ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің 176-1-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Бәсекелестікті құқықтық реттеу басқармасы заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Агенттіктің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Агенттік төрағасының орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Төраға | С. Жумангарин |
Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Төрағасы 2022 жылғы 13 маусымдағы № 15 бұйрығымен бекітілген |
Негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 176-1-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және нарық субъектілеріне негізгі қуатқа тең қол жеткізуді беру тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
1) негізгі қуат – үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісінің (бұдан әрі – негізгі қуат иесі) оларға қол жеткізбей, нарықтың басқа субъектілері тиісті немесе сабақтас тауар нарығында тауар өндіруді және (немесе) өткізуді жүзеге асыра алмайтын тауары, инфрақұрылым объектісі;
2) тауар – азаматтық айналым объектісі болып табылатын тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет.
3. Негізгі қуатқа қол жеткізу нарықтық шарттарда беріледі.
4. Кодекстің 174-бабына сәйкес негізгі қуатқа тең қол жеткізуді бермеу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабының 3-1-бөлігінде белгіленген жауаптылыққа әкеп соғатын үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану болып табылады
ЗҚАИ-ның ескертпесі!Қағида 4-1, 4-2, 4-3, 4-4 және 4-5-тармақтармен толықтырыру көзделген - ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 26.06.2023 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
2-тарау. Негізгі қуатқа тең қол жеткізуді ұсыну тәртібі
5. Негізгі қуатқа тең қол жеткізуді қамтамасыз ету мынадай реттілікпен жүзеге асырылады:
1) нарық субъектісінің негізгі қуатқа қол жеткізуді ұсыну туралы өтінімді (бұдан әрі – өтінім) негізгі қуатқа иеленушіге ұсынуы;
2) негізгі қуат иесінің өтінімді қарауы;
3) негізгі қуат иесінің өтінімді қарау нәтижесін беруі;
4) шарт жасасу.
6. Негізгі қуат иелері жыл сайын өтінімдерді қабылдау басталғанға дейін 2 (екі) айдан кешіктірмей өзінің интернет-ресурсында пошталық мекенжайын, электрондық поштасының мекенжайын, сондай-ақ өтінімдерді қабылдауға жауапты адамның (адамдардың) байланыс деректерін көрсете отырып, өтінімдерді қабылдау кестесін (бұдан әрі – кесте) орналастырады.
Негізгі қуат иеленушіде интернет-ресурс болмаған кезде ақпарат монополияға қарсы органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі кемінде бір айды құрайды.
7. Негізгі қуатқа қол жеткізу үшін нарық субъектісі негізгі қуатты иеленушіге нарық субъектісі сұратқан қол жеткізуді ұсынудың елеулі шарттары көрсетілетін қағаз немесе электрондық нысандағы өтінімді жібереді.
8. Өтінімді негізгі қуатқа қол жеткізудің мәлімделген шарттарына қарамастан негізгі қуат иесі қабылдайды.
9. Өтінімдерді қабылдауды және оларды қарау нәтижелерін беруді негізгі қуат иесі тиісінше қағаз немесе электрондық нысанда жүзеге асырады..
10. Кестеге сәйкес берілген өтінімдерді негізгі қуат иесі басымдылықтың кему тәртібімен қарайды:
1) басқа тауарды өндіру және (немесе) өткізу үшін негізгі қуатты пайдаланатын нарық субъектілерінің өтінімдері;
2) тиісті негізгі қуат үшін сақтау инфрақұрылымы бар нарық субъектілерінің өтінімдері;
3) нарықтың өзге субъектілерінің өтінімдері.
Кестеден тыс берілген өтінімдер келіп түскен күні мен уақытына сәйкес кезектілік бойынша қаралады.
11. Негізгі қуат иесі кестеге сәйкес берілген өтінімдерді, өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.
Кестеден тыс берілген өтінімдерді негізгі қуат иесі олар келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.
12. Негізгі қуат иесі қарау нәтижелері бойынша мынадай:
1) нарық субъектісінің өтінімін ол сұратқан шарттарда қанағаттандыру туралы;
2) негізгі қуат иесі ұсынатын шарттарда негізгі қуатқа қол жеткізуді ұсыну туралы;
3) бас тарту себебін негіздей отырып, өтінімді қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
13. Егер кестеге сәйкес берілген өтінімдерді қанағаттандыру үшін негізгі қуаттың бос көлемі жеткіліксіз болса, өтінімдер сұралып отырған көлемге барабар, бірақ нарықтың бір субъектісіне негізгі қуаттың жалпы көлемінің 50 (елу) пайызынан аспайтын қанағаттандырылады.
14. Осы Қағидалардың 12-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда, сондай-ақ нарық субъектісі мен негізгі қуатты иеленуші арасында негізгі қуатқа қол жеткізу шарттары бойынша келісімге қол жеткізілген кезде олардың арасында тиісті шарт жасалады.
Шарт қоса алғанда бір жылға дейінгі мерзімге жасалады.
15. Өтінімді қанағаттандырудан бас тарту үшін негіздер:
1) негізгі қуаттың бос көлемінің болмауы;
2) қол жеткізуді ұсыну үшін қажетті инфрақұрылымның немесе өзге де мүліктің болмауы.
16. Осы Қағидалардың 15-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда, бас тарту себебінің негіздемесінен басқа, өтінімді қанағаттандырудан бас тарту туралы хабарламаға техникалық шарттар да қоса беріледі.
Техникалық шарттар орындалған кезде нарық субъектісі қайтадан өтінім береді.
17. Бас тартумен келіспеген жағдайда, нарық субъектісі өтінімді және бас тарту туралы хабарламаны қоса бере отырып, бас тартудың негізділігін анықтау үшін монополияға қарсы органға не сотқа жүгінеді.
18. Монополияға қарсы орган нарық субъектісі өтінішінің нәтижелері бойынша негізгі қуат иесінің бас тартуы негізділігінің расталғаны туралы хабарлайды не Кодекске сәйкес шаралар қабылдайды, бұл туралы нарық субъектісін хабардар етеді.
Егер нарық субъектісінің өтінішін қарау нәтижелері бойынша монополияға қарсы орган негізгі қуатқа тең қол жеткізуді ұсынбаудан көрінетін негізгі қуат иесінің өзінің үстем немесе монополиялық жағдайын теріс пайдалану белгілерін анықтаса, нарық субъектісі қайтадан өтінім береді.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қағида 2-1-тараумен толықтыру көзделген - ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 11.05.2023 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қағида 2-2-тараумен толықтырыру көзделген - ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 26.06.2023 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
3-тарау. Қорытынды ережелер
19. Негізгі қуаттың бос көлемінің болуы, олардың құны, қол жеткізу шарттары туралы ақпарат негізгі қуат иесінің интернет-ресурсында орналастырылады.
Интернет-ресурс болмаған кезде ақпарат нарық субъектісінің сұрау салуы бойынша 10 (он) жұмыс күні ішінде ұсынылады.