Елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2023 жылғы 23 ақпандағы № 62 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 2 наурызда № 31996 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 07.03.2023 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Өсімдіктер дүниесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың үлгілік қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2023 жылғы 7 наурыздан бастап күшіне енеді және ресми жариялауға жатады.

      Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи ресурстар министрі
З. Сулейменова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи
ресурстар министрі
2023 жылғы 23 ақпандағы
№ 62 бұйрығымен
бекітілген

Елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың үлгілік қағидаларын

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың үлгілік қағидаларын (бұдан әрі - үлгілік қағидалар) "Өсімдіктер дүниесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі-заң) 9-бабы 1-тармағының 16) тармақшасына сәйкес әзірленді және елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың үлгілік тәртібін айқындайды. Үлгілік қағидалар мемлекеттік орман қоры учаскелерінде және республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, жеке тұрғын үй аумақтарында, саяжай учаскелерінде өсетін жасыл екпелерге қолданылмайды.

      2. Осы Үлгілік қағидалардың негізінде жергілікті атқарушы органдар Елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың қағидаларын әзірлейді.

      3. Осы Үлгілік қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) абаттандыру – сол немесе өзге аумақты құрылыс және мақсаты бойынша қалыпты пайдалану үшін жарамды жағдайға келтіру, халықтың дені сау, жайлы және мәдениетті өмір сүру жағдайын жасау мақсатында жүзеге асырылатын жұмыстардың (аумақтарды инженерлік дайындау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдарды салу, коммуникациялық желілерді және сумен жабдықтау, кәріз, энергиямен жабдықтау құрылыстарын, жабындар құрылғыларын дамыту, монументті өнердің шағын сәулеттік нысандары мен объектілерін орналастыру, көгалдандыруды жобалау, шу деңгейін азайту, микроклиматты жақсарту, ауа бассейнін, ашық су айдындары мен топырақты ластанудан қорғау бойынша) және көрсетілетін қызмет (аумақтарды құрғатуға және көгалдандыруға тазалау, жинау, санитариялық тазалау бойынша) жиынтығы;

      2) ағаштарды кесу – "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Рұқсаттар туралы заң) 2-қосымшаның 159-тармағына сәйкес уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылатын ағаштарды кесу жөніндегі жұмыс;

      3) ағаштар мен жасыл екпелерді қайта отырғызу – уәкілетті орган айқындаған учаскелерде жүзеге асырылатын ағаштар мен жасыл екпелерді қайта отырғызу жөніндегі жұмыс;

      4) дендрологиялық жоспар – құрылыс салу аймағын ескере отырып, көгалдардың, алаңдардың, жолдардың, су айдындарының ашық учаскелерімен үйлесімділікте өсіп тұрған және отырғызылуы жоспарланып отырған ағаш-бұта өсімдіктерінің жасыл екпелерінің сандық және түрлік құрамы көрсетілген жасыл екпелерді орналастырудың схемалық құжаты;

      5) жалпыға ортақ жерлер – алаңдар, көшелер, тротуарлар, өтпе жолдар, жолдар, жағалаулар, саябақтар, скверлер, қала ормандары, бульварлар, су айдындары, жағажайлар, зираттар және халықтың мұқтаждықтарын қанағаттандыруға арналған өзге де объектілер (жалпыға ортақ инженерлік жүйелер) орналасқан және оларға арналған жерлер;

      6) жасарту – қаңқалы және жартылай қаңқалы бұтақтарды қатты қысқарту, өркендерді сирету және реттеу, бас жағы мен бұталардың құрғау салдарынан өзінің декоративтік сапасын жоғалтқан, сау діңді және сүңгекті жасарту үшін жарамды ересек ағаштардың кемінде 3,5 метр биіктіктегі діңдерін кесу;

      7) жасыл алқап – түрлік құрамына қарамастан кемінде 0,125 га аумақта кемінде 50 дана ағашы бар көгалдандырылған аумақ;

      8) жасыл екпелер – елді мекендердің аумақтарында қорғаныштық, санитариялық-гигиеналық, әлеуметтік, эстетикалық және өзге де функцияларды орындайтын ағаш-бұта және шөптесін өсімдіктер екпелері;

      9) жасыл екпелерді жою – жасыл екпелердің өсуінің тоқтауына әкелетін зақымдану;

      10) жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау-жасыл екпелерді, көгалдандырылған аумақтар мен жасыл алқаптарды құруға, сақтауға және молықтыруға (оның ішінде кесілген жасыл екпелерді өтемдік қалпына келтіруге) бағытталған құқықтық, әкімшілік, ұйымдастырушылық және экономикалық шаралар жүйесі;

      11) жасыл екпелерді сақтау – абаттандыру және құрылыс жұмыстарының нүктесіне түсетін, аса құнды екпелердің тұқымдарын сақтауға бағытталған іс-шаралар кешені;

      12) жасыл екпелерді орман-патологиялық зерттеу – зиянкестердің (жәндіктердің) болуын арнайы зерттеу, ауру белгілері мен ошақтарының болуын, діңдерде, тамыр жүйесі мен ұшарбаста зең ауруларымен (паразиттермен) зақымдану белгілерінің болуын анықтау. Егер екпелердің 50 (елу) %-дан астамы аурулардан зақымданған болса, онда олар міндетті түрде кесілуі тиіс;

      13) жасыл екпелерді түгендеу (тал басын қайта есептеу) – көгалдандыру объектілерінің сандық және сапалық сипаттамаларын толық сипаттай отырып, оларды есепке алу жөніндегі іс-шаралар кешені, сондай-ақ жоспарлы негізде әрбір көгалдандыру элементін графикалық бейнелеу;

      14) жасыл екпелер тізілімі – жасыл екпелердің типтері, түрлік құрамы, алаңының көлемі, жай-күйі және орналасуы туралы деректер жиынтығы;

      15) жеке тұрғын үй – үй маңындағы учаскеде орналасқан және шаруашылық және басқа да құрылыстармен және жасыл екпелермен бірге азаматтың меншігіндегі, жеке (отбасында) тұруға арналған үй;

      16) заңсыз кесу – уәкілетті органның рұқсатынсыз жүзеге асырылатын ағаштарды кесу;

      17) көгалдандырылған аумақтар – шығу тегі табиғи өсімдіктер орналасқан, жасанды жолмен жасалған бау-саябақ кешендері мен объектілері, бульварлар, скверлер, көгалдар, гүлзарлар орналасқан жер учаскесі;

      18) көгалдандыру жөніндегі ұйым – шарт негізінде елді мекен аумағындағы жасыл еспелер мен жалпыға ортақ пайдаланылатын көгалдандырылған аумақтарды көгалдандыру, күтіп-ұстау, күту жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      19) көгал – шөп жамылғысы мен басқа да өсімдіктерді қамтитын, тротуардан, тұрақ қалталарынан, тұрақтардан және жолдың өзге де элементтерінен жиектас таспен және (немесе) әшекейлі қоршаумен қоршалған абаттандыру элементі (жер учаскесі);

      20) күтіп-баптау жөніндегі жұмыстар – өсімдіктердің жерасты және жерүсті бөлігін күтіп-баптау (қоректендіру, суару, қопсыту, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар және өзге де іс-қимылдар);

      21) мәжбүрлі түрде кесу – авариялық және төтенше жағдайларды жою кезінде уәкілетті органның келісімінсіз ағаштарды кесу;

      22) өтемдік отырғызу жоспары – отырғызудың сандық бөлігін, тұқымдық құрамын, көлемін, күнтізбелік мерзімін, сондай-ақ жоспарлы негізге орайластырылған отырғызуды орналастырудың графикалық схемасын қамтитын кесуге ұшыраған ағаштарды отырғызу жоспары;

      23) өтемдік отырғызу – уәкілетті орган дендрологиялық жоспарға сәйкес айқындаған арнайы учаскелерде кесілген ағаштардың орнына отырғызу;

      24) өтпе жол – тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға, мекемелерге, кәсіпорындарға, шағын аудандар, орамдар, елді мекендер ішіндегі құрылыс объектілеріне көлік құралдарының кіруін қамтамасыз ететін жол элементі;

      25) санитариялық кесу – авариялық жағдайлар туғызатын (электр беру желілерінде, газ құбырларында жатқан, ғимараттардың шатырын бұзатын, жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін) ауру, құрғап бара жатқан, құрғақ және зақымдалған бұтақтарды кесу;

      26) санитариялық мақсатта ағаш кесу – жасыл екпелердің санитариялық жай-күйін жақсарту мақсатында жүргізілетін ағаш кесу (ішінара, жаппай), бұл кезде ауру, зақымданған, қураған және қураған ағаштар кесіледі;

      27) тротуар – жаяу жүргіншілердің жүруіне арналған, жолдың жүру бөлігімен шектесетін немесе одан көгалмен немесе арық жүйесімен бөлінген жолдың элементі;

      28) уәкілетті орган – жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау мәселелерін реттеу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;

      29) ұшарбасты қалыптастыру – белгілі бір эстетиқалық түр беру және жасыл екпелерді жасарту мақсатында олардың солып қалуына әкеп соқтырмайтын, пішіндеуге келетін бұтақтар мен өркендерді, жекелеген ағаштарды, бұталарды және жолдағы екпелерді кесу;

      30) шағын сәулет нысандары – декоративтік сипаттағы және іс жүзінде пайдаланылатын объектілер (мүсіндер, фонтандар, барельефтер, гүл құмыралары, павильондар, күркелер, отырғыштар, құтылар, балалар ойындары және ересектердің демалысына арналған жабдықтар мен конструкциялар);

      31) іргелес аумақ – ғимараттар, құрылыстар, қоршаулар, құрылыс алаңшаларының, сауда, жарнама объектілеріне және заңды немесе жеке тұлғалардың балансындағы, меншігіндегі, иелігіндегі, жалға алуындағы басқа объектілер шекараларына тікелей (периметрі бойынша 5 метр шекарадағы) жанасып жатқан аумақ.

2-тарау. Елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың тәртібі

      4. Барлық санаттар мен түрлердегі көгалдандырылған аумақтар елді мекен шекараларындағы көгалдандыру жүйесін құрайды, елді мекеннің жасыл қорына кіреді және мемлекеттік орман қоры учаскелерінде және республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, жеке тұрғын үй мен жеке қосалқы шаруашылық аумақтарында, саяжай учаскелерінде өсетін жасыл екпелерді қоспағанда, рекреациялық, орта құрайтын және санитариялық-қорғаныш функцияларын орындайды.

      5. Жасыл екпелерді жасауды жергілікті атқарушы органдар ғылыми ұйымдардың ұсынымдары негізінде жүзеге асырады.

      Жеке және заңды тұлғалар жергілікті атқарушы органдар айқындайтын учаскелерде өз қаражаты есебінен жасыл екпелер жасайды.

      6. Жергілікті атқарушы органдардың жасыл екпелер алып жатқан аумақтарда, оның ішінде саябақтарда, скверлерде, бульварларда, ұйымдардың санитариялық-қорғаныш аймақтарында және өзге де өнеркәсіптік объектілерде құрылыс салу немесе оларды реконструкциялау туралы шешімдер қабылдауы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және қоғамдық тыңдауларды міндетті түрде өткізу арқылы жүзеге асырылады.

      7. Елді мекендердің жасыл қорын дамытудың негізгі мақсаттары, функциялары:

      экологиялық теңгерімді сақтау;

      оңтайлы температуралық режимді сақтау, оның ішінде жазғы кезеңде;

      ауа ылғалдылығын сақтау;

      ластанған ауаның адсорбциясы (пайдаланылған газдар, кәріз, өрттер, жинақталған коммуналдық қалдықтардың иісі және ауаны ластаудың басқа көздері);

      белгілі бір аумақта ластануды және басқа да теріс әсер ету нысандарын сіңіру, тазарту, өзгедей жою;

      сәндік-эстетикалық, қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру болып табылады.

      8. Жасыл қор мен қоршаған ортаны қорғау және сауықтыру жөніндегі шараларды жекі және заңды тұлғалар осы Үлгілік қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.

      9. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің көгалдандырылған аумақтарын дамыту дендрологиялық жоспарға сәйкес жүргізіледі.

      10. Көгалдандыру объектілері экологиялық заңнаманы сақтай отырып, елді мекеннің бас жоспарына сәйкес жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде құрылады.

      11. Рекреациялық аймаққа жататын ортақ пайдаланудағы жер аумағында рекреациялық аймақтың жұмыс істеуіне тікелей байланысты емес жаңа өнеркәсіптік, коммуналдық және қойма объектілерін, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды орналастыруға (салуға) және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге жол берілмейді.

      12. Объектілерді жобалау және салу кезінде құрылыс-монтаждау жұмыстары болжанатын учаскенің аумағында бар жасыл екпелерді барынша сақтай отырып, объектіні салуға берілген жер учаскесін көгалдандыруды көздеу қажет.

3-тарау. Жасыл желектерді есепке алуды жүргізу тәртібі

      13. Жасыл екпелердің барлық түрлері:

      есепке алу объектісінің шекарасында орналасқан жасыл екпелерді түгендеу және орман-патологиялық зерттеу;

      осы Үлгілік қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасыл екпелердің жерсіну актісін толтыру;

      жасыл еспелер тізілімін жүргізу;

      дендрологиялық жоспарды әзірлеу арқылы есепке алынады.

      14. Жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлердегі жасыл екпелерді түгендеу және орман-патологиялық зерттеу жүргізу жөніндегі қызметтер шарттық негізде жергілікті бюджет есебінен және (немесе) басқа да қаржыландыру көздері есебінен жүргізілуі мүмкін.

      15. Уәкілетті орган жасыл екпелерді түгендеу және орман-патологиялық зерттеу материалдарының көшірмесін жасыл қормен жұмыс істеу кезінде ұсыным ретінде пайдалану үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі аппаратына жібереді.

      16. Жасыл екпелерді есепке алу нәтижелерін көрсететін құжаттар ресімделген түгендеу, орман-патологиялық зерттеу материалдары, сондай-ақ электрондық және қағаз жеткізгіштерде жасалатын дендрологиялық жоспарға енгізілген өзгерістер болып табылады.

      17. Есепке алынған жасыл екпелер осы Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасыл екпелер тізіліміне енгізіледі.

      18. Жасыл екпелердің тізілімі мен есебін уәкілетті орган қағаз және электрондық жеткізгіштерде жүргізеді.

      19. Жасыл екпелерді есепке алуды жүргізу мыналарды қамтиды:

      1) жасыл екпелердің саны, түрлік құрамы және жай-күйі туралы дұрыс деректерді есепке алу және алу;

      2) елді мекеннің жасыл екпелерді қорғау, сақтау және көгалдандырылған аумақтарды дамыту саласындағы саясатының негізгі бағыттарын айқындау;

      3) халықты және мүдделі тұлғаларды елді мекендегі жасыл екпелердің саны, жай-күйі және қоршаған орта туралы дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету;

      4) елді мекен аумағындағы жасыл екпелердің жағдайын талдау;

      5) жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарда жасыл екпелерді тиімді басқару үшін бірыңғай ақпараттық база құру, оның ішінде жасыл екпелер санының қолданыстағы құрылыс және санитариялық нормаларға сәйкестігін белгілеу;

      6) көгалдандырылған аумақтарды күтіп-ұстау, күрделі жөндеу және оларды қайта жаңарту жөніндегі жұмыстарды регламенттеу;

      7) көгалдандырылған аумақтардың меншік иелерін айқындау және олардың сақталуы мен жай-күйіне жауапты заңды және жеке тұлғаларды белгілеу;

      8) қаланың көгалдандырылған аумақтарын ұтымды пайдалануды ұйымдастыру;

      9) көгалдандыру жобаларын, күтім жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарларын жасыл екпелерді күтіп-ұстау, күтіп-баптау және пайдалану жөніндегі ұсынымдар әзірлеу.

      20. Дендрологиялық жоспарды елді мекен шекарасы шегінде құрамында экологтары және (немесе) дендрологтары бар дендрологиялық зерттеулер қызметтерін көрсететін ұйымдарды тарта отырып, уәкілетті орган әзірлейді.

      21. Дендрологиялық жоспар екі бөліктен тұрады.

      Бірінші бөлім – картографиялық бейнеден тұратын, онда әрбір жасыл еспе реттік нөмір беріледі және қайта есептеу ведомосімен сүйемелденеді. Картографиялық бейнеде жасыл еспелерден басқа, көшелерді, жолдарды (жүру бөлігін) қоса алғанда, құрылыс салу аймағын және жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды ескере отырып, көгалдардың, алаңдардың, жолдардың, су айдындарының ашық учаскелері көрсетіледі.

      Екінші бөлім – сипаттама, онда көгалдандырылған объектінің сәйкестендіру сипаттамалары, дендрологиялық жоспардың сәйкестендіру сипаттамалары, өсіп тұрған жасыл екпелердің сандық және түрлік құрамы көрсетіледі, мынадай:

      кесу үшін (ауру, кепкен);

      қайта отырғызуға арналған;

      өңделмеген деген белгілерді көрсете отырып, жасыл екпелер өсетін жергілікті жердің бедері, топырақтың құрамы сипатталады.

      22. Дендрологиялық жоспардың ауқымы 1:10000.

      23. Дендрологиялық жоспар электрондық және қағаз жеткізгіштерде жасалады және сақталады және уәкілетті органның ресми интернет-ресурстарында жарияланады.

      24. Дендрологиялық жоспар бес жылда бір рет жасалады және оны кейін уәкілетті орган түзетеді.

      25. Бес жыл өткен соң климаттық ерекшеліктерге, елді мекеннің немесе оның бөлігінің жоспарлау құрылымы мен сәулеттік бейнесінің қалыптасуына байланысты жаңа дендрологиялық жоспар жасалады және бекітіледі.

      26. Шағын қалаларда (халық саны 50 мың тұрғынға дейін) өзгерістер болмаған кезде қолданыстағы дендрологиялық жоспарды қайта бекітуге жол беріледі.

4-тарау. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау жөніндегі шаралар

      27. Жасыл кеңістікті күтіп-ұстау мыналарды қамтиды:

      1) отырғызу шұңқырлары мен траншеялардағы топырақты жерді ауыстыру, жасыл екпелерді отырғызу және оларды күтіп-баптау;

      2) ағаштардың діңгек қуысын орнатумен қыртыстарды қопсыту, ағаштарды әктеу, жасыл қоршамды қию, ағаштардың діңін көтеру, ағаш өскіндерін жою;

      3) гүлзарлар, көгалдарды орналастыру, арамшөптерді отау, шөптерді шабу, қысқы кезеңде раушан гүлдерін жауып ұстау;

      4) жасыл екпелерді суару бүкіл вегетациялық кезеңде, жылдың ыстық және құрғақ уақытында суару үлкен жиілікпен жүзеге асырылады;

      5) ұшарбасты қалыптастыру;

      6) қаңқалы және жартылай қаңқалы бөліктерін сақтай отырып, ағаш-бұта өсімдіктерінің биологиялық ерекшеліктерін негізге ала отырып жүргізілетін жасарту;

      7) тыңайтқыш енгізу;

      8) жасыл екпелерді ң зиянкестерімен және ауруларымен күрес;

      9) авариялық, қураған ағаштар мен бұталарды санитариялық кесу, түбірлерді жұлу;

      10) жасыл екпелердің жай-күйіне мониторинг ұйымдастыру;

      11) ағаштың қуысын тазалау және пломбалау, ағаштың кесілген жерлерін майлы баяумен өңдеу.

      28. Жасыл екпелерді күтіп-ұстауды және қорғау жүзеге асырады:

      1) жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде – уәкілетті орган жүзеге асырады;

      2) саябақтар мен скверлерде меншік иелеріне немесе меншік иесі уәкілеттік берген адамға жүктеледі;

      3) өнеркәсіптік кәсіпорындардың аумағында және басқа да меншік объектілерінде, сондай-ақ бөлінген және бекітілген аумақта және – осы объектілердің меншік иелеріне немесе пайдаланушыларына жүктеледі;

      4) құрылыс-монтаждау жұмыстарына бөлінген аумақтарда – тапсырыс берушіге жүктеледі.

      29. Ағаштарды жасарту және тығыз өсетін ағаштарды сирету жөніндегі іс-шаралар вегетация басталғанға дейін немесе күздің соңында жүргізіледі.

      30. Жасыл екпелерді қайта отырғызу жыл бойы оларды сақтау, қорғау және қарқынды күтім жасау бойынша қажетті шараларды сақтай отырып жүзеге асырылады. Жапырақты және қылқан жапырақты ағаштардың тиімді жерсіндіру мақсатында оларды күз басталғаннан бастап ерте көктемге дейінгі кезеңде қайта отырғызылады.

      31. Жұмыстарды жүргізу кезінде құрылыс ұйымдары құрылыс салуға немесе құрылыс жұмыстарын жүргізуге бөлінген жер учаскесінде орналасқан жасыл екпелерді ң сақталуын қамтамасыз ететін мынадай іс-шараларды орындайды:

      1) құрылыс алаңдарының қоршауы ағаштар мен бұталар олардың шегінен тыс қалатындай етіп орнатылады. Құрылыс алаңында қалған әр ағаштың немесе ағаштар тобының айналасында ағаштың діңі мен ұшарбасын зақымданудан сақтауды қамтамасыз ететін жеке қорғаныс жасалады. Ағашты-бұталы өсімдіктерді сақтау мақсатында төменгі және жоғарғы ұшарбастарды ішінара кесуге, оқпандарды байлауға, бұталардың ұшарбастарын байлауға жол беріледі;

      2) сақталатын ағаштарды қоршауларды, шырақтарды және өзге де заттарды бекіту үшін бағаналар ретінде пайдалануға және зақым келтіруге жол берілмейді;

      3) ағаштардың тамырларын жалаңаштауға және дің маңындағы шеңберлерді топырақпен, құрылыс материалдарымен және қоқыспен көмуге жол берілмейді;

      4) жасыл еспелер ауданында жолдарды, тротуарларды және басқа да құрылыстарды реконструкцилау және салу кезінде бұрыннан барларға қарсы тік белгілерді өзгертуге жол берілмейді. Тамыр жүйесін толтыру немесе жалаңаштау мүмкін болмаған жағдайда, жобалар мен сметаларда ағаштардың қалыпты өсу жағдайларын сақтау үшін тиісті құрылғылар қарастырылған;

      5) машиналардың көгалдарда тұруына, құрылыс материалдарын жинап қоюға, жанар-жағармай материалдарын, лас қалдықтарды төгуге жол берілмейді;

      6) кірмежолдар мен көтергіш крандарды орнатуға арналған орындар жасыл еспелерден тыс орналастырылады және ағаштардың орнатылған қоршауларын бұзбайды;

      7) ағаштар мен бұталардың тамыр жүйесі аймағында қазу жұмыстарын тамыр жүйесіне зақым келтірмей, негізгі қаңқа тамырлары орналасқаннан төмен жүргізеді;

      8) жаңа құрылыстың барлық учаскелерінде жоғарғы өсімдік топырағын сақтайды, оны алуды және құрылыс алаңының шеттерінде үймелеуді жүргізеді. Бұрғыланған өсімдік топырағы аумақтарды көгалдандыру кезінде пайдаланылады және (немесе) көгалдандыру жөніндегі ұйымға беріледі.

      32. Тротуарлар мен өтпе жолдарды асфальттау, төсеу, тақталармен жабу жұмыстарын жүргізу кезінде ағаштың айналасында кемінде диаметрі 1,2 метр жақын аралық шеңбер қалдырылады.

5-тарау. Уәкілетті органның елді мекеннің аумақтарын көгалдандыру жөніндегі жұмыс жоспары

      33. Жалпыға ортақ пайдаланылатын аумақтарда көгалдандыру, жасыл екпелерді отырғызу бюджеттің түрлі деңгейлері қаражаты есебінен, сондай-ақ өзге де қаржыландыру көздері есебінен жүргізілуі мүмкін.

      34. Жалпыға ортақ пайдаланылатын аумақтарда көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін уәкілетті орган мынадай жұмыстардың бір түріне және/немесе бір мезгілде түрлеріне ақау актісін дайындайды:

      1) жасыл екпенің мекенжайын (орналасқан жерін), түрін, оның сипаттамаларын (оқпан диаметрі, биіктігі, жай-күйі және басқалары) көрсете отырып, болжанып отырған қураған ағашты кесу бойынша көлемді айқындау;

      2) нақты учаскеде жоспарланған жаңа жасыл екпелердің көлемін анықтау (жасыл екпенің түрі мен атауы, отырғызу мерзімі);

      3) түрі мен сипаттамаларын, отырғызу мерзімдерін айқындай отырып, өтемдік жасыл екпелер орналасатын учаскенің жоспарын айқындау;

      4) ағаштың орналасқан жерін, көлемін (санын) көрсете отырып, түбірлерін қопарып қазып алу көлемін айқындау.

      35. Уәкілетті орган жасыл екпелерді сатып алуға, оларды тасымалдауға, тыңайтуға, суаруға, топырақты тасымалдауға, механикаландыруға және жұмыс күшіне, сондай-ақ жаңадан отырғызылған жасыл екпелерді жерсіндіру үшін кейін күтіп-баптауға жұмсалатын шығындардың құнын айқындай отырып, еркін нысандағы ақау актісін іске асыру мақсатында жұмыс көлемін айқындау үшін шығындар калькуляциясын жасайды.

      36. Инженерлік желілерге (электрмен жабдықтау, жарықтандыру, сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау) қатысты жасыл екпелерді кесу және/немесе қураған ағаштарды кесу бойынша жұмыстарды жүргізу кезінде кемінде үш жұмыс күні бұрын инженерлік желілердің меншік иелерімен жұмыстарды орындау мерзімдері келісіледі және жұмыстардың уақыты мен ұзақтығын көрсете отырып, учаскедегі болжамды жұмыстар туралы халыққа, кәсіпорындар мен ұйымдарға бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер немесе ұялы байланыс арқылы хабарланады.

6-тарау. Ағаштарды кесу тәртібі

      37. Құрылыс салуға немесе басқа да жұмыстар жүргізуге бөлінген учаскелерде жасыл екпелерді сақтау мүмкін болмаған жағдайда, егер қолданыстағы жасыл екпелер тұрғын үй құрылысы ғимараттарын қоса алғанда, басқа да құрылыстар үшін қатер төндіретін болса, ағаштарды кесу Рұқсаттар туралы заңға сәйкес уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүргізіледі.

      38. Ағаштарды кесу:

      1) бекітілген және келісілген қала құрылысы құжаттамасында көзделген құрылыс қызметін, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру үшін жағдайлар жасалуын қамтамасыз ету;

      2) инженерлік абаттандыру объектілеріне қызмет көрсету, инженерлік желілерді реконструкциялау және салу, жерасты және жерүсті коммуникациялары;

      3) авариялық және төтенше жағдайларды жою, оның ішінде инженерлік абаттандыру объектілерінде жою;

      4) бұрыннан бар объектілердің аумағын абаттандыру және эстетикалық түрге келтіру, жасыл екпелердің сапалық және түрлік құрамын жақсарту қажеттілігі;

      5) адамдардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаның мүлкіне залал келтіретін ағаштарды санитариялық кесу жағдайларында жасалуы мүмкін;

      6) ағаштар мен бұталар жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде өсіп тұрған жағдайларда жүзеге асырылады.

      39. Ағаштарды кесуді рұқсат беру рәсімдеріне сәйкес уәкілетті органның рұқсаты бойынша осы жер учаскесіне қызмет көрсететін ұйымдар жүргізеді.

      Уәкілетті орган халықтың өміріне қауіп төндіретін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы № 1034 қаулысымен бекітілген Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiне (бұдан әрі – Тізбе) енгізілген жасыл екпелерді кесуге рұқсат берілмейді.

      40. Жалпыға ортақ жерлердегі және ғимараттарға, құрылыстарға, көп қабатты тұрғын үйлерге іргелес аумақтардағы желдің және табиғи сипаттағы өзге де жағдайлардың, жол-көлік оқиғаларының нәтижесінде ағаштар авариялық құлаған жағдайда құлаған ағаштарды жинауды, құлаған жерлерді уақтылы тазалауды және ағаш қалдықтарын шығаруды қызмет көрсететін учаскелер бойынша ұйымдар жүзеге асырады.

      41. Авариялық және төтенше жағдайларды жою кезінде, оның ішінде инженерлік абаттандыру объектілерінде уәкілетті органның келісімінсіз ағаштарды мәжбүрлі түрде кесу мынадай:

      ағаштардың, сондай-ақ олардың бұтақтарының құлауы адамдардың өмірі мен денсаулығына, ғимараттар мен құрылыстардың, коммуникациялардың және желілердің бүлінуіне қауіп төндірген;

      жол қозғалысы қауіпсіздігіне кедергілер, оның ішінде жол белгілерін көзбен шолуды жабатын кедергілер болған, жол белгілерін ауыстыру мүмкін болмаған жағдайларда жүргізіледі.

      42. Ағаштарды мәжбүрлі түрде кесу фактісі авариялық-құтқару қызметінің куәландыру актісімен айғақталады, кейін уәкілетті органға мәжбүрлі түрде кескен сәттен бастап үш жұмыс күн ішінде хабарланады.

      43. Жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде ағаштарды санитариялық кесуді уәкілетті органмен жазбаша келісім бойынша осы жер учаскесіне қызмет көрсететін көгалдандыру жөніндегі ұйымдар жүргізеді.

      44. Ағаштарды кесу Рұқсат беру туралы заңға сәйкес уәкілетті органның рұқсаты бойынша, Жасыл еспелер тізіліміне сәйкес ағаштардың сандық, тұқымдық құрамын, жай-күйі мен орналасқан жерін дәл анықтау үшін уәкілетті орган маманының алдын ала ағашты кескен жерге баруы және Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасыл екпелерді зерттеп-қарау актісін толтыруы арқылы жүзеге асырылады.

      45. Жеке және заңды тұлғалар ағаштарды кесуге рұқсат алған кезде осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кесілген ағаштардың орнына өтемдік отырғызу туралы кепілдік хат береді.

      46. Кесілген жасыл еспелер мен кесілген қалдықтарды (үгінділер, бұтақтар, жапырақтар, қабықтар) жұмыс жүргізілетін жерде жинауға және сақтауға жол берілмейді.

7-тарау. Ағаштарды отырғызу, қайта отырғызу және өтемдік отырғызу

      47. Жасыл екпелерді жойылған (кесілген) учаскеде не дендрологиялық жоспарда (көгалдандыру жоспарында) айқындалған учаскелерде отырғызу өтемдік отырғызулар болып табылады.

      Өтемдік отырғызулар өз мүдделері үшін жасыл екпелерді жоюды (кесуді) жасаған не кінәсінен осы екпелердің бүлінуі немесе құрып кетуі орын алған жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қаражаты есебінен жүргізіледі.

      48. Өз мүдделері үшін жасыл екпелерді жоюды (кесуді) жасаған не кінәсінен осы екпелердің бүлінуі немесе құрып кетуі орын алған жеке және (немесе) заңды тұлғалар өтемдік екпелерге:

      ағаштар мен бұталарға: қылқан жапырақты тұқымдастарға – үш жыл бойы, жапырақты тұқымдастарға – екі жыл бойы;

      шөптесін өсімдіктерге – бір жылдың вегетациялық маусымы ішінде күтім жасауды қамтамасыз етеді.

      49. Өтемдік отырғызу осы Қағидалардың 48-тармағында көрсетілген күтім жасау мерзімі өткенге дейін құрып кеткен жағдайда, жеке және (немесе) заңды тұлғалар жасыл екпелерді қайта отырғызуды және оларға күтім жасауды жүзеге асырады.

      50. Жеке және заңды тұлғалар өз қаражатына жасыл екпелерді отырғызуды жүзеге асырғаннан кейін орындалған іс-шаралар туралы деректерді береді, ал уәкілетті орган жасыл екпелерді қабылдайды және оларды Жасыл екпелерді есепке алу жөніндегі тізілімге енгізеді.

      51. Жасыл екпелерді түгендеу және орман-патологиялық зерттеу материалдарына сәйкес қайта отырғызуға жататын ағаштар уәкілетті органның жазбаша нұсқамасына сәйкес көрсеткен учаскелерге қайта отырғызылады.

      52. Жеке және заңды тұлғалар ағаштарды қайта отырғызған кезде өтемдік отырғызу жүргізілмейді.

      53. Егер қайта отырғызу ағаштардың салып қалуына әкеп соққан жағдайда, осы Қағидалардың 59-тармағының талаптарына сәйкес өтемақының он еселенген мөлшері белгіленеді.

      54. Ағаштарды қалпына келтіру қала мен елді мекеннің өтемдік отырғызу жоспарына сәйкес, қажет болған жағдайда топырақты құнарлы топыраққа ауыстыра отырып, арнайы учаскелерде жүргізіледі.

      55. Ағаштарды кесуге рұқсат алған кезде қалпына келтірілетін ағаштарды олардың мүддесі үшін кесу жүргізілген азаматтардың және заңды тұлғалардың қаражаты есебінен он есе мөлшерде өтемдік отырғызу жүргізіледі.

      56. Жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерге өтемдік отырғызу және күтіп-баптау және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды өз штатында көгалдандыру саласындағы мамандары бар көгалдандыру жөніндегі ұйымдар жүргізеді.

      Өтемдік отырғызу кезінде бір жылдық көшеттерді пайдалануға жол берілмейді.

      57. Өтемдік отырғызулар мынадай мөлшерлерде:

      1) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органның рұқсаты бойынша жасыл екпелер кесілген, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалардың меншігіндегі немесе пайдалануындағы ғимараттарға, құрылысжайларға іргелес аумақта олар құрып кеткен кезде – он еселенген мөлшерде;

      2) жасыл екпелер заңсыз жойылған (кесілген) кезде не олардың құрып кетуіне алып келген бүлінуі кезінде – елу еселенген мөлшерде жүзеге асырылады.

      58. Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдік түрлерінің тізбесіне енгізілген жасыл екпелер заңсыз жойылған (кесілген) не олардың құрып кетуіне алып келген бүлінген жағдайда – бір жүз еселенген мөлшерде жүзеге асырылады.

      59. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 31 мамырдағы № 441 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзудан келтірілген залалдың мөлшерін есептеуге арналған базалық ставкалардың 4-тармағында көзделген зиян үшін жеке және заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды уәкілетті орган есептейді.

      60. Ағаштарды өтемдік отырғызу кесегімен биіктігі кемінде 2,5 метр жапырақты ағаш көшеттерін немесе кесегімен биіктігі кемінде 2 метр қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызу арқылы жүргізіледі.

      Көшеттердің жоғарғы тамыр жүйесінен діңінің диаметрі 3 сантиметрден кем емес болуы, дің бөлігінің 1,3 метр жоғары болуы қажет.

      61. Ағаштарды кесу кезінде өтемдік отырғызу уәкілетті органның рұқсаты бойынша және (немесе) ағаштарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру кезінде кесу, ағаштарды жою немесе бүлдіру орнынан 1 километр радиуста аумақта жүргізіледі.

      Өтемдік отырғызу үшін кесу орнынан 1 километр радиуста бос орын болмаған кезде өтемдік отырғызу аумағын уәкілетті орган жазбаша түрде көрсетеді.

      62. Ағаштарды мәжбүрлі түрде кесу кезінде өтемдік отырғызу көгалдандыруды, көгалдандыру жөніндегі ұйымды тарта отырып, жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде жүргізіледі.

      63. Өтемдік ағаш отырғызу дендрологиялық жоспарға сәйкес жүзеге асырылады.

      64. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерде және жеке аумақтарда өсетін жасыл екпелер механикалық зақымданған немесе жойылған жағдайда кінәлі тарап көшеттер отырғызу арқылы бүлінген немесе жойылған екпелерді бес есе өтемдік қалпына келтіруді жүргізеді.

      65. Өтемдік ағаш отырғызу жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін жеке және заңды тұлғалар бір ай ішінде уәкілетті органды өтемдік отырғызу жоспарына сәйкес жұмыстардың орындалғаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.

      66. Кепілдік хатқа сәйкес жеке және заңды тұлғалар өтемдік отырғызу сәтінен бастап үш жыл ішінде (ағаш көшетінің жерсіну кезеңі) осы Қағидалардың 26-тармағының 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларына сәйкес көшеттерді күтіп-ұстау және қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізеді.

      67. Өтемдік отырғызуды жүзеге асырған жеке және заңды тұлғалар уәкілетті органмен бірлесіп, осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасыл екпелердің жерсіну актісін жасайды және одан әрі күтіп-ұстау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органының теңгеріміне береді.

      68. Уәкілетті орган өскен ағаштарды Жасыл екпелер тізіліміне енгізеді.

      69. Отырғызылған көшеттер өтемдік отырғызу кезінде жойылған жағдайда, олардың мүддесі үшін кесу жүргізілген тұлғалар жасыл екпелерді қайта отырғызуды жүргізеді және оларды қайта отырғызу жүргізілген сәттен бастап үш жыл бойы (ағаш көшетінің жерсіну кезеңі) күтіп-ұстау және қорғау жөніндегі одан әрі іс-шараларды қамтамасыз етеді.

  Жасыл екпелерді күтіп-ұстау
және қорғау қағидаларына
1-қосымша

      Нысан

____ жылғы 1 қаңтардағы Жасыл екпелер тізілімі Жасыл екпелер объектілерінің (учаскелерінің) алаңын жердің санатына, өсімдіктің типтеріне, функционалдық мақсатына қарай бөлу Қала/елді мекен Жауапты иесі:____________________________ Жасыл екпелер тізілімі Кесте

Р/с № түгендеу/жасыл екпе паспортының №

Жердің функционалдық мақсаты (екпелер санаты)

Ағаш өсімдігі

Бірлі-жарым ағаштар, дана

Топтар, куртиналар, дана

Тоғайлар, алқаптар, дана

Жол бойындағы екпелер, дана

Жиыны, дана








Бұталы өсімдіктері

Бірлі-жарым, дана

Жасыл қоршам қума метр (қ.м.)

Қатарлап отырғызу, дана

Топтық отырғызу, дана

Барлығы қ.м./дана






Ашық кеңістіктер

Гүлзарлар

Көгалдар

Жазғы, м2

Көпжылдық,м2

Контейнерлік, дана

Вазон, м2

Альпинарий, рокарий, м2

Жиыны м2/дана

Партерлік, м2

Кәдімгі, м2

Жер қыртысының жамылғысы, м2

Жиыны м2/дана

  Жасыл екпелерді күтіп-
ұстаудың және қорғаудың
үлгілік қағидаларына
2-қосымша

      Нысан

Жасыл екпелерді зерттеп-қарау актісі 20__ж. "___"___________

Р/с №

Жасыл екпелердің табиғи құрамы

Сақталады

Кесуге рұқсат

Рұқсатсыз кесу

дана

жасы, жыл

дің диаметрі, см

дана

жасы, жыл

дің диаметрі, см

дана

жасы, жыл

дің диаметрі, см

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

1











2






















Барлығы:










Қорытынды









 
Жүктеу











      кестенің жалғасы

Қайта отырғызу, тамырын қопарып қазу (жасарту)

Санитариялық кесу

Сапалық(нақты жай-күйі

Залалды өтеу мөлшері, бірлік

Залалды өтеу мөлшері бойыншазалалдың сомасы

Өтемдік қалпына келтіру, дана

дана

жасы, жыл

дің диаметрі, см

дана

жасы, жыл

дің диаметрі, см

АЕК

теңге

12

13

14

15

16

17

18

19

20

21

      Осы акт _______ данада жасалды.

      Ескертпе: Зерттеп-қарау актісі жасыл екпелерді кесуге немесе қайта отырғызуға құқық беретін құжат болып табылмайды.

      Жеке немесе заңды тұлғаның өкілі ___________________________ қолы (Т.А.Ә.)

      (мөрі бар болса)

      Уәкілетті органның лауазымды адамы ________________________ қолы (Т.А.Ә.)

      (мөрі бар болса)

  Жасыл екпелерді күтіп-
ұстаудың және қорғаудың
үлгілік қағидаларына
3-қосымша

      Нысан

  Жергілікті атқарушы органның
(облыстардың, Астана,
Алматы және Шымкент
қалаларының, ауданның,
облыстық маңызы бар қаланың)
басшысы
____________________________
(тегі, аты, ол бар болған
жағдайда әкесінің аты,
мемлекеттік органның атауы)
____________________________
(жеке тұлғаның тегі, аты, ол бар
болған жағдайда әкесінің аты не
көрсетілетін қызметті алушы
заңды тұлға ұйымының атауы)
және (немесе) сенімхат
бойынша)
____________________________
(ЖСН/БСН)
Мекенжайы
____________________________
(заңды мекенжайы немесе
тұрғылықты жері)
байланыстар
____________________________
(электрондық
мекенжайы,телефон)

Кепілдік хат ______________________________________________ (жеке немесе заңды тұлғаның атауы)

      Ағаштарды кесуге рұқсат алған сәттен бастап алты ай ішінде ____________ дана көлемінде өтемдік ағаш отырғызуды жүргізуге кепілдік береді, ___________ тұқымдылар, ағаштардың орнына _________ дана, _________________ үшін кесілетін тұқымдар ____________________________________мекенжайы бойынша:

      (себебі көрсетіледі)

      __________________________________________________ 20 жылғы " " жасыл екпелерді зерттеп-қарау актісіне сәйкес.

      Отырғызылған көшеттер жойылған жағдайда, қайта отырғызуға кепілдік береді.

      Өтемдік отырғызу сәтінен бастап үш жыл ішінде (ағаш көшетінің жерсіну кезеңі) осы Қағидалардың 26-тармағының 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларына сәйкес көшеттерді күтіп-ұстау және қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізуге және үш жыл өткеннен кейін оларды ағаштардың жерсіну актісі негізінде жергілікті атқарушы органның теңгеріміне беруге кепілдік береді

      __________________________________________________________________________

      (жеке немесе заңды тұлғаның атауы)

      Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзғаны үшін "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің 381-1 және 386 бабына сәйкес жауапкершілікке тартылатыны хабарланды.

      Күні: 20__ ж. "___" ____________

      _____________________________

      Басшының Т.А.Ә. және қолы (мөрі бар болса)

  Жасыл екпелерді күтіп-
ұстаудың және қорғаудың
үлгілік қағидаларына
4-қосымша

      Нысан

Жасыл екпелердің жерсіну актісі 20___ ж. "___" _________ Жасыл екпелердің отырғызған мекенжайы: ____________________________________

Заңды және жеке тұлғалардың атауы

Рұқсаттың немесе келісудің нөмірі мен күні

Кесілген ағаштардың саны, дана

Қайта отырғызылған ағаштардың саны, дана

Өтемдік немесе бастамашылық отырғызу, дана тұқымы

Жағдайы

Қалпына келтіруге арналған көшеттер саны, дана

Ескертпе
 

Тамыр алды, дана
 

Тамыр алмады, дана
 

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

1










Қорытынды:








      Жеке немесе заңды тұлғаның өкілі ________________________________________

      (Т.А.Ә., қолы) (мөрі бар болса)

      Уәкілетті органның лауазымды адамы _____________________________________

      (Т.А.Ә., қолы) (мөрі бар болса)