"Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалар санаттарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 8 ақпандағы № 42 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2022 жылғы 27 қазандағы № 76 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 28 қазанда № 30334 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалар санаттарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 8 ақпандағы № 42 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16458 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 1-бабы 1-тармағының 20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалар санаттарының тізбесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Әлеуметтік саясат және мемлекеттік органдарды дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
А. Куантыров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Еңбек және халықты

      әлеуметтік қорғау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Бұйрыққа
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2018 жылғы 8 ақпандағы
№ 42 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалар санаттарының тізбесі

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалардың санаттарына жеке табыс салығы осындай беру күніне:

      1) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушы;

      2) мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушы;

      3) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушылар;

      4) зейнетақы төлемдерін алатын мүгедектігі бар адамдар;

      5) он сегіз жасқа толмаған жетім бала және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала;

      6) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы;

      7) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 23 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-108/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21263 болып тіркелген) бекітілген әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесіне кіретін ауруы бар тұлға;

      7-1) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушысының 2020 жылғы 28 қазандағы № ҚР ДСМ-162/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21537 болып тіркелген) бекітілген айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулар тізбесіне кіретін ауруы бар тұлға;

      8) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1033 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12733 болып тіркелген) бекітілген екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленген аурулардың тізбесіне кіретін ауруы бар тұлға;

      9) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы № ҚР ДСМ-14 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26830 болып тіркелген) бекітілген кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерінің тізіміне кіретін ауруы бар тұлға болып табылатын жеке тұлғалар жатады.