"Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасын қалыптастыру және жүргізу және одан үзінді көшірмелер беру қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 2 маусымдағы № 367 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2025 жылғы 15 тамыздағы № 246 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 19 тамызда № 36618 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасын қалыптастыру және жүргізу және одан үзінді көшірмелер беру қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 2 маусымдағы № 367 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6321 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасын қалыптастыру және жүргізу және одан үзінді көшірмелер беру қағидаларында:

      23-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) ЖСН, БСН-дағы бос орындарды жою."

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Дерекқорда мынадай ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтер түзетуге жатады:

      1) ауыл шаруашылығы жануарының жеке нөмірі;

      2) түрі;

      3) ауыл шаруашылығы жануарының піштірілгені туралы мәліметтер.";

      33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "33. Ветеринария саласындағы жауапты маман құжаттар тіркелген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде:

      1) дерекқорда ауыл шаруашылығы жануарларын иеленуші туралы, өзектендіруге (түзетуге) мәлімделген ауыл шаруашылығы жануарлары туралы қолда бар мәліметтерді тексереді және олардың ұсынылған құжаттарға сәйкестігін айқындайды;

      2) дерекқордағы мәліметтерді өзектендіру (түзету) үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттарды зерделейді;

      3) осы Қағидалардың 24-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді түзету бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелері, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік ведомствосының аумақтық бөлімшесі өкілдерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді барып салыстыруды жүзеге асырады. Ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді барып салыстыру нәтижелері бойынша осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша дерекқордағы ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіру (түзету) актісі жасалады.

      Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер болмаған кезде ветеринария саласындағы жауапты маман осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде дерекқорда ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіруді (түзетуді) жүзеге асырады және осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіруді (түзетуді) жүргізу туралы үзінді-көшірмені рәсімдейді.

      Ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіруді (түзетуді) жүргізу туралы үзінді-көшірме дерекқорда электрондық нысанда ресімделеді, көрсетілетін қызметті беруші басшысының ЭЦҚ-мен куәландырылады және көрсетілетін қызметті алушыға порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі не дерекқордан басып шығарылады және көрсетілетін қызметті алушыға қағаз жеткізгіште беріледі.

      Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер болған кезде ветеринария саласындағы жауапты маман осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдалым өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабарлайды.

      Тыңдалым рәсімі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘРПК) 73-бабына сәйкес жүргізіледі.

      Тыңдалым нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіру (түзету) туралы не осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту электрондық нысанда ресімделеді, көрсетілетін қызметті беруші басшысының ЭЦҚ-мен куәландырылады, порталдағы көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне жіберіледі не қолма-қол беріледі.";

      35-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "35. Дерекқорда ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіру (түзету) бойынша факті сот тәртібімен анықталған кезде көрсетілетін қызметті беруші сот шешімі негізінде дерекқорда ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіруді (түзетуді) жүзеге асырады.

      Сот шешімі негізінде ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіруге (түзетуге) арналған дерекқор функционалына қолжетімділікті Ақпараттандыру туралы Заңға сәйкес ведомство ұсынады.";

      көрсетілген Қағидаларға 3-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы
А. Султанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің міндетін атқарушы
2025 жылғы 15 тамыздағы
№ 246 бұйрығына қосымша
Ауыл шаруашылығы
жануарларын бірдейлендіру
жөніндегі деректер базасын
қалыптастыру, жүргізу және
одан үзінді көшірмелер беру
қағидаларына
3-қосымша

"Ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіру (түзету)" мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі

1.

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші).

2.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну тәсілдері

Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру:
1) көрсетілетін қызметті беруші;
2) "электрондық үкіметтің" www.​egov.​kz веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.

3.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету мерзімі

Құжаттар тіркелген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде.

4.

Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны

Электрондық (ішінара автоматтандырылған)/ қағаз түрінде.

5.

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі

Ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіру (түзету) жүргізу туралы үзінді-көшірме бере отырып, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорында ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіру (түзету) не мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тарту.

6.

Мемлекеттік қызметті көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Тегін

7.

Көрсетілетін қызметті берушінің және ақпарат объектілерінің жұмыс графигі

1) көрсетілетін қызметті берушінің – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін;
2) порталда – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру одан кейінгі жақын жұмыс күні жүзеге асырылады).

8.

Мемлекеттік қызметті көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтер тізбесі

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 2 маусымдағы № 367 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6321 тіркелген) бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасын қалыптастыру, жүргізу және одан үзінді-көшірмелер беру қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 22-тармағында көрсетілген бірдейлендірілген ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіру үшін:
1) Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіруді (түзетуді) жүргізуге арналған өтініш;
2) дерекқорда ауыл шаруашылығы жануарларын иеленуші туралы мәліметтерді, сондай-ақ сәйкестендірілген ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіру үшін негіз болған өзгерістер туралы ақпаратты қамтитын құжаттардың көшірмелері;
3) ауыл шаруашылығы жануарларына меншік құқығын немесе өзге де заттық құқықты растайтын құжаттардың көшірмелері, оларға мыналар жатады: азаматтық заңнама талаптарына сәйкес жасалған шарттар, мәмілелер, тапсыру актілері, бөлу баланстары, мүлікке мұрагерлік құқығы туралы құжаттар, сот шешімінің, қаулысының, сот орындаушысының әрекеттері туралы хабарламасының көшірмелері қоса берілген атқару парағы орындау.
Қағидалардың 23-тармағында көрсетілген мәліметтер базасында түзету үшін:
1) Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша дерекқорда ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіруді (түзетуді) жүргізуге арналған өтініш;
2) ветеринариялық паспорттың көшірмесі.
Дерекқорда Қағидалардың 24-тармағында көрсетілген мәліметтерді түзету үшін:
Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша дерекқорда ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіруді (түзетуді) жүргізуге өтініш.
Жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат туралы, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкерді тіркеу туралы не дара кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден "электрондық үкіметтің" шлюзі арқылы алады.
Көрсетілетін қызметті алушылардан ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін құжаттарды талап етуге жол берілмейді.
Дерекқорда мәліметтерді өзектендіру (түзету) қажеттілігі сот тәртібімен анықталған кезде көрсетілетін қызметті беруші мәліметтерді сот шешімі негізінде өзектендіруді жүзеге асырады.

9.

Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздер

1) көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықталуы;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін, "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес берілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімінің болмауы.

10.

Мемлекеттік қызметті көрсетудің, оның ішінде электрондық нысанда көрсетілетін қызметтің ерекшеліктерін ескере отырып, қойылатын өзге де талаптар

Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметтің орындалу сатысы туралы ақпаратты порталдың "жеке кабинеті", сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арқылы қашықтан қол жеткізу режимінде алуға мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі анықтама қызметінің байланыс телефондары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің www.​gov.​kz интернет-ресурсында ораналастырылған. Бірыңғай байланыс орталығы: 1414, 8 800 080 7777.