баға шектеріне өзгерістер енгізу туралы өтінішпен жүгінуге;

      9) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес реттелетін қызметтерді көрсетуге және реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асыруға;

      10) уәкілетті органның құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, жаңаларын қабылдау немесе қолданыстағыларының күшін жою туралы өтінішпен уәкілетті органға жүгінуге;

      11) сотқа уәкілетті органның, сондай-ақ оның лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзушылықты жою туралы нұсқамаға шағым жасауға;

      12) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге құқықтарды иеленуге құқылы.

      2. Табиғи монополия субъектісі:

      1) уәкілетті органға Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркеліміне енгізу туралы, одан алып тастау туралы, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы өтінішпен жүгінуге;

      2) уәкілетті органға осы Заңға сәйкес өтініммен жүгінуге;

      3) осы Заңға сәйкес бекітілген тариф бойынша реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынуға;

      4) осы Заңның 24-бабының 12-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметке қолжетімділікті ұсынуға;

      5) тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметке қолжетімділіктің тең жағдайларын ұсынуға;

      6) ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметке қатысы жоқ қосымша талаптарды белгілемеуге;

      7) тұтынушылардан өзі ұсынатын табиғи монополиялар салаларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтер үшiн төлемдерді өз кассалары және (немесе) екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар, интернет-ресурстар немесе терминалдар, ал қажет болған жағдайда төлем агенттері және (немесе) төлем ұйымдары арқылы қабылдауды қамтамасыз етуге;

      8) ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түріне тұтынушылармен үлгiлік шарттарға сәйкес жеке шарттар жасасуға;

      9) реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түрі бойынша және тұтастай алғанда реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызмет бойынша кірістерді, шығындар мен тартылған активтерді бөлек есепке алуды жүргізу тәртібіне сәйкес табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің әрбір түрі бойынша кірістерді, шығындар мен тартылған активтерді бөлек есепке алуды жүргізу әдiстемелерiн әзiрлеуге және бекітуге;

      10) реттеліп көрсетілетін қызметтердiң әрбiр түрi бойынша және тұтастай алғанда реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызмет бойынша кiрiстердi, шығындар мен тартылған активтердi бөлек есепке алуды жүргiзуге;

      11) сырттағы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылу энергиясымен жабдықтау бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтің құнын тұтынушыларға тікелей не тұтынушының тұрған жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда жылу энергиясымен жабдықтау бойынша реттеліп көрсетілетін қызметке ақы төлеу кезінде тарифті төмендету арқылы қайта есептеуді жүргізуге;

      12) тариф, реттеліп көрсетілетін қызметтің сапасы туралы, реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну шарттары туралы ақпаратты тұтынушылардың талабы бойынша ұсынуға;

      13) бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есеп беруге;

      14) осы Заңда белгіленген мерзімдерде тұтынушыларға тариф, оның өзгергені туралы хабарлауға;

      15) бекітілген тарифтік сметаны орындауға;

      16) бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындауға;

      17) жыл сайын, есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 мамырынан кешіктірмей уәкілетті органға бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы есептерді, өзге мемлекеттік органға не жергілікті атқарушы органға бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы есепті ұсынуға;

      18) тариф бекітілген кезде шығындары есепке алынған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді осы Заңның 23-бабына сәйкес сатып алуды жүзеге асыруға;

      19) тұтынушылардың талабы бойынша бекітілген тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламада қамтылған ақпаратты ұсынуға;

      20) тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі қолданыла отырып тариф бекітілген кезде жыл сайын, есепті кезеңнің 1 мамырынан кешіктірілмейтін мерзімде уәкілетті органға, өзге мемлекеттік органға не жергілікті атқарушы органға есепті жылда нақты қол жеткізілген кірістер, шығыстар, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы, табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерді ұсынуға;

      21) мыналарды:

      бос және қолжетімді қуаттардың, сыйымдылықтардың, орындардың, табиғи монополия субъектісі желілерінің өткізу қабілеттерінің резерві, бар-жоғы туралы ақпаратты;

