Коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 28 желтоқсандағы № 508 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 5 қаңтарда № 26341 болып тіркелді.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 365-бабының 2-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Коммуналдық қалдықтарды басқару қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқаруда мемлекеттік саясат департаменті заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күніне кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын.

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап он күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрінің м.а.
А. Примкулов
      КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
дамуминистрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және
табиғи ресурстар
инистрінің м.а.
2021 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 508 бұйрығына
қосымша

Коммуналдық қалдықтарды басқару қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 06.11.2023 № 302 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Коммуналдық қалдықтарды басқару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 365-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және коммуналдық қалдықтарды басқару тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар қолданылады:

      1) келесі тұтыну қалдықтары коммуналдық қалдықтар болып табылады:

      үй шаруашылықтарының аралас қалдықтары мен бөлек жиналған қалдықтары, соның ішінде қағаз бен картон, шыны, металдар, пластмассалар, органикалық қалдықтар, ағаш, тоқыма, орамалар, пайдаланылған электр және электрондық жабдықтар, батареялар мен аккумуляторлар;

      аралас қалдықтар және басқа көздерден бөлек жиналған қалдықтар, егер мұндай қалдықтар өзінің сипаты мен құрамы бойынша үй шаруашылықтарының қалдықтарына ұқсас болса;

      Коммуналдық қалдықтарға өндіріс, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық аулау, септиктер мен кәріз желілерінің қалдықтары, сондай-ақ сарқынды сулардың тұнбасын, пайдаланудан шыққан көлік құралдарын немесе құрылыс қалдықтарын қоса алғанда, тазарту құрылыстарынан қалған қалдықтар кірмейді;

      2) қатты тұрмыстық қалдықтар-қатты түрдегі коммуналдық қалдықтар;

      3) тұтыну қалдықтары - адамның тыныс-тіршілігі нәтижесінде пайда болған, өзінің тұтыну қасиеттерін толық немесе ішінара жоғалтқан, жарамдылық не пайдалану мерзімі агрегаттық жай-күйіне қарамастан өткен, сондай-ақ меншік иесі оларды жеке-дара құтқарған не тұтыну қалдықтары разрядына құжатпен ауыстырған өнімдер және (немесе) бұйымдар, олардың орамасы және өзге де заттар немесе олардың қалдықтары;

      4) контейнерлік алаңдар-коммуналдық қалдықтарды жинауға арналған контейнерлер орналастырылатын, коммуналдық қалдықтарды тасымалдауды жүзеге асыратын мамандандырылған көлікке арналған кірме жолдары бар коммуналдық қалдықтарды жинақтауға арналған арнайы алаңдар;

      5) мамандандырылған ұйымдар-коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау, тасымалдау, қалпына келтіру және (немесе) жою жөніндегі қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар жатады.

2-тарау. Коммуналдық қалдықтарды басқару тәртібі

      3. Кодекстің 327-бабына сәйкес мамандандырылған ұйымдар тиісті операцияларды адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтіру, экологиялық залал келтіру қаупін тудырмайтындай етіп, атап айтқанда:

      1) су, оның ішінде жерасты, атмосфералық ауа, топырақ, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі үшін қатер төндіретін жағдайларда жүргізіледі;

      2) ландшафттарға және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға теріс әсер ету жолымен жүзеге асырылады.

      4. Аудандардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – ЖАО) қатты тұрмыстық қалдықтарды (бұдан әрі – ҚТҚ) жинаудың орталықтандырылған жүйесін Кодекске және осы Қағидаларға сәйкес ҚТҚ жинауды және тасымалдауды жүзеге асыратын ҚТҚ нарығының қатысушыларын айқындау бойынша конкурс (тендер) (бұдан әрі – конкурс (тендер)) өткізу арқылы ұйымдастырады.

      5. Коммуналдық қалдықтарды бөлек жинау Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 2 желтоқсандағы № 482 бұйрығымен бекітілген Қалдықтарды бөлек жинау, оның ішінде техникалық, экономикалық және экологиялық орындылығы ескеріле отырып, міндетті бөлек жинауға жататын қалдықтардың түрлеріне немесе топтарына (түрлерінің жиынтығына) қойылатын (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 25595 болып тіркелген.) талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      6. Бөлек жинау мынадай фракциялар бойынша жүзеге асырылады:

      1) "құрғақ" (қағаз, картон, металл, пластик және шыны);

      2) "ылғалды" (тамақ қалдықтары, органикалық заттар және өзге де).

      7. Қалдықтардың "құрғақ" фракциясын жинау стационарлық және жылжымалы қалдықтарды қабылдау пункттерін ұйымдастыру арқылы, оның ішінде қалдықтарды қабылдауға арналған автоматты құрылғылар арқылы немесе ҚТҚ жинауға арналған контейнерлік алаңдарда бөлек жинау үшін контейнерлерді орнату арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

      8. Коммуналдық қалдықтарды шығару кесте бойынша жүзеге асырылады.

      Коммуналдық қалдықтарды тасымалдау шығындарын азайту үшін белгіленген санитарлық және табиғатты қорғау талаптарына сәйкес келетін қалдықтарды шығарудың ең аз жиілігі қабылданады.

      Әкету жиілігін белгілеу кезінде коммуналдық қалдықтардың пайда болу көлемін, олардың морфологиялық құрамын, жинау үшін қолданылатын контейнерлердің түрі мен санын (контейнерлер арқылы жинау кезінде) назарға алған жөн.

      Коммуналдық қалдықтарды шығару жүйесі мыналарды қоса алғанда, отын тұтынуды барынша азайту мақсатында сапқа тұрғызылады, бірақ мұнымен шектелмейді:

      1) көлік құралдары қозғалысының маршруттары жолдағы қашықтықтар мен кідірістерді барынша азайту ескеріле отырып әзірленеді;

      2) көлік құралдары үнемі техникалық қызмет көрсетуден өтеді, шиналардағы қысым ұсынылған деңгейде сақталады және қалдықтарды басуға арналған жабдыққа үнемі қызмет көрсетіледі.

      9. Егер коммуналдық қалдықтар бөлек жиналса, қалдықтардың әрбір санаты (фракциясы) үшін шығарудың өз кезеңділігі анықталады.

      10. Кодекстің 365-бабының 6-тармағына сәйкес коммуналдық қалдықтардың қауіпті құрамдас бөліктері (электрондық және электр жабдығы, құрамында сынабы бар қалдықтар, батарейкалар, аккумуляторлар және өзге де қауіпті компоненттер) бөлек жиналып, қалпына келтіруге мамандандырылған ұйымдарға берілуі тиіс.

      Кодекстің 336-бабының 1-тармағына сәйкес қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, залалсыздандыру, кәдеге жарату және (немесе) жою жөніндегі жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) үшін мамандандырылған ұйымдар тиісті кіші қызмет түрі бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге лицензия алады.

      11. Коммуналдық қалдықтарды жинауға тартылған персонал контейнерлермен және коммуналдық қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу, сондай-ақ коммуналдық қалдықтарды жинауға арналған жабдықты дұрыс пайдалану бойынша нұсқаулықтан және оқытудан өтеді.

      Сондай-ақ персонал еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес жеке қорғаныш құралдарымен (қолғап, мамандандырылған киім, қорғаныш көзілдірік, аяқ киім және қажет болған кезде респираторлар) қамтамасыз етіледі.

      12. Кодекстің 368-бабының 4-тармағына сәйкес ҚТҚ тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері тиісті қызметтер көрсету кезінде мыналарды сақтайды:

      1) ҚТҚ тасымалдауға арналған арнайы жабдықталған көлік құралдарын пайдалануға;

      2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген көлік құралдарын "Қазақстан Республикасының қоршаған ортасы мен табиғи ресурстарының жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі" ақпараттық жүйесіне қосылған спутниктік навигациялық жүйелермен жабдықтауға және осы жүйелерді тұрақты жұмыс жағдайында ұстауға;

      3) ҚТҚ иелерімен шарттар жасасуға;

      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.

      13. ҚТҚ шығаруды жүзеге асыратын көлік құралдарының қозғалысын қадағалау жөніндегі спутниктік навигациялық жүйелердің деректері Кодекстің 368-бабының 3-тармағына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастыратын "Қазақстан Республикасының қоршаған ортасы мен табиғи ресурстарының жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі" ақпараттық жүйесінің кіші бөліміне енгізіледі.

      14. ҚТҚ тасымалдауға, бояуға, көлік құралдарын арнайы айырым белгілерімен жабдықтауға және жабдықтауға, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарына қойылатын талаптар Кодекстің 368-бабының 5-тармағына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарында белгіленеді.

      15. Кодекстің 367-бабының 6-тармағына сәйкес коммуналдық қалдықтарды өз бетінше әкету кезінде заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер Кодекстің талаптарын сақтауға, сондай-ақ коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеуді және (немесе) көмуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерімен шарттар жасасуға міндетті.

      16. Кодекстің 367-бабының 7-тармағына сәйкес ҚТҚ жинауды және тасымалдауды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері немесе ҚТҚ-ны өз бетінше әкетуді жүзеге асыратын қалдықтардың меншік иесі мұндай қалдықтарды ҚТҚ-ны қалпына келтіруді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне жеткізуді қамтамасыз етеді.

      17. Коммуналдық қалдықтарды тасымалдау кезінде оларды коммуналдық қалдықтарды жинау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартта белгіленген тығыздаудың шекті рұқсат етілген мәнінен тыс тығыздауға жол берілмейді.

      18. Жылжымайтын объектілерді салуды және (немесе) жөндеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар Құрылыс және ірі габаритті қалдықтарды арнайы бөлінген орындарға өз бетінше шығаруды жүргізуі қажет.

      19. ЖАО қайталама ресурстарды (шикізатты) бөлек жинауды қоса алғанда, коммуналдық қалдықтарды жинаудың, кәдеге жаратудың және қайта өңдеудің ұтымды жүйесі туралы хабардар ету, коммуналдық қалдықтар құрауыштарын (қағаз, пластик, органикалық қалдықтар және басқалары) санкциясыз жағудың алдын алу және жеке тұрғын үй құрылысы секторында (жеке сектор) органикалық қалдықтарды компосттауды енгізу бойынша халыққа хабарлау бойынша ақпараттық науқандар жүргізеді.

      20. ЖАО коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі объектілерді салуға және (немесе) орналастыруға, оның ішінде контейнер алаңдарын және қайталама шикізатты қабылдау пункттерін жайластыру үшін жер учаскелерін бөледі және жер учаскелерінің шекараларын ресімдеуді қамтамасыз етеді.

      21. ЖАО тиісті аумақ шегінде коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы жеке және заңды тұлғалардың қызметіне бақылауды жүзеге асырады.

      22. Коммуналдық қалдықтарды басқару технологияларын таңдау кезінде технологиялық процестерде бастапқы шикізат немесе негізгі шикізатқа қоспа ретінде қолдану үшін қолжетімді қайталама шикізаттың түпкілікті өнімін алуды қамтамасыз ететін технологиялар басым болып табылады.

      23. Коммуналдық қалдықтарды өңдеу технологияларын таңдау кезінде коммуналдық қалдықтарды автоматтандырылған сұрыптау технологиялары басым болып табылады.

      24. Коммуналдық қалдықтарды өңдеуді жүзеге асыру кезінде жаңа өнімге, коммуналдық қалдықтарды көму және (немесе) жағу объектілеріне түсуін болдырмау мақсатында олардан коммуналдық қалдықтардың қауіпті құрамдас бөліктерін (электрондық және электр жабдықтары, құрамында сынабы бар қалдықтар, батареялар, аккумуляторлар және өзге де қауіпті компоненттер) алуды қамтамасыз ету қажет.

      25. Коммуналдық қалдықтардың жекелеген түрлерін басқару:

      1) қағаз және картон қалдықтарын басқару:

      қағаз бен картон қалдықтарын жинау кезінде оларға пластикалық майлағыштардың, органикалық еріткіштердің, майлардың, лактардың, бояулардың, эмульсиялардың, химиялық заттар мен ластанулардың түсуін болдырмау қажет;

      қағаз бен картон қалдықтарын жинақтауға арналған үй-жайлар ылғал өткізбейтіндігімен және атмосфералық әсерді болдырмаумен қамтамасыз етіледі;

      қағаз бен картонның қалдықтары көліктің барлық түрлерімен тасымалданады;

      қағаз және картон қалдықтарын қалпына келтіру жаңа бұйымдарды (қағаз және картон, эковаталар, құрылыс материалдары) өндіру үшін физикалық, химиялық және басқа да тәсілдермен жүзеге асырылады.

      2) пластик қалдықтарын басқару:

      пластик қалдықтарын жабық үй-жайларда немесе ашық ауада оқшауланған еденде сақтау керек. Ашық аспан астында пластиктің қалдықтары жиналған кезде оқшаулағыш пленканың көмегімен ауа райы жағдайлары салдарынан рұқсатсыз кіруден, ластанудан немесе бүлінуден оларды қорғау қамтамасыз етіледі;

      пластик қалдықтары көліктің барлық түрлерімен тасымалданады;

      пластик қалдықтарын қалпына келтіруді технологиялық процестердің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін технологиялар мен жабдықтарды қолдана отырып, мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады;

      3) шыны ыдысының қалдықтарын басқару:

      жинауға арналған алаңда шыны ыдысының қалдықтарын ластайтын материалдар мен заттар (қышқылдар, сілтілер, тұздар, Органикалық еріткіштер, бояулар, лактар, құрылыс ерітінділері және басқалар) орналастырылмайды;

      шыны ыдысының қалдықтары зақымдануды болдырмауға бағытталған шараларды қабылдай отырып, көліктің кез келген түрімен тасымалданады;

      шыны ыдыстың қалдықтарын тасымалдау, тиеу және түсіру кезінде олардың сақталуын, механикалық әсерлерден қорғалуын қамтамасыз ететін шаралар қабылдау қажет.

      Шыны ыдыстың қалдықтарын қалпына келтіру қоршаған ортаға арналған қауіпсіздік талаптарын сақтау шартымен жүзеге асырылады:

      шыны ыдысының қалдықтарын қайта пайдалану үшін дайындау (сұрыптау, жуу, өңдеу);

      жаңа өнім өндіретін механикалық және термиялық әдістермен (шыны жүн, шыны ыдыс, шыны талшық, тақтайшалар);

      4) құрамында сынап бар қалдықтарды басқару:

      құрамында сынап бар қалдықтармен жұмыс істеу кодекстің 380-бабының 1-тармағына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарына сәйкес регламенттеледі;

      құрамында сынабы бар қалдықтарды жинау және жинақтау кодекстің 380-бабының 1-тармағына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарына сәйкес құрамында сынабы бар қалдықтарды жинауға арналған арнайы жабдықталған контейнерлерде жүргізіледі;

      жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, құрамында сынабы бар қалдықтардың меншік иесі ретінде мамандандырылған кәсіпорынды таңдау кезінде қалдықтарды түзілу көзінен өңдеу орнына дейін ең аз орын ауыстыруды қамтамасыз ету жолымен тасымалдау кезінде санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық қатерлерді болдырмауды қамтамасыз етеді;

      құрамында сынап бар қалдықтарды қайта өңдеу (демеркуризациялау) жөніндегі мамандандырылған ұйымдардың кодекстің 336-бабына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және Қызметтерді көрсетуге лицензиясы болуы тиіс;

      құрамында сынап жоқ шамдар Кодекстің 351-бабы 1-тармағының 10), 12), 13) және 14) тармақшаларына сәйкес конструкциясында қауіпті құрамдастардың болуына және қалдықтарды көму полигондарына шыны мен пластикті қабылдауға тыйым салуға байланысты құрамында сынап бар шамдармен тең бөлек жинауға және қайта өңдеуге жатады.

      26. Конкурс (тендер) мынадай жағдайларда өткізіледі::

      1) ҚТҚ жинау мен тасымалдауды жүзеге асыруға арналған қолданыстағы шарттың, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының қолданылу мерзімі аяқталғанда;

      ҚТҚ жинау мен тасымалдауды жүзеге асыруға арналған қолданыстағы шарттың қолданылу мерзімі аяқталуына байланысты конкурс (тендер) өткізілген жағдайда, конкурс (тендер) жасалған шарттың мерзімдері аяқталғанға дейін кемінде күнтізбелік 60 (алпыс) күн бұрын өткізіледі.

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзылған жағдайда, ҚТҚ жинау мен тасымалдауды жүзеге асыруға арналған шартты, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын мерзімінен бұрын бұзған жағдайларда;

      3) ҚТҚ жинау мен тасымалдауды жүзеге асыруға арналған қолданыстағы шарттың, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты болмаған кезде жүзеге асырылады.

      27. Конкурс (тендер) өткізу туралы шешімді конкурсты (тендерді) өткізуге ұйымдастырушы болып табылатын ЖАО қабылдайды

      28. Конкурс (тендер) өткізуді қамтамасыз ету және жеңімпазды анықтау үшін ЖАО комиссия құрады. Комиссия құрамын конкурсты (тендерді) ұйымдастырушының бірінші басшысы, ол болмаған жағдайда, оның міндетін атқарушы тұлға бекітеді, бұл ретте Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрайды, кемінде бес адам, оның ішінде кемінде бір қоғамдық өкілі болады. Комиссияны комиссия төрағасы, ал ол болмаған кезде төрағаның орынбасары басқарады. Комиссия хатшысы комиссия мүшесі болып табылмайды және комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беруге құқығы жоқ.

      Комиссия төрағасы, ал ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары комиссия қызметіне басшылық жасайды, комиссия отырыстарына төрағалық етеді, жұмысты жоспарлайды және оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.

      29. Конкурс (тендер) өткізу туралы шешім қабылданғаннан кейін ЖАО конкурс (тендер) өткізу туралы тиісті хабарландыруды өзінің интернет-ресурсында, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ және орыс тілдерінде орналастырады. Хабарландыру конкурс (тендер) өткізілетін күнге дейін кемінде 15 (он бес) жұмыс күні бұрын, тендер қайта өткізілген жағдайда – 7 (жеті) жұмыс күні бұрын беріледі.

      30. Конкурс (тендер) өткізу кезінде ЖАО елді мекендердің әкімшілік-аумақтық шекараларын ескере отырып, лоттарды (маршруттарды) бөледі.

      31. Конкурстық (тендерлік) құжаттаманы конкурсты (тендерді) ұйымдастырушы әзірлейді және бекітеді және ол мынадай ақпаратты қамтиды:

      өткізілетін конкурс (тендер) туралы жалпы ережелер (конкурсты (тендерді) ұйымдастырушының атауы және конкурсқа (тендерге) қатысуға өтінімді қабылдау мекенжайы, конкурсқа (тендерге) қатысуға өтінімдерді қабылдаудың басталуы мен аяқталуы, конкурсты (тендерді) өткізу уақыты мен орны, және конкурстың (тендердің) негізгі шарттары;

      конкурсқа (тендерге) қатысу үшін конкурстық (тендерлік) өтінімдерге талаптар;

      коммуналдық қалдықтарды жинау және тасымалдауға талаптар.

      32. Конкурс (тендер) өткізу туралы хабарландырудан кейін өтініш берушілер (ҚТҚ жинау мен тасымалдауды жүзеге асыратын ҚТҚ нарығына қатысушылар) конкурстық (тенділік) құжаттамада көрсетілген конкурсқа (тендерге) қатысуға өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін конкурсты (тендерді) ұйымдастырушының атына конкурстық (тендерлік) өтінімдерді оның кеңсесі арқылы мөрленген конвертте ұсынады.

      33. Комиссия хатшысы мөрленген конвертте конкурстық (тендерлік) өтінімдерді алғаннан кейін оның кеңсесі арқылы өтінім беруші (ҚТҚ жинау мен тасымалдауды жүзеге асыратын ҚТҚ нарығына қатысушылар) туралы ақпаратты (атауы, мекен-жайы, конкурстық (тендерлік) өтінімді беру мерзімі), өтінімдерді тіркеу журналына (тігілген, нөмірленген, комиссия хатшысы қол қойған және мөрмен бекітілген) енгізеді.

