Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуірдегі N 405 Заңы

Жаңартылған

  МАЗМҰНЫ

      Осы Заң азаматтарды әлеуметтiк қорғаудың мемлекет жүзеге асыратын нысандарының бiрi ретiндегi мiндеттi әлеуметтiк сақтандырудың құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) Қордың активтерi - әлеуметтiк аударымдар, әлеуметтiк аударымдарды төлеу мерзiмi өтiп кеткендiгi үшiн алынған өсiмпұл, инвестициялық табыс және Қордың қызметiн қамтамасыз етуге арналған комиссиялық сыйақыны, әлеуметтiк төлемдерге бағытталған қаражатты және қате есептелген немесе артық төленген қаражатты қайтаруды шегерiп тастағанда, Қорға түсетiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де түсiмдер;
      2) Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры (бұдан әрi - Қор) - әлеуметтiк аударымдар алымын жинауды және мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы болған асыраушысынан айрылған жағдайда, оның асырауындағы отбасы мүшелерiн қоса алғанда, оған қатысты әлеуметтiк қатер жағдайы басталған мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыларға төлемдер төлеудi жүргiзетiн заңды тұлға;
      3) асыраушы - өзiнiң асырауындағы отбасының еңбек етуге қабiлетсiз мүшелерiн өз табысы есебiнен асыраушы адам;
      4) табысты ауыстыру коэффициентi - әлеуметтiк төлемнiң әлеуметтiк аударымдарды есептеу кезiнде негiзге алынған табыс мөлшерiне қатынасын айқындайтын коэффициент;
      5) асырауындағылар санының коэффициентi - қайтыс болған (coт хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелерiнiң санын ескеретiн коэффициент;
      6) қатысу стажының коэффициентi - мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысу стажына (күнтiзбемен есептегендегi уақыттың жалпы мөлшерiне) қарай айқындалатын коэффициент;
      7) еңбек ету қабiлетiнен айрылу коэффициентi - өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушының еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесiне қарай айқындалатын коэффициент;
      8) әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi - жұмыс берушiнiң қызметкерге орындалған жұмыстар, көрсетiлген қызметтер үшiн табыс түрiнде төлейтiн шығыстары. Өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамның әлеуметтiк аударымдарын есептеуге арналған объект оның алатын табыстары болып табылады;
      9) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру - еңбек ету қабiлетiнен айрылуына және (немесе) жұмысынан айрылуына, сондай-ақ асыраушысынан айрылуына байланысты кiрiстiң бiр бөлiгiн өтеу үшiн мемлекет ұйымдастыратын, бақылайтын және кепiлдiк беретiн шаралар жиынтығы;
      10) әлеуметтiк аударымдарды төлеушi (бұдан әрi - төлеушi) - осы Заңда белгiленген тәртiппен әлеуметтiк аударымдарды есептеудi және Қорға төлеудi жүзеге асырушы жұмыс берушi немесе өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адам;
      11) әлеуметтiк төлемдi алушы (бұдан әрi - алушы) - өзi үшiн Қорға әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген не оларды өзi төлеген және әлеуметтiк төлемдер тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган оған қатысты әлеуметтiк төлем тағайындау туралы шешiм шығарған жеке адам, ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген қатысушысы болып табылатын адам қайтыс болған жағдайда - қайтыс болған (coт хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелерi;
      12) өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адам (осы Заңға қолдануға болатын) - өздерiне табыс әкелетiн жұмыспен өздерiн қамтамасыз ететiн дара кәсiпкер, жеке нотариус, адвокат.
      Арнаулы салық режимiн қолданатын шаруа (фермер) қожалықтарына қатысты өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамдар ретiнде дара кәсiпкерлер - қожалық басшысы, сондай-ақ кәмелетке толған жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдан бастап шаруа (фермер) қожалығының кәмелетке толған мүшелерi танылады;
      13) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесi - мемлекет белгiлейтiн және кепiлдiк беретiн, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың арасындағы қатынастарды реттейтiн нормалар мен ережелердiң жиынтығы;
      14) әлеуметтiк төлемдер - алушының пайдасына Қор жүзеге асыратын ай сайынғы төлемдер;
      15) әлеуметтiк аударымдар - өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыға, ал асыраушысынан айрылған жағдайда оның асырауында болған отбасы мүшелерiне осы Заңға сәйкес әлеуметтiк төлемдер алу құқығын беретiн, Қорға төленетiн осы Заңда белгiленген мiндеттi төлемдер;
      16) әлеуметтiк қатер - еңбек ету қабiлетiнен айрылуына және (немесе) жұмысынан айрылуына, асыраушысынан айрылуына әкеп соқтырған оқиғаның басталуы, соның салдарынан өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы, не ол қайтыс болған жағдайда оның асырауында болған отбасының мүшелерi осы Заңға сәйкес әлеуметтiк төлемдердi алу құқығына ие болады;
      17) әлеуметтiк аударымдар ставкасы - әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнiң шамасына проценттiк қатынаспен көрсетiлген, Қорға төленетiн мiндеттi төлемдердiң тiркелген мөлшерi;
      18) әлеуметтiк аударымдарды және әлеуметтiк төлемдердi есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi ұйым (бұдан әрi - Орталық) - аймақтарда мiндеттi әлеуметтiк аударымдар мен әлеуметтiк төлемдер аударуды жүзеге асыратын, әлеуметтiк аударымдар мен төлемдердiң дербестендiрiлген, орталықтандырылған есебiн жүргiзетiн құрылымдық бөлiмшелерi (бұдан әрi - құрылымдық бөлiмшелер) бар мемлекеттiк кәсiпорын;
      19) уәкiлеттi орган - Қор қызметiне реттеу, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      20) әлеуметтiк төлемдер тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган - халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы орталық атқарушы орган және оның аумақтық бөлiмшелерi;
      21) еңбек ету қабiлетiнен айрылу - қызметкердiң жұмысты орындау, қызмет көрсету қабiлетiнен айрылуы, оның дәрежесi айрылған еңбек ету қабiлетiне проценттiк қатынастан көрiнедi;
      22) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы - өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар төленетiн және осы Заңда көзделген әлеуметтiк қатер жағдайлары басталған кезде әлеуметтiк төлем алуға құқығы бар жеке адам;
      23) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылар - төлеушi; мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы; алушы; Орталық; Қор; Қазақстан Республикасының Үкiмeтi; Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi; өзге де уәкiлеттi органдар.
       Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының   2006.12.11. N  201  (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап  қолданысқа  енгiзiледi) Заңымен.

       2-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар

      Осы Заң мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру түрлерi бойынша әлеуметтiк қатер жағдайының басталуына қарай мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыларды әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандарын құрумен байланысты осы Заңда көзделген қатынастарды реттейдi.

       3-бап. Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк
             сақтандыру туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       4-бап. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандырудың түрлерi

      Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру мынадай түрлерге бөлiнедi:
      1) еңбек ету қабiлетiнен айрылған жағдай;
      2) асыраушысынан айрылған жағдай;
      3) жұмысынан айрылған жағдай.

       5-бап. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандырудың
             негiзгi принциптерi

      Мiндеттi әлеуметтiк сақтандырудың негiзгi принциптерi мыналар болып табылады:
      1) Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңдарын сақтау мен орындаудың жалпыға бiрдейлiгi;
      2) әлеуметтiк төлемдердi қамтамасыз ету үшiн қолданылатын шараларға мемлекеттiң кепiлдiк беруi;
      3) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысудың мiндеттiлiгi;
      4) осы Заңға сәйкес әлеуметтiк аударымдарды әлеуметтiк төлемдерге пайдалану;
      5) әлеуметтiк төлемдердiң осы Заңда көзделген шарттар бойынша мiндеттiлiгi;
      6) әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн саралау;
      7) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруды қамтамасыз ететiн мемлекеттiк органдардың қызметiндегi жариялылық.

       6-бап. Әлеуметтiк төлемдердi алу құқығы

      Мемлекет азаматтарға әлеуметтiк қатер жағдайлары басталған кезде осы Заңда белгiленген шарттармен мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру түрлерi бойынша әлеуметтiк төлемдердi алу құқығына кепiлдiк бередi.

       7-бап. Әлеуметтiк аударымдардың сақталуын қамтамасыз ету

      1. Мемлекет Қордағы әлеуметтiк аударымдардың сақталуына және нысаналы пайдаланылуына кепiлдiк бередi.
      2. Әлеуметтiк аударымдардың сақталуы:
      1) Қордың қызметiн, оның қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ететiн, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тиiстi нормалар мен лимиттердi белгiлеу арқылы реттеу;
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi арқылы инвестициялық қызметтi жүзеге асыру;
      3) Қор активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi барлық операцияларды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнде есепке алу;
      4) Қордың өз қаражаты мен активтерiнiң бөлек есебiн жүргiзу;
      5) Қордың қызметiн қамтамасыз етуге арналған шығыстарға шектеулер енгiзу;
      6) жыл сайын аудит жүргiзудiң мiндеттiлiгi;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен Қордың ұдайы қаржылық және статистикалық есептiлiгi;
      8) Қор активтерiн инвестициялау үшiн қаржы құралдарының тiзбесi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң айқындауы арқылы қамтамасыз етiледi.

       8-бап. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандырылуға тиiстi адамдар

      Жұмыс iстейтiн зейнеткерлердi қоспағанда, қызметкерлер, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және Қазақстан Республикасының аумағында табыс келтiретiн қызметтi жүзеге асыратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қоса алғанда, өзін-өзi жұмыспен қамтыған адамдар міндетті әлеуметтiк сақтандырылуға тиiс.

       9-бап. Әлеуметтiк төлемдердi тағайындау жөнiндегi
             уәкiлеттi органның құзыретi

      1. Әлеуметтiк төлемдердi тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органның:
      1) әлеуметтiк төлемдердi тағайындау не тағайындаудан бас тарту туралы шешiм қабылдауға;
      2) еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесiн белгiлеуге;
      3) құжаттардың дұрыстығын тексеруге;
      4) әлеуметтiк төлемдердi тағайындауға қажеттi құжаттарды қабылдау және жiберу жөнiндегi талаптарды белгiлеуге құқығы бар.
      2. Әлеуметтiк төлемдердi тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган:
      1) әлеуметтiк төлемдердi тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы қабылданған шешiм жөнiнде өтiнiш берушiге Орталықтың құрылымдық бөлiмшелерi арқылы жазбаша түрде хабарлауға;
      2) әлеуметтiк төлемдердiң уақтылы және толық тағайындалуы мен олардың алынуын бақылауды қамтамасыз етуге;
      3) әлеуметтiк төлемдердi тағайындау және алу мәселелерi жөнiнде қажеттi түсiнiктемелер беруге мiндеттi.

       10-бап. Орталықтың және оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң
              құқықтары мен мiндеттерi

      1. Орталықтың және оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң:
      1) әлеуметтiк төлемдердi тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органға беру үшiн құжаттарды қабылдау мен олардың жиынтықтылығын тексерудi жүзеге асыруға;
      2) әлеуметтiк төлемдердi тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органның шешiмi негiзiнде Қорға Орталықтың шотына ақша аудару туралы сұрау салуға;
      3) осы Заңда көзделген қызметтердi көрсеткенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен республикалық бюджеттен қаражат алуға құқығы бар.

       РҚАО-ның ескертуі!
      2-тармақтың 1) тармақшасына 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  224  Заңымен өзгерту енгізіледі.
      2. Орталық және оның құрылымдық бөлiмшелерi:
      1) әлеуметтiк жеке код негiзiнде әлеуметтiк аударымдар мен әлеуметтiк төлемдердiң есебiн жүзеге асыруға және аптасына бiр рет салық органдарымен бiрге әлеуметтiк аударымдардың түсуiне тексеру жүргiзуге;
      2) әлеуметтiк төлемдерден жүргiзiлген ұстап қалу туралы алушыларды хабардар етуге;
      3) артық төленген сомаларды Орталық арқылы қайтару қажет болған жағдайда бұл туралы алушыға хабарлауға;
      4) Қорға жасалған аударымдардың мөлшерi мен мерзiмiне қарамастан, мiндеттi әлеуметтiк сақтандырылуға тиiстi адамдарға қызмет көрсетудiң тең жағдайларын қамтамасыз етуге;
      5) банктiк үш күн iшiнде әлеуметтiк аударымдарды Қорға аударуға;
      6) әлеуметтiк төлемдер тағайындауға арналған құжаттарды жасауға және оларды әлеуметтiк төлемдер тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органға осы Заңда көзделген мерзiмде беруге;
      7) алушыларға әлеуметтiк төлемдердiң аударылуын уақтылы қамтамасыз етуге;
      8) артық төленген әлеуметтiк аударым сомаларын осы қаражат Қордан Орталықтың шотына аударылған кезден бастап банктiк үш күн iшiнде төлеушiлерге аударуды жүзеге асыруға;
      9) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, әлеуметтiк аударымдар мен әлеуметтiк төлемдердiң жай-күйi мен қозғалысы туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
      10) осы Заңға сәйкес әлеуметтiк төлемдер тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органға және Қорға қажеттi есептiлiктi табыс етуге;
      11) әлеуметтiк төлемдердi алу мәселелерi бойынша қажеттi түсiндiрме беруге мiндеттi.

       11-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкiлеттi орган:
      1) Қордың қаржы тұрақтылығын талдауды, бағалауды және бақылауды жүзеге асырады;
      2) өздерiнiң бақылау және қадағалау функцияларын қамтамасыз ету үшiн Қордың қаржылық және өзге де есептiлiгiнiң тiзбесiн, нысанын, мерзiмiн айқындайды;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қордың басшы қызметкерлерi үшiн бiлiктiлiк талаптарын айқындайды, оларды тағайындауға келiсiм бередi;
      4) Қор қызметi туралы мәлiметтердi, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан өздерiнiң бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшiн қажеттi мәлiметтер алуға құқылы;
      5) Қор қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен инспекциялауға құқылы.
      6) <*>
       Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы  2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

       12-бап. Өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген
              мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне
              қатысушының және алушының құқықтары мен
              мiндеттерi

      1. Өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушының және алушының:
      1) осы Заңда көзделген әлеуметтiк қатер жағдайлары басталған кезде Орталық пен оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы әлеуметтiк төлемдер тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органға әлеуметтiк төлемдер тағайындау үшiн өтiнiш беруге;
      2) мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар алуына қарамастан, осы Заңда көзделген тәртiппен Қордан әлеуметтiк төлемдердi алуға;
      3) төлеушiден, Орталықтан және Қордан әлеуметтiк аударымдар мен әлеуметтiк төлемдердiң және аудару мен есептелуiнiң толықтығы және уақтылы болуы туралы, сондай-ақ әлеуметтiк төлемдердi тағайындау мен алу тәртiбi туралы ақпаратты сұратуға және тегiн алуға;
      4) әлеуметтiк төлемдер тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган мен өзге де мемлекеттiк органдардың, Орталықтың және оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң, Қордың осы Заңда белгiленген әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандарын алуға құқықтарын шектеуге байланысты iс-әрекеттерiне шағымдануға құқығы бар.
      2. Өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы және алушы:
      1) әлеуметтiк төлемдер тағайындауға қажеттi құжаттарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен табыс етуге;
      2) еңбек ету қабiлетiнен айрылған және (немесе) жұмысынан айрылған жағдайда әлеуметтiк төлемдер алған кезеңде Орталықтың құрылымдық бөлiмшелерiне өзiмен мiндеттi зейнетақы жарналарын төлеуге шарт жасасқан жинақтаушы зейнетақы қорының өзгергенi туралы хабарлауға;
      3) қате төленген сомаларды қайтарып алуға;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қайта куәландырудан өтуге және қайта куәландырудан өту мерзiмдерiн сақтауға мiндеттi.

       13-бап. Төлеушiнiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Төлеушiнiң:
      1) қате төленген әлеуметтiк аударым сомаларын қайтарып алуға;
      2) аударылған сомалар туралы қажеттi ақпаратты Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен Орталықтан сұратуға және тегiн алуға;
      3) осы Заңға сәйкес басқа да құқықтарын iске асыруға құқығы бар.
      2. Төлеушi:
      1) әлеуметтiк аударымдарды және әлеуметтiк аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегенi үшiн өсiмпұлды уақтылы және толық көлемiнде төлеуге;
      2) Қорға төленетiн әлеуметтiк аударымдар мөлшерiн есептеу мен қайта есептеудi, сондай-ақ әлеуметтiк аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемеген жағдайда өсiмпұл есептеудi дербес жүзеге асыруға;
      3) есептелген және аударылған әлеуметтiк аударымдар бойынша салық органдарына есептер беруге мiндеттi.

  2-тарау. Әлеуметтік аударымдар

       14-бап. Әлеуметтiк аударымдардың мөлшерi

      1. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылар үшiн Қорға төленуге тиiстi әлеуметтiк аударымдар мынадай мөлшерде белгiленедi:
      2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап - әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнен 1,5 процент;
      2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап - әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнен 2 процент;
      2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап - әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнен 3 процент.
      2. Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес арнаулы салық режимi қолданылатын өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамдар үшiн олардың өз пайдасына төлейтiн әлеуметтiк аударымдарының мөлшерi:
      2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап - Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленетiн ең төмен жалақының 1,5 процентi;
      2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап - Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленетiн ең төмен жалақының 2 процентi;
      2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап - Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленетiн ең төмен жалақының 3 процентi болады.

       15-бап. Әлеуметтiк аударымдарды есептеу

      1. Жұмыс берушiнiң қызметкерге табыс түрiнде төлейтiн шығыстарын есептеу Қазақстан Республикасының  Салық  кодексiнде көзделген тәртiппен жұмыс берушiнiң қызметкерлерге табыс түрiнде төлейтiн шығыстарына әскери қызметшiлердiң, iшкi iстер органдарының, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi Қылмыстық-атқару жүйесi комитетiнiң, қаржы полициясы органдары мен мемлекеттiк өртке қарсы қызмет қызметкерлерiнiң ақшалай үлесiн қоса отырып жүргiзiледi.
      2. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылар үшiн төленетiн әлеуметтiк аударымдарды есептеу ай сайын жүргiзiледi.
      Бұл ретте айлық табыс әлеуметтiк аударымдарды eceптеу үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген ең төмен жалақының он еселенген мөлшерiнен аспайтын мөлшерде алынады.
      3. Әлеуметтiк аударымдарды есептеудiң тәртiбi мен мерзiмiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
       Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы  2004.12.13.  N 11  (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       16-бап. Әлеуметтiк аударымдарды төлеу тәртiбi

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, төлеушi қорға әлеуметтiк аударымдарды Орталықтың банк шоты арқылы жүзеге асыру жолымен есептi айдан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей төлейдi.
      2.  алып тасталды
      3. Әлеуметтiк аударымдар қолма-қол нысансыз жүзеге асырылатын төлеу күнi банктен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардан әлеуметтiк аударымдар сомасына төлем тапсырмасының акцептiн алған күн болып, қолма-қол нысанда жүзеге асырылатын төлеу күнi төлеушiнiң банкке әлеуметтiк аударымдарды енгiзген кезiнен бастап есептеледi.
       Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы  2004.12.13.  N 11  (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       17-бап. Төлеушiнiң жауапкершiлiгi

      1. Уақтылы аударылмаған әлеуметтiк аударымдар сомаларын салық органдары өндiрiп алады немесе оларды төлеушi мерзiмi өткен әр күн үшiн (Қорға төлеген күндi қоса) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың 2,5 еселенген ресми ставкасы мөлшерiнде есептелген өсiмпұлмен қоса Қордың шотына аударуға тиiс.
      2. Әлеуметтiк аударымдар толық және (немесе) уақтылы аударылмаған жағдайда, салық органдары жиналып қалған берешек шегiндегi ақшаны төлеушiнiң банк шоттарынан өндiрiп алуға құқылы.
      Әлеуметтiк аударымдар бойынша берешектi өндiрiп алу Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен төлеушiге хабарлама жiберiле отырып, салық органының инкассолық өкiмi негiзiнде жүргiзiледi.
      Төлеушi әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлетiн мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың тiзiмiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мерзiмдерде салық органына табыс етуге мiндеттi.
      Клиентке қойылатын талаптардың бәрiн қанағаттандыру үшiн банк шотында (шоттарында) ақшасы болмаған немесе жеткiлiксiз болған жағдайда банк клиенттiң ақшасын алып қоюды Қазақстан Республикасының  Азаматтық кодексiнде  белгiленген кезектiлiк тәртiбiмен жүргiзедi.
      3. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар әлеуметтiк аударымдар сомаларын Қордың шотына осы сомалар төлеушiнiң банктiк шотынан есептен шығарылған күнi аударуға мiндеттi.
      4. Төлеушiнiң банк шоттары болмаған немесе төлеушiнiң банк (банктер) шотында (шоттарында) ақша жеткiлiксiз болған жағдайда, салық органы Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен төлеушiнiң қолма-қол ақшасынан өндiрiп алады. 
       Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы  2004.12.13.  N 11  (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз),   2006.12.11. N  201  (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап  қолданысқа  енгiзiледi) Заңымен.

       18-бап. Жүргiзiлген аударымдар туралы хабарлау

      Төлеушi тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнeн кешiктiрмей, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, өзi тiркелген салық органына мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылар үшiн есептелген және аударылған әлеуметтiк аударымдар бойынша есептi табыс етедi. <*>
      Есептiң нысанын және оны табыс етудiң тәртiбiн халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы орталық атқарушы органның келiсiмi бойынша мемлекет алдындағы салық мiндеттемелерiнiң орындалуын салықтық бақылауды қамтамасыз ететiн уәкiлеттi орган белгiлейдi. <*>
       Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы  2004.12.13.  N 11  (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       19-бап. Артық төленген әлеуметтiк аударымдарды қайтару

      Төлеушiнiң артық төлеген әлеуметтiк аударымдар сомасын Қор өтiнiш түскен күннен бастап банктiк он күн iшiнде төлеушiнiң банк шотына аударуға тиiс.

  3-тарау. Әлеуметтік төлемдерді тағайындау

       20-бап. Әлеуметтiк төлемдердi тағайындауға өтiнiш
              беру және әлеуметтiк төлемдер тағайындауға
              арналған құжаттарды қарау мерзімдері

      1. Әлеуметтік төлемдерді тағайындауға өтініш беру өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша Орталықтың құрылымдық бөлiмшелерiне әлеуметтiк төлемдердi тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша өтiнiш беру арқылы жүзеге асырылады. Өтiнiшке тiзбесi осы Заңмен белгiленетiн құжаттар қоса тiркеледi.
      2. Орталықтың құрылымдық бөлiмшелерi әлеуметтiк төлемдер тағайындауға қажеттi құжаттарды қабылдап алған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде оларды әлеуметтiк төлемдер тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органға бередi.
      3. Әлеуметтiк төлемдердi тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган құжаттар келiп түскен күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде оларды қарайды және әлеуметтiк төлемдер тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешiм қабылдайды. Әлеуметтiк төлемдердi тағайындаудан бас тартылған жағдайда ол бас тарту себептерi туралы өтiнiш берушiге жазбаша хабарлап, табыс етiлген құжаттарды Орталықтың құрылымдық бөлiмшелерi арқылы өтiнiш берушiге қайтаруға мiндеттi.
      4. Әлеуметтiк төлемдердi тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органның табыс етiлген құжаттардың дұрыстығына тексеру жүргiзуге құқығы бap. Осы мақсаттарда ол табыс етiлген құжаттарды сараптамаға жiберiп, оларды беруге негiз болған құжаттардың бар-жоғын тексере алады. Бұл peттe, әлеуметтiк төлемдер тағайындау туралы шешiм қабылдаудың кешiктiрiлуi және шешiм қабылдаудың ұзартылу мерзiмдерi, бiрақ бiр айдан аспайтын мерзiмге ұзартылуы туралы өтiнiш берушiге жазбаша түрде хабардар етiлуге тиiс.
      5. Кейiнгi өтiнiштер берiлген кезде әлеуметтiк төлемдердi тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган өтiнiш қайталап берiлген кезден бастап бес жұмыс күнi iшiнде төлем тағайындау немесе одан бас тарту туралы шешiм қабылдайды және төлем тағайындаудан бас тарту себептерi мен шағымдану тәртiбiн көрсете отырып, ол туралы Орталықтың құрылымдық бөлiмшелерi арқылы өтiнiш берушiге жазбаша түрде хабарлайды.
      Әлеуметтiк төлемдердi тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органның шешiмiне сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.
      6. Өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы - алушы деп танылған жағдайда, әлеуметтiк төлемдер осындай адам әлеуметтiк төлемдердi тағайындауға өтiнiш берген күннен бастап тағайындалады.
      7. Орталықтың құрылымдық бөлiмшелерiне өтiнiш берiлген күн Қордан әлеуметтiк төлемдер тағайындауға өтiнiш берiлген күн деп есептеледi.
      8. Әлеуметтiк төлемдер тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органның, Орталықтың және (немесе) Қордың кiнәсiнен уақтылы не толық алынбаған әлеуметтiк төлемдер сомасы өткен уақыт үшiн мерзiмi шектелмей төленедi және Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен мерзiмi өткен әрбiр күн үшiн (төлеу күнiн қоса) осы сомаларды төлеу күнiне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың 2 еселенген ресми ставкасынан аспайтындай мөлшерде индекстелуге тиіс.

       21-бап. Еңбек ету қабiлетiнен айрылған жағдайда
              әлеуметтiк төлем тағайындау және оның мөлшерi

      1. Еңбек ету қабiлетiнен айрылған жағдайдағы әлеуметтiк төлем өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыға, әлеуметтiк төлем алуға өтiнiш берген уақытта жұмысты тоқтатқанына немесе iстеп жатқанына қарамастан, тағайындалады.
      2. Еңбек ету қабiлетiнен айрылған жағдайда әлеуметтiк төлемдер тағайындау үшiн өтiнiшке:
      1) жеке басын куәландыратын құжат;
      2) тұрғылықты жерi туралы мәлiметтер;
      3) еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесiн куәландыруды жүргiзу мен белгiлеу туралы мәлiметтер қоса тiркеледi.
      3. Еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесiн куәландыру, белгiлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның келiсiмi бойынша әлеуметтiк төлемдердi тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайды. Құжаттарды ресiмдеу мерзiмi өтiнiш берiлген күннен бастап бiр айдан аспауға тиіс.
      4. Еңбек ету қабiлетiнен айрылған жағдайда әлеуметтiк төлем адам әлеуметтiк төлемдер тағайындауға өтiнiш берген күннен бастап, еңбек ету қабiлетiнен айрылды деп белгiленген барлық кезеңге тағайындалады.
      Еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесi өзгерген жағдайда әлеуметтiк төлем еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесi өзгерген күннен бастап еңбек ету қабiлетiнен айрылудың жаңадан белгiленген дәрежесiне сәйкес келетiн мөлшерде жүзеге асырылады. Бұл ретте әлеуметтiк төлемдердi тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган Орталыққа және оның құрылымдық бөлiмшелерiне әлеуметтiк төлемдер мөлшерiнiң өзгергенi туралы шығарылған шешiмге қатысты үш жұмыс күнi iшiнде хабарлайды.
      Қайта куәландырылушы еңбек етуге қабiлеттi деп танылған жағдайда, әлеуметтiк төлемдi тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган оны еңбек етуге қабiлеттi деп шешiм шығарған күннен бастап әлеуметтiк төлем тоқтатылады. Бұл ретте уәкiлеттi орган Орталыққа және оның құрылымдық бөлiмшелерiне шығарылған шешiм туралы үш жұмыс күнi iшiнде хабарлайды.
      5. Еңбек ету қабiлетiнен айрылған жағдайда ай сайынғы әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерi әлеуметтiк аударымдар объектiсi ретiнде ескерiлген соңғы жиырма төрт ай iшiндегi табыстың Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген ең төмен жалақының сексен процентiн шегергендегi орташа айлық мөлшерiн табысты алмастырудың, еңбек ету қабiлетiнен айрылу мен қатысу стажының тиiстi коэффициенттерiне көбейту арқылы айқындалады.
      Бұл ретте табысты алмастыру коэффициентi - 0,6 болады.
      Еңбек ету қабiлетiнен айрылу коэффициентi: жалпы еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесi сексеннен жүз процентке дейiн болатын еңбек ету қабiлетiнен айрылған адамдар үшiн - 0,7; жалпы еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесi алпыстан сексен процентке дейiн болатын еңбек ету қабiлетiнен айрылған адамдар үшiн - 0,5; жалпы еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесi отыздан алпыс процентке дейiн болатын еңбек ету қабiлетiнен айрылған адамдар үшiн - 0,3 болады.
      Қатысу стажының коэффициентi мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы үшiн: алты айдан кем болғанда - 0,1; алты айдан он екi айға дейiн - 0,7; он екi айдан жиырма төрт айға дейiн - 0,75; жиырма төрт айдан отыз алты айға дейiн - 0,85; отыз алты айдан қырық сегiз айға дейiн - 0,9; қырық сегiз айдан алпыс айға дейiн - 0,95; алпыс және одан да көп айларға - 1,0 болады.
      6. Алушы жасына қарай зейнетақы төлемдерiн алуға құқық беретiн жасқа жеткен кезде еңбек ету қабiлетiнен айрылу жағдайында берiлетiн әлеуметтiк төлемдер тоқтатылады.

       22-бап. Асыраушысынан айрылған жағдайда әлеуметтiк
              төлемнiң тағайындалуы және оның мөлшерi

      1. Қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының - өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушысының мына отбасы мүшелерi асыраушысынан айрылған жағдайда әлеуметтiк төлемдер тағайындалуына және алуға құқылы:
      1) он сегiз жасқа толмаған және, егер олар он сегiз жасқа толғанға дейiн мүгедек болып қалса, осы жастан асқан балалары, оның iшiнде асырап алған балалары, аға-iнiлерi, апа-сiңлiлерi мен немерелерi. Бұл ретте аға-iнiлерiнiң, апа-сiңлiлерi мен немерелерiнiң еңбек етуге қабiлеттi ата-аналары болмаған немесе олар ата-аналарынан алимент алмаған жағдайда. Егер осы тармақшада аталған адамдар жалпы орта, бастауыш кәсiби бiлiм беретiн оқу орындарының орта кәсiби және жоғары кәсiби бiлiм беретiн күндiзгi нысанында оқыған жағдайда, әлеуметтiк төлем оқу орнын бiтiргенге дейiн берiледi;
      2) жасына және еңбекке қабiлеттiлiгiне қарамастан, ата-анасының бiреуi немесе жұбайы, не атасы, әжесi, аға-iнiсi немесе апа-сiңлiсi, егер ол қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының бiр жарым жасқа толмаған балаларын, аға-iнiлерiн, апа-сiңлiлерiн немесе немерелерiн күтiп-бағумен айналысатын болса.
      2. Өздерi үшiн мiндеттi әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген ата-ананың - мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушының қамқорлығынсыз қалған балаларға тағайындалған әлеуметтiк төлемдер Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес айрылып қалған әрбiр ата-ана үшiн асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) төленедi.
      3. Бала кезiнен I немесе II топтағы мүгедектер деп танылған адамдарға әлеуметтiк төлемдер мүгедектiк белгiленген мерзiмге тағайындалады.
      4. Асыраушысынан айрылған жағдайда әлеуметтiк төлемдер тағайындау үшiн өтiнiшке:
      1) жеке басын куәландыратын құжат;
      2) отбасы құрамы туралы мәлiметтер;
      3) асыраушысының қайтыс болуы туралы куәлiктiң көшiрмесi немесе адамды хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы немесе қайтыс болды деп жариялау туралы соттық шешiмi;
      4) қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) адаммен туыстық қатынастарын растайтын құжаттың көшiрмесi (неке туралы, қайтыс болған асыраушының балаларының тууы туралы, асырап алу туралы куәлiктер);
      5) отбасы мүшелерiнiң оқушылар немесе студенттер болып табылатыны туралы оқу орнынан алынған анықтама (оқу жылының басында жыл сайын жаңартылады);
      6) қорғаншылық туралы құжат (қажет болған жағдайларда);
      7) мүгедектiк тобын куәландыруды жүргiзу және белгiлеу туралы мәлiметтер (он сегiз жасқа толмаған және осы жастан асқан балалары, оның iшiнде асырап алған балалары, аға-iнiлерi, апа-сiңлiлерi мен немерелерi бала кезiнен I немесе II топтағы мүгедектер деп танылған жағдайда) қоса тiркеледi.
      5. Қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған, асыраушысынан айрылған жағдайда әлеуметтiк төлем тағайындалуына және алуға құқығы бар отбасының барлық мүшелерiне бiр әлеуметтiк төлем тағайындалады.
      6. Қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшесiнiң жазбаша өтiнiшi бойынша оның әлеуметтiк төлем үлесi бөлiнедi және оған бөлек төленедi.
      Әлеуметтiк төлемнiң үлесiн бөлу әлеуметтiк төлемдер тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органға өтiнiш жасалған күннен бастап жүргiзiледi.
      7. Қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелерi санының өзгергенi және тиiсiнше әлеуметтiк төлемдердi қайта есептеу туралы шешiмдi әлеуметтiк төлемдер тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшесiнiң жазбаша өтiнiшi негiзiнде жүргiзедi. Бұл peттe әлеуметтiк төлемнiң мөлшерi әлеуметтiк төлем алуға құқығы бар отбасы мүшелерiнiң санына қарай тиiсiнше көбейедi немесе азаяды.
      8. Асыраушысынан айрылған жағдайда ай сайынғы әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерi әлеуметтiк аударымдар объектiсi ретiнде ескерiлген соңғы жиырма төрт ай iшiндегi табыстың Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген ең төмен жалақының сексен процентi шегерiлген орташа айлық мөлшерi табысты алмастыру, асырауындағылар санының және қатысу стажының тиiстi коэффициенттерiне көбейту арқылы айқындалады.
      Асыраушысынан айрылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлемдер қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелерiне қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының отбасы мүшесiнiң (мүшелерiнiң) әлеуметтiк төлем алу құқығы сақталатын кезең бойына ай сайын төленiп тұрады.
      9. Асырауындағылар санының коэффициентi мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушы қайтыс болғанға дейiн асырауында болған адамдар санына қарай айқындалады және асырауындағы бiр адам болса - 0,4, асырауында екi адам болса - 0,5, асырауында үш адам болса - 0,6, асырауында төрт және одан да көп адам болса - 0,8 болады.
      Бұл ретте табысты алмастыру коэффициентi мен қатысу стажының коэффициентi осы Заңның 21-бабына сәйкес есептеледi.

       23-бап. Жұмысынан айрылған жағдайда әлеуметтiк төлем
              тағайындау және оның мөлшерi

      1. Жұмысынан айрылған жағдайда берiлетiн әлеуметтiк төлем жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға адам жұмыссыз ретiнде тiркеуге өтiнiш берген күннен бастап тағайындалады.
      2. Жұмысынан айрылған жағдайда әлеуметтiк төлем тағайындау үшiн өтiнiшке:
      1) жеке басын куәландыратын құжат;
      2) тұрғылықты жерi бойынша мәлiметтер;
      3) жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның анықтамасы қоса тiркеледi.
      3. Жұмысынан айрылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлемнiң мөлшерi әлеуметтiк аударымдар объектiсi ретiнде ескерiлген соңғы жиырма төрт ай iшiндегi табыстың орташа айлық мөлшерiн тиiсiнше табысты алмастыру коэффициенттерiне және қатысу стажының коэффициентiне көбейту арқылы айқындалады.
      Бұл ретте кiрiстi алмастыру коэффициентi - 0,3 болады, ал қатысу стажының коэффициентi осы Заңның 21-бабына сәйкес есептеледi.
      4. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген жағдайда, оның жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтiк төлемдердi күнтiзбелiк есептеумен алғанда:
      алты айдан он екi айға дейiн - кемiнде бiр ай үшiн;
      он екi айдан жиырма төрт айға дейiн - екi ай бойы;
      жиырма төрт айдан отыз алты айға дейiн - үш ай бойы;
      отыз алты айдан жоғары - төрт ай бойы алуға құқығы бap.
      5. Өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтiк төлемдер алып тұрса, бiрақ жұмысқа орналасуына байланысты жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтiк төлемдер алу құқығынан айрылған жағдайда, кезектi әлеуметтiк төлемдер жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтiк төлем алған әрбiр айы үшiн мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мұндай қатысушысы үшiн он екi ай шегерудi негiзге ала отырып тағайындалады.

       24-бап. Әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн арттыру
              және есептеу

      Қордан берiлетiн әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн арттыру мен есептеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды.

  4-тарау. Әлеуметтік төлемдер және олардан ұстап қалу

       25-бап. Қордан берiлетiн әлеуметтiк төлемдер

      Әлеуметтiк төлемдер әлеуметтiк төлемдердi тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган шешiм шығарған айдан кейiнгi айдың 15-iнe дейiн алушының жеке шотына есептеу жолымен Орталықтың құрылымдық бөлiмшелерi арқылы жүргiзiледi. Төлемдердi кешеуiлдеткенi үшiн осы Заңның 20-бабының 8-тармағына сәйкес өсiмпұл есептеледi.

       26-бап. Әлеуметтiк төлемдерден ұстап қалу

      Еңбек ету қабiлетiнен айрылған және (немесе) жұмысынан айрылған жағдайда берiлетiн әлеуметтiк төлемдерден мiндеттi зейнетақы жарналары ұсталып қалады және олар Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарына сәйкес алушының жинақтаушы зейнетақы қорына жiберiледi.
      Бұл ретте еңбек ету қабiлетiнен айрылған және (немесе) жұмысынан айрылған жағдайда берiлетiн әлеуметтiк төлем алушылар әлеуметтiк төлемдердi тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган оларға әлеуметтiк төлемдер тағайындау туралы шешiм шығарғаннан кейiн Орталықтың құрылымдық бөлiмшелерiне жинақтаушы зейнетақы қорымен жасасқан зейнетақы шартының көшiрмесiн табыс етуге тиiс.

  5-тарау. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры

       27-бап. Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры

      1. Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры бiрден-бiр құрылтайшысы мен қатысушысы мемлекет болып табылатын акционерлiк қоғам нысанындағы коммерциялық емес ұйым.
      2. Қор өз мiндеттемелерi бойынша өзiнiң барлық мүлкiмен жауапты болады.

       28-бап. Қордың қызметi

      Қор өз қызметiн Қордың активтерiнен алатын комиссиялық сыйақы есебiнен жүзеге асырады.
      Комиссиялық сыйақының проценттiк ставкасының шектi шамасы мен оны пайдаланудың тетiгiн жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      Қордың өз қаражаты Қордың жарғылық капиталынан және комиссиялық сыйақыдан құралады және солардан тұрады.

       29-бап. Қордың құқықтары мен мiндеттерi

      1. Қордың:
      1) мiндеттi әлеуметтiк аударымдарды шоғырландыруды жүзеге асыруға;
      2) Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына байланысты қызметпен айналысуға;
      3) Қор қызметiн жүзеге асыруға комиссиялық сыйақы алуға;
      4) қаржы қозғалысы туралы Орталықтан ақпарат алуға;
      5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң қатысушыларынан Қор қызметiн қамтамасыз етуге қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға құқығы бар.
      2. Қор:
      1) Орталықтың әлеуметтiк төлемдердi жүзеге асыруы үшiн қаражаттың уақтылы аударылуын қамтамасыз етуге;
      2) Қордың уақытша бос қаражатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi арқылы қаржы құралдарына орналастыруға;
      3) жыл сайын аудит өткiзудi қамтамасыз етуге;
      4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де мiндеттердi атқаруға мiндеттi.
      3. Қор:
      1) Қор активтерiн кепiлге беруге;
      2) кәсiпкерлiкпен және осы Заңда көзделмеген өзге де қызметпен айналысуға құқылы емес.

       30-бап. Қордың инвестициялық қызметi

      1. Қор инвестициялық қызметтi Қор мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi арасында жасалатын шарт негiзiнде Қордың активтерiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi арқылы қаржы құралдарына орналастыру жолымен жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Қордың активтерiн шоғырландыру және орналастыру жөнiндегi, инвестициялық кiрiс алу жөнiндегi барлық операциялардың есебiн жүргiзедi және жасалған шартқа сәйкес Қор шоттарының және оның активтерiмен инвестициялық қызметтiң жай-күйi туралы Қорға тоқсан сайын есеп берудi табыс етiп отырады.

       31-бап. Қор активтерiнiң құрылуы

      1. Қордың активтерi:
      1) әлеуметтiк аударымдар, әлеуметтiк аударымдар төлеу мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн алынған өсiмпұл, Қордың қызметiн қамтамасыз етуге арналған комиссиялық сыйақылар шегерiлген инвестициялық табыс;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де көздер есебiнен құралады.
      2. Қордың активтерi мынадай мақсаттарға ғана:
      1) осы Заңға сәйкес әлеуметтiк төлемдердi жүзеге асыруға;
      2) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын қаржы құралдарына орналастыруға;
      3) артық төленген әлеуметтiк аударым сомалары мен өзге де қате есептелген қаражатты қайтаруға пайдаланыла алады.

       32-бап. Есеп жүргiзу және есеп беру

      1. Қор бухгалтерлiк есеп жүргiзедi және қаржылық есеп берудi Қордың өзiнiң қаражаты мен активтерi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бөлек табыс етедi.
      2. Қор бухгалтерлiк есеп жүргiзуде және есептiлiктi жасау кезiнде пайдаланылатын құжаттардың есебi мен сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi. Сақталуға жататын негiзгi құжаттардың тiзбесi және олардың сақталу мерзiмi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.

  6-тарау. Қорытынды ережелер

       33-бап. Дауларды шешу

      Қордың, Орталықтың, мемлекеттiк органдардың жеке және заңды тұлғалардың арасында осы Заңды орындау жөнiнде туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледi.

       34-бап. Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк
              сақтандыру туралы заңдарын бұзғаны үшiн
              жауаптылық

      Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңдарын бұзуға кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

       35-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті