Мемлекеттiк сатып алу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 434-V ҚРЗ.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 52-баптан қараңыз.
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

      Осы Заң тапсырыс берушінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды не жарғылық қызметін орындауына қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты қатынастарға қолданылады, оған мыналар:

      1) жеке тұлғалардан еңбек шарттары бойынша сатып алынатын көрсетілетін қызметтер;

      2) кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын жеке тұлғалардан өтеулі қызметтер көрсету шарттары бойынша сатып алынатын көрсетілетін қызметтер;

      3) іссапар шығыстарын жүзеге асыруға байланысты көрсетiлетiн қызметтер;

      4) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырма және оны орындау шеңберінде сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;

      5) жарналар (салымдар) енгізу, оның ішінде заңды тұлғалардың жарғылық капиталына енгізу;

      6) ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық басқарушы компаниялар, ұлттық компаниялар және олармен үлестес заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, оның ведомстволары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымына кіретін ұйымдар және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар сатып алатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер;

      7) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың құрамына кіретін әскери мақсаттағы тауарлар (өнімдер), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлар (өнімдер), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтер;

      8) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабының 2-тармағында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;

      9) Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдар қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер қосылмайды. Жиынтығында мынадай шарттар сақталған кезде:

      шетелдік банктің шетел валютасында Standard & Poor's агенттігінің "А"-дан төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің біреуінің ұқсас деңгейдегі рейтингі болса;

      қаржыландырудың елу пайыздан астамын шетелдік банктер жүзеге асырса;

      инвестициялық жобаны іске асыруды мемлекеттік кәсіпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар жүзеге асырса;

      инвестициялық жобаны іске асыру мемлекеттік кепілдікті талап етпесе және қарыз алушының мүлкіне ауыртпалық салуға әкеп соқпаса, басқа шетелдік банктер толықтай немесе ішінара қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу осы банктердің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2018 № 202-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 18.03.2019 № 237-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) анық емес ақпарат – әлеуетті өнім берушінің конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімінде қамтылған, сол сияқты әлеуетті өнім берушінің берілген өтінімінің шынайы мазмұнын бұрмалайтын және шындығына сәйкес келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер;

      1-1) аукцион адымы – аукцион нысанасының бағасы төмендетілетін ақшалай аралық;

      2) әлеуетті өнім беруші – мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуға үмiткер, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшiн өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум). Кәсiпкерлiк қызмет субъектiсi болып табылмайтын жеке тұлға осы жеке тұлғаға жекеменшік құқығымен тиесілі тұрғынжайды тапсырыс берушілер сатып алған жағдайда, әлеуеттi өнiм берушi болуы мүмкiн;

      3) әлеуетті өнім берушінiң үлестес тұлғасы – осы әлеуеттi өнiм берушiнiң шешiмдерiн айқындауға және (немесе) ол қабылдайтын шешiмдерге, оның iшiнде жазбаша нысанда жасалған мәмiленiң күшiне орай ықпал етуге құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзiне қатысты осы әлеуеттi өнiм берушiнiң осындай құқығы болатын кез келген жеке немесе заңды тұлға;

      4) бастапқы баға – әлеуетті өнім беруші аукцион өткізілгенге дейін ұсынған, аукционға қатысуға өтінімге қоса берілетін баға;

      4-1) біліктілік органы – әлеуетті өнім берушілерді алдын ала біліктілікті іріктеуді жүзеге асыратын және білікті өнім берушілер тізбесін қалыптастыратын, уәкілетті орган айқындаған заңды тұлға;

      5) бiртектi тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер – бiрдей болмаса да, сол бiр функцияларды орындауына мүмкiндiк беретiн ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас құрауыштардан тұратын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер;

      6) мемлекеттік кәсіпорындардың, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалардың үлестес тұлғалары – дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей не жанама түрде мемлекеттік кәсіпорындарға, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғалар. Жанама тиесілілік өзге заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызының әрбір келесі үлестес тұлғаға тиесілі болатынын білдіреді;

      7) алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі);

      8) жұмыстар – заттық нәтижесi бар қызмет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыстарға жатқызылған өзге де қызмет;

      9) конкурстық баға ұсынысы – конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін әлеуетті өнім беруші ұсынған, конкурсқа қатысуға өтінімге қоса берілетін баға;

      10) конкурстық комиссия (аукциондық комиссия) – осы Заңда көзделген конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімін орындау үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы құратын алқалы орган. Конкурстық комиссия (аукциондық комиссия) тақ саннан, бірақ кемінде үш адамнан тұруға тиіс;

      11) конкурстық құжаттама (аукциондық құжаттама) – конкурсқа (аукционға) қатысуға өтінімді дайындау үшін әлеуетті өнім берушіге ұсынылатын құжаттама, онда конкурсқа (аукционға) қатысуға өтінімге қойылатын талаптар, конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру шарттары мен тәртібі қамтылады;

      12) көрсетілетін қызметтер – тапсырыс берушінің қажеттіліктерiн қанағаттандыруға бағытталған, заттық нәтижесi жоқ қызмет;

      13) Қазақстан Республикасының резиденттерi – шет мемлекетте тұрақты тұру құқығына сол мемлекеттiң заңнамасына сәйкес берiлген құжаты бар азаматтарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтары, оның iшiнде шетелде уақытша жүрген немесе оның шегiнен тыс жерлерде мемлекеттiк қызметте жүрген азаматтары;

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығына құжаты бар шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, оның аумағында орналасқан заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және оның шегiнен тыс жерлерде орналасқан олардың филиалдары мен өкiлдiктерi;

      Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде орналасқан дипломатиялық, сауда және өзге де ресми өкiлдiктерi;

      14) мемлекеттік сатып алу – Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне қызметтер көрсетуге байланысты кірістерді қоспағанда, тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді толықтай немесе ішінара бюджет қаражаты және (немесе) меншікті кірістері есебінен сатып алуы;

      15) мемлекеттiк сатып алу веб-порталы – мемлекеттiк сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткiзудiң бірыңғай нүктесiн ұсынатын мемлекеттiк органның ақпараттық жүйесі;

      16) мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың әкімдігі немесе аудан, қала, қаладағы аудан әкімдігі орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      16-1) мемлекеттік сатып алуды нормалау – сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптарды белгілеу, оның ішінде Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес әзірленетін және бекітілетін заттай нормалар;

      17) мемлекеттік сатып алудың сәйкестендіру коды – мемлекеттік сатып алудың барлық кезеңдері туралы ақпарат қамтылған, әрбір мемлекеттік сатып алуға (лотқа) берілетін сәйкестендіру нөмірі;

      18) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімі – әлеуетті өнім берушімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу мақсатында мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, тиісті комиссия осы Заңға сәйкес жүзеге асыратын өзара байланысты, дәйекті іс-шаралар кешені;

      19) мемлекеттік сатып алу жүйесінің субъектілері – әлеуетті өнім беруші, өнім беруші, тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор, уәкілетті орган, сарапшы;

      20) мемлекеттiк сатып алу саласындағы бірыңғай оператор – мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жалғыз меншiк иесi мемлекет болып табылатын заңды тұлға;

      21) мемлекеттiк сатып алу саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – мемлекеттiк сатып алу саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;

      22) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт – осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жасалған, электрондық цифрлық қолтаңбалармен куәландырылған азаматтық-құқықтық шарт;

      23) нұсқама – Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының анықталған бұзушылықтарын және (немесе) оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою үшін, сондай-ақ осы бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылық шараларын қабылдау үшін бақылау объектілеріне жіберілетін, орындалуы міндетті уәкілетті органның актісі;

      24) өнім беруші – тапсырыс берушiмен мемлекеттiк сатып алу туралы жасасқан шартта оның контрагенті ретiнде әрекет ететiн, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум). Кәсiпкерлiк қызмет субъектiсi болып табылмайтын жеке тұлғаға жекеменшік құқығымен тиесілі тұрғынжайды тапсырыс берушілер сатып алған жағдайда, мұндай жеке тұлға өнiм берушi болуы мүмкiн;

      25) сараптама комиссиясы – сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындауға қатысу үшін сарапшыларды тарта отырып, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші құратын алқалы орган;

      26) сарапшы – сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындауға қатысу үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші тартатын, өткізілетін мемлекеттік сатып алу саласында тиісті құжаттармен (дипломдармен, сертификаттармен, куәліктермен және басқа да құжаттармен) расталатын арнайы және (немесе) техникалық білімі, тәжірибесі мен біліктілігі бар жеке тұлға;

      27) тапсырыс берушілер – мыналарды:

      ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді, ұлттық басқарушы компанияларды, ұлттық компанияларды және олармен үлестес заңды тұлғаларды;

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін, оның ведомстволарын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымына кіретін ұйымдарды және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруында болатын заңды тұлғаларды және олармен үлестес заңды тұлғаларды;

      мүліктік кешендер ретіндегі мемлекеттік кәсіпорындарды, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес, кейіннен сатып алу құқығымен жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сенімгерлік басқаруға берілген заңды тұлғаларды қоспағанда, мемлекеттік органдар, мемлекеттiк мекемелер, сондай-ақ мемлекеттiк кәсiпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар;

      28) тауарлар – нәрселер (заттар), оның iшiнде жартылай фабрикаттар немесе қатты, сұйық немесе газ тәрiздес күйдегi шикiзат, электр және жылу энергиясы, зияткерлiк меншік құқығының объектілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сатып алу-сату мәмiлелерiн жасасуға болатын заттық құқықтар;

      29) тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалардың дерекқоры – мемлекеттік сатып алу веб-порталының бір бөлігі болып табылатын, мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қалыптасқан ең төмен, орташа және ең жоғарғы бағалар туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық кіші жүйе;

      30) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің анықтамалығы (бұдан әрі – анықтамалық) – уәкілетті орган айқындаған, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер кодтарының жүйеленген тізбесі;

      31) ұлттық режим – егер мұндай режимді ұсыну туралы талап Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленсе, шетелде шығарылатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге және осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ұсынатын әлеуетті өнім берушілерге отанымызда шығарылатын тауарлармен, жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен және осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ұсынатын әлеуетті өнім берушілермен тең шарттарда мемлекеттік сатып алуға қатысуға рұқсат беруді көздейтін режим;

      32) шартты баға – конкурсқа қатысушының конкурстық баға ұсынысына конкурстық құжаттамада көзделген өлшемшарттардың салыстырмалы мәнiн қолдануды ескере отырып есептелген және конкурстың жеңiмпазын айқындау мақсатында конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру кезiнде ғана пайдаланылатын баға.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-бапты 33) тармақшамен толықтыру көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 2-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 20.06.2018 № 161-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2018 № 202-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 6-баптан қараңыз) Заңдарымен.

3-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге де қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

4-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттары

      Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру:

      1) мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау;

      2) осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;

      3) әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік;

      4) мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығы;

      5) отандық тауар өндірушілерге, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық берушілерге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейтін шамада қолдау көрсету;

      6) мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігі;

      7) сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу;

      8) инновациялық және жоғары технологиялық тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      9) сатып алынатын тауарлар құрамындағы зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды сақтау қағидаттарына негізделеді.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 20.06.2018 № 161-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

5-бап. Мемлекеттік сатып алу процесі

      1. Мемлекеттік сатып алу процесі:

      1) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын) әзірлеуді және бекітуді;

      2) өнім берушіні таңдауды және онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды;

      3) мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындауды қамтиды.

      2. Тапсырыс беруші тиісті бюджет (даму жоспары) немесе жеке қаржыландыру жоспары негізінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен және нысанда мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлейді және бекітеді.

      Тапсырыс беруші тиісті бюджет бекітілгенге (нақтыланғанға) дейін, тиісті бюджет комиссиясының оң ұсынысы негізінде мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын әзірлеуге және бекітуге құқылы.

      Мемлекеттік кәсіпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалар болып табылатын тапсырыс берушілер даму жоспары немесе жеке қаржыландыру жоспары бекітілгенге дейін мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын әзірлеуге және бекітуге құқылы.

      Көрсетілген жағдайларда мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары тиісті бюджет (даму жоспары) немесе жеке қаржыландыру жоспары бекітілгенге дейінгі сатыларда да, нақтыланғанға дейінгі сатыларда да жеке әзірленеді және бекітіледі.

      Мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары бекітілгенге (нақтыланғанға) дейін қолданылады.

      Мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында көзделген мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына ауысады.

      Тапсырыс беруші тиісті бюджет (даму жоспары) немесе жеке қаржыландыру жоспары бекітілген (нақтыланған) күннен бастап он жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын бекітеді (нақтылайды).

      Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) мынадай мәліметтер:

      1) мемлекеттік сатып алудың сәйкестендіру коды;

      2) анықтамалыққа сәйкес тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің номенклатурасы, оған қоса мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін бөлінген, қосылған құн салығы есепке алынбаған сомалар;

      3) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілі мен мерзімдері;

      4) тауарларды берудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтерді көрсетудің жоспарланатын мерзімдері мен орны;

      5) осы Заңның 43-бабында көзделген жағдайларда, әрбір қаржы жылына бөлінген және көзделген сомалар шегінде, графикке сәйкес және жылдар бойынша бөле отырып, тауарлар берудің, жұмыстар орындаудың, қызметтер көрсетудің жоспарланатын мерзімдері;

      6) осы Заңның 51-бабына сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру шарттары қамтылуға тиіс.

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 79-бабының 2-тармағы екінші бөлігінің 2-1) тармақшасында көзделген жағдайларда, тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында осы тармақтың сегізінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтерді бекітеді.

      Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 153-бабының 7-тармағы орындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бекітеді.

      Тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алуды жоспарлау және жүзеге асыру кезінде инновациялық және жоғары технологиялық тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу басымдығын негізге алуға тиіс.

      3. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын) жасаған кезде, мыналарды:

      1) өзара байланысты жұмыстар, көрсетілетін қызметтер кешенін көздейтін жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды;

      2) уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді олардың біртекті түрлері және оларды беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті.

      Тауарлар берудің, қызметтер көрсетудің кемінде бес орны болған жағдайда, лотта тауарлар берудің, қызметтер көрсетудің бірнеше орнын көрсетуге жол беріледі.

      4. Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын экономикалық сыныптаманың мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасу талап етілетін өзіндік ерекшеліктері (шығыстар баптары) бойынша жиынтықта бюджетке (даму жоспарына) немесе жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес келмейтін көлемде бекітуге (нақтылауға) жол берілмейді.

      5. Жобалау-сметалық құжаттамасы бар жұмыстарды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында):

      1) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін бөлінген, қосылған құн салығы есепке алынбаған соманың отыз пайызы мөлшерінде алдын ала төлемді (аванс) көрсетуге;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастыруға міндетті.

      6. Тапсырыс беруші мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспары (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары) бекiтілген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, оны мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастыруға міндетті.

      7. Тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына айына екі реттен асырмай өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге құқылы.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің талабы мынадай:

      1) мемлекеттiк кәсiпорындардың, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалардың және олармен үлестес заңды тұлғалардың мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруы;

      2) бақылау іс-шараларының нәтижелері бойынша, оның ішінде камералдық бақылаудың нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларды, хабарламаларды орындау;

      3) бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлу, сондай-ақ бюджетті нақтылау және түзету кезінде;

      4) осы Заңның 22-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген шешімді қабылдау;

      5) өкілдік шығыстарға байланысты тауарларды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      6) өткізілген мемлекеттік сатып алудың қорытындылары бойынша үнемдеу есебінен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу жағдайларына қолданылмайды.

      Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, таралуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, енгізілген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастыруға міндетті.

      8. Осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 31), 32) және 35) тармақшаларына сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттiк сатып алу туралы мәлiметтер мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) енгiзілуге жатпайды.

      9. Тапсырыс беруші бекітілген не нақтыланған мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары) негізінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды.

      Тапсырыс берушілер екі кезеңдік рәсімдер пайдаланылатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған жағдайда, тиісті бюджет бекітілгенге дейін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдауға құқылы.

      10. Осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 31), 32) және 35) тармақшаларына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi сатып алуды қоспағанда, бекiтiлген (нақтыланған) мемлекеттiк сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделмеген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi сатып алуға жол берiлмейдi.

      11. Осы Заңның 39-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіні таңдау осы Заңдa айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      12. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға дейін әлеуетті өнім берушілердің конкурстық баға ұсыныстарының құпиялылығын қамтамасыз етеді.

      13. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқанға дейін:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті бюджетті, бюджет жобасын нақтылау (түзету) кезінде болған, бекітілген (нақтыланған) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған шығыстар қысқартылған;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органның стратегиялық жоспарына, тапсырыс берушінің бюджетіне (даму жоспарына) немесе жеке қаржыландыру жоспарына бекітілген (нақтыланған) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қажеттігін жоққа шығаратын өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайларда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда, мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) ағымдағы жылы осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      14-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі!
      14-тармақтың осы редакциясы 01.01.2020 дейін қолданылады - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен.

      14. Тапсырыс беруші не мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысатын тұлғаларды осы баптың 13-тармағында көрсетілген шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы хабардар етуге міндетті.

      Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор осы баптың 13-тармағында көрсетілген шешімнің қабылданғаны туралы хабарландыру мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылған кезден бастап мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен әлеуетті өнім берушінің электрондық әмиянындағы конкурсқа (аукционға) және баға ұсыныстарын сұратуға қатысуға арналған өтінімді ақша түріндегі қамтамасыз етуді бұғаттан шығарады.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

6-бап. Мемлекеттік сатып алуға қатысуға байланысты шектеулер

      1. Әлеуетті өнім беруші, егер:

      1) осы әлеуетті өнім берушінің бірінші басшыларының және (немесе) осы әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жегжаттары өнім берушіні таңдау туралы шешім қабылдау құқығына ие болса не өткізілетін мемлекеттік сатып алуда тапсырыс берушінің немесе мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының өкілі болып табылса;

      2) әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның жұмыскері және (немесе) оның үлестес тұлғасы тапсырыс берушіге не мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға өткізілетін мемлекеттік сатып алуды дайындау бойынша сараптамалық, консультациялық және (немесе) өзге де қызметтер көрсетсе, техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеушінің жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу жөніндегі мемлекеттік сатып алуға қатысуын қоспағанда, өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын объектінің құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеуге бас жобалаушы не қосалқы жобалаушы ретінде қатысса, өткiзiлетiн мемлекеттiк сатып алуға қатысуға құқылы емес.

      Бұл талап халықаралық құрылыс стандарттарына сәйкес іске асырылатын жобаларға қолданылмайды;

      3) мемлекеттiк сатып алуға қатысуға үмiткер әлеуеттi өнiм берушiнің басшысы мемлекеттiк сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тiзiлiмiндегі заңды тұлғаларды басқаруға, құруға, олардың жарғылық капиталына қатысуға байланысты болса;

      4) мемлекеттiк сатып алуға қатысуға үмiткер әлеуеттi өнiм берушiнің басшысы мемлекеттiк сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тiзiлiмiне енгiзiлген, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға болса;

      5) мемлекеттiк сатып алуға қатысуға үмiткер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға болып табылатын әлеуетті өнім беруші мемлекеттiк сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тiзiлiмiне енгiзiлген әлеуеттi өнiм берушiнің басшысы болса;

      6) әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде тұрса;

      7) әлеуетті өнім берушінің және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) баланстық құны тиісті негізгі қаражат құнының он пайызынан асатын мүлкіне тыйым салынса;

      8) әлеуетті өнім берушінің және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері болса және атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган оларды Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізсе;

      Осы талап осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 1), 2), 11), 27) және 36) тармақшаларында көзделген жағдайларда айқындалған әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілерге қолданылмайды;

      9) әлеуетті өнім берушінің және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына не Қазақстан Республикасының бейрезиденті – әлеуетті өнім беруші мемлекеттің заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрса;

      10) әлеуетті өнім беруші және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігер (бірлескен орындаушы) және (немесе) олардың басшысы, құрылтайшылары (акционерлері) терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізілсе;

      11) әлеуетті өнім беруші тіркелген жері салық және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекіткен жеңілдікті салық салынатын мемлекеттер (офшорлық аймақтар) тізбесіне енгізілген мемлекет немесе аумақ болатын заңды тұлға болып табылса, өткiзiлетiн мемлекеттiк сатып алуға қатысуға құқылы емес.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      6-бапты 1-1-тармақпен толықтыру көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Әлеуетті өнім беруші мен әлеуетті өнім берушінің үлестес тұлғасының бір конкурс (аукцион) лотына қатысуға құқығы жоқ.

      3. Мемлекеттік сатып алу соның мүдделерінде жүзеге асырылатын тапсырыс берушінің осындай сатып алуға әлеуетті өнім беруші ретінде қатысуға құқығы жоқ.

      4. Осы баптың талаптарын бұзушылықтарды тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы, уәкілетті орган не мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың кез келген сатысында анықтай алады.

      5. Уәкілетті орган не мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органы осы баптың талаптарын бұзушылық фактілері анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей бұл жөнінде:

      1) егер осындай факт мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалғаннан кейін анықталған болса, тапсырыс берушіні;

      2) егер осындай факт мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалғанға дейін анықталған болса, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушыны жазбаша хабардар етеді.

      Бұл ретте осы фактіні растайтын құжаттардың көшірмелері хабарламаға қоса берілуге тиіс.

      6. Сақтандыру агенттері мен сақтандыру брокерлері сақтандыру шартын жасасуға байланысты көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі мемлекеттік сатып алуға қатысуға құқылы емес.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны айқындау тәртібі

      1. Тапсырыс беруші мен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы бір тұлға ретінде әрекет ететін жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындау үшін тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны, сондай-ақ тапсырыс берушінің алда болатын мемлекеттік сатып алуда мүдделерін білдіретін лауазымды адамын айқындайды.

      2. Тапсырыс берушінің өзі тікелей не мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімін орындауға жауапты өзінің құрылымдық бөлімшесінің атынан мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ретінде әрекет ете алады.

      Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы етіп тапсырыс берушіге ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемені айқындауға құқылы.

      3. Тапсырыс берушіге ведомстволық бағынысты бірнеше мемлекеттік мекеме үшін тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ретінде әрекет етуге құқылы.

      4. Тапсырыс берушіге ведомстволық бағынысты бірнеше мемлекеттік мекеме үшін тапсырыс беруші олардың арасынан мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны айқындауға құқылы.

      5. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі өзінің ведомстволық бағынысындағы мемлекеттік мекеме, оған қатысты өзі мемлекеттік басқару органы ретінде әрекет ететін заңды тұлға не оған қатысты бюджеттік бағдарламаның әкімшісі мемлекеттік басқару органы ретінде әрекет ететін заңды тұлғамен үлестес тұлға үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ретінде әрекет етуге құқылы.

      Мемлекеттік кәсіпорын өзімен үлестес тұлғалар үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ретінде әрекет етуге құқылы.

      Дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлға өзімен үлестес тұлғалар үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ретінде әрекет етуге құқылы.

      6. Тапсырыс беруші мен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы бір тұлға ретінде әрекет еткен жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы тапсырыс берушімен, әлеуетті өнім берушілермен, тиісті комиссиялармен және сарапшымен өзара қарым-қатынастарда өзінің атынан өкілдік ететін лауазымды адамды айқындауға міндетті. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының өкілі мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауға жауапты құрылымдық бөлімшенің жұмыскерлері қатарынан айқындалуға тиіс.

8-бап. Орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі

      1. Орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушылар жүзеге асырады.

      2. Уәкілетті орган мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушылар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыратын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбелерін айқындайды.

      3. Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды:

      1) уәкілетті орган айқындайтын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі бойынша, тапсырыс берушімен бірлесіп конкурстық комиссиялар (аукциондық комиссиялар) құру арқылы;

      2) уәкілетті орган айқындайтын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі бойынша, біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беру (орындау, көрсету) орнына қарамастан, бір лотқа біріктіру арқылы;

      3) тапсырыс берушілердің уәкілетті орган айқындайтын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбелеріне енгізілмеген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған өтінімдері бойынша, тапсырыс берушімен бірлесіп конкурстық комиссиялар (аукциондық комиссиялар) құру арқылы жүзеге асырады. Осы тармақша мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы осындай мемлекеттік сатып алуды өткізуге келіскен жағдайда қолданылады.

      Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі не тапсырыс берушінің бірінші басшысы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен конкурстық комиссияның төрағасы болып айқындалады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының бірінші басшысы не оның орынбасары конкурстық комиссияның төрағасы болып айқындалады.

      4. Осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы орталық атқарушы органдардың қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырған және өткізген жағдайда, орталық атқарушы органның бірінші басшысы конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) төрағасын айқындайды.

      5. Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

      Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

9-бап. Әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары

      1. Әлеуетті өнім берушілерге мынадай біліктілік талаптары қойылады:

      1) құқық қабілеттілігінің (заңды тұлғалар үшін), азаматтық әрекетке қабілеттілігінің (жеке тұлғалар үшін) болуы;

      2) қаржылық орнықты болуы және тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен асатын салықтық берешегінің болмауы.

      Әлеуетті өнім берушілердің қаржылық орнықтылығы оларды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен санаттау жолымен айқындалады.

      3) банкроттық не таратылу рәсіміне жатқызылмауы;

      4) мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық, еңбек және қаржы ресурстарының болуы;

      5) жұмыс тәжірибесінің болуы.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 4) және 5) тармақшаларында көзделген біліктілік талаптары мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалатын тәртіппен белгіленеді.

      2. Осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген:

      1) мемлекеттік сатып алуға әлеуетті өнім берушілердің қатысуын шектейтін және негізсіз күрделендіретін;

      2) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау қажеттігінен тікелей туындамайтын біліктілік талаптарын белгілеуге жол берілмейді.

      3. Әлеуетті өнім беруші өзінің осы бапта белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген тиісті құжаттарды ұсынады.

      4. Қазақстан Республикасының бейрезиденті – әлеуетті өнім беруші өзінің осы бапта белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін Қазақстан Республикасының резиденттері ұсынатын нақ сондай құжаттарды не Қазақстан Республикасының бейрезиденті – әлеуетті өнім берушінің біліктілігі туралы ұқсас мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынады.

      5. Айналысуы үшін рұқсат алу, хабарлама жіберу қажет болатын қызмет түрлерін жүзеге асыратын әлеуетті өнім берушінің құқық қабілеттілігі Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы расталады.

      Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда, әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) нотариат куәландырған көшірмесін ұсынады.

      6. Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1), 2) тармақшаларында салықтық берешек бөлігінде және 3) тармақшасында белгіленген біліктілік талаптары – әлеуетті өнім беруші өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын жұмыстарды орындау бойынша қосалқы мердігер не қызметтер көрсету бойынша бірлесіп орындаушы ретінде тартуды көздейтін, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаларға және заңды тұлғаларға да қолданылады.

      Жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерлерін (бірлесіп орындаушыларын) тартуды көздейтін әлеуетті өнім беруші жұмыстарға не көрсетілетін қызметтерге тартылатын қосалқы мердігерлердің (бірлесіп орындаушылардың) осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1), 2) тармақшаларында салықтық берешек бөлігінде және 3) тармақшасында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға ұсынуға тиіс.

      Жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерін орындау үшін қосалқы мердігерлер (бірлесіп орындаушыларды) тартылған жағдайда, олардың осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1), 2) тармақшаларында салықтық берешек бөлігінде және 3) тармақшасында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар олар орындайтын жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түріне беріледі.

      7. Біліктілік талаптары осы Заңның 37, 38-баптарында, 39-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында және 42-бабында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жағдайларына қолданылмайды.

      8. Осы Заңның 31, 50-баптарында және 51-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеуге жол берілмейді.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 6-баптан қараңыз).

10-бап. Әлеуетті өнім берушіні біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп тану негіздері

      1. Әлеуетті өнім беруші мынадай негіздердің бірі бойынша:

      1) әлеуетті өнім берушінің және (немесе) ол тартатын жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерінің (бірлесіп орындаушысының) біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін құжат (құжаттар) ұсынбағанда;

      2) әлеуетті өнім беруші өзінің сәйкестігін растау үшін ұсынған құжаттарда қамтылған ақпараттың негізінде біліктілік талаптарына сәйкес келмеу, сондай-ақ ол тартатын жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерінің (бірлесіп орындаушысының) біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі фактісі анықталғанда;

      3) біліктілік талаптары бойынша анық емес ақпарат беру фактісі анықталғанда біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп танылады.

      2. Әлеуетті өнім берушіні және (немесе) ол тартатын жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерін (бірлесіп орындаушысын) осы баптың 1-тармағында көзделмеген негіздер бойынша біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп тануға жол берілмейді.

11-бап. Әлеуетті өнім берушінің анық емес ақпарат беруінің салдарлары

      1. Біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер осы Заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізіледі.

      2. Әлеуетті өнім беруші беретін ақпараттың анықтығын тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы, уәкілетті орган не мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың кез келген сатысында анықтай алады.

      3. Әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпаратты беру фактісін анықтаған уәкілетті орган не мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары осындай факт анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей бұл жөнінде:

      1) егер мұндай факт мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғаннан кейін анықталған болса, тапсырыс берушіні;

      2) егер мұндай факт мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға дейін анықталған болса, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыны, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушыны жазбаша хабардар етеді.

      Бұл ретте жазбаша хабарламаға осы фактіні растайтын құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс.

      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

12-бап. Мемлекеттік сатып алу саласында қалыптастырылатын тізілімдер

      1. Уәкілетті орган мынадай:

      1) тапсырыс берушілердің;

      2) мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың;

      3) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың;

      4) алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі);

      5) шағымдардың мемлекеттік сатып алу саласындағы республикалық тізілімдерін (бұдан әрі – тізілімдер) қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады.

      2. Тапсырыс берушілердің тізілімі – өздерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуі, сондай-ақ осы Заңға және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мемлекеттік функцияларды не жарғылық қызметті орындауы үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға міндетті заңды тұлғалардың тізбесін білдіреді.

      3. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың тізілімі тапсырыс берушілер тиісті қаржы жылында жасасқан мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың тізбесін білдіреді және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың нысанасы, сандық және құндық көрсеткіштері туралы, тараптардың шарттық міндеттемелерді орындау нәтижелері туралы мәліметтерді қамтиды.

      Мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың тізіліміне мәліметтер енгізуді тапсырыс беруші:

      тиісті қаржы жылында мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттар бойынша – мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей;

      мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындау бойынша (тауарларды қабылдау-тапсыру актісі немесе орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің актісі) – қол қойған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей;

      мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша жүзеге асырылған төлемдер бойынша – төлем жүргізілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.

      Осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 9), 18), 31), 32) және 35) тармақшаларында және 50-бабында көзделген мемлекеттік сатып алудың нәтижелері бойынша жасалған шарттар туралы мәліметтер мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың тізіліміне енгізуге жатпайды.

      4. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі:

      1) біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің;

      2) жеңімпаздар деп айқындалған, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілердің;

      3) өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, тапсырыс беруші өздеріне әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, сотқа осындай әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қойып жүгінуге міндетті.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда, жиынтығында мынадай:

      1) өнім берушінің тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеуі;

      2) шарттық міндеттемелерді толық орындау;

      3) тапсырыс берушіге келтірілген залалдың болмауы шарттары қанағаттандырылатын жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші өзіне өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, сотқа осындай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қойып жүгінуге міндетті.

      5. Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі заңды күшіне енген сот шешімдерінің негізінде қалыптастырылады.

      Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады.

      6. Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген өнім берушілер соттың оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жиырма төрт ай ішінде мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.

      Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер уәкілетті орган оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешім қабылдаған күннен бастап жиырма төрт ай ішінде мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.

      Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінде қамтылған мәліметтер осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмей көрсетілген тізілімнен алып тасталады.

      7. Әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу туралы шешімге олардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасауына болады.

      8. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, тізілімдерде қамтылған мәліметтер мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылады және олар төлемақы алынбастан, танысу үшін мүдделі тұлғаларға қолжетімді болуға тиіс.

      9. Алып тастау көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі);

      10. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 1), 2), 27) және 36) тармақшаларында көзделген жағдайларда айқындалған әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілер енгізілмейді.

      11. Шағымдар тізілімі әлеуетті өнім берушілердің және өнім берушілердің уәкілетті органға мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы берген шағымдарының тізбесін білдіреді және шағымдарды қараудың және берілген нұсқамалардың (хабарламалардың) нәтижелері бойынша қабылданған шешімдер туралы мәліметтерді қамтиды.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 6-баптан қараңыз).

13-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдері

      1. Мемлекеттік сатып алу мынадай тәсілдердің бірі:

      1) конкурс (ашық конкурс, біліктілікті алдын ала іріктеумен жүргізілетін конкурс, екі кезеңдік рәсімдер пайдаланылатын конкурс);

      2) аукциондарда;

      3) баға ұсыныстарын сұрату;

      4) бір көзден алу;

      5) тауар биржалары арқылы жүзеге асырылады.

      2. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін уәкілетті орган айқындайтын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тізбесін қоспағанда, тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін осы Заңға сәйкес айқындайды.

      3. Мемлекеттік сатып алу осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алу веб-порталында жүзеге асырылады.

      4. Тапсырыс беруші өзінің филиалының (өкілдігінің) қызметін қамтамасыз етуге қажетті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жылдық көлемін негізге ала отырып, тапсырыс берушінің атынан осындай мемлекеттік сатып алуды тапсырыс берушінің филиалы (өкілдігі) тікелей жүзеге асырған жағдайда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың тәсілін айқындауға құқылы.

      5. Алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

14-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимді қолдану

      1. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде шет мемлекеттерден шығарылатын тауарларға, тиісінше шетелдік әлеуетті өнім берушілер орындайтын жұмыстарға, көрсететін қызметтерге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда және шарттарда ұлттық режим қолданылады.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау, елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты қорғау, ұлттық экономиканы дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында екі жылдан аспайтын мерзімге ұлттық режимнен алып қоюды белгілеуге құқылы.

      3. Ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

15-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік сатып алу саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) мемлекеттік сатып алу саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оларды жүзеге асыруды ұйымдастырады;

      2) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

16-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;

      2) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің мемлекеттік сатып алу веб-порталымен интеграцияланған дерекқорына енгізілген отандық тауар өндірушілерден сатып алу туралы ақпаратты ескере отырып, есептілікті жинау, қорыту және талдау қағидаларын бекітеді;

      3) мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану қағидаларын бекітеді;

      4) мемлекеттік сатып алу веб-порталы жұмысында техникалық іркілістер туындаған жағдайда мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеу қағидаларын бекітеді;

      5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды, оның ішінде камералдық бақылауды жүзеге асырады, қажет болған кезде мемлекеттік сатып алуға қатысушылар ұсынған есептік деректердің, материалдар мен ақпараттың анықтығын тексереді;

      6) мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасалғанға дейін, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, тапсырыс беруші мен конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып қабылдаған шешімдерінің күшін жою туралы не мемлекеттік сатып алудың күшін жою туралы шешім қабылдайды;

      7) уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті саладағы уәкілетті органдар әзірлейтін және бекітетін үлгілік конкурстық құжаттамаларға (аукциондық құжаттамаларға) сәйкес мемлекеттік сатып алу жүзеге асырылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түрлерінің тізбесін айқындайды;

      7-1) мемлекеттік сатып алынуы кезінде әлеуетті өнім берушілерге және өнім берушілерге қосымша талаптар белгіленуі мүмкін жекелеген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      8) мемлекеттік сатып алу саласында өз қызметін жүзеге асыратын жұмыскерлерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын бекітеді;

      9) мемлекеттік сатып алу саласындағы тізілімдерді қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекітеді;

      10) мемлекеттік сатып алуға қатысушылардан мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес қажетті ақпарат пен материалдарды сұратады;

      11) сараптамалар мен консультациялар жүргізу үшін мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың мамандарын тартады;

      11-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізілетін сатып алуға қол жеткізудің бірыңғай нүктесін қалыптастыру мақсатында мемлекеттік сатып алу ақпараттық жүйесінің Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпараттық жүйесімен интеграциясын қамтамасыз етеді;

      11-2) мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша, оның ішінде тиісті саланың уәкілетті органдарымен келісу бойынша әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;

      12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

17-бап. Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың өкілеттіктері

      Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор:

      1) мемлекеттік сатып алу веб-порталын дамытуды, қолдауды және жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады;

      2) мемлекеттік сатып алу веб-порталын дамыту бойынша жобаларды басқаруды жүзеге асырады;

      3) әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану (оған қол жеткізу) бойынша ақылы негізде қызметтер көрсетеді. Әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалануы (оған қол жеткізуі) бойынша көрсетілетін қызметтердің бағасын мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор уәкілетті органмен келісу бойынша белгілейді.

      Бұл ретте мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану (оған қол жеткізу) бойынша көрсетілетін қызметтердің бағасы мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың өкілеттіктерін жүзеге асыруға мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор шеккен шығындардың толық өтелуін қамтамасыз етуге тиіс;

      4) мемлекеттік сатып алу жүйесінің субъектілеріне мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеуі мәселелері бойынша өтеусіз негізде консультациялық көмек көрсетеді;

      5) мемлекеттік сатып алу веб-порталына орналастырылған мемлекеттік сатып алу жүйесі субъектілерінің электрондық ақпараттық ресурстарын сақтаудың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;

      6) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес мемлекеттік сатып алу веб-порталын ақпараттық толықтыруды жүзеге асырады;

      7) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін, мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды интеграциялау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша уәкілетті субъектілермен өзара іс-қимыл жасайды;

      8) анықтамалықты енгізе отырып, тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалардың дерекқорын енгізуді және оны қолдауды жүзеге асырады.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      17-бапты 9) тармақшамен толықтыру көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДЫ ӨТКІЗУДІ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ МОНИТОРИНГТЕУ

18-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылау

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады.

      2. Бақылау объектілері:

      1) тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы, конкурстық комиссия (аукциондық комиссия), сараптама комиссиясы, сарапшы;

      2) өткізілетін мемлекеттік сатып алу нысанасы шегінде әлеуетті өнім беруші, өнім беруші, сондай-ақ олар жұмыстарды орындау бойынша қосалқы мердігерлер не қызметтер көрсету бойынша бірлескен атқарушылар ретінде тартатын тұлғалар;

      3) тауар биржалары арқылы мемлекеттік сатып алуға қатысатын тұлғалар;

      4) мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор болып табылады.

      3. Уәкілетті орган тексерулерді мынадай жағдайлардың бірі басталған кезде:

      1) әлеуетті өнім беруші, конкурсқа не аукционға қатысушы, өнім беруші не олардың уәкілетті өкілі тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының не конкурстық комиссияның (аукциондық комиссияның), сараптама комиссиясының, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасап жазбаша жолданым не жалпыға бірдей қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жолданым бергенде жүзеге асырады. Мұндай шағымды қарау осы Заңның 47 және 48-баптарында көзделген шарттар сақталған кезде жүзеге асырылады;

      2) құқық қорғау органдарының қаулылары келіп түскен кезде;

      3) тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы алынған ақпаратты талдау нәтижелері бойынша жүзеге асырады.

      4. Уәкілетті орган бақылау іс-шараларын, оның ішінде камералдық бақылауды жүргізу нәтижесінде бақылау объектісінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзғанын анықтаған кезде мынадай шаралар қабылдайды:

      1) бақылау объектісіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті нұсқама, хабарлама жібереді;

      2) міндеттемелері тиісті түрде орындалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып жасалған, күшіне енген мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінеді;

      3) алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Бақылау іс-шараларын жүргізу нәтижесінде бақылау объектісінің құрамында қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар әрекет жасау (әрекетсіздігі) фактісі анықталған кезде, уәкілетті орган мен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары осындай факт анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аталған әрекеттің (әрекетсіздіктің) жасалғаны туралы ақпаратты және осындай фактіні растайтын құжаттарды құқық қорғау органдарына беруге міндетті.

      6. Уәкілетті орган мен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

19-бап. Мемлекеттік сатып алуды мониторингтеу

      1. Мемлекеттік сатып алуды мониторингтеу мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы ақпаратты жинау, қорыту, талдау, жүйелеу және бағалау негізінде жүзеге асырылады.

      2. Мемлекеттік сатып алуды мониторингтеуді уәкілетті орган мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы және ондағы қамтылған ақпарат негізінде жүзеге асырады.

      3. Мемлекеттік сатып алуды мониторингтеу нәтижелері бойынша уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік сатып алу туралы жыл сайынғы есепті жібереді.

      4. Мемлекеттік сатып алу туралы жыл сайынғы есепті дайындау қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.

4-тарау. КОНКУРС ТӘСІЛІМЕН МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

20-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру

      1. Алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).
      2. Алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).
      3. Алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

      4. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау, конкурсқа қатысушылардың конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру, сондай-ақ конкурс жеңімпазын айқындау конкурстық құжаттамада көзделген әрбір лот бойынша жүзеге асырылады.

      5. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау қорытындысы бойынша біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келеді деп айқындалған әлеуетті өнім берушілер конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысады.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

21-бап. Конкурстық құжаттама

      1. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған конкурстық құжаттаманың электрондық нысаны негізінде қазақ және орыс тілдерінде әзірлейді.

      2. Конкурстық құжаттамада осы Заңның 9-бабында белгіленген біліктілік талаптарынан басқа, мыналар:

      1) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атауы мен орналасқан жері;

      2) сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге ұлттық стандарттар, ал олар болмаған жағдайда мемлекетаралық стандарттар көрсетіле отырып, техникалық өзіндік ерекшелік қамтылуға тиіс. Ұлттық және мемлекетаралық стандарттар болмаған кезде мемлекеттік сатып алуды нормалау ескеріле отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің талап етілетін функционалдық, техникалық, сапалық және пайдаланушылық сипаттамалары көрсетіледі.

      Бұл ретте техникалық өзіндік ерекшелікте өнім берушілерге қойылатын, берілетін тауарлардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық регламенттерде, стандарттар ережелерінде немесе өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келетінін растайтын құжаттарды беру туралы талап қамтылуға тиіс.

      Жобалау-сметалық құжаттаманы талап ететін жұмыстарды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде конкурстық құжаттамада техникалық өзіндік ерекшеліктің орнына белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттама қамтылуға тиіс. Бұл ретте мұндай мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыстарды орындау мерзімдері белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген жұмыстарды орындау мерзімдеріне сәйкес келуге тиіс;

      3) өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын тауардың саны, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің көлемі;

      4) тауарды беру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету орны;

      5) тауарды берудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтер көрсетудің талап етілетін мерзімдері, ұсынылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасына кепілдік беру;

      6) төлем шарттары және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы;

      7) бағадан басқа өлшемшарттар, соның негізінде конкурс жеңімпазы, оның ішінде әрбір осындай өлшемшарттардың салыстырмалы мәні және шартты бағаны есептеу өлшемшарты айқындалады;

      8) конкурстық баға ұсынысының мазмұнына қойылатын талаптар, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағаларынан басқа, қосылған құн салығының сомасы шегеріле отырып, оларды тасымалдау мен сақтандыру, кедендік баждарды, салықтар мен алымдарды төлеу шығыстарын, сондай-ақ тауарларды беру, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету шарттарында көзделген өзге де шығыстарды көрсету;

      9) конкурсқа қатысушының конкурстық баға ұсынысы көрсетілуге тиіс валюта немесе валюталар және оларды салыстыру мен бағалау мақсатында шартты бағаны бірыңғай валютаға сәйкес келтіру үшін қолданылатын бағам;

      10) Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасына сәйкес, конкурсқа қатысуға өтінімдерді, мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасау және ұсыну тіліне қойылатын талаптар;

      11) конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді енгізу шарттары, оның мазмұны мен түрлері;

      12) әлеуетті өнім берушінің өтінімді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін конкурсқа қатысуға өз өтінімін өзгерту немесе қайтарып алу құқығын көрсету;

      13) конкурсқа қатысуға өтінімдерді ұсыну тәртібі, тәсілі және соңғы мерзімі және конкурсқа қатысуға өтінімдердің талап етілетін қолданылу мерзімі;

      14) конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау тәртібі;

      15) конкурсқа қатысуға өтінімдерді ашу күні және уақыты;

      16) конкурсқа қатысуға өтінімдерді ашу, конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау, конкурстық баға ұсыныстарын бағалау мен салыстыру рәсімдерінің сипаты;

      17) алда болатын конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуда тапсырыс беруші мен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атынан өкілдік етуге уәкілетті өкілдері туралы мәліметтер;

      18) мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету шарттары, түрлері, көлемі және оны енгізудің тәсілі;

      19) конкурс тәсілімен өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға бөлінген сомалар туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.

      Конкурстық құжаттамада өткізілетін мемлекеттік сатып алудың шарттары туралы әлеуетті өнім берушілерге неғұрлым толық ақпарат алуға мүмкіндік беретін басқа да қосымша мәліметтер қамтылуы мүмкін.

      3. Конкурстық құжаттамада осы Заңда көзделмеген жағдайларда, әлеуетті өнім берушілер санының шектелуіне алып келетін, оның ішінде мыналарға:

      1) әлеуетті өнім берушілерге кез келген өлшенбейтін сандық және (немесе) әкімшілендірілмейтін талаптар белгілеуге;

      2) тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларға, патенттерге, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауардың шығарылған жерінің атауына және өндірушінің атауына, сондай-ақ сатып алынатын тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің жекелеген әлеуетті өнім берушіге тиесілілігін айқындайтын өзге де сипаттамаларға, мыналарды:

      негізгі (орнатылған) жабдықтарды, сондай-ақ орнатылған бағдарламалық қамтылымды (лицензиялық бағдарламалық қамтылымды) қосымша жинақтау, жаңғырту және қосымша жарақтау үшін;

      тауарды лизингке беру бойынша көрсетілетін қызметтерді берушіні айқындау және лизинг нысанасын егжей-тегжейлі сипаттау қажеттігі туындағанда;

      тапсырыс берушінің қолында бар тауарды жөндеу және (немесе) техникалық қызмет көрсету үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда, нұсқаулардың болуына қатысты мемлекеттік сатып алу талаптарын белгілеуге тыйым салынады.

      4. Конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемшарттар және олардың есеп-қисабы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

      4-1. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы немесе мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы конкурстық құжаттамада Қазақстан Республикасының аумағында қалдықтардан алынған қайталама шикізат қолданыла отырып өндірілген, осы баптың 4-тармағына сәйкес растайтын құжаты бар тауарға басымдық көздеуге міндетті.

      5. Конкурстық құжаттаманың жобасын тапсырыс берушінің бірінші басшысы не оның міндетін атқаратын адам, не жауапты хатшы немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын, жауапты хатшы өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де лауазымды адам бекітеді.

      Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы әзірлеген конкурстық құжаттаманың жобасын мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының бірінші басшысы не оның міндетін атқаратын адам бекітеді.

      Ескерту. 21-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.06.2018 № 161-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2018 № 202-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

22-бап. Конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау

      1. Конкурстық құжаттаманы бекітудің міндетті талабы әлеуетті өнім берушілердің конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылауы болып табылады.

      Конкурстық құжаттаманың жобасына ескертулер, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сұрау салулар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей тапсырыс берушіге, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушыға жіберілуі мүмкін.

      Конкурстық құжаттаманың жобасына ескертулер, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сұрау салулар болмаған кезде, конкурстық құжаттаманы бекіту туралы шешім қабылданады.

      2. Тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ескертулер, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сұрау салулар болған жағдайда, конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылау мерзімі өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) конкурстық құжаттаманың жобасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді;

      2) конкурстық құжаттаманың жобасына ескертпелерді қабылдамай, оларды қабылдамау себептерінің негіздемелерін көрсетеді;

      3) конкурстық құжаттаманың ережелеріне түсінік береді.

      Көрсетілген шешімдер қабылданған күннен бастап конкурстық құжаттама бекітілді деп есептеледі.

      Тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осы тармақтың бірінші бөлігінде және осы баптың 1-тармағының үшінші бөлігінде көрсетілген шешімдердің бірін қабылдаған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік сатып алу веб-порталына конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау хаттамасын, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың мәтінін орналастыруға міндетті.

      Конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау хаттамасы конкурстық құжаттаманың жобасына келіп түскен ескертулер мен олар бойынша қабылданған шешімдер туралы ақпаратты қамтуға тиіс.

      3. Әлеуетті өнім берушілер конкурсқа қатысуға өтінімдерді ұсынатын күннің соңғы мерзімі конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау хаттамасын, сондай-ақ конкурстық құжаттаманың мәтінін орналастырған күннен бастап кемінде күнтізбелік он бес күн болуға тиіс.

      Тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді ұсыну мерзімі өткенге дейін конкурстық құжаттамаға өз бастамасы бойынша өзгерістер енгізуге құқылы. Мұндай жағдайларда конкурстық құжаттама осы бапта айқындалған тәртіппен алдын ала талқылауға жатады.

      4. Конкурстық құжаттаманың жобасын алдын ала талқылау нәтижелері бойынша тапсырыс берушінің шешіміне осы Заңда айқындалған тәртіппен шағымдануға болады.

      5. Осы баптың талаптары мыналарға:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.

      2) алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі);

      6. Осы баптың талаптары конкурстық құжаттамада техникалық өзіндік ерекшеліктің орнына осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 3) тармақшасы бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттама қамтылған, жобалау-сметалық құжаттаманы талап ететін жұмыстарды мемлекеттік сатып алуға қолданылады.

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

23-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарлама

      1. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың жобасы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік сатып алу веб-порталында конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландыру мәтінін орналастыруға міндетті.

      2. Қайта мемлекеттік сатып алу өткізуге байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындау мерзімін ұлғайтуды қоспағанда, конкурс тәсілімен қайта мемлекеттік сатып алу жүзеге асырылған жағдайда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді ұсынудың соңғы күніне дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын мемлекеттік сатып алу веб-порталында өткізілмеген конкурстың конкурстық құжаттамасының өзгермеуі шартымен, конкурс тәсілімен қайта мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарландырудың мәтінін орналастыруға міндетті.

      3. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан жүзеге асырған және конкурстық құжаттамаға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда, мемлекеттік сатып алу осы Заңның 22-бабының талаптары ескеріле отырып, осы баптың 1-тармағына сәйкес өткізіледі.

      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

24-бап. Конкурсқа қатысуға өтінім

      1. Конкурсқа қатысуға өтінім әлеуетті өнім берушінің конкурстық құжаттамада белгіленген талаптарға және шарттарға келісім білдіру түрі, сондай-ақ әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптары мен осы Заңның 6-бабында белгіленген шектеулерге сәйкестігін растайтын, өзі туралы мәліметтер алуға келісім білдіру түрі болып табылады.

      2. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы электрондық құжат нысанында конкурстық құжаттамада көрсетілген, өтінімді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін береді.

      3. Конкурсқа қатысуға өтінім әлеуетті өнім берушінің:

      1) осы Заңның 6-бабында көзделген шектеулерді бұзушылықтардың болмағандығы туралы;

      2) өзінің және тапсырыс берушінің не мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының арасында осы Заңда тыйым салынған қарым-қатынастардың болмағандығы туралы;

      3) осы Заңның 43-бабының 19-тармағында көрсетілген фактілер анықталған жағдайда, мемлекеттік сатып алу туралы шартты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен бұзуға келісуі туралы растауды қамтуға тиіс.

      Конкурстық баға ұсынысы, сондай-ақ конкурсқа қатысуға өтінімде қамтылуға тиіс құжаттар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

      4. Әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімі мынадай:

      1) әлеуетті өнім беруші осы конкурсқа қатысуға бұрын өтінім берген;

      2) конкурсқа қатысуға өтінім мемлекеттік сатып алу веб-порталына осы конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі өткеннен кейін келіп түскен;

      3) конкурстық баға ұсынысы осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген сомадан асып түскен;

      4) осы Заңның 6-бабы 1-тармағының 1), 3), 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген;

      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-тармақты 5) тармақшамен толықтыру көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімдер ұсыну мерзімінің аяқталуынан кешіктірмей:

      1) конкурсқа қатысуға енгізілген өтінімді өзгертуге және (немесе) толықтыруға;

      2) конкурсқа қатысуға өзі енгізген өтінімді қамтамасыз етуді қайтарып алу құқығын жоғалтпастан, өзінің конкурсқа қатысуға өтінімін қайтарып алуға құқылы.

      Конкурсқа қатысуға өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткеннен кейін конкурсқа қатысуға өтінімге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге, сол сияқты оны қайтарып алуға жол берілмейді.

      6. Конкурсқа қатысуға өтінімнің қолданылу мерзімі конкурстық құжаттамада белгіленген талап етілетін мерзімге сәйкес келуге тиіс.

      7. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімді берген әлеуетті өнім берушілерге алдын ала жіберу хаттамасы орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күні өткеннен кейін басқа әлеуетті өнім берушілердің осы конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерін көруге қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

      Конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді енгізбеген не оны мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған мөлшерде енгізбеген әлеуетті өнім берушілерге басқа әлеуетті өнім берушілердің осы конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерін көруге қолжетімділік берілмейді.

      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі!
      25-бап жаңа редакцияда көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі!
      25-баптың осы редакциясы 01.01.2020 дейін қолданылады - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен.

25-бап. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету

      1. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді өзі конкурс жеңімпазы болып айқындалған жағдайда мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасатынына және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізетініне кепіл ретінде енгізеді.

      2. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген соманың бір пайызы мөлшерінде енгізіледі.

      3. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің біреуін:

      1) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының банктік шотына не мемлекеттік органдар және мемлекеттік мекемелер болып табылатын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген шотқа енгізілетін кепілдікті ақшалай жарнаны;

      2) электрондық құжат нысанында берілетін банк кепілдігін таңдауға құқылы. Осы Заңның 50-бабында көзделген жағдайларда банк кепілдігін қағаз жеткізгіште беруге жол беріледі.

      Әлеуетті өнім берушінің өзінің конкурсқа қатысуға өтінімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін, енгізілген кепілдікті ақшалай жарнаны тұтастай не оның бір бөлігін талап ету құқығы үшінші тұлғаларда туындауына алып келетін әрекеттер жасауына жол берілмейді.

      Осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының әлеуетті өнім беруші енгізген кепілдікті ақшалай жарнаны пайдалануына жол берілмейді.

      4. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мынадай жағдайлардың бірі басталған кезде:

      1) конкурс жеңімпазы деп айқындалған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарғанда;

      2) конкурс жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасаса отырып, конкурстық құжаттамада белгіленген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу және (немесе) енгізу мерзімдері туралы талаптарды орындамағанда не тиісті түрде орындамағанда, оның ішінде уақтылы орындамағанда, конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді әлеуетті өнім берушіге қайтармайды.

      5. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайлардың бірі басталған кезде конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету сомасы тиісті бюджеттің, мемлекеттік кәсіпорынның, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаның немесе онымен үлестес заңды тұлғалардың кірісіне есепке жатқызылады.

      6. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мынадай жағдайлардың бірі басталған күннен бастап:

      1) осы әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін өзінің конкурсқа қатысуға арналған өтінімін кері қайтарып алған жағдайларда ашу хаттамасы орналастырылған;

      2) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған жағдайда, үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге ол енгізген конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді қайтарады. Көрсетілген жағдай конкурс жеңімпазы деп айқындалған конкурсқа қатысушыға қолданылмайды;

      3) әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қол қойған және ол мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізген жағдайда, үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге ол енгізген конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді қайтарады.

      Ескерту. 25-бап жаңа редакцияда - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

26-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезіндегі демпингке қарсы шаралар

      1. Конкурсқа қатысушы ұсынған, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалатын шекті мәннен төмен болып табылатын баға демпингтік баға деп танылады.

      2. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген, әлеуетті өнім берушінің шарттың орындалуын қамтамасыз етуге қосымша, демпингттік деп танылмайтын, жол берілетін ең төмен бағадан төмендетілген сомаға тең мөлшерде сома енгізу шарты бар жағдайларды қоспағанда, демпингтік бағалар ұсынуға жол берілмейді.

      Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

27-бап. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау

      1. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарауды біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілерді айқындау мақсатында жүзеге асырады.

      2. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің конкурстық құжаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық өзіндік ерекшелікке сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындау үшін сараптама комиссиясын құруға не сарапшыны айқындауға құқылы.

      Осы Заңның 8-бабының 3-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу кезінде тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің конкурстық құжаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық өзіндік ерекшелікке сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды дайындау үшін сараптама комиссиясын құрады не сарапшыны айқындайды.

      Осы Заңның 8-бабының 3-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда, орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу кезінде мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің конкурстық құжаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық өзіндік ерекшелікке сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды дайындау үшін сараптама комиссиясын құрады не сарапшыны айқындайды.

      Мынадай адам сарапшы бола алмайды:

      1) мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің нәтижелеріне мүдделі;

      2) тапсырыс берушімен, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушымен, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушымен не олардың ведомстволық бағынысты, еншілес және тәуелді ұйымдарымен не әлеуетті өнім берушілермен еңбек қатынастарында байланысты;

      3) тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының не олардың ведомстволық бағынысты, еншілес және тәуелді ұйымдарының бірінші басшыларының жақын туысы, жұбайы (зайыбы) немесе жегжаты болып табылатын адам. Осы тармақтың үшінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келетін сарапшылар болмаған жағдайда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші сарапшы ретінде жұмыс істеу үшін тиісті бейіндегі мемлекеттік қызметшілерді не сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге мамандануы сәйкес келетін өзге де мамандарды тартады. Мемлекеттік қызметшілер сарапшылар ретінде өтеусіз негізде тартылады, ал өзге мамандар тараптардың уағдаластығы бойынша ақылы да, өтеусіз де негізде тартылады.

      Сарапшылар ретінде тартылатын мемлекеттік қызметшілер не өзге де мамандар осы тармақтың үшінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      Конкурстық комиссия шешім қабылдаған кезде сарапшылардың дауыс беру құқығы болмайды.

      Сарапшылар ретінде ақылы негізде тартылатын адамдарды таңдау осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкестігі нысанасына конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау нәтижелері бойынша конкурсқа қатысуға алдын ала жіберу хаттамасы ресімделеді, оған конкурстық комиссияның төрағасы мен барлық мүшелері, сондай-ақ конкурстық комиссияның хатшысы конкурсқа қатысуға өтінімдерді алдын ала қарау туралы шешім қабылданған күні қол қояды.

      Конкурстық комиссияның әлеуетті өнім берушілерді конкурсқа қатысуға алдын ала жіберу туралы шешімі конкурсқа қатысуға арналған өтінімдер ашылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қабылданады.

      Конкурсқа қатысуға алдын ала жіберу хаттамасында қабылдамау себептері егжей-тегжейлі сипатталып, оның ішінде әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтінін растайтын мәліметтер мен құжаттар көрсетіле отырып, конкурсқа қатысуға берілген өтінімдері қабылданбаған әлеуетті өнім берушілер туралы ақпарат қамтылуға тиіс.

      Әлеуетті өнім берушілер біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келген жағдайда, конкурсқа қатысуға алдын ала жіберу хаттамасы ресімделмейді.

      4. Конкурстық комиссия біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтін әлеуетті өнім берушілерді анықтаған жағдайда, мұндай әлеуетті өнім берушілерге конкурсқа қатысуға алдын ала жіберу хаттамасы мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде конкурсқа қатысуға өтінімдерді біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру құқығын береді.

      Конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру құқығы мынадай:

      1) осы Заңның 6-бабының талаптарын бұзған;

      2) біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптары бойынша анық емес ақпарат берген;

      3) конкурсқа қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді енгізбеген не оны мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған мөлшерде енгізбеген әлеуетті өнім берушілерге берілмейді.

      5. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарау кезінде конкурстық комиссия:

      1) конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарауды, бағалауды және салыстыруды оңайлату үшін әлеуетті өнім берушілерден олардың өтінімдеріне байланысты материалдар мен түсіндірулерді жазбаша нысанда және (немесе) электрондық құжат нысанында сұратуға;

      2) конкурсқа қатысуға өтінімдерде қамтылған мәліметтерді нақтылау мақсатында, тиісті жеке немесе заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты жазбаша нысанда және (немесе) электрондық құжат нысанында сұратуға құқылы.

      Конкурсқа қатысуға өтінімдерді осы баптың 4-тармағында көзделген біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру мерзімі өткеннен кейін конкурсқа қатысуға өтінімде жетіспейтін құжаттармен толықтыруға, конкурсқа қатысуға өтінімде ұсынылған құжаттарды ауыстыруға, тиісті түрде ресімделмеген құжаттарды сәйкес келтіруге байланысты конкурстық комиссияның сұрау салу жіберуіне және өзге де әрекеттер жасауына жол берілмейді.

      Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімді, егер онда ұсынылған өтінім мәнін қозғамай түзетуге болатын грамматикалық немесе арифметикалық қателер болса, конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келеді деп қарайды.

      Конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдерді қайта қарау кезінде конкурсқа қатысуға алдын ала жіберу хаттамасында көзделмеген негіздер бойынша әлеуетті өнім берушілерді қабылдамауына жол бермейді.

      6. Әлеуетті өнім беруші осы баптың 4-тармағына сәйкес конкурсқа қатысуға өтінімдерді біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіргеннен кейін, егер:

      1) ол және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігер (бірлесіп орындаушы) осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған негіздер бойынша біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп айқындалса;

      2) ол осы Заңның 6-бабының талаптарын бұзса;

      3) оның конкурсқа қатысуға өтінімі осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған негіздер бойынша конкурстық құжаттаманың талаптары мен шарттарына сәйкес келмейді деп айқындалса, конкурсқа қатысуға жіберілмейді (конкурсқа қатысушы деп танылмайды).

      7. Егер әлеуетті өнім беруші осы баптың 6-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша конкурсқа қатысуға жіберілмесе, онда конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттамада конкурсқа қатысуға өтінімді қабылдамау үшін негіз болған, растайтын мәліметтер мен құжаттар көрсетіле отырып, мұндай әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға өтінімін қабылдамаудың негіздемелері көрсетіледі.

      8. Конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді қайтадан қарау нәтижелері бойынша конкурстық комиссия біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келтірілген конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерді әлеуетті өнім берушілердің қайтадан ұсыну мерзімі өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде:

      1) біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілерді айқындайды және конкурсқа қатысушылар деп таниды;

      2) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемшарттарды қолданады және есептейді.

      9. Конкурсқа қатысуға өтінімді біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкестігі нысанасына қарау қорытындысы бойынша конкурстық баға ұсынысы мемлекеттік сатып алу веб-порталында автоматты түрде ашылады.

      10. Мемлекеттік сатып алу веб-порталы конкурсқа қатысушылардың шартты бағаларын автоматты түрде салыстырады және ең төмен шартты баға негiзiнде конкурс жеңiмпазын айқындайды.

      Конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру қорытындысы бойынша екінші орын алған конкурсқа қатысушы ең төмен шартты бағадан кейінгі келесі баға негізінде айқындалады.

      Шартты бағалар тең болған кезде жеңімпазды (конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру қорытындылары бойынша екінші орын алған конкурсқа қатысушыны) тану шарттары мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

      Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

28-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттама

      1. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттама мемлекеттік сатып алу веб-порталында автоматты түрде қалыптастырылады және конкурстық комиссияның барлық мүшелері мен конкурсқа қатысуға өтінімдер берген барлық әлеуетті өнім берушілер электрондық пошта арқылы бір мезгілде хабардар етіле отырып, онда орналастырылады.

      2. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттамада мынадай:

      1) конкурсқа қатысуға өтінімдерді біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру туралы;

      2) осы Заңның 27-бабы 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес конкурстық комиссияның сұрау салулары туралы;

      3) конкурсқа қатысуға берілген өтінімдері қабылданбаған әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қабылдамау себептері егжей-тегжейлі сипатталып, оның ішінде біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтінін растайтын мәліметтер мен құжаттар көрсетіле отырып, олар туралы ақпарат;

      4) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған өзге де мәліметтер қамтылуға тиіс.

      3. Конкурсқа қатысушы конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттамаға Заңда белгіленген тәртіппен шағымдана алады.

29-бап. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізілмеді деп танудың негіздері мен салдарлары

      1. Конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу мынадай негіздердің бірі бойынша:

      1) конкурсқа қатысуға ұсынылған өтінімдер болмағанда;

      2) конкурсқа қатысуға екеуден аз өтінім ұсынылғанда;

      3) егер конкурсқа қатысуға бірде-бір әлеуетті өнім беруші жіберілмесе;

      4) егер конкурсқа қатысуға бір әлеуетті өнім беруші жіберілсе, өткізілмеді деп танылады.

      2. Егер конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылса, тапсырыс беруші мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан өткізу туралы;

      2) конкурстық құжаттаманы өзгерту және конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан өткізу туралы;

      3) алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. Конкурс тәсілімен қайта мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды мынадай:

      1) конкурсқа қатысуға ұсынылған өтінімдер болмаған жағдайда, жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға шақырту жіберілетін әлеуетті өнім берушіні тапсырыс беруші айқындайды;

      2) конкурсқа қатысуға екеуден аз өтінім ұсынылған жағдайда, жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға шақырту конкурсқа қатысуға арналған өтінімді ұсынған әлеуетті өнім берушіге жіберіледі. Мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттың бағасы әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға арналған өтінімде көрсетілген конкурстық баға ұсынысынан аспауға тиіс.

      Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

30-бап. Екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекшеліктері

      1. Екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу уәкілетті орган бекіткен тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі бойынша мынадай:

      1) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің егжей-тегжейлі өзіндік ерекшелігін тұжырымдау әрі олардың техникалық және өзге де сипаттамаларын айқындау қиын және (немесе) әлеуетті өнім берушілердің ұсыныстарын сұрату не туындаған мәселелер бойынша олармен келіссөз жүргізу қажет болған;

      2) зерттеулер, эксперименттер, іздестірулер жүргізу немесе әзірлемелер жасау қажет болған;

      3) инновациялық және жоғары технологиялық тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкін.

      2. Алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. Егер әлеуетті өнім беруші екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың бірінші кезеңіне қатысса, ол конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз етуді енгізбейді.

      4. Екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

      Ескерту. 30-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі!
      31-бап жаңа редакцияда көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

31-бап. Біліктілікті алдын ала іріктеумен жүргізілетін конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекшеліктері

      1. Біліктілікті алдын ала іріктеумен жүргізілетін конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу уәкілетті орган бекіткен тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі бойынша жүзеге асырылады.

      2. Біліктілікті алдын ала іріктеумен жүргізілетін конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу мынадай дәйектілікпен жүзеге асырылады:

      1) бірінші кезеңде уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және өзге де коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен білікті әлеуетті өнім берушілердің тізілімін қалыптастырады;

      2) екінші кезеңде тапсырыс беруші білікті әлеуетті өнім берушілердің тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер арасында конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады.

      3. Біліктілікті алдын ала іріктеумен жүргізілетін конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға, конкурстық құжаттамаға, алдын ала талқылауға, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарлауға, конкурсқа қатысуға өтінімге, оны қарауға, демпингтік бағаны ұсынуға, мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттамаға қойылатын талаптар осы бапта белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңның 20, 21, 22, 23, 24, 26, 27 және 28-баптарының қағидалары бойынша айқындалады.

      4. Біліктілікті алдын ала іріктеумен жүргізілетін конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

5-тарау. АУКЦИОН ТӘСІЛІМЕН МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

32-бап. Аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру

      1. Аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу нақты уақыт режимiнде мемлекеттiк сатып алу веб-порталында жүзеге асырылады, оны өткізуді мемлекеттiк сатып алу саласындағы бірыңғай оператор қамтамасыз етеді.

      2. Аукцион бір лотқа өткізіледі, бұл ретте тауар аукцион нысанасы болып табылады.

      3. Аукционға қатысуға өтiнiмдерді қарау қорытындысы бойынша айқындалған, біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілер аукционға қатысады.

      4. Аукциондық құжаттамаға, алдын ала талқылауға, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы хабарлауға, аукционға қатысуға өтінімге, оны қамтамасыз етуге қойылатын талаптар осы бапта белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңның 21-бабының 1, 2, 3 және 5-тармақтарының, 22, 23, 24 және 25-баптарының қағидалары бойынша айқындалады.

      Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

33-бап. Аукционға қатысуға өтінімдерді қарау, аукционға қатысуға жіберу

      1. Аукциондық комиссия біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілерді айқындау мақсатында аукционға қатысуға өтінімдерді қарауды жүзеге асырады.

      2. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың аукциондық құжаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық өзіндік ерекшелікке сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындау үшін сараптама комиссиясын құруға не сарапшыны айқындауға құқылы.

      Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырған және өткізген кезде тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың аукциондық құжаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын техникалық өзіндік ерекшелікке сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындау үшін сараптама комиссиясын құрады не сарапшыны айқындайды.

      Мынадай адам сарапшы бола алмайды:

      1) мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің нәтижелеріне мүдделі;

      2) тапсырыс берушімен, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушымен, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушымен не олардың ведомстволық бағынысты, еншілес және тәуелді ұйымдарымен не әлеуетті өнім берушілермен еңбек қатынастарында байланысты;

      3) тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының не олардың ведомстволық бағынысты, еншілес және тәуелді ұйымдарының бірінші басшыларының жақын туысы, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты болып табылатын адам. Осы тармақтың үшінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келетін сарапшылар болмаған жағдайда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші сарапшы ретінде жұмыс істеу үшін тиісті бейіндегі мемлекеттік қызметшілерді не мамандануы сатып алынатын тауарларға сәйкес келетін өзге де мамандарды тартады. Мемлекеттік қызметшілер сарапшылар ретінде өтеусіз негізде тартылады, ал өзге де мамандар тараптардың уағдаластығы бойынша ақылы да, өтеусіз де негізде тартылады.

      Сарапшылар ретінде тартылатын мемлекеттік қызметшілер не өзге де мамандар осы тармақтың үшінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      Аукциондық комиссия шешім қабылдаған кезде сарапшылардың дауыс беру құқығы болмайды.

      Сарапшылар ретінде ақылы негізде тартылатын адамдарды таңдау осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан аукционға қатысуға өтінімдерді қарау нәтижелері бойынша аукционға қатысуға алдын ала жіберу хаттамасы ресімделеді, оған аукциондық комиссияның төрағасы мен барлық мүшелері, сондай-ақ аукциондық комиссияның хатшысы аукционға қатысуға өтінімдерді алдын ала қарау туралы шешім қабылданған күні қол қояды.

      Аукционға қатысуға алдын ала жіберу хаттамасында аукционға қатысуға берілген өтінімдері қабылданбаған әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қабылдамау себептері егжей-тегжейлі сипатталып, оның ішінде біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтінін растайтын мәліметтер мен құжаттар көрсетіле отырып, олар туралы ақпарат қамтылуға тиіс.

      Әлеуетті өнім берушілер біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келген жағдайда, аукционға қатысуға алдын ала жіберу хаттамасы ресімделмейді.

      4. Аукциондық комиссия біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтін әлеуетті өнім берушілерді анықтаған жағдайда, мұндай әлеуетті өнім берушілерге аукционға қатысуға алдын ала жіберу хаттамасы мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде аукционға қатысуға өтінімдерін біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру құқығын береді.

      Аукционға қатысуға арналған өтінімдерді біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру құқығы мынадай:

      1) осы Заңның 6-бабының талаптарын бұзған;

      2) біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптары бойынша анық емес ақпарат берген;

      3) аукционға қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді енгізбеген не оны мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған мөлшерде енгізбеген әлеуетті өнім берушілерге берілмейді.

      5. Осы баптың 4-тармағына сәйкес біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтірілген аукционға қатысуға өтінімдерді қайтадан қарау кезінде аукциондық комиссия:

      1) аукционға қатысуға өтінімдерді қарауды, бағалауды және салыстыруды оңайлату үшін әлеуетті өнім берушілерден олардың өтінімдеріне байланысты материалдар мен түсіндірулерді жазбаша нысанда және (немесе) электрондық құжат нысанында сұратуға;

      2) аукционға қатысуға өтінімдерде қамтылған мәліметтерді нақтылау мақсатында, тиісті жеке немесе заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты жазбаша нысанда және (немесе) электрондық құжат нысанында сұратуға құқылы.

      Аукционға қатысуға өтінімдерді осы баптың 4-тармағында көзделген біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру мерзімі өткеннен кейін аукционға қатысуға өтінімді жетіспейтін құжаттармен толықтыруға, аукционға қатысуға өтінімде ұсынылған құжаттарды ауыстыруға, тиісті түрде ресімделмеген құжаттарды сәйкес келтіруге байланысты аукциондық комиссияның сұрау салу жіберуіне және өзге де әрекеттер жасауына жол берілмейді.

      Аукционға қатысуға өтінімде ұсынылған өтінімнің мәнін қозғамай түзетуге болатын грамматикалық немесе арифметикалық қателер болса, аукциондық комиссия аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келеді деп қарайды.

      Аукциондық комиссияның аукционға қатысуға өтінімдерді қайтадан қарау кезінде аукционға қатысуға алдын ала жіберу хаттамасында көзделмеген негіздер бойынша әлеуетті өнім берушілерді қабылдамауына жол берілмейді.

      6. Әлеуетті өнім беруші аукционға қатысуға өтінімдерді осы баптың 4-тармағына сәйкес біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіргеннен кейін, егер:

      1) ол осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған негіздер бойынша біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп айқындалса;

      2) ол осы Заңның 6-бабының талаптарын бұзса;

      3) оның аукционға қатысуға өтінімі осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған негіздер бойынша аукциондық құжаттаманың талаптары мен шарттарына сәйкес келмейді деп айқындалса, аукционға қатысуға жіберілмейді (аукционға қатысушы деп танылмайды).

      7. Егер әлеуетті өнім беруші осы баптың 6-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша аукционға қатысуға жіберілмесе, онда аукционға қатысуға жіберу туралы хаттамада аукционға қатысуға өтінімді қабылдамау үшін негіз болған, растайтын мәліметтер мен құжаттар көрсетіле отырып, мұндай әлеуетті өнім берушінің аукционға қатысуға өтінімін қабылдамаудың негіздемелері көрсетіледі.

      8. Аукциондық комиссия аукционға қатысуға өтінімдерді қайтадан қарау нәтижелері бойынша:

      1) біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілерді айқындайды және аукционға қатысушылар деп таниды;

      2) аукционға қатысуға жіберу туралы хаттаманы ресімдейді.

      9. Аукционға қатысуға жіберу туралы хаттамаға аукциондық комиссияның төрағасы мен отырысқа қатысқан барлық мүшелері, сондай-ақ аукциондық комиссияның хатшысы әлеуетті өнім берушілерді аукционға қатысуға жіберу (конкурсқа қатысушылар деп тану) туралы шешім қабылданған күні қол қояды.

      Аукциондық комиссияның хатшысы аукционға қатысуға жіберу туралы хаттаманы оған қол қойылған күні мемлекеттік сатып алу веб-порталына орналастырып, аукционға қатысуға өтінімдер берген барлық әлеуетті өнім берушілерді электрондық пошта арқылы автоматты түрде хабардар етеді.

      10. Аукционға қатысуға жіберу туралы аукциондық комиссияның шешіміне осы Заңның 47-бабында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.

      Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

34-бап. Аукцион өткізу

      1. Аукцион мемлекеттік сатып алу веб-порталында аукционға қатысуға жіберу туралы хаттамада көрсетілген күні және уақытта өткізіледі.

      Аукционға қатысуға жіберу туралы хаттама орналастырылған күннен бастап екі жұмыс күні өткеннен кейінгі келесі жұмыс күні – аукционды өткізу күні болып табылады.

      2. Аукционға қатысушылар деп танылған әлеуетті өнім берушілер аукционға қатысады.

      3. Өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауарды сатып алу үшін аукционға қатысушының ең төмен бастапқы бағасынан бастап баға туралы ағымдағы ұсынысты аукцион адымына төмендету жолымен аукцион өткізіледі.

      Аукцион адымы өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауарды сатып алу үшін аукционға қатысушының ең төмен бастапқы бағасының жарты (0,5) пайызынан бес пайызына дейінгіні құрайды.

      4. Аукционды өткізу кезінде аукционға қатысушылар өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың бағасы туралы ұсыныстар береді, онда баға туралы ағымдағы ең төмен ұсынысты аукцион адымы шегіндегі шамаға төмендету көзделеді.

      5. Аукционды өткізу кезінде аукционның кез келген қатысушысы ағымдағы ең төмен ұсыныс болмаған жағдайда, аукцион адымына қарамастан, өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауарды сатып алу үшін аукционға қатысушының ең төмен бастапқы бағасынан төмендетілген, өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың бағасы туралы ұсыныс беруге құқылы.

      6. Егер аукционға қатысушы өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың бағасы туралы ағымдағы ең төмен ұсынысты берген болса, аукционға осы қатысушы өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың бағасы туралы осындай ұсыныстан төмен болатын, өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың бағасы туралы ұсыныс беруге құқылы емес.

      7. Аукционға қатысушылардың өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың бағасы туралы ұсыныстарын қабылдау уақыты аукционды өткізу басталғаннан бастап отыз минутты, сондай-ақ өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың бағасы туралы соңғы ұсыныс келіп түскеннен кейін он минутты құрайды. Егер көрсетілген уақыт ішінде өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың неғұрлым төмен бағасы туралы бірде-бір ұсыныс келіп түспесе, аукцион аяқталады.

      8. Мемлекеттік сатып алу веб-порталы аукцион жеңімпазын ең төмен баға негізінде автоматты түрде айқындайды.

      Екінші орын алған аукционға қатысушы ең төмен бағадан кейінгі баға негізінде айқындалады.

      9. Егер өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың аукционға басқа қатысушы ұсынған бастапқы бағаға тең бастапқы бағасы ұсынылса, басқа ұсыныстардан бұрынырақ келіп түскен тауардың бастапқы бағасы ең төмен бастапқы баға деп танылады.

      10. Егер аукционды өткізу басталғаннан кейінгі отыз минут ішінде аукционға қатысушылардың бірде-бірі өткізілетін аукционның нысанасы болып табылатын тауардың бағасы туралы ұсыныс бермеген болса, бастапқы бағасы ең төмен болып табылатын әлеуетті өнім беруші аукцион жеңімпазы деп танылады.

35-бап. Аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттама

      1. Аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттама аукционды өткізу аяқталған күні мемлекеттік сатып алу веб-порталында автоматты түрде қалыптастырылады және аукциондық комиссияның барлық мүшелері мен аукционға қатысуға өтінімдер берген барлық әлеуетті өнім берушілер электрондық пошта арқылы бір мезгілде хабардар етіле отырып, онда орналастырады.

      2. Аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттамада мынадай:

      1) аукционға қатысуға өтінімдерді біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келтіру туралы;

      2) осы Заңның 33-бабы 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес аукциондық комиссияның сұрау салулары туралы;

      3) аукционға қатысуға өтінімдері қабылданбаған әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қабылдамау себептері егжей-тегжейлі сипатталып, оның ішінде біліктілік талаптары мен аукциондық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтінін растайтын мәліметтер мен құжаттар көрсетіле отырып, олар туралы ақпарат;

      4) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған өзге де мәліметтер қамтылуға тиіс.

      3. Аукционға қатысушының аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттамаға осы Заңда белгіленген тәртіппен шағымдануына болады.

36-бап. Аукцион тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алуды өткізілмеді деп танудың негіздері мен салдарлары

      1. Аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу мынадай негіздердің бірі бойынша:

      1) аукционға қатысуға ұсынылған өтінімдер болмағанда;

      2) аукционға қатысуға екеуден аз өтінім ұсынылғанда;

      3) егер аукционға қатысуға бірде-бір әлеуетті өнім беруші жіберілмесе;

      4) егер аукционға қатысуға бір әлеуетті өнім беруші жіберілсе, өткізілмеді деп танылады.

      2. Егер аукцион тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алу өткізілмеді деп танылса, тапсырыс беруші мынадай:

      1) аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан өткізу туралы;

      2) аукциондық құжаттаманы өзгерту және аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан өткізу туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

      3. Аукцион тәсілімен қайтадан болған мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды мынадай:

      1) аукционға қатысуға ұсынылған өтінімдер болмаған жағдайда, жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға шақырту жіберілетін әлеуетті өнім берушіні тапсырыс беруші айқындайды;

      2) аукционға қатысуға екеуден аз өтінім ұсынылған жағдайда, жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға шақырту аукционға қатысуға арналған өтінімді ұсынған әлеуетті өнім берушіге жіберіледі. Мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттың бағасы әлеуетті өнім берушінің аукционға қатысуға арналған өтінімде көрсетілген бастапқы бағасынан аспауға тиіс.

      Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

6-тарау. БАҒА ҰСЫНЫСТАРЫН СҰРАТУ ТӘСІЛІМЕН МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ

37-бап. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың негіздері

      1. Егер біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің төрт мың еселенген мөлшерінен аспаса, осындай біртекті тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға ұсыныстарын сұрату тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алу жүргізіледі, бұл ретте баға шешуші шарт болып табылады.

      2. Алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілін қолдану мақсатында біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың жылдық көлемін қаржы жылы ішінде олардың бірінің мөлшері осы баптың 1-тармағында көзделгеннен кем болатын бөліктерге бөлшектеуге жол берілмейді.

      4. Алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі!
      37-бапты 5-тармақпен толықтыру көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 37-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

38-бап. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу

      1. Мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын ұсыну мерзiмi аяқталғанға дейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей мемлекеттік сатып алу веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде мынадай ақпаратты:

      1) мемлекеттiк сатып алу үшiн бөлiнген сомаларды көрсете отырып, өткізiлетiн мемлекеттiк сатып алудың нысанасы болып табылатын тауарлардың саны, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң көлемi туралы;

      2) сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге ұлттық стандарттар, ал олар болмаған жағдайда, мемлекетаралық стандарттар көрсетіле отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің қысқаша сипатталымын орналастыруға міндетті. Ұлттық және мемлекетаралық стандарттар болмаған кезде мемлекеттік сатып алуды нормалау ескеріле отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің талап етілетін функционалдық, техникалық, сапалық және пайдаланушылық сипаттамалары көрсетіледі.

      Бұл ретте сатып алынатын тауарлардың қысқаша сипатталымында өнім берушілерге қойылатын, берілетін тауарлардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық регламенттерде, стандарттар ережелерінде немесе өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келетінін растайтын құжаттарды беру туралы талап қамтылуға тиіс;

      3) тауарды беру, жұмыстарды орындау, қызметтердi көрсету орнын;

      4) тауарды берудiң, жұмыстарды орындаудың, қызметтердi көрсетудiң талап етiлетiн мерзiмдерiн;

      5) әлеуетті өнім берушілердiң баға ұсыныстарын ұсынуды бастау және аяқтау мерзiмi туралы;

      6) техникалық өзіндік ерекшелігін көрсете отырып, мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасын орналастыруға міндетті.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген, орналастырылатын ақпаратта тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларына, патенттерге, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауардың шығарылған жерінің атауына және өндірушінің атауына, сондай-ақ сатып алынатын тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің жекелеген әлеуетті өнім берушіге тиесiлiгiн айқындайтын өзге де сипаттамаларға нұсқаулардың болуына жол берілмейді, оған мемлекеттік сатып алуды мынадай:

      1) негізгі (орнатылған) жабдықтарды, сондай-ақ орнатылған бағдарламалық қамтамасыз етуді (лицензиялық бағдарламалық қамтылымды) қосымша жинақтау, жаңғырту және қосымша жарақтау үшін;

      2) тауарды лизингке беру бойынша көрсетілетін қызметтерді берушіні айқындау үшін және лизингтің нысанасын егжей-тегжейлі сипаттау қажеттігі туындағанда;

      3) тапсырыс берушінің қолында бар тауарды жөндеу және (немесе) оған техникалық қызмет көрсету үшін жүзеге асыру;

      4) нарықта ұсынылған және қолжетімді, құны тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір мың еселенген мөлшерінен аспайтын тауарларды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жағдайлары қосылмайды.

      3. Әлеуетті өнім беруші өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге жол берілмейтін, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген мәліметтер қамтылған бір ғана баға ұсынысын ұсынуға құқылы.

      4. Әлеуетті өнім берушінiң баға ұсынысын беруі оның мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жобасында көзделген талаптарды сақтай отырып, тауарды берудi, жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетудi жүзеге асыруға келiсiм бiлдiру нысаны болып табылады.

      5. Баға ұсыныстарын ұсыну мерзімі өткеннен кейін мемлекеттік сатып алу веб-порталы автоматты түрде баға ұсыныстарын салыстыруды және баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысын шығаруды жүргізеді.

      Ең төмен баға ұсынысын ұсынған әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады.

      Егер ең төмен баға ұсынысын бірнеше әлеуетті өнім беруші ұсынған болса, баға ұсынысы басқа әлеуетті өнім берушілердің баға ұсыныстарынан бұрынырақ келіп түскен әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады.

      Екінші орын алған әлеуетті өнім беруші ең төмен баға ұсынысынан кейінгі баға негізінде айқындалады.

      6. Осы Заңның 45-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мен әлеуетті өнім берушінің арасында мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы не мемлекеттік сатып алу веб-порталы қолданылмай өзге де тәсілдермен оның баға ұсынысына қатысты келіссөздер жүргізуге жол берілмейді.

      7. Егер баға ұсыныстарын ұсыну мерзімі ішінде әлеуетті өнім берушінің бір ғана баға ұсынысы ұсынылған болса, мемлекеттік сатып алу веб-порталы мұндай мемлекеттік сатып алуды автоматты түрде өткізілмеді деп таниды және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осы әлеуетті өнім берушіден бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттың бағасы әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысынан аспауға тиіс.

      8. Егер баға ұсыныстарын ұсыну мерзімі ішінде әлеуетті өнім берушілердің бірде-бір баға ұсынысы ұсынылмаса, мемлекеттік сатып алу веб-порталы мұндай мемлекеттік сатып алуды автоматты түрде өткізілмеді деп таниды және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан жүзеге асырады.

      9. Әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысын:

      1) егер ол осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген сомадан асып түскен;

      2) осы Заңның 6-бабы 1-тармағының 1), 3), 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген;

      РҚАО-ның ескертпесі!
      9-тармақтың бірінші бөлігін 3-тармақшамен толықтыру көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Өзге де негіздер бойынша баға ұсыныстарын қабылдамауға жол берілмейді.

      10. Егер осы баптың 9-тармағында көзделген негіздер бойынша баға ұсыныстарын мемлекеттік сатып алудың веб-порталы автоматты түрде қабылдамағаннан кейін әлеуетті өнім берушілердің екеуден аз баға ұсынысы қалған болса, онда мұндай мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылады және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан жүзеге асырады.

      11. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы мемлекеттік сатып алу веб-порталында олар шығарылғаннан кейін автоматты түрде орналастырылады.

      Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

7-тарау. БІР КӨЗДЕН АЛУ, ТАУАР БИРЖАЛАРЫ АРҚЫЛЫ ТӘСІЛДЕРІМЕН
МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ

39-бап. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру негіздері

      1. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.

      2. Өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бiр көзден алу тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алу, егер:

      1) осы Заңда көзделген жағдайларда конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда жүзеге асырылады. Осы ереже конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жарамсыз деп танылған жағдайларға қолданылмайды;

      2) осы Заңда көзделген жағдайларда баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылған немесе мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы қабылдаған, осы Заңның 38-бабының 8 және 10-тармақтарында көзделген шаралар мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасуға алып келмеген жағдайда жүзеге асырылады.

      3. Мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

      1) табиғи монополия салаларына жататын көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ энергиямен жабдықтаудың көрсетілетін қызметтерін сатып алу немесе электр энергиясын кепілдендірген берушімен қоса электр энергиясын сатып алу-сату;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген бағалар, тарифтер бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      3) сатып алынатын тауарларға, көрсетілетін қызметтерге қатысты айрықша құқықтарға ие тұлғадан зияткерлік меншік объектілері болып табылатын тауарларды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ жоба алдындағы немесе жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеген тұлғадан осы жоба алдындағы немесе жобалау-сметалық құжаттаманы түзету жөніндегі жұмыстарды сатып алу;

      4) еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындауы салдарынан, оның ішінде төтенше жағдайлардың салдарларын оқшаулау және (немесе) жою үшiн, электр энергетикасы объектiлерiндегi, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн коммуникациялық жүйелердегi, темiржол, әуе, автомобиль, cу көлiгi объектiлерiндегi, тазарту құрылыстарындағы, мұнай құбыржолдарындағы, газ құбыржолдарындағы аварияларды жою үшiн және жедел медициналық араласу қажеттілігі үшін, сондай-ақ коммуникациялардың, тетiктердiң, агрегаттардың, қосалқы бөлшектердің және материалдардың тасымал жолында дереу қалпына келтiрудi талап ететiн сынуы, iстен шығуы туындаған кезде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi сатып алу;

      5) саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ахуал туындаған жағдайларда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен бөлінген ақша есебінен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      6) нарыққа реттеушілік әсер ету үшін мемлекеттік материалдық резервке тауарлар сатып алу;

      7) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      8) мемлекеттік материалдық резервтің жаңарту тәртібімен шығарылатын материалдық құндылықтарын сатып алу;

      9) жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін, тергеу әрекеттерін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген органдардың, сондай-ақ өздеріне қатысты ұлттық қауіпсіздік органдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындардың және дауыс беретін акцияларының жүз пайызы мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың:

      жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға құпия түрде жәрдем көрсетуге келісім берген адамдар көрсететін қызметтерді;

      қызметтік үй-жайларды, көлік және өзге де техникалық құралдарды, ақпараттық жүйелерді, мүлікті, сондай-ақ оларды ұстау, қызмет көрсету және техникалық қолдау бойынша көрсетілетін қызметтерді;

      астыртын ұйымдар мен объектілерді құру және ұстау үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;

      қажетті ғылыми-техникалық немесе өзге де арнаулы танымдары бар лауазымды адамдар мен мамандар көрсететін қызметтерді сатып алуы;

      9-1) терроризмнің, экстремизмнің алдын алу, жолын кесу және оларға қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны жүзеге асыруға уәкілеттік берілген органдардың сатып алуы;

      10) алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі);

      11) халықаралық рейтингтік агенттіктердің көрсетілетін қызметтерін, қаржылық көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      12) зағип және көзі нашар көретін азаматтар үшін мамандандырылған кiтапханалардың көрсетілетін қызметтерін сатып алу;

      13) алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі);
      14) алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі);

      15) Қазақстан Республикасының сайлау және республикалық референдум туралы заңнамасында көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша сатып алу;

      16) мемлекеттік және ведомстволық наградаларды және олардың құжаттарын, Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының омырауға тағатын белгісін және оның құжатын, мемлекеттік сенім таңбаларын, Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттарын (оның ішінде қызметтік және дипломатиялық), жеке куәліктерін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктерді дайындау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өнім берушілерден арнайы дәрежеде қорғауды талап ететін баспа өнімдерін сатып алу;

      17) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      18) мемлекеттер, мемлекеттердiң үкiметтерi, халықаралық және мемлекеттiк ұйымдар, қызметi қайырымдылық және халықаралық сипаттағы шетелдiк үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдар мен қорлар өтеусiз негiзде Қазақстан Республикасының Үкiметiне беретін грант ақшаларын, сондай-ақ оларды беру туралы келiсiмдерде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi сатып алудың өзге рәсiмдерi көзделген жағдайларда, осы гранттарды қоса қаржыландыруға бөлiнетін ақшаны пайдаланумен байланысты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi сатып алу;

      19) жеке тұлғалар үшін мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына байланысты көрсетілетін қызметтердi сатып алу (егер жеке тұлға білім беру ұйымын өзі таңдаса);

      20) жұмыскерлерді шетелде даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      21) Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелде емдеу бойынша көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ оларды тасымалдау және олармен бірге еріп жүру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      22) адвокаттардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақы төлеуден босатылған адамдарға көрсететін қызметтерін сатып алу;

      23) Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің, олардың атынан әрекет ететін тапсырыс берушілердің оқшауланған бөлімшелерінің шет мемлекеттің аумағында өз қызметін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ бітімгершілік операциялар мақсаттары үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;

      24) өкілдік ету шығыстарына байланысты тауарларды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      25) қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштердегі мерзiмдi баспасөз басылымдарын сатып алу;

      26) халықаралық және (немесе) шетелдік ақпараттық ұйымдардың ақпарат беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерін сатып алу;

      27) мемлекеттік органның:

      дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) бір жүз пайызы мемлекетке тиесілі, тиісті өкілеттіктері Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында белгіленген акционерлік қоғамдардан және шаруашылық серіктестіктерден;

      өзі Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес басқаруды жүзеге асыратын, тиісті өкілеттіктері Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында белгіленген мемлекеттік кәсіпорындардан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;

      28) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдендірілген көлемінде көзделген арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер мен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді бағалау және қажеттілікті айқындау бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      29) қылмыстық-атқару жүйесі (пенитенциарлық) мекемелерінің мемлекеттiк кәсiпорындары өндiретiн, орындайтын, көрсететiн тауарларды, жұмыстарды, қызметтердi сатып алу. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң тiзбесi мен көлемiн, сондай-ақ осындай тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынатын қылмыстық-атқару жүйесі (пенитенциарлық) мекемелері мемлекеттік кәсiпорындарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      Қылмыстық-атқару жүйесі (пенитенциарлық) мекемелерінің мемлекеттiк кәсiпорындарының тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi өндіру үшін шикізатты, материалдар мен жинақтаушы бұйымдарды сатып алуы заңды тұлғалармен жасасқан шарттарда көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылған жағдайда, көрсетілген кәсіпорынның осы шарттар негізінде сотталғандарды жұмысқа орналастыру мақсатында осындай шикізатты, материалдар мен жинақтаушы бұйымдарды сатып алуы;

      Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінің мемлекеттік кәсіпорындарының өткізілетін мемлекеттік сатып алу нысанасы болып табылатын тауарларды өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету бойынша қосалқы мердігерлерді (бірлесіп орындаушыларды) тартуына жол берілмейді;

      30) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік органның тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес өзі басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындардан осындай мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің негізгі нысанасы бойынша сатып алуы;

      31) Қазақстан Республикасы Президентін, өзге де күзетілетін адамдарды және күзетілетін адамдардың болуына арналған объектілерді күзетуді және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету (оның ішінде қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу) үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің бейнеархивін қалыптастыру және ақпараттық қызмет көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      32) Қазақстан Республикасы Президентінің және өзге де күзетілетін адамдардың қызметін қамтамасыз ету үшін, Қазақстан Республикасының Президенті мен өзге де күзетілетін адамдарға қызмет көрсетуге арналған мемлекеттік резиденцияларды, автокөлік құралдары мен әуе кемелерін күтіп-ұстау, оларға қызмет көрсету және олардың жұмыс істеуі үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті мен өзге де күзетілетін адамдардың қатысуымен іс-шаралар өткізу үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      33) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік орган не оның ведомствосы оған қатысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындардың, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;

      34) алып тасталды - ҚР 03.07.2017 № 86-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      35) талқылаулар перспективаларын бағалау, төрелікте, шетелдік төреліктерде, шетелдік мемлекеттік және сот органдарында, сондай-ақ дауларды төрелікте (сотта) реттегенге дейінгі процесте мемлекеттің не тапсырыс берушілердің мүдделерін қорғау және білдіру жөніндегі консультациялық және заңдық көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      36) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тұлғадан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      37) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тұлғадан мүлікті сенімгерлік басқару бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      38) статистикалық байқау деректерін өңдеу бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      39) мынадай:

      Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес сот орындаушылары өткізетін;

      Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес өткізілетін;

      Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес өткізілетін;

      мемлекеттік мүлікті жекешелендіру кезінде сауда-саттықта (аукциондарда) өткізілетін мүлікті (активтерді) сатып алу;

      40) ғарышкерлерді даярлау және ғарышкерлердің ғарышқа ұшуын жүзеге асыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      41) мамандандырылған авиажөндеу кәсіпорындарында авиациялық техниканы жөндеу бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      РҚАО-ның ескертпесі!
      42) жаңа редакцияда көзделген - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі!
      42) тармақшаның осы редакциясы 01.01.2021 дейін қолданылады - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен.

      42) егер біртекті тауарлардың құндық мәндегі жылдық көлемі тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспаса, осындай біртекті тауарларды, егер біртекті жұмыстар мен көрсетілетiн қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі айлық есептік көрсеткіштің бес жүз еселенген мөлшерінен аспаса, ал аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары үшін айлық есептік көрсеткіштің үш мың еселенген мөлшерінен аспаса, осындай жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      43) оқушыларды, студенттерді, аспиранттарды шығармашылық сайыстарға (конкурстарға, олимпиадаларға, фестивальдарға, ойындарға), көрмелерге, конференцияларға, форумдарға, шеберлік сыныптарына, тағылымдамаларға қатысу, оқу-практикалық тапсырмаларды орындау үшін жіберуге байланысты көрсетілетін қызметтерді көрсетілген іс-шаралар өтетін жерге бару және кері қайту жолын, тұрғын үй-жай жалдауды, көліктік қызмет көрсетуді, тамақпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, сатып алу;

      44) мемлекеттік музей, кітапхана, архив қорларын, кино-, фотоқорын және өзге де осыған ұқсас қорларды толықтыруға арналған тарихи, көркемдік немесе өзге де мәдени маңызы бар мәдени құндылықтар болып табылатын тауарларды, оның ішінде музей заттары мен музей коллекцияларын, сондай-ақ көшірмелерін қоса алғанда, сирек кездесетін және құнды басылымдарды, қолжазбаларды, архив құжаттарын сатып алу;

      45) көрмелердің, семинарлардың, конференциялардың, кеңестердің, форумдардың, симпозиумдардың, тренингтердің материалдарын сатып алу, сондай-ақ көрсетілген іс-шараларға қатысқаны үшін ақы төлеу;

      46) мәдениет ұйымының, мәдениет саласындағы білім беру ұйымының, телерадио хабарларын тарату ұйымының өнер туындыларын сахнада көрсетуді, көпшілік алдында орындау мен көрсетуді және мәдени құндылықтарды көрсетуді жүзеге асыру үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;

      47) хайуанаттар паркіне, театрға, кинотеатрға, концертке, циркке, музейге, көрмеге және спорттық іс-шараға баруға тапсырысты орналастыру;

      48) тиісті авторлардың күрделі құрылыс объектілерінің жобалау құжаттамасын әзірлеуді авторлық қадағалау, күрделі құрылыс объектілерінің құрылысын, оларды реконструкциялау мен күрделі жөндеуді авторлық қадағалау бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;

      49) алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі);

      50) егер мемлекеттік сатып алу тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі, бірақ екі айдан аспайтын мерзім ішіндегі қажеттілігін қамтамасыз етуге қажетті осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу көлемінен аспайтын көлемде, уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша жүзеге асырылатын жағдайда, мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға және мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енгенге дейінгі кезеңге күн сайынғы және (немесе) апта сайынғы қажеттілікті осындай мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға қажеттілік болса, жүзеге асырылады.

      Осы тармақша өнім беруші өткен жылы жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттың қолданысын ұзартудан бас тартқан жағдайда, егер мұндай мемлекеттік сатып алу жылдың бірінші айы ішінде жүзеге асырылатын болса немесе тапсырыс беруші ағымдағы қаржы жылы ішінде құрылған (қайта ұйымдастырылған) жағдайда, бірақ екі айдан асырылмай қолданылады;

      51) Қазақстан Республикасының ұлттық және құрама спорт командаларының қатысуы және (немесе) даярлығы үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық және құрама спорт командаларының олимпиадалық, паралимпиадалық, сурдлимпиадалық ойындарға және дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекіткен күнтізбелік жоспар негізінде басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысуы үшін қажетті спорттық мүкәммалды және жабдықтарды (жарақтарды), спорт керек-жарақтарын сатып алу;

      52) ұлттық қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждары үшін, сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін байланыс қызметтерін сатып алу;

      53) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес актімен айқындалған тұрғын емес мақсаттағы үйді, құрылысты, ғимаратты, үй-жайды сатып алу, сондай-ақ тұрғын емес мақсаттағы үйді, құрылысты, ғимаратты, үй-жайды жалдау, тұрғын емес мақсаттағы жалданатын үйді, құрылысты, ғимаратты, үй-жайды техникалық күтіп-ұстау, күзету және оған қызмет көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу, егер тапсырыс берушіге өтеусіз пайдалануға және (немесе) жедел басқаруға берілген, тұрғын емес үй-жайлар орналасқан үйдегі тұрғын емес үй-жайларды пайдаланатын басқа тұлғаға немесе тұлғаларға осындай қызметтер көрсетілетін болса, тапсырыс берушіге өтеусіз пайдалануға және (немесе) жедел басқаруға берілген тұрғын емес бір немесе бірнеше үй-жайды техникалық күтіп-ұстау, күзету және оған қызмет көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      54) техникалық көмекші (орын толтырушы) құралдар (протездік-ортопедиялық құралдардан басқа) мен арнаулы жүріп-тұру құралдарын, мүгедектерге берілетін жеке көмекші мен ымдау тілі маманы көрсететін әлеуметтік қызметтерді, мүгедектерге арналған такси көрсететін қызметтерді, мүгедектерге берілетін санаторийлік-курорттық жолдамаларды сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерінен және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құратын ұйымдардан тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу.

      Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы мемлекеттік сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай нүктесін ұсынатын мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінде:

      1) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 394-бабы бірінші бөлігінің 11) тармақшасында көзделген барлық шартқа;

      2) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктеріне немесе құрылтайшысы Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері болып табылатын ұйымдарға тиесілігіне сәйкестігі тұрғысынан тексеруден өткен, Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктеріне және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдарға жіберіледі;

      55) құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды табуға және зиян келтірмейтін етуге, терроризмге қарсы операцияларды, сондай-ақ кепілге алынған адамдарды босату, қарулы қылмыскерлерді, экстремистерді, террористерді, ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелерін, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарды ұстап алу және зиян келтірмейтін ету жөніндегі арнайы операцияларды жүргізуге байланысты қызметін қамтамасыз етуге қажетті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      56) Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі (тапсырмасы) бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тұлғадан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу.

      Ескерту. 39-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.05.2017 № 60-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен; 03.07.2017 № 86-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен; 28.12.2017 № 128-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.06.2018 № 161-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2018 № 202-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 19.04.2019 № 249-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

40-бап. Өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру

      1. Осы Заңның 39-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда, бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушіге мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік сатып алуға қатысуға шақырту жібереді, онда мынадай мәліметтер:

      1) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атауы және тұрған жері;

      2) сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге ұлттық стандарттар, ал олар болмаған жағдайда, мемлекетаралық стандарттар көрсетіле отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сипатталымы қамтылуға тиіс. Ұлттық және мемлекетаралық стандарттар болмаған кезде, мемлекеттік сатып алуды нормалау ескеріле отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің талап етілетін функционалдық, техникалық, сапалық және пайдаланушылық сипаттамалары көрсетіледі.

      Бұл ретте сатып алынатын тауарлардың сипатталымында өнім берушілерге қойылатын, берілетін тауарлардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық регламенттерде, стандарттар ережелерінде немесе өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келетінін растайтын құжаттарды беру туралы талап қамтылуға тиіс.

      3) өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын тауар саны, орындалатын жұмыстар, көрсетілетін қызметтер көлемі;

      4) тауарды беру, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету орны;

      5) тауарды берудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтер көрсетудің талап етілетін мерзімдері, ұсынылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасына кепілдік беру;

      6) төлем шарттары және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы;

      7) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларда, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу талаптары, нысаны, көлемі және тәсілі;

      8) бір көзден алу тәсілімен өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген сомалар туралы мәліметтер;

      9) осы Заңның 9-бабында көзделген бiлiктiлiк талаптарының тiзбесi, сондай-ақ бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу осы Заңның 39-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы негізінде жүзеге асырылатын жағдайды қоспағанда, қойылатын бiлiктiлiк талаптарына өзінің сәйкестігін растау үшiн әлеуетті өнім беруші ұсынуға тиiс құжаттардың тiзбесi;

      10) бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу осы Заңның 39-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы негізінде жүзеге асырылатын жағдайды қоспағанда, қойылатын бiлiктiлiк талаптарына өзінің сәйкестігін растайтын құжаттарды, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында көзделген ақпаратты әлеуетті өнім беруші ұсынатын орны мен мерзiмi қамтылуға тиiс.

      2. Бір көзден алу тәсілімен өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын тауар беруді, жұмыстар орындауды, қызметтер көрсетуді жүзеге асыруға ниет білдірген әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға белгіленген мерзімде мынадай ақпаратты:

      1) әлеуетті өнім беруші жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерлері (бірлесіп орындаушылары) ретінде тартуды көздейтін тұлғаларды көрсете отырып, әлеуетті өнім беруші ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сипаттамасын;

      2) бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу осы Заңның 39-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы негізінде жүзеге асырылатын жағдайды қоспағанда, әлеуетті өнім берушінiң және ол жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердiң қосалқы мердiгерлерi (бiрлесіп орындаушылары) ретiнде тартуды көздейтiн тұлғалардың бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттарды;

      3) ұсынылатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға негіздемесін ұсынуға тиіс.

      3. Осы Заңның 39-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда, бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы шақырған, өткізілмеді деп танылған конкурсқа (аукционға) қатысушы осы конкурсқа (аукционға) қатысушының біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды сол мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға қайтадан ұсынбауға құқылы.

      4. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу осы Заңның 39-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы негізінде жүзеге асырылатын жағдайды қоспағанда, мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім беруші ұсынған құжаттарды олардың бiлiктiлiк талаптарына, сондай-ақ мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгiленген талаптарға сәйкестiгi тұрғысынан қарайды.

      5. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім беруші сұратылған ақпаратты берген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттаманы жинақтайды және мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырады.

      Әлеуетті өнім берушіге шақырту жіберу, оның қажетті ақпаратты мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы беруі және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттаманы мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастыруы туралы талаптар Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.

      Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

41-бап. Мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру

      1. Мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс беруші өнім берушіні айқындайды және онымен мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасады.

      2. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, мемлекеттік сатып алу веб-порталында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған нысан бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы есепті орналастыруға міндетті.

      Есепте өнім берушіні таңдаудың негіздемелері, мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттың бағалары, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы шарттың өзге де талаптары қамтылуға тиіс.

      3. Мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу осы Заңның 4-бабының 1) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаты сақтала отырып жүзеге асырылады.

      4. Осы баптың 1-тармағының талабы Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға, сондай-ақ осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 17), 18), 20), 21), 23), 26), 31), 32), 35), 40) және 41) тармақшалары негізінде жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.

      5. Осы баптың 2-тармағының талабы өздері туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға, сондай-ақ осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 18), 23), 31), 32) және 35) тармақшалары негізінде жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.

      Ескерту. 41-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

42-бап. Тауар биржалары арқылы тауарларды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру

      1. Тауар биржалары арқылы тауарларды мемлекеттік сатып алу Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес биржалық тауарлар тізбесі бойынша қосарлы қарсы аукцион режимінде жүзеге асырылады.

      2. Егер биржалық тауарлар тізбесіне енгізілген тауарларды мемлекеттік сатып алудың жылдық көлемі биржалық тауарлар тізбесінде көзделген партияның ең төмен мөлшерінен аспаған жағдайда, тапсырыс беруші тауарларды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың өзге тәсілін таңдауға құқылы.

8-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ ТУРАЛЫ ШАРТ

43-бап. Мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасу

      1. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың жобалары уәкілетті орган бекітетін тауарларды мемлекеттік сатып алу, жұмыстарды мемлекеттік сатып алу және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарттарға сәйкес жасалады.

      Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлері бойынша уәкілетті орган мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарттарды бекітуі мүмкін.

      Осы Заңның 39-бабының 3-тармағына сәйкес жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары ескеріле отырып, өзге де нысанда жасалуы мүмкін.

      2. Тапсырыс беруші жеңімпазға мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын:

      1) конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттамаға шағымдану мерзімі өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде;

      2) баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы айқындалған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жібереді;

      Өнім берушіні таңдау рәсімі, оның ішінде мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары шеңберінде өткізілген мемлекеттік сатып алу қорытындысына шағым жасау рәсімі тиісті бюджет (даму жоспары) бекітілгенге дейін аяқталған жағдайларда, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы жеңімпазға тиісті бюджет (даму жоспары) бекітілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жіберіледі.

      3. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын конкурс, аукцион, баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерімен мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы қоса берілген хабарлама мемлекеттік сатып алу веб-порталына келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландыруға тиіс.

      4. Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу жөніндегі талаптар осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 17), 18), 20), 21), 23), 26), 31), 32), 35), 40), 41) тармақшаларында және 50-бабында көзделген жағдайларға қолданылмайды.

      Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды жасасу мерзімі әлеуетті өнім берушіге мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы жіберілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспауы керек.

      5. Егер мемлекеттік сатып алу туралы шартта осы шарт бойынша туындаған немесе туындауы мүмкін дауларды төреліктің қарауына беру көзделсе, оған төрелік келісімнің қорытындысына тиісті саладағы уәкілетті органның (республикалық меншікке қатысты) немесе жергілікті атқарушы органның (коммуналдық мүлікке қатысты) жазбаша келісімі қоса берілуге тиіс.

      6. Қазақстан Республикасының бейрезидентімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу жағдайларында, мемлекеттік сатып алу туралы шартты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, ол ұсынатын нысанда, қағаз жеткізгіште ресімдеуге жол беріледі.

      7. Егер жеңімпаз деп айқындалған әлеуетті өнім беруші осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімдерде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына қол қоймаса не мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізбесе, тапсырыс беруші жеңімпаздың мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде екінші орын алған әлеуетті өнім берушіге электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жібереді.

      Екінші орын алған әлеуетті өнім беруші өзіне мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы ұсынылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыруға тиіс.

      8. Егер екінші орын алған әлеуетті өнім беруші осы баптың 7-тармағында белгіленген мерзімде тапсырыс беруші қол қойған мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қол қоймаса, тапсырыс беруші қайта мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады.

      9. Өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (болған кезде) енгізуге міндетті.

      Бұл ретте тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу мерзімі өткен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өнім берушіге мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы осы шартты бұзу ниеті туралы хабарлама жібереді. Егер өнім беруші мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы хабарлама алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізбесе, тапсырыс беруші осы шартты бұзу туралы хабарлама жібереді.

      Өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (болған кезде) өзімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындайтындығының кепілі ретінде енгізеді.

      10. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету мөлшерін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жалпы сомасының үш пайызы мөлшерінде белгілейді.

      Егер мемлекеттік сатып алу туралы шартта аванс төлеу көзделген болса, өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуге қосымша, авансқа тең мөлшерде авансты қамтамасыз етуді енгізеді.

      Өнім беруші аванстың толық сомасынан не аванстың бір бөлігінен бас тартуға құқылы. Өнім беруші аванстан ішінара бас тартқан жағдайда, аванстың бөлігіне тең мөлшерде авансты қамтамасыз етуді енгізуге міндетті.

      Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелердің орындалуына қарай өнім берушінің жазбаша хабарлауы бойынша аванстың орындалуын қамтамасыз ету мөлшерін мемлекеттік сатып алу туралы шартта көзделген орындалған міндеттемелерге пропорционалды түрде азайтады.

      Осы Заңның 39-бабының 2-тармағы 2) тармақшасының және 3-тармағының негізінде жүзеге асырылған, баға ұсыныстарын сұрату қорытындылары бойынша, тауар биржалары арқылы, бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған жағдайда, тапсырыс беруші авансты қамтамасыз етуді енгізу туралы талап белгілеуге құқылы.

      11. Қолданылу мерзімі бір қаржы жылынан асатын мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған жағдайда, ағымдағы қаржы жылына мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету мөлшері тиісті қаржы жылында көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жылдық сомасы негізге алына отырып есептеледі.

      Өнім беруші мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етудiң мынадай түрлерiнiң бiрiн:

      1) тапсырыс берушінiң банк шотына не мемлекеттiк органдар және мемлекеттiк мекемелер болып табылатын тапсырыс берушілер үшiн Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген шотқа енгiзiлетiн кепiлдiк ақшалай жарнаны;

      2) электрондық құжат нысанында берілетін банк кепілдігін таңдауға құқылы. Осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 17), 18), 20), 21), 23), 26), 31), 32), 35), 40) және 41) тармақшаларында және 50-бабында көзделген жағдайларда банк кепілдігін қағаз жеткізгіште беруге жол беріледі;

      3) уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша бекітетін, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету мақсаттары үшін үлгілік сақтандыру шартына сәйкес жасалатын өнім берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартын таңдауға құқылы.

      Өнім берушінің мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы салдарынан тапсырыс берушіге келтірілген мүліктік зиянды өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүддесі мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету мақсаттары үшін сақтандыру шартының объектісі болып табылады.

      Өнім берушіге тәуелді емес кездейсоқ оқиғалардың салдарынан тапсырыс берушінің мүліктік мүдделеріне келтірілген зиянды өтеу бойынша өнім берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету мақсаттары үшін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы болып танылады.

      Сақтандыру сомасы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету мақсаттары үшін сақтандыру шартында айқындалады және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жалпы сомасының үш пайызынан аз болмайды.

      Өнім берушінің мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша мiндеттемелер толық орындалғанға дейiн енгiзiлген кепiлдiк ақшалай жарнаға тұтастай не оның бір бөлiгiн талап ету құқығы үшiншi тұлғаларда туындауына әкеп соғатын әрекеттер жасауына жол берiлмейдi.

      Өнім беруші енгiзген кепiлдiк ақшалай жарнаны тапсырыс берушінiң осы Заңда көзделмеген мақсаттарға пайдалануына жол берiлмейдi.

      Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу туралы талап осы Заңның 39-бабы 2-тармағы 2) тармақшасының және 3-тармағының негізінде жүзеге асырылған, тауар биржалары арқылы, бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша айқындалған өнім берушілерге, сондай-ақ осы Заңның 51-бабының 6-тармағында көзделген жағдайда, кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын өнім берушілерге қолданылмайды.

      12. Өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін толық және тиісінше орындаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тапсырыс беруші енгізілген шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ демпингке қарсы шаралар қабылданған жағдайда қамтамасыз ету сомасын (ол болған кезде) өнім берушіге қайтарады.

      Өнім берушінің шарттық міндеттемелерді орындамауына байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шарт бұзылған жағдайда, тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес өнім беруші енгізген қамтамасыз ету сомасын (ол болған кезде) өнім берушіге қайтармайды.

      Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес өнім беруші енгізген сома (болған кезде) тиiстi бюджет, мемлекеттiк кәсiпорын, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлға немесе олармен үлестес заңды тұлғалар кірісінің есебіне жатқызылады.

      13. Мемлекеттік сатып алу туралы шартта мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны не тиісінше орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) көзделуге тиіс. Тұрақсыздық айыбының мөлшері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалады.

      14. Мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк мекемелер және жедел басқару құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындар:

      1) жобалау-сметалық құжаттамада оларды келесi (кейiнгi) қаржы жылында (жылдарында) аяқтау мерзiмi көзделген жұмыстарды;

      2) технологиялық мерзiмiнiң, дайындаудың ұзақтығы оларды келесi (кейiнгi) қаржы жылында (жылдарында) беруге негіз болатын активтер мен басқа да тауарларды;

      3) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнің, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жеке құрамын тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтердi сатып алған жағдайда, мемлекеттiк сатып алу туралы шартты бiр қаржы жылынан асатын мерзiмге жасай алады. Мұндай мемлекеттік сатып алу туралы шарттың қолданылу мерзiмi үш жылдан аспауға тиiс;

      4) бiр қаржы жылынан асатын мерзiмге көрсетілетін қызметтердi;

      5) орындаудың ұзақтығына байланысты беру (орындау, көрсету) мерзiмi тиiстi бюджетте белгiленген келесi (кейiнгi) қаржы жылында (жылдарында), даму жоспарында, қаржыландырудың жеке жоспарында белгіленген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi, сондай-ақ облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу және күтiп-ұстау жөнiндегi жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердi сатып алған жағдайда, мемлекеттiк сатып алу туралы шартты бiр қаржы жылынан асатын мерзiмге жасай алады. Мұндай мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың қолданылу мерзiмi үш жылдан аспауға тиiс.

      Мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды үш жылдан астам мерзімге жасасу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      15. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындар, сондай-ақ дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар iс-шараларды орындау үшiн қажеттi тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi мемлекеттiк сатып алу туралы ұзақ мерзiмдi шартты басқару органы немесе аталған тұлғалардың жоғары органы бекiткен даму жоспарында белгiленген келесi (кейiнгi) қаржы жылында (жылдарында) аяқтау мерзiмiмен жасай алады.

      16. Жылдық қаржы есептiлiгiнiң аудитi бойынша көрсетілетін қызметтердi мемлекеттiк сатып алу туралы шарт үш жылдан аспайтын мерзiмге жасалуы мүмкiн.

      17. Алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

      18. Тапсырыс берушінiң үздіксіз қызметiн қамтамасыз ету мақсатында тапсырыс беруші уәкілетті орган бекiткен тiзбе бойынша күн сайынғы немесе апта сайынғы қажеттіліктегі тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың қолданысын конкурс не аукцион тәсілімен мемлекеттiк сатып алу қорытындысы шығарылғанға және мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енгенге дейінгі кезеңге ұзартуға құқылы.

      Бұл ретте мұндай мемлекеттік сатып алу мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі, бірақ екі айдан аспайтын мерзім ішінде тапсырыс берушінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажетті осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi мемлекеттiк сатып алу көлемінен аспайтын көлемде жүзеге асырылады.

      19. Мемлекеттiк сатып алу туралы шарт мынадай фактілердің бірі анықталған:

      1) осы Заңның 6-бабында көзделген шектеулер бұзылған;

      2) мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушіге осы Заңда көзделмеген жәрдем көрсеткен;

      3) алып тасталды - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі);

      4) мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы енгізбеу жолымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған жағдайда, оны кез келген кезеңде бұзу туралы талапты қамтуға тиiс.

      20. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт осы шарт бойынша міндеттемелер орындалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде тауарларды бергені, жұмыстарды орындағаны не қызметтер көрсеткені үшін толық төлем жасау туралы талаптарды қамтуға тиіс.

      21. Мемлекеттік сатып алу туралы шартта Қазақстан Республикасы салық заңнамасының, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасы кеден заңнамасының талаптарына сәйкес қосылған құн салығын және акциздерді төлеу талаптары қамтылуға тиіс.

      22. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша тауарларды берудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтерді көрсетудің ең аз мерзімі тауарды беруге, оның ішінде оны дайындауға (өндіруге), жеткізуге, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге кеткен мерзімнен кем болмауға, бірақ кемінде күнтізбелік он бес күн болуға тиіс.

      23. Тапсырыс беруші мен өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша қабылданған міндеттемелерді толық орындаған жағдайда көрсетілген шарт орындалды деп есептеледі.

      23-1. Жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету үшін қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) берілуі мүмкін жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің шекті көлемдері жиынтығында орындалатын жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер көлемінің екіден бірінен аспауға тиіс.

      Осы тармақтың ережесі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес операторлар болып айқындалған заңды тұлғалармен осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 36) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасу жағдайларына қолданылмайды.

      Бұл ретте қосалқы мердігерлердің (бірлесіп орындаушылардың) өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету көлемдерін өзге қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) беруіне тыйым салынады.

      24. Өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша қабылдаған міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда, тапсырыс беруші тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) өндіріп алуды қамтамасыз етеді.

      Тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) тиiстi бюджет, мемлекеттiк кәсiпорын, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлға немесе олармен үлестес заңды тұлғалар кірісінің есебіне жатқызылады.

      25. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт осы Заңның 16-бабының 6) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган шешім шығарған кезде, оның ішінде уәкілетті органның осындай шешіміне тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы шағым жасаған кезеңде жасала алмайды.

      26. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалғаны туралы құжаттар (тауарды қабылдау-тапсыру актісі, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісі, шот-фактура) электрондық нысанда ресімделеді.

      Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалғаны туралы құжаттарды мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы электрондық нысанда ресімдеу туралы талаптар Қазақстан Республикасының салық заңнамасына қайшы келмейтін бөлікте осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 17), 18), 20), 21), 23), 26), 31), 32), 35), 40) және 41) тармақшаларында және 50-бабында көзделген жағдайларға қолданылмайды.

      Мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындау кезінде тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) атауы, саны, сапасы, техникалық өзіндік ерекшелігі, құны, оларды беру (орындау, көрсету) орны мен мерзімі мемлекеттік сатып алу туралы шарттың мазмұнына сәйкес келуге тиіс.

      Ескерту. 43-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 08.04.2016 № 489-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2017 № 124-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.12.2018 № 202-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

44-бап. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтару

      1. Егер жеңімпаз деп танылған әлеуетті өнім беруші осы Заңда белгіленген мерзімдерде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізбесе, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.

      2. Мемлекеттiк сатып алудың жеңімпазы деп айқындалған әлеуетті өнім берушіні мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп таныған жағдайда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ол енгiзген конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етудi ұстап қалады.

      Ескерту. 44-бап жаңа редакцияда - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

45-бап. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына не мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартқа өзгерістер енгізудің негіздері

      1. Өнiм берушiнi таңдауға негiз болған сапаның және басқа да шарттардың өзгермеуі талабымен мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасына өзгерiстер енгiзуге мынадай өзара байланысты талаптар сақталған кезде:

      1) конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, тараптардың бірі мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына өзгерістер енгізуге бастамашы болса;

      2) мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасының сомасын азайту бөлігінде өзгеріс енгізуге жол беріледі;

      3) мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасының сомасын азайту бөлігінде өзгеріс енгізу туралы шешім тараптардың өзара келісуі бойынша қабылданса;

      4) егер жеңімпаз деп айқындалған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған болса, екінші орын алған әлеуетті өнім берушіге жіберілетін мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалу мерзімін бес жұмыс күніне ұлғайту бөлігінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына өзгеріс енгізуге жол беріледі.

      Осы тармақта көзделген талаптарды сақтамай, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына өзгеріс енгізуге жол берілмейді.

      2. Өнім берушіні таңдауға негіз болған сапаның және басқа да шарттардың өзгермеуі талабымен мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартқа өзгеріс енгізуге:

      1) тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаны және тиiсiнше мемлекеттік сатып алу туралы шарттың сомасын азайту бөлiгiнде тараптардың өзара келiсуі бойынша;

      2) егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізілсе және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен осындай өзгеріс сомасына қосымша ақша бөлу туралы шешім қабылданса, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың сомасын ұлғайту бөлігінде;

      3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартта көрсетілген тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бірлігі үшін бағаның өзгермеуі талабымен осы сатып алынатын тауарлардың, осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген жұмыстарды қоспағанда, жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің көлеміне қажеттіліктің азаюына не ұлғаюына байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шарттың сомасын азайту не ұлғайту бөлігінде жол беріледі. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартты осындай өзгертуге осы мемлекеттік сатып алу бойынша қалыптасқан үнемдеу шегінде жол беріледі;

      4) өнім беруші өзімен жасалған тауарды, жұмысты, көрсетілетін қызметті мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындау процесінде тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бірлігі үшін бағаның өзгермеуі талабымен мемлекеттік сатып алу туралы өзімен жасалған шарттың нысанасы болып табылатын тауарды берудің, жұмысты орындаудың, қызметті көрсетудің неғұрлым үздік сапалық және (немесе) техникалық сипаттамаларын не мерзімдерін және (немесе) талаптарын ұсынған жағдайда;

      5) Қазақстан Республикасының салық, кеден және өзге де заңнамасының өзгеруiнен туындаған, аяқталу мерзiмi келесi (кейiнгi) қаржы жылындағы (жылдарындағы) жұмыстарды орындауға мемлекеттік сатып алу туралы шарттың сомасын азайту немесе ұлғайту бөлiгiнде;

      6) аяқталу мерзiмi келесi (кейiнгi) қаржы жылындағы (жылдарындағы) жұмыстарды орындау жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарттың сомасын азайту бөлiгiнде;

      7) мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарт сомасының өзгермеуі талабымен мемлекеттік бюджет есебінен жылдар бойынша қаржыландыру өзгертілген немесе жұмыстарды орындаудың немесе қызметтерді көрсетудің сметалық құны азайтылған және кейіннен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға тиісті өзгерiстер енгiзілген жағдайда, жұмыстарды мемлекеттік сатып алу немесе көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалу мерзімдерін өзгерту бөлiгiнде;

      8) тапсырыс берушінің және (немесе) өнім берушінің лауазымды адамына қатысты мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуымен байланысты қылмыстық іс қозғалған жағдайда, жұмыстар бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалу мерзімін өзгерту бөлігінде;

      9) егер өнім беруші берілетін тауардың тауар өндірушісі болып табылса, тауарды беру жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалу мерзімін өзгерту бөлігінде жол беріледі. Тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартты осындай өзгертуге ағымдағы қаржы жылы шегінде өнім берушінің хабарламасы бойынша он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге жол беріледі.

      3. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына не мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартқа өткізілетін (өткізілген) мемлекеттік сатып алу талаптарының мазмұнын және (немесе) осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделмеген өзге де негіздер бойынша, өнім берушіні таңдауға негіз болған ұсынысты өзгертетін өзгерістер енгізуге жол берілмейді.

      Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

46-бап. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың күшіне енуі

      1. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт тапсырыс беруші мен өнім беруші оған қол қойғаннан кейін не соңғысы конкурстық құжаттамада (аукциондық құжаттамада) көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді толық енгізгеннен кейін күшіне енеді. Егер мемлекеттік сатып алу туралы шарт тіркелуге жататын болса, онда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелгенінен кейін күшіне енеді.

      2. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тiркелуге жататын мемлекеттiк сатып алу туралы шартты тапсырыс беруші бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органның тиісті аумақтық бөлімшесіне оны жасағаннан кейiн не өнім беруші конкурстық құжаттамада (аукциондық құжаттамада) көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етудi толық енгiзгеннен кейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей ұсынады.

9-тарау. ШАҒЫМ ЖАСАУ

47-бап. Тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасау

      1. Егер тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, әлеуетті өнім беруші олардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасауға құқылы.

      Әлеуетті өнім берушілердің конкурстық құжаттама (аукциондық құжаттама) жобасына осы Заңның 22-бабында айқындалған тәртіппен ескертулер берілмеген конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына, оның ішінде оларда көрсетілген біліктілік талаптарына жасаған шағымдары қаралуға жатпайды.

      2. Конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттама орналастырылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, уәкілетті органға тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған жағдайда, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу мерзімі шағымды қарау мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.

      Конкурсқа (аукционға) және (немесе) осы Заңның 22-бабына сәйкес конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) жобасын алдын ала талқылауға қатыспаған адамдардың шағым жасауы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасау мерзімін тоқтата тұрмайды.

      3. Осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған жағдайда, шағым Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасына сәйкес электрондық мемлекеттік аудит шеңберінде қаралады.

      4. Әлеуетті өнім берушінің шағымы Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жалпыға бірдей қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы берілуі мүмкін.

      5. Мемлекеттік сатып алудың қорытындылары шығарылғанға дейін және (немесе) осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімдерде уәкілетті органға тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған жағдайда, шағым мәлімделген талаптар (дәлелдер) шегінде осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзім өткен күннен бастап он жұмыс күні ішінде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес камералдық бақылау шеңберінде қаралады.

      Уәкілетті орган шағым келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей, тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды тоқтата тұру туралы хабарлама жібереді.

      6. Уәкілетті орган осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімдерде келіп түскен шағымды қарау нәтижелері бойынша осы Заңның 16-бабының 6) тармақшасына сәйкес не шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      7. Әлеуетті өнім беруші уәкілетті органның осы баптың 6-тармағына сәйкес қабылданған шешімімен келіспеген жағдайда, оған жоғары тұрған органға шағым жасауға құқылы.

      8. Уәкілетті органның шағымды қарау нәтижелері бойынша қабылдаған шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.

      9. Осы бапта көзделген, дауларды сотқа дейін реттеу тәртібі міндетті болып табылады.

      Ескерту. 47-бап жаңа редакцияда - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

48-бап. Шағым беру тәртібі

      1. Тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне қатысты уәкілетті органға берілетін шағым мыналарды:

      1) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалатын заңды тұлғаның атауын, тұрған жерін;

      2) шағым берген тұлғаның атауын, тұрған жерін;

      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзушылық солардың шеңберінде жасалған мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтерді;

      4) тапсырыс берушінің, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушының, комиссиялардың, сарапшының, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың шағым жасалған әрекеттерін (әрекетсіздігін), шешімдерін қамтуға тиіс.

      Шағымға шағым берген тұлғаның дәлелдерін растайтын құжаттар қоса берілуі мүмкін.

      2. Шағымға оны берген тұлға немесе оның өкілі қол қояды. Өкілі берген шағымға сенімхат немесе өкілдің өкілеттіктерін куәландыратын өзге де құжат қоса берілуге тиіс.

      3. Егер:

      1) шағым осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;

      2) шағымға қол қойылмаса не қол қоюға өкілеттігі жоқ адам қол қойса, шағым келіп түскен күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде оны берген тұлғаға қаралмай қайтарылады.

      Ескерту. 48-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

10-тарау. АРНАЙЫ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

49-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

50-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі

      1. Осы Заңда көзделген, біліктілік талаптарын белгілейтін, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру рәсімдері мен мерзімдерін регламенттейтін нормаларды қоспағанда, ерекше тәртіп қолданылатын мемлекеттік сатып алу осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Ерекше тәртіп қолданылатын мемлекеттік сатып алу мыналарды:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары туралы заңнамасына сәйкес олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын болса, құқықтық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;

      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары туралы заңнамасына сәйкес олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған жағдайларда жүзеге асырылады.

      3. Ерекше тәртіп қолданылатын мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

51-бап. Әлеуетті өнім берушілердің жекелеген санаттарының мемлекеттік сатып алуға қатысуы

      1. Әлеуетті өнім берушілердің жекелеген санаттарының мемлекеттік сатып алуға қатысуы осы Заңда көзделген жағдайларда айқындалады.

      2. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерін мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде:

      1) мүгедектердің мұқтаждығына арналған тауарларды (тифлотехникалық құралдар, арнаулы жүріп-тұру құралдары, міндетті гигиеналық құралдар) өндіретін және (немесе) беретін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерінен және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардан осындай тауарларды ағымдағы жылы осы тауарларды сатып алу үшін бөлінген жалпы қаражат көлемінің кемінде елу пайызы көлемінде;

      2) тауарлар өндіретін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерінен және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардан осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілмеген өзге де тауарларды ағымдағы жылы осы тауарларды сатып алу үшін бөлінген жалпы қаражат көлемінің кемінде елу пайызы көлемінде;

      3) жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерінен және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардан жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ағымдағы жылы осы жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген жалпы қаражат көлемінің жүз пайызы көлемінде сатып алуды жүзеге асырады.

      3. Тауарларды өндіретін және (немесе) беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерінен және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардан сатып алынатын жекелеген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      Тауарларды өндіретін және (немесе) тауарларды беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдар мемлекеттік сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай нүктесін ұсынатын мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінде:

      1) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 394-бабы бірінші бөлігінің 11) тармақшасында көзделген барлық шартқа;

      2) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктеріне немесе құрылтайшысы Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері болып табылатын ұйымдарға тиесілігіне сәйкестігі тұрғысынан тексеруден өткеннен кейін, осы баптың 2-тармағында көрсетілген мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберіледі.

      Осы тармақтың екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларына сәйкессіздігі анықталған жағдайда, тауарларды өндіретін және (немесе) тауарларды беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдар осы бапта көзделген мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.

      4. Осы баптың 2-тармағында белгіленген ережелерді іске асыру үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осы Заңда көзделген тәсілдермен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады, оған тауарларды өндіретін және (немесе) беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдар жіберіледі.

      Жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардың өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын жұмыстарды орындау бойынша қосалқы мердігерлерді және қызметтер көрсету бойынша бірлесіп орындаушыларды тартуына жол берілмейді.

      Осы баптың 2-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы хабарландыру мәтінінде мемлекеттік сатып алудың тек қана тауарларды өндіретін және (немесе) беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдар арасында жүзеге асырылатынын көрсетеді.

      Тауарларды өндіретін және (немесе) тауарларды беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдар осы бапқа сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуға қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді енгізбейді.

      5. Мемлекеттік сатып алу осы Заңның 29-бабының 1-тармағында, 36-бабының 1-тармағында, 38-бабының 7, 8 және 10-тармақтарында көзделген негіздер бойынша өткізілмеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші осы Заңда белгіленген тәртіппен өзге әлеуетті өнім берушілер арасында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды.

      6. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыста көзделген көрсетілетін қызметтерді, кәсіпкерлік қызмет субъектісі болып табылмайтын жеке тұлғаға жеке меншік құқығымен тиесілі тұрғынжайды мемлекеттік сатып алу мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 51-бап жаңа редакцияда - ҚР 26.12.2018 № 202-VI Заңымен (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

52-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң:

      1) 2016 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілетін 31-бабын;

      2) 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 43-бабының 26-тармағын қоспағанда, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      2. "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 17, 135-құжат; 2008 ж., № 13-14, 58-құжат; № 20, 87-құжат; № 21, 97-құжат; № 24, 128-құжат; 2009 ж., № 2-3, 21-құжат; № 9-10, 47, 49-құжаттар; № 15-16, 74-құжат; № 17, 78, 82-құжаттар; № 24, 129, 133-құжаттар; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28, 29-құжаттар; № 15, 71-құжат; № 17-18, 108-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 2, 26-құжат; № 4, 37-құжат; № 6, 49-құжат; № 11, 102-құжат; № 13, 115-құжат; № 20, 151-құжат; № 21, 161, 171-құжаттар; 2012 ж., № 2, 11-құжат; № 3, 22-құжат; № 6, 43-құжат; № 8, 64-құжат; № 12, 83-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 92, 94-құжаттар; № 15, 97-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 1, 2-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 14, 75-құжат; № 15, 76-құжат; 2014 ж., № 1, 4, 6, 9-құжаттар; № 4-5, 24-құжат; № 10, 52-құжат; № 14, 84, 86-құжаттар; № 16, 90-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 23, 138, 143-құжаттар; 2015 жылғы 30 қазанда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 28 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2015 жылғы 17 қарашада "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н. Назарбаев