Өткізуден түскен ақша өз иелігінде қалатын Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектiң кепiлдiк берілген көлемi шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша қызметтерді өткізуі бойынша ақылы қызмет түрлерiн жүзеге асыру, өткізуінен түскен, өз иелігінде қалатын ақшаны пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2025 жылғы 29 мамырдағы № 393 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 30 мамырда № 36174 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 102-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Өткізуден түскен ақша өз иелігінде қалатын Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектiң кепiлдiк берілген көлемi шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша қызметтерді өткізуі бойынша ақылы қызмет түрлерiн жүзеге асыру, өткізуінен түскен, өз иелігінде қалатын ақшаны пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектiң кепiлдiк берілген көлемi шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша ақылы қызмет түрлерiн көрсетуі және олардың көрсетiлетiн қызметтердi өткiзуден түскен ақшаны жұмсауы қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 28 қазандағы № 931 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19519 болып тіркелген);

      2) "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектiң кепiлдiк берілген көлемi шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша ақылы қызмет түрлерiн көрсетуі және олардың көрсетiлетiн қызметтердi өткiзуден түскен ақшаны жұмсауы қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 28 қазандағы № 931 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 28 ақпандағы № 191 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32023 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тыл департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң мен нормашығармашылықты үйлестіру департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Аппарат басшысына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
ішкі істер министрі
Е. Саденов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
ішкі істер министрі
2025 жылғы 29 мамырдағы
№ 393 бұйрығымен
бекітілген

Өткізуден түскен ақша өз иелігінде қалатын Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша қызметтерді өткізуі бойынша ақылы қызмет түрлерін жүзеге асыру, өткізуінен түскен, өз иелігінде қалатын ақшаны пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Өткізуден түскен ақша өз иелігінде қалатын Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мемлекеттік мекемелерінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша қызметтерді өткізуі бойынша ақылы қызмет түрлерін жүзеге асыру, өткізуінен түскен, өз иелігінде қалатын ақшаны пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 102-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мемлекеттік мекемелерінің (бұдан әрі – ІІО ММ) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша қызметтерді өткізуі бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсету және ІІО ММ қызметтерді өткізуден түскен ақшаны жұмсауы тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларға сәйкес ІІО ММ ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде әскери қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелеріне, құқық қорғау органдарының зейнеткерлеріне медициналық көмек көрсетеді.

      3. ІІО ММ-де медициналық қызметтердің ақылы түрлері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-242/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21744 болып тіркелген) бекітілген ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына (бұдан әрі – Сатып алу қағидалары), Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 20 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-291/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21831 болып тіркелген) бекітілген ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу қағидаларына (бұдан әрі – Ақы төлеу қағидалары) сәйкес "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлiк қоғамы (бұдан әрi – Қор) мен ІІО ММ арасында жасалған медициналық қызметтерді сатып алу келісімшарттарының негізінде ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде көрсетіледі.

2-тарау. Медициналық қызметтің ақылы түрлерін көрсету тәртібі

      4. ІІО ММ медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды, клиникалық хаттамаларды және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 18 мамырдағы № ҚР ДСМ - 41 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22782 болып тіркелген) бекітілген Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярын басшылыққа алады.

      5. Медициналық қызметтердің ақылы түрлері мынадай жағдайларда:

      1) тәулік бойы медициналық байқау мен емдеу көзделмейтін амбулаториялық жағдайларда, оның ішінде тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлардың қабылдау бөлімшелерінде;

      2) тәулік бойы медициналық байқау, емдеу, күтім, сондай-ақ тамақпен бірге төсек-орын беру көзделетін стационарлық жағдайларда, оның ішінде емдеу басталғаннан кейін алғашқы тәуліктер ішінде тәулік бойы байқау көзделетін "бір күннің" терапиясы және хирургиясы жағдайларында;

      3) тәулік бойы медициналық байқау мен емдеу қажет етілмейтін және төсек-орын беріле отырып, күндізгі уақытта медициналық байқау мен емдеу көзделетін стационарды алмастыратын жағдайларда көрсетіледі.

      6. ІІО ММ қызметтерді сатып алу келісімшарты бойынша міндеттемелердің бөлігін орындау үшін деректер базасына енгізілген денсаулық сақтау субъектілерімен бірлесіп орындаудың азаматтық-құқықтық шартын жасасады, сондай-ақ Сатып алу қағидаларына сәйкес бірлесіп орындаушы ретінде тартылады.

      7. ІІО ММ қызметтерді сатып алу келісім-шартын орындау кезінде деректерді ақпараттық жүйелерге және денсаулық сақтау жүйесінің электрондық ақпараттық ресурстарына енгізуді және Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, оларды техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

      8. ІІО ММ бастапқы медициналық құжаттаманы жүргізуді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарына сәйкес жүзеге асырады.

3-тарау. Медициналық қызметтердің ақылы түрлерін көрсеткені үшін ақы төлеу тәртібі

      9. Көрсетілген медициналық қызметтердің ақылы түрлері үшін ақы төлеуді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-170/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21550 болып тіркелген) бекітілген ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде ұсынылатын медициналық қызметтерге бекітілген тарифтер бойынша Ақы төлеу қағидаларына сәйкес Қор жүзеге асырады.

      10. Көрсетілген медициналық қызметтердің ақылы түрлері үшін төлем құжаттарын, есептерді және нысандарды қалыптастыру, сондай-ақ оларды Қорға ұсыну Ақы төлеу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

      11. Бірлесіп орындау келісімшарты бойынша міндеттемелерді орындайтын ІІО ММ көрсетілген медициналық қызметтер үшін ақы төлеуді бірлесіп орындау келісімшарты жасалған денсаулық сақтау субъектілері Қормен жасалған медициналық қызметтерді сатып алу келісімшарты шеңберінде жүзеге асырады.

4-тарау. Медициналық қызметтердің ақылы түрлерін өткізуден түсетін ақшаны жұмсау тәртібі

      12. ІІО ММ медициналық қызметтердің ақылы түрлерін өткізуден түсетін, өздерінің иелігінде қалатын ақша Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9934 болып тіркелген) бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларына (бұдан әрі - Бюджеттің атқарылуы қағидалары) сәйкес бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ашатын қолма-қол ақшаның бақылау шотына есепке жатқызылады.

      13. ІІО ММ көрсетілетін қызметтерді өткізуден алынатын, өздерінің иелігінде қалатын ақша есебінен операциялар жүргізу үшін Бюджеттің атқарылуы қағидаларында айқындалған тәртіпте жыл сайын медициналық қызметтердің ақылы түрлерін өткізуден алынатын ақшаның түсу және жұмсау жоспарын жасайды.

      Медициналық қызметтердің ақылы түрлерін өткізуден алынатын ақшаның түсу және жұмсау жоспарына өзгерістерді құру, бекіту және енгізу тәртібі Бюджеттің атқарылуы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      14. ІІО ММ-ның медициналық қызметтердің ақылы түрлерін көрсетуден алған ақшасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-309/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21858 болып тіркелген) бекітілген ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру әдістемесінің 4-тармағында анықталған ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету қызметіне байланысты:

      1) клиникалық хаттамаларға және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесіне, сәйкес ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде тиісті жылға бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, шығыс материалдарын, сондай-ақ дәрі қобдишаларын, арнайы емдік өнімдерді сатып алуға (қамтамасыз ету);

      2) "Республиканың мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тамақтанудың заттай нормаларын және жұмсақ мүкәммалмен жабдықтаудың ең төменгі нормаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 қаңтардағы № 128 қаулысына сәйкес пациенттерді тамақтандыруға және жұмсақ мүккәмалмен жарақтандыруға;

      3) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес кадрлардың біліктілігін арттыруға және оларды қайта даярлауға;

      4) коммуналдық қызметтерге: жылуға, электр қуатына, ыстық және суық суға ақы төлеуге;

      5) шығыстарды, оның ішінде "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 44) тармақшасына сәйкес интернетті қоса алғанда байланыс қызметтері, іссапар шығыстары, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, үй-жайды жалға алу, ақпараттық жүйелерге қызмет көрсетуді қоса алғанда, кеңсе және шаруашылық тауарларын, жанар-жағармай материалдарын, тауарлар мен қызметтерді сатып алу (қамтамасыз ету), медициналық техникаға сервистік қызмет көрсету, банк қызметтеріне ақы төлеуге;

      6) Қазақстан Республикасы Денсаулық министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-278/2020 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21824 болып тіркелген) ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде медициналық қызметтер көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің қызметкерлерін көтермелеу қағидаларына сәйкес ІІО ММ қызметкерлеріне сараланған қосымша ақы белгілеуге арналған шығындар шеңберінде жұмсалады.

      ІІО ММ өздерінің иелігінде қалатын медициналық қызметтердің ақылы түрлерін көрсетуден алған ақшасы есебінен тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      15. Медициналық қызметтердің ақылы түрлерін өткізуден түсетін ақшаның түсуі және жұмсалуы жоспарын орындау туралы есепті жасау және ұсыну Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 630 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14613 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік мекемелердің, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының бюджеттік есептілікті жасау және ұсыну қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      16. ІІО ММ медициналық қызметтердің ақылы түрін бухгалтерлік есепке алуды Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6443 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырады.

      17. Ақылы медициналық қызмет көрсету бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуден түсетін қаражатқа салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.