Қосшы қаласында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы

Ақмола облысы Қосшы қаласы мәслихатының 2022 жылғы 17 наурыздағы № 46/11-7 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 1 сәуірде № 27356 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Заңына, Қазақстан "Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" Заңының 16-бабына сәйкес, Қосшы қаласының мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қосшы қаласында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алудың тәртібі мен мөлшері осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Б.Ибраев


  Қосшы қаласы мәслихатының
2022 жылғы 17 наурыздағы
№ 46/11-7 шешіміне
қосымша

Қосшы қаласында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшері

      1. Осы Қосшы қаласында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 25 наурыздағы № 84 "Әлеуметтік – еңбек саласында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы" бұйрығымен бекітілген "Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22394 болып тіркелген) мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына (әрі қарай-шығындарды өтеу қағидалары) сәйкес әзірленді.

      2. Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу (бұдан әрі-оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу) мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды үйде оқу фактісін растайтын оқу орынының анықтамасы негізінде "Қосшы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен жүзеге асырылады.

      3. Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу (толық мемлекеттің қамтамасыз етуіндегі мүгедек балалардан және оларға қатысты ата-аналары ата-ана құқығынан айырылған мүгедек балалардан басқа) үйде оқытылатын кемтар балалардың ата-анасының біреуіне немесе өзге заңды өкілдеріне отбасының табысына қарамастан беріледі.

      4. Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу психологиялық- медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысында белгіленген мерзім аяқталғанға дейін өтініш берген айдан бастап жүргізіледі.

      5. Шығындарды тоқтатуға әкеп соққан жағдайлар бар болғанда (мүгедек балалардың он сегіз жасқа толуы, мүгедектік мерзімінің аяқталуы, мүгедек баланың мемлекеттік мекемелерде оқып жатқан кезеңі, мүгедек баланың қайтыс болуы) төлемдер тиісті жағдайлар туындағаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      6. Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу үшін қажетті құжаттар тізбесі шығындарды өтеу қағидаларының 3-қосымшасына сәйкес ұсынылады, ал қандастар, жеке басын сәйкестендіру үшін, жеке басын куәландыратын құжаттың орнына қандас куәлігін ұсынады.

      7. Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу мөлшері әр мүгедек балаға ай сайын үш айлық есептік көрсеткішке тең.

      8. Оқытуға жұмсалған шығындарды өтеуден бас тарту негіздері шығындарды өтеу қағидаларының 3-қосымшасының тоғызыншы жолында көзделген.