"Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасу үшін құжаттарды іріктеу өлшемшарттарын және қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 13 желтоқсандағы № 235 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 12 желтоқсандағы № 114 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 19 желтоқсанда № 31155 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасу үшін іріктеу өлшемшарттарын және қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 13 желтоқсандағы № 235 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19773 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасу үшін құжаттарды қарау қағидаларында:

      3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру және шарт жасасу үшін өтініш беруші уәкілетті органға мынадай құжаттар мен ақпаратты қоса бере отырып, Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша ерекше реттеу режимі шеңберінде қатысуға өтініш (бұдан әрі – өтініш) ұсынады:

      1) құрылтай құжаттарының көшірмелерін;

      2) заңды тұлғаның толық атауы мен орналасқан жерін көрсете отырып, құрылтайшылары (қатысушылары), акционерлері, атқарушы органының бірінші басшысы (мүшелері) туралы мәліметтерді;

      3) мыналарды қамтитын бизнес-жоспарды:

      ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру қажеттілігінің негіздемесін;

      ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асырылуы жоспарланып отырған қызметтің сипатын;

      ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асырылатын қызметтің нысаналы тұтынушыларының (бар болса) сипатын және өтініш берушінің ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асырылатын қызметіне мүдделі тұтынушылардың болуы туралы мәліметтерді;

      ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру аумағын көрсетуді;

      қызметтің әлеуетті артықшылықтарының, сондай-ақ тұтынушылар үшін әлеуетті тәуекелдердің сипатын;

      тәуекелдерді басқару жоспарын (ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асырумен байланысты тәуекелдердің сипатын және осындай қызметті жүзеге асыру кезеңінде тәуекелдерді басқару тәсілдерін);

      ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметтің жоспарланып отырған ауқымын: тұтынушылардың санын, операциялардың сипатын және көлемін;

      4) өтініш беруші ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыруды жоспарлап отырған мерзімін;

      5) қызметтің ерекше реттеу режимі шеңберіндегі даму сатыларын, ерекше реттеу режимі шеңберінде өтініш беруші қызметінің тиімділігін бағалаудың күтілетін нәтижелерін, өлшемшарттары мен көрсеткіштерін;

      6) шарттың қолданысы жоспарлы немесе мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, тұтынушылармен қызметті және шарттық қатынастарды орындауды тоқтату тәртібін сипаттай отырып, іс-шаралар жоспарын;

      7) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар рыногы туралы", "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы", "Микроқаржылық қызмет туралы", "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы", "Төлемдер және төлем жүйелері туралы", "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының заңдары және уәкілетті органның аталған заңдарға сәйкес қабылданатын нормативтік құқықтық актілері нормаларының ерекше реттеу режимі шеңберінде өтініш берушіге қолданылу шектерін.

      Егер Қазақстан Республикасының резидент-қаржы ұйымы өтініш беруші болып табылса, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген мәліметтер ұсынылмайды.

      4. Уәкілетті орган өтінішті оны алған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қарайды.";

      7-тармақ мына редакцияда жазылсын:

      "7. Шарт жасаудан бас тарту үшін негіздер анықталған жағдайда уәкілетті орган өтініш берушіге шарт жасаудан бас тарту туралы алдын ала шешім жайлы, сондай-ақ өтініш берушіге алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігін беру үшін тыңдауды өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабарлайды.

      Тыңдау туралы хабарлама шарт жасаудан бас тарту туралы шешімнің қабылдануынан кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау өтініш беруші шарт жасаудан бас тарту туралы алдын ала шешім туралы хабарламаны алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Тыңдаудың қорытындылары бойынша уәкілетті орган шарт жасаудан бас тарту туралы немесе шарт жасау туралы шешім қабылдайды.

      Өтініш бойынша шешім өтініш берушіге шешім қабылданған күннен кейін 3 (үш) жұмыс күнінің ішінде жіберіледі.".

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми түрде жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күнінің ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова