"Есептік тіркеуден өту және коллекторлық агенттіктердің тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 30 наурыздағы № 49 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 26 маусымдағы № 64 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 29 маусымда № 32936 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Есептік тіркеуден өту және коллекторлық агенттіктердің тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 30 наурыздағы № 49 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20269 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Есептік тіркеуден өту және коллекторлық агенттіктердің тізілімін жүргізу қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Есептік тіркеуден өту және коллекторлық агенттіктердің тізілімін жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы, "Коллекторлық қызмет туралы" 2017 жылғы 6 мамырдағы (бұдан әрі – Заң) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленген және есептік тіркеуден өту және коллекторлық агенттіктердің тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды.

      Ережеге енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпарат уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады, тиісті нормативтік құқықтық актіні әділет органдарында мемлекеттік тіркегеннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторына және бірыңғай байланыс орталығына жіберіледі.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) есептік тіркеуден өту үшін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган, көрсетілетін қызметті беруші):

      1) Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш ұсынылған күннің алдындағы күнгі жағдай бойынша құрылтайшылар (қатысушылар) туралы, басшы қызметкерлер туралы, сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекет қатысатын кредиттік бюромен жасалған ақпарат беру жөніндегі шарт туралы мәліметтер ескерілген өтінішті;

      2) Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша борышкерлермен және (немесе) олардың өкілдерімен және (немесе) банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредитормен міндеттемелер арқылы байланысты үшінші тұлғалармен өзара іс-қимыл жасайтын қызметкерлер туралы мәліметтерді;

      3) Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша филиалдар және (немесе) өкілдіктер туралы мәліметтерді ұсынады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген құжаттар қоса берілген өтініш өтінішті беруге уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылады және "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жіберіледі.

      Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі Қағидаларға 4-қосымшада келтірілген.

      Мемлекеттік қызметті көрсетудің жалпы мерзімі құжаттардың толық топтамасы ұсынылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайды.

      Жеке басты куәландыратын құжаттар, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзі арқылы алады.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Жауапты бөлімшенің қызметкері өтініш келіп түскен және тіркелген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.

      Ұсынылған құжаттардың толық болмау және (немесе) қолданыс мерзімі өткен құжаттардың болу фактісі белгіленген жағдайда, жауапты бөлімшенің қызметкері көрсетілген мерзімде көрсетілетін қызметті алушыға өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тарту жібереді.

      Көрсетілетін қызметті алушы өтінішпен жүгінген кезде порталда көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетінде мемлекеттік қызметті көрсету үшін өтініштің қабылданғаны туралы мәртебе көрсетіледі.

      Ұсынылған құжаттардың толық болу фактісі белгіленген жағдайда жауапты бөлімшенің қызметкері ұсынылған құжаттарды 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде қарайды.

      Көрсетілетін қызметті алушыны коллекторлық агенттіктердің тізіліміне енгізу туралы шешім қабылданған жағдайда, жауапты бөлімшенің қызметкері көрсетілген мерзімде тіркеу нөмірін көрсете отырып, көрсетілетін қызметті алушыны коллекторлық агенттіктердің тізіліміне енгізу туралы хабарламаның жобасын дайындайды, жауапты бөлімшенің басшысында мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесіне қол қояды және көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін жібереді.

      Коллекторлық агенттікті есептік тіркеуден бас тарту туралы негіздер анықталған жағдайда, уәкілетті орган көрсетілетін қызметті алушыға есептік тіркеуден бас тарту туралы алдын ала шешім, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушының алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіруге мүмкіндік беру үшін тыңдау өткізілетін уақыт және орын (тәсілі) туралы хабарлайды.

      Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабарланған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей өткізіледі.

      Тыңдау қорытындылары бойынша уәкілетті орган есептік тіркеуден бас тарту туралы немесе көрсетілетін қызметті алушыны коллекторлық агенттіктердің тізіліміне енгізу туралы шешім қабылдайды.

      Есептік тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда, жауапты бөлімшенің қызметкері есептік тіркеуден бас тарту себептері туралы дәлелді жауаптың жобасын дайындайды, жауапты бөлімшенің басшысында мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесіне қол қояды және көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін жібереді.

      Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанында портал арқылы құжаттардың толық топтамасы ұсынылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде көрсетілетін қызметті алушыға жіберіледі.";

      4-қосымша мынадай редакцияда жазылсын:

  "Есептік тіркеуден өту және
коллекторлық агенттіктердің
тізілімін жүргізу қағидаларына
4-қосымша

"Коллекторлық агенттіктерді есептік тіркеу" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі

1.

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

"Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі" республикалық мемлекеттік мекемесі

2.

Мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдері (қол жеткізу арналары)

www. egov. kz "электрондық үкіметтің" веб-порталы

3.

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері

10 (он) жұмыс күні

4.

Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны

Электрондық (ішінара автоматтандырылған)

5.

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі

Көрсетілетін қызметті алушыны коллекторлық агенттіктердің тізіліміне енгізу туралы хабарлама не мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту себептері туралы дәлелді жауап.

6.

Мемлекеттік қызметті көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем ақы мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны өндіріп алу тәсілдері

Ақысыз негізде

7.

Жұмыс кестесі:

1) көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі – Кодекс), "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбі-жұма аралығында белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін;
2) порталда – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері Кодекске сәйкес жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады).

8.

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі

1) Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес электрондық құжат нысанындағы өтініш;
2) Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша борышкерлермен және (немесе) олардың өкілдерімен және (немесе) банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредиторға міндеттемелері арқылы байланысты болатын үшінші тұлғалармен өзара іс-қимыл жасайтын қызметкерлер туралы мәліметтер;
3) Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес электрондық құжат нысанындағы филиалдар және (немесе) өкілдіктер туралы мәліметтер.
Осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көзделген құжаттар PDF форматында құжаттардың электрондық көшірмелері түрінде ұсынылады.

9.

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгілеген мемлекеттік қызметтерді көрсетуден бас тарту үшін негіздемелер

1) Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың осы тізбенің 8-тармағында көрсетілген құжаттарда көрсетілуге жататын дәйексіз мәліметтер мен ақпаратты ұсыну;
2) көрсетілетін қызметті алушы қызметкерлерінің "Коллекторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының заңның (бұдан әрі – Заң) 12-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес келмеу;
3) коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ниеттенген немесе Заңның 3-бабының 3-тармағында көзделген талаптарға дербес немесе басқа тұлғамен (тұлғалармен) бірлесіп тікелей немесе жанама иеленетін және (немесе) пайдаланатын және (немесе) жарғылық капиталына қатысу үлестерінің он немесе одан да көп пайызын иеленетін және (немесе) оған билік ететін тұлғаның сәйкес келмеу;
4) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында мемлекеттік тіркелген (қайта тіркелген) күннен бастап үш ай өткен соң көрсетілетін қызметті берушіге есептік тіркеуден өту туралы өтінішпен жүгіну;
5) Заңның 21-бабының 1-тармағында белгіленген талап сақталмаған жағдайларда тоқтатылады.

10.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің ерекшеліктері ескерілген өзге талаптар

Мемлекеттік қызметті көрсету орындарының мекенжайы көрсетілетін қызметті берушінің www. gov. kz, ресми интернет-ресурсында "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер" бөлімінде орналастырылған.
Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты порталдағы жеке кабинеті арқылы қашықтан қол жеткізу режимінде, сондай-ақ Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі анықтама қызметтерінің байланыс телефондары көрсетілетін қызметті берушінің www. gov. kz, ресми интернет-ресурсында "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер" бөлімінде орналастырылған. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселесі жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы:
8-800-080-7777, 1414.

      ".

      2. Банктік емес ұйымдарды қадағалау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі