"Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің м.а. 2023 жылғы 19 шiлдедегi № 775 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 21 шiлдеде № 33130 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9934 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесінде:

      70-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "70. Қолма-қол ақшаны бақылау шоттары (бұдан әрi – ҚБШ) мына:

      1) республикалық және жергiлiктi бюджеттерге түсiмдердi есептеумен және республикалық және жергiлiктi бюджеттерден шығыстарды жүргiзумен;

      2) мемлекеттiк мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуден түсетiн ақшаны есептеуімен және олардың есебiнен шығыстарды жүргiзумен;

      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына бағытталатын түсiмдердi есептеумен және оларды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiндегi (бұдан әрі – ҚР ҰБ) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шотына аударумен;

      4) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджеттері арасында белгіленген нормативтер бойынша бөлінген түсімдерді есептеумен және оларды ҚР ҰБ-да Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер үшін ашылған шоттарға аударумен;

      5) және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес мемлекеттiк мекемелер алатын оларға арналған филантропиялық қызметтен және (немесе) демеушілік қызметтен, және (немесе) меценаттық қызметтен, және (немесе) кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызметтен түсетiн ақшаны жұмсауымен;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жеке және (немесе) заңды тұлғалар белгілі бір жағдайлар басталған кезде олардың қайтарымдылығы не тиісті бюджетке немесе үшінші тұлғаларға аудару шартында мемлекеттік мекемеге беретін ақшаны есепке алумен;

      7) бюджеттiк ақшаны есептеумен және оларды ерекше шығыстарды жүргiзуге пайдаланумен;

      8) қаржылық ұйымдардың, Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының жарғылық капиталдарын ұлғайтуды қоспағанда, республикалық бюджет туралы заңда не жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталдарын қалыптастыруға немесе ұлғайтуға көзделген не мемлекеттік тапсырманы орындауға байланысты ақшаны есепке алумен және оларды инвестициялық жобаларды іске асыруға (бұдан әрі – квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоты), сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ең аз мөлшерде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталдарын қалыптастыру кезінде пайдаланылуымен;

      9) және Қазақстан Республикасы ратификациялаған мемлекеттік қарыздар туралы халықаралық шарттарға немесе байланысты гранттар туралы шарттарға сәйкес бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған сыртқы қарыздың немесе байланысты гранттың арнайы шотынан (бұдан әрі - сыртқы қарыздардың немесе байланысты грантты қайтадан айырбастау шоты) қайтадан ұлттық валютаға айырбасталатын үкіметтік сыртқы қарыздардың немесе байланысты гранттардың ақшасын жұмсауға байланысты операцияларды есепке алуға;

      10) және қазынашылық сүйемелдеу шеңберінде бас мердігерлерге және қосалқы мердігерлерге аударылатын ақшаны пайдаланумен (бұдан әрі – мемлекеттік сатып алу шоттары);

      11) Жәбірленушілерге өтемақы қорына (Қор шотына) жіберілетін ақша түсімдерін есепке жатқызумен және Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы заңнамасында көзделген өтемақылардың төлемін жүргізумен;

      12) мемлекеттік бағдарламаларды, қаржылық және (немесе) қаржылық емес қолдауды жүзеге асыруға арналған бюджет ақшасын және оларды пайдалануға (бұдан әрі – қаржылық және (немесе) қаржылық емес қолдау операторларының шоты);

      13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен қарыз шарттарына сәйкес мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген мемлекеттік емес қарыздардың ақшасын жұмсауға (бұдан әрі – мемлекет кепілдік берген қарыздың ұлттық валютадағы шоты);

      14) қарыз алушылардың мемлекеттік кепілдік беру туралы келісімдерге сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен қамтамасыз етілген мемлекеттік емес қарыздарға қызмет көрсетуге және оларды өтеуге арналған ақшаны жұмсауға (бұдан әрі – ұлттық валютадағы қызмет көрсету шоты);

      15) Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына жіберілетін ақша түсімдерін (бұдан әрі – Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының шоты) есепке алуға және оларды "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Білім туралы заңы) сәйкес жұмсауға;

      16) Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының ақша түсімдерін (бұдан әрі – білім беру инфрақұрылымын қолдау жөніндегі жергілікті атқарушы органның шоты) есепке алуға және оларды Білім туралы заңына сәйкес жұмсауға байланысты операцияларды есепке алуға арналған.";

      246-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "246. Нысаналы салым салуға, нысаналы аударым және нысаналы жарнаға бағытталған бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыруды бюджеттік бағдарламалар әкімшісі шарт жасаспай, төлеуге берілетін шот негізінде жүзеге асырады.

      Бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшісі, осы Ережеге 90-қосымшаға сәйкес нысан бойынша төлеуге берілетін шоттардың тізілімін және нысаналы салым салуға, нысаналы аударымға және нысаналы жарнаға бағытталған бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыру үшін төлеуге берілетін шоттарды 2 данада аумақтық қазынашылық бөлімшесіне жібереді.";

      248-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "248. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің қаражатты квазимемлекеттік сектор субъектілеріне аударуы қаржылық-экономикалық негіздемеге немесе техника-экономикалық негіздемеге (жобалау-сметалық құжаттамаға) сәйкес төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құжаттың өзге де түрінің негізінде, оларда ағымдағы қаржы жылына көрсетілген сома шегінде жүзеге асырылады.

      Жарғылық капиталында мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталын арттыруға және заңды тұлғалардың жарияланған акцияларын төлеу үшiн олардың еншiлес ұйымдарының жарғылық капиталын арттыруға ақша аудару, бағалы қағаздар нарығын реттеудi және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органның тиiстi куәлiгiмен расталатын жарияланған акциялар (бағалы қағаздар) шығарылымын мемлекеттiк тiркегеннен кейiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсі тиісті қаржы жылына көзделген сома шегінде қаржы-экономикалық негіздемеге сәйкес жүзеге асырады.

      Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсінiң заңды тұлғалардың жарияланған акцияларына ақы төлеуге берiлетiн шотты аумақтық қазынашылық бөлiмшелерiне жарияланған акциялардың (бағалы қағаздардың) шығарылымын мемлекеттiк тiркеусiз ұсынуға жол берiлмейдi. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсi заңды тұлғалардың жарияланған акцияларына ақы төлеуге берiлетiн шоттың негiздiлiгi мен заңдылығын қамтамасыз етедi.

      Жарияланған акцияларға (бағалы қағаздарға) ақы төлеу шотына ақша аударылғаннан кейiн заңды тұлға бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамада белгiленген мерзiмде мемлекеттiк меншiкке иелiк ету жөнiндегi уәкiлеттi органның шотына төленген акцияларды есептеудi қамтамасыз етедi.

      Бюджеттiк инвестицияларды ұлттық холдингтердің және ұлттық басқарушы холдингiнiң жарғылық капиталында мемлекеттiң қатысуы арқылы жүзеге асырылған кезде, көрсетiлген заңды тұлғалардың акцияларының мемлекеттiк пакетiне иелiк ету және пайдалану құқығы жоқ бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiне сәйкес ұлттық холдингтердiң және ұлттық басқарушы холдингi акцияларының эмисиясын төлей алады.";

      351-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "351. Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қызмет көрсету бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде ашылған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарына түсімдердің толық және уақтылы есептелуімен және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталдарын қалыптастыруға немесе ұлғайтуға бағытталған іс-шараларды іске асыру мақсатында төлемдер мен ақша аударымдарын уақтылы жүзеге асырылуымен және оларды инвестициялық, не мемлекеттік тапсырманы орындауға байланысты жобаларды іске асыруға пайдаланумен байланысты операцияларды есепке алу қамтамасыз етіледі.";

      353-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "353. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттары қаржы ұйымдарының, Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорының жарғылық капиталдарын ұлғайту жағдайларын қоспағанда, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда не жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешімінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталдарын қалыптастыруға немесе ұлғайтуға көзделген ақшаны есептеумен және оларды инвестициялық, не мемлекеттік тапсырманы орындауға байланысты жобаларды іске асыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталдарын ең аз мөлшерінде қалыптастыру кезінде пайдалануға байланысты операцияларды есепке алуға арналған.";

      371-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "371. Төлемдер мен аударымдарды жүргізу үшін квазимемлекеттік сектор субъектісі аумақтық қазынашылық бөлімшесіне мыналарды қағаз тасығышта немесе "Қазынашылық-клиент" АЖ бойынша электрондық түрде:

      1) жарғылық капиталын ұлғайту/қалыптастыру кезінде – бағалы қағаздар нарығын қадағалау мен реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органның куәлігін не квазимемлекеттік сектор субъектісінің жарғылық капиталын ұлғайтуға ақша аударылған кезде басқару органдарының тиісті шешімін;

      2) аванстық төлемді қоспағанда, инвестициялық жобаны іске асыру кезінде – шот-фактураның немесе тауарларды жеткізу туралы жүкқұжаттың (актінің) немесе орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісінің немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген өзге құжат түрінің көшірмелерін.

      Инвестициялық жобаны Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым жүзеге асырған кезде, қазынашылықтың аумақтық бөлімшесіне көрсетілген ұйымның уәкілетті адамы қол қойған жазбаша өтінім беріледі.

      Шығыстарды және/немесе тартылған қарыз қаражатын, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан жарғылық капиталды қалыптастыруға немесе ұлғайтуға квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бұрын бөлінген қаражат есебінен өтеу кезінде квазимемлекеттік сектор субъектісі аумақтық қазынашылық бөлімшесіне шығыстарды өтеу жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының көшірмесін және қосымша, қарыз қаражатын тарту кезінде – кредиттік шарттың көшірмесін ұсынады.

      Инвестициялық жобаны іске асыру қаржы-экономикалық негіздемеге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарында ақшаның болуына сәйкес шарт соммасынан:

      30 пайыздан аспайтын мөлшерде – барлық инвестициялық жобалар бойынша;

      50 пайыздан аспайтын мөлшерде – жоғарытехнологиялық тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алғанда аванстық (алдын-ала) төлемге жол беріледі;

      3) мемлекеттік тапсырманы орындау кезінде аванстық төлемді қоспағанда, шот-фактураның немесе тауарларды жеткізу туралы жүкқұжаттың (акт) немесе орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің актісі немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген өзге де құжат түрінің көшірмелерін ұсынады.

      Мемлекеттік тапсырма орындалған және мемлекеттік тапсырманың мақсаттарына қол жеткізілген кезде мемлекеттік тапсырманы орындау үшін жауапты квазимемлекеттік сектор субъектісі жасасқан шарттың талаптарына сәйкес бюджеттік бағдарлама әкімшісінің келісімі бойынша мемлекеттік тапсырмаға тапсырыс беруші және орындаушы қол қойған, көрсетілген қызметтер актісінің негізінде аумақтық қазынашылық бөлімшесіндегі өз шотынан қаражат қалдықтарын, осы қаражатты екінші деңгейдегі банктердегі депозиттік шоттарда орналастыруды қоспағанда, екінші деңгейдегі банктегі есеп шотына аударады;

      4) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 129 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9938 болып тіркелген) Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, оған қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, іске асырылуын мониторингілеу және бағалау және бюджеттік кредиттеудің орындылығын айқындау қағидаларына сәйкес бюджеттік инвестициялардың ағымдағы қаржы-экономикалық негіздемесін түзетуді және (немесе) жаңасын әзірлеуді жүргізе отырып, жаңа және (немесе) ағымдағы жобаны (жобаларды) іске асыруға қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында пайдаланылмаған қалдықтарды бағыттау кезінде – тиісінше түзетілген ағымдағы және (немесе) жаңа қаржы-экономикалық негіздеменің көшірмесін қосымша;

      5) квазимемлекеттік сектор субъектісінің басқару органының (құрылтайшысының) шешімі бойынша үнемдеу қаражатын даму (жаңғырту, активтерді сатып алу) мақсаттарына үнемдеу сомасын пайдаланған кезде егер үнемдеу сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 50000 еселенген мөлшерінен аспаса, жобаның қаржы-экономикалық негіздемесін түзетуді жүргізусіз – басқару органдарының тиісті шешімінің көшірмесін қосымша;

      6) жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды іске асыру қорытындылары бойынша бюджет қаражатын үнемдеу түрінде қалыптасқан қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы пайдаланылмаған қалдықтарды бюджетке қайтару кезінде – төлем тапсырмасы және Мемлекеттік мүлік туралы заңға және Акционерлік қоғамдар туралы заңға сәйкес қабылданған квазимемлекеттік сектор субъектісінің тиісті басқару органының (құрылтайшысының) шешімі;

      7) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына есепке жатқызылған тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлдарды) төлеуден түскен қаражатты тиісті бюджет кірісіне аударған кезде – төлем тапсырмасын береді.";

      376-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "376. Қазақстан Республикасының резидент еместерімен жасалған шетел валютасындағы шарттар бойынша төлемдер жүргізілген кезде квазимемлекеттік сектор субъектісі осы Ережеде көзделген тәртіпте аумақтық қазынашылық бөлімшесіне квазимемлекеттік сектор субъектісінің шотынан келесі жұмыс күнінен кешіктірмей шетел валютасын сатып алу үшін екінші деңгейдегі банкте ашылған шотқа ақша аудару үшін төлем тапсырмасын қағаз жеткізгіште немесе "Қазынашылық-клиент" АЖ бойынша электрондық түрде ұсынады. Шетел валютасын айырбастауға арналған төлем тапсырмасында "Төлем тағайындау" ашық жолағында:

      1) сатып алынатын шетел валютасының түрі мен сомасы;

      2) ол бойынша шетел валютасы сатып алынатын бағам;

      3) резидент емеспен жасалған шарттың күні мен нөмірі;

      4) шарттың мәні;

      5) құжаттың (тауарларды жеткізгені туралы шот-фактураның немесе жүкқұжаттың (актінің), не орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің актісінің немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген, оның негізінде тауарларды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жүзеге асырылатын басқа да құжаттың) атауы, нөмірі мен күні көрсетіледі.

      Квазимемлекеттік сектор субъектісінің шотынан айырбасталған шетел валютасы оның екінші деңгейдегі банктегі шетел валютасындағы шотына валюталардың түрлері бойынша аударылған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде мақсаты бойынша пайдаланылуы тиіс.

      Пайдаланылмаған не толық пайдаланылмаған шетел валютасы көрсетілген мерзім өткеннен кейін шетел валютасын айырбастау жүзеге асырылған квазимемлекеттік сектор субъектісінің шотында ұлттық валютада кейіннен соманы қалпына келтіре отырып, қайта айырбасталуы тиіс.

      Квазимемлекеттік сектор субъектілері пайдаланылмаған не толық пайдаланылмаған шетел валютасын уақтылы қайта айырбастауды және шетел валютасын айырбастау жүзеге асырылған шотқа уақтылы қайтаруды қамтамасыз етеді.

      Қазақстан Республикасының резиденті емеспен жасалған шарт бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде төлемді ұлттық валютада жүргізу үшін квазимемлекеттік сектор субъектісі аумақтық қазынашылық бөлімшесіне оның екінші деңгейдегі банкте ашық шотына квазимемлекеттік сектор субъектісінің шотынан ақша аудару үшін төлем тапсырмасын ұсынады. Бұл ретте төлем тапсырмасында "Төлем мақсаты" жолында квазимемлекеттік сектор субъектісі түпкі бенефициар-резидент еместің деректемелерін қосымша көрсетеді.

      Квазимемлекеттік сектор субъектісінің шотынан оның екінші деңгейдегі банктегі шотына аударылған ақша, ол есепке жатқызылған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде тағайындалуы бойынша түпкі бенефициар-резидент емеске аударылуы тиіс.

      Квазимемлекеттік сектор субъектілері пайдаланылмаған не толық пайдаланылмаған ақшаны олар аударылған квазимемлекеттік сектор субъектісінің шотына көрсетілген мерзім өткенге дейін уақтылы қайтаруды қамтамасыз етеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бюджет заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрінің міндетін атқарушы
Е. Биржанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі