Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.
МАЗМҰНЫРҚАО-ның ескертпесі!
Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 22-баптан қараңыз.
Осы Заң коллекторлық қызметті жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, коллекторлық агенттіктерді құрудың, олардың қызметінің ерекшеліктерін белгілейді, сондай-ақ коллекторлық агенттіктерді мемлекеттік реттеудің, олардың қызметін бақылаудың ерекшелiктерiн айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша берешек (бұдан әрі – берешек) – банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша борышкердің кредитор алдындағы негізгі борышты, сыйақыны, комиссияларды, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеу жөніндегі міндеттемелері;
2) борышкер – банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерін орындамауға немесе тиісінше орындамауға жол берген жеке немесе заңды тұлға;
3) есептік тіркеу – коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлғаны коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізу;
4) коллекторлық агенттік - коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізілген, коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға;
5) коллекторлық агенттіктер тізілімі – коллекторлық қызмет сала сындағы уәкілетті органның коллекторлық агенттіктерінің бірыңғай тізбесі;
6) коллекторлық қызмет - коллекторлық агенттіктің берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және реттеуге, сондай-ақ берешекке байланысты ақпарат жинауға бағытталған қызметі;
7) коллекторлық қызмет саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі;
8) кредитор - берешек бойынша борышкерге талап ету құқығы бар екінші деңгейдегі банк, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым немесе микроқаржы ұйымы.
2-бап. Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Осы Заңда реттелмеген бөлiгiнде коллекторлық агенттіктерге "Шаруашылық серіктестіктері туралы" және "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының күші қолданылады.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2-тарау. КОЛЛЕКТОРЛЫҚ АГЕНТТІКТІ ҚҰРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚЫЗМЕТІ
1. Коллекторлық агенттік шаруашылық серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады.
2. Коллекторлық агенттіктің атауында мiндеттi түрде "коллекторлық агенттік" деген сөздер қамтылуға тиiс. Коллекторлық агенттіктің атауын қысқартуға жол берілмейді.
Коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізілмеген заңды тұлға коллекторлық қызметті жүзеге асыруға, өзін коллекторлық қызметпен айналысушы ретінде сипаттауға, сондай-ақ өз атауында "коллекторлық агенттік" деген сөздерді, олардан туындайтын, өзін коллекторлық қызметті жүзеге асырады деп болжататын сөздерді пайдалануға құқылы емес.
3. Бірде-бір тұлға, егер ол:
1) уәкілетті органға өзі туралы және осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің не орналастырылған (артықшылықты және қоғам сатып алған акцияларды шегере отырып) акцияларының жиырма бес пайызынан астамын тікелей немесе жанама иеленетін және (немесе) пайдаланатын және (немесе) оларға билік ететін жеке тұлғалар, сол сияқты көрсетілген тұлғаны бақылауды жүзеге асыратын жеке тұлғалар туралы ақпаратты ашпаса;
2) жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар жеке тұлға болып табылса;
3) құрылтайшысы (акционері, қатысушысы) не басшы жұмыскері бұдан бұрын, уәкілетті орган коллекторлық агенттікті осы Заңның 9-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша коллекторлық агенттіктер тізілімнен шығару туралы шешім қабылдағанға дейін бір жылдан аспайтын кезеңде осы коллекторлық агенттіктің бірінші басшысы немесе құрылтайшысы (қатысушысы) болған заңды тұлға болып табылса, коллекторлық агенттіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің он немесе одан да көп пайызын өзі дербес немесе басқа тұлғамен (тұлғалармен) бірлесіп тікелей немесе жанама түрде иелене және (немесе) пайдалана және (немесе) оларға билік ете немесе бақылау жасай алмайды.
Ескертпелер.
1. Осы Заңның мақсаттарында заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін не орналастырылған (артықшылықты және қоғам сатып алған акцияларды шегере отырып) акцияларын жанама иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету деп басқа заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін) иелену (дауыс беру) арқылы заңды тұлғаның шешімдерін, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің он немесе одан да көп пайызын иеленетін және (немесе) пайдаланатын және (немесе) оларға билік ететін тұлғаның немесе бірлесіп осындай тұлғалар болып табылатын тұлғалардың шешімдерін айқындау мүмкіндігі түсініледі.
2. Осы Заңның мақсаттарында заңды тұлғаны бақылау (бақылау) деп заңды тұлға қабылдайтын шешімдерді айқындау мүмкіндігі түсініледі.
4-бап. Коллекторлық қызметті жүзеге асыру негіздері
1. Коллекторлық қызмет өзінің нысанасы кредиторға берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу бойынша, сондай-ақ берешекке байланысты ақпарат жинау бойынша қызметтер көрсету болып табылатын шарт (бұдан әрі - берешекті өндіріп алу туралы шарт) негізінде жүзеге асырылады.
2. Коллекторлық қызмет берешек туындаған жағдайда жүзеге асырылады.
3. Коллекторлық агенттік пен кредитор арасында берешекті өндіріп алу туралы шарт жазбаша нысанда жасалады және онда, оның ішінде мынадай талаптар:
1) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
2) тараптардың жауапкершілігі;
3) борышкердің – жеке тұлғаның жеке басын сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректері;
4) заңды тұлғаға қатысты атауы, тұрған жері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
5) берешектің мөлшері;
6) берешектің құрылымы (негізгі борыштың, сыйақының, комиссиялардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) сомасы);
7) бар болған жағдайда, банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша кепілгер немесе кепілдік етуші туралы мәліметтер;
8) бар болған жағдайда, егер банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша кепіл құқығы тіркелуге жатса, кепіл нысанасы туралы мәліметтер;
9) шарт бойынша сыйақы мөлшері;
10) шарттың қолданылу мерзімі;
11) кредитордың коллекторлық агенттікті борышкердің бұдан бұрын жүргізген төлемдері және (немесе) берешек сомаларының өзгеруі туралы хабардар ету (хабарлау) тәртібі мен мерзімдері;
12) коллекторлық агенттіктің берешекті өндіріп алу туралы шарттың орындалу барысы туралы ақпарат беру тәртібі;
13) осы Заңның 9-бабы 5-тармағы бірінші бөлігінің төртінші абзацында көзделген жағдайда, берешекті өндіріп алу туралы шартты бұзу тәртібі мен мерзімдері, сондай-ақ құжаттарды қайтару тәртібі мен мерзімдері;
14) борышкерге қатысты коллекторлық қызметті мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі мен талаптары қамтылуға тиіс.
Берешекті өндіріп алу туралы шарт осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген ақпаратты қамтуға тиіс борышкерлер тізілімін (тізілімдерін) қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда бере отырып, бір немесе бірнеше борышкерге қатысты жасалуы мүмкін.
Берешекті өндіріп алу туралы шартқа сондай-ақ берешекті өндіріп алу туралы шарттың орындалуына байланысты берілетін құжаттар мен борышкер жөніндегі мәліметтер тізбесі, мерзімі өткен берешекті реттеу бойынша борышкерге қатысты кредитор қабылдаған, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шаралар жөніндегі ақпарат қоса беріледі. Ақпарат банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде міндеттемелерді орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың соңғы күнінен бастап берешекті коллекторлық агенттікке бергенге дейінгі кезең үшін көрсетіледі.
Берешекті өндіріп алу туралы шарт бойынша берешекке қатысты коллекторлық қызмет жөніндегі қызметтерді көрсету мерзімі алты айдан кем болмауға және бес жылдан аспауға тиіс.
Осы Заңда не берешекті өндіріп алу туралы шартта көзделген жағдайларда, борышкерге қатысты коллекторлық қызметті мерзімінен бұрын тоқтатуға жол беріледі.
Берешекті өндіріп алу туралы шарт шеңберінде коллекторлық агенттікке берілген берешек басқа коллекторлық агенттікке беріле алмайды.
Берешекті өндіріп алу туралы шартқа осы Заңда реттелмеген мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің тапсыру және қызметтерді өтеулі көрсету туралы ережелері қолданылады.
4. Берешегі тұрғынжай түріндегі кепілмен қамтамасыз етілген борышкерге – жеке тұлғаға қатысты коллекторлық қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.
5-бап. Коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидалары
1. Коллекторлық агенттік борышкермен және (немесе) оның өкілімен және (немесе) банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредиторға міндеттемелері арқылы байланысты болатын үшінші тұлғамен:
1) телефон арқылы сөйлесулер;
2) жеке кездесулер;
3) жеке тұлғаға - борышкерге тұрғылықты жері (заңды мекенжайы) бойынша, заңды тұлғаға - борышкерге тұрған жері (нақты мекенжайы) бойынша жіберілетін жазбаша (пошталық) хабарламалар;
4) ұялы байланыс бойынша мәтіндік, дыбыстық және өзге де хабарлар жолымен;
5) Интернет желісі арқылы өзара іс-қимыл жасасуға құқылы.
2. Коллекторлық агенттіктің борышкермен және (немесе) оның өкілімен және (немесе) банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредиторға міндеттемелері арқылы байланысты болатын үшінші тұлғамен өзара іс-қимылы:
1) бастапқы байланыс кезінде:
коллекторлық агенттіктің атауы және коллекторлық агенттіктер тізіліміндегі есептік тіркеу нөмірі;
коллекторлық агенттіктің тұрған жері;
борышкермен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
кредитордың атауы;
кредитордың берешекті коллекторлық агенттікке жұмысқа бергені;
банктік қарыз шартында немесе микрокредит беру туралы шартта көзделген берешектің құрылымы, негізгі борыштың, сыйақы ның, комиссиялардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының қалдығы;
борышкердің банктік қарыз шартында немесе микрокредит беру туралы шартта, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершілігі мен өзге де міндеттемелері, сондай-ақ банктік қарыз шартында немесе микрокредит беру туралы шартта көзделген міндеттемелерді орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдарлары туралы хабармен жүзеге асырылуға тиіс.
Осы тармақшада көзделмеген және коммерциялық немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпия болып табылмайтын өзге де ақпарат борышкерге оның талап етуі бойынша ғана хабарланады;
2) егер борышкер коллекторлық агенттікке жеке жүгінген кезде осы тармақшада көрсетілген уақыт кезеңі шегінде коллекторлық агенттік ұсынғаннан өзгеше өзара іс-қимыл жасасу кезеңін айқындамаса, борышкердің тұрғылықты жерінің не тұрған жерінің не борышкердің тіркелген жерінің уақыты бойынша жұмыс күндері сағат 8:00-ден 21:00-ге дейінгі кезеңде;
3) коллекторлық агенттіктің бастамасы бойынша борышкердің тұрғылықты жері немесе тұрған жері немесе тіркелген жері бойынша немесе коллекторлық агенттіктің (филиалдың, өкілдіктің) тұрған жеріндегі үй-жайларында жеке қарым-қатынас кезінде аптасына үш реттен асырмай және жұмыс күндері сағат 8:00-ден 21:00-ге дейінгі кезеңде бір реттен асырмай;
4) коллекторлық агенттіктің бастамасы бойынша телефонмен сөйлесу арқылы жұмыс күндері сағат 8:00-ден 21:00-ге дейінгі уақыт кезеңінде үш реттен асырмай;
5) борышкердің талап етуі бойынша, коммерциялық немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияға жататын ақпаратты қоспағанда, коллекторлық агенттіктің берешекке қатысты коллекторлық қызметті жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктерін растайтын ақпарат пен құжаттардың көшірмесін бере отырып;
6) өзара іс-қимыл процесін коллекторлық агенттіктің (филиалдың, өкілдіктің) тұрған жеріндегі үй-жайларында аудио- немесе бейнетехника құралдарының көмегімен тіркей отырып;
7) кредитордан, борышкерден және (немесе) оның өкілінен және (немесе) үшінші тұлғалардан алынған құжаттар мен ақпараттың, оның ішінде банк құпиясының, микрокредит беру құпиясының, коммерциялық немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияның, борышкердің және (немесе) оның өкілінің және (немесе) үшінші тұлғалардың дербес деректерінің сақталуын қамтамасыз ете отырып жүзеге асырылуға тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген талаптар коллекторлық агенттіктің осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген міндеттерді бұзатын (бұзған) борышкермен және (немесе) оның өкілімен өзара іс-қимылына қолданылмайды.
Ескертпе. Осы тармақтың мақсаттары үшін жұмыс күндері деп демалыс немесе мереке күндері (ұлттық және мемлекеттік мерекелер) болып табылмайтын, дүйсенбі мен жұма аралығындағы апта күндері түсініледі.
3. Бастапқы байланыс кезінде коллекторлық агенттік борышкерге – жеке тұлғаға және (немесе) оның өкіліне олардың (оның) банктік қарыз шартының немесе микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту туралы өтінішхатын негіздейтін берешектің туындау себептері, кірістер мен басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын жазбаша өтінішпен коллекторлық агенттікке жүгіну құқығы туралы да хабарлайды.
4. Коллекторлық агенттік осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында көрсетілген тұлға болып табылмайтын кез келген жеке тұлғамен өзара іс-қимыл жасасу кезінде мынадай ақпаратты:
коллекторлық агенттіктің атауын және коллекторлық агенттіктер тізіліміндегі есептік тіркеу нөмірін;
коллекторлық агенттік жұмыскерінің тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымын хабарлайды.
Коллекторлық агенттіктің осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жеке тұлғамен өзара іс-қимылы осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2), 3), 4), 6) және 7) тармақшаларында көзделген талаптар сақталған жағдайда, сондай-ақ, егер осы тұлға коллекторлық агенттікпен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға келісім білдірген, оның ішінде ауызша келісім білдірген жағдайда жүзеге асырылады.
5. Коллекторлық агенттіктің борышкермен және (немесе) оның өкілімен және (немесе) үшінші тұлғамен өзара іс-қимылы кезінде мынадай жосықсыз әрекеттерді жүзеге асыруына:
1) борышкермен және (немесе) оның өкілімен және (немесе) үшінші тұлғамен өзара іс-қимылдың осы баптың 1-тармағында көзделмеген өзге де тәсілдерін пайдалануға;
2) осы баптың 2-тармағында көзделген талаптарды бұзуға;
3) коллекторлық агенттік өзара іс-қимыл жасасатын тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратуға не осы тұлғалардың мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді жария етуге;
4) коллекторлық агенттік өзара іс-қимыл жасасатын тұлғаның құқықтары мен бостандықтарына қол сұғатын, олардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін, сондай-ақ осы тұлғаға мүліктік және өзге де зиян келтіруге алып келетін, құқыққа қайшы әрекеттер жасауға;
5) борышкерге және (немесе) оның өкіліне және (немесе) үшінші тұлғаларға күш қолдану не олардың мүлкін жою немесе бүлдіру қатері, қорлау, алаяқтық, жалған құжаттар жасау, боп салау арқылы борышкерді банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындауға мәжбүрлейтін қысым көрсетуге;
6) коллекторлық агенттік өзара іс-қимыл жасасатын тұлғаны берешектің мөлшеріне, сипатына және туындау негіздеріне қатысты жаңылыстыруға;
7) берешекті өтеу есебінен ақшаны (қолма-қол немесе қолма-қол емес нысанда), сондай-ақ өзге де мүлікті қабылдауға;
8) берешекті ақшадан басқа, өзге мүлікпен өтеуді талап етуге;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кредитордан және (немесе) оның өкілінен және (немесе) үшінші тұлғалардан алынған коммер циялық немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны жария етуге тыйым салынады.
6. Осы баптың нормалары бұзылған жағдайда, коллекторлық агенттік өзі дербес немесе уәкілетті органның талабы бойынша жұмыскердің осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында және 4-тармағының бірінші бөлігінің бірінші абзацында көрсетілген тұлғалармен өзара іс-қимыл жасасу жөніндегі өкілеттігін тоқтату жөнінде шаралар қабылдауға және үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға ақпарат беруге міндетті.
7. Коллекторлық агенттік банктік қарыз шарты бойынша немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) басқаға беру нәтижесінде туындаған өзінің кредитор құқықтарын іске асырған кезде оған осы баптың 1, 2, 4-тармақтарының, 5-тармағы 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 9) тармақшаларының және 6-тармағының талаптары қолданылады.
6-бап. Берешекті сотқа дейін реттеу тәртібінің ерекшеліктері
1. Осы Заңның 5-бабының 3-тармағында көзделген құқықты іске асыру үшін борышкер - жеке тұлға және (немесе) оның өкілі өздеріне (өзіне) коллекторлық агенттік хабарлаған күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде банктік қарыз шартының немесе микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту туралы жазбаша өтінішпен коллекторлық агенттікке жүгінеді. Жазбаша өтініште борышкердің жазбаша өтінішін қарау және оның банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерін орындау үшін өз қаражатының жеткілікті екендігін айқындау үшін кредиторға қажетті банктік қарыз шартының немесе микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту туралы өтінішхатқа негіз болған берешектің туындау себептері, басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтер ашылады, сондай-ақ білімі, кірістер және шығыстар деңгейі, отбасы құрамы (мүшелері), тұрғылықты жері, мүлкінің бар-жоғы туралы анық ақпарат, өзге де мәліметтер беріледі.
2. Коллекторлық агенттік жазбаша өтінішті алған күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны кредиторға жіберуге міндетті.
3. Кредитор борышкердің жазбаша өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде банктік қарыз шартын немесе микрокредит беру туралы шартты өзгертудің ұсынылған талаптарын қарайды және коллекторлық агенттікке:
1) банктік қарыз шартына немесе микрокредит беру туралы шартқа ұсынылған өзгерістермен келісетіні;
2) банктік қарыз шартының немесе микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту бойынша өзінің ұсыныстары;
3) банктік қарыз шартының немесе микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту себептерінің уәжді негіздемесін көрсете отырып, осындай бас тарту туралы жазбаша нысанда хабарлайды.
4. Коллекторлық агенттік кредитор қабылдаған шешімді алғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде ол туралы борышкерге хабарлайды.
5. Борышкерге қатысты коллекторлық қызметті жүзеге асыру кезінде кредитор:
сотқа оның берешегін өндіріп алу туралы талап қойып жүгінуге;
берешек коллекторлық агенттікте жұмыста болған кезеңде есепке жазылған сыйақыны төлеуді талап етуге, сондай-ақ негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін көрсетілген кезеңге тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке жазуға құқылы емес.
6. Борышкер және (немесе) оның өкілі осы бапта көзделген берешекті сотқа дейін реттеу тәртібі мәселесі бойынша кредитордың не коллекторлық агенттіктің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) уәкілетті органға шағым жасай алады.
7-бап. Коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлғаны есептік тіркеу
1. Коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлға әділет органдарында мемлекеттік тіркелген (қайта тіркелген) күнінен бастап үш ай ішінде есептік тіркелуге жатады.
2. Коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлға есептік тіркеуден өту үшін уәкілетті органға:
1) өтінішті;
2) ішкі бақылау қызметі туралы ережені (бар болған жағдайда);
3) өтініш ұсынылған күннің алдындағы күнгі жағдай бойынша құрылтайшылар (қатысушылар), сондай-ақ басшы жұмыскерлер туралы мәліметтерді;
4) "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған ақпарат беру туралы шарттың көшірмесін және кредиттік тарихтарды қалыптастыру мен оларды пайдалану жүйесінің қатысушыларына қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы құжаттың көшірмесін;
5) борышкерлермен және (немесе) олардың өкілдерімен және (немесе) банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредиторға міндеттемелері арқылы байланысты болатын үшінші тұлғалармен өзара іс-қимыл жасасатын жұмыскерлер туралы мәліметтерді;
6) филиалдар және (немесе) өкілдіктер туралы мәліметтерді ұсынады.
3. Коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлға осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттарды уәкілетті орган бекіткен есептік тіркеуден өту және коллекторлық агенттіктердің тізілімін жүргізу қағидаларына сәйкес қағаз жеткіз гіште немесе электрондық нысанда ұсынады.
4. Уәкілетті орган есептік тіркеуден өтуге арналған құжаттарды алған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.
Коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлға құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда, уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімдерде өтінішті одан әрі қараудан уәжді түрде жазбаша нысанда бас тартады.
5. Уәкілетті орган есептік тіркеуден өту туралы өтінішті құжаттар топтамасы толық ұсынылған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды.
6. Уәкілетті орган коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлғаны осы баптың 5-тармағында белгіленген мерзімде коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізуге және оны осы шешім мен тіркеу нөмірі туралы хабардар етуге не есептік тіркеуден бас тарту себептері туралы уәжді түрде жазбаша нысанда жауап беруге міндетті.
7. Есептік тіркеуден өткен коллекторлық агенттіктердің тізілімі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
8-бап. Коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлғаны есептік тіркеуден бас тарту негіздерi
1. Коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлғаны есептік тіркеуден бас тарту мынадай:
1) осы Заңның 7-бабының 2-тармағында көрсетілген құжаттарда көрсетілуге жататын анық емес мәліметтер мен ақпарат берілген;
2) коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлғаның жұмыскерлері осы Заңның 12-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес келмеген;
3) коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің он немесе одан да көп пайызын өзі дербес немесе басқа тұлғамен (тұлғалармен) бірлесіп тікелей немесе жанама иеленетін және (немесе) пайдаланатын және (немесе) оларға билік ететін немесе бақылау жасайтын тұлға осы Заңның 3-бабының 3-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмеген;
4) әділет органдарында мемлекеттік тіркелген (қайта тіркелген) күнінен бастап үш ай өткеннен кейін уәкілетті органға есептік тіркеуден өту туралы өтінішпен жүгінген;
5) осы Заңның 21-бабының 1-тармағында белгіленген талаптарды сақтамаған жағдайларда жүргізіледі.
2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша есептік тіркеуден бас тартылған жағдайда, коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлға есептік тіркеуден бас тартуды алған күннен кейін отыз жұмыс күні ішінде осы Заңның 7-бабының 2-тармағына сәйкес құжаттарды қайтадан ұсынуға құқылы не өзінің атауынан "коллекторлық агенттік" деген сөздерді, олардан туындайтын, өзін коллекторлық қызметті жүзеге асырады деп болжататын сөздерді алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге міндетті.
Коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлға осы баптың 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша есептік тіркеуден бас тартуды алған жағдайда, мұндай заңды тұлға өзінің атауынан "коллекторлық агенттік" деген сөздерді, олардан туындайтын, өзін коллекторлық қызметті жүзеге асырады деп болжататын сөздерді алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге міндетті.
Заңды тұлға осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген әрекеттерді жүзеге асырмаған жағдайда, ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мәжбүрлі түрде таратылуға жатады.
9-бап. Коллекторлық агенттікті коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығару негіздері
1. Мынадай:
1) осы Заңның 5-бабы 5-тармағының 3), 4), 5), 7) және 8) тармақшаларында көзделген жосықсыз әрекеттердің біреуін қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде үштен көп рет жасаған;
2) коллекторлық агенттік уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес ұсынылуы талап етілетін есептілікті белгіленген мерзімде ұсынбаған, оны қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үштен көп рет жасаған;
3) коллекторлық агенттік уәкілетті органға Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес талап етілетін ақпаратты бермеген, уақтылы бермеген не коллекторлық агенттік уәкілетті органға Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес ұсынылуы талап етілетін мәліметтерді қамтымайтын ақпарат берген не сұралатын өзге ақпаратты бермеген, уақтылы бермеген не анық емес ақпарат берген, коллекторлық агенттік оны қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үштен көп рет жасаған;
4) коллекторлық агенттік өзі қабылдаған және (немесе) өзіне уәкілетті орган шектеулі ықпал ету шараларын қолдану арқылы жүктеген міндеттерді орындамаған, уақтылы орындамаған, коллекторлық агенттік оны қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үштен көп рет жасаған;
5) коллекторлық агенттіктердің тізіліміне енгізілген күннен бастап қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде коллекторлық қызметті жүзеге асырмаған;
6) коллекторлық агенттіктің қызметін тоқтату туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
7) коллекторлық агенттік күнтізбелік соңғы он екі айда тексеру жүргізуге үш және одан да көп рет кедергі келтірген;
8) коллекторлық агенттік коллекторлық қызметті жүзеге асыруды ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайларда, коллекторлық агенттік коллекторлық агенттіктердің тізілімінен шығарылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 8) тармақшасында көзделген жағдайда, коллекторлық агенттіктің коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығару туралы өтінішіне барлық міндеттемелердің орындалғанын растау, сондай-ақ баланста бұрын алынған құқықтардың (талап етулердің) жоқ екені туралы хат қоса беріледі.
2. Коллекторлық агенттік коллекторлық агенттіктердің тізілімінен шығарылған жағдайда, уәкілетті орган оны шығарылған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде бұл туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
Хабарлама есептік тіркеуден өтуге арналған өтініште не коллекторлық агенттіктің тұрған жерінің өзгергені туралы жазбаша хабарламада көрсетілген мекенжай бойынша жіберіледі.
3. Уәкілетті органның коллекторлық агенттікті коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығару туралы шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Уәкілетті органның коллекторлық агенттікті коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығару туралы шешіміне шағым жасау осы шешімнің орындалуын тоқтата тұрмайды.
4. Коллекторлық агенттік өзінің коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығарылғаны туралы уәкілетті органның хабарламасын алған кезден бастап оның берешекті өндіріп алу туралы жаңа шарттар жасасуына және (немесе) банктік қарыз шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтардың (талап етулердің) коллекторлық агенттікке өту жағдайларын қамтитын шарттар (бұдан әрі - талап ету құқығын басқаға беру шарты) жасасуына тыйым салынады.
5. Коллекторлық агенттік өзінің коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығарылғаны туралы уәкілетті органның хабарламасын алған күннен не коллекторлық агенттік коллекторлық қызметті жүзеге асыруды ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдаған күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде:
өз атауынан "коллекторлық агенттік" деген сөздерді, олардан туындайтын, өзін коллекторлық қызметті жүзеге асырады деп болжататын сөздерді алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге;
өзінің коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығарылғаны туралы уәкілетті органның хабарламасын алған не коллекторлық агенттік коллекторлық қызметті жүзеге асыруды ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдаған күнге, берешекті өндіріп алу туралы шарт негізінде коллекторлық агенттікке берілген берешек жөніндегі барлық мәліметтер мен құжаттарды кредиторға беруге;
берешекті өндіріп алу туралы жасалған барлық шарттарды бұзуға міндетті.
Кредитор берешекті өндіріп алу туралы шарт негізінде коллекторлық агенттікке берілген берешек жөніндегі мәліметтер мен құжаттардың қабылдануын қамтамасыз етуге, сондай-ақ бұрын осы коллекторлық агенттікпен жасалған берешекті өндіріп алу туралы шарттарды бұзу жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жүзеге асырмаған жағдайда, коллекторлық агенттік Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп таратылуға жатады.
6. Коллекторлық агенттік өзінің коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығарылғаны туралы уәкілетті органның хабарламасын алған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде бұл туралы:
берешекті өндіріп алу туралы шарттар жасасқан кредиторларды;
берешегі коллекторлық агенттікке берешекті өндіріп алу туралы шарт негізінде берілген борышкерлерді осы Заңның 5-бабының 1-тармағында көзделген тәсілдермен хабардар етуге міндетті.
10-бап. Коллекторлық агенттіктің құжаттама жүргізу тәртібі
1. Коллекторлық агенттік кредиторлармен жасалатын барлық шартты шарттарды тіркеу журналына тіркейді және кредиторлардан қабылданатын құжаттарды:
1) берешекті өндіріп алу туралы шарттарды;
2) талап ету құқығын басқаға беру шарттарын, сондай-ақ оларға қоса берілетін құжаттарды (бар болған жағдайда);
3) кепіл нысанасына арналған құжаттарды (егер негізгі міндеттеме кепілмен қамтамасыз етілген жағдайда);
4) кепілгерлік және кепілдік шарттарын (егер негізгі міндеттеме кепілгерлікпен немесе кепілдікпен қамтамасыз етілген жағдайда);
5) борышкердің құқық (талап ету) басқаға берілген күнгі берешегінің есептеулерін;
6) мерзімі өткен берешекті реттеу бойынша борышкерге қатысты кредитор қабылдаған, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шаралар жөніндегі ақпаратты қамтитын құжаттарды есепке алуды жүргізеді. Ақпарат банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде міндеттемелерді орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың соңғы күнінен бастап берешекті коллекторлық агенттікке бергенге дейінгі кезең үшін көрсетіледі;
7) борышкердің құрылтай құжаттарының көшірмелерін (заңды тұлғалар үшін);
8) борышкердің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін (жеке тұлғалар үшін);
9) борышкердің берешекті өтегенін растайтын құжаттарды (немесе олардың көшірмелерін);
10) кепілге салынған мүлікті өткізу жөніндегі құжаттарды;
11) берешекті өндіріп алу туралы шартта және (немесе) талап ету құқығын басқаға беру шартында берілуі көзделген өзге де құжаттарды есепке алуды жүргізеді.
2. Шарттарды тіркеу журналын жүргізу қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жүзеге асырылады.
11-бап. Коллекторлық қызмет құпиясы
1. Коллекторлық қызмет құпиясы коллекторлық қызметті жүзеге асыру кезінде коллекторлық агенттік алған және (немесе) жасаған борышкер, кредитор, берешек туралы, банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде креди торға міндеттемелері арқылы байланысты болатын үшінші тұлғалар, берешекті өндіріп алу туралы жасалған шарттардың талап тары туралы кез келген мәліметтер мен өзге де мәліметтерді қамтиды.
2. Борышкерге қатысты коллекторлық қызмет құпиясы борышкердің өзіне, борышкердің жазбаша келiсiмi, оның ішінде банктік қарыз шартын жасасу кезінде - банк құпиясын ашуға немесе микрокредит беру туралы шартты жасасу кезінде микрокредит беру құпиясын ашуға берген жазбаша келісімі негiзiнде үшiншi тұлғаға, сондай-ақ осы баптың 3, 4 және 5-тармақтарында көрсетiлген тұлғаларға ғана ашылуы мүмкiн.
3. Коллекторлық қызметті жүзеге асыру кезінде коллекторлық агенттік алған және (немесе) жасаған борышкер, кредитор, берешек туралы, банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредиторға міндеттемелері арқылы байланысты болатын үшінші тұлғалар, берешекті өндіріп алу туралы жасалған шарттардың талаптары туралы мәліметтер мен өзге де мәліметтер:
1) қылмыстық қудалау функциясын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға және лауазымды адамдарға: олардың іс жүргізуінде жатқан қылмыстық iстер бойынша, мөрмен расталған және прокурор санкциялаған жазбаша сұрау салу негiзiнде;
2) соттарға: олардың іс жүргізуінде жатқан iстер бойынша, сот ұйғарымы, қаулысы, шешімі және үкімі негізінде;
3) әділет органдарына және жеке сот орындаушыларына: олардың іс жүргізуінде жатқан атқарушылық іс жүргізу істері бойынша, сот орындаушысының сот санкциялаған, әділет органының мөрімен немесе жеке сот орындаушысының мөрімен расталған қаулысы негізінде;
4) прокурорға: оның қарауында жатқан материал бойынша, өз құзыреті шегінде тексеру жүргізу туралы қаулы негізінде;
5) мемлекеттік кіріс органдарына: тексерілетін тұлғаға салық салуға байланысты мәселелер бойынша, нұсқама негізінде;
6) борышкердің өкілдеріне: нотариат куәландырған сенімхат негізінде;
7) оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті органға: өзі жөнінде соттың банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген шешімі бар тұлғаға қатысты, банкроттық және (немесе) оңалту туралы іс қозғалғанға дейін бес жыл ішіндегі кезең үшін, прокурордың санкциясымен;
8) уәкілетті органға: коллекторлық агенттіктердің қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша беріледі.
4. Борышкерге қатысты коллекторлық қызметті жүзеге асыру кезінде коллекторлық агенттік алған және (немесе) жасаған борышкер, кредитор туралы, банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредиторға міндет темелері арқылы байланысты болатын үшінші тұлғалар, берешек, берешекті өндіріп алу туралы жасалған шарттардың талаптары туралы мәліметтер мен өзге де мәліметтер осы баптың 3-тармағында көзделген тұлғалардан басқа, сондай-ақ жазбаша сұрау салу негізінде:
1) борышкер өсиетте көрсеткен тұлғаларға;
2) нотариустарға: олардың іс жүргізуінде жатқан мұрагерлік істер бойынша, оның нотариустың мөрімен расталған жазбаша сұрау салуы негізінде (нотариустың жазбаша сұрау салуына қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі қоса берілуге тиіс);
3) шетелдік консулдық мекемелерге: олардың іс жүргізуінде жатқан мұрагерлік істер бойынша беріледі.
5. Коллекторлық агенттіктердің "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кредиттік бюроларға ақпарат беруі және кредиттік бюролардың берешек бөлігінде борышкер туралы ақпарат беруі коллекторлық қызмет құпиясын ашу болып табылмайды.
Коллекторлық қызметтің құпиясы банк омбудсманына оның қарауында жатқан, жеке тұлғалардың ол бойынша міндеттемелер "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-1-бабының 3 және 4-тармақтарында немесе "Микроқаржы ұйымдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғаға берілген банктік қарыз шартынан немесе микрокредит беру туралы шарттан туындайтын келіспеушіліктерді реттеу жөніндегі жүгінулері бойынша ашылуы мүмкін.
6. Осы Заңның және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарының негізінде Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтерге қол жеткізген коллекторлық агенттіктер, сондай-ақ өзге де тұлғалар көрсетілген мәлiметтердi жария еткенi немесе заңсыз пайдаланғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
12-бап. Коллекторлық агенттіктің жұмыскерлеріне қойылатын талаптар
1. Атқарушы органның (алқалы және (немесе) жеке-дара) бірінші басшысы және мүшелері, байқаушы кеңестің (бар болған жағдайда) бірінші басшысы және мүшелері, бас бухгалтер коллекторлық агенттіктің басшы жұмыскерлері болып танылады.
2. Мынадай:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығына ие емес;
2) жоғары білімі жоқ;
3) жеке адамға, отбасыға және кәмелетке толмағандарға, адамның және азаматтың конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттің конституциялық құрылысының негіздеріне және қауіпсіздігіне, меншікке, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке, халық денсаулығына және имандылыққа, бейбітшілік пен адамзаттың қауіпсіздігіне, коммерциялық және өзге де ұйымдардағы қызмет мүдделеріне, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне, сот төрелігіне және жазалардың орындалу тәртібіне, басқару тәртібіне қарсы, экономикалық қызмет, ақпараттандыру және байланыс салаларындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, сондай-ақ әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы бар немесе қылмыстық қудалауға ұшырайтын немесе ұшыраған (өздеріне қатысты қылмыстық қудалау Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшалары негізінде тоқтатылған адамдарды қоспағанда);
4) қаржы, сақтандыру қызметі, білім беру, мемлекеттік басқару және қорғаныс, міндетті әлеуметтік қамсыздандыру секцияларында, құқық және бухгалтерлік есепке алу саласында, сондай-ақ техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган бекіткен экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышына сәйкес айқындалған төлемдерді жинау жөніндегі агенттіктер мен кредиттік бюролар қызметінде жұмыс тәжірибесі жоқ (тиісті жұмыс өтілі жұмысқа қабылданған күні кемінде бір жыл болуға тиіс);
5) бұдан бұрын, уәкілетті орган коллекторлық агенттікті осы Заңның 9-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығару туралы шешім қабылдағанға дейін бір жылдан аспайтын кезеңде коллекторлық агенттіктің басшы жұмыскері не оның жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің он немесе одан да көп пайызын иеленген тұлға болып табылған;
6) өзіне қатысты қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы жұмыскерінің лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қылмыстық жаза қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
7) бұдан бұрын, уәкілетті орган қаржы ұйымын таратуға және (немесе) қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруын тоқтатуға алып келген, оны консервациялау не оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу, қаржы ұйымын лицензиядан айыру туралы шешім қабылдағанға дейін не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енгенге дейін бір жылдан аспайтын кезеңде қаржы ұйымының басқару органының басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері, қаржы ұйымының ірі қатысушысы - жеке тұлғасы, ірі қатысушысының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің - заңды тұлғасының басшысы болып табылған жеке тұлға коллекторлық агенттіктің басшы жұмыскері бола алмайды.
Көрсетілген талап уәкілетті орган қаржы ұйымын таратуға және (немесе) қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруын тоқтатуға алып келген, оны консервациялау не оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу, қаржы ұйымын лицензиядан айыру туралы шешім қабылдағаннан кейін не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бес жыл ішінде қолданылады;
8) бұдан бұрын, қатарынан төрт және одан да көп кезең ішінде шығарылған эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша купондық сыйақы төлеу бойынша дефолтқа жол берген не өзі бойынша дефолтқа жол берілген шығарылған эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша купондық сыйақы төлеу жөніндегі берешек сомасы купондық сыйақының төрт еселенген және (немесе) одан да көп мөлшерін құрайтын не шығарылған эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша негізгі борышты төлеу бойынша дефолт мөлшері төлеу күніне республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштен он мың есе асатын соманы құрайтын қаржы ұйымының басқару органының басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері, ірі қатысушысының (ірі акционерінің) – заңды тұлғасының – эмитенттің ірі қатысушы (ірі акционері) – жеке тұлғасы, басқару органының басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері болған жеке тұлға коллекторлық агенттіктің басшы жұмыскері бола алмайды. Көрсетілген талап осы тармақшада көзделген мән-жайлар туындаған кезден бастап бес жыл ішінде қолданылады;
9) психологиялық-неврологиялық, туберкулездік, наркологиялық диспансерлерде есепте тұрған;
10) егер босатылған күнінен бері үш жыл өтпесе, мемлекеттік қызметтен немесе арнаулы және құқық қорғау органдарынан теріс себептер бойынша босатылған;
11) бұрын өзінің лауазымдық өкілеттіктеріне орай осы коллекторлық агенттіктің қызметін тексерулер нысанында бақылау жөніндегі мемлекеттік функцияларды орындаған не өзінің құзыретіне сәйкес осы коллекторлық агенттіктің қызметіне байланысты болған жеке тұлға коллекторлық агенттіктің басшы жұмыскері бола алмайды. Көрсетілген талап адам мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін бір жыл ішінде қолданылады;
12) осы Заңның 5-бабында көзделген талаптарды бұзғаны үшін коллекторлық агенттіктен босатылған жеке тұлға коллекторлық агенттіктің басшы жұмыскері бола алмайды.
3. Осы баптың 2-тармағының 1), 3), 5), 9), 10), 11) және 12) тармақшаларында көзделген талаптарға сәйкес келмейтін, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі жоқ коллекторлық агенттік жұмыскерлері борышкермен және (немесе) оның өкілімен және (немесе) банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредиторға міндеттемелері арқылы байланысты болатын үшінші тұлғамен өзара іс-қимыл жасасуға жіберілмейді.
Коллекторлық агенттіктің сақталуға жататын негізгі құжаттарының тізбесін және оларды сақтау мерзімдерін уәкілетті орган айқындайды.
3-тарау. КОЛЛЕКТОРЛЫҚ АГЕНТТІКТІҢ, БОРЫШКЕРДІҢ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ОНЫҢ ӨКІЛІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
14-бап. Коллекторлық агенттіктің құқықтары
Коллекторлық агенттік:
1) коллекторлық қызметті кредитормен жасалған берешекті өндіріп алу туралы шарт негізінде және осы Заңның, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" және "Микроқаржы ұйымдары туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асыруға;
2) берешекке байланысты ақпаратты жинауды жүзеге асыруға, оның ішінде берешекті өндіріп алу туралы жасалған шарттар бойынша кредитордан құжаттар (түпнұсқалары мен көшірмелерін), түсіндірмелер мен ақпарат алуға;
3) егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша қамтамасыз ету болып табылатын, өзі бойынша құқықты (талап етуді) коллекторлық агенттік кредитордан алған кепiлге салынған мүлiкке сот тәртібімен өндіріп алуды қолдануға;
4) егер кредитор берешекті өндіріп алу туралы шарттың талаптарын бұзған, борышкер мен оның берешегі туралы құжаттардың (түпнұсқалары мен көшірмелерін), ақпараттың берілуін қамтамасыз етпеген, анық емес деректер ұсынған жағдайларда, берешекті өндіріп алу туралы шартты орындаудан бас тартуға;
5) міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі – қатарынан күнтізбелік тоқсан күннен асып кеткен банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша, міндеттемені орын дау мерзімінің өтуі қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күннен асатын жеке тұлғаға берілген ипотекалық қарыз бойынша креди тормен талап ету құқығын басқаға беру шартын жасасуға құқылы.
Коллекторлық агенттікпен борышкердің – жеке тұлғаның тұрғынжай түріндегі кепілмен қамтамасыз етілген берешегіне қатысты талап ету құқығын басқаға беру шартын жасасуға жол берілмейді;
6) тиісті өкілеттіктері болған кезде сотта және атқарушылық іс жүргізуде кредитордың өкілі ретінде әрекет етуге;
7) үшінші тұлғалардан борышкер бұрын банктік қарыз шартын немесе микрокредит беру туралы шарт жасасу кезінде берген борышкер туралы ақпаратты, сондай-ақ борышкердің көрсетілген шарттар бойынша міндеттемелерін орындауы үшін қажетті, оның ішінде коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтерді сұратуға;
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және берешекті өндіріп алу туралы шартта белгіленген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
15-бап. Коллекторлық агенттіктің мiндеттерi
1. Коллекторлық агенттік:
1) екі жұмыс күні ішінде өзінің борышкермен үлестес екендігі, осындай үлестестіктің негіздері туралы, сондай-ақ коллекторлық агенттіктің шарттық міндеттемелерді орындауына ықпал ететін немесе ықпал ете алатын және (немесе) коллекторлық агенттіктің жеке мүддесі мен кредитордың заңды мүдделері арасында қайшылықтың туындауына не кредитордың заңды мүдделеріне, оның ішінде борышкердің кредитор алдындағы өз міндеттемелерін орындамауына коллекторлық агенттіктің тікелей немесе жанама түрде мүдделі болуы салдарынан қысым жасалуына алып келуі мүмкін өзге де мән-жайлар туралы ақпаратты кредитордың назарына жеткізуге;
2) тұрған жерi не атауы өзгерген жағдайларда, осындай өзгерiстер болған күннен бастап күнтiзбелiк үш күннен кешіктірілмейтін мерзімде уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге және өзінің интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде тиiстi ақпарат орналастыруға;
3) коллекторлық қызмет құпиясын сақтауға;
4) айына бір реттен асырмай, борышкердің және (немесе) оның өкілінің жүгінуі бойынша, жүгіну алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде, алынған құқықтар (талап етулер) бойынша негізгі борыштың, сыйақының, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының қалдығы туралы мәліметтерді жазбаша нысанда өтеусіз беруге;
5) кредитордан, борышкерден және үшінші тұлғалардан алынатын құжаттар мен ақпараттың сақталуын, Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес борышкердің және (немесе) оның өкілінің және (немесе) банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредиторға міндеттемелері арқылы байланысты болатын үшінші тұлғалардың дербес деректерінің қорғалуын қамтамасыз етуге;
6) өзінің интернет-ресурсына ие болуға;
7) кредитор банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талап етулерді) басқаға берген кезде борышкерден мұндай шартта көзделмеген өзге комиссиялар мен төлемдердің алынуына жол бермеуге;
8) кредитор банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талап етулерді) басқаға берген кезде, Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитор мен борышкердің банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына, сондай-ақ бастапқы кредитор мен борышкер арасында жасасылған осындай шартқа қойылатын талаптар мен шектеулерді сақтауға;
9) қызметті автоматтандыру және берешекті есепке алу, сондай-ақ борышкермен өзара іс-қимыл жасасу процесін коллекторлық агенттіктің (филиалдың, өкілдіктің) тұрған жеріндегі үй-жайларында аудио- немесе бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеу үшін пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтылымға ие болуға;
10) мемлекеттік кредиттік бюромен ақпарат беру туралы шарт жасасуға;
11) уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде және тәртіппен, сондай-ақ нысанда уәкілетті органға есептілік ұсынуға;
12) уәкілетті орган анықтаған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жоюға;
13) осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 3), 5) және 6) тармақшаларында көзделген құжаттарға енгізілген өзгерістер туралы он бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге;
14) борышкермен өзара іс-қимыл жасасу процесін коллекторлық агенттіктің (филиалдың, өкілдіктің) тұрған жеріндегі үй-жайларында аудио- немесе бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеуге және аудио- және (немесе) бейнежазба материалдарын борышкермен және (немесе) оның өкілімен өзара іс-қимыл жасасқан күннен бастап алты ай бойы сақтауға;
15) уәкілетті органға оның сұрау салуы негізінде, оның ішінде борышкерлер мен кредиторлардың келіп түскен шағымдары бойынша мәліметтер, құжаттар мен аудио- және (немесе) бейнежазба (бар болған жағдайда) материалдарын беруге;
16) борышкермен жеке кездесулер арқылы өзара іс-қимыл жасасу кезінде борышкердің тұрғылықты жері бойынша не тұрған жері, не тіркелген жері бойынша, не борышкердің тұрғылықты жері не тұрған жері немесе тіркелген жері болып табылатын елді мекені жайласқан облыстардың әкімшілік орталықтарында филиалдың немесе өкілдіктің болуын қамтамасыз етуге;
17) осы Заңның 5-бабы 1-тармағының бірінші абзацында және 4-тармағы бірінші бөлігінің бірінші абзацында көрсетілген тұлғалармен өзара іс-қимыл жасасу кезінде көрсетілген баптың талаптарын бұзған жұмыскердің өкілеттіктерін тоқтату бойынша, оның ішінде уәкілетті орган көрсетілген жұмыскерді шеттету туралы талап қойған жағдайда да шаралар қабылдауға, сондай-ақ босатылған жұмыскер туралы ақпаратты босату күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға беруге;
18) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың оныншы күнінен кешіктірмей, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, коллекторлық агенттіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің он немесе одан да көп пайызын өзі дербес немесе басқа тұлғамен (тұлғалармен) бірлесіп тікелей немесе жанама иеленетін және (немесе) пайдаланатын және (немесе) оларға билік ететін немесе бақылау жасайтын тұлғалар туралы мәліметтер ұсынуға;
19) осы Заңның 5-бабында көзделген коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын және осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өзге де талаптарды сақтауға мiндеттi.
2. Коллекторлық агенттіктер коллекторлық қызметке мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мақсатында өзінің қызметі туралы уәкілетті орган сұратқан ақпарат пен мәліметтерді береді.
Коллекторлық агенттіктің уәкілетті органға ақпарат бермеуі, сол сияқты оны бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан да көп рет) уақтылы бермеуі немесе Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес ұсынылуы талап етілетін мәліметтерді қамтымайтын ақпарат беруі не сұратылатын өзге ақпаратты бермеуі, сол сияқты оны бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан да көп рет) уақтылы бермеуі не анық емес ақпарат беруі, сондай-ақ есептілік пен мәліметтер ұсынбауы немесе көрінеу анық емес есептілік пен мәліметтер ұсынуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа алып келеді.
16-бап. Борышкердің және (немесе) оның өкілінің құқықтары мен міндеттері
1. Борышкер және (немесе) оның өкілі:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, кредитордан берешекті сотқа дейін өндіріп алу мен реттеуді жүзеге асыратын коллекторлық агенттік, оның тұрған жері, онда өзінің дербес деректерінің бар-жоғы, берешектің мөлшері мен құрылымы туралы мәліметтер алуға;
2) коллекторлық агенттіктің талаптарына толығымен, сондай-ақ оның бір бөлігіне, оның ішінде сотта дау айтуға;
3) осы Заңның 6-бабына сәйкес берешегін сотқа дейін реттеу тәртібіне;
4) өзінің берешегі туралы ақпарат алу үшін коллекторлық агенттікпен осы Заңның 5-бабында көзделген кез келген тәсілмен өзара іс-қимыл жасасуға;
5) коллекторлық агенттіктің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасап, уәкілетті органға жүгінуге;
6) берешегі толық өтелген кезде кредитор алдында берешегінің жоқтығы туралы анықтама алу үшін мемлекеттік кредит бюросына және (немесе) кредиторға жүгінуге;
7) коллекторлық агенттіктің жұмыскерлерімен өзара іс-қимыл жасасу процесін аудио- және (немесе) бейнетехника құралдарының көмегімен өзі дербес тіркеуге;
8) банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерін орындауға байланысты, көрсетілген шарт талаптарын өзгерту туралы жүгіну себептерін негіздей отырып, осындай өтінішпен кредиторға жүгінуге;
9) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарға ие болуға құқылы.
2. Борышкер және (немесе) оның өкілі:
1) коллекторлық агенттікке өзінің тұрғылықты жерінің (заңды мекенжайының) өзгергені, атының, әкесінің атының (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тегінің ауысуы, жеке басты куәландыратын құжаттарының алмастырылғаны (мерзімі өткен, жоғалған жағдайда) туралы, өздерімен (өзімен) байланысу үшін пайдаланылатын байланыс ақпаратының өзгергені және коллекторлық агенттіктің өздерімен (өзімен) байланысу және өзара іс-қимыл жасасу тәсілінің өзгергені туралы хабарлауға;
2) коллекторлық агенттіктің сұрау салуы бойынша кірістері мен шығыстарының деңгейі, тұрғылықты жері (заңды мекенжайы), Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берешекті өтеу үшін өндіріп алу қолданылуы мүмкін мүлкінің бар-жоғы туралы анық ақпаратты ашуға;
3) осы Заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес коллекторлық агенттікпен берешекті реттеу бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыруға;
4) он бес жұмыс күні ішінде кредитор ұсынған берешекті өтеу талаптарын қарауға және коллекторлық агенттікке не кредиторға борышкер үшін қолайлы талаптарды хабарлауға міндетті.
4-тарау. КОЛЛЕКТОРЛЫҚ АГЕНТТІКТЕРДІ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ, ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН БАҚЫЛАУ
17-бап. Уәкілетті органның құзыреті
1. Коллекторлық агенттіктердің қызметін мемлекеттік реттеуді және бақылауды уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
2. Уәкілетті орган:
1) коллекторлық агенттіктерді есептік тіркеуге алады және олардың тізілімін жүргізеді;
2) коллекторлық агенттік есептілігінің тiзбесiн, нысандарын, оны ұсыну мерзiмдерi мен тәртiбiн айқындайды;
3) коллекторлық агенттіктің қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
4) коллекторлық агенттіктің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) борышкердің шағымын қарайды;
5) осы Заңда көзделген жағдайларда, сотқа заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру не тарату туралы талап қою береді;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
18-бап. Ықпал ету шаралары және оларды қолдану негіздері
1. Коллекторлық агенттік Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасын, Қазақстан Республикасының банктік заңнамасын не Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасын бұзған, коллекторлық агенттіктің борышкермен өзара іс-қимыл жасасатын басшы және өзге де жұмыскерлерінің құқыққа сыйымсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі анықталған кезде уәкілетті орган осы бапта белгіленген ықпал ету шараларын қолданады. Ықпал ету шаралары деп шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялар түсініледі.
Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасын бұзған кезде коллекторлық агенттікке "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ықпал ету шаралары қолданылады.
2. Уәкілетті орган коллекторлық агенттікке мынадай шектеулі ықпал ету шараларын қолдануға:
1) коллекторлық агенттікке анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды белгiленген мерзiмде жоюға бағытталған орындалуы мiндеттi түзеу шараларын қабылдау және (немесе) анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – іс-шаралар жоспары) белгiленген мерзiмде ұсыну қажеттігі жөнінде орындалуы мiндеттi жазбаша нұсқама жіберуге құқылы.
Жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде ұсынылған іс-шаралар жоспарында бұзушылықтардың сипаттамасы және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептер, сондай-ақ жағдайлар, жоспарланған іс-шаралар тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі.
Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасына сотқа шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды;
2) уәкілетті орган осы ескерту шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасы, Қазақстан Республикасының банктік заңнамасы не Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасы нормаларының жазбаша ескерту шығарылған бұзушылыққа ұқсас түрде қайталап бұзылғанын анықтаған жағдайда, коллекторлық агенттікке осы баптың 4-тармағында көзделген санкциялардың қолданылуы мүмкін екендігі туралы жазбаша ескерту шығаруға;
3) уәкілетті орган мен коллекторлық агенттік арасында анықталған бұзушылықтарды дереу жою қажеттігі және осы бұзушылықтарды жою мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою жөніндегі шаралар тізбесін және (немесе) коллекторлық агенттік анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін өзіне қабылдайтын шектеулер тізбесін бекіту қажеттігі туралы жазбаша келісім жасасуға құқылы.
Жазбаша келісімге коллекторлық агенттік тарапынан міндетті түрде қол қойылуға тиіс;
4) коллекторлық агенттіктің борышкермен өзара іс-қимыл жасасатын басшы жұмыскерін не өзге де жұмыскерін шеттету туралы талап қоюға құқылы.
3. Коллекторлық агенттік уәкілетті органды жазбаша нұсқамада және жазбаша келісімде көзделген мерзімдерде осы құжаттарда көрсе тілген шаралардың орындалуы туралы хабардар етуге міндетті.
Егер бұзушылықты жою үшін белгіленген мерзім бір айдан асатын болса, коллекторлық агенттік ай сайын айдың жиырмасыншы күнінен дейін уәкілетті органды анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралардың орындалуы туралы хабардар етеді.
Бір шектеулі ықпал ету шарасын қолдану Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда басқа шектеулі ықпал ету шараларының қолданылуын жоққа шығармайды, бұрын қабылданған шаралардың қолданылуын тоқтата тұрмайды және тоқтатпайды.
4. Уәкілетті орган санкциялар ретінде:
1) осы Заңның 9-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен коллекторлық агенттікті коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығаруды;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздер бойынша коллекторлық агенттікке айыппұл салуды және одан айыппұлды өндіріп алуды қолдануға құқылы.
5. Уәкілетті органның коллекторлық агенттікке осы бапта көзделген ықпал ету шараларын қолдану туралы шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
19-бап. Коллекторлық агенттіктің қызметін мемлекеттік бақылау
Коллекторлық агенттіктердің қызметiн мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган ұйымдастырылу және жүргізілу тәртібі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде айқындалатын тексеру нысанында немесе "Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарында жүзеге асырады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
20-бап. Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін коллекторлық қызмет белгілеріне ие қызметті жүзеге асырған ұйымдар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде әділет органдарында коллекторлық агенттік ретінде қайта тіркелуге жатады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген талап сақталмаған кезде ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қайта ұйымдастырылуға не мәжбүрлеп таратылуға жатады.
22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президентi |
Н. НАЗАРБАЕВ |