Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2000 жылғы 30 қараша N 109-II

Жаңартылған

      Осы Заң бағалау объектiлерiнiң нарықтық немесе өзгеше құнын белгiлеу мақсатымен бағалау қызметiн жүзеге асыру кезiнде туындайтын қатынастарды реттейдi, бағалау қызметi субъектiлерiнiң олардың құқықтары мен мiндеттерiн айқындайды. <*>
      Ескерту. Кіріспе өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      1-ТАРАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы
              заңдары

      1. Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына  негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) тапсырыс берушi - бағалаушының қызметтерiн тұтынушы жеке немесе заңды тұлға;
      1-1) бағалау - бағалау объектісінің ықтимал рыноктық немесе өзге де құнын айқындау; <*>
      2) өзге құн - нарықтық құннан басқа, бағалау объектiсiнiң өзге құны; <*>
      3) бағалау әдiсi - бағалау объектiсiнiң нарықтық және өзге құнын белгiлеу үшiн пайдаланылатын заңдық, қаржы-экономикалық және ұйымдастыру-техникалық сипаттағы iс-қимыл жиынтығы;
      3-1) бағалау амалы - бағалаудың бір немесе бірнеше әдістерін пайдалана отырып, бағалау объектісінің ықтимал рыноктық немесе өзге құнын айқындау тәсілі; <*>
      3-2) бағалау стандарттары - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленетін және стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін, бағалау қызметі саласындағы ережелер, принциптер және сипаттамалар жалпыға бірдей және бірнеше қайтара пайдалану үшін белгіленетін нормативтік құжат; <*>
      4) бағалау қызметi - бағалаушылар жүзеге асыратын, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, бағалау объектiсiне қатысты белгiлi бiр күнге нарықтық немесе өзгеше құнын белгiлеуге бағытталған кәсiпкерлiк қызмет; <*>
      5) <*>
      6) бағалау туралы есеп - тапсырыс берушiге берiлетiн, бағалау жөнiндегi жұмыстардың нәтижесi туралы бағалаушының уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша және осы Заңның талаптарына сай келетiн жазбаша хабарламасы;
      7) бағалаушы - бағалау қызметiн жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлға;
      8) қайтадан бағалау - бағалау қызметінің субъектілері арасында бағалау нәтижелері бойынша туындайтын даулардың салдарынан объектінің нарықтық немесе өзге құнын белгілеу;
      9) бағалау қызметі саласындағы нормативтік құқықтық актілер - бағалау жүргізуге, бағалау туралы есептердің пайдаланылатын амалдары мен әдістеріне, мазмұны мен нысанына талаптар белгілейтін актілер;
      10) нарықтық құн - мәмiле жасаушы тараптар бағалау объектiсi туралы мүмкiн болатын барлық ақпаратты иелене отырып әрекет жасайтын, бәсекелестiк жағдайындағы мәмiленiң негiзiнде сол объектiнi иелiктен шығаруға болатын неғұрлым ықтимал баға, ал мәмiленiң бағасына қандай да болсын төтенше жағдайлар әсер етпейдi, яғни:
      мәмiле жасаушы тараптардың бiрi бағалау объектiсiн иелiктен шығаруға, ал екiншi бiр тарап сатып алуға мiндеттi болмайды;
      мәмiле жасаушы тараптар мәмiле нысанасы туралы жақсы хабардар бола отырып, өз мүдделерiне сай әрекет жасайтын болады;
      мәмiленiң бағасы бағалау объектiсi үшiн берiлетiн ақшалай сыйақының эквивалентi болып табылады және мәмiле жасаушы тараптарға қандай да болсын тараптан мәжбүрлеу болмайды;
      11) бағалау қызметiнiң мақсаты - бағалау объектiсiнiң ықтимал нарықтық немесе өзге құнын анықтау;
      12) уәкілетті органдар - бағалау қызметін лицензиялауды және бақылау функцияларын, сондай-ақ реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар; <*>
      13) бағалау күні - бағалау объектісінің ықтимал рыноктық немесе өзге құны айқындалатын күн немесе уақыт кезеңі. <*>
      Ескерту. 2-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      3-бап. Бағалау қызметінің негізгі принциптері

      Бағалау қызметінің негізгі принциптері объективтілік және дұрыстық болып табылады. <*>
      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      4-бап. Бағалау қызметінің субъектілері

      Бағалаушылар, тапсырыс берушілер және үшінші тұлғалар бағалау қызметінің субъектілері болып табылады. <*>
      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      5-бап. Бағалау объектiлерi

      Бағалау объектiлерiне:
      1) жекелеген материалдық объектiлер (заттар), оның iшiнде қараусыз қалған, иесiз мүлiктер;
      2) тұлғаның мүлкiн, оның iшiнде мүлiктiң белгiлi бiр түрiн (жылжымалы немесе жылжымайтын) құрайтын заттардың жиынтығы;
      3) меншiк құқығы және мүлiкке немесе мүлiктiң құрамындағы жекелеген заттарға өзге де заттық құқықтар;
      4) мiндеттеменi (борышты) талап ету құқығы;
      5) жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер, ақпарат;
      6) интеллектуалдық меншік құқығының объектілері;
      7) азаматтық құқықтардың өзге де объектілері жатады.
      Ескерту. 5-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      6-бап. Бағалау түрлерi

      1. Мiндеттi және бастамашылық бағалау - бағалау түрлерi болып табылады. <*>
      2. Мiндеттi бағалау Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес:
      1) жеке тұлғалардың кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылмайтын жылжымайтын объектiлерiне салық салу үшiн, сондай-ақ шаруа (фермер) қожалықтарының жер учаскелерiнiң бағалау құнын анықтау үшiн;
      2) жекешелендiру, сенiмгерлiк басқаруға не жалға (кейiннен сатып алатын жалға) беру үшiн;
      3) ипотекалық кредит беру үшiн;
      4) меншiк иесiнен мүлiктi мемлекеттiк қажеттерге сатып алу және алып қою үшiн;
      5) борышкер немесе өндiрiп алушы сот орындаушысы жүргiзген бағалауға қарсылық бiлдiрген жағдайда борышкер мүлкiнiң құнын анықтау үшін;
      6) мемлекеттік меншiкке түскен мүлiк құнын анықтау үшiн;
      7) өзге де жағдайларда жүргiзiледi.
      2-1. Республикалық меншiкке түскен мүлiктi бағалау жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды уәкілетті мемлекеттік орган жүргізеді.
      2-2. Коммуналдық меншiкке түскен мүлiктi бағалау жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды коммуналдық меншiктi басқаруға уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      3. Бастамашылық бағалау тапсырыс берушiге тиесiлi кез-келген бағалау объектiсiне бағалаушының осы Заңға және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес бағалау жүргiзу жөнiндегi тапсырыс берушiнiң ерiк бiлдiруi негiзiнде жүргiзiледi.
      Бағалау объектiсiне бағалау жүргiзу құқығы мiндеттi құқық болып табылады және мемлекеттiк статистикалық есеп пен бухгалтерлiк есеп жүргiзу мен есептiлiктi жүзеге асырудың заңдармен белгiленген тәртiбiне тәуелдi емес.
      Осы құқық бағалау объектiсiне қайтадан бағалау жүргiзуге де қолданылады. Бағалау объектiсiне бағалау жүргiзудiң нәтижелерi бухгалтерлiк есеп пен есептiлiктiң деректерiн түзету үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
      Ескерту.  Жеке тұлғалардың кәсіпкерлiк қызметте пайдаланылмаған мүлкiн салық салу үшiн бағалау жөнiнде қызмет көрсетуге тапсырыс берушi жергiлiктi атқарушы органдар болып табылады.
      Ескерту. 6-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2001.12.24. N 276 Заңымен .
      Ескерту. 6-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

2-ТАРАУ. БАҒАЛАУ ҚЫЗМЕТIН ЖYЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ
НЕГIЗДЕМЕЛЕРI МЕН ШАРТТАРЫ

      7-бап. Бағалау жүргiзудiң негiздемелерi

      1. Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес бағалаушы мен тапсырыс берушiнiң арасында жасалған бағалау жүргiзу шарты бағалауды жүргiзуге негiздеме болып табылады.
      Бағалау жүргiзу шарты бойынша бағалаушы бағалау объектiлерiнiң нарықтық немесе өзге құнын белгiлеу үшiн қызмет көрсетуге мiндеттенедi, ал тапсырыс берушi осы қызметтерге ақы төлеуге мiндеттенедi.
      2. Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда объектiнi бағалау, оның iшiнде қайта бағалау соттың немесе уәкiлеттi мемлекеттiк органның шешiмi негiзiнде жүргiзiлуi тиіс.
      3. Сот және уәкiлеттi мемлекеттiк орган бағалаушыны таңдауда дербес болады.
      Ескерту. 7-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      8-бап. Бағалау жүргiзу шартына қойылатын мiндеттi
             талаптар

      1. Бағалау жүргiзу шартына Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң өтемдi қызметтер көрсету шарты туралы нормалары қолданылады.
      2. Бағалау жүргізу шартында мыналар қамтылуға тиіс:
      1) тапсырыс беруші мен бағалаушының деректемелері:
      жеке тұлға үшін - тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), тұратын жері;
      заңды тұлға үшін - атауы, орналасқан жері (почталық мекен-жайы), банктік деректемелері;
      2) бағалау объектісінің (объектілерінің) атауы және (немесе) орналасқан жері, айқындалатын құнның түрі;
      3) бағалау түрі;
      4) бағалау объектісінің түрі;
      5) бағалау жүргізудің мерзімдері;
      6) көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеудің шарттары, тәртібі және мөлшері;
      7) тараптардың құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі;
      8) тапсырыс берушінің бағалау объектісіне меншік құқығын растайтын құжаттың деректемелері не тапсырыс берушіге бағалау туралы шарт жасау құқығын беретін өзге де негіздемелер;
      9) мүлікті бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияның деректемелері (лицензия берген орган көрсетілген оның нөмірі мен берілген күні).
      Бағалау жүргізу шартында осы тармақта көзделмеген өзге де талаптар болуы мүмкін. <*>
      Ескерту. 8-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      9-бап. Бағалау туралы есептiң мазмұнына қойылатын
             талаптар

      1. Жүргiзiлген бағалаудың нәтижелерi бойынша екi дана етiп бағалау туралы есеп жасалады, олардың бiрi - тапсырыс берушiде, екiншiсi - бағалаушыда сақталады. Бағалау туралы есептiң нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптар бағалау қызметi саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленедi.
      2. Жеке кәсiпкер болып табылатын бағалаушы жасаған есепке ол қол қояды және оның жеке мөрiмен расталады.
      Бағалау қызметiн жүзеге асыруға лицензиясы бар заңды тұлғаның есебiне бағалаушы-орындаушы қол қояды, заңды тұлғаның басшысы бекiтiп, мөрмен расталады.
      3. Егер бағалауды бағаланатын бағалау объектiсiнiң құрамына кiретiн әртүрлi бағалау объектiлерi бойынша бiрнеше бағалаушы жүргiзген жағдайда, есепке әрбiр бағалаушы өзi бағалау жүргiзген бағалау объектiлерiн көрсетiп қол қояды.
      4. Бағалау туралы есепте мыналар көрсетілуге тиіс:
      1) бағалаушының атауы (тегі, аты, әкесінің аты, (ол болған жағдайда);
      2) мүлікті бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияның нөмірі мен берілген күні;
      3) айқындалатын құнның түрі;
      4) есеп жасаудың күні және бағалау жүргізудің күні;
      5) бағалау объектісінің (объектілерінің) атауы және (немесе) орналасқан жері мен сипаттамасы;
      6) бағалау жүргізу кезінде пайдаланылатын бағалау амалдары мен бағалау әдістері;
      7) бағалау жүргізу кезінде пайдаланылатын бағалау стандарттары;
      8) нақты деректерді алу көздері көрсетіле отырып, бағалау жүргізу кезінде пайдаланылатын нақты деректер;
      9) есеп негіздемесі;
      10) бағалау нәтижесі;
      11) жүргізілген бағалаудың нәтижесін толық және айқын түсіндіру үшін қажет өзге де мәліметтер. <*>
      Ескерту. 9-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      10-бап. Бағалаушының тәуелсiздiгi

      1. Бағалаушы, егер:
      бағалаушының бағалау объектiсiне қатысты шарттан тыс заттық немесе мiндеттемелiк құқығы болса не оны сатып алса;
      бағалаушы заңды тұлғаның - тапсырыс берушiнiң акционерi, құрылтайшысы, қызметкерi, меншiк иесi, қатысушысы, кредит берушiсi, дебиторы, демеушiсi болып табылса не бағалаушы - жеке тұлға тапсырыс берушi - жеке тұлғаның жақын туысы немесе жекжаты болып табылса, бағалауды жүргiзе алмайды. <*>
      2. Егер бұл бағалау жүргiзу нәтижесiнiң дұрыстығына, оның iшiнде бағалау жүргiзу кезiнде анықталуға тиiс мәселелер шеңберiн шектеуге терiс әсерiн тигiзуi мүмкiн болса, бағалаушының қызметiне тапсырыс берушiнiң не өзге мүдделi тұлғалардың араласуына жол берiлмейдi.
      3. Бағалау жүргiзгенi үшiн бағалаушыға төленетiн ақының мөлшерi бағалау объектiсiнiң анықталатын құнына проценттiк қатынаспен көрсетiлмейдi және ол тараптардың келiсiмi бойынша жұмыстарды орындағанға дейiн белгiленедi.
      ЕСКЕРТУ. 10-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.05.08. N 414 Заңымен.

      10-1-бап. Бағалаушының азаматтық-құқықтық
                жауапкершілігін сақтандыру <*>

      Бағалаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бағалаушы көрсететін қызметтердің тұтынушылар мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін шарттарының бірі болып табылады.
      Бағалаушының бағалау жүргізу нәтижесінде келтірілген зиянының салдарынан туындайтын азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады
      Ескерту. 10-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

3-ТАРАУ. БАҒАЛАУШЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI

      11-бап. Бағалаушының құқықтары

      1. Бағалаушының:
      1) бағалау қызметi саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес бағалау әдiстерiн дербес қолдануға;
      2) бағалау жүргiзу кезiнде тапсырыс берушiден бағалауды жүзеге асыруға қажеттi құжаттамаларға толық көлемiнде қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз етудi талап етуге;
      3) тапсырыс берушiден бағалауды жүзеге асыруға қажеттi түсiнiктемелер мен қосымша мәліметтердi алуға;
      4) қажет болған жағдайда бағалау жүргiзуге шарттық негiзде өзге де бағалаушыларды не басқа да мамандарды қатыстыруға;
      5) егер тапсырыс берушi шарт талаптарын бұзған, бағалау объектiсi туралы қажеттi ақпараттың ұсынылуын қамтамасыз етпеген жағдайларда бағалау жүргiзуден бас тартуға;
      6) мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, бағалау жүргізу үшін қажетті ақпаратты үшінші тұлғалардан жазбаша немесе ауызша нысанда сұратуға құқығы бар. <*>
      Егер аталған ақпаратты беруден бас тарту бағалау нәтижелерiнiң дұрыстығына елеулi түрде ықпал ететiн болса, бағалаушы оны есепте көрсетедi.
      2. Бағалаушылар бағалаушылар палатасына және басқа да коммерциялық емес ұйымдарға бірігуге құқылы. <*>
      Ескерту. 11-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      11-1-бап. Бағалаушылар палатасы

      1. Бағалаушылар палатасы нысанында құрылған заңды тұлға бағалаушылардың коммерциялық емес кәсіптік өзін-өзі қаржыландыратын ұйымы болып табылады. Бағалаушылар палатасы ерікті негізде, оның мүшелерінің құқықтарымен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ бағалаушылардың бағалау қызметі туралы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтауына жәрдемдесу үшін құрылады.
      2. Бағалаушылар палатасының қызметі Қазақстан Республикасының заң актілерімен, құрылтай құжаттарымен және жарғымен реттеледі. Бағалаушылар палатасы Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы заңдарында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге тиіс.
      3. Бағалаушы палатаның құрылтай құжаттарын және жарғысын мойындаған және бағалаушылар палатасына мүшелікке кіру шарттарын орындаған кезде оны бағалаушылар палатасына мүшелікке қабылдаудан бас тартуға болмайды. Бағалаушылар палатасына мүшелікке қабылдаудан бас тартуға сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
      4. Бағалаушылар палатасы қауымдастық (одақ) нысанындағы республикалық бағалаушылар палатасына бірігуге және халықаралық бағалаушылар бірлестіктеріне кіруге құқылы.
      Ескерту. 11-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      11-2-бап. Бағалаушылар палатасының өкілеттіктері

      Бағалаушылар палатасы:
      1) мемлекеттік органдарда, мемлекеттік емес ұйымдарда өз мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіреді және қорғайды;
      2) бағалаушылар қызметі мен оның даму үрдісін жан-жақты және объективті зерделеуді, қорыту мен талдауды жүзеге асырады;
      3) бағалаушылардың бағалау қызметін жүзеге асыру негіздері мен шарттарын сақтауына жәрдемдеседі;
      4) ақпараттық-насихаттық іс-шараларды жүзеге асырады;
      5) бағалау қызметін жүзеге асыру мәселелері бойынша консультация беру жұмысын жүргізеді;
      6) мемлекеттік органдармен байланыстар орнатады және олармен байланыста болады;
      7) басқа елдердің бағалаушылар ұйымдарымен және халықаралық бағалаушылар ұйымдарымен байланыстар орнатады және олармен байланыста болады;
      8) кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында өзінің мүшелерін оқытуды ұйымдастырады;
      9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      12-бап. Бағалаушының мiндеттерi

      Бағалаушы:
      1) бағалау қызметiн жүзеге асыру кезiнде осы Заңның, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарын сақтауға;
      2) объективтi бағалау жүргiзуге кедергi болатын жағдайлардың туындауы салдарынан бағалауды жүргiзуге өзiнiң қатысу мүмкiндiгi болмайтыны жайында тапсырыс берушiге хабарлауға;
      3) бағалау жүргiзу барысында тапсырыс берушi мен үшiншi бiр тұлғалардан алынатын құжаттардың сақталуын және құпиялығын қамтамасыз етуге;
      4) уәкiлеттi орган өкiлiнiң және тапсырыс берушiнiң талап етуi бойынша мүлікті бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға берiлген лицензияны көрсетуге; <*>
      5) заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, бағалау жүргiзу барысында тапсырыс берушiден және үшiншi бiр тұлғалардан алынған құпия ақпаратты жария етпеуге;
      6) объектілерді тікелей зерттеуді жүзеге асыруға және тапсырыс берушіге бағалау туралы есеп табыс етуге; <*>
      7) бағалау жүргiзу шарттарының нөмiрлерiн көрсете отырып, хронологиялық тәртiппен бағалау жүргiзу есептерiнiң кiтабын жүргiзуге;
      8) бағалау туралы жасалған есептердi 5 жыл бойы сақтауға;
      9) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда сақтаулы тұрған бағалау туралы есептердiң көшiрмесiн немесе ақпаратты мемлекеттiк органдардың заңды түрде талап етуi бойынша оларға беруге мiндеттi.
      Ескерту. 12-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      13-бап. Бағалаушының жауапкершiлiгi

      Бағалаушы:
      1) бағалау қызметі саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзғаны; <*>
      2) мемлекеттiк құпиялар, коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтердi жария еткенi;
      3) бағалаудың бұрыстығы;
      4) бағалау өткізу үшiн өзiне берiлетiн құжаттар мен басқа да ақпараттың сақталуы мен тұтастығы; <*>
      5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жағдайларда мемлекеттiк органдарға бағалау туралы есептердiң көшiрмелерiн немесе ақпаратты бермегенi үшiн жауапкершiлiкте болады.
      Ескерту. 13-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

4-ТАРАУ. ТАПСЫРЫС БЕРУШIНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН
МIНДЕТТЕРI

      14-бап. Тапсырыс берушiнiң құқықтары

      Тапсырыс берушiнiң:
      1) бағалаушыдан бағалау жүргiзуге қатысты заңдардың талаптары туралы егжей-тегжейлi ақпарат алуға;
      2) бағалаушының бағалау туралы есебi мен тұжырымдары негiзделетiн нормативтiк құқықтық актiлермен танысуға;
      3) бағалаушыдан бағалау жүргiзу әдiстерi туралы қажеттi ақпарат алуға;
      4) бағалаушы шарттың ережелерiн бұзған жағдайда оның қызмет көрсетуiнен бас тартуға құқығы бар.
      Ескерту. 14-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      15-бап. Тапсырыс берушінiң мiндеттерi

      Тапсырыс берушi:
      1) бағалаушыға шартқа сәйкес бағалауды дер кезiнде және сапалы жүргiзу үшiн жағдай жасауға;
      2) бағалаушыға бағалауды жүргізу үшін қажет құжаттаманы, толық және дұрыс ақпарат табыс етуге, сондай-ақ қажетті түсініктемелер беруге, бағалаушының бағалау объектісіне қол жеткізуін қамтамасыз етуге; <*>
      3) егер бағалаудың дұрыстығына терiс ықпал ететiн болса, бағалаушының қызметiне араласпауға;
      4) бағалаушының талабы бойынша бағалауды жүргiзу үшiн қажеттi ақпарат алуға өз атынан үшiншi бiр тұлғалардың атына жазбаша сауал жiберуге мiндеттi.
      Ескерту. 15-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      16-бап. Тапсырыс берушiнiң жауапкершілiгі <*>

      Ескерту. 16-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      17-бап. Дауларды қарау

      Бағалау қызметін жүзеге асыру кезінде бағалаушы мен тапсырыс берушінің арасында туындайтын даулар сот тәртібімен шешіледі. <*>
      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

5-ТАРАУ. БАҒАЛАУ ҚЫЗМЕТIН МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

      18-бап. Қазақстан Республикасында бағалау қызметiн
              жүзеге асыруды бақылау

      Қазақстан Республикасында бағалау қызметiн жүзеге асыруды бақылауды Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес мемлекеттiк органдар өздерiнiң құзыретi шегiнде жүзеге асырады. <*>
      Ескерту. 18-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      19-бап. Уәкілетті органдардың құзыреті <*>

      Уәкілетті органдар мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) бағалау қызметі саласында мемлекеттік реттеу және бақылау;
      2) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілер әзірлеу және бекіту, Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңдарының қолданылу практикасын жинақтап қорыту және оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
      3) өз құзыреті шегінде бағалау стандарттарын әзірлеуге, сондай-ақ стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкілетті орган бекітетін бағалау стандарттарын келісуге қатысу;
      4) бағалау қызметінің барлық субъектілері үшін бірдей жағдай жасау арқылы мүлікті бағалау жөніндегі қызмет көрсету рыногындағы бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу;
      5) мүлікті бағалау жөніндегі қызметті лицензиялау;
      6) бағалаушыларды даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға қатысу;
      7) бағалау қызметінің субъектілеріне бағалау қызметіне байланысты мәселелерде консультациялық көмек көрсету;
      8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функциялар.
      Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      20-бап. Қазақстан Республикасында бағалау қызметiн
              лицензиялау

      Бағалау қызметiн лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. (РҚАО-ның ескертуі: қараңыз. Z952200_  ; Р011389_  ).

      21-бап. Бағалаушыларды кәсiби оқыту <*>
     Ескерту. 21-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      6-ТАРАУ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      22-бап. Бағалау қызметi туралы заңдарды бұзғаны үшiн
              жауаптылық

      Бағалау қызметi туралы заңдарды бұзған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. <*>
      Ескерту. 22-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2003.02.14. N 388 Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті