Тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден шығарылғанын айқындау ережесі туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 9 сәуірдегі № 270-IV Заңы

Қолданыстағы

      2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден шығарылғанын айқындау ережесі туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н.Назарбаев

Тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден шығарылғанын
айқындау ережесі туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
      2008 жылғы 25 қаңтардағы Тауарлардың шығарылған елін айқындаудың бірыңғай ережесі туралы келісімнің 1-бабын іске асыру мақсатында,
      өзара пайда және халықаралық құқық негізінде сауданы дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға ниеттене отырып,
      көп жақты сауда жүйесін нығайтуға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар мемлекеттерінің бірыңғай кеден аумағында дамушы және аз дамыған елдерден шығарылған тауарларға қатысты осы Келісімнің ажырамас бөлігін құрайтын қосымшаға сәйкес Тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден шығарылғанын айқындау ережесі қолданылады.

2-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда мұндай дауларды кез келген мүдделі Тарап Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына береді.

3-бап

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге Тараптардың жекелеген хаттамаларымен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

4-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
      2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі болып табыла отырып, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Беларусь                Қазақстан                 Ресей
  Республикасының         Республикасының           Федерациясының
    Үкіметі үшін            Үкіметі үшін             Үкіметі үшін

2008 жылғы 12 желтоқсандағы   
Тауарлардың дамушы және аз   
дамыған елдерден шығарылғанын 
айқындау ережесі туралы келісімге
қосымша            

Тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден
шығарылғанын айқындау ережесі

      Осы Ереже дамушы және аз дамыған елдерден шығарылған тауарларға қатысты қолданылады.
      Дамушы және аз дамыған елдердің тізбелері Тараптар арасындағы жеке келісіммен белгіленген.

I. Тауарлардың тарифтік преференция режимі қолданылатын
дамушы және аз дамыған елдерден шығарылуы

      Тауар мына жағдайларда:
      1) ол осы елде толығымен өндірілген болса;
      2) мұндай тауарлар осы елде жеткілікті өңдеуге немесе қайта өңдеуге ұшыраған жағдайда, басқа елден шығарылған шикізат материалдары, жартылай фабрикаттар немесе дайын бұйымдар немесе шығу тегі белгісіз тауарлар пайдаланыла отырып, осы елде өндірілген болса, ол тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған елден шығарылған болып есептеледі.

II. Толығымен тарифтік преференция режимі қолданылатын
дамушы немесе аз дамыған елде шығарылған тауарлар

      Мына тауарлар толығымен тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған елде шығарылған болып есептеледі:
      1) елдің жер қойнауынан, оның аумақтық теңізінде (суларында) немесе осы теңіздің түбінен өндіріп алынған пайдалы қазбалар;
      2) осы елде өсірілген немесе жиналған өсімдік тектес өнім;
      3) осы елде туған және өсірілген тірі жануарлар;
      4) осы елде өсірілген жануарлардан осы елде алынған өнім;
      5) осы елде аңшылық және балық аулау кәсіпшілігі нәтижесінде алынған өнім;
      6) осы елдің кемесімен алынған теңізде балық аулау кәсіпшілігінің өнімі мен теңіз кәсіпшілігінің басқа да өнімі;
      7) осы елдің қайта өңдеуші кемесінің бортында осы тармақтың 6) тармақшасында көрсетілген өнімнен ғана алынған өнім;
      8) осы елдің сол теңіз түбінің немесе сол теңіз қойнауының ресурстарын игеруге арналған айрықша құқығы болған жағдайда, осы елдің аумақтық теңізінен (суларынан) тыс жерлердегі теңіз түбінен немесе теңіз қойнауынан алынған өнім;
      9) осы елде өндірістік немесе қайта өңдеу жөніндегі өзге де операциялар нәтижесінде алынған қалдықтар мен сынықтар (қайталама шикізат), сондай-ақ осы елде жиналған және шикізатқа қайта өңдеу үшін ғана жарамды, пайдалануда болған бұйымдар;
      10) егер осы ел тиісті ғарыш объектісі тіркелген мемлекет болса, ғарыш объектілерінде ашық ғарышта алынған жоғары технологиялар өнімі;
      11) осы елде осы тармақтың 1)-10) тармақшаларында көрсетілген өнімнен ғана дайындалған тауарлар.

III. Тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы
немесе аз дамыған елде жеткілікті өңдеуге немесе қайта
өңдеуге ұшыраған тауарлар

      1. Егер:
      1) тауар тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған елде өңдеуге немесе қайта өңдеуге ұшыраған және осы процесте пайдаланылған, тарифтік преференция режимі қолданылмайтын басқа елдерден шығарылған тауарлардың (шикізат материалдарының, жартылай фабрикаттардың және дайын бұйымдардың) құны немесе шығу тегі белгісіз тауарлардың құны тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған ел экспорттайтын тауар құнының 50 %-інен аспаса;
      2) тауар тарифтік преференция режимі қолданылатын бірнеше дамушы немесе аз дамыған елде өңдеуге немесе қайта өңдеуге ұшыраған және бұл ретте тарифтік преференция режимі қолданылмайтын басқа елдерден шығарылған, пайдаланылған тауарлардың немесе шығу тегі белгісіз тауарлардың құны тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған елдердің бірі экспорттайтын тауар құнының 50 %-інен аспаса;
      3) тауар тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған елдердің бірінде өндірілсе және тарифтік преференция режимі қолданылатын, бір немесе бірнеше басқа дамушы немесе аз дамыған елдерде өңдеуге немесе қайта өңдеуге ұшыраса, тауар тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған елде жеткілікті өңдеуге немесе қайта өңдеуге ұшыраған болып есептеледі.
      2. Осы бөлімнің 1-тармағының «1» және «2» тармақшаларында көзделген тарифтік преференция режимі қолданылмайтын елден шығарылған тауар құны тауарды экспорттайтын өндіруші елде белгіленген осы тауардың кедендік құнының негізінде айқындалады.
      Осы бөлімнің 1-тармағының «1» және «2» тармақшаларында көзделген, шығу тегі белгісіз тауардың қүны экспортталатын тауарды өндірген дамушы немесе аз дамыған елдің аумағында осы тауар үшін төленген баға мөлшерінде қабылданады.
      Тараптар мемлекеттерінің бірыңғай кеден аумағынан тарифтік преференция режимі қолданылатын елге әкетілген және сол жерде Тараптар мемлекеттерінің бірыңғай кеден аумағына экспорттауға жататын тауарларды өндіру үшін пайдаланылған тауарлар (шикізат материалдары, жартылай фабрикаттар және дайын бұйымдар) аталған дамушы немесе аз дамыған экспорттаушы елде өндірілген тауарлар ретінде қаралады.
      Тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған ел экспорттайтын тауар құны Тараптардың мемлекеттері кедендік мақсаттар үшін қолданатын «Инкотермс» сауда терминдерін түсіндірудің халықаралық ережесіне сәйкес тауар өндірушінің франко-зауыт бағасының базасында айқындалады.

IV. Тауардың негізгі сипаттамаларына немесе қасиеттеріне әсер
етпейтін немесе шамалы дәрежеде әсер ететін операциялар

      Мыналар жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдеріне жауап бермейді:
      1) тауарды сақтау немесе тасымалдау кезінде оның сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі операциялар;
      2) тауарды сатуға және тасымалдауға дайындау (лекті бөлу, жөнелтімдерді қалыптастыру, сұрыптау, қайта орау), сондай-ақ орамды бөлшектеу және құрастыру жөніндегі операциялар;
      3) қарапайым құрастыру операциялары және тауарды бөлшектеу жөніндегі операциялар, сондай-ақ жүзеге асырылуы 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шартқа сәйкес құрылған Кеден одағының комиссиясы айқындайтын тізбе бойынша тауардың жай-күйін айтарлықтай өзгертпейтін өзге де операциялар;
      4) алынған өнімнің бастапқы құрамдастардан айтарлықтай ерекшеленуіне әкеп соқпайтын тауарларды (құрамдауыштарды) араластыру;
      5) мал сою және етті бөлу (сұрыптау);
      6) жуу, тазарту, шаңды сүрту, тотық, май немесе басқа да заттарды жағу;
      7) тоқыманы (талшықтар мен иірілген жіптің кез келген түрі, талшықтар мен иірілген жіптің кез келген түрінен алынған мата материалдары) үтіктеу немесе тығыздау;
      8) сырлау немесе жылтырату жөніндегі операциялар;
      9) бидайды және күріштің қабығын аршу, ішінара немесе толық ағарту, тегістеу және жылтырату;
      10) қантты бояу және кесек қант жасау жөніндегі операциялар;
      11) жемістердің, көкөністердің және жаңғақтардың қабығын аршу, тұқымын алу және бөлу;
      12) қайрау, қарапайым тарту немесе қарапайым кесу;
      13) елеуіш немесе елек арқылы өткізу, сұрыптау, жіктеу, іріктеу және таңдау (оның ішінде бұйымдар жиынтықтарын жасау);
      14) банкілерге, сауыттарға, қапшықтарға, жәшіктерге, қораптарға құю, салу және буып-түю жөніндегі басқа да қарапайым операциялар;
      15) алынған құрамдауыштардың бастапқы тауардан айтарлықтай ерекшеленуіне әкеп соқпайтын тауарларды құрамдауыштарға бөлу;
      16) көрсетілген операциялардың екеуінің немесе одан да көбінің комбинациясы.

V. Тауарлардың шығу тегінің ерекше жағдайлары

      Егер мұндай құрылғылар, керек-жарақтар, қосалқы бөлшектер мен құралдар техникалық құжаттарға сәйкес әдетте, осындай құрылғылармен бірге жеткізілетін, жиынтықта және мөлшерде көрсетілген машиналармен, жабдықтармен, аппараттармен немесе көлік құралдарымен бірге әкелінсе және пайдаланылса, машиналармен, жабдықтармен, аппараттармен немесе көлік құралдарымен бірге пайдалануға арналған құрылғылар, керек-жарақтар, қосалқы бөлшектер мен құралдар, машиналар, жабдықтар, аппараттар немесе көлік құралдары сияқты тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған елде шығарылған болып есептеледі.
      Орам Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасын ескере отырып, тауардан бөлек декларациялауға жататын жағдайларды қоспағанда, тауар әкелінетін орам тауардың өзі шығарылған, тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған елде шығарылған болып есептеледі. Мұндай жағдайда орамның шығарылған елі тауардың шығарылған елінен бөлек айқындалады.
      Егер тауар әкелінетін орам, тауардың өзі шығарылған, тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған елде шығарылған болып есептелсе, онда тауардың шығарылған елін айқындау үшін бөлшек саудада өткізілетін тауар орамы ғана ескеріледі.
      Шығарылған елін айқындау кезінде өндірістік немесе көліктік жағдайларына байланысты оларды бір лек етіп тиеу мүмкіндігінің болмауы салдарынан бірнеше лекпен жеткізілетін, бөлшектелген немесе құрастырылмаған түрдегі тауарлар, сондай-ақ лек қателік нәтижесінде бірнеше лекке бөлінген тауарлар декларанттың қалауы бойынша біртұтас тауар ретінде қаралады.
      Мұндай ереже мына шарттар бір уақытта орындалған кезде қолданылады:
      әкелуші елдің кеден органына Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес тауарлар кодын, әр лекке енген тауарлар құнын және шығарылған елін көрсете отырып, әр лектің ерекшелігімен қоса, бірнеше лекпен жеткізілетін бөлшектелген немесе құрастырылмаған түрдегі тауарлар немесе мұндай бөлшектеу себептерін көрсете отырып, тауарларды бірнеше лекке бөлшектеу туралы алдын ала хабарлау не тауарларды бірнеше лекке бөлшектеудің қате екенін құжаттамалық растау;
      тауарлардың барлық легін тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған бір елден бір жеткізушінің жеткізуі;
      тауарлардың барлық легін бір кеден органында декларациялау;
      тауарлардың барлық легін бір келісім-шарт шеңберінде жеткізу;
      тауарлардың барлық легін кедендік декларация қабылданған күннен бастап бір жылдан аспайтын мерзімде не оны тауарлардың бірінші легіне қатысты беру мерзімдері өткенге дейін жеткізу. Тауар алушыға байланысты емес себептер бойынша тауарлардың барлық легін жеткізу мүмкін болмаған жағдайда, кеден органы бұл мерзімді декларанттың дәлелді өтініші бойынша тауарлардың барлық легін жеткізу үшін қажетті, бірақ бір жылдан аспайтын уақытқа ұзартуы мүмкін.
      Тауарлардың шығарылған елін айқындау кезінде оларды өндіру немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын жылу және электр энергиясының, машиналардың, жабдықтар мен құралдардың шығарылған жері ескерілмейді.

VI. Тура жеткізу және тікелей сатып алу ережесі

      Тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған елдерден шығарылған тауарларға қатысты тарифтік преференциялар мұндай тауарларды осы елдерден тікелей сатып алу және оларды Тараптар мемлекеттерінің бірыңғай кеден аумағына тура жеткізу шартымен ғана беріледі.
      Егер импорттаушы оны осындай тауар шығарылған және тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған елде кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде белгіленген тәртіппен тіркелген тұлғадан сатып алса, тауар тікелей сатып алынған болып қаралады.
      Тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған елден басқа мемлекеттің аумағы арқылы өткізбей, Тараптар мемлекеттерінің бірыңғай кеден аумағына тасымалданатын тауарлардың жеткізілуі тура жеткізу болып есептеледі.
      Тура жеткізу ережесі тауарлар транзит елдерде, оның ішінде оларды осы елдердің аумағында уақытша қоймаға қою кезінде кедендік бақылауда болу шартымен географиялық, көліктік, техникалық немесе экономикалық себептердің салдарынан бір немесе бірнеше елдің аумағы арқылы тасымалданатын тауарларға да жүреді.
      Мына шарттарды орындаған кезде:
      1) тауарлар тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған елдің аумағынан көрме немесе жәрмеңке өткізілетін елдің аумағына жеткізілгенде және олардың өткізілуі кезінде кедендік бақылауда болғанда;
      2) тауарлар көрмеге немесе жәрмеңкеге жөнелтілген сәттен бастап олар көрсетуден басқа қандай да бір өзге мақсаттарға пайдаланылмағанда;
      3) табиғи тозу не тасымалдаудың және сақтаудың қалыпты жағдайлары кезінде кему салдарынан болған тауарлардың жай-күйіндегі өзгерістерді ескермегенде, тауарлар Тараптар мемлекеттерінің бірыңғай кеден аумағына олардың көрмеге немесе жәрмеңкеге жөнелтілген кездегі жай-күйінде әкелінгенде тура жеткізу ережесі импорттаушы көрмелерде немесе жәрмеңкелерде сатып алған тауарларға да жүреді.

VII. Құжаттамалық куәландыру

      Тауардың тарифтік преференция режимі қолданылатын дамушы немесе аз дамыған елде шығарылғанын куәландыру үшін тауарды өткізетін тұлға Преференциялардың жалпы жүйесі шеңберінде қабылданған, «А» нысаны бойынша (1-қосымша) тауардың шығу тегі туралы сертификат-декларацияны ұсынады, ол «А» нысаны бойынша тауардың шығу тегі туралы сертификат-декларацияны (бұдан әрі - сертификат) толтыруға қойылатын талаптарға (2-қосымша) сәйкес толтырылады.
      Сертификаттың тарифтік преференциялар беру мақсатында қолданылу мерзімі оның берілген күнінен бастап 12 аймен шектеледі.
      Кеден органдарына сертификат орыс немесе ағылшын тілдерінде басылған түрде қағаз жеткізгіште беріледі.
      Қажет болған кезде кеден органдары сертификаттың мемлекеттік тілге аударылуын талап етуі мүмкін.
      Жеткізілген тауарлардың іс жүзіндегі саны сертификатта көрсетілген санының 5 %-інен аспауы тиіс.
      Сертификат жоғалған жағдайда оның ресми куәландырылған телнұсқасы (көшірмесі) қабылданады.
      Тауарлардың шағын (кедендік құны 5000 АҚШ долларына балама сомадан аспайтын) лектерінің шығу тегін куәландыру үшін сертификат ұсыну талап етілмейді. Бұл жағдайда экспорттаушы тауардың шығарылған елін коммерциялық немесе басқа да тауарға ілеспе құжаттарда декларациялауы мүмкін.
      Тауардың шығу тегі туралы мәлімделген мәліметтердің дұрыстығына қатысты негізді күмәндар пайда болған жағдайда кеден органы тауардың шығу тегі туралы сертификатты ұсынуды талап етуге құқылы.

VIII. Әкімшілік ынтымақтастық

      Кеден одағының комиссиясы өздеріне қатысты тарифтік преференциялар берілген дамушы немесе аз дамыған елдерден сертификаттарды куәландыруға уәкілеттік берілген құзыретті органдардың атауларын, мекенжайларын, мөр бедерлерін алады. Тарифтік преференция режимі мұндай ақпарат бермеген дамушы немесе аз дамыған елден шығарылған тауарға қолданылмайды.
      Сертификаттың немесе онда қамтылған мәліметтердің дұрыстығына қатысты, сондай-ақ тауардың шығу тегі туралы мәліметтерге қатысты дәлелді күмәндар пайда болған жағдайда Тараптардың кеден немесе басқа да уәкілетті органдары, дамушы немесе аз дамыған елдің сертификатты куәландырған құзыретті ұлттық органына қосымша немесе нақтылаушы мәліметтерді хабарлау туралы дәлелді өтінішпен жүгінуі мүмкін.
      Егер:
      әкетуші елдің немесе тауарлар шығарылған елдің құзыретті органдарынан сұрау салынған сертификатқа қатысты 6 айдың ішінде жауап алынбаса;
      әкетуші елдің құзыретті органдарынан сертификаттың берілмегені (жалғандығы) немесе жарамсыз құжаттардың және (немесе) дұрыс емес мәліметтердің негізінде берілгені туралы расталған мәліметер болса;
      әкетуші елдің кеден органдары жүзеге асырған зерттеулер нәтижесі бойынша және (немесе) әкетуші елдің немесе тауарлар шығарылған елдің құзыретті органдарына жолданған сұрау салу бойынша алынған ақпарат негізінде сертификат осы Ережеде белгіленген талаптарды бұза отырып берілгені анықталса, сертификат жарамсыз деп танылуы мүмкін.
      Тиісті түрде ресімделген тауардың шығу тегі туралы сертификат немесе сұратылған мәліметтер ұсынылғанға дейін дамушы немесе аз дамыған елден шығарылған тауар тарифтік преференция режимі қолданылатын елден шығарылған болып есептелмейді.
      Мұндай тауарлар үшін тарифтік преференциялар тарифтік преференция режимі қолданылатын елдің құзыретті ұлттық органдарынан қанағаттанарлық жауап алынғаннан кейін ғана беріледі.

Тауарлардың дамушы және аз 
дамыған елдерден шығарылғанын
айқындау ережесіне     
1-қосымша           

1. Экспорттаушы (экспорттаушының атауы, мекенін жайы, ел)

ПРЕФЕРЕНЦИЯЛАРДЫҢ ЖАЛПЫ ЖҮЙЕСІ

ТАУАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ
СЕРТИФИКАТ
(Сертификат-декларация)
А НЫСАНЫ

......берілген
(ел)

Екінші жағындағы түсіндірмеге қара

2.Алушы (импорттаушының атауы, мекенін жайы, ел)

3. Көлік құралдары және жүру бағыты (белгілі болуына қарай)

4. Ресми белгілер үшін

5. Р/с

6. Орамдардың белгісі және саны

7. Орамдардың нөмірі және түрі, тауарлардың сипаттамасы

8. Шығу тегінің өлшемі (екінші жағындағы түсіндірмеге қара)

9. Брутто салмағы немесе тауар саны туралы басқа да деректер

10. Шоттың нөмірі мен күні

11. Куәландыру
Осымен мәлімдеуші декларациясының шындыққа сәйкестігі куәландырылады.
 
 
 
 
 



_____________________________
Жері және күні, қолы және мөрі

12. Экспорттаушының декларациясы
Төменде қол қойған адам жоғарыда көрсетілген мәліметтердің шындыққа сәйкестігін, барлық тауарлар
______________________________
           (ел)
өндірілгенін және олар
______________________________
      (импорттаушы ел)
экпортталатын осы тауарларға Преференциялардың жалпы жүйесімен қолданылатын талаптарға сәйкес келетінін мәлімдейді.
_______________________________
Жері және күні, қолы

1. Goods consigned from(exporter's business name, addres, country)

Reference №

GENERALIZED SISTEM OF PREFERENCES CERTIFICATE OF ORIGIN
(Сombined declaration and certificate)
FORM A

Issued in _________
(country)
 
 
 

See notes oveleaf

2. Goods consigned to (consignee's name, addres, country)

3. Means of transport and route as far as known)

For official use

5. Item

6. Marks and numbers of packages

7. Number and kind of packages; description of doods

8. Origin criterion (see notes overleaf)

9. Gross weight or other guantity

10. Number and date of invoices

11. Certification
It is hereby certified, on the
basis of control carried out,
that the deslaration by the
exporter is correct
 
 
 

______________________________
Place and dale, signature sad stamp of certifying authority

12. Declaration by the exporter The undersignet hereby declares that the above details and statements are correct, that all the goods were

produced in _______________ (соntrу)

and that they comply with the origin
reguiremeats specified for those
goods in the generalized system of
preferences for goods exported to
___________________________ (impoting contry)
___________________________
Piace SIIO date, signature of aumonzea signatory

Тауарлардың дамушы және аз
дамыған елдерден шығарылғанын
айқындау ережесіне    
2-қосымша        

«А» нысаны бойынша тауардың шығу тегі туралы сертификат-декларацияларды ресімдеуге қойылатын талаптар

Жалпы ережелер

      «А» нысаны бойынша тауардың шығу тегі туралы сертификат-декларацияның (бұдан әрі - сертификат) бланкісі қорғаныш торкөзі немесе қорғаныш түсті жиегі бар қағазда типографиялық тәсілмен әзірленеді (сертификаттың ағылшын және орыс тілдеріндегі үлгілері қоса беріледі).
      Сертификатты толтыру жөніндегі талаптармен қоса ескертпелер бланкінің екінші жағында типографиялық тәсілмен басылуы, сертификат толтырылатын тілмен қатар, кез келген басқа тілде де толтырылуы мүмкін не толығымен немесе ішінара болмауы мүмкін.
      Сертификат баспа түрінде толтырылған болуы тиіс (төменде көрсетілген жекелеген белгілерден басқа).
      Сертификатта адамдардың қол қоюының факсимилесін пайдалануға, қандай да бір тазартулар мен түзетулердің болуына жол берілмейді. Сертификатқа енгізілетін түзетулер қате деректерді сызып тастау және қажетті мәліметтерді басу жолымен жүргізілуі мүмкін. Әрбір мұндай түзету сертификаттарды беруге уәкілетті құзыретті органның мөрімен куәландырылады.
      Бір сертификатта бірнеше тауарлар туралы мәліметтердің мәлімделуі мүмкін.
      Сертификатта міндетті түрде анықтамалық (тіркеу) нөмірі қойылуға, сондай-ақ 1, 5 (сертификатта бірнеше тауарлар көрсетілген жағдайда), 7-9, 11 және 12-бағандар толтырылуға тиіс.
      5-10-бағандардағы пайдаланылмаған орын оларға қандай да бір қосымша мәліметтердің енгізілуін болдырмау мақсатында сызылып тасталуы тиіс.
      Сертификаттың оң жақ жоғары бұрышында орналасқан баған Сертификаттың анықтамалық (тіркеу) нөмірі көрсетіледі. Сертификаттың анықтамалық (тіркеу) нөмірін қолдан жазуға жол беріледі. Сертификат берілген елдің атауы көрсетеді.

      1-баған

      Тауарды экспорттаушы (жеткізуші) болып табылатын тұлғаның (келісім-шарт бойынша тауарды сатушының немесе оған тауарды жеткізуге құқық берілген болса, өзге де тұлғаның, оның ішінде тауарды өндірушінің) атауы және мекенжайы көрсетіледі.

      2-баған

      Тауарды алатын тұлғаның атауы және мекенжайы көрсетіледі. Егер сертификат берілген сәтте тауарларды нақты алушы анықталмаған жағдайда, бағанда «to order» («өкім бойынша») немесе тауарды импорттайтын Тараптардың бірінің мемлекетінің атауы сертификат толтырылатын тілде көрсетіледі.
      Сондай-ақ, тауарды нақты алушының атауын және мекенжайын «to order» («өкім бойынша») деген жазудан немесе тауарды импорттайтын Тараптардың бірінің мемлекетінің сертификат толтырылған тілдегі атауынан кейін басуға жол беріледі.

      3-баған

      Тауарларды тасымалдау бағыты мен көлік құралдары туралы мәліметтер (белгілі болғанына қарай) көрсетіледі.

      4-баған

      Арнайы белгілер үшін пайдаланылады.
      Бүлінген не жоғалған сертификат орнына оның телнұсқасы берілген жағдайда, 4-бағанда тауардың шығарылған елінің уәкілетті органы «duplicate» («телнұсқа») деген белгі қояды. Бұл ретте сертификат телнұсқасының қолданылу мерзімі сертификат түпнұсқасының берілген күнінен бастап есептеледі.
      Егер сертификат тауар жөнелтілгеннен кейін берілген жағдайда, бағанда «issued retrospectively» («кейіннен берілді») деген белгі қойылады.
      Тауардың шығарылған елінің уәкілетті органы қандай да бір себептер бойынша бұрын берілген сертификаттың күшін жойған кезде жаңадан берілген сертификаттың 4-бағанына күші жойылған сертификаттың нөмірі мен берілген күні көрсетіле отырып, «issued instead» («алмастырылып берілді») деген жазу енгізіледі.
      Бағанды толтырмауға жол беріледі.

      5-баған

      Бір сертификатта бірнеше тауарлар туралы мәліметтер мәлімделген жағдайда, әр тауардың алдына оның сертификаттағы реттік нөмірі көрсетіледі. Бағанды толтырмауға жол беріледі.

      6-баған

      Жүк орындарының саны және таңбалау туралы деректер көрсетіледі. Егер сертификатта бірнеше тауар туралы мәліметтер көрсетілсе, деректер олардың арасындағы жоларалықтарсыз беріледі немесе мұндай жоларалықтар үстінен сызылады. «NO marks» («таңбалаусы») деп жазуға жол беріледі.
      Бағанды толтырмауға жол беріледі.

      7-баған

      Тауардың коммерциялық атауы, оның моделі, маркасы, түрленуі, артикулі, кедендік ресімдеу мақсаты үшін мәлімделгенмен біркелкі бірдейлендіруге мүмкіндік беретін басқа да деректер, сондай-ақ өлшеп орау, орам түрі және тауар орындарының саны көрсетіледі.
      Егер тауарларды сипаттау үшін баған жолағында орын жетіспесе, сертификат берген құзыретті органның қол қоюымен және мөрімен куәландырылуы тиіс сертификаттың негізгі парағымен бірдей тіркеу нөмірі бар, қосымша парақтарды пайдалануға жол беріледі.
      Осы бағанда келісім-шартқа өзіндік ерекшелікке сілтеме болған жағдайда, келісім-шарт көшірмесі де сертификатты берген ұлттық құзыретті органның мөрімен куәландырылуы тиіс.
      Егер сертификатта бірнеше тауар туралы мәліметтер көрсетілсе, тауарлардың сипаттамасы олардың арасындағы жоларалықтарсыз беріледі немесе мұндай жоларалықтар үстінен сызылады.

      8-баған

      Тауардың шығу тегінің өлшемі көрсетіледі:
      «Р» - тауар толығымен экспорттаушы елде өндірілген;
      «Y» (өндірушің франко-зауыт бағасының базасында анықталатын экспортталатын тауар құнындағы тауарды өндіру кезінде пайдаланылған, басқа елден шығарылған немесе шығарылған елі белгісіз шикізат материалдары, жартылай фабрикаттар немесе дайын бұйымдар құнының проценттік үлесін көрсете отырып, мысалы «Y15 %») - тауар өңдеуге және қайта өңдеуге ұшыраған;
      «Рk» - тауар Тараптар мемлекетінің тарифтік преференция режимі қолданылатын елдердің бірінде өндірілген және басқа (бір немесе бірнеше) мұндай елдерде өңдеуге және қайта өңдеуге ұшыраған.
      Тауардың шығу тегінің өлшемі сертификаттың 7-бағанында мәлімделген әрбір тауар үшін белгіленуі тиіс.
      Егер сертификатта бір бөлігі Тауарларды сипаттау мен кодтаудың үйлестірілген жүйесінің төрт мәнді тауар позициясының бірінде жіктелген бірнеше тауар мәлімделсе, 8-бағанда осы төрт мәнді тауар позициясының барлық тауарлары үшін шығарылған елі өлшемнің бір әріптік белгіленуін көрсетуге жол беріледі.

      9-баған

      Тауардың салмағы (брутто) немесе тауар саны туралы өзге де деректер көрсетіледі. Егер сертификатта бірнеше тауарлар мәлімделсе, тауардың салмағы (брутто) немесе саны туралы өзге де деректер аталған тауардың әрқайсысы үшін жеке беріледі.

      10-баған

      Шот-фактураның (инвойстың) нөмірі мен күні немесе шот-проформа, көрсетіледі. Бағанда сертификатта мәлімделген барлық тауарлар үшін бір жалпы шот-фактура (инвойс) немесе шот-проформа, қажет болған кезде кейбір жеке аталған тауарлар үшін бірнеше шот-фактуралар (инвойстар) немесе шот-проформалар көрсетіледі.
      Егер сертификат берілген сәтте шот-фактура (инвойс) немесе шот-проформа туралы деректер сертификаттың 1-бағанында көрсетілген сертификат алушыға белгісіз болса, 10-бағанның толтырылмауына жол беріледі.

      11-баған

      Баған сертификаттың куәландырылған күні мен жері туралы деректерді, ұлттық заңнамаға сәйкес тауардың шығарылған елін куәландыруға уәкілетті органның атауы мен мөрін, сондай-ақ сертификаттың дұрыстығын растауға уәкілетті органның лауазымды адамының қолын қамтиды.
      Қажет болған кезде мөрдің түпнұсқалылығын бірдейлендіруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мөрдің анық бедері болуы тиіс.

      12-баған

      Жоғарғы жолда тауардың шығарылған елінің атауы көрсетіледі.
      Ортаңғы жолда тауар жеткізілетін елдің атауы көрсетіледі.
      Төменгі жолда сертификаттың толтырылған жері мен күні көрсетіледі. Сертификатта берілген мәліметтерге 1-бағанда көрсетілген экспорттаушының (жеткізушінің) уәкілетті адамы осы бағанда қол қояды. Бағанда экспорттаушы (жеткізуші) мөрінің болу міндетті талап болып табылмайды.

      Тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден шығарылғанын айқындау ережесі туралы келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі мәтініне сәйкес келеді.

      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі                                     Б.Жәмішев