Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 4 мамырдағы № 151-VІ ҚРЗ.

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз.

1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 13, 99-құжат; 2005 ж., № 9, 26-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; № 11, 55-құжат; № 12, 79, 83-құжаттар; № 16, 97-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 18-құжат; № 14, 105-құжат; № 15, 106, 109-құжаттар; № 16, 129-құжат; № 17, 139-құжат; № 18, 143-құжат; № 20, 152-құжат; № 24, 180-құжат; 2008 ж., № 6-7, 27-құжат; № 15-16, 64-құжат; № 21, 95-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; № 13-14, 62-құжат; № 15-16, 76-құжат; № 17, 79-құжат; № 18, 84, 86-құжаттар; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 5, 43-құжат; № 6, 49, 50-құжаттар; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 13, 114-құжат; № 15, 120-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 9, 11-құжаттар; № 3, 27-құжат; № 4, 32-құжат; № 5, 35-құжат; № 8, 64-құжат; № 11, 80-құжат; № 14, 95-құжат; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 9, 51-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 15, 77, 79, 81-құжаттар; 2014 ж., № 2, 10-құжат; № 8, 44-құжат; № 11, 63, 64-құжаттар; № 12, 82-құжат; № 14, 84-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 21, 118, 122-құжаттар; № 23, 143-құжат; № 24, 145-құжат; 2015 ж., № 8, 42-құжат; № 11, 57-құжат; № 19-I, 99, 101-құжаттар; № 19-II, 103-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 115, 117-құжаттар; № 21-I, 124, 126-құжаттар; № 22-II, 145-құжат; № 22-VI, 159-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 7-ІІ, 53, 56-құжаттар; № 8-ІІ, 72-құжат; № 10, 79-құжат; 2017 ж., № 3, 6-құжат; № 4, 7-құжат; № 12, 34-құжат; № 14, 51, 54-құжаттар; № 23-V, 113-құжат):

      1) бүкіл мәтін бойынша:

      "тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн", "Тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн", "тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiнің" деген сөздер тиісінше "ауыл шаруашылығы өндiрiсiн", "Ауыл шаруашылығы өндірісін", "ауыл шаруашылығы өндiрiсiнің" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "комиссияға", "Комиссияның", "Комиссия", "комиссияның" деген сөздер тиісінше "жер комиссиясына", "Жер комиссиясының", "Жер комиссиясының", "жер комиссиясының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) мазмұнында:

      мынадай мазмұндағы 43-1-баптың тақырыбымен толықтырылсын:

      "43-1-бап. Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін беру ерекшеліктері";

      102-баптың тақырыбындағы "және саяжай құрылысына" деген сөздер ", саяжай құрылысына және бау-бақша шаруашылығына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      147-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "147-бап. Жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органдардың, аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы органдардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің функциялары";

      3) 10-баптың 4-тармағындағы "оларды кадастрлық (бағалау) құны" деген сөздер "кадастрлық (бағалау) құны бағаланатын жер учаскелеріне неғұрлым жақын орналасқан," деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 12-бапта:

      мынадай мазмұндағы 12-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "12-1) жер комиссиясы – жергілікті атқарушы орган жанындағы алқалы орган, ол жер учаскелеріне құқықтар беру туралы (шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс жеңімпазын айқындау туралы), жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы және су қорының жерін басқа санаттардағы жерге ауыстыру туралы өтініштерді (өтінімдерді) қарау және қорытындыларды дайындау үшін осы Кодекстің
43-бабына сәйкес құрылады;";

      43) тармақшадағы ", соның ішінде шетелдік қатысушысы бар кәсіпорындар" деген сөздер алып тасталсын;

      5) 13-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге, халықаралық мiндеттемелердi орындауға байланысты жағдайларда, барлық санаттағы жерден жер учаскелерін беру және алып қою, оның ішінде мемлекет мұқтажы үшін алып қою;";

      6) 14-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 2-3), 2-4), 2-5), 2-6), 2-7), 2-8), 13-2) және 16-6) тармақшалармен толықтырылсын:

      "2-3) жер комиссиясы туралы үлгі ережені әзірлеу және бекіту;

      2-4) шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалға алудың) үлгі шартын әзірлеу және бекіту;

      2-5) шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мониторингін ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      2-6) шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      2-7) шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін – Қазақстан Республикасының азаматында, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғасы мен оның үлестес тұлғаларында болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерлерін айқындау әдістемесін әзірлеу және бекіту;

      2-8) Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының нысанын әзірлеу және бекіту;";

      "13-2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерін беру және алып қою мәселелері жөніндегі ұсыныстарын келісу;";

      "16-6) жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) электрондық түрде ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;";

      7) 14-1-бапта:

      1-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 2-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-2) облыстың жергiлiктi атқарушы органының қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерiн беру және алып қою жөнiндегi ұсыныстарын және шешiмдерiнiң жобаларын дайындау;";

      16) тармақшадағы "16) орталық уәкілетті органға осы Кодекстің 92 және 93-баптарына сәйкес заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалар туралы ақпарат ұсыну;" деген сөздер алып тасталсын;

      2-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "6-1) республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерін беру және алып қою жөніндегі ұсыныстарын және шешімдерінің жобаларын дайындау;";

      26) тармақша алып тасталсын;

      4-тармақтың 6) тармақшасындағы "тоқтата тұру жатады." деген сөздер "тоқтата тұру;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:

      "7) орталық уәкілетті органға осы Кодекстің 92 және 93-баптарына сәйкес, заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалар туралы ақпарат беру жатады.";

