"Байланыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабының 7-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін ай сайынғы өтеу мөлшері ағымдағы тарифтік жоспар бойынша телекоммуникация қызметтеріне ай сайынғы нақты шығыстар мен ағымдағы шығыстар арасындағы айырма ретінде айқындалсын.
2. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу қағидалары бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі |
Б. Мусин |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі 2023 жылғы 28 шілдедегі № 295/НҚ Бұйрықпен бекітілген |
Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) абонент – байланыс қызметтерін көрсетуге шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
2) әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің өсуін өтеу – осы Қағидаларға сәйкес тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерді тұтынуға ақы төлеу жөніндегі тұрғын үй көмегінің құрамына кіретін, телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің өсу шығындарын өтеуге арналған ақшалай өтемақы;
3) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган – жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, бюджетті атқару, бухгалтерлік есепті жүргізу, жергілікті бюджетті атқару жөніндегі бюджеттік есеп және бюджеттік есептілік саласындағы функцияларды жүзеге асыратын атқарушы орган.
4) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган – жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын атқарушы орган.
5) тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық, аудандық маңызы бар қаланың), қаладағы ауданның атқарушы органы.
2-тарау. Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу тәртібі
3. Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған, телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемді өсіру бөлігінде байланыс қызметтеріне ақы төлеуге Қазақстан Республикасының аумағында жалғыз тұрғын үй ретінде меншік құқығында тұрған тұрғын үйде тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан және тұрғын үйден тұрғын үй жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға) берілетін тұрғын үй көмегі құрамында жүзеге асырылады.
4. Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу үшін абонент "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-2-бабының 9-1) тармақшасына сәйкес тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган бекіткен тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларына сәйкес тұрғын үй көмегін тағайындау үшін қажетті құжаттармен тұрғылықты жері бойынша уәкілетті органға жүгінеді.
5. Уәкілетті орган әр айдың 5-күніне дейінгі мерзімде өткен ай үшін әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеуге ақшалай қаражат қажеттілігін жасайды және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
6. Аумақтық қазынашылық органдарына әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу үшін қаражатты аудару кезінде уәкілетті орган төлеуге арналған шотты төлемдердің кезеңі мен сомасын көрсетіп, абоненттердің тізімін қоса беру арқылы ұсынады.
7. Уәкілетті орган тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 5-күніне дейін бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуіне төленген өтемақы сомасы жөнінде ақпарат береді.