      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік құпияларға және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерді және осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 10), 11), 12) және 13) тармақшаларында көзделген реттеліп көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде пайдаланылатын желілерді немесе өзге де мүлікті орналастыру схемасын;

      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік құпияларға және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерді қоспағанда, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалу барысы туралы ақпаратты (объектілер орналасқан жерлері, фото-бейне түсірілімдермен қоса орындалу сатылары, инвестициялық бағдарламалардың іс-шараларын орындау мерзімдері және құны) тоқсан сайын өзінің интернет-ресурсында орналастыруға не ол болмаған жағдайда уәкілетті органға оның интернет-ресурсында орналастыру үшін ұсынуға;

      22) уәкілетті органның талабы бойынша қажетті ақпаратты уәкілетті орган белгілеген, табиғи монополия субъектісі тиісті талапты алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімдерде қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда ұсынуға;

      23) уәкілетті органға тариф, оның өзгергені туралы ол қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей хабарлауға;

      24) тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес осы Заңның 25-бабының 6-тармағында белгіленген мерзімдердегі тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдындағы бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерді бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өзінің интернет-ресурсында не уәкілетті органның интернет-ресурсында есеп беру өткізілген күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірмей орналастыруға;

      25) тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес тұтынушылар мен өзге де мүдделі тұлғалар алдындағы табиғи монополиялар саларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі есепті мерзімді баспасөз басылымында, өзінің интернет-ресурсында не уәкілетті органның интернет-ресурсында есеп беру өткізілген күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жыл сайын орналастыруға;

      26) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 13-1-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларды және осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 13) тармақшасында көзделген реттеліп көрсетілетін қызметті қоспағанда, реттеліп көрсетілетін қызметтi өндіру және (немесе) ұсыну кезінде технологиялық циклде пайдаланылатын, меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiзде тиесiлi мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға, лизингтi қоса алғанда, мүлiктiк жалдауға (жалға) бермеуге;

      27) тарифтің жоғарылауына алып келмеген жағдайда, арнайы қаржы компаниясының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру мәмілелері бойынша талап ету құқығын басқаға беруді қоспағанда, ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметке байланысты талап ету құқығын басқаға бермеуге;

      28) мүлікті мемлекет меншігіне беру, сондай-ақ "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 13-1-бабының 1-тармағында көрсетілген электр энергиясын беру бойынша реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынатын табиғи монополиялар субъектілерінің электр желілерін беру жағдайларын қоспағанда, реттеліп көрсетілетін қызметті өндіру және (немесе) ұсыну кезінде технологиялық циклде пайдаланылатын мүлікті сауда-саттықта иеліктен шығаруға міндетті.

      Реттеліп көрсетілетін қызметтері табиғи монополия саласына жатқызылатын кірме жол иеліктен шығарылған жағдайда, осы кірме жолды иеленуші:

      кірме жолдар қызметтерін көрсетуге жасалған шарттары бар тұтынушыларды тендер өткізілгенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей тендердің өткізілетіні туралы жазбаша хабардар етуге;

      тендерлік өтінімдерде ұсынылған сатып алу шарттары мен сомасы бірдей болған жағдайда, жұмыс істеп жүрген тұтынушыға үшінші тұлғалар алдында оны сатып алу бойынша артықшылық құқық беруге міндетті.

      Жұмыс істеп тұрған тұтынушылар екі және одан көп болған кезде артықшылық құқық, тендерлік өтінімдерде ұсынылған сатып алу шарттары мен сомасы бірдей болған жағдайда, соңғы он екі айда реттеліп көрсетілетін қызметтердің үлкен көлемін (мың вагон/км, вагон/сағат) алған тұтынушыға беріледі.

      29) реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынумен байланысты емес шығындарды тарифке қоспауға;

      30) құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдау мен беру жағдайларын қоспағанда, осы Заңның 15-бабы 23-тармағының 8) тармақшасына сәйкес есепке алу аспаптарын тұтынушыларға сатып алу мен орнатуға;

      31) құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдау мен беру жағдайларын қоспағанда, осы Заңның 15-бабы 23-тармағының 8) тармақшасына сәйкес есепке алу аспабын сатып алғаны және орнатқаны үшін тұтынушылардан төлемақы алуға;

      32) бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуына, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуына, табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуге қоғамдық мониторинг және (немесе) техникалық сараптама жүргізуге уәкілеттік берілген тұлғаларға бекітілген инвестициялық бағдарлама объектілеріне қолжетімділікті және бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы ақпарат ұсынуды қамтамасыз етуге;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      33) тармақшалмен толықтыру көзделген - ҚР 27.12.2019 № 295-VІ (01.04.2020 бастап қолданысқа енгізілді) Заңымен.

      34) бәсекелес кірме жол болмаған кезде кірме жолдар қызметтерін көрсеткені үшін тұтынушы жылжымалы құрамның жүріп өтуі үшін пайдаланатын кірме жолдың нақты ұзындығы бойынша төлемақы алуға міндетті.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 10) 13), 18), 21), 24), 25) және 29) тармақшаларында көзделген міндеттер қуаты аз табиғи монополиялар субъектілеріне және жаңадан құрылған табиғи монополиялар субъектілеріне қолданылмайды.

      Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2019 № 295-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізілді) Заңымен.

27-бап. Тұтынушының құқықтары мен міндеттері

      1. Тұтынушы:

      1) реттеліп көрсетілетін қызметтерді осы Заңға сәйкес тарифтер бойынша сатып алуға;

      2) жария тыңдауларға қатысуға;

      3) уәкілетті органның құқықтық актілеріне өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы, жаңаларын қабылдау және (немесе) қолданыстағыларының күшiн жою туралы өтінішпен уәкiлеттi органға жүгінуге құқылы.

      Тұтынушының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де құқықтары болады.

      2. Тұтынушы:

      1) реттеліп көрсетілетін қызметтерге осы Заңға сәйкес тарифтер бойынша уақтылы және толық көлемде ақы төлеуге;

      2) есепке алу аспабы болуға;

      3) табиғи монополия субъектісі өкілінің есепке алу аспабына қолжетімділігін қамтамасыз етуге;

      4) құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдау мен беру жағдайларын қоспағанда, осы Заңның 15-бабы 23-тармағының 8) тармақшасына сәйкес есепке алу аспабын сатып алуға және орнатуға уақтылы және толық көлемде ақы төлеуге;

      5) уәкілетті орган бекіткен үлгілік шарттарға сәйкес ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түріне табиғи монополия субъектісімен жеке шарттар жасасуға;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғи монополия субъектісі белгілеген техникалық талаптарды орындауға міндетті.

28-бап. Тарифтік саясат жөніндегі кеңес

      1. Тарифтік саясат жөніндегі кеңес уәкілетті органның жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Тарифтік саясат жөніндегі кеңестің құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, уәкілетті органның және өзге мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің, жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің, табиғи монополиялар субъектілерінің өкілдері, сарапшылар және өзге де мүдделі тұлғалар кіруі мүмкін.

      3. Тарифтік саясат жөніндегі кеңес табиғи монополиялар салаларындағы тариф белгілеудің проблемалық мәселелері жөніндегі комиссияны құруға құқылы.

      4. Тарифтік саясат жөніндегі кеңес туралы ережені және оның дербес құрамын уәкілетті орган бекітеді.

      5. Тарифтік саясат жөніндегі кеңес:

      1) уәкілетті органға табиғи монополиялар салаларындағы нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      2) уәкілетті органға консультативтік, әдістемелік және өзге де қолдау көрсетеді;

      3) табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуына қатысуға қоғамдық, ғылыми және өзге де ұйымдарды тартуға жәрдемдеседі;

      4) уәкілетті органға тарифті индекстеу деңгейін және тарифтің болжамды индексін айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      5) уәкілетті органға табиғи монополия саласының тарифтік реттеу әдісін айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      6) уәкілетті органға тарифтері тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі қолданыла отырып бекітілетін табиғи монополиялар субъектілерін тізбеге енгізу жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      7) инвестициялық бағдарламалардың жобаларына және қолданыстағы инвестициялық бағдарламаларға енгізілетін өзгерістерге ұсынымдарды талқылайды және әзірлейді;

      8) бекітілген тарифтік сметалардың орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерді тыңдайды;

      9) уәкілетті органның қоғамдық бірлестіктер үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру шарттарын келіседі.

29-бап. Қоғамдық бірлестіктер

      Қоғамдық бірлестіктер Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктер туралы заңнамасында белгіленген құқықтардан басқа, сондай-ақ:

      1) табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуге қатысады;

      2) уәкілетті органға табиғи монополиялар салаларындағы нормативтік құқықтық және құқықтық актілердің жобалары бойынша ұсыныстар жібереді;

      3) тарифтің және инвестициялық бағдарламаның жобаларын, бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталуы және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерді уәкілетті органның қарауына қатысады;

      4) тұтынушылардың және табиғи монополиялар субъектілерінің құқықтары мен міндеттері туралы ақпаратты таратады;

      5) уәкілетті органмен, өзге мемлекеттік органдармен, табиғи монополиялар субъектілерімен, соттармен және өзге де тұлғалармен қатынастарда тұтынушылардың мүдделерін білдіреді;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де функцияларды орындайды.

5-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ

30-бап. Мемлекеттік бақылау

      1. Табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

      Табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде уәкілетті орган мынадай ден қою шараларын қолданады:

      1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғайды;

      2) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзушылықты жою туралы нұсқама шығарады;

      3) материалдарды құқық қорғау және өзге де органдарға береді.

      2. Уәкілетті орган табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырған кезде құқық қорғау органдарымен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде өзара іс-қимыл жасайды.

31-бап. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзушылықты жою туралы нұсқама

      1. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзушылықты жою туралы нұсқаманы табиғи монополия субъектісі нұсқамада белгіленген, алған күнінен бастап кемінде күнтізбелік он күн болуға тиіс мерзімде орындайды.

      2. Табиғи монополия субъектiсi Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзушылықты жою туралы нұсқаманы орындамаған жағдайда, уәкiлеттi орган сотқа табиғи монополия субъектiсiн нұсқамада көрсетiлген әрекеттердi жасауға мәжбүрлеу туралы талап арызбен жүгінеді.

6-тарау. ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАР САЛАЛАРЫНДАҒЫ ЖАУАПТЫЛЫҚ

32-бап. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

33-бап. Уақытша өтемдік тариф

      1. Уақытша өтемдік тариф:

      1) табиғи монополия субъектісінің қызметін тексеру;

      2) табиғи монополия субъектісі ұсынатын бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы есептерді жыл сайынғы талдау нәтижелері бойынша бекітіледі.

      2. Уақытша өтемдік тарифті бекітуге мыналар негіздер болып табылады:

      1) осы Заңға сәйкес бекітілген тарифтің асып кетуі;

      2) амортизациялық аударымдар қаражатын мақсатқа сай пайдаланбау;

      3) бекітілген инвестициялық бағдарламаның тарифте ескерілген іс-шараларын орындамау, бұған мынадай:

      бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыруға арнап бекітілген тарифтік сметада көзделген қаражаттың толық алынбауына алып келген көлемдердің төмендеу жағдайлары жатпайды. Бұл ретте бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындамаудың жалпы сомасынан көлемдердің төмендеуіне мөлшерлес толық алынбаған кіріс сомасы алып тасталады, негізсіз кірістің қалған сомасына уәкілетті орган уақытша өтемдік тариф енгізеді;

      өткізілген конкурстық (тендерлік) рәсімдердің нәтижелері бойынша пайда болған ақшаның үнемделуі;

      анағұрлым тиімді әдістер мен технологияларды енгізуге байланысты шығындарды үнемдеу жағдайлары жатпайды;

      4) бекітілген тарифтік смета шығындары баптарының бекітілген тарифтік сметада көзделген мөлшердің 5 пайызынан астамын орындамау, бұған мынадай:

      анағұрлым тиімді әдістер мен технологияларды қолдануға, энергетикалық аудиттің қорытындысы бойынша әзірленген энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруға, нормативтік техникалық ысыраптарды төмендету жөніндегі іс-шараларды жүргізуге байланысты шығындарды үнемдеу;

      табиғи монополия субъектісіне байланысты емес себептер бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтер көлемдерінің төмендеуімен байланысты шығындарды үнемдеу жағдайлары жатпайды. Бұл ретте бекітілген тарифтік сметаны орындамаудың жалпы сомасынан көлемдердің төмендеуіне мөлшерлес толық алынбаған кіріс сомасы алып тасталады, негізсіз кірістің қалған сомасына уәкілетті орган уақытша өтемдік тариф енгізеді;

      өткізілген конкурстық (тендерлік) рәсімдердің нәтижелері бойынша пайда болған ақшаның үнемделу жағдайлары жатпайды.

      3. Уақытша өтемдік тариф табиғи монополия субъектісі тұтынушыларға өзі негізсіз алған кірісті, оның ішінде соттың шешімі бойынша толық өтеген жағдайда қолданылмайды.

      4. Уақытша өтемдік тариф шешім қабылданған күнге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесі ескеріле отырып бекітіледі.

34-бап. Табиғи монополия субъектiсiнiң осы Заңды бұзудан келтiрген залалдарды өтеуi

      Табиғи монополия субъектiсiнiң Қазақстан Республикасы табиғи монополиялар туралы заңнамасына қайшы келетiн және басқа жеке немесе заңды тұлғаға, оның iшiнде тарифтi көтеру, реттеліп көрсетiлетiн қызметті ұсынуға шарт жасасудан және орындаудан негiзсiз бас тарту арқылы залал келтiрген әрекеттерi (әрекетсiздiгi) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес табиғи монополия субъектiсiнiң залалдарды өтеуiне алып келеді.

35-бап. Табиғи монополия субъектiсiне уәкiлеттi органның, сондай-ақ оның лауазымды адамдарының құқыққа сыйымсыз шешiмдерiмен, әрекеттерiмен (әрекетсiздiгiмен) келтiрiлген залалдарды өтеу

      Уәкiлеттi органның, сондай-ақ оның лауазымды адамдарының құқыққа сыйымсыз шешiмдерiмен, әрекеттерiмен (әрекетсiздiгiмен) табиғи монополия субъектiсiне залал келтiрілген жағдайда, ол бұл залалдардың Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуін талап етуге құқылы.

7-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

36-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. Осы Заңның 23-бабы 6-тармағының қолданысы 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "6. Табиғи монополия субъектісінің сатып алуы, сауда-саттықтардың нәтижелерін жеке интернет-ресурстарында орналастыруды жүзеге асыратын тауар биржалары, электрондық сауда алаңдары арқылы сатып алуды жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда, қағаз жеткізгіште немесе сатып алу процесінің әрбір сатысы туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастыру арқылы, ал өзінің интернет-ресурсы болмаған жағдайда, уәкілетті органға оның интернет-ресурсында орналастыру үшін ұсына отырып электрондық нысанда жүзеге асырылады.".

      3. "Табиғи монополиялар туралы" 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., № 16, 214-құжат; 1999 ж., № 19, 646-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2001 ж., № 23, 309-құжат; 2002 ж., № 23-24, 193-құжат; 2004 ж., № 14, 82-құжат; № 23, 138, 142-құжаттар; 2006 ж., № 2, 17-құжат; № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 8, 45-құжат; № 13, 87-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 19, 148-құжат; 2008 ж., № 15-16, 64-құжат; № 24, 129-құжат; 2009 ж., № 11-12, 54-құжат; № 13-14, 62-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 20, 23-құжаттар; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 13, 112-құжат; № 16, 129-құжат; 2012 ж., № 2, 9, 15-құжаттар; № 3, 21-құжат; № 4, 30-құжат; № 11, 80-құжат; № 12, 85-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 4, 21-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 15, 79, 82-құжаттар; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 4-5, 24-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 64-құжат; № 14, 87-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 9, 46-құжат; № 19-І, 100-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 117-құжат; № 21-ІІ, 131-құжат; № 22-ІІ, 144-құжат; № 22-V, 156-құжат; № 22-VI, 159-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 8-I, 60-құжат; № 24, 124-құжат; 2017 ж., № 4, 7-құжат; № 9, 17, 22-құжаттар; № 14, 54-құжат; № 20, 96-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 19, 62-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