Жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шартты ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 17 қаңтардағы № 389-IV Заңы. Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 115-VI Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық Одақтың Кеден кодексі туралы шарттың күшіне енуіне байланысты қолданысын тоқтатты (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз)

      Ескерту. ҚР 13.12.2017 № 115-VI Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық Одақтың Кеден кодексі туралы шарттың күшіне енуіне байланысты қолданысын тоқтатты (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз).
      2010 жылғы 5 шілдеде Астанада жасалған Жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шарт ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының
 
Президенті
Н. Назарбаев

     

Жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы
қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын
өткізу тәртібі туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде кеден одағына мүше мемлекеттер,
      2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шарттың және 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының кеден кодексі туралы шарттың ережелерін негізге ала отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      1. Осы Шарт жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібін айқындайды.
      2. Жеке тұлғалардың қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын кеден одағының кеден шекарасы арқылы өткізуіне байланысты туындайтын осы Шартпен реттелмеген қатынастар кеден одағының өзге де халықаралық шарттарымен, ал олар болмаған жағдайда Тараптардың заңнамасымен реттеледі.
      3. Осы Шарттың ережелері жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы заңды төлем құралы болып табылатын бағалы металдардан жасалған монеталарды өткізуге байланысты туындайтын қатынастарды реттемейді.

2-бап

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін мынадай терминдер мен олардың анықтамалары пайдаланылады:
      "қолма-қол ақша қаражаты" - айналыстағы және айналыстан алынғандарын не алынатындарын, бірақ айналыста жүрген ақша белгілеріне айырбасталуға жататындарын қоса алғанда, кеден одағына мүше мемлекеттерде немесе шет мемлекеттерде (шет мемлекеттер тобында) заңды төлем құралы болып табылатын бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда, банкноттар және қазынашылық билеттері, монеталар түріндегі ақша белгілері;
      "ақша құралдары" - жол чектері, вексельдер, чектер (банктік чектер), сондай-ақ эмитенттің (борышкердің) ақша қаражатын төлеу жөніндегі міндеттемесін куәландыратын, мұндай төлем жүзеге асырылатын тұлға көрсетілмеген құжаттандырылған нысандағы бағалы қағаздар.
      2. Осы Шартта пайдаланылатын өзге де ұғымдар кеден одағының кеден заңнамасында белгіленген мәндерде, ал кеден одағының кеден заңнамасында белгіленбеген жағдайларда Тараптардың заңнамасымен қолданылады.

3-бап

      1. Жеке тұлғаның кеден одағының кеден аумағына қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін әкелуі мынадай тәртіппен шектеусіз жүзеге асырылады:
      баламасы 10 мың АҚШ долларына тең не одан аспайтын жалпы сомадағы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін біржолғы әкелген кезде көрсетілген ақша қаражаты және (немесе) жол чектері жазбаша нысанда кедендік декларациялануға жатпайды;
      баламасы 10 мың АҚШ долларынан асатын жалпы сомадағы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін біржолғы әкелген кезде көрсетілген ақша қаражаты және (немесе) жол чектері әкелінетін қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) жол чектерінің барлық сомасына жолаушының кедендік декларациясын беру арқылы жазбаша нысанда кедендік декларациялануға жатады.
      2. Жеке тұлғаның баламасы 10 мың АҚШ долларына тең не одан аспайтын жалпы сомадағы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін біржолғы әкелуі жеке тұлғаның қалауы бойынша жазбаша нысанда декларациялануы мүмкін.
      3. Жеке тұлғаның, жол чектерін қоспағанда, ақша құралдарын әкелуі жолаушының кедендік декларациясын беру арқылы жазбаша нысанда кедендік декларацияланған жағдайда жүзеге асырылады.

