Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің м.а. 2022 жылғы 25 тамыздағы № 377 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 26 тамызда № 29288 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 112) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 29.06.2023 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) № 186 бұйрығымен.

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін атқарушы Ш. Каринова

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрінің
міндетін атқарушы
2022 жылғы "25" 08
№ 377 бұйрығына
қосымша

Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидалары "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 112) тармақшасына сәйкес әзірленді және орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің (бұдан әрі - психологиялық қызмет) жұмыс істеу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 29.06.2023 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) № 186 бұйрығымен.

      2. Психологиялық қызмет білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу іс-әрекетінің білім беру уәждемесін, үлгерімін, шығармашылық өзін-өзі іске асыруын қалыптастыру, психологиялық жай-күйін тұрақтандыру, бейінді өзін-өзі айқындау және басқа да қолайлы жағдайлары бойынша орта білім беру ұйымының алқалы органы болып табылады.

      Психологиялық қызметтің жұмысы білім беру қызметіндегі қиындықтарды анықтауға және диагностикалауға, консультация беруге, білім беру ортасы жағдайында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мен қолдау көрсетуге, білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтердің, ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің психологиялық салауаттылығын сақтау және нығайтуға бағытталған.

      3. Психологиялық қызметтің жұмысы:

      1) бастауыш білім беру деңгейінде – әрбір білім алушының бейімделуі және шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру кезінде танымдық және оқу уәждемесін, дербестігін және өзін-өзі реттеуді дамытуда қолдау көрсету;

      2) негізгі орта білім беру деңгейінде - оқытудың жаңа жағдайларына бейімделу, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің танымдық және оқу іс-әрекетін дамыту, жеке және құндылық-мағыналық өзін-өзі дамыту және өзін-өзі тану міндеттерін шешуде қолдау көрсету, танымдық процестерге тұрақтылықты қалыптастыру;

      3) жалпы орта білім беру деңгейінде – білім алушы мен тәрбиеленушіге өзін-өзі анықтауға және жеке сәйкестілікке, бейінді бағдарлануға көмек көрсету, мақсат қою және дербес шешімдер қабылдау қабілетін дамытуға, орнықты дүниетанымды қалыптастыруға жәрдемдесу болып табылады.

      Психологиялық қызметтің жұмысын орта білім беру ұйымдарының басшысы қамтамасыз етеді.

      4. Психологиялық қызметтің құрылымы, мамандар құрамы, жылдық жоспары орта білім беру ұйымдарының типімен, түрімен және міндеттерімен айқындалады.

      5. Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің құрамына орта білім беру ұйымы басшысының (директордың) орынбасары, педагог– психолог (штаттық кестеге сәйкес), әлеуметтік педагог кіреді.

      Психологиялық қызметтің құрамы орта білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен реттеледі және бекітіледі.

      Сынып жетекшілері, тәрбиешілер, кураторлар, пән мұғалімдері, медицина қызметкерлері білім алушылар мен тәрбиеленушілерді психологиялық-педагогикалық қолдау процесіне қатысады және лауазымдық міндеттеріне сәйкес ата-аналармен және өзге де заңды өкілдермен өзара іс-қимыл жасайды.

      6. Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін мамандардың лауазымдық міндеттері "Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5750 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. Орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмыс істеу тәртібі

      7. Психологиялық қызметтің жұмыс істеу тәртібі:

      1) бақылау, әңгімелесу, диагностика жүргізу, сондай-ақ білім алушылар мен тәрбиеленушілерден, ата-аналардан немесе өзге де заңды өкілдер мен педагогтерден (бұдан әрі - білім беру процесіне қатысушылар) келіп түскен ауызша немесе жазбаша өтініштер (сұрау салулар) талдау арқылы білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқытудағы, дамыту мен тәрбиелеудегі қиындықтарды анықтау;

      2) білім алушылар мен тәрбиеленушілерге жеке немесе топтық әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету;

      3) білім алушылар және тәрбиеленушілермен, педагогтармен және ата-аналармен немесе өзге де заңды өкілдермен өзара іс-қимылдың интерактивті нысандарын қоса алғанда, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жөніндегі іс-шараларды, педагогикалық кеңестер, семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру және өткізу;

      4) әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін педагогтер мен мамандардың пәнаралық өзара іс-қимылын жүзеге асыру;

      5) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің табысты әлеуметтенуі, кәсіби бағыттылығын, бейіндік оқу траекториясы мен жеке білім беру кеңістігін саналы таңдауына жағдай жасауды қамтиды.

      8. Психологиялық қызметтің жұмысы:

      1) кәсіптік әдепті сақтауды;

      2) баланың жеке басына эмпатия және құрмет көрсетуді;

      3) білім алушы мен тәрбиеленушінің жеке және жас ерекшеліктерін;

      4) психологиялық және педагогикалық білімді интеграциялауды;

      5) баланың құқықтары мен мүдделерін сақтай отырып, ақпараттың құпиялылығын;

      6) білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің, педагогтердің денсаулығына, ар-намысы мен қадір-қасиетіне зиян келтіру мүмкіндігін болғызбауды;

      7) білім алушылар мен тәрбиеленушілерді білім беру процесінде сүйемелдеудің ғылыми, кешенділігін, бірізділігін, кезеңділігін және үздіксіздігін ескере отырып жүзеге асырылады.

      9. Педагог-психолог өз қызметін диагностикалық, консультациялық, дамытушылық (түзету), психологиялық-педагогикалық ағарту және ұйымдастыру-әдістемелік бағыттар бойынша жүзеге асырады:

      1) диагностикалық бағыт оқытудың бүкіл кезеңі ішінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жеке және топтық қызметін, психологиялық-педагогикалық зерделеуін, олардың жеке ерекшеліктері мен бейімділіктерін, оқыту және тәрбиелеу процесінде, өзін-өзі кәсіптік тұрғыдан айқындауда әлеуетті мүмкіндіктерін айқындауды, сондай-ақ оқытудағы, дамудағы, әлеуметтік бейімделудегі бұзушылықтардың себептері мен тетіктерін анықтауды көздейді.

      2) консультациялық бағыт білім беру процесіне қатысушыларға көмек көрсету нысанында: олардың туындаған қиындықтардың табиғатын немесе себептерін түсінуінде, психологиялық проблемаларды талдау мен шешуде, жеке ерекшеліктерін айқындауда, жаңа әлеуметтік тәжірибені саналы және белсенді түрде игеруге жәрдемдесуде; жаңа көзқарастарды қалыптастыруда және өз шешімдерін қабылдауда көмек көрсету; әртүрлі психологиялық мәселелерді шешуде; білім беру процесіне қатысушыларға тұлғааралық қатынастардағы, өзін-өзі тану мен өзін-өзі дамытудағы қиындықтарға байланысты проблемаларды шешуде жеке және топтық қызметті көздейді;

      3) дамытушы (түзету) бағыт білім алушылармен және тәрбиеленушілермен жаңа білімге, дағдылар мен икемдерге қатысты уәждемені қалыптастыру, оларды игеру мүмкіндіктері, оқу және танымдық қызметте өзін-өзі көрсете алу мүмкіндіктері бойынша жеке жұмысты көздейді. Диагностика процесінде анықталған оқу қиындықтары мен баланың мінез-құлқындағы проблема; педагог-психологтың пән педагогтерімен, әлеуметтік және арнайы педагогтармен кешенді өзара іс-қимылы негізінде оқу материалын меңгерудегі қиындықтарды жеңу, ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылар мен тәрбиеленушілердің психикалық және (немесе) физикалық жай-күйін түзету бойынша жұмысты ұйымдастыруды қамтиды ;

      4) психологиялық-педагогикалық ағарту ісі білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, педагогтердің жеке кәсіби өсуіне, өзін-өзі анықтауына жәрдемдесуді; білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқытудағы, тәрбиелеу мен дамытудағы қиындықтарды болдырмау мақсатында алдағы уақытты алатын білімдерін одан әрі пайдалану үшін педагогтердің, ата-аналардың және өзге де заңды өкілдердің психологиялық-педагогикалық білімге деген қажеттілігін қалыптастыруды және ұмтылысын қолдауды көздейді (сынып сағаттары, семинарлар, ата-аналар жиналыстары, педагогикалық кеңестер, ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер үшін интерактивті әдістер мен лекториялар өткізу);

      5) ұйымдастыру-әдістемелік бағыт ұйымдастыру-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмыс жүргізуді көздейді: білім беру және дамыту ортасының жағдайына мониторинг жүргізу, әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық қолдау нәтижелерін талдау және оны сүйемелдеу бойынша ұсынымдар әзірлеу, білім алушылар мен тәрбиеленушілерді сүйемелдеуде пәнаралық тәсілді әзірлеу; орта білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік сүйемелдеу бойынша отандық және шетелдік ғылым мен практиканың жетістіктерін зерделеу, семинар-практикумдарға, конференцияларға қатысу; білім алушылар мен тәрбиеленушілерді психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік сүйемелдеу технологияларын меңгеру бойынша семинарлар, тренингтер мен консультациялар ұйымдастыру және өткізуді көздейді.

      10. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ерекше білім алу қажеттіліктерін бағалау "Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 12 қаңтардағы № 4 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26618 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

      Ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылар мен тәрбиеленушілерді психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу "Білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 12 қаңтардағы № 6 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26513 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

      11. Психологиялық қызметтің құрамына кіретін мамандардың қызметін ұйымдастыру үшін "Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 70 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13272 болып тіркелген) сәйкес жабдықтармен және жиһазбен жарақтандырылған кабинеттер беріледі.

      12. Психологиялық қызметтің құрамына кіретін мамандар "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары педагогтарының жүргізуі үшін міндетті құжаттардың тізбесін және олардың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20317 болып тіркелген) сәйкес есепке алу құжаттамасын жүргізеді.

      13. Білім алушылармен және тәрбиеленушілермен психологиялық диагностика, консультация беру және тренингтер (топтық, жеке) "Мектепке дейінгі ұйымдар, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім беру қызметтерін көрсетудің үлгілік шартының, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін кәсіптік практиканы өткізуге арналған үлгілік шарттың және дуальды оқыту туралы үлгілік шарттың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 93 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13227 болып тіркелген) 2-қосымшаға сәйкес ата-аналардың және өзге де заңды өкілдердің жазбаша келісімімен жүргізіледі .

      14. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді жүзеге асыратын мамандарға жүгіну кезінде:

      1) білім алушы немесе тәрбиеленуші өз қалауы бойынша сынып жетекшісіне, педагог-психологқа, әлеуметтік педагогке, пән мұғаліміне, орта білім беру ұйымының әкімшілігіне өзінің жеке жағдайына, мінез-құлқына, оқыту, тәрбиелеу және дамыту процесінде өзіне қатысты туындайтын қиындықтарға, сондай-ақ оның әлеуметтік немесе психологиялық салауаттылығы мен денсаулығына зиян келтіретін, оның құқықтары мен мүдделерінің бұзылу жағдайына қатысты мәселе бойынша жазбаша не ауызша жүгінеді;

      2) білім алушының немесе тәрбиеленушінің өтінішін психологиялық қызмет мамандары тіркейді және қарайды;

      3) педагог-психолог ата-аналармен немесе өзге де заңды өкілдерімен психологиялық-педагогикалық диагностика жүргізу, консультация беру және түзету бойынша білім алушы мен тәрбиеленушінің психологиялық саулығын қалпына келтіру үшін қажетті психологиялық көмек көрсету және жүргізу кестесін, форматын жазбаша келіседі;

      4) жүргізілген диагностикалық жұмыстың қорытындысы бойынша педагог-психолог орын алған жағдайдың себебін анықтайды, психологиялық-педагогикалық қорытынды шығарады және ұсынымдар әзірлейді, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мамандарымен бірлесіп, орта білім беру ұйымдарының бірінші басшысы бекітетін жеке жұмыс жоспарын дайындайды.

      5) жеке жоспардың ұсынымдары мен бағдарламаларын орындау белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылады;

      15. Ата-аналар немесе өзге де заңды өкілдер психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін мамандарға жүгіну кезде:

      1) ата-ана немесе өзге де заңды өкіл білім алушының немесе тәрбиеленушінің психологиялық жай-күйі, оны оқыту, дамыту және тәрбиелеу процесіндегі мінез-құлқы мәселелері, бала-ата-ана қатынастарының проблемалары бойынша жазбаша немесе ауызша нысанда сынып жетекшісіне, педагог-психологқа, әлеуметтік педагогке, пән мұғаліміне, орта білім беру ұйымының әкімшілігіне өтініш жасайды;

      2) ата-ана немесе баланың өзге де заңды өкілдерінің өтінішін психологиялық қызметтің мамандары тіркейді және қарайды;

      3) психологиялық қызметтің мамандары сынып жетекшісімен бірлесіп жағдайды зерделейді, орта білім беру ұйымының басшысын хабардар етеді және психологиялық қызметтің негізгі жауапты маманын айқындайды;

      4) алғашқы кездесуде педагог-психолог әңгімелесу жүргізеді, ата-ананы немесе өзге де заңды өкілді тыңдай отырып, білім алушының немесе тәрбиеленушінің жағдайы немесе мінез-құлқының пайда болу немесе өзгеру себептері туралы ұсынымды қалыптастырады, талап етілетін әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық диагностиканың, консультация берудің, түзетудің, қолдаудың немесе сүйемелдеудің нысандары мен әдістерін айқындайды;

      5) психологиялық қызметтің мамандары әлеуметтік немесе психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің жеке жоспарын жасайды, оны орта білім беру ұйымының бірінші басшысы бекітеді;

      6) әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің жеке жоспары 2 данада жасалады, оны ата-анасы немесе өзге де заңды өкілі жазбаша түрде куәландырады, олардың біреуі ата-анасына немесе өзге де заңды өкіліне беріледі, екіншісі орта білім беру ұйымында қалады;

      7) психологиялық жағдайында немесе мінез-құлқында, құқықтық, әлеуметтік немесе отбасылық-тұрмыстық проблемалар тәуекелі анықталған кезде білім алушы немесе тәрбиеленуші тиісті бейіндегі мамандарға (денсаулық сақтау, ішкі істер, халықты әлеуметтік қорғау органдары мен ұйымдары, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия) консультацияға жіберіледі.

      16. Педагогтердің психологиялық қызметтерге жүгіну кезіндегі іс-қимыл тәртібі:

      1) орта білім беру ұйымдарының педагогтері білім алушылар мен тәрбиеленушілердің эмоционалды-еріктік, мінез-құлық тәуекелдері мен оқуы мен дамуында қиындықтар, сондай-ақ кәсіби тұрғыда шаршау кезінде өзіндік проблемалар анықталған кезде психологиялық қызмет маманына жазбаша немесе ауызша жүгінеді;

      2) педагогтің өтінішін психологиялық қызмет мамандары тіркейді және қарайды;

      3) психологиялық қызметтің мамандары жағдайды зерделейді, орта білім беру ұйымының басшысын хабардар етеді және ол психологиялық қызметтің негізгі жауапты маманын айқындайды;

      4) психологиялық қызметтің маманы әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетудің нысандары мен әдістерін айқындайды.

      17. Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін мамандар білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтары мен мүдделерін ескере отырып, алынған деректердің құпиялылығын сақтайды.

      18. Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін педагогтер "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 10) тармақшасына сәйкес құқық қорғау органдарына және орта білім беру ұйымдарының басшылығына Қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар қылмыстық әрекеттерді кәмелетке толмағандардың жасауы немесе оларға қатысты жасалу фактілері, оның ішінде білім беру ұйымдарындағы және (немесе) орта білім беру ұйымдарынан тыс кәсіптік қызметпен байланысты өздеріне белгілі болған әрекеттер (әрекетсіздіктер) туралы уақтылы жазбаша немесе ауызша хабарлайды.