      8) 15-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 5-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "5-3) жер комиссиясының құрамын және комиссия туралы ережені бекіту;";

      9) 16-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы 1-2), 10-3) және 10-4) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-2) жер комиссиясының құрамын қалыптастыру, комиссия туралы ережені әзірлеу және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жіберу;";

      "10-3) осы Кодекстің 120-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде аталған мемлекеттік органдарға қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерін беру және алып қою мәселелері жөніндегі материалдарды келісуге ұсыну;

      10-4) қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшiн жер учаскелерін беру және алып қою;";

      2-тармақ мынадай мазмұндағы 1-2), 5-4) және 5-5) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-2) жер комиссиясының құрамын қалыптастыру, комиссия туралы ережені әзірлеу және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жіберу;";

      "5-4) осы Кодекстің 120-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде аталған мемлекеттік органдарға қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерін беру және алып қою мәселелері жөніндегі материалдарды келісуге ұсыну;

      5-5) қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшiн жер учаскелерін беру және алып қою;";

      10) 17-бапта:

      бірінші абзацтағы "Елдi мекендер жерiн қоспағанда, аудан" деген сөздер "Аудан" деген сөзбен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 1-2), 2-1) және 2-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-2) жер комиссиясының құрамын қалыптастыру, комиссия туралы ережені әзірлеу және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жіберу;";

      "2-1) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      2-2) орталық уәкілетті органға осы Кодекстің 92 және 93-баптарына сәйкес, заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалар туралы ақпарат беру;";

      11) 18-бап мынадай мазмұндағы 1-1), 2-2) және 2-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-1) жер комиссиясының құрамын қалыптастыру, комиссия туралы ережені әзірлеу және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жіберу;";

      "2-2) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      2-3) орталық уәкілетті органға осы Кодекстің 92 және 93-баптарына сәйкес, заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалар туралы ақпарат беру;";

      12) 19-баптың 5) тармақшасындағы "жариялау жатады." деген сөздер "жариялау;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) және 7) тармақшалармен толықтырылсын:

      "6) жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      7) жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі тиісті уәкілетті органға осы Кодекстің 93-бабына сәйкес, заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалар туралы ақпарат беру жатады.";

      13) 23-бапта:

      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелері жеке меншікке және уақытша жер пайдалануға берілмейді.

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуі шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптарын халықтың қандай да бір ғимараттар (құрылыстар, құрылысжайлар) тұрғызу құқығынсыз, жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю және шөп шабу үшін пайдалануына жол беріледі.";

      4-тармақта:

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағында орналасқан жер учаскелері шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына меншік құқығымен тиесілі болмайды.";

      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының азаматтары шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиған (ерлі-зайыпты болған) кезде, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағында және шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелеріне меншік құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес қайта ресімделуге немесе иеліктен шығарылуға жатады.";

      14) 24-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағы шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері, шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына уақытша жер пайдалану құқығымен беріледі.

      Қазақстан Республикасының азаматтары шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиған (ерлі-зайыпты болған) кезде, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне уақытша жер пайдалану құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес иеліктен шығарылуға жатады.";

      15) 26-бапта:

      1-тармақтағы "кенттер мен ауылдық елдi мекендердiң маңындағы" деген сөздер алып тасталсын;

      3-тармақтың екінші абзацындағы "қажетіне арнап пайдаланылатын және соған арналған" деген сөздер "мұқтажына пайдаланылатын және соған арналған, оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдық елді мекендер шекарасы шегіндегі" деген сөздермен ауыстырылсын;

      16) 33-баптың 2-тармағының 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы құрылыс салушының уақытша қысқа мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасына сәйкес Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының кепілдігін алу үшін уәкілетті компанияға беруін қоспағанда, уақытша өтеусiз және уақытша қысқа мерзiмдi өтеулi жер пайдалану (жалға алу) құқығымен берiлген жер учаскелерiнiң;";

      17) 37-бапта:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған уақытша өтеулi жер пайдаланушының (жалға алушының), егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе жалға алу шартында өзгеше белгiленбесе, осы Кодекстің 43-бабы 1-тармағының 2), 3), 4), 5) және 8) тармақшаларында белгіленген талаптарды қоспағанда, жер учаскесінің шекаралары өзгермеген жағдайда, ал шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі үшін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мониторингінің нәтижелері де болған кезде, осы Кодекстің 43-бабында көзделген тәртіппен жаңа мерзімге шарт жасасуға құқығы бар. Уақытша өтеулі жер пайдаланушы (жалға алушы) осындай шарт жасасу ниетi туралы жалға берушiнi жалға алу шартында көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетілмесе, онда жалға алу шартының қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейін үш ай мерзiмде жазбаша хабардар етуге мiндеттi.

      Жалға алу шартының қолданылу мерзімі өткен соң өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған уақытша өтеулі жер пайдаланушының (жалға алушының), егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе жалға алу шартында өзгеше белгiленбесе, жаңа мерзімге шарт жасасуға басқа тұлғалар алдында артықшылықты құқығы болады.";

      2-1-тармақ алып тасталсын;

      18) 43-бапта:

      1-тармақта:

      бірінші абзацтағы "44, 44-1 және 45-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда" деген сөздер "44-1-бабында көзделген жағдайды қоспағанда" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1) тармақша "өтінішті" деген сөзден кейін "(өтінімді)" деген сөзбен толықтырылсын;

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) жер комиссиясының қорытынды дайындауы;";

      1-1-тармақта:

      екінші бөлік "осы Кодекстің" деген сөздерден кейін "43-1," деген цифрлармен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелері мен жер учаскелеріне жалға алу құқығы осы Кодекстің 48-бабында белгіленген ережелер ескеріле отырып, сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сату объектілері болуы мүмкін.";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi осы Кодексте белгiленген өздерінің құзыретi шегiнде жүзеге асырады.

      Жер учаскесін беру туралы шешім жер комиссиясының оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде қабылданады. Жер учаскелері қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін сұралған жағдайда, жер учаскесін беру туралы шешім жер комиссиясының оң қорытындысы, жерге орналастыру жобасы және осы Кодекстің 120-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде аталған мемлекеттік органдардың оң келісуі негізінде соңғы қорытынды келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылданады.

      Бұл ретте әзірленген және бекітілген жерге орналастыру жобасы және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскесіне құқық беру туралы шешімінің жобасы келісуші мемлекеттік органдарға жоғарыда көрсетілген шешімнің жобасы дайындалған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жіберілуге тиіс. Шешім жобасын келісу жер комиссиясының оң қорытындысы мен жерге орналастыру жобасы келісуге келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешім жер комиссиясының теріс қорытындысы негізінде жер комиссиясының қорытындысы шығарылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылданады.

      Жер учаскелерін алып қою, оның ішінде осы Кодекстің 84-бабына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін алып қою жағдайларын қоспағанда, жер учаскесіне құқық беруден бас тарту облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің шешімімен ресімделеді және ол уәжді болуға тиіс.

      Жер комиссиясының құрамын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары қалыптастырады және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жібереді. Жер комиссиясының құрамына:

      1) жергілікті өкілді органның депутаттары;

      2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органының, тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері;

      3) қоғамдық кеңестердің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдардың және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері;

      4) Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді.

      Жер учаскелері осы Кодекстің 43-1-бабына сәйкес берілген жағдайда, аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейінде құрылатын жер комиссияларының құрамына:

      1) жер учаскесі аумағында орналасқан аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі;

      2) жергілікті қоғамдастық жиналысы жіберген, тиісті аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің жергілікті халық өкілдері де кіреді.

      Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана деңгейінде құрылатын жер комиссияларының құрамына қоршаған ортаны қорғау, ауыл және орман шаруашылығы, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің өкілдері де міндетті түрде кіреді.

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының ұйғаруы бойынша жер комиссиясының құрамына басқа адамдар да кіруі мүмкін.

      Жер комиссиясы тұрақты негізде жұмыс істейді. Жер комиссиясы мүшелерінің саны тақ болуға және тоғыз адамнан кем болмауға тиіс. Бұл ретте қоғамдық кеңестер, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдар және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің саны жер комиссиясы мүшелері жалпы санының кемінде елу пайызын құрауға тиіс.

      Жер комиссиясының құрамы, төрағасын және осы тармақтың алтыншы бөлігінің 2) және 4) тармақшаларында, жетінші бөлігінің 1) тармақшасында және сегізінші бөлігінде аталған адамдарды қоспағанда, бүкіл құрамы ауыстырыла отырып, келесі күнтізбелік он екі ай өткен соң жыл сайын бекітіледі.

      Жер комиссиясының төрағасы болып әкімнің жер мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары тағайындалады.

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тиісті уәкілетті органы жер комиссиясының жұмыс органы болып табылады.

      Жер комиссиясының хатшысы жұмыс органының лауазымды адамдарының арасынан айқындалады. Жер комиссиясының хатшысы дауыс беруге қатыспайды.

      Жер комиссиясының отырысы, егер оған комиссия құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, құқыққа сыйымды деп есептеледі. Бұл ретте қоғамдық кеңестердің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдардың және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қатысып отырған өкілдерінің саны жер комиссиясының қатысып отырған мүшелері жалпы санының кемінде елу пайызын құрауға тиіс. Жер комиссиясының мүшелері оның отырыстарына ауыстыру құқығынсыз қатысады.

      Жер комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

      Дауыс беру нәтижелері отырысқа қатысып отырған жер комиссиясы мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен айқындалады және егер оған жер комиссиясы мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі.

      Жер комиссиясының шешімімен келіспеген жағдайда, жер комиссиясының мүшесі ерекше пікірін білдіруге құқылы, бұл жазбаша түрде баяндалуға және жер комиссиясының шешіміне қоса берілуге тиіс.

      Жер комиссиясының отырысы аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен міндетті түрде тіркеледі. Жер комиссиясының отырысын аудио-, бейнежазба құралдарымен тіркеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады. Жер комиссиясы отырысының барысын тіркеуді қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау тәртібін, сондай-ақ аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу тәртібін орталық уәкілетті орган айқындайды.

      Жер комиссиясының қорытындысы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тиісті уәкілетті органы жер комиссиясына сұралып отырған жер учаскесiн аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлiмделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану немесе жер учаскесiн алдын ала таңдауды беру (елді мекен шегінде объектілер салуды қоспағанда, жер учаскесi объектiлер салу үшiн сұралған кезде) мүмкiндiгi туралы ұсынысты берген кезден бастап бес жұмыс күнi iшiнде хаттамалық шешiм нысанында үш данада жасалады.

      Жер комиссиясының хаттамалық шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.

      Сотқа арыз беру жер комиссиясының хаттамалық шешімін орындауды тоқтата тұрады.

      Жер комиссиясы оң қорытындысының бір данасы жерге орналастыру жобасын дайындауы үшін өтініш берушіге бес жұмыс күні ішінде беріледі.

      Осы Кодекстің 43-1-бабына сәйкес берілетін жер учаскелерін қоспағанда, жер комиссиясы оң қорытындысының қолданылу мерзімі қабылданған күнінен бастап бір жылды құрайды. Біржылдық мерзімді өткізіп алу жергілікті атқарушы органның жер учаскесiне құқық беруден бас тарту туралы шешiм қабылдауы үшін негіз болып табылады.";

      3-тармақта:

      төртінші бөлік "уәкілетті органдарына" деген сөздерден кейін "және тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелеріне" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Жер учаскесі орналасқан жер бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдары және тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелері сұралып отырған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін өтініш келіп түскен кезден бастап он жұмыс күні ішінде айқындайды.";

      бесінші және алтыншы бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер өтініш беруші жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тізілімінде тұрған болса немесе өтініш беруші жер учаскесіне құқық беру туралы не құқық беруден бас тарту туралы шешім қабылдау үшін қажетті құжаттар топтамасын толық ұсынбаған болса, жер учаскесі орналасқан жер бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдары екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге өтінішті қараудан жазбаша бас тарту береді.

      Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерін сұрау жағдайларын қоспағанда, жер учаскесіне құқық беру туралы өтінішті қараудың жалпы мерзімі келіп түскен кезінен бастап екі айға дейінгі мерзімді құрайды.";

      4 және 6-тармақтар алып тасталсын;

      7-тармақта:

      үшінші бөлік "жерге орналастыру жобасы" деген сөздерден кейін "және жер комиссиясының он қорытындысы" деген сөздермен толықтырылсын;

      төртінші бөліктегі "Жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган" деген сөздер "Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тиісті уәкілетті органы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      алтыншы бөлік алып тасталсын;

      8 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау мен беруді мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін Мемлекеттік корпорация Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен алты жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.";

      "14. Жергілікті атқарушы органдар жер учаскесін алған тұлғалардың тізімдері бар ақпаратты жер учаскесін беру негізін, нысаналы мақсатын, алаңын, орналасқан жерін, құқық түрін, жалға алу мерзімін көрсете отырып, халыққа қолжетімді жерлердегі арнайы ақпараттық стендтерде, сондай-ақ өзінің интернет-ресурсында және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тиісті уәкілетті органының интернет-ресурсында ай сайын, ал тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында кемінде тоқсанына бір рет жариялау арқылы орналастыруға міндетті.

      Осы тармақтың ережелері осы бапта және осы Кодекстің 43-1, 44, 44-1 және 45-баптарында көзделген тәртіппен берілген жер учаскелеріне, сондай-ақ осы Кодекстің 48-бабына сәйкес сауда-саттыққа (конкурстарға, аукциондарға) шығарылатын жер учаскелеріне қолданылады.";

      19) мынадай мазмұндағы 43-1-баппен толықтырылсын:

      "43-1-бап. Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін беру ерекшеліктері

      1. Мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беру осы бапта белгіленген тәртіппен және шарттарда шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс негізінде жүзеге асырылады.

      2. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізбесін ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы қалыптастырады және бұл қоғамдық кеңестермен, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдармен, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен келісіледі.

      Келісуші органдар мен ұйымдар шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізбесі олардың орналасу схемасымен бірге келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде өз ұстанымының уәжді негіздемесі бар қорытынды береді.

      Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізбесі келісуші органдар мен ұйымдар жалпы санының кемінде төрттен үші оң қорытынды берген жағдайда келісілді деп есептеледі.

      Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің келісілген тізбесін ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы келісілген күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде бекітеді.

      Тізбеге енгізілген жер учаскелері шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа жерге орналастыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін шығарылады, жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу мерзімі көрсетілген тізбе бекітілген күннен бастап қырық бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      3. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізуді аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

      4. Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізуді қамтамасыз ету үшін:

      1) шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізу туралы хабарламаны тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында жариялауды;

      2) шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізу туралы хабарламаны тиісті облыс шегіндегі аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына, сондай-ақ орталық уәкілетті органға оның интернет-ресурсында орналастыру үшін жіберуді жүзеге асырады.

      Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізу туралы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес осы хабарламаны өзінің интернет-ресурсында, сондай-ақ мемлекеттік органдардың халыққа қолжетімді жерлердегі арнайы ақпараттық стендтерінде орналастырады және оны аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдеріне олардың интернет-ресурстарында және халыққа қолжетімді жерлердегі арнайы ақпараттық стендтерде орналастыру үшін дереу жібереді.

      5. Хабарламада:

      1) шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың өткізілетін күні, уақыты және орны, сондай-ақ өтінімдер беру мерзімі мен орны;

      2) жер учаскесінің сипаттамасы (орналасқан жері, алаңы, алқаптардың құрамы, топырақтың сапалық сипаттамасы, бонитет балы, сумен қамтамасыз етілуі, өңірдің ауыл шаруашылығына мамандануы) қамтылуға тиіс.

      6. Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінімдер қабылдауды шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізу туралы хабарлама тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында және жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында алғаш рет жарияланған күннен бастап күнтізбелік отыз күн өткен соң, ал конкурс қайта өткізілген жағдайда, күнтізбелік он бес күн өткен соң бастайды.

      Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдау және тіркеу – өтінімдерді қабылдау басталған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде, ал конкурс қайта өткізілген жағдайда, он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінім міндетті түрде тіркеу нөмірі беріліп және өтінім берушіге хабарлама беріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қағаз жеткізгіште немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы беріледі.