4-бап

      1. Жеке тұлғаның кеден одағының кеден аумағынан қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін әкетуі мынадай тәртіппен шектеусіз жүзеге асырылады:
      баламасы 10 мың АҚШ долларына тең не одан аспайтын жалпы сомадағы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін біржолғы әкеткен кезде көрсетілген ақша қаражаты және (немесе) жол чектері жазбаша нысанда кедендік декларациялануға жатпайды;
      баламасы 10 мың АҚШ долларынан асатын жалпы сомадағы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін біржолғы әкеткен кезде көрсетілген ақша қаражаты және (немесе) жол чектері әкетілетін қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) жол чектерінің барлық сомасына жолаушының кедендік декларациясын беру арқылы жазбаша нысанда кедендік декларациялануға жатады.
      2. Жеке тұлғаның баламасы 10 мың АҚШ долларына тең не одан аспайтын жалпы сомадағы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін біржолғы әкетуі жеке тұлғаның қалауы бойынша жазбаша нысанда декларациялануы мүмкін.
      3. Жеке тұлғаның, жол чектерін қоспағанда, ақша құралдарын әкетуі жолаушының кедендік декларациясын беру арқылы жазбаша нысанда кедендік декларацияланған жағдайда жүзеге асырылады.

5-бап

      1. Жеке тұлға кеден одағының кеден аумағына қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін әкелген немесе осы аумақтан әкеткен жағдайларда АҚШ долларына қайта есептеу осындай қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) жол чектері мемлекеттік шекарасы арқылы өткізілетін сол Тараптың заңнамасына сәйкес кеден органына жолаушының кедендік декларациясы берілген күні белгіленген бағам бойынша жүзеге асырылады.
      2. Жол чектерін қоспағанда, ақша құралдарын кедендік декларациялау кезінде жолаушының кедендік декларациясында номиналды құны не кеден одағына мүше мемлекеттің валютасында немесе ақша құралы алу құқығын куәландыратын шетел валютасында тиісті сомасы көрсетіледі. Номиналды құны болмаған және кеден одағына мүше мемлекеттің валютасында немесе ақша құралы алу құқығын куәландыратын шетел валютасында соманы айқындау мүмкін болмаған жағдайда жолаушының кедендік декларациясында өткізілетін ақша құралдарының саны көрсетіледі.

6-бап

      Жеке тұлғалардың кеден одағының кеден шекарасы арқылы жазбаша нысанда міндетті түрде декларациялануға жататын қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізуі кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында жолаушының кедендік декларациясында мынадай мәліметтер қосымша көрсетілуі тиіс:
      1) жеке тұлғаның туған күні мен туған жері шетел азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында болу (тұру) құқығын растайтын құжаттың деректемелері, тұрғылықты (тіркелген) жерінің немесе кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында болу орнының мекенжайы;
      2) жол чектерін қоспағанда, ақша құралдары туралы мәліметтер (ақша құралының түрі, эмитенттің атауы, шығарылған күні және болған жағдайда сәйкестендіру нөмірі);
      3) қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) ақша құралдарының көзі, олардың иелері (декларанттың меншігі болып табылмайтын қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізген жағдайларда), сондай-ақ болжамды пайдаланылуы туралы мәліметтер;
      4) қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын тасымалдаудың бағыты және тәсілі туралы (көліктің түрі туралы) мәліметтер.

7-бап

      1. Осы Шарттың ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
      2. Егер дауды Тараптар консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы бір Тараптың екінші Тарапқа жіберген ресми жазбаша өтінішін алған күннен бастап алты ай ішінде реттемесе, онда кез келген Тарап осы дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға жібере алады.
      3. Кеден одағының комиссиясы дауды реттеуде Тараптарға оны Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына бергенге дейін жәрдем көрсетеді.

8-бап

      Осы Шартқа ескертпелерге жол берілмейді.

9-бап

      Осы Шартқа Тараптардың уағдаластықтары бойынша осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Шарт қол қойылған күнінен бастап, бірақ 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының кеден кодексі туралы шарт күшіне енген күннен бұрын емес уақытша қолданылады және ратификациялануға жатады.
      Осы Шарт депозитарийдің осы Шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар бойынша алған күнінен бастап, бірақ 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының кеден кодексі туралы шарт күшіне енген күннен бұрын емес күшіне енеді.
      2010 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Шарттың түпнұсқа данасы осы Шарттың депозитарийі болып табылатын және әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Кеден одағының комиссиясында сақталады.
      Беларусь Республикасы Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясы

үшін
үшін
үшін

     
      2010 жылғы 5 шілдеде Астана қаласында қол қойылған Жеке тұлғалардың нақты ақшалай қаражатты және (немесе) ақшалай құралдарды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу тәртібі туралы шартының куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

Қазақстан Республикасы
 
Сыртқы істер министрлігі
 
Халықаралық құқық департаментінің
 
Басқарма бастығы
Б. Пискорский