Кеден одағының сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 11 маусымдағы № 17-V Заңы

Қолданыстағы

      2011 жылғы 22 маусымда Мәскеуде жасалған Кеден одағының сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыру туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                        Н. НАЗАРБАЕВ

Кеден одағының сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыру туралы
КЕЛІСІМ

       Бұдан әрі Тараптар деп аталатын ЕурАзЭҚ шеңберіндегі Кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері
      1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты, 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының Комиссиясы туралы шартты, Кеден одағы Комиссиясының 2009 жылғы 25 қыркүйектегі № 94 және 2009 жылғы 21 қазандағы № 106 шешімдерін негізге ала отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында тауарлар мен автомобильдік көлік құралдарының орын ауыстыруын оңайлату, Кеден одағының бірыңғай кеден аумағы арқылы халықаралық автомобильдік тасымалдардың жүзеге асырылуына Кеден одағының сыртқы шекарасында бақылау жүргізуде бірыңғай тәсілдерді ұйымдастыру мақсатында төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
      «көліктік (автомобильдік) бақылау» - халықаралық автомобильдік тасымалдардың жүзеге асырылуын бақылау;
      «көліктік (автомобильдік) бақылау органдары» - Тарап мемлекетінің аумағында көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыруға Тарап мемлекеті өкілеттік берген құзыретті органдар;
      «бақылау пункті» - Тарап мемлекеті заңнамасының талаптарына сәйкес жабдықталған стационарлық немесе жылжымалы пункт (бекет), сондай-ақ көліктік (автомобильдік) бақылау жүзеге асырылатын мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті;
      «тасымалдаушы» - меншік құқығында немесе өзге заңды негізде көлік құралын пайдаланатын заңды немесе жеке тұлға;
      «көлік құралы»:
      жүктерді тасымалдау кезінде - жүк автомобилі, тіркемесі бар жүк автомобилі, автомобильдік (ершікті) тартқыш немесе жартылай тіркемесі бар автомобильдік (ершікті) тартқыш, шасси;
      жолаушыларды тасымалдау кезінде - автобус, яғни жүргізушінің орнын қоса алғанда, тоғыздан астам отыратын орны бар, жолаушылар мен багажды тасымалдауға арналған, оның ішінде багажды тасымалдауға арналған тіркемесі бар автомобильдік көлік құралы;
      «көлік құралының салмақтық және габариттік параметрлері» - жүгі бар немесе жүксіз көлік құралы массасының, білігіне түсетін жүктеменің және габариттерінің (ені, биіктігі және ұзындығы бойынша) мәндері;
      «Кеден одағының сыртқы шекарасы» - Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумақтары мен Кеден одағына мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумақтарын бөлетін Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағының шектері.
      Осы Келісімде арнайы айқындалмаған терминдер Тараптар мемлекеттерінің басқа халықаралық, оның ішінде Кеден одағы шеңберінде жасалған шарттарда белгіленген мағынада пайдаланылады.

2-бап

      Осы Келісім кез келген Тарап мемлекетінің аумағына кіретін (шығатын, транзитпен жүріп өтетін) көлік құралдарын Кеден одағының сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды көліктік (автомобильдік) бақылау органдарының жүзеге асыруына бірыңғай тәсілдерді айқындайды.

3-бап

      Бір Тарап мемлекетіне басқа Тарап мемлекетінің аумағы арқылы жүріп өтетін көлік құралдары аумағы арқылы көрсетілген көлік құралдары жүріп өтетін Тарап мемлекетінің заңнамасына және осы Келісімнің 4-6-баптарына сәйкес Кеден одағының сыртқы шекарасында орналастырылған бақылау пункттерінде көліктік (автомобильдік) бақылаудан өтеді.
      Көлік құралдарын, көліктік (автомобильдік) бақылау мақсаты үшін қажетті құжаттарды тексеру және оның нәтижелерін ресімдеу Кеден одағының сыртқы шекарасында олар аумағын кесіп өтетін Тарап мемлекетінің заңнамасына және осы Келісімге сәйкес жүргізіледі.
      Көліктік (автомобильдік) бақылау органдары көліктік (автомобильдік) бақылау нәтижелері бойынша өздері ресімдеген құжаттарды өзара мойындайды.

4-бап

      Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына (бұдан әрі - Кеден одағының аумағы) мемлекеттік шекарасы арқылы кіру жүзеге асырылатын Тарап мемлекетінің көліктік (автомобильдік) бақылау органы бақылау пункттерінде көрсетілген мемлекеттің заңнамасында көзделген көліктік бақылау бойынша іс-қимылдардан басқа мыналарды:
      1) көлік құралының салмақтық және габариттік параметрлерінің аумағы арқылы жүріп өту жүзеге асырылатын басқа Тарап мемлекеттерінің заңнамасында белгіленгенге ұқсас нормаларға, сондай-ақ басқа Тарап мемлекеттерінің аумақтары арқылы ірі габаритті және (немесе) ауыр салмақты жүкті тасымалдауға не ірі габаритті және (немесе) ауыр салмақты көлік құралының жүріп өтуіне арнайы рұқсаттарда көрсетілген деректерге сәйкестігін тексеруді;
      2) тасымалдаушыда жүріп өту жүзеге асырылатын басқа Тарап мемлекеттерінің аумақтары арқылы жүріп өтуге арналған рұқсаттардың болуын, олардың орындалатын тасымалдау түріне сәйкестігін және көлік құралы сипаттамаларының осындай рұқсаттарда көзделген талаптарға сәйкестігін тексеруді;
      3) тасымалдаушыда тасымалдау немесе жүріп өту жүзеге асырылатын басқа Тарап мемлекеттерінің аумақтары арқылы ірі габаритті және (немесе) ауыр салмақты жүктерді тасымалдауға, ірі габаритті және (немесе) ауыр салмақты көлік құралының жүріп өтуіне арнайы рұқсаттардың, сондай-ақ қауіпті жүктерді тасымалдауға арнайы рұқсаттардың болуын тексеруді;
      4) тасымалдаушыда тасымалдау жүзеге асырылатын басқа Тарап мемлекеттерінің аумағында үшінші елдерге (үшінші елдерден) тасымалдауға арналған рұқсаттардың (арнайы рұқсаттардың) болуын тексеруді;
      5) басқа Тарап мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес тасымалдауды жүзеге асыруға Тараптардың басқа мемлекеттерінің аумақтары арқылы жүріп өтуге арналған рұқсатсыз жол берілген жағдайда, сондай-ақ тасымалдау көп жақты рұқсатқа сәйкес жүзеге асырылған жағдайда, тасымалдаушыға көліктік (автомобильдік) бақылау органдарымен келісілген нысан бойынша есепке алу талонын беруді жүзеге асырады.

5-бап

      Көліктік (автомобильдік) бақылау органдары көлік құралының Кеден одағының сыртқы шекарасы арқылы шығуы кезінде бақылау пункттерінде осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген іс-қимылдардан басқа мыналарды:
      1) егер Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес аумақтары арқылы жүріп өту жүзеге асырылған Тараптар мемлекеттерінің автомобиль жолдары арқылы көлік құралының жүріп өтуіне алымды төлеу міндетті болса, тасымалдаушыда осындай алымдарды төлеу туралы түбіртектің болуын;
      2) тасымалдаушыда (жүргізушіде) Тарап мемлекетінің аумағында халықаралық автомобильдік тасымалдарды орындау тәртібін бұзғаны үшін айыппұл төлегенін растайтын түбіртектің немесе бір Тарап мемлекетінің аумағы арқылы жүріп өтуге арналған рұқсатта немесе есепке алу талонында көліктік (автомобильдік) бақылау органдарының тасымалдаушыға (жүргізушіге) осындай айыппұл салынғаны туралы белгісі болған жағдайда тасымалдаушыға (жүргізушіге) тиісті әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыға шағымды қанағаттандыру туралы сот органдары шешімінің болуын;
      3) Тараптар мемлекеттері тасымалдаушыларының көлік құралдарының халықаралық автомобильдік тасымалдарға рұқсатының болуын;
      4) басқа Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органынан осы Келісімнің 6-бабында көрсетілген хабарламаны алған жағдайда, тасымалдаушыда қажетті құжаттардың болуын тексеруді жүзеге асырады.

6-бап

      Осы Келісімнің 4-бабында көзделген бақылау іс-қимылдары барысында көлік құралының бақыланбалы параметрлерінің сәйкессіздігі, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген құжаттардың болмауы немесе сәйкессіздігі анықталған кезде бір Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органы жүргізушіге Тараптардың көліктік (автомобильдік) бақылау органдарымен келісілген нысан бойынша мынадай:
      анықталған сәйкессіздіктер туралы;
      басқа Тарап мемлекетінің аумағына келгенге дейін жеткіліксіз құжаттарды алу қажеттігі туралы;
      көлік құралының жүру бағытын ескере отырып, тасымалдаушы көлік құралының бақыланбалы параметрлерінің сәйкессіздігін жойғаны жөніндегі дәлелдемесін және (немесе) хабарламада көрсетілген құжаттарды ұсынуға тиіс басқа Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органының ең жақын бақылау пункті туралы ақпаратты қамтитын хабарламаны береді.
      Хабарламаны беру туралы ақпарат басқа Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органына жіберіледі және сәйкессіздікті анықтаған көліктік (автомобильдік) бақылау органының ақпараттық дерекқорына енгізіледі.
      Егер бір Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органы осы бапқа сәйкес тасымалдаушыға хабарлама берсе, басқа Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органы бақылау пунктінде осы хабарламаның орындалуын тексеруді жүзеге асыруға және негіздер болған жағдайда тасымалдаушыға (жүргізушіге) осы басқа Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес шаралар қолдануға құқылы.
      Тасымалдаушы осы Келісімнің 4 және 5-баптарында көзделген құжаттарды ұсынғанға дейін көлік құралын Кеден одағының аумағынан шығару жүзеге асырылмайды.
      Бір Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органы басқа Тарап мемлекетінің аумағынан келе жатқан көлік құралының Кеден одағының сыртқы шекарасы арқылы шығуы кезінде көлік құралының бақыланбалы параметрлерінің сәйкессіздігін анықтау, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген құжаттардың болмауы немесе сәйкессіздігі туралы басқа Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органына хабарлайды.

7-бап

      Тараптар өзара негізде Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын, Кеден одағының сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асырудың әдістері мен технологияларын үйлестіру жөніндегі шараларды мынадай:
      1) халықаралық көлік дәліздерінің құрамына кіретін жалпыға ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары арқылы қозғалыс кезінде көлік құралдарының салмақтық параметрлеріне қойылатын талаптар;
      2) басқа Тарап мемлекетінің жалпыға ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары арқылы көлік құралдарының жүріп өткені үшін алымдар төлеудің толықтығын бақылау жүйесін құру;
      3) үшінші елдердің тасымалдаушыларымен даулы жағдайлар туындаған жағдайда оларды реттеу жөніндегі тетікті әзірлеу;
      4) Кеден одағының аумағы арқылы халықаралық автомобильдік тасымалдың шарттарын орындау бойынша белгіленген талаптар бұзылған жағдайда көлік құралдарын кері қайтару (ұстау) тетігін әзірлеу бөлігінде қабылдайды.

8-бап

      Рұқсаттар (арнайы рұқсаттар), егер:
      1) олар көрсетілген рұқсаттарды құзыретті органдары берген Тарап мемлекетінің заңнамасын бұзумен ресімделсе немесе пайдаланылса;
      2) көлік құралының арнайы рұқсатта көрсетілген салмақтық және (немесе) габариттік параметрлері көлік құралының салмағын және габариттерін өлшеу нәтижелеріне сәйкес келмесе;
      3) көлік құралының сипаттамалары көлік құралының Тараптар мемлекеттерінің аумағы арқылы жүріп өтуге арналған рұқсатта көзделген сипаттамаларына сәйкес келмесе, жарамсыз болып табылады.
      Бақылау іс-қимылдары барысында көлік құралы параметрлерінің (сипаттамаларының) рұқсатта көрсетілген параметрлерге (сипаттамаларға) сәйкессіздігі анықталған жағдайда бір Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органының басқа Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органынан рұқсаттың жарамдылығын растауды жедел тәртіпте сұратуға құқығы бар.

9-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында көліктік (автомобильдік) бақылау органдары:
      1) жекелеген хаттамалар жасасады, басқа Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органдарына өз мемлекеттерінің көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыруға қойылатын талаптарды регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерінің ережелерін жеткізеді, бір-біріне көрсетілген актілерге енгізілетін кез келген өзгерістер туралы хабарлайды, сондай-ақ осы Келісімді іске асыру үшін қажетті құжаттардың үлгілерімен алмасады;
      2) көліктік (автомобильдік) бақылау нәтижесінде алынған ақпаратпен өзара және ұдайы алмасып отырады. Ақпарат алмасудың нысанын, құрамын және тәртібін Тараптар мемлекеттерінің көліктік (автомобильдік) бақылау органдары айқындайды;
      3) бір Тарап мемлекетінің аумағы арқылы басқа Тарап мемлекетінің аумағына транзитпен жүретін көлік құралдары туралы дерекқорды жүргізуді ұйымдастырады және осы дерекқордағы ақпаратпен өзара алмасып отырады.
      Көліктік (автомобильдік) бақылау нәтижесінде алынған ақпаратпен алмасу электрондық түрде жүзеге асырылады.
      Тараптар мемлекеттерінің көліктік (автомобильдік) бақылау органдары көліктік (автомобильдік) бақылау нәтижесінде алынған тауарлар тасымалдайтын халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары туралы өзге ақпаратты бере алады.

10-бап

      Көліктік (автомобильдік) бақылау нәтижелерін және көлік құралдарын ресімдеу мен есепке алу мақсатында көліктік (автомобильдік) бақылау органдары осы Келісімнің 4-6-баптарына сәйкес жүзеге асырылатын көліктік (автомобильдік) бақылау бойынша қосымша іс-қимылдар нәтижелері туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық ресурстарды пайдаланады, сондай-ақ осы ақпараттық ресурстардың өзара пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

11-бап

      Тараптар осы Келісімге сәйкес Кеден одағының сыртқы шекарасындағы көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыру тәртібінің өзгеруі туралы шет мемлекеттердің құзыретті органдарына белгіленген тәртіппен хабарлайды.

12-бап

      Осы Келісімнің ережелерін орындау үшін Тараптар отырыстары қажеттілігіне қарай өткізілетін бірлескен комиссия құрады.

13-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар және (немесе) келіссөздер арқылы шешіледі.
      Егер Тараптар дауды бір Тараптың басқа Тарапқа консультациялар және (немесе) келіссөздер өткізу туралы ресми жазбаша өтініш жіберген күнінен бастап алты ай ішінде сол арқылы реттемесе, онда кез келген Тарап осы дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының қарауына бере алады.

14-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

15-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

16-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті барлық мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
      Кез келген Тарап осы Келісімнің қолданылуын оны тоқтату болжалған күнге дейін 60 (алпыс) күннен кешіктірмей, ол туралы депозитарийге дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жібере отырып, тоқтата алады.
      2011 жылғы 22 маусымда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы оның депозитарийі болып табылатын және осы Келісімнің расталған көшірмесін әрбір Тарапқа жолдайтын Кеден одағының Комиссиясында сақталады.

      Беларусь            Қазақстан            Ресей
  Республикасының     Республикасының     Федерациясының
   Үкіметі үшін         Үкіметі үшін       Үкіметі үшін

      Осы арқылы бұл мәтіннің 2011 жылғы 22 маусымда Мәскеу қаласында:
      Беларусь Республикасы үшін - Беларусь Республикасы Премьер-министрінің орынбасары С.Н. Румас;
      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ө.Е. Шөкеев;
      Ресей Федерациясы үшін - Ресей Федерациясының Көлік министрі И.Е. Левитин қол қойған Кеден одағының сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыру туралы келісімнің толық және тең түпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.
      Түпнұсқа данасы Кеден одағының Комиссиясында сақталады.

      Кеден одағының
      Комиссиясы Хатшылығының
      Құқықтық департаменті
      директорының орынбасары                          М.И. Халимов

      Осымен Кеден одағының сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыру туралы Келісімнің мәтіні орыс тілінде қол қойылған Келісімнің мәтініне сәйкес.

      Құжаттамалық қамтамасыз ету
      және мемлекеттік тілді
      дамыту департаментінің
      Мемлекеттік тілді дамыту
      басқармасының бастығы                                С. Досаров