      "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы берілген шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінім орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес, конкурс қорытындысы шығарылған күні ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына жіберіледі.

      7. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысы шығарылған күн оның аяқталған күні болып есептеледі.

      Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысы шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінімдерді беру мерзімі аяқталғаннан кейін келесі күні шығарылады.

      8. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі өткізілетін конкурстарға жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалар тізілімінде тұрған тұлғалар, сондай-ақ осы баптың 19-тармағының бесінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар қатысуға құқылы емес.

      9. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінімде:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғалары үшін – заңды тұлғаның атауы, оның тұрған жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі (қайта тіркелуі) туралы мәліметтер, жарғылық капиталдағы (жарғылық капиталдың жалпы мөлшерінен) үлестерінің мөлшері көрсетіле отырып, өтінім берушінің – заңды тұлғаның басшылары мен қатысушылары немесе акционерлері туралы мәліметтер, өтінім берушінің үлестес тұлғалары туралы мәліметтер;

      2) жеке тұлғалар үшін – өтінім берушінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), тұрғылықты жері, азаматтығы, жеке сәйкестендіру нөмірі, өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтер;

      3) өтінім беруші үміттеніп отырған жер учаскесінің орналасқан жері;

      4) конкурстық ұсыныс;

      5) өтінім беруші шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың жеңімпазы деп танылған жағдайда, шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартына қол қою қажеттігі туралы хабарламаны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде көрсетілген шартты жасасу жөніндегі міндеттеме қамтылуға тиіс.

      Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінімді жеке тұлғаның немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғасының уәкілетті өкілдері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген және ресімделген сенімхаттың негізінде ұсына алады.

      10. Конкурстық ұсыныста:

      1) бизнес-жоспар (инвестициялардың болжамды көлемі, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру алаңдары, ауыл шаруашылығы жануарларының мал басы, қолданылатын агротехнологиялар, ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялық жабдықтың, ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандардың болуы, ашылатын жұмыс орындарының саны);

      2) шаруашылықішілік жерге орналастыру жобасын жасау және игеру, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту іс-шараларын орындау жөніндегі міндеттемелер;

      3) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану қағидаларын қоса алғанда, Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын орындау, өңірдің мамандануына сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдары құрылымын әртараптандыру бойынша индикативтік көрсеткіштерді орындау, ғылыми негізделген агротехнологияларды, фитосанитариялық және карантиндік талаптарды сақтау жөніндегі міндеттемелер қамтылуға тиіс.

      Конкурстық ұсыныс, "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы беру жағдайларын қоспағанда, беттері нөмірленіп, тігілген түрде, жабық конвертте ұсынылады.

      11. Конкурстық ұсыныста өтінім беруші ұсынған міндеттемелер мен бизнес-жоспар шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартының ажырамас бөлігі болып табылады.

      12. Осы баптың 9-тармағының талаптарына сәйкес келмейтін, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінім қабылдамай тастауға жатады.

      13. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты жер комиссиясы осы Кодекстің 43-бабының 2-тармағына сәйкес өткізеді.

      14. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың жеңімпазын жер комиссиясы тиісті өлшемшарттарды ескере отырып, балл беру арқылы конкурстық ұсыныстарды салыстыру негізінде айқындайды.

      Жер комиссиясы конкурстық ұсыныстарды бағалайды, салыстырады және жеңіп алған конкурстық өтінімді айқындайды.

      Конкурстық ұсыныстарды және шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау кезінде, ұсынылған конкурстық ұсыныстар мен өтінімдердің мәнін қозғамайтын, түзетуге болатын грамматикалық және арифметикалық қателер назарға алынбайды.

      15. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысы жер комиссиясының хаттамалық шешімімен ресімделеді.

      Жер комиссиясының хаттамалық шешіміне жер комиссиясының төрағасы және отырысқа қатысқан барлық мүшелері, сондай-ақ жер комиссиясының хатшысы қорытынды шығарылған күні қол қояды.

      Жер комиссиясының хаттамалық шешімімен келіспеген жағдайда, жер комиссиясының мүшесі ерекше пікірін білдіруге құқылы, ол жазбаша түрде баяндалып, жер комиссиясының хаттамалық шешіміне қоса берілуге тиіс.

      Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысы туралы жер комиссиясының мүшелері қол қойған хаттамалық шешім бір жұмыс күні ішінде ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органының интернет-ресурсында орналастырылады және үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, барлық өтінім берушілерге және орталық уәкілетті органға оның интернет-ресурсына орналастыру үшін жіберіледі.

      Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысы туралы жер комиссиясының хаттамалық шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін. Сотқа арыз беру жер комиссиясының хаттамалық шешімін орындауды тоқтата тұрады.

      16. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысы туралы жер комиссиясының хаттамалық шешімінде мынадай:

      1) өтінімді қабылдамай тастау себептері жайлы уәжді жауап беріле отырып, конкурсқа қатысуға өтінімдері қабылданбай тасталған өтінім берушілер туралы;

      2) өтінім берушіні жеңімпаз деп айқындау үшін негіз болған дәлелдер көрсетіле отырып, конкурсқа қатысуға өтінімі мақұлданған өтінім беруші туралы ақпарат қамтылады.

      17. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысы туралы жер комиссиясының хаттамалық шешімі екі жұмыс күні ішінде шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру туралы шешім қабылдау үшін ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына жіберіледі.

      Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысы туралы жер комиссиясының хаттамалық шешімі келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру туралы шешім қабылдайды.

      18. Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру туралы шешімінің негізінде ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы аталған шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалға алудың) үлгілік шартына сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартының жобасын дайындайды және конкурстың жеңімпазын хабардар етеді.

      19. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың жеңімпазы хабарламаны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартына қол қою үшін ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органына келуге міндетті.

      Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың жеңімпазына хабарламаны тапсырыс хатпен, табыс етілгені туралы хабарламасы бар жеделхатпен, оның ішінде телефонограммамен хабардар ету, ұялы байланыс арналары бойынша қысқа мәтіндік хабарламалар немесе электрондық пошта арқылы, сондай-ақ хабарламаның тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып жібереді.

      Шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартына қол қоюдан бас тартқан жағдайда, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың жеңімпазы ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органын жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті.

      Егер шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың жеңімпазы шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартына осы тармақта белгіленген мерзімдерде қол қоймаса, онда ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы бас тарту келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты қайта өткізу туралы шешім қабылдайды және оны жер комиссиясына жібереді.

      Шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартына қол қоюдан бас тартқан шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс жеңімпазының бір жыл бойы келесі конкурстарға қатысуға құқығы болмайды.

      20. Шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) жөнінде жасалған шарттың нәтижелері бойынша шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің пайдаланылуына, оның ішінде жеңімпаздың жерді пайдалану жөнінде қабылдаған міндеттемелерін орындауына:

      1) жалға алудың алғашқы бес жылында жыл сайын;

      2) келесі кезеңдерде: суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарында – әр үш жыл сайын, суарылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптарында әр бес жыл сайын мониторинг жүргізіледі.

      Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің пайдаланылуын қоғамдық кеңес, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің қатысуымен жүргізілетін мониторингтеудің оң нәтижелері ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартының қолданылу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдауы үшін негіз болып табылады.

      21. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс:

      1) конкурсқа шығарылған әрбір жер учаскесі бойынша конкурсқа қатысуға екіден аз өтінім келіп түскен;

      2) егер конкурсқа шығарылған әрбір жер учаскесі бойынша конкурсқа қатысуға екіден аз қатысушы жіберілген жағдайларда, өткізілмеді деп танылады.

      Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізілмеді деп тану жер комиссиясының хаттамалық шешімімен ресімделеді, ол шешім үш жұмыс күні ішінде ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының және ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органының интернет-ресурсында орналастырылады.

      22. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс өткізілмеді деп танылған жағдайда, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы осы бапта көзделген тәртіппен және мерзімдерде қайта конкурс өткізеді.";

      20) 44-баптың 5-1-тармағы алып тасталсын;

      21) 47-баптың 2-тармағында:

      "өтінім береді", "ол өтінім" деген сөздер тиісінше "өтініш береді", "ол өтініш" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "43-45-баптарында" деген сөздер "43, 44, 44-1 және 45-баптарында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      22) 48-бапта:

      1-тармақтың бірінші бөлігінің 20) тармақшасындағы "шыққан кезде берілетін жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын беру сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады." деген сөздер "шыққан кезде;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 21) тармақшамен толықтырылсын:

      "21) қоныс аударушыларға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерде, облыстық маңызы бар қалаларды қоспағанда, елді мекендердің шегінде объектілер салу үшін берілетін жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын беру сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сату жөніндегі сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында электрондық түрде жүзеге асырылады.";

      23) 49-1-бапта:

      1-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) жер комиссиясының қорытындысын дайындау;";

      8-тармақтағы "осы Кодекстің 43-бабының 2-тармағына сәйкес құрылатын комиссияның" деген сөздер "жер комиссиясының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      24) 50-бапта:

      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Бау-бақша шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен 1 гектардан аспайтын мөлшерде беріледі.";

      4-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қазақстан Республикасының Үкiметi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың өкілді және атқарушы органдарының бірлескен ұсынысы негiзiнде республиканың және бiр әкiмшiлiк ауданның (қаланың), облыстың шегінде ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлері бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң шектi (ең жоғары) мөлшерiн белгiлейдi, олар:";

      мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:

      "уақытша жер пайдалану құқығымен Қазақстан Республикасының азаматында шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғасында және оның үлестес тұлғаларында ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн болуы мүмкiн;";

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Жер учаскелерін осы тармақта көрсетілген мақсаттар үшін шектi (ең жоғары) мөлшерден асатын мөлшерлерде беруге жол берілмейді.";

      25) 51-бапта:

      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлу осы Кодекстің 97-бабының 3-1-тармағында көзделген нормалар ескеріле отырып жүзеге асырылады.";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жер учаскесiнiң бөлінетіндігі және бөлiнбейтiндiгi сәйкестендіру құжатында көрсетiледi.";

      26) 77-баптың 3-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қысқа мерзімді уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасына сәйкес кепілдік алу үшін Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорына уәкілетті компанияның кепілге беруін қоспағанда, қысқа мерзiмдi уақытша өтеулi және уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.";

      27) 84-бапта:

      2-тармақ мынадай мазмұндағы 4-1) және 4-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "4-1) "Жайылымдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 1-тармағына сәйкес жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін халықтың жайылымдық алқаптарға деген мұқтажын қанағаттандыру;

      4-2) елді мекендерді дамытудың және құрылыс салудың бас жоспарына немесе схемасына сәйкес жеке тұрғын үй салу үшін халықтың жер учаскелеріне деген қажеттілігін қамтамасыз ету;";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Жер пайдалануға берілген жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару, егер жер пайдаланушы берiлген құқықты мемлекеттен сатып алған болса, жер пайдалану құқығын сатып алғаны үшін төлемақы құны жер пайдаланушыға өтеле отырып жүзеге асырылады, сондай-ақ оның қалауы бойынша осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа жер учаскесі берілуі мүмкін.

      Егер жер пайдаланушы берілген құқықты мемлекеттен сатып алмаған болса, оған осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орнына басқа жер учаскесі берілуі мүмкін.

      Бұл ретте жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығарылған кезде жер пайдаланушыға залалдарды өтеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен толық көлемде жүзеге асырылады.";

      28) 92-бапта:

      3-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап қатарынан екі жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайларда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.";

      4-тармақта:

      бірінші абзацтағы "Ауыл" деген сөз "Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) тармақшадағы "екі жылдан астам" деген сөздер алып тасталсын;

      3) тармақшадағы "екі жыл бойы" деген сөздер алып тасталсын;

      29) 94-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Егер мақсатқа сай пайдаланылмай жатқан не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жер учаскесі осы Кодекстің 84-бабына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін алып қойылуына байланысты мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жататын болса, онда жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын тиісті орган аталған жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы қаулыны қабылдаған жергілікті атқарушы органның өтінішхаты негізінде жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою рәсімін тоқтатуға құқылы.";

      30) 96-1-бапта:

      1-тармақтағы "облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы" деген сөздер "жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі уәкілетті орган, аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы орган, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2-тармақтың бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі уәкілетті орган, аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы орган, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы осы Кодекстің 92 және 93-баптарына сәйкес заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде үш жұмыс күні ішінде орталық уәкілетті органға ақпарат жібереді, онда:";

      31) 97-бапта:

      3-1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ауыл шаруашылығын жүргізумен байланысты емес мақсатта учаскелерге бөлуге жол берілмейді.";

      3-2-тармақтағы "ауыл шаруашылығы мақсатындағы, жеке тұрғын үй құрылысына арналған және жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге арналған жердің нысаналы мақсатын" деген сөздер "шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің нысаналы мақсатын жеке тұрғын үй құрылысы мақсаттары үшін және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін" деген сөздермен ауыстырылсын;

      32) 102-баптың тақырыбындағы және 3-тармағындағы "және саяжай құрылысына", "және саяжай құрылысы" деген сөздер тиісінше ", саяжай құрылысына және бау-бақша шаруашылығына", ", саяжай құрылысы және бау-бақша шаруашылығы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      33) 105-баптың 3-тармағының екінші бөлігі "тарихи-мәдени мақсаттағы объектiлер үшiн" деген сөздерден кейін ", қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін" деген сөздермен толықтырылсын;

      34) 110-баптың 5-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың, астананың қала маңы аймақтарында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлуге тыйым салынады.";

      35) 120-баптың 1 және 4-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Әскери бөлiмдерді, әскери полигондарды, әскери оқу орындарын, Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының арнаулы (әскери) оқу орындарын, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының өзге де ұйымдарын, олардың қорғаныс және ұлттық қауiпсiздiк саласындағы мiндеттердi атқаратын объектілері мен құрылысжайларын орналастыру және олардың тұрақты қызметi үшiн берілген жер учаскелерi қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жер деп танылады.

      Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерін беру және алып қою орталық уәкілетті органмен және тиісті уәкілетті органмен (Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметімен, Қазақстан Республикасының "Сырбар" Сыртқы барлау қызметімен) келісу бойынша жүзеге асырылады.";

      "4. Аудандық атқарушы органдар тиісті уәкілетті органмен (Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметімен) келісу бойынша қорғаныс мұқтажы үшін берiлген жерден жекелеген жер учаскелерін ауыл шаруашылығына пайдалану үшiн жеке және заңды тұлғаларға уақытша жер пайдалануға бере алады.";

      36) 136-1-баптың 2-тармағының екінші бөлігіндегі "осы Кодекстің 43-бабының 2-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар құратын комиссияның" деген сөздер "жер комиссиясының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      37) 145-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылауды орталық уәкiлеттi орган, жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі уәкiлеттi органдар, аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы органдар, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері және өзге де уәкiлеттi органдар өздерінің құзыреті шегінде жүзеге асырады.";

      38) 146-баптың 2-тармағында:

      бірінші бөлік алып тасталсын;

      екінші және алтыншы бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:

      "Орталық уәкiлеттi орган ведомствосының басшысы Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы болып табылады.";

      "Орталық уәкілетті орган ведомствосының, жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі уәкілетті органдардың, аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы органдардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды тікелей жүзеге асыратын өзге де лауазымды адамдары жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар болып табылады.";

      39) 147-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "147-бап. Жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органдардың, аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы органдардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің функциялары";

      1-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарының Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласында қабылдаған шешiмдерiнiң заңдылығына;";

      2-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жердi пайдалану мен қорғауды бақылау жөнiндегi уәкiлеттi орган (осы баптың 2-1 және 2-2-тармақтарында көзделген жағдайлардан басқа кезде):";

      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) аудандардың жергiлiктi атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкiмдерiнiң Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласында қабылдаған шешiмдерiнiң заңдылығына;";

      мынадай мазмұндағы 2-2-тармақпен толықтырылсын:

      "2-2. Аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы органдар, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде жер учаскесінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларға қатысты жерді пайдалану мен қорғауға, атап айтқанда:

      1) жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жердің топырақ құнарлылығын қалпына келтіру және сақтау жөніндегі ұйымдастыру-шаруашылық, агротехникалық, гидротехникалық және эрозияға қарсы іс-шаралар кешенін уақтылы және дұрыс жүргізуіне;

      2) жерді жақсарту жөніндегі, топырақ эрозиясын, тұздануды, батпақтануды, су басуды, шөлейттенуді, құрғақтануды, тығыздалуды, қоқыстануды, ластануды және жердің тозуын туғызатын басқа да процестерді болғызбау және олардың салдарын жою жөніндегі іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуына;

      3) жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі жерге орналастыру жобаларының орындалуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді.";

      40) 148-баптың 1-тармағының 4) тармақшасы "алып қоюға" деген сөзден кейін ", нысаналы мақсатын өзгертуге" деген сөздермен толықтырылсын;

      41) 149-баптың 3-тармағының 2) тармақшасы "шаруашылықаралық" деген сөзден кейін "және шаруашылықішілік" деген сөздермен толықтырылсын.

      2. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2014 ж., № 18-I, 18-II, 92-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; № 24, 145, 146-құжаттар; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 6-құжат; № 7, 33-құжат; № 8, 44, 45-құжаттар; № 9, 46-құжат; № 10, 50-құжат; № 11, 52-құжат; № 14, 71-құжат; № 15, 78-құжат; № 16, 79-құжат; № 19-I, 101-құжат; № 19-II, 102, 103, 105-құжаттар; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 115-құжат; № 21-I, 124, 125-құжаттар; № 21-II, 130-құжат; № 21-III, 137-құжат; № 22-I, 140, 141, 143-құжаттар; № 22-II, 144, 145, 148-құжаттар; № 22-III, 149-құжат; № 22-V, 152, 156, 158-құжаттар; № 22-VI, 159-құжат; № 22-VII, 161-құжат; № 23-I, 166, 169-құжаттар; № 23-II, 172-құжат; 2016 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 9-құжат; № 6, 45-құжат; № 7-I, 49, 50-құжаттар; № 7-II, 53, 57-құжаттар; № 8-I, 62, 65-құжаттар; № 8-II, 66, 67, 68, 70, 72-құжаттар; № 12, 87-құжат; № 22, 116-құжат; № 23, 118-құжат; № 24, 124, 126, 131-құжаттар; 2017 ж., № 1-2, 3-құжат; № 9, 17, 18, 21, 22-құжаттар; № 12, 34-құжат; № 14, 49, 50, 54-құжаттар; № 15, 55-құжат; № 16, 56-құжат; № 22-III, 109-құжат; № 23-III, 111-құжат; № 23-V, 113-құжат; № 24, 114, 115-құжаттар; 2018 ж., № 1, 4-құжат; 2018 жылғы 18 сәуірде "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы):

      1) 710-баптың бірінші бөлігінің екінші абзацында:

      "137 (бірінші бөлігінің 2) тармақшасында)" деген сөздер "137" деген цифрлармен ауыстырылсын;

      "338," деген цифрлар алып тасталсын;

      2) 729-баптың бірінші бөлігі "320 (бесінші, алтыншы және жетінші бөліктерінде)," деген сөздерден кейін "338," деген цифрлармен толықтырылсын.

      3. "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2011 ж., № 16, 127-құжат; 2012 ж., № 5, 41-құжат; № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 21-22, 114-құжат; № 23-24, 116-құжат; 2014 ж., № 11, 64-құжат; № 16, 90-құжат; № 21, 118-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 19-II, 102-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 22-I, 143-құжат; № 22-V, 154, 158-құжаттар; № 22-VI, 159-құжат; 2016 ж., № 7-I, 49-құжат; № 23, 118-құжат; № 24, 131-құжат; 2017 ж., № 16, 56-құжат; № 22-III, 109-құжат; 2018 жылғы 18 сәуірде "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы):

      23-баптың 3-тармағының екінші бөлігіндегі "тауарлы" деген сөз алып тасталсын.

      4. "Қоғамдық кеңестер туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2015 ж., № 21-I, 120-құжат; 2017 ж., № 4, 7-құжат; № 16, 56-құжат):

      5-баптың 1-тармағының 10) тармақшасындағы "құру жатады." деген сөздер "құру;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:

      "11) жергілікті мемлекеттік басқару органдарының Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер қатынастарын реттеу мәселелері жөніндегі жұмысына қатысу жатады.".

      5. "Қазақстан Республикасы Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және "Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы" 2016 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2016 ж., № 10, 79-құжат; № 23, 122-құжат):

      1-баптың 1) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) 24-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі тоқтатыла тұрған кезеңде мынадай:

      "1. Мемлекеттік меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi осы Кодексте белгiленген тәртiппен және шарттарда Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларына жер пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн." деген редакцияда қолданылады деп белгіленіп, осы бөліктің;";

      "3) 97-баптың 6-тармағы 2) тармақшасының бірінші бөлігі тоқтатыла тұрған кезеңде мынадай:

      "2) Қазақстан Республикасының жеке тұлғаларына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларына шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргізу, орман өсiру, ғылыми-зерттеу, тәжiрибе жүргізу және оқыту мақсаттарында, қосалқы ауыл шаруашылығын, бау-бақша шаруашылығын және мал шаруашылығын жүргiзу үшiн жер пайдалануға беріледі." деген редакцияда қолданылады деп белгіленіп, осы бөліктің;".

2-бап. Осы Заң 2021 жылғы 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағы 6) тармақшасының тоғызыншы абзацын, 22) тармақшасының төртінші және бесінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