Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Француз Республикасы Қарулы Күштерінің Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылдарға қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 480-IV Заңы

Қолданыстағы

      2009 жылғы 6 қазанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Француз Республикасы Қарулы Күштерінің Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылдарға қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. НАЗАРБАЕВ

Француз тілінен аударма

      Француз Республикасының
      Сыртқы және еуропалық
      істер министрлігі

      № 613

      Француз Республикасының Сыртқы және еуропалық істер министрлігі Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігіне өзінің ілтипатын білдіреді және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің 2010 жылғы 10 қыркүйектегі № 09-1/5229 және № 09-1/5247 вербалдық ноталарға жауап ретінде 2009 жылғы 6 қазанда Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі күш-жігерлерге Француз Республикасы Қарулы Күштерінің қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімнің қазақ тіліндегі бастапқы нұсқасын түзетулер енгізілген нұсқасымен ауыстыруға француз тарапы қарсылық білдірмейтінін хабарлауды өзіне мәртебе санайды.
      Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Француз Республикасының Сыртқы және еуропалық істер министрлігі Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігіне өзінің зор ілтипатын қайталай қуаттайды.

Париж, 2010 жылғы 16 қыркүйек

      Қазақстан Республикасының
      Француз Республикасындағы Елшілігі
      Пьер Шарон көшесі 59 үй
      75008 Париж қаласы

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының
Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру
мен қалпына келтіру жөніндегі күш-жігерлерге Француз
Республикасы Қарулы Күштерінің қатысуына байланысты Қазақстан
Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың
транзитін қамтамасыз ету туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі «қазақстан Тарапы» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен бұдан әрі «француз Тарапы» деп аталатын Француз Республикасының Үкіметі, бұдан әрі бірлесе «Тараптар» деп аталатындар,
      1995 жылғы 19 маусымда Брюссельде қол қойылған Солтүстік Атлантикалық Шартқа қатысушы мемлекеттер мен Қарулы Күштер туралы өз мәртебелеріне қатысты «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасына қатысушы басқа да мемлекеттер арасындағы келісімді және оған қосымша хаттаманы (бұдан әрі - SOFA PfP келісімі) назарға ала отырып,
      1992 жылғы 23 қыркүйекте Парижде қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының арасындағы Достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы шартты ескере отырып,
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстан туралы 1368 (2001), 1373 (2001), 1386 (2001), 1444 (2002), 1510 (2003), 1536 (2004), 1589 (2005), 1623 (2005) және 1707 (2006) қарарларының қағидаларын назарға ала отырып,
      Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге жәрдем ету қажеттігін пайымдай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Келісімнің мақсатына сай:
      а) «әскери мүлік» - 1990 жылғы 19 қарашадағы Еуропадағы Әдеттегі қарулы күштер туралы шартта бекітілген шектеулерді ескере отырып, қарудың, әскери техниканың барлық түрлері мен басқа да мүлік;
      b) «персонал» - Француз Республикасының әскери және азаматтық  қызметшілері;
      с) «транзит» - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұсынылатын бағыттар бойынша темір жол/әуе көліктерінің түрлерімен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өту/қонбай ұшып өту;
      d) «мемлекеттік әуе кемесі» - 1944 жылғы 7 желтоқсандағы Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 3-бабының b) тармақшасының қолданысына жататын Француз Республикасының кез-келген әуе кемесі.
      2. Осы Келісім Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Француз Республикасының әскери мүліктері мен персоналының транзитін жүзеге асыру тәртібін белгілейді.

2-бап

      1. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы мемлекеттік әуе кемелерінің транзиттік ұшулары Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі беретін арнайы рұқсат негізінде жүзеге асырылады.
      Қазақстан Тарапы осы Келісімнің 1-бабының 2-тармағында көрсетілген мақсаттарда транзиттік ұшуларға арналған жыл сайын жаңартылатын арнайы рұқсаттың бірыңғай жылдық нөмірін белгілейді.
      Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануға арнайы рұқсатты алу үшін француз Тарапы дипломатиялық арналар арқылы Қазақстан Тарапына кемінде бір ай бұрын тиісті сұрату жібереді.
      2. Қазақстан Тарапы ұсынған әуе дәліздері бойынша мемлекеттік әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануы туралы француз Тарапы жоспарланған ұшудан кемінде 12 сағат бұрын Қазақстан Республикасының Әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығына (AFTN - UAAKZDZK, UAAAZDZW) мынадай ұшу деректерін:
      - арнайы рұқсаттың бірыңғай жылдық нөмірі;
      - мемлекеттік әуе кемесінің түрі, тіркеу нөмірі мен радиошақыруы;
      - мемлекеттік әуе кемесінің ұшып шығу және қону пунктері;
      - тасымалдау туралы жалпы мәліметтер (адамдар, жүк);
      - Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшу бағытындағы авиажелілерін, кіру/шығу нүктелерін міндетті түрде көрсете отырып, қозғалыстың күні, толық бағыты және кестесі;
      - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажет болған жағдайда өзге де мәліметтер көрсетілген ұшу жоспарын жіберу арқылы хабарлама береді.
      3. Қазақстан Республикасының әуе жолдары бойынша мемлекеттік әуе кемелерінің ұшуы қолданыстағы халықаралық ұшу ережелеріне сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
      4. Қазақстан Тарапы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аэронавигациялық алымды төлете отырып, мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсетулерді ұсынады.
      5. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшатын мемлекеттік әуе кемелері:
      - аэронавигациялық қызмет көрсететін қызметпен екі жақты радио байланысты қамтамасыз ететін радио байланыс аппаратурасымен;
      - халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) белгілеген тәртіпке сәйкес тиісті режимде жұмыс істейтін радиолокациялық қабылдаушы жауап берушімен (транспондер) жабдықталуы тиіс.
      6. Мемлекеттік әуе кемелері экипаждарының диспетчерлермен сөйлесулері радиобайланыс фразеологиясының тек белгіленген тәртібі бойынша ағылшын тілінде жүргізіледі.
      7. Француз Республикасының мемлекеттік әуе кемелері, апат жағдайындағы қонуды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына жанармай құю үшін, экипаждардың демалысы және басқа да мақсаттармен техникалық қону жасай алмайды.

3-бап

      1. Әскери мүліктің темір жол көлігімен транзиті Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі уәкілетті органы беретін  рұқсат негізінде және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек осы Келісімнің мақсаттарында ғана жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының аумағына әскери мүліктің және персоналдың кіруіне немесе келуіне қатысты теміржол транзитіне рұқсат алу үшін француз Тарапы қазақстан Тарапына дипломатиялық арналар арқылы кемінде 30 тәулік бұрын Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес тиісті сұрату жібереді. Өтініш орыс және француз тілдерінде ресімделеді.
      3. Транзитке рұқсатты беру Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі уәкілетті органына аталған сұратудың келіп түскен күнінен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады.

4-бап

      1. Егер әскери мүлік пен персоналды тасымалдау осы Келісімнің мақсаттарына және шарттарына сай келмейтіні немесе Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретіні анықталса, қазақстан Тарапы транзитке рұқсат бермеуге немесе берілген рұқсаттың күшін жоюға құқығы бар.
      2. Осы Келісімнің қолданысы тоқтаған жағдайда рұқсаттың күші жойылады.
      3. Транзитке берілген рұқсаттың күші жойылған жағдайда, әскери мүлік пен персоналдың Қазақстан Республикасының аумағынан қайтарылуын француз Тарапы өз есебінен қамтамасыз етеді.

5-бап

      1. Осы Келісімді жүзеге асыру мақсаттарында француз Тарапы персоналының Қазақстан Республикасының аумағындағы мәртебесі SOFA PfP келісімінде анықталған.
      2. Персонал Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға және оның ішкі істеріне араласпауға міндетті.
      3. Темір жол құрамы мен әскери мүліктің техникалық тексерілуін, сондай-ақ темір жол құрамында болуы персоналдың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндірген жағдайларды қоспағанда, транзит бағыты бойынша персонал Қазақстан Республикасының құзыретті органдарының келісімінсіз темір жол құрамын тастап кете алмайды.
      4. Әуе кемесінің бортында болуы персоналдың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндірген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына қонған жағдайда әуе кемесінің бортындағы персонал әуе кемесінің қонған жерін Қазақстан Республикасының құзыретті органдарының келісімінсіз тастап кете алмайды.

6-бап

      1. Әскери мүлік пен персонал осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын транзит кезінде шекаралық, кедендік бақылауға және қажет болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бақылаудың басқа да түрлеріне жатады.
      2. Өткізу пунктінде шекаралық және кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде әскери мүлік пен персоналды тексеру, сондай-ақ шекаралық және кедендік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті қосымша құжаттар мен мәліметтерді талап ету және тексеру Қазақстан Республикасының шекаралық және кедендік органдарының көрсетілген мүлік транзитке рұқсат берілген мүлік емес деуге айтарлықтай негізі болған ерекше жағдайларда ғана жүргізіледі.
      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы транзит кезінде әскери мүлік пен персонал кедендік баждардан, төлемдерден және салықтардан босатылады.
      Мұндай кедендік баждардан, төлемдерден және салықтардан босатылуы үшін француз Тарапы Тараптар арасында келісілген кедендік құжаттарды, сонымен қатар құзыретті тұлғаның қолы қойылған Тараптар бекіткен нысандағы тиісті анықтаманы қазақстан Тарапының кедендік органдарына ұсынуы тиіс. Қазақстан Тарапының құзырлы органдары кедендік құжаттарға қол қоюға құзыретті тұлғалардың аты-жөндерінің, сондай-ақ олардың қоятын қолдары мен мөрлері үлгілерінің алдын ала тапсырылуын талап ете алады.

7-бап

      Темір жол көлігімен тасымалдау кезінде қауіпті жүк болып табылатын оқ-дәрілердің тасымалдау орамасы 1951 жылғы 1 қарашадағы Халықаралық темір жол жүк қатынасы туралы келісімге (ХТЖҚК) 2-қосымшаның Қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерінің талаптарына сәйкес болуы тиіс.

8-бап

      Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес Француз Республикасының әскери мүлкі мен персоналының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитіне байланысты шығыстарды француз Тарапы өзіне алады.

9-бап

      1. Осы Келісімнің жүзеге асырылуы үшін қажет құпия ақпаратпен алмасу 2008 жылғы 8 ақпанда Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісім ережелерінің негізінде іске асырылады.
      2. Бір Тараптың транзитке байланысты алатын ақпараты осы ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімінсіз ешбір жағдайларда үшінші тарапқа берілмейді.

10-бап

      1. 1951 жылғы 19 маусымда Лондонда қол қойылған Солтүстік Атлант Шартының тараптары болып табылатын мемлекеттер арасындағы олардың күштерінің мәртебесі туралы келісімнің (бұдан әрі - SOFA NATO келісімі) VIII-бабына, оның негізінде SOFA PfP келісімі жасасылған, сәйкес Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің іске асырылуы үшін жүзеге асырылатын қызметке байланысты оның персоналы мен мүлкіне келтірілген залал үшін басқа Тарапқа өтемақы төлеу бойынша кез-келген талаптардан бас тартады.
      2. Қазақстан Республикасының аумағында үшінші тұлғаларға француз Тарапы келтірген залал SOFA NATO келісімінің VIII-бабы 5-тармағының ережелеріне сәйкес өтеледі.

11-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктер дипломатиялық арналар бойынша консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

12-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейінгі бірінші күннен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және өзінің қолданысын Тараптардың бірі осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын алған күнінен 6 ай өткен соң тоқтатады.
      3. Тараптардың өзара жазбаша келісімімен осы баптың 1-тармағында қарастырылған тәртіпте күшіне енетін, жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын толықтырулар мен өзгертулердің осы Келісімге кез-келген уақытта енгізілуі мүмкін.
      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісімді іске асырумен байланысты туындаған қаржылық және талап арыз міндеттемелерінің күшін жоймайды.

      Астана қаласында 2009 жылғы 6 қазанда екі данада, әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының       Француз Республикасының
            Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

      2009 жылғы 6 қазанда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі күш-жігерлерге Француз Республикасы Қарулы Күштерінің қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский

      Осымен 2009 жылғы 6 қазанда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Француз Республикасы Қарулы Күштерінің Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылдарға қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскері мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын Қазақстан Республикасы, СІМ-нің 2010 жылғы 10 қыркүйектегі № 09-1/5229 және Француз Республикасының Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің 2010 жылғы 16 қыркүйектегі № 613/EUC-EAC ноталарының куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                               Б.Пискорский

      РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің мәтіні француз тілінде берілген.