Алматы қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

VIII сайланған Алматы қаласы мәслихатының XV сессиясының 2024 жылғы 29 наурыздағы № 100 шешiмi. Алматы қаласы Әділет департаментінде 2024 жылғы 4 сәуірде № 1765-02 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Тұрғын үй қатынастары туралы", "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына және "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) сәйкес Алматы қаласының мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес Алматы қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі айқындалсын.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Алматы қаласы мәслихатының кейбір шешімдері күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Алматы қаласы мәслихатының төрағасы М.Отыншиев

  Алматы қаласы мәслихатының
  2024 жылғы 29 наурыздағы
  № 100 шешіміне
  1-қосымша

Алматы қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Алматы қаласында тұратын, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      2. Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.

      Алматы қаласында тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде жоғарыда көрсетілген бағыттарға ақы төлеуге көрсетілетін аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) жиынтық табысына шекті жол берілетін шығыстар үлесі 5 (бес) пайыз мөлшерін құрайды.

      Тұрғын үйге ақы төлеу және коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеу жөніндегі шығыстарды тұрғын үйде тұратын бірнеше жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) немесе меншік иелері арасында бөлу тәртібі тараптардың келісімімен, ал келісімге қол жеткізілмеген кезде – сот тәртібімен айқындалады.

      3. Тұрғын үй көмегін көрсетуді жүзеге асырушы Алматы қаласы аудандарының әкімдіктері (бұдан әрі - уәкілетті орган) тұрғын үй көмегін тағайындайды.

      4. Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) жиынтық табысын уәкілетті орган "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандагы № 117 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен есептейді.

      5. Тұрғын үй көмегінің мөлшері кондоминиум объектісін басқару және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтыну, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдалану шығыстарына ақы төлеу сомасы мен аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) осы мақсаттарға шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегінің мөлшері тұрғынжайды күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстардың, кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдалану төлемінің нақты төленген сомасынан аса алмайды.

      6. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде коммуналдық қызметтердің келесі түрлерінің төлеміне кететін шығындар есепке алынады:

      1) сумен жабдықтау;

      2) су бұру;

      3) газбен жабдықтау;

      4) электрмен жабдықтау;

      5) жылумен жабдықтау;

      6) қоқыс әкету;

      7) лифтілерге қызмет көрсету.

      7. Тұрғын үй көмегін алғанға дейін пайда болған қарыздарды өтеуді коммуналдық қызметтерді жеткізушілер бақылайды және тұрғын үй көмегін есептеген кезде есепке алынбайды.

      8. Көрсетілетін қызметтерге тарифтерді (бағаларды) бекіту кезінде коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары табиғи монополияларды (монополистік қызметтерді) реттеу жөніндегі аумақтық уәкілетті орган қолданатын коммуналдық қызметті қолдану нормаларына тең.

      9. Электр энергиясын жіберу (тұтыну) нормасы айына 1 адамға табиғи монополияларды (монополистік қызметтерді) реттеу жөніндегі аумақтық уәкілетті орган белгіленген төменгі жіберілген норманың тарифіне тең.

      10. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде бір адамға 18 (он сегіз) шаршы метр пайдалы алаң мөлшерінде, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес алаңның нормасы тағайындалады.

      11. "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ бұйрығына сәйкес әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлемі жүзеге асырылады (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген).

      12. Тұрғын үй көмегін төлеу уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешім қабылдаған айдан кейінгі айдың 20-күніне қарай екінші деңгейдегі банктер арқылы есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына аудару жолымен ай сайын жүзеге асырылады.

  Алматы қаласы мәслихатының
2024 жылғы 29 наурыздағы
№ 100 шешіміне
2-қосымша

Алматы қаласы мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Алматы қаласындағы тұрғын үй көмегінің мөлшерін анықтау және көрсету Ережесін бекіту туралы" Алматы қаласы мәслихатының 2014 жылғы 2 маусымдағы № 232 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1067 болып тіркелген);

      2. "Алматы қаласы мәслихатының кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Алматы қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 шілдедегі № 349 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1195 болып тіркелген).

      3. "V сайланған Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс XXVІІ сессиясының 2014 жылғы маусымдағы № 232 "Алматы қаласындағы тұрғын үй көмегінің мөлшерін анықтау және көрсету Ережесін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Алматы қаласы мәслихатының 2017 жылғы 11 тамыздағы № 135 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1401 болып тіркелген).

      4. "V сайланған Алматы қаласы мәслихатының XXVІІ сессиясының 2014 жылғы 2 маусымдағы № 232 "Алматы қаласындағы тұрғын үй көмегінің мөлшерін анықтау және көрсету Ережесін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Алматы қаласы мәслихатының 2019 жылғы 18 наурыздағы № 323 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1532 болып тіркелген).

      5. "Алматы қаласы мәслихатының 2014 жылғы 2 маусымдағы № 232 "Алматы қаласындағы тұрғын үй көмегінің мөлшерін анықтау және көрсету Ережесін бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Алматы қаласы мәслихатының 2021 жылғы 19 ақпандағы № 21 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1687 болып тіркелген).