"Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 54-1-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Азаматтық қорғау органдарының жеке құрамымен тәрбие, психологиялық және идеологиялық жұмыстарын ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кадр саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі |
Ю. Ильин |
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі 2022 жылғы 10 қарашадағы № 184 бұйрығына қосымша |
Азаматтық қорғау органдарының жеке құрамымен тәрбие, психологиялық және идеологиялық жұмыстарын ұйымдастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Азаматтық қорғау органдарының жеке құрамымен тәрбие, психологиялық және идеологиялық жұмыстарын ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 54-1 - бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және азаматтық қорғау органдарының (бұдан әрі – АҚО) жеке құрамымен тәрбие, психологиялық және идеологиялық жұмыстарын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) дене тәрбиесі – салауатты өмір салтын насихаттаудың және жеке құрамның дене бітімін дамытудың маңызды нысаны;
2) экологиялық тәрбие – АҚО қызметкерлерінде өрттер мен төтенше жағдайлар кезінде қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздік саласында практикалық білімді, іскерлікті және құндылық бағдарларын, сондай-ақ қоршаған ортаны сақтау, өрттер мен төтенше жағдайлардың салдарын азайту бойынша кәсіби дағдыларды қалыптастыру;
3) экономикалық тәрбие – Заңның 16 бабымен қарастырылған өзінің міндеттерін табысты орындау үшін қажетті экономикалық білімді, дағдыларды, машықтарды қалыптастыру мақсатында АҚО қызметкерлеріне ықпал ету;
4) эстетикалық тәрбие – АҚО қызметкерлеріне олардың рухани әлемінің эмоциялық-сезімдік саласын жан-жақты дамыту мақсатында әсер ету.
3. Тәрбие және идеологиялық жұмыс осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жылға арналған азаматтық қорғау органдарының жеке құрамымен тәрбие, психологиялық және идеологиялық жұмыстарын ұйымдастыру жоспарына сәйкес АҚО-ның бөлімшелерінде жүргізілетін үздіксіз процесс болып табылады.
4. Тәрбие және идеологиялық жұмыс:
1) тоқсан сайын тақырыптық дөңгелек үстелдер, ерлік сабақтарын, жеке құрамның АҚО, соғыс және еңбек ардагерлерімен, мемлекеттік және қоғам қайраткерлерімен, мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесулерін ұйымдастыру және өткізу;
2) тікелей басшылардың, кадр қызметінің, оның ішінде жеке құрам бойынша инспекцияның, психологтардың өздерінің қызметтік, әскери тәртіпті, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтауы, Заңның 16 бабымен қарастырылған міндеттерін ұқыпты және адал орындауы Отанға және АҚО-дағы қызметке мақтаныш, патриотизм сезімін дарыту тұрғысынан осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес ресімделетін, жеке құраммен жеке-тәрбие жұмысы кезінде жүзеге асырылады.
5. АҚО кадр қызметтері осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес АҚО жеке құрамымен тәрбиелік және идеологиялық жұмыс жоспары тармақтарын орындау туралы жартыжылдық жинақталған есепті 1 шілдеге және 5 қаңтарға ұсынады.
6. АҚО-дағы тәрбие және идеологиялық жұмыстың нәтижелілігін бағалау жедел-қызметтік іс-әрекеттің нәтижелері, заңдылық пен қызметтік тәртіптің жай-күйі, АҚО-ның және оның қызметкерлерінің қызметіне заңды және жеке тұлғалардың шағымдарын бағалау бойынша жүзеге асырылады.
7. АҚО тәрбие жұмысының мақсаты қызметкердің азамат, кәсіпқой, АҚО-да қызмет ету қажеттіліктері мен ерекшеліктеріне негізделген қасиеттерге ие жоғары адамгершілік тұлға ретіндегі жеке қасиеттерін қалыптастыру және дамыту болып табылады.
8. АҚО жеке құрамымен тәрбие жұмысының негізгі міндеттері:
Заңның 16 бабымен қарастырылған міндеттерін адал орындау, сондай-ақ адамдарға кез келген жағдайда көмек көрсету үшін жеке құрамның кәсіби қасиеттерін және моральдық-психологиялық дайындығын тәрбиелеу;
жеке құрамда құтқарушының адамгершілік және кәсіби бейнесіне жауапкершілік және сатылмаушылық айрықша белгілеріне сәйкес мінез-құлық үлгісін қалыптастыру;
жеке құрамды жүктелген тапсырмаларды, Заңның 16 бабымен қарастырылған міндеттерді адал және кәсіби орындауға, ұжымда тәртіпті және әлеуметтік қатынастарды сақтауға ынталандыру;
жеке құрамның бойына Қазақстан Республикасының заңнамаларына және басшылардың заңды бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың өз өкiлеттiктерi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындау;
жеке құрамның салауатты өмір салтына, дене бітімін жетілдіруге, физикалық және психологиялық жүктемелерге төзуге дайындығы мен қабілетіне қажеттілігін дамыту болып табылады.
2-тарау. Азаматтық қорғау органдарында тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәртібі
9. АҚО тәрбие жұмысының негізгі нысандары:
1) Мемлекеттік-құқықтық сауаттылық дәрежесін арттыру;
2) жеке құрамды хабардар ету және даярлау;
3) тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту;
4) жеке-тәрбие жұмысын жүргізу;
5) АҚО бөлімшелерінің басшыларын оқыту және тәрбие жұмысының әдістерін жетілдіру;
6) тәрбие жұмысын ұйымдастырудың оң тәжірибесін зерделеу және алмасу;
7) ақпараттық-иллюстрациялық материалдарды әзірлеу және жариялау болып табылады.
10. Тәрбие жұмысын барлық деңгейдегі АҚО бөлімшелерінің басшылары ал, олар болмаған жағдайда – тиісті қызметтер жүктелген лауазымды адамдар, кадр қызметтері, психологтар жүргізеді және жеке құрамның жоғары кәсіби, азаматтық және моральдық-психологиялық қасиеттерін қалыптастыруға, жалпы мәдениет деңгейін арттыруға, оларды жедел-қызметтік міндеттерді тиімді орындауға жұмылдыруға бағытталған.
11. Тәрбие жұмысының негізгі түрлеріне:
1) Мемлекеттік Гимнді, Қазақстан Республикасының нышандарын, Төтенше жағдайлар министрлігінің Туын және ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапаттауды пайдалана отырып, мемлекеттік және өзге де мерекелерге орайластырылған салтанатты іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ тақырыптық бейнероликтерді көрсету;
2) жеке құрам үшін мәдени-бұқаралық және спорттық-сауықтыру іс-шараларын, тарихи, киелі орындарға және жауынгерлік даңқ орындарына экскурсиялар, жорықтар ұйымдастыру;
3) ескерткіштер, тастар орнату, мемориалдық тақталарға гүл шоқтары мен гүлдер қою жолымен қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлерді мәңгі есте сақтау бойынша іс-шараларды ұйымдастыру жатады.
12. Тәрбие жұмысының тиімді әдістері болып – сендіру, мысал, жаттығу, көтермелеу, мәжбүрлеу, бәсекелестік, сын және өзін-өзі сынау табылады.
13. АҚО қызметкерлерінің бойында тұрақты білім, көзқарастар мен түсініктерді қалыптастыру, құқықтық мәдениетті, белсенді мінез-құлық дағдылары мен әдеттерін дамыту мақсатында дене тәрбиесі, экономикалық тәрбие, эстетикалық тәрбие, экологиялық тәрбие жүргізіледі.
Дене тәрбиесі жеке құрамның дене шынықтыру мәдениетін жетілдіруге, олардың бос уақытын белсенді ұйымдастыруға, денсаулықтарын нығайтуға және шынықтыруға, моральдық-ерік, жауынгерлік және психологиялық қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді.
АҚО қызметкерлерін экономикалық тәрбиелеудің негізгі бағыттары болып мемлекеттік мүлікке ұқыпты қарауды қалыптастыру мен материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік құралдарды ұтымды пайдалану табылады.
Эстетикалық көзқарас киім нысанына және сыртқы келбетіне қалыптасады.
Экологиялық тәрбие АҚО қызметкерлердің төтенше жағдайлар кезінде қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздік саласында практикалық білімдерін, қабілеттері мен құндылық дағдыларын қалыптастырады.
3-тарау. Азаматтық қорғау органдарында жеке құраммен психологиялық жұмысты ұйымдастыру
1-параграф. Азаматтық қорғау органдарында психологиялық жұмысты ұйымдастыру негіздері
14. Психологиялық жұмысты психологтар АҚО жеке құрамын сүйемелдеу мен психологиялық ағартуды ұйымдастыру шеңберінде жүргізеді.
15. Психологтың қызметі заңдылық, гуманизм, адам құқықтарын сақтау, оның жеке басын құрметтеу, кәсібилік және өз жұмысының нәтижелері үшін Заңның 19 бабымен қарастырылған жауапкершілік, сондай-ақ психологтың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешім қабылдауда кәсіби тәуелсіздік пен ақылға қонымды тәуелсіздік қағидаттарына негізделген.
16. Жеке құраммен психологиялық жұмыс:
1) жеке құрамның жеке-психологиялық ерекшеліктерін зерделеу және психологиялық көмекті ұйымдастыру;
2) АҚО ұжымдарында салауатты моральдық психологиялық ахуалды қалыптастыру және олардың дамуын болжау;
3) психологиялық орнықтылықты және жеке құрамның қысылтаяң жағдайларда міндеттерді орындауға дайындығын қалыптастыру.
17. Психологиялық жұмыс төрт негізгі бағыт бойынша жүргізіледі:
1) психодиагностикалық жұмыс (кандидаттарды кәсіби іріктеу жөніндегі іс-шараларға, психологиялық мониторингтерге, аттестаттау іс-шараларына қатысу);
2) психологиялық ағарту (психологиялық даярлық бағдарламаларын әзірлеу, жеке құрам үшін дәрістер, оқу-әдістемелік семинарлар өткізу);
3) психокоррекциялық жұмыс (психологиялық түзету, кеңес беру, психологиялық оңалту іс-шараларын құрайтын тренингтік сабақтар);
4) авариялық-құтқару және басқа да шұғыл іс-шараларды психологиялық сүйемелдеу (жеке құрамға ТЖ аймағында психологиялық қолдау және шұғыл психологиялық көмек көрсету, "жедел желі" телефонының жұмысын ұйымдастыру).
18. АҚО психологиялық жұмыстың негізгі міндеттері:
1) қызметкерлердің жеке ерекшеліктерін және ұжымдардың әлеуметтік-психологиялық сипаттамаларын зерделеу;
2) қызмет бабында ауыстыру кезінде, сондай-ақ аттестаттауды өткізу және кадр резервін қалыптастыру кезінде қызметкерлердің моральдық-іскерлік қасиеттерін зерделеу;
3) ұжымдардағы әлеуметтік психологиялық процестердің, жеке құрамның мінез-құлқының дамуын болжау және тиімді кадрлық менеджментке ықпал ететін ұсыныстар әзірлеу;
4) лауазымдық тұлғалардың басқарушылық қызметін зерделеу және жақсарту, дара басшылық пен басшылық құрамның беделін нығайту;
5) жедел қызметтік іс-әрекеттің, психологиялық-педагогикалық процестердің тиімділігін төмендететін әлеуметтік-психологиялық факторларды анықтау және талдау мен олардың тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар әзірлеу болып табылады;
6) жеке құрам арасында жанжалды жағдайлардың психологиялық профилактикасын жүзеге асыру;
7) жеке құрамды психологиялық ағарту;
8) жеке құрамды қызметтік міндеттерді орындауға психологиялық даярлау;
9) авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу және ТЖ-ны жою кезінде жеке құрамды психологиялық сүйемелдеу;
10) жеке құрамға психологиялық көмек көрсету, әдістермен түзету және психологиялық оңалту жүргізу;
11) девиантты мінез-құлықтың әртүрлі нысандарына бейім, жүйке-психикалық тұрақсыздығы төмен белгілері бар адамдарды кейіннен оларды "байқау тобына" немесе "тәуекел тобына" енгізе отырып, осы санатпен психологиялық жұмысты одан әрі ұйымдастыра отырып анықтау;
12) суицидтік әрекеттерінің психологиялық профилактикасы;
13) жеке құрамға және олардың отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсету және консультация беру.
2-параграф. Жеке құрамның жеке ерекшеліктерінің (жеке қасиеттерінің) психикалық диагностикасы
19. Психологиялық диагностиканы азаматтық қорғау органдарының психологтары жеке (бір қызметкермен) және топтық (екі және одан да көп қызметкермен) психологиялық іс-шаралар нысанында жүргізеді.
20. Жеке құрамның жеке ерекшеліктерін зерттеу кезінде келесі әдістер қолданылады: құжаттар мен өмірбаяндық деректерді талдау, жеке әңгіме, сауалнама, психологиялық тестілеу, бақылау және сауалнама.
21. Психологиялық диагностиканың іс-шаралары:
1) жеке құраммен - жылына екі рет;
2) қызмет бойынша ауысқан кезде, сондай-ақ аттестаттау жүргізу және кадр резервін қалыптастыру кезінде қызметкерлердің жеке ерекшеліктерін зерделеу кезінде;
3) ТЖ аймағынан (табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы) оралғандарға – келгеннен кейін 15 жұмыс күні ішінде;
4) "бақылау тобындағы" және "тәуекел тобындағы" жеке құраммен бірге - әрбір 6 ай сайын жүргізіледі.
22. Психологиялық диагностика (тексеру) үш кезеңнен тұрады:
1) бірінші кезең – психологиялық әдістемелерді пайдалана отырып, тұлғаның психологиялық ерекшеліктері туралы формальды (стандартталған) деректер алу мақсатында психологиялық тексеру. Тест бланкілерін өңдеумен және әрбір зерттелетін адам бойынша бастапқы материалдар пакетін қалыптастырумен аяқталады;
2) екінші кезең – психологиялық тесттерде төменгі шекті мән алған қызметкерлерге қатысты өткізіледі. Бұл жағдайда психолог нақтыланған және егжей-тегжейлі психологиялық сипаттамаларды алу үшін жеке психологиялық тексеру мен әңгімелесу жүргізеді;
3) үшінші кезең қосымша әдістемелер қолданыла отырып, бейімделудің бұзылу белгілері немесе психологиялық ауытқулар болған кезде жүргізіледі.
23. Осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес психологиялық қорытындыны психологиялық диагностика жүргізілгеннен кейін күнтізбелік 15 күн ішінде АҚО штаттық психологы шығарады.
24. Психологиялық қорытындыда:
1) анықталған жеке психологиялық ерекшеліктер (психологиялық портрет);
2) қызметке жарамдылығы туралы ұсынымдар;
3) жеке психологиялық ерекшеліктер бойынша ұсыныстар (іс-шаралар) туралы ақпараттар бар.
25. "Бақылау тобына" немесе "тәуекел тобына" енгізілген немесе оған жататын қызметкерлердің жеке психологиялық ерекшеліктері бойынша ұсыныстар лауазымды адамға қызметтік қызмет барысында қажетті психологиялық көмек көрсету және оны сүйемелдеу бойынша ұсынымдар үшін жіберіледі.
26. Психологиялық қорытындыда қызметке жарамдылығы туралы мынадай ұсынымдардың бірі шығарылады:
1) "болжам қолайлы";
2) "болжам қолайсыз".
27. Психологиялық диагностика аяқталғаннан кейін психолог осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қызметкердің жеке карточкасына және осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша психодиагностикалық жұмыстарды есепке алу журналына мәліметтер енгізеді.
28. Психологиялық диагностиканың нәтижелері бойынша терең психологиялық зерттеуге жататын адамдар анықталады. Суицид қаупінің жоғары деңгейі бар, жүйке-психикалық тұрақсыздық, бейімделудің бұзылуы және депрессия белгілері бар, жағымсыз өмірлік уақиғаларды, отбасылық тұрмыстық және қаржылық қиындықтарды, психофизиологиялық, жеке және басқа да проблемаларды бастан кешіретін қызметкерлерді психолог "бақылау тобына" немесе тәуекел тобына (психикалық ауытқудың тұқым қуалайтын факторы) есепке алып, осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша динамикалық бақылау журналына енгізеді.
29. Қызметкер бөлімшенің бірінші басшысының атына психологтың қызметтік жазбасының негізінде "байқау тобына" немесе "тәуекел тобына" енгізіледі (алып тасталады), ол "ҚБПҮ" литерімен ресімделеді және психологтың сейфінде сақталады.
30 Қызметкерді "бақылау тобына" немесе "тәуекел тобына" енгізілген басқа бөлімшеге ауыстырған кезде жеке карточка фельдъегерлік қызмет орын ауыстырған жерге жіберіледі және психологтың қолына жеке белгісі бар "ҚБПҮ" литерімен ресімделеді. Жеке карточкада қызметкердің "бақылау тобында" немесе "тәуекел тобында" болуының психологиялық сипаттамасы мен себептері бар.
31. Психологиялық қызмет мамандары жүргізген диагностикалық және профилактикалық әңгімелесулер осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес жеке жұмыс нысандары (консультациялар) журналында есепке алынады.
3-параграф. Азаматтық қорғау органдары бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалды зерделеу
32. Бөлімшелердегі топтық процестерді зерделеуді күнделікті қызмет процесінде бөлімшелер басшыларымен және олардың орынбасарларымен бірлесіп, психологиялық қызмет мамандары ұйымдастырады және жүргізеді.
33. Азаматтық қорғау органдарының бөлімшелерінде моральдық-психологиялық климаттың жай-күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізу "Азаматтық қорғау органдарының бөлімшелерінде моральдық-психологиялық климаттың жай-күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізу қағидалары мен әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 5 қазандағы № 498 бұйрығына сәйкес жүргізіледі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24665 болып тіркелген).
Параграф 4. Жеке құрамды кез-келген экстремалды жағдайда мақсаты бойынша тапсырмаларды орындауға психологиялық қолдау
34. Жеке құрамды қысылтаяң жағдайларда міндеттерді орындауға психологиялық сүйемелдеуді (бұдан әрі - психологиялық сүйемелдеу) психологиялық қызметтің мамандары бөлімшелердің лауазымды адамдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып жүргізеді.
35. Психологиялық қолдау психологиялық диагностиканы, психологиялық дайындықты, психологиялық көмекті, психологиялық оңалтуды қамтиды.
36. Психологиялық сүйемелдеу мынадай мақсаттарда жүргізіледі:
1) жеке құрамның авариялық-құтқару жұмыстарын дайындау мен жүргізудің сипаты туралы ұсынымдарын қалыптастыру;
2) жеке құрамның ТЖ аймағындағы жағдайға тез бейімделуі;
3) жеке құрамның қысылтаяң жағдайларда жұмыс істеу үшін психологиялық орнықтылығын қалыптастыру;
4) авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізудің жаңа құралдары мен әдістеріне қатысты психологиялық бейімделуді қалыптастыру;
5) құтқарушыларда кәсіби маңызды қасиеттерді қалыптастыру және дамыту;
6) қысылтаяң жағдайларда жұмыс істеу кезінде құтқарушыларға психологиялық қолдау көрсету;
7) авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде және олар аяқталғаннан кейін бұзылған психологиялық функцияларды қалпына келтіру арқылы жүзеге асырылады.
37. Психологиялық көмек мыналарды қамтиды:
1) психологиялық диагностика - бұл жеке тұлғаның жеке ерекшеліктерін және топтардағы (ұжымдар, бейресми бірлестіктер) әлеуметтік-психологиялық құбылыстарды мақсатты зерттеу;
2) психологиялық кеңес беру - психологиялық мәселелерді өз бетінше шешу үшін психологиялық қиындықтарды, бейімделмеген мінез-құлық әдістерін түсіндіруге бағытталған психологиялық қызмет мамандарының қызметі. Жеке және топтық психотерапия әдістерін қолдана отырып, жеке және топтық әдіспен жүзеге асырылады;
3) психокоррекциялық жұмыс белгілі бір критерийлер бойынша қызметтік қызметтің нақты жағдайларында қабылданған модельге сәйкес келмейтін психикалық даму ерекшеліктерін түзетуге бағытталған.
4) тренингтік жұмыс - экстремалды ортаның әртүрлі жағдайларында тұлғаның үйлесімді және тұрақты жұмыс істеуіне ықпал ететін практикалық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған қызмет. Сабақтар (тренингтер) осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмыстардың (тренингтер) топтық нысандарының журналына енгізіледі.
38. Психологиялық көмекті психологиялық қызмет мамандары жеке құрамды қабылдау кезінде көрсетеді. Қабылдау психологиялық түсіру бөлмесінің жұмыс кестесіне сәйкес жүзеге асырылады, оны басшы бекітеді және бөлімшенің жеке құрамына жеткізеді.
5-параграф. Профилактикалық жұмыс
39. Жалпы бағыттағы профилактикалық іс-шаралары:
1) психодиагностикалық іс-шаралар барысында жеке құрам қатарынан суицидтік мінез-құлық қаупі бар адамдарды анықтауды;
2) АҚО жүйесінде жас қызметкерлерді бейімдеу процесін оңтайландыру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізуді;
3) жеке құрамның қызметтік әрекетінде стресстік жағдайларға және жарақаттан кейінгі бұзылуларға психологиялық орнықтылықты қалыптастыруға бағытталған сабақтарды (тренингтерді) ұйымдастыруды;
4) жеке құрам арасында артық жұмыс істеудің және психоэмоционалдық күш түсірудің алдын алу үшін қызметкерлердің қызмет уақыты мен тынығу уақытының оңтайлы режимін қамтамасыз етуді;
5) қызметтік - әскери тәртіпті бұзуға бейім, ұжымда және отбасында өзара қарым-қатынасы қайшы келетін қызметкерлермен профилактикалық жұмыс жүргізуді;
6) қызметтік әрекеттің қысылтаяң жағдайларының жеке құрамның денсаулық жағдайына қолайсыз әсер етуінің салдарларын азайтуға бағытталған оңалту іс-шараларын ұйымдастыруды;
7) моральдық-психологиялық ахуалды оңтайландыру, қызметтік ұжымдарда достық, серіктестік, өзара көмек, әрбір қызметкердің жеке қадір-қасиетін құрметтеу атмосферасын қолдауды;
8) бөлімшелер ұжымдарындағы жанжалдарды уақтылы алдын алу және оларды шешуді;
9) отбасы институтын нығайтуды, отбасы қатынастарының рухани-адамгершілік дәстүрлерін дамытуды, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне консультациялық көмек және психологиялық қолдау көрсетуді;
10) суицидтік оқиғалардың профилактикасы мүддесінде дәстүрлі діни конфессиялардың, қоғамдық бірлестіктердің рухани-адамгершілік әлеуетін пайдалануды;
11) жеке құрамның құқықтық хабардарлығын, қаржылық сауаттылығын арттыру, психологиялық денсаулығын нығайтуды қамтиды.
6-параграф. Суицидтік оқиғалардың профилактикасы бойынша психологиялық жұмыс
40. Суицидтік оқиғалардың профилактикасы АҚО жеке құрамы арасындағы суицидтік оқиғаларды болдырмау, оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында психологтардың кадр бөлімшелерімен және жеке құрам жөніндегі инспекциямен бірлесіп жүргізетін ұйымдастырушылық, психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік іс-шаралар кешенін білдіреді. Психологтар жүргізген жұмыс аясында мынадай функциялар орындалады:
1) психологиялық қызмет мамандары жүргізетін психологиялық диагностиканың нәтижелері бойынша суицидтік мінез-құлық қаупі бар қызметкерлерді анықтау және олармен кейін психологиялық-педагогикалық жұмыс жүргізу;
2) бөлімше басшыларын қызметкерлердің әлеуметтік-психологиялық бейімсіздік, суицидтік мінез-құлық белгілерін анықтау тәсілдеріне, сондай-ақ профилактикалық іс-шараларды жүргізу әдістемесіне оқыту;
3) қызметтік міндеттерді орындау кезінде және күнделікті тыныс-тіршілікте қызметкерлердің психологиялық жай-күйіне мониторингті (жылына кемінде 2 рет) жүзеге асырады;
4) дағдарыс жағдайы, суицидтік мінез-құлық белгілері анықталған қызметкерлермен жеке тәрбие және профилактикалық жұмыс жүргізу, оларға психологиялық қолдау және көмек көрсету;
5) суицидтік мінез-құлық белгілері бар дағдарыс жағдайындағы қызметкерлердің отбасы мүшелерімен жұмыс жүргізу (кадр бөлімшелерімен бірлесіп және қызметкер немесе оның отбасы мүшелері тарапынан сұрау салу болған кезде жүргізіледі) және оларға консультациялық көмек, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету.
41. Психологтар бөлімшенің бірінші басшысын, кадр бөлімшелерінің бастықтарын "бақылау тобына" немесе "тәуекел тобына" енгізе отырып, суицидтік тәуекел белгілері бар қызметкерлер туралы хабардар етеді.
42. Суицидтік әрекеттерін жасаған (аяқталмаған факт) қызметкерлер кадр бөлімшелерімен одан әрі қызметке жарамдылығын анықтау үшін "Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары мен Мемлекеттік фельдъегерлік қызметінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларын және Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 2 қарашадағы № 758 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21580 болып тіркелген) сәйкес әскери-дәрігерлік комиссияға жіберіледі.
7-параграф. Жеке құрамды психологиялық ағарту
43. Психологиялық ағартуды психологиялық қызмет мамандары кәсіби қызметтік даярлық шеңберінде ұйымдастырады.
44. Психологиялық ақпарат ауызша (дәрістер, баяндамалар, оқиғаларға қатысушылар мен куәгерлердің сөйлеген сөздері), баспа түрінде (жадынамалар, парақшалар), кинофильмдерді қарау және талқылау арқылы жеткізіледі.
45. Психологиялық ағартудың негізгі міндеттері:
1) АҚО-да психологиялық жұмыстың мәні мен мазмұнын түсіндіру;
2) жеке құрамды адамның, топтың, ұжымның психикалық даму заңдылықтарымен таныстыру;
3) адамның психикалық денсаулығы идеяларын, оның мүмкіндіктері мен шектеулерін танымал ету;
4) жеке құрамның психикалық денсаулығын сақтау жөніндегі іс-шаралар туралы хабардар ету;
5) психологиялық білімге деген қызығушылықты және оларды кәсіби қызметте және жеке өмірде конструктивті пайдалануға ұмтылысты дарыту болып табылады.
4 -тарау. Азаматтық қорғау органдарында идеологиялық жұмысты ұйымдастыру
46. Идеологиялық жұмыс АҚО жеке құрамының бойында патриоттық сананы, Отанға, өз халқына деген сүйіспеншілікті, антқа адалдықты, Қазақстан Республикасының конституциялық қағидаттары мен ұлттық мүдделеріне адалдықты, Заңның 16 бабымен қарастырылған міндеттерін мінсіз орындауды қалыптастыруға бағытталған.
47. Идеологиялық жұмыстың негізгі міндеттері:
1) жеке құрамды мәдени құндылықтар жүйесін, Қазақстан халқының тарихы мен дәстүрлерін, АҚО-ға баулу, болашағы біртұтас ұлт ретінде мейірімділікті, өзара көмек көрсетуді, өзара қолдауды, толеранттылық пен достықта көрініс табатын гуманистік моральдың жалпыадамзаттық нормаларын қалыптастыру;
2) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы АҚО қызметі туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру, АҚО қызметкері кәсібінің беделі мен мәртебесін арттыру;
3) АҚО қызметкерлерінің бойында қызметтің адамгершілік негіздерін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық туралы ұғымды қалыптастыру және дамыту, қызметте және тұрмыста мінез-құлыққа, қызметтік (еңбек, әскери) ұжымдағы өзара қарым-қатынасқа қойылатын кәсіби-этикалық талаптарды білу;
4) ТЖ алдын алу және жою мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
5) қызметтік борышын орындауға дайын болу және АҚО қызметкерінің ерекше белгілерін көрсету болып табылады.
48. Идеологиялық жұмыс:
1) жеке құрамның идеялық, адамгершілік, қасиеттерін, осы Ережелердің 8 тармағындағы екінші, үшінші, төртінші және бесінші абзацтарда қарастырылған міндеттерге қол жеткізу;
2) жеке құрамда қылмыстық әлем идеологиясының, деструктивті идеологияның, сондай-ақ діни және өзге де экстремизмнің сыртқы әсеріне орнықты иммунитетті қалыптастыру;
3) жағымсыз ақпаратты теріске шығару, экстремизм идеологиясының, жөнсіздік пен зорлық-зомбылықтың дұшпандығы мен залалын көрсету болып табылады.
Азаматтық қорғау органдарының жеке құрамымен тәрбие және идеологиялық жұмыстарын ұйымдастырудың _____________ жылға арналған жоспары
№ | Іс-шара атауы | Өткізу мерзімі | Жауаптылар | Аяқталу нысаны |
Азаматтық қорғау органдарының жеке құрамымен тәрбие, психологиялық және идеологиялық жұмыстарын ұйымдастыру қағидаларына 2-қосымша |
Жеке тәрбие жұмысын жүргізу туралы ӘҢГІМЕЛЕСУ ПАРАҒЫ __________________________________________________________________ (атағы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) (бұдан әрі – ТАӘ), атқаратын лауазымы)
Туған күні _________________________________________________________________
Туған жері ________________________________________________________________
Ұлты _____________________________________________________________________
Білімі (қашан және қандай оқу орнын бітірді) __________________________________
Азаматтық қорғау органына қызметке кіру күні _________________________________
Тұрғын үй-тұрмыстық жағдайы _______________________________________________
Отбасылық жағдайы ________________________________________________________
Отбасындағы қарым-қатынас _________________________________________________
__________________________________________________________________________
Жеке автокөліктің болуы (маркасы, мемлекеттік нөмірі) __________________________
__________________________________________________________________________
Қызметкермен жеке тәрбие жұмысының тақырыбы: ______________________________
__________________________________________________________________________
__________________________________________________________________________
Қызметкермен әңгімелесудің қысқаша мазмұны _________________________________
__________________________________________________________________________
__________________________________________________________________________
__________________________________________________________________________
Әңгімелесу қорытындысы бойынша қызметкерге ұсынымдар ______________________
__________________________________________________________________________
__________________________________________________________________________
Лауазымының атауы, атағы мен ТАӘ (ол болған жағдайда) ________________________
(әңгімені кім жүргізді) (қолы және күні)
Таныстым: ________________________________________________________________
(атағы, қызметкердің ТАӘ, лауазымы, күні және қолы)
Азаматтық қорғау органдарының жеке құрамымен тәрбие, психологиялық және идеологиялық жұмыстарын ұйымдастыру қағидаларына 3-қосымша |
1-кесте. Азаматтық қорғау органдары жеке құрамының құқықтық дайындығы бойынша есеп
№ |
Азаматтық қорғау органының | Жеке құраммен жүргізілген құқықтық дайындық саны | Іс-шараларды өткізу күні | Құқықтық дайындық тақырыбы | Құқықтық даярлауға қатысқан жеке құрамның саны |
2-кесте. Азаматтық қорғау органдары жеке құрамымен тақырыптық жиналыстар және дөңгелек үстелдер ұйымдастыру бойынша есеп
№ | АҚО бөлімше атауы | Іс-шараның атауы (тақырыптық жиналыстар, дөңгелек үстелдер) | Іс-шараларды өткізу күні | Іс-шара тақырыбы |
Іс-шараға шақырылған ардагерлер ұйымдарының, мемлекеттік органдар (АҚО, соғыс, еңбек адрагерлері, мемлекеттік қоғам қайраткерлерінің) өкілдерінің ТАӘ | Іс-шараға қатысқан жеке құрамның саны |
3-кесте. Азаматтық қорғау органдары жеке құрамымен тәрбие және идеологиялық жұмыстарын ұйымдастыру бойынша есептер
№ | АҚО бөлімше атауы | Жеке құраммен қызметтік, әскери тәртіпті сақтау тұрғысынан жүргізілген жеке-тәрбие жұмыстарының және басқаларының саны | АҚО қызметі туралы шығарылған аудио және бейнематериалдар, ақпараттық-анықтамалық материалдар, жаднамалар | Тарихи, киелі орындар мен әскери даңқ орындарына ұйымдастырылған экскурсиялар, жорықтар | ||
Саны | Тақырыптар атауы | Іс-шараға қатысқан жеке құрамның саны | Экскурсия атауы |
Азаматтық қорғау органдарының жеке құрамымен тәрбие, психологиялық және идеологиялық жұмыстарын ұйымдастыру қағидаларына 4-қосымша |
Психологиялық қорытынды
1. Тегі:
2. Аты:
3. Әкесінің аты (ол болған жағдайда):
4. Тестілеу кезіндегі жасы:
5. Жүргізу үшін негіз:
6. Психодиагностикалық тексеру келесі әдістерді қолдана отырып жүргізілді:
7. Нәтижелер (портрет):
8. Ұсынымдар:
9. Ұсыныстар:
Психолог Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)
Таныстым ________________________________________________
Бұл ақпарат құпия болып табылады, жария етуге жатпайды. Тек қызметтік мақсатта пайдаланыңыз.
Азаматтық қорғау органдарының жеке құрамымен тәрбие, психологиялық және идеологиялық жұмыстарын ұйымдастыру қағидаларына 5-қосымша |
Қызметкердің №– |
Тегі:______________________________________________________________________
Аты:______________________________________________________________________
Әкесінің аты (ол болған жағдайда): ___________________________________________
Туған күні: ________________________________________________________________
Қосымша ақпарат (психологиялық сипаттама) __________________________________
__________________________________________________________________________
Психологтың психологиялық тестілеуден өту нәтижелері
себебі | әдістеме атауы | пайымдау, қорытынды | ескертпе |
Қорытынды ______________________________________________________
Психолог _________________________________________________________________
Азаматтық қорғау органдарының жеке құрамымен тәрбие, психологиялық және идеологиялық жұмыстарын ұйымдастыру қағидаларына 6-қосымша |
Психодиагностикалық жұмыстарды есепке алу журналы
№ | Күні | Қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), лауазымы | Психологиялық жұмыс әдістері | Зерттеу нәтижелері, қорытындылар | Ескертпе |
Азаматтық қорғау органдарының жеке құрамымен тәрбие, психологиялық және идеологиялық жұмыстарын ұйымдастыру қағидаларына 7-қосымша |
Динамикалық бақылау журналы
№ р/с | Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), бөлімше | Есепке алу күні | Есептен шығару күні | Есепке алу себебі | Психикалық әдістермен түзету жұмыс түрі | Ескертпе |
Азаматтық қорғау органдарының жеке құрамымен тәрбие, психологиялық және идеологиялық жұмыстарын ұйымдастыру қағидаларына 8-қосымша |
Жеке жұмыс нысандары журналы (консультация)
№ | Күні | Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), лауазымы/ қызметкер бөлімшесі | Консультация негізі | Нәтижелер / ұсыныстар | Ескертпе |
Азаматтық қорғау органдарының жеке құрамымен тәрбие, психологиялық және идеологиялық жұмыстарын ұйымдастыру қағидаларына 9-қосымша |
Топтық жұмыс нысандары журналы (тренингтер)
№ | Өткізу күні | Бөлімше | Адам саны | Жұмыс түрі | Мақсаты | Ескертпе |