Осы Заң қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасы азаматтарының өз еркiмен қатысуына байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi.
1-бап. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге
азаматтардың қатысуы туралы
Қазақстан Республикасының заңдары
1. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3. Осы Заңның күшi жедел-iздестiру қызметiне байланысты туындайтын, Қазақстан Республикасының заңдарымен регламенттелетiн құқықтық қатынастарға қолданылмайды.
2-бап. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге
азаматтардың қатысуы
1. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес олардың iшкi iстер органдарына ерiктi түрде жәрдемдесуi арқылы жүзеге асырылады.
2. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтар өз қызметiн заңдылық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу мен сақтау принциптерi негiзiнде жүзеге асырады.
3-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың
қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтардың
қатысу мәселелерi жөнiндегi құзыретi
1. Жергiлiктi өкiлдi органдар:
1) тиiстi әкiмдiктер қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуде iшкi iстер органдарына жәрдемдесетiн азаматтарды көтермелеуге қаражат бөлуге қатысты әзiрлеген бюджеттiк бағдарламаларды қарайды және бекiтедi;
2) тиiстi әкiмдiктердiң қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу жөнiндегi комиссияларының қызметiн бақылайды;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органдары:
1) қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды тiркейдi және олардың дербес есебiн жүргiзедi;
2) қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу жөнiндегi аудандық (облыстық маңызы бар қалалардағы қалалық) комиссияларды құрады;
3) қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудiң түрлерi мен тәртiбiн, сондай-ақ оларға ақшалай сыйақының мөлшерiн айқындайды;
4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары:
1) қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтардың өңiрлiк есебiн жүргiзедi;
2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу жөнiндегi комиссияларын құрады;
3) қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудiң түрлерi мен тәртiбiн, сондай-ақ оларға ақшалай сыйақының мөлшерiн айқындайды;
4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4-бап. Iшкi iстер органдарының қоғамдық тәртiптi
қамтамасыз етуге азаматтардың қатысу
мәселелерi жөнiндегi құзыретi
Ішкі істер органдары:
1) бақылау және қадағалау функцияларына байланысты емес, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларға азаматтарды тартудың тәртiбiн, нысандары мен түрлерiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындайды;
2) қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтар куәлiгiнiң үлгiсiн және эмблемасының нышанын әзiрлейдi және бекiтедi;
3) жергiлiктi атқарушы органдармен қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтар қызметiнiң мәселелерi бойынша өзара iс-қимыл жасайды;
4) қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарға қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету саласындағы құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi;
5) полицияның учаскелiк пункттерi базасында қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды құқықтық даярлауды ұйымдастырады;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
5-бап. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын
азаматтарды тiркеу тәртiбi
1. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысуға ниет бiлдiрген азамат iшкi iстер органына өтiнiш бередi, оған Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлiгiнiң не паспортының көшiрмесiн қоса бередi. Азамат көрсетiлген құжаттарға өмiрi мен денсаулығын сақтандыру туралы куәлiгiнiң көшiрмесiн қоса беруге құқылы.
2. Iшкi iстер органы өтiнiш келiп түскен күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде азаматты наркологиялық, психоневрологиялық және өзге де есепке алу бойынша тексередi, одан кейiн ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органына тиiстi қолдаухат берiп, оған ұсынылған құжаттардың көшiрмелерiн қоса тiркейдi, не қабылданған шешiмнiң себептерiн көрсете отырып, өтiнiш берушiге жазбаша түрде бас тартады.
3. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы келiп түскен қолдаухатты жетi жұмыс күнi iшiнде қарайды, азаматты тiркеудi жүргiзедi және оны қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтардың есебiне қояды, бұл туралы iшкi iстер органын жазбаша түрде хабардар етедi.
4. Кәмелетке толмаған азаматтардың және өздерiне қатысты қылмыстық iс қозғалған не Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен соттылығы өтелмеген немесе алынбаған, сондай-ақ наркологиялық, психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын не соттың шешiмi бойынша әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеттiлiгi шектеулi деп танылған азаматтардың қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысуына жол берiлмейдi.
5. Өтiнiштi қабылдамай тастау бас тартуға негiз болған себептер жойылған жағдайда өтiнiш берушiнiң қайта өтiнiш жасауына кедергi болмайды.
6. Құқықтық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтың қатысуын тоқтатуға негiз болатын жағдайлар мыналар:
азаматтың қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге одан әрi қатысуға ниетiнiң жоқтығы туралы өтiнiшi;
қылмыстық жауапқа тартылуы;
бiрнеше рет (бiр жыл iшiнде екi және одан да көп рет) қасақана әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы;
Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге тұрақты тұру үшiн кетуi;
қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге одан әрi қатысуын болдырмайтын мән-жайлардың туындауы (психикасының бұзылуы, маскүнемдiкпен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыру не Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тiзбеге сәйкес айналасындағы адамдар үшiн қауiп төндiретiн ауру, не өлiм).
7. Осы баптың 6-тармағында аталған мән-жайлар туындаған кезде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы тиiстi iшкi iстер органының ұсынымы бойынша бұл азаматты қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтар есебiнен шығарады.
6-бап. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын
азаматтардың қызметiн шектеу
Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарға:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқық қорғау және басқа да мемлекеттiк органдардың айрықша құзыретiне жатқызылған iс жүргiзу қызметi мен өзге де қызметтi жүзеге асыруға;
2) құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң өкiлеттiгiн иеленiп алуға;
3) құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң заңды қызметiне кедергi жасауға;
4) қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларға қатысу кезiнде куәгер болуға;
5) адам мен азаматтың ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн қорлайтын не азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектейтiн iс-әрекеттер жасауға;
6) қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларға қатысу кезiнде осы Заңның 7-бабының 3) тармақшасында аталған құралдарды қоспағанда, құқық қорғау органдары қаруланатын арнаулы құралдарды пайдалануға тыйым салынады.
7-бап. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын
азаматтардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтардың:
1) бақылау және қадағалау функцияларына байланысты емес, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларда iшкi iстер органдарына жәрдемдесуге;
2) қылмыстар мен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге;
3) құқық бұзушылықтың жолын кесу және құқық бұзушыларды ұстау мақсатында, егер аталған мақсаттарға өзге тәсiлдермен қол жеткiзу мүмкiн болмаса, дене күшiн және басқа құралдарды қолдануға құқығы бар. Бұл орайда ол үшiн қажеттi шаралар шегiнен шығуға жол берiлмеуге тиiс. Әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi айқын адамдарға, жасы белгiлi немесе анық көрiнiп тұрған кәмелетке толмағандарға қатысты, олар қаруланып не топтасып шабуыл (зорлық-зомбылық) жасаған жағдайларды қоспағанда, дене күшiн және басқа құралдарды қолдануға тыйым салынады;
4) заңдарда көзделген жағдайларда қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстауға және құқық қорғау немесе өзге мемлекеттiк билiк органдарына алып келуге құқығы бар. Қажет болған жағдайда, ұсталған адамда қару немесе өзге де қауiптi заттар не қылмыстық iс үшiн мәндi нәрселер бар деп ұйғаруға негiздер болған кезде, ұсталған адамның киiмiн тексеруге және аталған органдарға тапсыру үшiн оларды алып қоюға;
5) құқыққа қарсы қол сұғушылықтан, жол-көлiк оқиғаларынан, дүлей зілзалалардан және өзге төтенше жағдайлардан зардап шеккен азаматтарға медициналық және өзге де көмек көрсетуге қатысуға;
6) құқық бұзушылық, маскүнемдiк, нашақорлық және уытқұмарлық профилактикасы жөнiнде түсiндiру және құқықтық жұмысты жүзеге асыруға;
7) азаматтардан қоғамдық тәртiптi сақтауды талап етуге құқығы бар.
2. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтар:
1) азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауға;
2) iшкi iстер органдарын өздерiне мәлiм болған дайындалып жатқан не жасалған қылмыс фактiлерi туралы дереу хабардар етуге;
3) заңдарда көзделген жағдайларда азаматтардың талап етуi бойынша өзiнiң қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысуының заңдылығын растайтын куәлiгiн көрсетуге;
4) қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн ұсталған азаматтарға мәжбүрлеу шараларын оларға қолданудың негiздерiн түсiндiруге;
5) қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларға қатысуы алдында құқықтық дайындықтан өтуге мiндеттi.
8-бап. Көтермелеу шаралары
1. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу шаралары мыналар:
1) алғыс жариялау;
2) грамотамен марапаттау;
3) ақшалай сыйлықақы беру;
4) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар өз құзыретi шегiнде айқындайтын өзге де шаралар.
2. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеу мәселелерiн тиiстi жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен құрылатын комиссия iшкi iстер органының ұсынымы бойынша қарайды.
3. Комиссияның құрамына жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, сондай-ақ азаматты көтермелеуге ұсынған ішкі істер органының өкiлдерi енгiзiледi. Комиссия жергiлiктi атқарушы органдарда тiркелмеген азаматтарды да, егер олар қылмыстардың алдын алуға, жолын кесуге немесе оларды ашуға септiгiн тигiзсе, осы Заңда белгiленген тәртiппен көтермелеуге құқылы.
9-бап. Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге
азаматтардың қатысуы туралы Қазақстан
Республикасының заңдарын бұзғаны үшiн
жауаптылық
Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Қазақстан Республикасының
Президенті