Азаматтық авиацияны мемлекеттiк реттеу туралы

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 15 желтоқсан N 271 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы саласындағы қызметін мемлекеттiк реттеудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін белгілейді.

       1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 
      1) авиамаршрутқа арналған куәлiк - авиациялық маршрутты пайдалану құқығына берiлген құжат; 
      2) авиациялық қызмет көрсетулер - азаматтық авиацияның жолаушылардың, багаждың, жүктiң және почтаның әуе тасымалдарын ұйымдастыру мeн қамтамасыз етуге және авиациялық жұмыстарды орындауға байланысты қызмет көрсетулерi; 
      3) авиациялық маршрут (авиамаршрут) - үстiнде авиатасымалдар пункттерi арасындағы әуе қатынасы жүзеге асырылатын жер бетiнiң географиялық сипаттамасы немесе географиялық сипаттамалар құрастырылымы;
      4) авиациялық техника - азаматтық әуе кемелерi, олардың жабдығы, жинақтаушы бұйымдары, двигательдерi, тренажерлерi және азаматтық әуе кемелерiне жерде қызмет көрсету құралдары; 
      5) авиация персоналы - авиациялық бағдардағы кәсiби даярлығы бар, ұшуды ұйымдастыру, әуе кемелерiнiң қозғалысын басқару, әуе кемелерiне қызмет көрсету, авиациялық жұмыстарды орындау жөнiндегi, сондай-ақ тасымалдарды, ұшу қауiпсiздiгiн немесе авиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар; 
      6) азаматтық авиация - мынадай мақсаттарда: 
      а) жолаушылар, багаж, жүк және почта тасымалдау (әуе тасымалдары); 
      б) авиациялық жұмыстарды орындау; 
      в) оқу, спорт, мәдени-ағарту шараларын жүргiзу, техникалық шығармашылықты дамыту; 
      г) әуе кемесi пайдаланушысының жеке қажеттiлiктерiн қанағаттандыру; 
      д) iздестiру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу, дүлей апаттар бола қалған жағдайда көмек көрсету мақсатында пайдаланылатын авиация; 
      7) азаматтық авиация ұйымы - азаматтық авиация саласындағы қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға; 
      8) азаматтық әуе кемесi - азаматтық авиацияда пайдаланылатын және Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген әуе кемесi; 
      9) әуе еркiндiгi - тұрақты халықаралық әуе тасымалдарына қатысты бiр мемлекет екiншi мемлекетке немесе мемлекеттерге жолаушылар, багаж, жүк және почта тасымалдау үшiн өз аумағында ұшу мен қонуды жүзеге асыруға беретiн тасымалдау құқығы; 
      10) әуе тасымалдары - жеке және заңды тұлғалардың азаматтық әуе кемелерiмен жолаушылар, багаж, жүк және почта тасымалдау жөнiндегi қызметi;
      11) Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi - Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiн, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу жүргiзiлетiн құжат; 
      12) тұрақты емес (чартерлiк) рейс - тұрақты авиатасымалы болып табылмайтын коммерциялық әуе тасымалы; 
      13) тұрақты рейс - бекiтiлген кестеге сәйкес орындалатын рейс; 
      14) уақытша басқару - әуежай пайдаланушыдағы сертификаттың қолданылуын тоқтата тұру немесе оны керi қайтарып алу кезiнде енгiзiлетiн басқару; 
      15) уәкiлеттi орган - азаматтық авиация саласында мемлекеттiк саясат жүргізудi, азаматтық және эксперименттiк авиация қызметiне мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды, оны үйлестiру мен реттеудi және Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттiк басқару органы; 
      16) ұшу жарамдылығы - азаматтық әуе кемесiнiң қауiпсiздiгi мен ұшу сапасын қамтамасыз ететiн ұшу-техникалық сипаттамаларына жауап беретiн азаматтық әуе кемесiнiң техникалық жай-күйi; 
      17) ұшу қауiпсiздiгi - ұшудың қауiпсiз жүргiзiлуiн қамтамасыз ететiн шаралар кешенi, азаматтық әуе кемесiнiң және авиациялық қызметтер мен (немесе) жұмыстардың адам өмiрi мен денсаулығына қатерсiз ұшуды орындауға қабiлеттiлiгiн айқындайтын кешендi сипаттамасы.
       Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының  2006.12.29. N  209 , өзгерту енгізілді - 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       2-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық авиацияны
             мемлекеттiк реттеу туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының азаматтық авиацияны мемлекеттiк реттеу туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және осы Заңнан, әуе кеңiстiгiн пайдалану және Қазақстан Республикасы авиациясының қызметi мәселелерiн реттейтiн заң актiсiнен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
      2. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның күшi азаматтық авиация ұйымдарына және қызметi әуеде ұшуды орындау мен қамтамасыз етуге байланысты пайдаланушыларға қолданылады.

  2-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРДЫҢ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯНЫ МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТI

       4-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң азаматтық
             авиацияны мемлекеттiк реттеу саласындағы
             өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнің өкiлеттiгiне мыналар жатады:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастығы;
      2) авиациялық қауiпсiздiк ережелерiн бекiту;
      3) азаматтық әуе кемелерiмен тасымалдауға арналған қауiптi жүктердiң тiзбесiн бекiту;
      4)  алып тасталды
      5) Қазақстан Республикасының әуе кемелерiн, оларға берiлетiн құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi, сондай-ақ оларға берiлетiн құқықтарды куәландыратын құжаттардың нысанын мемлекеттiк тiркеу тәртiбiн айқындау;
      6)  алып тасталды
      7)  алып тасталды
      7-1)  алып тасталды
      8) авиамаршрутқа конкурс өткiзу ережелерiн бекiту;
      9) авиамаршруттарға куәлiктер беру ережелерiн бекiту;
      10) авиамаршруттарға субсидиялар жұмсау тәртiбiн бекiту;
      11) тағайындалған тасымалдаушыны анықтау;
      12) флагмандық әуе тасымалдаушысын анықтау және оны анықтау ережелерiн бекiту;
      13) рұқсаттар беру ережелерiн бекiту;
      14) уақытша басқару енгiзуге келiсiм беру;
      15)  алып тасталды
      15-1) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн азаматтық авиация саласындағы қызметтi жүзеге асыратын шетел авиакомпаниялары мен ұйымдарын, олардың филиалдары мен өкiлдiктерiн аккредиттеу тәртiбi мен шарттарын айқындау.
      16)  алып тасталды
       17) азаматтық әуе кемелерiнiң ұшу жарамдылығы нормаларын белгiлеу; 
      18) азаматтық әуе кемелерiн және аса жеңiл авиацияның әуе кемелерiн пайдаланушының сертификаттарын, тип сертификаттарын, аэродромның жарамдылық сертификаттарын, ұшу жарамдылығы сертификаттары мен нұсқа сертификаттарын сертификаттау және беру тәртiбiн бекiту; 
      19) азаматтық авиация саласындағы еңбек қауiпсiздiгi мен өндiрiстiк санитарияны қамтамасыз ету тәртiбiн айқындайтын, сондай-ақ ұшуларға аэронавигациялық қызмет көрсету жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi бекiту; 
      20) ұшу қауiпсiздiгi мен авиациялық қауiпсiздiк мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi бекiту; 
      21) ұшуды және авиациялық электр байланысын радиотехникалық қамтамасыз ету саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi бекiту;
      22) азаматтық авиация саласындағы техникалық регламенттердi бекiту.
       Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.29. N  209 , 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       5-бап. Азаматтық авиацияны мемлекеттiк реттеу
             саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi

      1. Уәкiлеттi органның құзыретiне мыналар жатады:
      1) азаматтық әуе кемелерiн ұшуға жарамды етiп ұстауды бақылау;
      2) ұшу қауiпсiздiгi ережелерiнiң, авиациялық қауiпсiздiк ережелерiнiң және адам өмiрi, денсаулығы, қоршаған орта үшiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi азаматтық авиация саласындағы өзге де нормативтiк құжаттардың сақталуын бақылау;
      3) халықаралық әуе тасымалдарының жүзеге асырылуын бақылау;
      4) азаматтық авиация қызметiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлеу;
      5) халықаралық азаматтық авиация ұйымдарында халықаралық ынтымақтастықты, оның iшiнде Қазақстан Республикасының атынан өкiлдiк етудi жүзеге асыру;
      6) әуе қатынасы мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттарды iске асыру;
      7)  алып тасталды
      8) азаматтық әуе кемелерiн және аса жеңiл авиацияның әуе кемелерiн сертификаттау және оларды пайдаланушының сертификаттарын, тип сертификаттарын, аэродромның жарамдылық сертификаттарын, ұшу жарамдылығы сертификаттары мен нұсқа сертификаттарын беру;
      9) жолаушылар, багаж, жүк және почта тасымалдау ережелерiн бекiту;
      10) тұрақты ұшу кестесiн бекiту;
      11) iшкi авиамаршруттарды бекiту;
      12) тұрақты емес ұшуға рұқсаттар беру, сондай-ақ тұрақты емес ұшуға рұқсаттар беру ережелерiн және осы рұқсаттарды беруден бас тарту негiздерiн белгiлеу;
      13) Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсе отырып уақытша басқаруды енгiзу және уақытша әкiмшiлiктi жасақтау;
      14) азаматтық әуе кемелерiнің техникалық пайдаланылуын бақылау ережелерiн бекiту;
      15) авиамаршрутты пайдалану шарттарын айқындау;
      16) авиамаршруттарға куәлiктер беру;
      17) техникалық регламенттердi әзiрлеу;
      18) авиация техникасын, әуежайларды, аэродромдарды меншiкке сатып алуға, мүлiктiк жалға, лизингке, сенiмгерлiк басқаруға алуға, сондай-ақ өзге де пайдалану құқығына рұқсаттар беру;
      19) Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiн, оларға берiлетiн құқықтарды және олармен жасалған мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу;
      20) аса жеңiл авиация аэродромдарының жарамдылығын анықтау тәртiбiн бекiту және аса жеңiл авиацияның авиациялық персоналын аттестаттаудан өткiзу;
      21) флагмандық әуе тасымалдаушысын айқындау ережелерiн әзiрлеу;
      22) ұшу қауiпсiздiгi мен авиациялық қауіпсiздiк талаптарының бұзылу есебiн жүргiзу;
      23) өз құзыретi шегiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарау;
      24) азаматтық авиация саласында ғылыми зерттеулер ұйымдастыру;
      25) авиациялық персоналды қайта даярлау бағдарламаларын бекiту;
      26) авиациялық персонал қызметтерiнің басшысы мен мамандары лауазымына бiлiктiлiк талаптарын бекiту;
      26-1)  алып тасталды
      26-2) Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясының жердегi радиосәулелендiру құралдарын мемлекеттiк тiркеу ережелерiн бекiту және олардың жарамдылық куәлiктерiн беру;
      26-3)  алып тасталды
      26-4) өз құзыретi шегiнде әуежай қызметiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер қабылдау;
      26-5) азаматтық авиация саласында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу жөнiнде нормативтiк құқықтық актiлер қабылдау;
      26-6) әуе кемелерiн есептен шығару ережелерiн қабылдау;
      26-7)  алып тасталды
      26-8)  алып тасталды
      26-9)  алып тасталды
      26-10) азаматтық авиация саласында инспекциялық қарауды және инспекциялық тексерудi жүзеге асыратын уәкiлеттi органның лауазымды тұлғаларына, авиациялық персоналдың қолданылып жүрген куәлiктерi бар, ұшуларды техникалық жағынан қамтамасыз ететiн экипаж мүшелерiне, бортсерiктерге, инженерлiк техникалық құрамға және ұлттық қауiпсiздiк органдарымен келiсiлгеннен кейiн әуе кемесiнiң ұшу кезiндегi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн персоналға халықаралық үлгiдегi сәйкестендiру карточкаларын беру;
      27)  алып тасталды
      28) киiм нысаны (погонсыз) үлгiлерiн және айырым белгiлерiн, нысанды киiм киiп жүру тәртiбiн, қамтамасыз ету нормаларын және азаматтық авиацияның оны киіп жүруге құқығы бар қызметкерлерi лауазымдарының (кәсiптерiнiң) тiзбесiн бекiту;
      29) Қазақстан Республикасының аумағында әрекет ететiн шетел авиакомпанияларын, олардың филиалдары мен өкiлдiктерiн аккредиттеу.
      2. Уәкiлеттi органның лауазымды адамдарының:
      1) азаматтық авиация ұйымдарының лауазымды адамдары мен пайдаланушыларға авиациялық қауiпсiздiктi және ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi бойынша орындалу мерзiмiн белгiлей отырып нұсқаулар және инспекторлық нұсқамалар беруге;
      2) азаматтық авиация ұйымдарының лауазымды адамдары мен пайдаланушылардан қажеттi ақпарат, құжаттар, соның iшiнде қаржылық құжаттар сұратуға, сондай-ақ өз функцияларын орындау үшін қажеттi түсiнiктемелер мен материалдар талап етуге;
      3) авиациялық персонал куәлiктерiн, кеме, ұшу аэродром құжаттамасын және өзге де құжаттаманы тексеруге;
      4) борттық құжаттаманың болуын, сондай-ақ, шетелдiк әуе кемелерін қоса алғанда, азаматтық әуе кемелерінің ұшу жарамдылығының талаптарына сәйкестiгiн тексеруге құқығы бар.
       Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.29. N  209 , 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

  3-тарау. АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯНЫ МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

       6-бап. Авиакомпаниялар

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тiзбеге сәйкес авиациялық жұмыстарды жүзеге асыратын авиакомпанияларды қоспағанда, азаматтық әуе кемелерiмен жолаушылар, багаж, жүк, почта тасымалдауды жүзеге асыратын және (немесе) азаматтық әуе кемелерiмен авиациялық жұмыстарды орындайтын авиакомпаниялар осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртіппен акционерлiк қоғам нысанында ғана құрылады.
      2. Авиакомпанияның ресми мәртебесi әдiлет органдарында заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеумен, уәкiлеттi орган берген әуежай пайдаланушы сертификатының болуымен айқындалады.
      Авиакомпания деген ресми мәртебесi жоқ бiрде бiр заңды тұлға "авиакомпания" деп атала алмайды немесе өзiн авиациялық қызмет көрсетулердi және (немесе) жұмыстарды жүзеге асырушы ретiнде сипаттай алмайды.
      3. Шетелдiк авиакомпаниялар Қазақстан Республикасы аумағындағы өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн шетел авиакомпаниялары, азаматтық авиация саласындағы қызметтi жүзеге асыратын шетел ұйымдары, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен аккредиттелуге жатады.
      Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн шетел авиакомпанияларын, олардың филиалдары мен өкiлдiктерiн аккредиттеуден:
      1) Қазақстан Республикасының шет мемлекетпен жасасқан келiсiмдерiнiң қолданылуы тоқтатылған жағдайда немесе осындай келiсiмдердiң Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтiн шетел авиакомпанияларын, олардың филиалдары мен өкiлдiктерiн ашуға қатысты шарттарымен айқындалған өзге де негiздi;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн шетелдiк авиакомпанияларды, олардың филиалдары мен өкiлдiктерiн аккредиттеудiң тәртiбi мен талаптары сақталмаған жағдайларда бас тартады.
      Шетел авиакомпанияларын аккредиттеу мерзiмi аккредиттеу үшiн қажеттi барлық құжаттар ұсынылған күннен бастан отыз күннен аспайды.
      4. Жолаушыларды, багажды, жүктi және почтаны тасымалдау жөнiндегi мiндеттемелер орындалмаған немесе тиiстi дәрежеде орындалмаған жағдайда авиакомпаниялар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, Қазақстан Республикасының көлiк туралы заң актiлерiнде, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде, сондай-ақ тараптардың келiсiмдерiнде белгiленген жауапкершiлiкте болады.
       Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       7-бап. Авиамаршруттар

      1. Авиамаршруттар халықаралық және iшкi авиамаршруттардан тұрады. Халықаралық авиамаршруттар Қазақстан Республикасының халықаралық келiсiмдерiне сәйкес белгiленедi. Iшкi авиамаршруттарды уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      Авиамаршруттарды бөлу конкурстық негiзде жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе ол уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органның шешiмдерi негiзiнде жүзеге асырылатын авиамаршруттар бойынша тұрақты тасымалдар, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерi негiзiнде жүзеге асырылатын, авиамаршруттың тиiмдi жұмыс iстеуiне қажеттi кiрiс деңгейiн қамтамасыз етпейтiн тасымалдарға тиiстi бюджетте көзделген қаражат есебiнен субсидия берiлуге тиiс.
      3. Авиамаршрутқа берiлген куәлiк авиакомпанияның белгiлi бiр авиамаршрутта жолаушылар, багаж, жүк және почта тасымалдарын орындау құқығын куәландырады.
      Авиамаршрут куәлiгiн тасымалдар түрлерi мен аталған куәлiктiң қолданылу мерзiмiн көрсетiп уәкiлеттi орган бередi.
      Авиамаршрут куәлiгiн иелiктен айыруға болмайды және ол басқа жеке және заңды тұлғаларға берiп жiберiлмейдi.
      Бiр авиамаршрутқа бiрнеше куәлiк берiлуi мүмкiн.
      Егер авиакомпанияда, болжамдалған кiрiстi ескермегенде, бекiтiлген кестеге сәйкес бiр ай iшiнде ұшуды қамтамасыз ету үшiн қажеттi қаржы қаражаты болмаған жағдайда, авиамаршрутқа куәлiк беруден бас тартылуы мүмкiн.
      Авиамаршрут куәлiгiн беруге негiз болған шарттар бұзылған жағдайда, оны уәкiлеттi орган керi қайтарып алуы мүмкiн.
      4. Тұрақты емес ұшуды орындау уәкiлеттi органның рұқсатымен ғана жүзеге асырылады.
      5. Басқа мемлекеттің немесе мемлекеттердің тағайындалған тасымалдаушысына қатысты әуе еркiндiгiн, тасымалдау құқығын беру шарттары әуе қатынастары туралы халықаралық келiсiмдермен белгiленедi.

       8-бап. Ұлттық, тағайындалған, флагмандық тасымалдаушылар

      Ұлттық тасымалдаушы - Қазақстан Республикасында тiркелген және әуежай пайдаланушы сертификаты бар әуе тасымалдаушысы.
      Тағайындалған тасымалдаушы - әуе қатынасы туралы екiжақты немесе көпжақты халықаралық келiсiмнiң шарттарына сәйкес әуе тасымалдарын жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасынан тағайындалған әуе тасымалдаушысы.
      Флагмандық тасымалдаушы - тұрақты және тұрақты емес халықаралық әуе тасымалдарын жүзеге асыру үшiн мемлекет тағайындаған әуе тасымалдаушысы.
      Қазақстан Республикасының флагмандық әуе тасымалдаушысын тағайындалған әуе тасымалдаушылары арасынан конкурстық негiзде Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды және оған халықаралық авиамаршруттарды пайдалану кезiнде басымдық берiледi.
       Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       9-бап. <*>

       Ескерту. 9-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 

       10-бап. Азаматтық авиация саласындағы сәйкестiктi растау

       Сәйкестiктi растау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
       Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N  209  Заңымен.

       11-бап. Азаматтық авиация ұйымдарының аудитi

      Азаматтық авиация ұйымдары жыл сайынғы аудиттi жүргiзуге мiндеттi. Бұл талап Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тiзбе бойынша авиациялық жұмыстарды жүзеге асыратын авиакомпанияларға қолданылмайды.

       12-бап. Рұқсаттар

      Азаматтық авиация ұйымдары авиациялық техниканы, аэродромдарды, әуежайларды меншiкке сатып алуға, мүлiктiк жалға, лизингке, сенiмгерлiк басқаруға алуға, сондай-ақ өзге де пайдалану құқығына уәкiлеттi органнан рұқсат алуға мiндеттi.
      Ұшу жарамдылығының нормаларына, мемлекеттiк стандарттарға сәйкес келмеген, тиiстi сертификат болмаған жағдайда уәкiлеттi орган рұқсат беруден бас тартады.

       13-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе
              кемелерiн, оларға берiлетiн құқықтарды және
              олармен жасалған мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу

      1. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiн оларға берiлетiн құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге тиiс. Уәкiлеттi органның азаматтық әуе кемелерiне меншiк құқығын және басқа құқықтарды, сондай-ақ азаматтық әуе кемелерiне ауыртпалықтарды Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде есепке алу рәсiмi мемлекеттiк тiркеу болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiне құқықтар мемлекеттiк тiркеу объектiлерi болып табылады. Мыналар:
      1) меншiк құқығы;
      2) шаруашылық жүргiзу құқығы;
      3) оралымды басқару құқығы;
      4) мүлiктi жалға алу құқығы;
      5) сенiмгерлiкпен басқару құқығы;
      6) кепiл;
      7) азаматтық әуе кемелерiне өзге де құқықтар, сондай-ақ осы құқықтардың ауыртпалықтары тiркелуге тиiс.
      3. Мәмiлелердiң және өзге де заңды фактiлердiң нәтижесiнде азаматтық әуе кемелерiне құқықтардың (ауыртпалықтардың) өзгертiлуi мен тоқтатылуы да тiркелуге тиiс.
      4. Мемлекеттiк тiркеу үшiн ұсынылатын құжаттардың тiзбесiн уәкiлеттi орган бекiтедi.

       14-бап. Уақытша басқару

      1. Ұлттық қауiпсiздiк мүдделерiне, азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қатер төнген жағдайда және азаматтық авиацияның тұрақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасы Үкiметiмен келiсе отырып халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежай пайдаланушыға қатысты уақытша басқару енгiзуге құқығы бар.
      2. Халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежай пайдаланушыны уақытша басқару халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежай пайдаланушыға қатысты әкiмшiлiк, заңдық, қаржылық, ұйымдастыру-техникалық және өзге де кешенді іс-шаралар мен рәсiмдердi мәжбүрлеп жүргiзудi бiлдiредi.
      Уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiм бiр тараптың екiншi тарапқа бағынуына негiзделген әкiмшiлiк-билiктiк шешiм болып табылады және оны уәкiлеттi орган қабылдайды. 
      Сертификаттың қолданылуы тоқтатыла тұрған жағдайда уақытша басқару сертификаттың қолданылуы тоқтатыла тұрған мерзiмге енгiзiледi.
      3. Халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежай пайдаланушыны уақытша басқаруды уақытша әкiмшiлiк жүзеге асырады.
      Халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежай пайдаланушыны уақытша басқару оның қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      4. Халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежай пайдаланушыға уақытша басқару кезеңiнде заңсыз әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген зиян үшiн уақытша әкiмшiлiк мүшелерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жауаптылықта болады.
      5. Халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежай пайдаланушыға уақытша басқару енгiзу туралы уәкiлеттi органның шешiмi бұйрықпен ресiмделедi және мыналарды қамтуға тиiс:
      1) халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежай пайдаланушының атауы, оның орналасқан жерi мен мекен-жайы;
      2) уақытша басқаруды енгiзу негiздерi;
      3) уақытша басқару iсiнiң басталуы және оның мерзiмi;
      4) халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген уақытша басқару режимiндегi әуежай пайдаланушының басшы қызметкерлерiне өз жұмысы жөнiнде есеп дайындау және осы құжаттарды уақытша әкiмшiлiкке беру туралы нұсқама.
      6. Уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмге сот тәртiбiмен меншiк иесi, әуежай пайдаланушы немесе пайдаланушы акционерлерiнің жалпы жиналысы уәкiлеттiк берген адам шағым жасауы мүмкiн. Аталған шешiмге шағым жасау уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмiнің қолданылуын тоқтата тұрмайды.
      7. Уәкiлеттi органның уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмi үш жұмыс күнi iшiнде осы баптың 3-тармағының екiншi бөлiгiнде аталған қаражат есебiнен, мемлекеттiк тiлде және орыс тiлінде кемiнде екi республикалық бұқаралық ақпарат құралында жарияланады.
       Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.04.15.  N 45 , 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен. 

       15-бап. Уақытша әкiмшiлiк

      1. Уәкiлеттi орган уақытша әкiмшiлiк құрады, оның құрамына меншiк иесi мен уақытша басқару енгiзiлетiн әуежай пайдаланушының өкілдері кіруі мүмкін.
      2. Халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежай пайдаланушының уақытша басқаруы қолданылатын кезеңде:
      1) әуежайды пайдаланушының басқару жөнiндегi барлық өкiлеттiгi уақытша әкiмшiлiкке өтедi;
      2) халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежайды пайдаланушының басқару жөнiндегi құқықтары тоқтатыла тұрады;
      3) халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежай пайдаланушы басқару органдарының және оның басшы қызметкерлерiнiң өкiлеттiгi тоқтатыла тұрады;
      4) халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежай пайдаланушының атынан және есебiнен уақытша әкiмшiлiктiктiң сыртынан және жазбаша келiсiмiнсiз жасалған мәмiлелер жарамсыз деп танылады.
      3. Уақытша әкiмшiлiк:
      1) осы Заңмен айқындалған құзыретi шегiнде халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежай пайдаланушы қызметiнiң барлық мәселелерi бойынша дербес шешiм қабылдауға;
      2) халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежай пайдаланушының атынан шарттар жасасуға және құжаттарға қол қоюға;
      3) халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежай пайдаланушының атынан және оның мүддесiнде өкiлдiктi, оның iшiнде сотта да жүзеге асыруға;
      4) халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежайды пайдалануға байланысты өндiрiстiк мәселелердi бағалау үшiн тәуелсiз сарапшыларды тартуға;
      5) халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежайды пайдаланушыны уақытша басқару кезеңiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, өз құзыретi шегiнде бұйрықтар шығаруға құқылы.
      4. Халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежайды пайдаланушының уақытша басқару мерзiмi iшiнде уақытша әкiмшiлiктің қызметiн бақылауды:
      1) халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежайды пайдаланушыны уақытша басқару кезеңiндегi қызметтiң негiзгi бағыттары туралы уақытша әкiмшiлiкке ұсыныстар беруге;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уақытша әкiмшiлiктің өз қызметi және халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежайды пайдаланушының қызметi туралы ақпарат беруiн талап етуге;
      3) уақытша әкiмшiлiктiң атқарылған жұмыс туралы есебiн тыңдап, бекiтуге құқылы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      5. Уақытша әкiмшiлiктi құрудың, оның қызметiн ұйымдастырудың өзге де мәселелерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
      6. Уақытша әкiмшiлiк мүшелерi мен азаматтық авиация ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдарымен реттеледi.

       16-бап. Уақытша басқаруды тоқтату

      1. Халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежайды пайдаланушының уақытша басқаруы мынадай негiздер:
      1) уәкiлеттi органның шешiмiмен белгiленген уақытша басқару мерзiмiнiң аяқталуы;
      2) уәкiлеттi органның уақытша басқаруды мерзiмiнен бұрын аяқтау туралы шешiм қабылдауы;
      3) сот шешiмiнiң заңды күшiне енуi бойынша тоқтатылады.
      2. Халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежайды пайдаланушының уақытша басқаруын оның енгiзiлуiн туғызған себептердiң жойылуына байланысты (соның iшiнде мерзiмiнен бұрын) тоқтату халықаралық авиарейстердi орындауға рұқсат берiлген әуежайды пайдаланушыға қатысты уәкiлеттi орган немесе уақытша әкiмшiлiк белгiлеген барлық шектеулердiң жойылуына негiз болады.

       17-бап. Әуежайлар мен авиакомпаниялардың авиациялық
              қауiпсiздiк қызметтерiнің жұмыс ерекшелiктерi

      1. Әрбiр әуежай мен авиакомпанияның өз құрылымында тиiстi қажеттi техникалық құралдармен және кадр құрамымен жасақталған авиациялық қауіпсiздiк қызметi болуы мiндеттi.
      Азаматтық авиация ұйымдарының авиациялық қауiпсiздiк қызметтерiнің жұмысы уәкiлеттi органмен, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдарымен, құқық қорғау және өзге де мемлекеттiк органдармен олардың құзыретiне сәйкес өзара қатынаста жүзеге асырылады.
      Авиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн әуежай мен авиакомпанияның бiрiншi басшысы, сондай-ақ авиациялық қауiпсiздiк қызметтерiнің басшылары дербес жауапкершiлiкте болады.
      2. Азаматтық авиацияның барлық ұйымдары авиациялық қауiпсiздiк қызметтерiне, олар авиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде өздерiне жүктелген мiндеттердi орындауы үшiн, қажеттi жағдайлар жасауға міндеттi. Азаматтық авиация ұйымдары авиациялық қауiпсiздiк қызметiнiң қызметтiк мiндеттердi орындауына кедергi жасауға құқығы жоқ.
      3. Әуежайлар мен авиакомпаниялардың авиациялық қауiпсiздiк қызметтерi, авиациялық қауiпсiздiк жөнiнде белгiленген ережелерге сәйкес, азаматтық авиация қызметiне заңсыз араласу әрекетiнен қорғауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
      4. Қазақстан Республикасының азаматы ғана авиациялық қауiпсiздiк қызметінің басшысы болуы мүмкiн. Әуежайлар мен авиакомпаниялардың авиациялық қауiпсiздiк қызметiнiң басшысын тағайындау мен қызметтен босату уәкiлеттi органмен және ұлттық қауiпсiздiк органдарымен келiсе отырып жүргізiледі.
      5. Азаматтық авиация ұйымдары авиациялық қауiпсiздiк қызметтерiнiң басшысы мен мамандарының қызметтерiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарын Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдарымен келiсе отырып уәкiлеттi орган белгiлейдi.

  4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР

       18-бап. Осы Заңды бұзғандық үшiн жауаптылық

      Осы Заңның бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.

       19-бап. Өтпелi ережелер

      1. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн құрылған азаматтық авиация ұйымдары осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл iшiнде өзiнiң құрылтай құжаттарына тиiстi өзгерiстер енгiзуге мiндеттi.
      2. Осы баптың 1-тармағының талаптарын орындамаған азаматтық авиация ұйымдары аталған тармақта белгiленген мерзiм аяқталған күннен бастап үш айдан кешiктiрмей ұйымды қайта ұйымдастыруға немесе таратуға мiндеттi.

       20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      Осы Заң 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті