Кеден одағының тауарларымен сыртқы және өзара сауданың кедендік статистикасын жүргізу туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 17 ақпандағы N 137-IV Заңы

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).

      Мәскеуде 2008 жылғы 25 қаңтарда қол қойылған Кеден одағының тауарларымен сыртқы және өзара сауданың кедендік статистикасын жүргізу туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                       Н. Назарбаев

Кеден одағының тауарларымен сыртқы және өзара сауданың
кедендік статистикасын жүргізу туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
      үшінші елдермен саудада және тауарлармен өзара саудада деректердің толық және дұрыс есебін жүргізуді қамтамасыз ету, негізгі үрдістерді, сыртқы сауда ағындарының құрылымы мен динамикасын талдау, кеден одағының органдарын сауда саясаты аясында шешімдер қабылдау үшін тиісті ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында,
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім кеден одағының тауарларымен сыртқы сауда статистикасының (бұдан әрі - сыртқы сауда статистикасы) және тауарлармен өзара сауда сатистикасының (бұдан әрі - өзара сауда статистикасы) кедендік статистикасын жүргізу кезінде туындайтын қарым-қатынастарды реттейді.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін кеден одағының тауарлары деп:
      кедендік мақсаттар үшін кеден одағының кеден аумағында еркін айналымда болатын мәртебесі бар, яғни кеден одағының кеден аумағынан әкетілмеген тауарлар;
      кеден одағына мүше мемлекеттерде толық өндірілген тауарлар;
      кеден одағының кеден аумағында еркін айналым үшін шығарылған тауарлар;
      кеден одағына мүше мемлекеттерде кеден одағының кеден аумағында толығымен өндірілген немесе шығарылған тауарлардан жасалған тауарлар деп түсіндіріледі.
      Осы Келісімдегі ұғымдар кеден одағының шеңберінде жасалған басқа халықаралық келісімдерде бекітілген мағынада пайдаланылады.

3-бап

      Тараптардың уәкілетті органдары 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы келісімге сәйкес бекітілген Кеден одағының комиссиясы әзірлеген әдістемеге сәйкес сыртқы сауданың статистикасын және өзара сауданың статистикасын жүргізуді дербес жүзеге асырады.
      Тараптар Кеден одағының комиссиясын Тараптардың уәкілетті органдары, олардың ресми атаулары туралы және Тараптар уәкілетті органдарының өзгерістері туралы хабардар етеді.
      Тауарларды кедендік ресімдеу кезінде кеден органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтер сыртқы сауда статистикасын қалыптастыру кезінде бастапқы деректер болып табылады.
      Өзара сауда кезінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар Тараптардың уәкілетті органдарына ұсынатын құжаттардағы мәліметтер өзара сауда статистикасын қалыптастыру кезінде бастапқы деректер болып табылады.
      Кеден одағының сыртқы сауда статистикасын және өзара сауда статистикасын қалыптастыру Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары ұсынған Тараптардың сыртқы және өзара сауда деректерінің (бұдан әрі - сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасының деректері) негізінде жүзеге асырылады.

4-бап

      Тараптардың уәкілетті органдары Кеден одағының комиссиясын оларды беру тәртібі жеке хаттамамен ресімделетін сыртқы сауда статистикасының және өзара сауда статистикасының деректерімен қамтамасыз етеді.
      Тараптар уәкілетті органдардың қатарынан сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасының деректерін ұсынуға жауапты органдарды (бұдан әрі - деректерді ұсынуға жауапты органдар) тағайындайды.
      Осы Келісімнің шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес құпия немесе таратылуы шектелген деректер ұсынылмайды.

5-бап

      Сыртқы сауда статистикасын және өзара сауда статистикасын жүргізу мақсатында Кеден одағы комиссиясының құрамында мәртебесі жеке хаттамамен айқындалатын Кедендік статистика орталығы құрылады.
      Кедендік статистика орталығы:
      деректерді ұсынуға жауапты органдардан сыртқы сауда статистикасының және өзара сауда статистикасының деректерін алуды;
      сыртқы сауда статистикасының және өзара сауда статистикасының деректерін қалыптастыруды;
      кеден одағының органдарына сыртқы және өзара сауда статистикасының деректерін ұсынуды;
      сыртқы сауда статистикасының және өзара сауда статистикасының деректерін жариялауды және Тараптарға жіберуді қамтамасыз етеді.
      Кедендік статистика орталығы алынған деректерді өзіне берілген өкілеттіктер шегінде пайдаланады.

6-бап

      Сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасының біркелкі жүргізу мақсатында Кеден одағының комиссиясы:
      деректердің салыстырмалығын қамтамасыз ететін сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасын жүргізудің бірыңғай әдістемесін әзірлеуді;
      сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасының бірыңғай жіктеуіштерін жүргізуді жүзеге асырады.

7-бап

      Сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасының жариялануға жататын деректер:
      жалпы, оның ішінде мемлекеттер бойынша экспорт пен импорт туралы деректерді;
      Сыртқы экономикалық қызметтің Бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес "тауар - ел" бөлігінде және "ел - тауар" бөлігінде заттай және құн түріндегі экспорт пен импорт туралы деректерді қамтиды.
      Сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасының деректері тоқсан сайын және жыл қорытындылары бойынша жарияланады.

8-бап

      Тараптардың уағдаласуы бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсінуге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда Еуразия экономикалық қоғамдастығы Сотының қарауына жіберіледі.

10-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
      Мәскеу қаласында 2008 жылғы 25 қаңтарда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Осы Келісімнің депозитарийі болып табылатын, Тараптардың әрқайсысына оның расталған көшірмесін жіберетін Еуразия экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық Комитетінде сақталады.

          Беларусь                Қазақстан            Ресей
      Республикасының         Республикасының      Федерациясының
        Үкіметі үшін            Үкіметі үшін        Үкіметі үшін

      Кеден одағының тауарларымен сыртқы және өзара сауданың кедендік статистикасын жүргізу туралы келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі мәтініне сәйкес келеді.

      Төрағаның орынбасары                        С. Айсағалиева