Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Ерікті және мәжбүрлеп таратылатын банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, қызметін ерікті және мәжбүрлеп тоқтататын Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі бекітілсін.
2. Банктерді реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттік Төрағасының м.а. |
О. Кизатов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Стратегиялық жоспарлау
және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
| Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттік Төрағасының м.а. 2022 жылғы 23 қарашадағы № 96 қаулысына қосымша |
Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Ерікті және мәжбүрлеп таратылатын банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, қызметін ерікті және мәжбүрлеп тоқтататын Қазақстан Республикасының бейрезидент- банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент- сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі
1."Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату ережесін және мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 25 наурыздағы №77 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4257 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату ережесінде және мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптарда:
83-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"83. Тарату комиссиясы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкімшілігі берген мүлікті бағалау туралы есеп болмаған кезде "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының заңына сәйкес бағалау қызметін жүзеге асыратын бағалаушыны (бұдан әрі - бағалаушы) тарта отырып, таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкін бағалауды жүргізеді.
Баланстық құнына қарамастан жылжымайтын мүлікті, бір бірлігі үшін 1000 (бір мың) айлық есептік көрсеткіштен артық баланстық құны бар жылжымалы мүлікті бағалау үшін бағалаушыны таңдау конкурс (тендер) өткізу арқылы жүзеге асырылады, оның нәтижелері бойынша ең тиімді талаптар (көрсетілетін қызмет үшін ақы төлеу мөлшері, бағалау жүргізу мерзімдері, бағалаушының филиалдық желісінің болуы және өзге де талаптар) ұсынған бағалаушыға артықшылық беріледі. Конкурсты (тендерді) өткізу талаптарын тарату комиссиясының төрағасы айқындайды және олар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бағалануға жататын мүлкінің орналасқан жері бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе облыста, республикалық маңызы бар қалада, Қазақстан Республикасының астанасында таралатын мерзімді баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.
Тарату комиссиясы 50 (елуден) 1000 (бір мың) айлық есептік көрсеткішке дейінгі баланстық құны бар жылжымалы мүліктің 1 (бір) бірлігін бағалау үшін бағалаушыны таңдауды баға ұсыныстарын сұрату арқылы жүзеге асырады.
Баланстық құны 50 (елу) айлық есептік көрсеткіштен кем жылжымалы мүлікті бағалау жүргізілмейді.
Бағалау жүргізу конкурсына бір-біріне қатысты үлестес бағалаушылар қатыспайды. "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 64-бабында айқындалған тұлғалар үлестес бағалаушылар болып табылады.";
85-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"85. Уәкілетті орган лицензиядан айыру туралы шешім қабылдағанға дейін орын алған, орындалуы және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құжаттамалық ресімделуі аралық тарату балансы бекітілгенге дейін аяқталмаған таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, қызметін мәжбүрлеп тоқтататын Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының қатысуымен мәмілелер жасалмаған болып есептеледі.".
2. Күшн жойылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 03.04.2026 № 48 (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.3. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 03.04.2026 № 46 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
4. "Банктерді таратуды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының қызметін мәжбүрлеп тоқтату қағидаларын және қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, мәжбүрлеп таратылатын банктердің тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 30 қарашадағы № 114 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21716 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
Банктерді таратуды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының қызметін мәжбүрлеп тоқтату қағидаларында және қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, мәжбүрлеп таратылатын банктердің тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптарда:
97 және 98-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"97. Тарату комиссиясы оларды ұсыну үшін белгілеген мерзім өткеннен кейін мәлімделген, тарату комиссиясы таныған кредиторлардың талаптары кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілмейді де өзге кредиттік берешек ретінде жеке баланстық шотта ескеріледі және белгіленген мерзімде мәлімделген кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүліктен қанағаттандырылады.
98. Тарату комиссиясы танымаған не тарату комиссиясы оларды ұсыну үшін белгілеген мерзім өткеннен кейін мәлімделген, жеке баланстық шотта өзге кредиторлық берешек ретінде ескерілген кредиторлардың талаптары кредитор ұсынған талаптарды қанағаттандыру және оларды кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізу туралы сот шешімінің негізінде ғана кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі.
Тарату комиссиясының депозиттер бойынша өтемақы есептеріне енгізген өзгерістеріне және (немесе) толықтыруларына сәйкес кепілдік беру жөніндегі ұйымның талаптары кепілдік беру жөніндегі ұйым үшін белгіленген кезектілік тәртібімен орындалады.
Көрсетілген талаптар толық қанағаттандырылғанға дейін есептесу жүргізілген кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру кезектері тоқтатыла тұрады.";
116-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"116. Кредиторлар комитетінің өкілеттігіне мыналар кіреді:
1) банкті тарату барысында пайда болған барлық құжаттармен танысу;
2) тарату комиссиясынан таратылатын банктің қаржылық жай-күйі туралы ақпарат алу;
3) тарату комиссиясының төрағасымен және (немесе) мүшесімен Қағидалардың 17-тармағына сәйкес келісім жасасу;
4) уәкілетті органды банкті тарату процесінде кредиторлардың құқықтарының, мүдделерінің және Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуы туралы, оның ішінде тарату комиссиясы төрағасының және (немесе) мүшелерінің өз міндеттерін орындамауы және (немесе) тиісінше орындамауы туралы хабардар ету;
5) тарату комиссиясының іс-әрекеттеріне сотқа және уәкілетті органға шағым жасау;
6) мүлікті сату бойынша аукциондарды және тарату комиссиясының отырысын қоса алғанда, банкті тарату рәсімдерінің кез келгенін жасау кезінде қатысуға өкілеттік берілген кредиторлар комитеті мүшелерінің арасынан кредиторлар өкілдерін сайлау;
7) таратылатын банктің дебиторлық берешегін өндіріп алу мүмкін емес баланстан шығару туралы актіні бекіту;
8) тарату комиссиясы ұсынған таратылатын банктің тарату, конкурстық массасын сату жоспарын бекіту, сондай-ақ тарату комиссиясының төрағасы қабылдаған таратылатын банктің мүлкін күнтізбелік 6 (алты) айдан аспайтын мерзімге бөліп-бөліп төлеу түрінде ақы төлеу талабымен жария сауда-саттық арқылы сату туралы шешімді келісу;
9) тарату шығыстарының сметасын бекіту;
10) тарату комиссиясының таратылатын банктің балансынан мүлікті есептен шығаруға арналған актісін бекіту;
11) дебиторлық берешекті мерзімінен бұрын ішінара өтеген және (немесе) қарыздар бойынша сыйақы және айыпақы (өсімпұл), банктік кепілдіктер бойынша айыпақы (өсімпұл) есептеуді тоқтата тұрған кезде таратылатын банктің балансынан өсімпұл мен айыппұлдарды есептен шығаруды келісу;
12) тарату комиссиясы қабылдаған, таратылатын банк алдындағы берешекті өтеу үшін, соның ішінде сот шешімін орындау есебіне мүлікті қабылдау туралы шешімін келісу;
13) тарату комиссиясы қалыптастырған кредиттік пакет бойынша баға ұсыныстарының нәтижелерін келісу және қалыптастырылған кредиттік пакет бойынша құқықтарды (талаптарды) иеліктен шығару және (немесе) басқаға беру тәртібін анықтау;
14) тарату комиссиясы қабылдаған таратылатын банктің жылжымайтын мүлкіне, сондай-ақ банктің тарату комиссиясы атқарушылық іс жүргізу шеңберінде сот актілері бойынша қабылдаған, банкке келтірілген залалды өтеу есебінен алынған жылжымайтын мүлікке қатысты мәміле жасау туралы шешімді, сондай-ақ осы Қағиданың 141-тармағына сәйкес жасалатын, дауды реттеу туралы келісімнің талаптарын келісу;
15) тарату комиссиясы қабылдаған банктік қарыз шарттарының қарыздар бойынша айыпақы есептеуді тоқтату және/немесе сыйақы есептеуді тоқтата тұруға қатысты талаптарын өзгерту туралы шешімін келісу;
16) таратылатын банктің борышкерлерінен берешекті өндіріп алу және таратылатын банктің активтерін қайтару бойынша іс-шараларды жүзеге асыратын заңды тұлғалармен жасалатын мәмілелерді келісу.";
118-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"118. Тарату комиссиясы қалыптастырған кредиторлар комитетінің құрамы болмаған немесе кредиторлар комитеті өздерінің функциялары мен өкілеттіктерін жүзеге асырмаған кезде, осы Қағиданың 116-тармағының 7), 8), 9), 10), 11), 12), 13), 14), 15) және 16) тармақшаларында көзделген шешімдерді қабылдау өкілеттіктерін тарату комиссиясы дербес жүзеге асырады.
Тарату комиссиясының шешімі тарату комиссиясының хаттамасымен ресімделеді.";
126-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"126. Түгендеу барысында анықталған нақты бар мүліктің бухгалтерлік есеп деректерімен алшақтықтарын жою мыналарға сәйкес жүргізіледі:
1) жаңадан анықталған мүлік (оның ішінде таратылатын банктің бухгалтерлік есебінде көрсетілмеген мәмілелерді жасау нәтижесінде меншік құқығы туындаған мүлік және талап ету құқықтары) кіріске алуға жатады;
2) мүліктің кем шығуы (оның ішінде қаржы ұйымының бухгалтерлік есебінде көрсетілмеген мәмілелерді жасасу нәтижесінде мүліктің және (талап ету) құқықтардың шығарылуымен байланысты), оның туындауына кінәлі адамдар анықталмаған немесе осы тұлғалардан көрсетілген кем шығуды (залалдардың орнын толтыруды) өндіріп алу туралы сот бас тартқан жағдайда, кредиторлар комитеті бекіткен есептен шығару туралы актінің негізінде таратылатын банктің шоттарынан есептен шығаруға жатады.";
140, 141, 142, 143, 144 және 145-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"140. Банктің тарату комиссиясы дебиторлық берешекті есептеуді сотқа талап арыз берген күні дебитор мен банк арасында жасалған шарттардың талаптарын негізге ала отырып, таратылатын Банктің уәкілетті органдары сыйақы және (немесе) күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен астам мерзімі өткен берешекке айыпақы (өсімпұл) есептеуді тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған сәтте болған қарыздар бойынша бұған дейін қабылдаған шешімдерін ескере отырып жүзеге асырады.
Заңды күшіне енген сот актілері бойынша атқарушылық құжаттар сот актілерін мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушыларының Республикалық немесе өңірлік палатасына жіберіледі.
141. Сот талқылауы барысында немесе атқарушылық іс жүргізу шеңберінде татуластыру рәсімдерін қолдана отырып, дауды реттеу туралы өтініш мәлімделген жағдайда, тарату комиссиясы мынадай шарттар сақталған кезде бітімгершілік келісім, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімдер (бұдан әрі – дауды реттеу туралы келісім) жасау туралы мәселені қарайды:
дебитордың қаржылық жағдайы дебиторлық берешекті дауды реттеу туралы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде өтеуге мүмкіндік береді;
дауды реттеу туралы келісімнің талаптары таратылатын банктің қаржылық жағдайының нашарлауына әкеп соқпайды;
дауды реттеу туралы Келісім шеңберінде дебиторлық берешекті өтеу мерзімі дебитор-жеке тұлғалар үшін - 30 (отыз) айдан, дебитор-заңды тұлғалар үшін - 24 (жиырма төрт) айдан аспайды;
банк дебитордың міндеттемелерін орындау есебіне бұрын қабылдаған қамтамасыз ету (ол болған кезде) өзгеріссіз сақталады; сот орындаушысы дебиторға қатысты атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету шараларын қабылдаған мүлік (болған кезде) дауды реттеу туралы келісім талаптарының орындалуын қамтамасыз ету ретінде тарату комиссиясына кепілге беріледі.
Осы тармақта көзделген талаптарды жүзеге асыру мақсатында, тарату комиссиясының төрағасы тарату комиссиясының атынан жасалатын мүлік кепілі шарттарына қол қояды; дебитор-заңды тұлғамен жасалатын, дауды реттеу туралы келісім бойынша берешекті өтеу дауды реттеу туралы келісімде көзделген, берешекті өтеудің бүкіл мерзімі ішінде ай сайын тең төлемдермен жүзеге асырылады.
Дауды реттеу туралы келісімді сот Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында көзделген тәртіппен бекітеді.
142. Тарату комиссиясы дауды сотқа дейінгі реттеу шеңберінде жеке (дара кәсіпкерлерді қоса алғанда) және заңды тұлғаларға (шағын және орта бизнес субъектілері) берілген қарыздар бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды) есептен шығару туралы шешім қабылдайды:
1) негізгі борыш пен есептелген сыйақының 70 (жетпіс) және одан да көп пайызы мөлшерінде борыш сомасын біржолғы өтеген кезде – 100 (жүз) пайыз мөлшерінде;
2) негізгі борыштың 70 (жетпіс) пайызынан аз мөлшерде борыш сомасын және борышкер енгізген соманың пайыздық арақатынасына мөлшерлес мөлшерде есептелген сыйақыны біржолғы өтеу кезінде.
Бұдан әрі тарату комиссиясы дебитор тарапынан қарызды толық біржолғы өтеу шартымен тұрақсыздық айыбын толық көлемде есептен шығару туралы шешім қабылдайды.
Тарату комиссиясының оларды қанағаттандыруы туралы тарату комиссиясының бұрын қараған және қабылдаған шешімдері бойынша берілген қарыздар бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды) есептен шығару туралы қайталама өтінішхаттар қаралмайды және қанағаттандырылмайды.
143. Тарату комиссиясының осы Қағидалардың 142-тармағында көрсетілген қарыздар бойынша есептелген айыпақыны (өсімпұлды) есептен шығару және (немесе) банктік кепілдіктер бойынша айыпақыны (өсімпұлды) есептен шығару туралы шешімдер қабылдауы үшін дебиторлар тиісті өтінішхат береді.
144. Айыпақыны (өсімпұлды) есептен шығару туралы өтініш тарату комиссиясының шешім қабылдауы үшін объективті негіздерді қамтиды, олар мына талаптардың біріне немесе бірнешеуіне сәйкес келеді:
1) заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер үшін:
бизнесті жүргізудің қатарынан 6 (алты) айдан астам, қызметтен түскен кірістің, берешекті 50 (елу) және одан да көп пайызға өтейтін екінші деңгейдегі банктерде ашылған банктік шоттардағы ақшаның болмауы;
екінші деңгейдегі банктерде ашылған шоттарда тыйым салудың болуы;
кепіл мүлкінің жоғалуын және (немесе) зақымдануын растайтын құжаттардың болуы;
алынатын табыс көзі болып табылатын мүліктің жоғалуын және (немесе) зақымдануын растайтын құжаттардың болуы;
борышкердің қаржылық жағдайының нашарлауын растайтын өзге де құжаттар;
2) жеке тұлғалар үшін:
берешекті 50 (елу) және одан да көп пайызға өтейтін екінші деңгейдегі банктерде ашылған банктік шоттарда қатарынан 6 (алты) айдан астам ақшаның болмауы;
кепіл мүлкінің жоғалуын және (немесе) зақымдануын растайтын құжаттардың болуы;
соңғы қатарынан 6 (алты) ай ішінде жұмысынан айрылғандығын және табыстың жоқтығын растайтын құжаттар;
асыраушысынан айрылғандығын растайтын құжаттар;
борышкердің немесе оның отбасы мүшесінің мүгедектігін растайтын құжаттар;
борышкердің қаржылық жағдайының нашарлауын растайтын өзге де құжаттар.
Өтінішхаттарға растайтын құжаттар (мемлекеттік органдардың ресми жауаптары, фотосуреттер, ағымдағы шоттардан үзінді- көшірмелер, банктермен хат алмасу және басқа да растайтын құжаттар) қоса беріледі.
145. Тарату комиссиясы өтініш берілген күні:
1) кепілмен қамтамасыз ету бағалау құны бойынша есептелген сыйақы мен айыпақыны есептей отырып, қарызды 2 (екі) және одан да көп есе өтейтін болса;
2) борышкерге қатысты таратылатын банктің мүддесі үшін берілген қарыздар бойынша қылмыстық талқылау жүргізілетін болса;
3) борышкерге қатысты қарыз бойынша берешекті өндіріп алу туралы заңды күшіне енген сот шешімі болса;
4) борышкер ірі кәсіпкерлік субъектісі болып табылса, есептелген айыпақыны (өсімпұлды) есептен шығару туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартады.";
147-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"147. Есептелген айыпақыны есептен шығарумен негізгі борыш пен есептелген сыйақының 100 (жүз) пайызынан аз мөлшерде қарыз сомасын біржолғы өтеу және қарыз бойынша сыйақы және айыпақыны есептеуді тоқтата тұру туралы шешімді тарату комиссиясы таратылатын банктің кредиторлар комитетімен келісім бойынша қабылдайды және ол банк шартына қосымша келісімге қол қою арқылы таратылатын банкке кредит берудің ішкі қағидаларына сәйкес ресімделеді.
Негізгі борыш және есептелген сыйақы сомасын толығымен біржолғы өтеген кезде міндеттемелерді тоқтату туралы тарату комиссиясының шешімі тарату комиссиясының төрағасының өкімімен ресімделеді.
Берешектің толық өтелгені жөніндегі ақпаратты тарату комиссиясы кредиттік бюроға Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен береді.";
160-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"160. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының банкін, бейрезидент-банкінің филиалын банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиядан айырғанға дейін орын алған, банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиядан айырғанға дейін орындалуы және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құжаттамалық ресімделуі аяқталмаған таратылатын банктің қатысуымен жасалған мәмілелер өтпеді деп есептеледі.";
163-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"163.Тарату комиссиясы банктік қарыз шарттарды өтеу нақтылығы мен перспективалары, борышкерлердің мүліктік жағдайы мәніне талдау жасайды және кредиттік топтаманы қалыптастырады. Тарату комиссиясы банктің уәкілетті органдарының шешімдерін банктің уәкілетті органдарының қабылдаған шешімдерін банктік операциялар жүргізуге арналған лицензиядан айырылған күнге дейін соңғы 2 (екі) ай ішіндегі бухгалтерлік есеп деректерімен салыстыра отырып, банктік қарыз шарттары бойынша сатуды немесе құқықты (талап етуді) басқаға беру мәніне салыстырып тексеру жүргізеді.
Кредиттік пакеттерді қалыптастыру мыналарды:
қарыз түрін;
кредиттеу мерзімін;
қамтамасыз ету түрлерін;
берешектің мөлшерін;
қарыз беру өңірін (орынын);
сот талқылауларының және/немесе атқарушылық іс жүргізудің болуын;
сыйақы мөлшерлемелерін;
мерзімі өткен күндер санын;
қарыз валютасын ескере отырып жүзеге асырылады.
Тарату комиссиясы қалыптастырылған кредиттік топтама бойынша иеліктен шығаруды немесе құқықтарды (талаптарды) басқаға беруді банктің кредиторлар комитетімен келісе отырып, иеліктен шығарғанға немесе құқықты (талапты) басқаға бергенге дейін 6 (алты) айдан аспайтын кезеңге бағалаушы айқындаған, таратылатын банк алдындағы қарыз алушының міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлік құнының бағалауын ескеріп жүргізеді.
Тарату комиссиясы қалыптастырылған кредиттік топтама бойынша иеліктен шығаруды немесе құқықтарды (талаптарды) басқаға беруді Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылған кредиттік топтама бойынша баға ұсыныстарын сұрату туралы хабарландыруды банктің интернет-ресурсында жариялау арқылы жүргізеді.
Төлемді бөліп төлеу түрінде төлеу талабымен қалыптастырылған кредиттік топтама бойынша иеліктен шығаруды немесе құқықтарды (талаптарды) басқаға беруді банктің кредиторлар комитеті айқындайды.
Қалыптастырылған кредиттік топтаманың иеліктен шығару немесе құқықтарын (талаптарын) басқаға беру бойынша төлемді бөліп төлеу мерзімі 24 (жиырма төрт) айдан аспайды. Төлемді бөліп төлеу түрінде төлеу талаптары туралы ақпарат және осындай бөліп төлеудің мерзімі тарату комиссиясы жариялайтын баға ұсыныстарын сұрату туралы хабарландыруда көрсетіледі.
Әлеуетті сатып алушылар баға ұсыныстарын сұрату туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде "Қатаң конфиденциалды" белгісі бар баға ұсынысын жібереді.
Тарату комиссиясы әлеуетті сатып алушыларға қосымша ақпаратты құпиялылықты сақтау және қалыптастырылған кредиттік топтама бойынша иеліктен шығару немесе құқықтарды (талаптарды) басқаға беру мүмкіндігін қарауға байланысты алынған ақпаратты жарияламау туралы келісімге қол қойылғаннан кейін ғана береді.
Кредиттік топтама бойынша иеліктен шығарудың немесе құқықтарды (талаптарды) басқаға берудің ең жоғары құнын ұсынған тұлға әлеуетті сатып алушы деп танылады.
Тарату комиссиясы әлеуетті сатып алушының баға ұсынысы келісілмеген жағдайда әлеуетті сатып алушыға қалыптастырылған кредиттік топтама бойынша иеліктен шығарудан немесе құқықтарды (талаптарды) басқаға беруден бас тартады.";
202-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"202. Бір сатып алушы қатысатын сауда-саттықты өткізген кезде сауда-саттықты ұйымдастырушы жалғыз қатысушыға қойылатын лотты сауда-саттықтың кез келген әдісі кезінде бастапқы бағасынан кем емес сатады.";
204-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"204. Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға қол қоймаған сауда-саттықтың жеңімпазы аукционға бұдан әрі қатысу құқығынан айырылады. Бұл жағдайда осы объектісі бойынша сауда-саттықтар жаңартылады.
Сатып алу-сату шартына қол қоюдан бас тартқан немесе сатушымен сатып алу-сату объектісі бойынша одан әрі есеп айырысу тәртібін бұзған сауда-саттықтың жеңімпазы мүлікті сату жөніндегі тарату комиссиясы өткізетін барлық кейінгі аукциондарға қатысу құқығынан айырылады.";
212-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"212. Таратылатын банктің қызметі нәтижесінде пайда болатын, сақтау мерзімдері көрсетілген құжаттар тізбесі Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13710 болып тіркелген "Екінші деңгейдегі банктерде, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарында сақталуға тиіс негізгі құжаттар тізбесін және олардың сақталу мерзімдерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 29 ақпандағы № 66 қаулысымен белгіленеді.";
218-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"218. Таратылатын банктің кредиторларымен есеп айырысулар аяқталғаннан кейін немесе өндіріп алу немесе сату үшін мүмкін активтер болмаған кезде тарату комиссиясы сотқа уәкілетті органмен келісілген тарату туралы есепті және тарату балансын ұсынады.
Сот тарату туралы есепті және тарату балансын бекітеді және тарату ісін жүргізудің аяқталғаны туралы ұйғарым шығарады.
Қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының кредиторларымен есеп айырысу аяқталғаннан кейін тарату комиссиясы уәкілетті органға қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының таратылуы туралы есеп береді.
Уәкілетті орган қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының таратылуы туралы есепті бекітеді және Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату рәсімін аяқтау туралы шешім қабылдайды.";
осы Тізбенің 1-қосымшасына сәйкес редакциядағы 4-қосымшамен толықтырылсын.
5. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 01.04.2026 № 47 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.Нысан
| "Бекітемін" ___________________________ (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), қолы) "__" ________________ жыл |
Кредиттік топтама ___________________________________________ (таратылатын банктің атауы)
р/н № | Берген өңір | Субъектінің типі (ЖТ/ЗТ/ДК) | Берілген күні | Аяқталған күні | Кредиттің валютасы |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 |
кестенің жалғасы
Кредиттің типі | % мөлшерлеме | Мерзім кешіктірілген күндер саны | Берешек сомасы (жалпы және бөлу арқылы) | Қамтамасыз етудің болуы, қамтамасыз етудің түру, құны | Сот талқылауы/атқарушылық іс жүргізу |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 |
Тарату комиссиясының төрағасы
___________________________________________________________________
тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) қолы, телефоны
Орындаушы_________________________________________________________
тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) қолы, телефоны
Күні "____" ____________________ жыл
Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 01.04.2026 № 47 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.