Қазақстан Республикасы Әділет министрінің "Атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша мемлекеттiк көрсетілетін қызметтер қағидаларын бекіту туралы" 2020 жылғы 29 мамырдағы № 69 және "Тыйым салынған мүлікті өткізу бойынша бірыңғай электрондық сауда-саттық алаңын таңдауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" 2020 жылғы 11 қыркүйектегі № 347 бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2025 жылғы 25 қыркүйектегі № 525 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 9 қазанда № 37095 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.01.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша мемлекеттiк көрсетілетін қызметтер қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2020 жылғы 29 мамырдағы № 69 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20836 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға лицензия беру" мемлекеттік көрсетілетін қызметтің қағидаларына 1-қосымшада:

      6-жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "

6

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет кезінде алынатын төлем

Жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға лицензия беру және қайта ресімдеу үшін қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым 2025 жылғы 18 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 616-бабына сәйкес алынады:
1) лицензия беру – 6 айлық есептік көрсеткіш;
2) лицензияны қайта ресімдеу – лицензия беру кезіндегі мөлшерлеменің 10%.
Мемлекеттік көрсетілетін қызмет үшін ақы төлеу қолма-қол және (немесе) төлемнің мөлшері мен күнін растайтын құжат (түбіртек) беретін екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, не ЭҮТШ арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша жүзеге асырылады.

      ".

      2. "Тыйым салынған мүлікті өткізу бойынша бірыңғай электрондық сауда-саттық алаңын таңдауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2020 жылғы 11 қыркүйектегі № 347 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21235 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тыйым салынған мүлікті өткізу бойынша бірыңғай электрондық сауда-саттық алаңын таңдауды жүзеге асыру қағидаларының 10-тармағының 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) конверттерді ашу күнінің алдындағы бір айдан бұрын емес берілген үш айдан астам (төлеу мерзімі 2025 жылғы 18 шілдедегі Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда) салық берешегінің және міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдары бойынша берешегінің жоқ екені туралы не бір теңгеден кем салық берешегінің және міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдары бойынша берешегінің бар екендігі туралы тиісті мемлекеттік кіріс органының белгіленген нысандағы анықтамасын;".

      3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасы Әділет министрі Е. Сарсембаев

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі