Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шартты ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 25 қазандағы № 47-V Заңы.

Қолданыстағы

      2011 жылғы 19 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шарт ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. НАЗАРБАЕВ


Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша
қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде
қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға
(жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға
қарсы iс-қимыл туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразия Экономикалық қоғамдастығының (ЕурАзЭҚ) шеңберінде Кеден одағына мүше мемлекеттер,

      2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және Кеден одағын қалыптастыру туралы шартты, 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартты негізге ала отырып,

      2007 жылғы 5 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шартын назарға ала отырып,

      ұйымдасқан қылмысқа, сыбайлас жемқорлықпен, терроризмге, өзге ауыр және аса ауыр қылмыстарға қарсы күрес заманауи және тиімді нысандарды, әдістер мен құралдарды пайдалануды талап ететіндігін назарға ала отырып,

      Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) халықаралық стандарттарын мойындай отырып,

      халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидаттары мен нормаларын негізге ала отырып,

      Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және (немесе) терроризмдi қаржыландыру үшін пайдалану мүмкіндігіне кедергі жасау мақсатында,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Осы Шарттың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақша құралдары – жол жүру чектері, вексельдер, чектер (банктік чектер), сондай-ақ эмитенттің (борышкердің) ақша қаражатын төлеу жөніндегі міндеттемесін куәландыратын, онда осындай төлем жүзеге асырылатын адам көрсетілмеген құжаттық нысандағы бағалы қағаздар;

      2) қылмыстық жолмен алынған кірістер – осы Шартта көзделген қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылдайтын Тараптың заңнамасына сәйкес осылай деп танылатын қылмыстарды жасау нәтижесінде алынған ақша қаражаты немесе өзге мүлік;

      3) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) – қылмыстық жолмен алынған кірістерді иеленуге, пайдалануға немесе билік етуге құқықтық сипат беру жөніндегі іс-әрекеттер;

      4) айналыстағы және айналыстан алынғандарын не алынатындарын, бірақ айналыста жүрген ақша белгілеріне айырбасталуға жататындарын қоса алғанда, Кеден одағына мүше мемлекеттерде немесе мемлекеттерде (шет мемлекеттер тобында) заңды төлем құралы болып табылатын, бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда, банкноттар мен қазынашылық билеттері, монеталар түріндегі ақша белгілері;

      5) қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұру – құқық қорғау органдары және (немесе) уәкілетті органдар берген ақпарат негізінде қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын иелену, пайдалану және оған билік ету құқықтарын уақытша шектеу бойынша кеден органдары қабылдайтын осындай қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын шығару не алу (тыйым салу) туралы шешім қабылдау алдындағы іс-әрекеттер;

      6) уәкілетті орган – Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың ықтимал жағдайларына қатысты ақпаратты жинақтауды, талдауды және оны құқық қорғау және (немесе) кеден органдарына беруді жүзеге асыруға уәкілетті осы Тараптың органы;

      7) терроризмді қаржыландыру – террористік сипаттағы қылмыстардың кемінде біреуін ұйымдастыруды, дайындауды немесе жасауды қаржыландыруға не осындай қылмыстардың кемінде біреуін жасау үшін құрылған немесе құрылатын ұйымдасқан топты, заңсыз қаруланған құрылымды, қылмыстық қоғамдастықты (қылмыстық ұйымды) қамтамасыз етуге арналғандығын сезіне отырып, қаражатты беру немесе жинақтау не қаржылық қызметтер көрсету.

2-бап

      Тараптардың кеден органдары Тараптардың құқық қорғау және уәкілетті органдарымен өзара іс-қимыл жасауда осы Шартқа, 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартқа, 2010 жылғы 5 шілдедегі Жеке тұлғалардың Кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шартқа сәйкес Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдайды.

      Тараптардың кеден органдары Кеден одағының кеден заңнамасына және кеден органдары осындай бақылауды жүзеге асыратын Тараптың заңнамасына сәйкес кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді пайдалана отырып, қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) ақша құралдарының өткізілуін бақылауды жүзеге асырады.

      Тараптардың кеден органдары, егер Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізетін адам "Қолма-қол ақша және (немесе) ақша құралдарының декларациясы" жолаушы кедендік декларациясының қосымша формулярында немесе тауарларға декларацияда Кеден одағының кеден заңнамасына сәйкес көрсетілуі міндетті болып табылатын мәліметтерді көрсетпеген жағдайда, кедендік декларацияны қабылдаудан (тіркеуден) бас тартады.

      Жетіспейтін мәліметтерді көрсетуден адам бас тартқан жағдайда қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуге жол берілмейді.

3-бап

      Тараптың кеден органы осы Шарттың 2-бабында көрсетілген мақсаттарда өзіне осы Тараптың құқық қорғау органдары және (немесе) уәкілетті органы берген ақпарат негізінде қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұрады және тиісті ақпарат берген органды бұл туралы дереу хабардар етеді.

      Тараптың кеден органы оның негізінде қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) ақша құралдарын өткізілуін тоқтата тұратын ақпарат қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізетін адамды сәйкестендіру үшін қажет мынадай:

      - жеке тұлғалар үшін: тегі, аты және (егер заңнан немесе ұлттық дәстүрден өзгеше туындамаса) әкесінің аты, туған күні және жері, азаматтығы;

      - заңды тұлғалар үшін: ұйымның атауы, ұйымдастыру-құқықтық нысаны, орналасқан жерінің мекенжайы туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.

      Бар болса мынадай мәліметтер:

      - жеке басты куәландыратын құжаттың түрі мен деректемелері: құжаттың сериясы мен нөмірі, құжаттың берілген күні (жеке тұлғалар үшін);

      - салықтарды, алымдарды (баждарды) төлеушінің сәйкестендіру (есепке алу) нөмірі немесе тіркеу елінде берілген осыған ұқсас нөмір (заңды тұлғалар үшін);

      - кету/келу елін, көлік құралының немесе рейстің күнін, түрі мен нөмірін қоса алғанда бағыт туралы мәліметтер;

      - уәкілетті органның және (немесе) құқық қорғау органдарының қолындағы, олардың пікірі бойынша қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізетін адамды сәйкестендіруді жеңілдетуі мүмкін өзге мәліметтер қосымша көрсетіледі.

      Қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұруға негіз болған, кеден органына берілген ақпараттың дұрыстығы мен негізділігі үшін осы ақпаратты берген орган жауапты болады.

      Қажет болған кезде қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) ақша құралдарының өткізілуі тоқтатыла тұру қажет адамды сәйкестендіру мақсатында Тараптың кеден органдары осы Тараптың заңнамасына сәйкес аталған Тараптың өзге мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасайды.

4-бап

      Тараптың уәкілетті органы осы Тараптың кеден органынан қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұру туралы ақпаратты алған күннен кейін үш жұмыс күні ішінде:

      өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын қайтару туралы;

      осы Шартқа және осы Тараптың заңнамасына сәйкес шешім қабылдау үшін қажет өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) ақша құралдарының қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастырумен (жылыстатумен) және (немесе) терроризмдi қаржыландырумен ықтимал байланыс туралы материалдар мен ақпаратты осы Тараптың құқық қорғау органдарына жіберу туралы шешімдердің біреуін қабылдайды.

      Қабылданған шешім туралы уәкілетті орган бірден тиісті кеден органын дереу хабардар етеді.

      Кеден органынан немесе уәкілетті органнан қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұру туралы ақпаратты алған құқық қорғау органы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұру күнінен кейін 30 күнтізбелік күн ішінде мынадай:

      өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын қайтару туралы шешім;

      өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын алу (тыйым салу) туралы процессуалдық шешімнің біреуін қабылдайды.

      Қабылданған шешім туралы құқық қорғау органы тиісті кеден органын дереу хабардар етеді.

      Өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын алып қою (тыйым салу) туралы процессуалдық шешім қабылдаған жағдайда құқық қорғау органы осындай шешім қабылданған күнінен кейін бір жұмыс күнінің ішінде өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізген адамды жазбаша түрде бұл туралы хабардар етеді.

      Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұру мерзімі қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұру күнінен кейін күнтізбелік 30 күннен аспауға тиіс.

      Тараптың кеден органдарының, құқық қорғау органдарының, уәкілетті органының және өзге мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасау тәртібі осы Тараптың заңнамасында айқындалады.

5-бап

      Қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұру кезінде Тараптың кеден органы Кеден одағы Комиссиясының Шешімімен бекітілген нысан бойынша екі данада акт жасайды, оның біреуі қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуші адамға беріледі, екіншісі кеден органында қалады.

      Кеден органдары өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын сақтауды кеден органдары қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұрған Тараптың заңнамасында белгіленген тәртіпте жүзеге асырады.

      Уәкілетті органның немесе құқық қорғау органының өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын қайтару туралы шешімін алған кезде кеден органы өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізген адамды бір тәулік ішінде жазбаша түрде тапсыру туралы хабарламасы бар тапсырысты почта жөнелтілімі арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын қайтару туралы хабардар етеді.

      Осы Шарттың 4-бабында белгіленген шекті мерзім ішінде кеден органына уәкілетті органның немесе құқық қорғау органының осы Шарттың 4-бабында көзделген қайсыбір шешімі түспеген кезде кеден органы өткізілуі тоқтатыла тұрған ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын қайтару туралы бір тәулік ішінде шешім қабылдайды және өткізілуі тоқтатылған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізген адамды жазбаша түрде тапсыру туралы хабарламасы бар тапсырысты почта жөнелтілімі арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын қайтару туралы хабардар етеді.

      Почта жөнелтілімінде өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) ақша құралдарын алуға болатын орын, оларды сақтау мерзімі және алмаудың салдары көрсетіледі.

      Өткізілуі тоқтатыла тұрған қайтарылуға тиіс қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын сақтаудың шекті мерзімі тапсыру туралы хабарламада көрсетілген почта жөнелтілімін берген күннен бастап не кеден органы почта жөнелтілімін тапсыру мүмкін еместігі туралы хабарлама алған күнінен бастап төрт айды құрайды.

      Қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын сақтау және қайтару жөніндегі шығыстарды кеден органы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұрған Тарап көтереді.

      Егер өткізілуі тоқтатыла тұрған қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын адам немесе оның уәкілетті өкілі осы бапта белгіленген мерзімде талап етпесе, олар кеден органы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын тоқтата тұрған Тараптың заңнамасына сәйкес мемлекеттің меншігіне айналуға тиіс.

      Мемлекеттің меншігіне айналдырылған қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) ақша құралдары кеден органы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұрған Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес сот тәртібінде мүдделі адамға қайтарылуы мүмкін.

      Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұру жөніндегі заңды іс-әрекеттер осындай тоқтата тұру салдарынан туындайтын шығын, оның ішінде жіберіп алған пайда үшін Тараптардың кеден органдарының, құқық қорғау органдарының және (немесе) уәкілетті органдарының азаматтық-құқықтық немесе өзге жауапкершілігінің туындауы үшін негіз болып табылмайды.

6-бап

      Тараптар "Қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) ақша құралдарының декларациясы" жолаушы кедендік декларациясының қосымша формулярында жазылған, сондай-ақ нысанасы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және (немесе) терроризмді қаржыландыруға байланысты қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) ақша құралдары болып табылатын қылмыстық істер жөніндегі мәліметтер жинақтауды және олардың негізінде дерекқор қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

      Тараптар жекелеген халықаралық шарттарға сәйкес Тараптардың уәкілетті органдары, құқық қорғау органдары және кеден органдары арасында осы бапта көрсетілген дерекқорда қамтылатын ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

7-бап

      Тараптар осы Шартты іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады.

      Осы Шарт шеңберінде Тараптардың құқық қорғау органдары, уәкілетті органдары және (немесе) кеден органдары арасында өзара іс-қимыл жасау және ақпарат алмасу жекелеген халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

8-бап

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар Тараптар арасында консультациялар және келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.

      Егер дауласушы Тараптардың бірі екінші дауласушы Тарапқа жіберген консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш алынған күнінен бастап алты ай ішінде дауласушы Тараптар дауды консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы реттелмесе, дауласушы Тараптардың кез келгені оны Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға бере алады.

      Кеден одағының Комиссиясы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына берілгенге дейін дауды реттеуде Тараптарға жәрдем көрсетеді.

9-бап

      Осы Шартқа ескертулер жасауға жол берілмейді.

10-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Шартқа өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады.

11-бап

      Осы Шарт ратификациялануға тиіс және депозитарий осы Шарт күшіне енуі үшін қажет мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.

      2011 жылғы 19 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір данада жасалды.

      Осы Шарттың түпнұсқа данасы Кеден одағының Комиссиясында сақталады, ол осы Шарттың депозитарийі болып табылады және әр Тарапқа оның расталған көшірмесін жібереді.

Беларусь

Қазақстан

Ресей

Республикасы

Республикасы

Федерациясы

үшін

үшін

үшін


      Осымен берілген мәтін Мәскеу қаласында 2011 жылғы 19 желтоқсанда қол қойылған Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы шарттың толық және дәлме-дәл мәтіні болып табылатынын куәландырамын:

      Беларусь Республикасы үшін - Беларусь Республикасының Президенті А.Г. Лукошенко

      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев

      Ресей Федерациясы үшін - Ресей Федерациясының Президенті Д.А. Медведев

Кеден одағы Комиссиясы


Хатшылығының Құқықтық


департаменті директоры

М.И. Халимов


      2011 жылғы 19 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шарттың қазақ тіліне аудармасы дұрыс екендігін растаймын.

Қазақстан Республикасы


Қаржы министрлігі Мемлекеттік


тілді дамыту және редакциялау


Басқармасының бастығы

Б.Ахметжанова