Осы Заң денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және азаматтардың денсаулық сақтауға арналған конституциялық құқықтарын iске асыру және олардың сақталу кепiлдiгiн қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау жүйесi қызметiнiң құқықтық, ұйымдық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн белгiлейдi.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) әскери-медициналық қызмет - әскери немесе арнайы қызметтiң болуы заңмен көзделiп, осы органдардың қызметiн медициналық қамтамасыз етуге арналған әскери-медициналық бөлiмшелердiң, бөлiмдер мен мекемелердiң жиынтығы;
2) денсаулық сақтау - азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталған медициналық, әлеуметтiк-экономикалық, саяси және өзге де шаралардың жиынтығы;
3) медициналық қызмет - жоғары немесе орта кәсiби медициналық бiлiм алған жеке тұлғалардың, сондай-ақ заңды тұлғалардың азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталған кәсiби қызметi;
4) медициналық көмек - аурулардың медицина қызметкерлерi жүзеге асыратын профилактикасы, диагностикасы, азаматтардың ауыруына, денсаулығының өзге де бұзылуына, жүктiлiгi мен босануына байланысты емдеу және оңалту;
5) медициналық ұйымдар - негiзгi қызметi халыққа медициналық көмек пен медициналық қызметтер көрсету болып табылатын денсаулық сақтау ұйымдары;
6) медициналық қызметтер көрсету - азаматтарға медициналық көмек көрсету жөнiндегi тиiстi лицензия негiзiнде iс-қимыл жасайтын жеке және заңды тұлғалардың қызметтер көрсетуi;
7) медициналық сараптама - денсаулық сақтаудағы қызметтiң әр түрлi салалары жай-күйiнiң деңгейiн, сапасын және дәрежесiн белгiлеуге бағытталған ұйымдастыру, талдау және практикалық iс-шаралардың жиынтығы;
8) денсаулық сақтау ұйымы - ұйымдық-құқықтық және меншiк нысанына қарамастан денсаулық сақтау саласында қызметiн жүзеге асыратын заңды тұлға;
9) денсаулық сақтауды басқару органдары - Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органы, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдары, медициналық қызметтерiнiң органдары;
10) денсаулық сақтау жүйесi - қызметi азаматтардың денсаулық сақтау және медициналық көмек алу құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттiк органдардың және денсаулық сақтау субъектiлерiнiң жиынтығы;
11) денсаулық сақтау субъектiлерi - денсаулық сақтау ұйымдары және жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылданатын жеке тұлғалар;
12) денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органы.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы 2004.12.20.
N 13
(2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
2-бап. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау
туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңдары Қазақстан Республикасының
Конституциясына
негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк
саясаттың негiзгi принциптерi мен мiндеттерi
1. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi принциптерi:
1) халықтың денсаулығын ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету факторларына жатқызу;
2) азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтарын сақтау және оларды мемлекеттiк кепiлдiктермен қамтамасыз ету;
3) әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына қарамастан халықтың медициналық көмекке қол жетiмдiлiгi;
4) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету;
5) азаматтардың денсаулығын ғұмыр бойы сақтау саласындағы мемлекеттiк реттеу және мемлекеттiк бақылау;
6) азаматтардың медициналық көмек алуындағы әлеуметтiк әдiлдiк пен теңдiк;
7) азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы мұқтаждықтарына денсаулық сақтау жүйесiнiң ықыластылығы;
8) мемлекеттiк органдардың азаматтардың денсаулығын сақтау мен тыңайтуды қамтамасыз етуге жағдай жасау жолындағы жауапкершiлiгi.
2. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi мiндеттерi:
1) Қазақстан Республикасының азаматтарын тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiмен қамтамасыз ету;
2) дәрiлiк заттармен қамтамасыз ету саласындағы қауiпсiздiктi сақтау;
3) отандық медициналық және фармацевтикалық өнеркәсiптi дамытуды қамтамасыз ету;
4) оқытудың осы заманғы технологияларын пайдалана отырып, медициналық бiлiм берудiң үздiксiздiгi мен сабақтастығын қамтамасыз ету;
5) республикалық және жергiлiктi бюджеттердi қалыптастыру кезiнде денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыру нормативтерiн белгiлеу;
6) медициналық ұйымдардың медициналық көмек көрсетудегi iс-қимылдарының сабақтастығы;
7) денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды белгiлеу;
8) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми-зерттеу қызметiн, ақпараттық және коммуникациялық жүйелердi мемлекеттiк қолдау;
9) медициналық ғылым мен техниканың осы заманғы жетiстiктерiне, емдеудiң жаңа технологияларына сәйкес медициналық көмек көрсету;
10) халықтың әлеуметтiк шетiн топтарындағы азаматтардың, оның iшiнде аналардың, балалардың, мүгедектердiң және зейнеткерлердiң денсаулығын сақтау жөнiндегi шараларды ұйымдастыру және өткiзу;
11) халықтың денсаулық жағдайы мен өмiр сүру ортасының факторлары туралы статистикалық және өзге де ақпаратты беру;
12) көрсетiлетiн медициналық қызметтердiң сапасы мен толымдылығына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңдарының өзге де талаптарының сақталуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;
13) азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
4-бап. Денсаулық сақтау жүйесi
1. Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау жүйесi мемлекеттiк және мемлекеттiк емес денсаулық сақтау секторларынан тұрады.
2. Мемлекеттiк денсаулық сақтау секторы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк органдардан, денсаулық сақтау ұйымдарынан, мемлекеттiк меншiк құқығына негiзделген денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдардан және бiлiм беру ұйымдарынан тұрады.
Мемлекеттiк емес денсаулық сақтау секторы жеке меншiк құқығына негiзделген денсаулық сақтау ұйымдарынан, денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдардан, бiлiм беру ұйымдарынан, сондай-ақ жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылданатын жеке тұлғалардан тұрады.
3. Денсаулық сақтау жүйесiнiң қызметiн мемлекеттiк реттеудi және мемлекеттiк бақылауды денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
5-бап. Азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы
құқықтарын қамтамасыз етудiң кепiлдiктерi
Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына:
1) тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн алуға;
2) алғашқы медициналық-санитарлық көмекке бiрдей қол жеткiзуiне;
3) мемлекеттiк және жекеше емдеу ұйымдарында, сондай-ақ жекеше медициналық ic-тәжiрибемен шұғылданатын жеке тұлғалардан ақылы медициналық көмек алуға;
4) санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылыққа;
5) дәрiлiк заттармен, медициналық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етiлуiне;
6) бiрыңғай медициналық стандарттар бойынша тегiн және (немесе) ақылы негiзде көрсетiлетiн медициналық көмектiң сапасына, мазмұнына және көлемiне;
7) медициналық және дәрiгерлiк көмек көрсету, фармацевтикалық өнiмдi шығару және өткiзу бөлiгiндегi кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгi құқығына кепiлдiк бередi.
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң денсаулық
сақтау саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) денсаулық сақтауды дамыту жөнiндегi мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
2) денсаулық сақтау, медицина ғылымы, медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру саласындағы бағдарламаларды әзiрлейдi және оларды iске асыруды қамтамасыз етедi;
3) өзiнiң құзыретi шегiнде денсаулық сақтау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi шығарады;
4) азаматтардың медициналық көмектiң осы Заңда белгiленген кепiлдi көлемiн тегiн алуын қамтамасыз етедi;
5) медициналық, дәрiгерлiк және фармацевтикалық қызметтiң бiлiктiлiк талаптарын және оны лицензиялау тәртiбiн бекiтедi;
6) халықтың тығыз және елдi мекендердiң шалғай орналасқанына қарай денсаулық сақтау ұйымдары желiсiнiң мемлекеттiк нормативiн бекiтедi;
7) денсаулық сақтау саласындағы аккредитациялау, аттестаттау, сертификаттау және стандарттау тәртiбiн белгiлейдi;
8) мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарын республикалық бюджет қаражаты есебiнен бiр орталық арқылы сатып алынатын медициналық жабдықпен, медициналық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы бұйымдармен және дәрiлiк заттармен қамтамасыз ету тәртiбiн белгiлейдi;
9) төтенше жағдайларда тегiн медициналық көмек көрсету және азаматтарды дәрiлiк заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету тәртiбiн белгiлейдi.
Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы 2004.12.20.
N 13
(2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
7-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның
құзыретi
Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган:
1) денсаулық сақтау, медицина ғылымы, медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк саясаттың жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi;
2) медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру ұйымдарының қызметiне басшылықты жүзеге асырады;
3) денсаулық сақтау, медицина ғылымы, медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру саласындағы бағдарламаларды iске асырады;
4) азаматтар денсаулығының мүддесiне орай салааралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
5) медициналық көмек көрсету және азаматтарды дәрiлiк заттармен қамтамасыз ету тәртiбiн белгiлейдi;
6) денсаулық сақтау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер мен нормативтiк құжаттарды әзiрлеп, бекiтедi;
7) медициналық, дәрiгерлiк және фармацевтикалық қызмет саласындағы, сондай-ақ медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру саласындағы стандарттарды әзiрлеудi жүзеге асырады;
8) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жepгiлiктi органдары басшыларының және мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының кәсiби құзыретiне арналған аттестаттауды өткiзедi;
9) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк статистикалық есепке алудың және есептiлiктiң жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi;
10) медициналық ұйымдардың өзара iс-қимылының тәртiбiн белгiлейдi;
11) медициналық ұйымдардың шығындарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бюджет қаражаты есебiнен өтеу ережелерiн әзiрлейдi;
12) Қазақстан Республикасының аумағында халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығына бақылауды жүзеге асырады;
13) республикалық маңызы, сондай-ақ қызметi бiр облыс (республикалық маңызы бар қала, астана шегiнен тыс қолданылатын ұйымдар орындайтын жұмыстар мен қызметтер бөлiгiнде медициналық және дәрiгерлiк қызметтi, және акушерлiк, гинекология, венерология, иммунология, наркология, фтизиатрия, неонтология, педиатрия және наркологиялық сараптама түрлерiн лицензиялауды жүзеге асырады;
14) медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру саласындағы қызметпен айналысуды лицензиялауға қорытынды бередi және қатысады;
15) медициналық, дәрiгерлiк қызметпен айналысу, емдiк препараттарды (малдың, құрамында есiрткi және психотроптық заттар жоқ өсiмдiктер мен шөптердiң емдiк өнiмдерiн өсiру, жинау және сатудан басқа) дайындау мен сату жөнiндегi лицензиялау ережелерiнiң сақталуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
16) медициналық жабдықтың, медициналық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы бұйымдардың өндiрiсi мен сапасына, сондай-ақ дәрiлiк заттардың айналысы саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
17) <*>
18) денсаулық сақтау ұйымдарында стационарлық емделуде жатқан аурулардың дәрiмен қамтамасыз етiлуiне бақылауды жүзеге асырады;
19) денсаулық сақтау ұйымдарының номенклатурасын, олардың қызметi туралы ереженi; дәрiгерлiк лауазымдар мен мамандықтардың номенклатурасын; денсаулық сақтау ұйымдарының құрылымын, үлгi штаттарын және штат нормативтерiн; халыққа медициналық қызмет көрсету көлемi мен деңгейiнiң нормативтерiн әзiрлеп, бекiтедi;
20) медицина ғылымының дамуын қамтамасыз етедi және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметтi үйлестiредi;
21) бiлiктiлiк емтихандарын өткiзу тәртiбiн айқындайды;
21-1) екiншi және үшiншiден басқа, бiлiктiлiк санатын беруге емтихан өткiзедi;
22) ведомстволық және әскери-медициналық қызмет орындарының жұмысын үйлестiредi;
23) денсаулық сақтау саласында, оның iшiнде дәрiлiк заттарды басқару жөнiнде республикалық ақпараттық және коммуникациялық жүйелердiң құрылуы мен жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi;
24) республикалық мемлекеттiк медициналық ұйымдарды жарақтандыруды қамтамасыз етедi;
25) салалық ынталандыру жүйесiн әзiрлеп, бекiтедi;
26) көрсетiлетiн медициналық қызметтердiң сапасына бақылауды жүзеге асырады;
27) денсаулық сақтау, медицина ғылымымен бiлiм беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
28) <*>
Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы 2004.12.20.
N 13
(2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
8-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
астананың) денсаулық сақтауды басқарудың
жергiлiктi мемлекеттiк органдарының құзыретi
1. Облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары:
1) денсаулық сақтау саласындағы аймақтық бағдарламаларды бекiтедi және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
2) ауылдық жерлерде тұратын денсаулық сақтау қызметкерлерiне жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен әлеуметтiк көмек беру туралы шешiм қабылдайды;
3) тиiстi бюджеттердi қалыптастыру кезiнде денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемiн бекiтедi, денсаулық сақтауға және медициналық бiлiм беруге арналған шығыстардың үлесiн айқындайды;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен азаматтардың жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен емделу үшiн елдi мекен шегiнен тыс жерлерге тегiн немесе жеңiлдiкпен жол жүруi туралы шешiм қабылдайды.
5) <*>
2. Облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
1) тиiстi аумақта денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) тиiстi аумақта денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк бағдарламалардың iске асырылуын қамтамасыз етедi;
3) денсаулық сақтау саласындағы аймақтық бағдарламалардың iске асырылуын қамтамасыз етедi;
4) азаматтардың тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн алу құқығының iске асырылуын қамтамасыз етедi;
5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етедi;
6) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдарын құрады;
7) денсаулық сақтау ұйымдарының желiсiн дамыту мен оларды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды қабылдайды;
8) денсаулық сақтаудың мемлекеттiк және мемлекеттiк емес секторларының қызметiн үйлестiредi және бақылауды қамтамасыз етедi;
9) <*>
10) төтенше жағдайлар кезiнде азаматтарға тегiн медициналық көмек көрсетудi, оларды дәрiлiк заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етедi;
11) денсаулық сақтау саласындағы аймақаралық және халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
11-1) республикалық маңызы бар, сондай-ақ қызметi бiр облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) шегiнен тыс қолданылатын ұйымдар орындайтын жұмыстар мен қызметтердi және акушерлiк, гинекология, венерология, иммунология, наркология, фтизиатрия, неонтология, педиатрия және наркологиялық сараптама түрлерiн қоспағанда, медициналық және дәрiгерлiк қызметтi;
дәрiлiк заттар өндiрiсiн, дайындауды, көтерме және бөлшек саудамен өткізудi және денсаулық сақтау жүйесiнде есiрткi құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар айналымымен байланысты қызмет түрлерiн: өндiрудi, тасымалдауды, сатып алуды, сақтауды, бөлудi, сатуды, пайдалануды, жоюды;
дезинфекция, дезинсекция және дератизация құралдары мен препараттарын пайдалануға байланысты жұмыстар мен қызметтер көрсету түрлерiн лицензиялауды жүзеге асырады;
11-2) медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыруды және қайта даярлауды қамтамасыз етедi.
12) <*>
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы 2004.12.20.
N 13
(2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
9-бап. Облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың,
астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттiк
басқарудың жергiлiктi органдарының құзыретi
Облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдары өз өкiлеттiктерi шегiнде:
1) денсаулық сақтау, медицина ғылымы мен бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау, медицина ғылымы мен медициналық бiлiм беру саласындағы заңдарының орындалуын қамтамасыз етедi;
3) азаматтарды тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шеңберiнде медициналық көмекпен және дәрiлiк заттармен қамтамасыз етедi;
4) денсаулық сақтау субъектiлерiнiң қызметiне мониторинг пен бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарын iске асыру жөнiндегi шараларды қабылдайды;
6) азаматтардың дәрiлiк заттар мен медициналық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы бұйымдарға қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
7) денсаулық сақтау ұйымдарының кадрлармен қамтамасыз етiлуiн ұйымдастырады;
8) медициналық және фармацевтикалық қызметтi жүзеге асырушы мамандардың кәсiби бiлiктiлiгiне аттестаттау жүргiзедi;
9) мемлекеттiк медициналық ұйымдарды жарақтандыруды қамтамасыз етедi;
10) денсаулық сақтау саласындағы, оның iшiнде дәрiлiк заттарды басқару жөнiндегi аймақтық ақпараттық және коммуникациялық жүйелердiң құрылуы мен олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi;
11) жергiлiктi бюджеттiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарындағы клиникалық базаларды жоғары және орта медициналық оқу орындарына берiп отырады;
11-1) жоғары және бiрiншiден басқа, бiлiктiлiк санатын беруге емтихандар өткiзедi;
12) төтенше жағдайлар кезiнде азаматтарға тегiн медициналық көмек көрсетудi, оларға дәрiлiк заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етедi және оны ұйымдастырады;
13) денсаулық сақтау саласындағы мамандарды даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi қызметтi ұйымдастырады және үйлестiредi;
14) халықты гигиеналық оқыту мен тәрбиелеудi, салауатты өмiр салтын насихаттауды ұйымдастырады;
15) халықты әлеуметтiк қаупi бар аурулардың және жұртқа қауiптi болып табылатын аурулардың таралуы туралы хабардар етедi;
16) азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелерi бойынша қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимыл жасайды.
17) <*>
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы 2004.12.20.
N 13
(2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
10-бап. Медициналық және фармацевтикалық қызметтi
лицензиялау
Медициналық, дәрiгерлiк және фармацевтикалық қызмет Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен лицензиялауға жатады.
Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы 2004.12.20.
N 13
(2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
11-бап. Денсаулық сақтау ұйымдарын аккредитациялау
Денсаулық сақтау ұйымдарын аккредитациялауды денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олардың медициналық, дәрiгерлiк, фармацевтикалық, ғылыми және бiлiм беру қызметiмен шұғылдануының мәртебесi мен құқықтылығын тану мақсатында өткiзедi.
12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы тауарларды
(жұмыстарды, қызметтер көрсетудi)
сертификаттау
1. Денсаулық сақтау саласындағы тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) сертификаттау олардың адамның өмiрi мен денсаулығына қауiпсiздiгiн растау мақсатында жүзеге асырылады.
2. Денсаулық сақтау саласындағы мiндеттi сертификатталуға жататын тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудiң) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
3. Сертификаттау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
13-бап. Денсаулық сақтау саласындағы стандарттар
1. Медициналық стандарттарды денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган әзiрлейдi, стандарттауды өткiзудiң тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
2. Денсаулық сақтау саласындағы стандарттар:
1) ұйымдастыру технологияларын;
2) медициналық қызметтер көрсетудi;
3) медициналық, дәрiгерлiк және фармацевтикалық қызметтi жүзеге асыру процесiнде пайдаланылатын технологияларды;
4) дәрiлiк заттарды және медициналық бұйымдарды өндiрудi, сатудың шарттарын және олардың сапасын;
5) медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн;
6) есепке алу-есеп беру құжаттамасын қамтиды.
3. Денсаулық сақтау стандарттарын денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiлейдi.
4. Денсаулық сақтау стандарттары денсаулық сақтау ұйымдары және жекеше медициналық iс-тәжiрибемен айналысатын жеке тұлғалар үшiн мiндеттi болып табылады.
5. Денсаулық сақтау саласындағы стандарттардың сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады. Жекелеген стандарттардың сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттiк органдары жүзеге асырады.
14-бап. Денсаулық сақтау ұйымдары
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесiнде мынадай денсаулық сақтау ұйымдары жұмыс iстейдi:
1) азаматтарға амбулаториялық-емханалық және стационарлық медициналық көмек көрсететiн ұйымдар;
2) балалардың амбулаториялық-емханалық және стационарлық медициналық ұйымдары;
3) жедел медициналық көмек ұйымдары;
4) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;
5) фармацевтикалық қызметтi жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;
6) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар;
7) денсаулық сақтау саласындағы бiлiм беру ұйымдары;
8) қан қызметi, сот медицинасы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де денсаулық сақтау ұйымдары.
15-бап. Жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылданатын
жеке тұлғалар
1. Жеке тұлғалар медициналық, дәрiгерлiк және фармацевтикалық қызметпен айналысуға арналған лицензиясы болған кезде медициналық көмек пен медициналық қызметтер көрсетуге құқылы.
2. Тиiстi бейiндегi медициналық бiлiмi және мамандығы бойынша кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар жеке тұлғалардың жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылдануға құқығы бар.
16-бап. Денсаулық сақтау жүйесiн қаржымен қамтамасыз
ету көздерi
1. Денсаулық сақтаудың мемлекеттiк ұйымдарын қаржымен қамтамасыз ету:
мемлекеттiк бюджет қаражаты;
медициналық сақтандыру қаражаты;
ақылы негiзде медициналық қызметтер көрсетуден алған қаражаттары;
Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.
2. Денсаулық сақтаудың мемлекеттiк емес ұйымдарын қаржымен қамтамасыз ету:
тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсетуге арналған мемлекеттiк бюджет қаражаты;
медициналық сақтандыру қаражаты;
ақылы негiзде медициналық қызметтер көрсетуден алынған қаражат;
Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.
3. Тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсетуге арналған шығындарды қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
17-бап. Медициналық ұйымдарды қаржыландыру нысандары
Медициналық ұйымдарды қаржыландыру мынадай нысандарда:
мемлекеттiк медициналық мекемелер шығыстар сметасы бойынша;
медициналық ұйымдар бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерiмен шарттық негiзде медициналық қызметтер көрсетудiң атқарылған көлемi үшiн шығындарды өтеу арқылы;
алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететiн және бекiтiлген халқы бар ұйымдар жан басына шаққандағы норматив бойынша жүзеге асырылады.
18-бап. Денсаулық сақтау ұйымдарының қаржы қаражаттарын
пайдалану
1. Денсаулық сақтау жүйесiнiң қаржы қаражаттары:
медициналық көмектiң тегiн кепiлдi көлемiн көрсету жөнiндегi шығындарды өтеуге;
денсаулық сақтау саласындағы бағдарламаларды iске асыруға;
денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтауға;
өмiрлiк маңызы бар дәрiлiк заттарды, қанды және оның компоненттерiн, вакциналарды және басқа да иммунобиологиялық медициналық препараттарды, сондай-ақ медициналық техниканы және медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға;
жұқпалы аурулардың көрiнiстерi мен эпидемиясын жоюға;
медицина және фармацевтика кадрларын даярлауға және олардың бiлiктiлiгiн арттыруға;
медицина ғылымын дамытуға және жетiстiктерiн енгiзуге;
Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де шығыстарға бағытталады.
2. Медицина ұйымдарының тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн көрсету жөнiндегi шығындарын өтеудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
19-бап. Қазақстан Республикасындағы медициналық
қызметтiң түрлерi
Қазақстан Республикасында медициналық қызметтiң мынадай түрлерi жүзеге асырылады:
1) медициналық көмек;
2) санитарлық авиация;
3) санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы қызмет;
4) салауатты өмiр салтын насихаттау;
5) санаторий-курорттық қызмет;
6) халықтық медицина (емшiлiк);
7) қан қызметi;
8) сот медицинасы;
9) дәрiлiк заттардың айналысы саласындағы қызмет;
10) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызмет;
11) денсаулық сақтау саласындағы бiлiм беру;
12) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерi.
1. Медициналық көмектi денсаулық сақтау ұйымдары және жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылданатын жеке тұлғалар жүзеге асырады.
2. Медициналық көмектiң негiзгi түрлерi:
1) алғашқы медициналық-санитарлық көмек;
2) бiлiктi медициналық көмек;
3) мамандандырылған медициналық көмек;
4) жоғары мамандандырылған медициналық көмек болып табылады.
3. Тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiне:
1) халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету;
2) жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету;
3) алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң және денсаулық сақтау ұйымдарының мамандарын жiберу жөнiндегi стационарлық медициналық көмек;
4) әлеуметтiк мәнi бар аурулардан және жұртқа қауiптi болып табылатын аурулардан зардап шегушiлерге Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тiзбе бойынша медициналық көмек көрсету;
5) медициналық көмектiң Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен қабылданатын қосымша түрлерi кiредi.
21-бап. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек
1. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек - азаматтардың медициналық көмек алуға сұранысы кезiнде амбулатория-емхана медицина ұйымдарының медицина қызметкерлерi жүзеге асыратын, халықты медициналық көмектiң қолжетiмдi түрлерiмен тұрақты түрде және тегiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк қызмет және оған:
1) неғұрлым кең таралған аурулардың диагностикасы және емдеу, сондай-ақ жарақаттану, улану және кешеуiлдетуге болмайтын басқа да жағдайлар;
2) санитарлық-гигиеналық, эпидемияға қарсы iс-шаралар және аурулардың профилактикасы;
3) халықты гигиеналық оқыту мен тәрбиелеу, отбасын, ананы, әкенi және баланы қорғау;
4) халықтың сумен қамтылу қауiпсiздiгi және кенеулi тамақтануы жөнiндегi түсiнiк жұмыстары кiредi.
2. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектi денсаулық сақтау ұйымдары және мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызмет орындары қамтамасыз етедi.
3. Халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек амбулатория-емхана, стационарды алмастырушы және жедел медициналық көмек нысанында көрсетiледi.
4. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң түрлерi мен көлемiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган және облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдары белгiлейдi.
5. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектi ұйымдастыруды жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы 2004.12.20.
N 13
(2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
22-бап. Бiлiктi медициналық көмек
1. Бiлiктi медициналық көмек - азаматтарға ауырған кезде көрсетiлетiн, диагностиканың, емдеудiң мамандандырылған әдiстерiн және күрделi медициналық технологияларды пайдалануды талап етпейтiн дәрiгерлiк медициналық көмек.
2. Бiлiктi медициналық көмек көрсету тәртiбiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
23-бап. Мамандандырылған медициналық көмек
1. Мамандандырылған медициналық көмек - диагностиканың, емдеудiң арнайы әдiстерiн және күрделi медициналық технологияларды пайдалануды қажет ететiн аурулар кезiнде медициналық ұйымдардың азаматтарға көрсететiн медициналық көмегi.
2. Мамандандырылған медициналық көмектi денсаулық сақтаудың көп бейiндi ұйымдары амбулатория-емхана немесе стационарлық медициналық көмек нысанында көрсетедi.
3. Мамандандырылған медициналық көмектiң түрлерi мен көлемiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган және облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдары белгiлейдi.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы 2004.12.20.
N 13
(2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
24-бап. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек
1. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек - диагностика мен емдеудiң ерекше күрделi әдiстерiн, сондай-ақ бiрегей медициналық технологияларды пайдалануды талап ететiн аурулар кезiнде медициналық ұйымдардың азаматтарға көрсететiн медициналық көмегi.
2. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететiн медициналық ұйымдардың қызметін үйлестіруді денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
3. Жоғары мамандандырылған медициналық көмектiң түрлерi мен көлемiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
25-бап. Қалпына келтiру емi мен медициналық оңалту
1. Қалпына келтiру емi мен медициналық оңалту туа бiткен және жүре келе пайда болған аурулардан, қатты, созылмалы аурулар және жарақаттар салдарынан зардап шегушi азаматтарға көрсетiледi.
2. Қалпына келтiру емi мен медициналық оңалту денсаулық сақтау ұйымдарында, халықты әлеуметтiк қорғау жүйесiнiң ұйымдарында, сондай-ақ санаторий-курорттық ұйымдарда жүргiзiледi.
3. Қалпына келтiру емi мен медициналық оңалтудың түрлерi мен көлемiн денсаулық сақтау саласындағы және халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органдар белгiлейдi.
26-бап. Медициналық көмек көрсету нысандары
Азаматтарға медициналық көмек мынадай нысандарда көрсетiлуi мүмкін:
1) жедел медициналық көмек;
2) амбулатория-емхана көмегi;
3) стационарды алмастырушы көмек;
4) стационарлық көмек;
5) санитарлық авиация;
6) санаторий-курорттық емдеу.
27-бап. Жедел медициналық көмек
1. Азаматтарға жедел медициналық көмектi жазатайым жағдайлар, жарақат алу, улану кезiнде және аса шұғыл медициналық көмектi талап ететiн өзге де жағдайлар мен аурулар кезiнде денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жекеше медициналық iс-тәжiрибемен шұғылданатын жеке тұлғалар көрсетедi.
2. Жедел медициналық көмек көрсету үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiлеген тәртiппен мамандандырылған ұйымдар және жедел медициналық көмек қызметтерi құрылады.
3. Жедел медициналық көмек Қазақстан Республикасының азаматтарына және оның аумағындағы шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен тегiн көрсетiледi.
4. Жедел медициналық көмек ұйымдарына ақылы қызмет көрсетумен шұғылдануға тыйым салынады.
28-бап. Амбулатория-емхана көмегi
1. Амбулатория-емхана көмегi алғашқы медициналық-санитарлық, бiлiктi көмек пен азаматты ауруханаға жатқызбай көрсетiлуi мүмкiн мамандандырылған медициналық көмекті қамтиды.
2. Амбулатория-емхана ұйымдарының қызметi азаматтардың медициналық көмекке қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету мақсатында олардың тұрғылықты жерi бойынша дәрiгердi еркiн таңдау құқығы ескерiле отырып, аумақтық принцип бойынша құрылады. Амбулатория-емхана ұйымдары қызметiнiң көлемi оның денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен айқындалатын түрi мен санатына байланысты болады.
3. Балаларға амбулатория-емхана көмегi олардың медициналық көмекке қолжетiмдiлiгi және тұрғылықты жерiне жақындату принципi бойынша ұйымдастырылады.
1. Стационарлық көмек бiлiктi, мамандандырылған көмектi және азамат ауруханаға жатқызылған кезде көрсетiлуi мүмкiн жоғары мамандандырылған медициналық көмектi қамтиды.
2. Стационарлық көмек денсаулық сақтау ұйымдарында, олардың лицензия бойынша айқындалатын қызметiнiң бағытына сәйкес көрсетiледi. Стационарлық көмек көрсететiн денсаулық сақтау ұйымы қызметiнiң тәртiбiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.
3. Стационарлық көмек көрсететiн денсаулық сақтау ұйымындағы медициналық көмектiң көлемi мен түрлерiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.
4. Стационарлық көмек көрсететiн денсаулық сақтау ұйымдары азаматтарға тиісті күтiм мен тамақтануды қамтамасыз етедi.
30-бап. Стационарды алмастыратын көмек
1. Денсаулық сақтау ұйымдары стационарды алмастыратын күндiз келiп емделетiн бөлiмшелердi құра алады.
2. Стационарды алмастыратын бөлiмшелердiң қызмет тәртiбiн, олардың бейiндерiн және оларда көрсетiлетiн медициналық көмектiң көлемiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
31-бап. Санитарлық авиацияның қызметiн ұйымдастыру
1. Қатынасу қиын жерлердегi азаматтарға аса шұғыл медициналық көмек көрсету үшiн Қазақстан Республикасында санитарлық авиация қызметi көзделедi.
2. Санитарлық авиация қызметiнiң жұмысын ұйымдастыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
32-бап. Санаторий-курорттық емдеу
1. Санаторий-курорттық емдеу медициналық көмектiң профилактикалық, оңалту және емдеу-сауықтыру iс-шараларымен қоса табиғи емдеу факторларын пайдалануға негiзделген нысаны болып табылады.
2.Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган санаторий-курорттық емдеу көрсетiлген аурулар мен денсаулық бұзылуының тiзбесiн айқындайды.
3. Медициналық көмек көрсететiн санаторий-курорттық ұйымдар өз қызметiн лицензия негiзiнде жүзеге асырады.
4. Азаматтарға санаторий-курорттық емделу үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жолдамалар берiледi.
33-бап. Халықтық медицина (емшiлiк)
1. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган беретiн тиiстi лицензиясы болған кезде медициналық бiлiмi бар адамдардың халықтық медицина (емшiлiк) әдiстерiмен емдеуге құқығы бар.
Ерекше жағдайларда денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен медициналық бiлiмi жоқ адамдарға халықтық медицина (емшiлiк) әдiстерiмен емдеуге лицензия берiлуi мүмкiн.
2. Жаппай емшiлiк сеанстарын, оның iшiнде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып өткiзуге тыйым салынады.
3. Халықтық медицинамен (емшiлiкпен) шұғылдану құқығына арналған лицензияны беру және қайтарып алу шарттарын, тәртiбiн және осы қызметтi жүзеге асыру тәртiбiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
4. Халықтық медицина (емшiлiк) қызметтерiн көрсетуге денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бақылау жасайды.
5. Халықтық медицинамен (емшiлiкпен) заңсыз түрде шұғылданатын адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
34-бап. Ақылы медициналық көмек алудың негiздерi мен
тәртiбi
1. Ақылы медициналық қызметтердi мемлекеттiк және жеке денсаулық сақтау ұйымдары аурудың түрi мен медициналық және дәрiгерлiк қызметпен айналысуға арналған лицензияға сәйкес келгенде жеке медициналық iс-тәжiрибемен айналысатын жеке тұлғалар көрсетедi.
2. Ақылы қызметтiң түрлерi мен олардың баға прейскуранты мемлекеттік және жекеше денсаулық сақтау ұйымдарындағы және жекеше медициналық iс-тәжiрибемен айналысатын жеке адамдардағы көрнекi ақпарат арқылы азаматтардың назарына жеткiзiледi.
3. Ақылы негiзде көрсетiлетiн медициналық қызметтердiң бағалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалады.
4. Азаматтарға ақылы қызмет көрсеткен кездегi есепке алу-есеп беру медициналық құжаттамасын жүргiзу денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша жүзеге асырылады.
5. Денсаулық сақтау ұйымы азаматтар өтiнiш жасаған кезден бастап ақылы медициналық көмектi уақтылы және сапалы көрсету үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапты болады.
35-бап. Медициналық сараптаманың түрлерi
1. Қазақстан Республикасында медициналық сараптаманың мынадай түрлерi жүзеге асырылады:
1) емдеу-профилактикалық жұмыстың сараптамасы;
2) еңбекке уақытша қабiлетсiздiк сараптамасы;
3) медициналық-әлеуметтiк сараптама;
4) әскери-дәрiгерлiк сараптама;
5) сот-медицина, сот-психиатрия және сот-наркология сараптамалары;
6) санитарлық-эпидемиологиялық сараптама;
7) дәрiлiк заттардың сараптамасы;
8) ғылыми-медициналық сараптама.
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен медициналық сараптаманың басқа да түрлерi жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Медициналық сараптама азаматтардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз етудiң құрамдас бөлiгi болып табылады.
3. Медициналық сараптаманы жүргiзетiн сарапшыларды аккредитациялауды денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
4. Медициналық сараптаманы ұйымдастыру мен жүргiзу тәртiбiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
36-бап. Емдеу-профилактикалық жұмыстың сараптамасы
1. Емдеу-профилактикалық жұмыстың сараптамасы - медициналық көмек пен медициналық қызметтер көрсететiн жеке және заңды тұлғалардың емдеу-профилактикалық қызметiнiң деңгейi мен сапасы жөнiнде қорытынды жасау үшiн жүзеге асырылатын ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық iс-шаралардың жиынтығы.
2. Емдеу-профилактикалық жұмыстың сараптамасын оны өткiзу үшiн тиiстi жағдайы мен мүмкiндiгi бар медициналық ұйым Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртiппен жүргiзедi.
3. Емдеу-профилактикалық жұмыстың сараптамасына:
1) көрсетiлетiн медициналық көмектiң көлемi мен сапасын, медициналық ұйымдарды қаржыландыру мөлшерiнiң негiздiлiгiн анықтау;
2) медицина қызметкерлерiнiң бiлiктiлiк деңгейiнiң салалық нормативтер талаптарына сәйкестiгiн анықтау;
3) медициналық қондырғылармен жабдықталудың белгiленген нормативтерге сәйкестiгiн анықтау;
4) азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету;
5) азаматтардың көрсетiлетiн медициналық көмек пен медициналық қызметтердiң деңгейi мен сапасына қанағаттану дәрежесiн анықтау;
6) лицензиямен белгiленген медициналық көмек түрлерiнiң сәйкестiгiн анықтау;
7) медициналық көмек пен медициналық қызметтердiң сапасына байланысты проблемаларды анықтау, оны жақсарту және ұйымдастыруды жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды енгiзу кiредi.
4. Емдеу-профилактикалық жұмыстың сараптамасын ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
5. Емдеу-профилактикалық жұмыс сараптамасының қорытындысына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
37-бап. Еңбекке уақытша қабiлетсiздiк сараптамасы
1. Азаматтардың еңбекке уақытша қабiлетсiздiгi сараптамасын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен медициналық ұйымдардың дәрiгерлерi немесе дәрiгерлiк комиссия жүргiзедi.
2. Жекелеген жағдайларда облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдарының шешiмi бойынша мемлекеттiк сектордың медициналық ұйымдарында азаматтардың еңбекке уақытша қабiлетсiздiгiн сараптама жасау орта медициналық бiлiмi бар қызметкерге тапсырылуы мүмкiн.
Ескерту. 37-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы 2004.12.20.
N 13
(2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
38-бап. Медициналық-әлеуметтiк сараптама
1. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi азаматтарға, оның iшiнде он алты жасқа дейiнгi балаларға мүгедектiк тобын, оның себептерiн, мерзiмдерiн, мүгедектiк басталған уақытты және еңбекке қабiлеттiлiктi жоғалту деңгейiн белгiлейдi, сондай-ақ медициналық-әлеуметтiк, кәсiби оңалту жөнiндегi шаралардың түрлерiн, мерзiмдерiн және көлемiн айқындайды.
2. Медициналық-әлеуметтiк сараптаманы ұйымдастыру мен жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
3. Медициналық-әлеуметтiк сараптаманың қорытындысына азамат немесе оның заңды өкiлi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сотқа шағым жасауы мүмкiн.
39-бап. Әскери-дәрiгерлiк сараптама
1. Әскери-дәрiгерлiк сараптама денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке немесе әскери қызметке теңестiрiлген арнайы қызметке жарамдылықты белгiлеу үшiн, сондай-ақ әскери немесе арнаулы қызметтi (әскери жиындарды) өткерiп жүргенде азаматтардың сырқаттануының, мертiгуiнiң (жаралануының, жарақаттануының, контузия алуының) және қайтыс болуының себептi байланыстарын анықтау үшiн жүргiзiледi.
2. Әскери-дәрiгерлiк сараптаманы ұйымдастыру мен жүргiзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамдылық дәрежесi көрiнеу дұрыс белгiленбеген, азаматтың денсаулығының нашарлауына, мүгедектiкке немесе өлiмге әкеп соққан кезде, қабылданған шешiмге жауапты адам немесе адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысымен келiспеген жағдайда азаматтардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жоғары тұрған органдарға немесе сотқа шағым жасауға құқығы бар.
40-бап. Сот-медицина, сот-психиатрия және сот-наркология
сараптамалары
1. Сот-медицина, сот-психиатрия және сот-наркология сараптамалары мемлекеттiк денсаулық сақтау секторының медицина ұйымдарында жүргiзiледi.
2. Азаматтың немесе оның заңды өкiлiнiң сот-медицина, сот-психиатрия немесе сот-наркология сараптамаларын тағайындаған органның алдында сараптама комиссиясының құрамына тиiстi маманды оның келiсiмiмен енгiзу жөнiнде өтiнiш жасауға құқығы бар.
3. Сот-медицина, сот-психиатрия және сот-наркология сараптамаларын ұйымдастыру мен жасау тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
4. Сот-медицина, сот-психиатрия және сот-наркология сараптамаларының қорытындысына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
41-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама
1. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етудiң құрамдас бөлiгi болып табылады.
2. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары жүргiзедi және ол:
1) қоршаған тiршiлiк ортасы объектiлерiнiң санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға, халықтың денсаулығына әсерiн кешендi бағалауды;
2) адамдардың сырқаттануы мен улануының туындау себептерi мен жағдайларын зерттеудi;
3) шаруашылық немесе өзге қызмет процесiнде қабылданатын шешiмдердiң санитарлық-гигиеналық ережелердiң, гигиеналық нормативтердiң талаптарына сәйкестiгiн бағалауды қамтамасыз етедi.
42-бап. Дәрiлiк заттың сараптамасы
1. Дәрiлiк заттың сараптамасы - дәрiлiк затты физикалық-химиялық, биологиялық сынақтар, клиникалық зерттеулер жүргiзу арқылы оның қауiпсiздiгi, тиiмдiлiгi және сапасы тұрғысында зерттеу немесе сынау, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен дәрiлiк затты тiркеуге ұсынған нормативтiк құжаттарды зерделеу.
2. Дәрiлiк заттардың қауiпсiздiгiн, тиiмдiлiгiн және сапасын бағалауды сараптама комиссиялары дәрiлiк затқа оның нормативтiк құжаттарына сәйкес жүргiзiлген сараптама негiзiнде, денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.
3. Сараптаманы дәрiлiк затты әзiрлеуге және өндiруге тiкелей қатыспаған ұйымдар мен адамдар жүргiзедi.
43-бап. Ғылыми-медициналық сараптама
1. Ғылыми-медициналық сараптаманың объектiлерi:
1) iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеу бағдарламаларының жобалары;
2) республикалық нысаналы ғылыми-медициналық бағдарламалар;
3) аяқталған ғылыми-медициналық бағдарламалар мен жобалардың нәтижелерi;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларын алуға ұсынылған ғылыми жұмыстар;
5) денсаулық сақтау iс-тәжiрибесiне енгiзу үшiн жоспарланған ғылыми-медициналық әзiрлемелер болып табылады.
2. Ғылыми-медициналық сараптаманы өткiзу тәртiбiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
44-бап. Фармацевтикалық қызметтi мемлекеттiк реттеу
1. Фармацевтикалық қызметтi мемлекеттiк реттеудi:
Қазақстан Республикасының Yкiметi;
денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган;
облыстардың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқарудың жергiлiктi органдары;
фармацевтикалық қызмет саласындағы басшылықты iске асыратын мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
2. Фармацевтикалық қызметтi мемлекеттiк реттеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен:
1) дәрiлiк заттарды мемлекеттiк тiркеу;
2) фармацевтикалық қызметтi лицензиялау;
3) дәрiлiк заттарды сертификаттау;
4) фармацевтикалық қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғаларды аттестаттау;
5) фармацевтикалық қызметке мемлекеттiк қадағалау жасау;
6) уәкiлеттi органның:
негiзгi (өмiрлiк маңызы бар) дәрiлiк заттардың тiзiмiн;
аурулар түрлерiнiң және амбулаториялық емделу кезiнде дәрiлiк заттар, арнайы емдiк тағам рецепт бойынша тегiн немесе жеңiлдiктi жағдайда берiлетiн халықтың жекелеген санаттарының тiзбесiн бекiту рәсімін жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Ескерту. 44-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы 2004.12.20.
N 13
(2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
45-бап. Дәрiлiк заттардың қауiпсiздiгi мен сапасын
бақылаудың мемлекеттiк жүйесi
1. Қазақстан Республикасының аумағында жасалған және оның аумағына әкелiнетiн дәрiлiк заттар мемлекеттiң бақылау жасауына жатады.
2. Дәрiлiк заттардың қауiпсiздiгi мен сапасын бақылаудың мемлекеттiк жүйесiне:
фармацевтикалық қызмет саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
дәрiлiк заттарды әзiрлеуге, қауiпсiздiгiн, тиiмдiлiгiн және сапасын зерттеу мен сынауға арналған ғылыми-зерттеу ұйымдары, институттар, орталықтар, зертханалар;
дәрiлiк заттардың қауiпсiздiгiн, тиiмдiлiгiн және сапасын бағалау жөнiндегi сараптама комиссиялары;
дәрiлiк заттар туралы ақпарат жүйесi дәрiлiк заттарға сараптама жасау жөнiндегi орталық кiредi.
46-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметтiң
субъектiлерi
1. Негiзгi мiндетi ретiнде денсаулық сақтау саласындағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi, ғылыми кадрлар даярлауды жүзеге асыратын заңды тұлға денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйым (бұдан әрi - ғылыми ұйым) болып табылады.
2. Ғылыми ұйымдар ғылыми-зерттеу ұйымдарына (ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар), жоғары медициналық бiлiм беру ұйымдарына және ғылыми-медициналық қызметпен шұғылданатын өзге де ұйымдарға бөлінедi.
3. Ғылыми ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес медициналық және бiлiм беру қызметiмен шұғылдана алады.
Медицина ғылымы мен бiлiм беру саласында ғылым кандидаты мен ғылым докторының ғылыми дәрежелері үшiн мына адамдарға:
1) медициналық бiлiм беру ұйымдарының педагог қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңдарына сәйкес;
2) ғылыми бағдарламаларды орындайтын медициналық ғылыми ұйымдардың ғылыми қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңдарына сәйкес қосымша ақы белгiленедi.
4. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызмет субъектiлерi қатысқан қатынастарды реттеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
47-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметтi
үйлестiру
1. Iргелi және қолданбалы сипаттағы ғылыми әзiрлемелердiң басымдықтарын айқындауды, азаматтардың денсаулығын сақтауды ғылыми қамтамасыз ету саласындағы республикалық бағдарламаларды үйлестiрудi, медицина ғылымын дамыту тұжырымдамасын әзiрлеудi денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган ғылыми ұйымдардың құрылтайшысы болады.
3. Ғылыми зерттеу бағдарламаларын қаржыландыру бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
4. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган денсаулық сақтау саласындағы ғылыми бағдарламалардың кешендi сараптамасын жүзеге асырады.
Ескерту. 47-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы 2004.12.20.
N 13
(2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
48-бап. Денсаулық сақтау саласындағы бiлiм беру қызметi
1. Денсаулық сақтау жүйесi үшiн кәсiби ғылыми-педагог, медицина және фармацевтика қызметкерлерiн даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру денсаулық сақтау саласындағы бiлiм беру қызметiнiң мiндеттерi болып табылады.
2. Денсаулық сақтау саласындағы бiлiм беру қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес клиникалық базалар және мамандандырылған даярлықтың жоғары сапасын қамтамасыз ететiн қажеттi әлеуетi болған жағдайда жоғары, орта медициналық бiлiм беру ұйымдарында және бiлiм беру ұйымдарының медицина факультеттерiнде жүзеге асырылады. Бiлiм беру қызметiн қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылады.
3. Жоғары және орта медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру бағдарламаларын игерген адамдар үшiн мемлекеттiк үлгiдегi диплом, клиникалық мамандықтар бойынша - интернатураны бiтiргенiн растайтын мемлекеттiк үлгiдегi куәлiк олардың медициналық ұйымдарда қызмет лауазымдарын иеленуiне негiз болып табылады.
4. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiне жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiби бiлiм беру жоғары медициналық бiлiм беру мен ғылыми ұйымдардағы клиникалық ординатурада, магистратурада, аспирантурада және докторантурада жүзеге асырылады. Клиникалық ординатурада, магистратурада, аспирантурада және докторантурада медицина және фармацевтика қызметкерлерiн даярлау тәртiбi туралы ереженi денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган бекiтедi.
Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган сұраныстарды ескере отырып орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiби бiлiмдi мамандар даярлауды жоспарлау жүйесiн қамтамасыз етедi.
49-бап. Денсаулық сақтау саласындағы бiлiктiлiк
емтихандары
1. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшiн бiлiктiлiк емтихандары жоғары немесе орта медициналық немесе фармацевтикалық бiлiмi бар адамдардың кәсiби медициналық, дәрiгерлiк немесе фармацевтикалық қызметтi жүзеге асыруға дайындығын айқындау мақсатында өткiзiледi.
2. Санат берiлуi үшiн алғашқы бiлiктiлiк емтиханы интернатурадағы, ординатурадағы, аспирантурадағы оқу аяқталғаннан кейiн, ал орта медицина қызметкерлерi үшiн мамандығы бойынша үш жыл жұмыс iстегеннен кейiн өткiзiледi. Бiлiктiлiк емтихандары әрбiр бес жыл сайын өткiзiлiп тұрады. Маман кезектi бiлiктiлiк емтиханына медициналық бiлiм беру қызметiне арналған лицензиясы бар денсаулық сақтау ұйымдарында соңғы бес жыл iшiнде бiлiктiлiгiн арттырған жағдайда жiберiледi.
3. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшiн бiлiктiлiк емтихандарын өткiзудiң нәтижелерi бойынша қолданылу мерзiмi бес жылға, бiлiктiлiк деңгейi туралы белгiленген үлгiдегi құжат (маманның сертификаты) берiледi.
50-бап. Қазақстан Республикасы дәрiгерiнiң анты
1. Жоғары медициналық оқу орындарының медициналық мамандықтар бойынша оқып бiтiрген түлектерi Қазақстан Республикасы дәрiгерiнiң антын қабылдайды.
2. Қазақстан Республикасы дәрiгерi антының мәтiнiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
51-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң
құқықтары мен мiндеттерi
1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерiнiң:
кәсiби қызметiн жүзеге асыруға арналған жағдаймен қамтамасыз етiлуiне;
бес жылда кемiнде бiр рет өзiнiң бiлiктiлiк деңгейiн мемлекеттiк бюджеттiң немесе денсаулық сақтау саласының мемлекеттiк емес секторы ұйымының қызметкерлерi болса, жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен көтеруге;
штат санының қысқаруына немесе денсаулық сақтау ұйымдарының тарауына байланысты қызметкерлер босап қалған жағдайда, бюджет немесе жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен қайта даярлықтан өтуiне;
еңбек мiндеттерiн атқару кезiнде өздерiнiң денсаулығына немесе мүлкiне келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен өтетуге;
азаматтың өмiрiне қауiп төнген жағдайда ұйымдардың немесе азаматтардың меншiгiндегi байланыс құралдарын, сондай-ақ қолда бар көлiктiң кез келген түрін азаматты таяу жердегi медициналық ұйымға жеткiзу үшiн кедергiсiз және тегiн пайдалануға;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүріп-тұру сипатындағы қызметiне байланысты көлiк шығындарын өтетуге;
өзiнiң кәсiби ар-намысы мен абыройын қорғауға құқығы бар.
2. Мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарының ғылыми-педагог кадрларының бiлiктiлiгiн арттыру және қайта даярлау бюджет қаражаты, жұмыс берушiнiң қаражаты, өз қаражаты есебiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа көздер есебiнен жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк денсаулық сақтау секторы ұйымдарының ауылдық жерде және қала типіндегі кенттерде жұмыс істейтін медицина және фармацевтика қызметкерлерiне мынадай өтемақылар берiледi:
лауазымдық жалақыға жергiлiктi өкiлеттi органдар белгiлейтiн мөлшерде қосымша ақы;
коммуналдық қызметтерге және отынға арналған шығыстарды облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлеген мөлшерлерде бюджет қаражаты есебiнен өтеу;
жеке меншiгiнде малы барлар жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың шешiмi бойынша жем-шөппен, мал жайылатын және шөп шабылатын жер учаскелерiмен қамтамасыз етiледi.
4. Медицина және фармацевтика қызметкерлерi:
ауруларды профилактикалауға және азаматтардың денсаулығын тыңайтуға ықпал етуге, медициналық көмек көрсетуге;
аса шұғыл жағдайларда халыққа кешеуiлдетуге болмайтын медициналық көмек көрсетуге;
халық арасында медициналық бiлiмдi және салауатты өмiр салтын насихаттау жөнiндегi жұмысты жүргiзуге;
кәсiби этика талаптарын сақтауға, дәрiгерлiк құпияны сақтауға, азаматтың аурулары, интимдiк және отбасылық өмiрi туралы мәлiметтердi жария етпеуге;
кәсiби деңгейiн үнемi арттырып отыруға мiндеттi.
Ескерту. 51-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы 2004.12.20.
N 13
(2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
52-бап. Мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары
қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу
1. Мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
53-бап. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық
ынтымақтастық
1. Денсаулық сақтауды мемлекеттiк басқару органдарының, денсаулық сақтау ұйымдарының Қазақстан Республикасының заңдарына және халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық ынтымақтастықты және сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасының азаматтарын шет елге емделуге жiберу тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.