      34. Комиссия конкурстық (тендерлік) өтінімдерді қабылдау аяқталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қарайды және жеңімпаз(дар)ды айқындау немесе конкурс (тендер) өтпеді деп тану туралы шешім қабылдайды. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысы берілсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасы, не оның міндетін атқарушы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру рәсіміне комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде комиссияның шешімі қабылданған деп танылады.

      Комиссияның кез-келген мүшесі комиссия шешімімен келіспеген жағдайда өз ұстанымын жазбаша түрде білдіреді және ол хаттамаға қоса тіркеледі.

      Конкурстық (тендерлік) өтінімдерді қарау нәтижесі бойынша комиссия хатшысымен комиссия шешімі қабылданған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде комиссиялық барлық қатысқан мүшелері және хатшы қол қоятын комиссияның тиісті шешімі бар хаттама әзірленеді.

      Конкурсты (тендерді) ұйымдастырушы хаттама рәсімделген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде барлық қатысушыларға заңды және электронды мекенжайларына хаттаманың үзіндісін жолдайды.

      35. Осы Қағидалардың 33- тармағына сәйкес өтінімдерді тіркеу журналына енгізілген өтініш беруші егер Комиссияның іс-әрекеттері мен әрекетсіздігі оның құқықтары мен заңды мүдделері бұзылса осы Қағидаларды 34-тармағының төртінші бөліміне сәйкес жолданған комиссия шешімінің іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдануға құқылы.

      Осы Қағидалардың 33-тармағына сәйкес өтінімдерді тіркеу журналына енгізілген өтініш берушіден шағым түскен жағдайда конкурсты (тендерді) ұйымдастырушы шағымды қарастырады және 5 (бес) жұмыс күні ішінде шағым бойынша шешім қабылдайды.

      36. Конкурстың (тендердің) қорытындысы туралы шешімі конкурсты (тендерді) ұйымдастырушының интернет-ресурсында орналасады:

      1) осы Қағидалардың 33-тармағына сәйкес өтінімдерді тіркеу журналына енгізілген өтініш берушіден шағым болмаған жағдайда;

      2) осы Қағидалардың 33-тармағына сәйкес өтінімдерді тіркеу журналына енгізілген өтініш берушіден шағымы бойынша шешім қабылданған жағдайда, комиссия шешімі шағым бойынша шешіммен бірге жарияланады.

      37. Конкурс (тендер) өтпеді деп мынадай жағдайларды танылады:

      1) конкурстық (тендерлік) өтінімдер болмаған жағдайда;

      2) егер конкурстық (тендерлік) өтінімдер қарастыру қорытындысы бойынша конкурстық (тендерлік) құжаттамаға сәйкес келетін бірде-бір өтінім келіп түспеген жағдайда.

      Конкурс (тендер) өтпеді деп танылған жағдайда, конкурсты (тендерді) ұйымдастырушы конкурсты (тендерді) қайта өткізеді.

      38. Егер конкурсқа (тендерге) қатысу үшін бір өтінім келіп түскен жағдайда комиссия келесі шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) жалғыз қатысушыны конкурстың (тендердің) жеңімпазы ретінде анықтауға, егер ол конкурстық (тендерлік) құжаттамамен қарастырылған талаптарға сәйкес келетін болса;

      2) конкурсты (тендерді) қайта өткізеді, егер жалғыз қатысушы конкурстық (тендерлік) құжаттамамен қарастырылған талаптарға сәйкес келмейтін болса.

      39. Конкурстық құжаттамаға сәйкес келетін қатысушы тендердің жеңімпазы болып танылады. Екі және одан да көп қатысушылардың конкурстық құжаттамасы сәйкес келген жағдайда ҚТҚ жинау және тасымалдау саласындағы жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ ҚТҚ жинау және тасымалдау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру үшін техникалық жарақтандыру ескеріледі.

      40. Учаскеге қызмет көрсетуге арналған конкурс жеңімпазының құқықтары мен міндеттері осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес үлгілік шартта бекітіледі.

      Шарт ұзартусыз 10 (он) жылдан аспайтын мерзімге жасалады, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын қоспағанда, олар бойынша жасасу мерзімі және ұзарту тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамасымен реттеледі.

      41. Шарт жасалғаннан кейін коммуналдық қалдықтарды басқару, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы заңнамаларға сәйкес бекітілген аумақтан коммуналдық қалдықтарды шығару кестесін тиісті ЖАО-мен келісіледі

      42. Қалдықтарды жинау және тасымалдауды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері қалдықтарды сұрыптау, қалпына келтіру және (немесе) жою бойынша жеке инфрақұрылымы болмаған жағдайда қалдықтарды сұрыптауды, қалпына келтіруді және (немесе) жоюды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерімен шарт жасасады.

      43. Қауіпті емес қалдықтарды сұрыптауды, қалпына келтіруді және (немесе) жоюды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес нарықтың басқа субъектілеріне түйінді қуатқа тең қолжетімділік береді.

      44. ҚТҚ жинау мен тасымалдауды жүзеге асыратын ҚТҚ нарығына қатысушылармен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын жасасу тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамасымен реттеледі.

  Коммуналдық қалдықтарды
басқару қағидаларына
қосымша

Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауды және тасымалдауды жүзеге асыратын қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерімен қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға және тасымалдауға арналған үлгілік шарт

      №_________________________

      ___________ 20____жылғы "__" _______

      (елді мекеннің атауы)

      ___________________________________, бұдан әрі "Орындаушы" деп аталатын,

      тұлғада _____________ негізінде әрекет ететін________________, және жергілікті

      атқарушы орган _________________ , бұдан әрі "Тапсырыс беруші" деп аталатын

      тұлғада _______________ негізінде әрекет ететін______________, екінші жағынан,

      бұдан әрі "Тараптар" деп аталады,

      қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауды және тасымалдауды жүзеге

      асыратын қатты тұрмыстық қалдықтар нарығына қатысушыларды айқындау

      жөніндегі конкурсты (тендерді) өткізу қорытындылары бойынша "_________"

      _____________, № лот ____________ осы төмендегілер туралы шарт жасасты

      (бұдан әрі – Шарт):

1-тарау. Осы Шартта пайдаланылатын ұғымдар

      1.1. Осы Шартта мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1.1.1. коммуналдық қалдықтар – тұтынудың келесі қалдықтары түсініледі: аралас қалдықтар және үй шаруашылығының бөлек жиналған қалдықтары, соның ішінде қағаз бен картон, шыны, металдар, пластмасса, органикалық қалдықтар, ағаш, тоқыма бұйымдары, қаптама, пайдаланылған электр және электронды жабдықтар, батареялар мен аккумуляторлар (аралас қалдықтар және басқа көздерден бөлек жиналған қалдықтар. егер мұндай қалдықтар табиғаты мен құрамы жағынан үй шаруашылығының қалдықтарына ұқсас болса);

      1.1.2. контейнерлік алаңдар – қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдауды жүзеге асыратын мамандандырылған көлікке арналған кірме жолдары бар, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнерлер орналастырылатын қалдықтарды жинақтауға арналған арнайы алаңдар;

      1.1.3. қалдықтарды жинау – мұндай қалдықтарды одан әрі қалпына келтіруге немесе жоюға жіберу мақсатында мамандандырылған ұйымдардың жеке және заңды тұлғалардан қалдықтарды ұйымдасқан түрде қабылдауы жөніндегі қызмет;

      1.1.4. қалдықтарды тасымалдау – қалдықтарды жинау, сұрыптау, өңдеу, қалпына келтіру және (немесе) жою процесінде олардың пайда болу, жинақталу орындары арасында мамандандырылған көлік құралдарының көмегімен олардың орнын ауыстырумен байланысты қызмет;

      1.1.5. қатты тұрмыстық қалдықтар – қатты нысандағы коммуналдық қалдықтар (бұдан әрі – ҚТҚ);

      1.1.6. мамандандырылған ұйымдар – Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетін коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау, тасымалдау, қалпына келтіру және (немесе) жою жөніндегі қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар;

      1.1.7. орындаушы – онымен жасалған шартта Тапсырыс берушінің контрагенті ретінде әрекет ететін жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ консорциум;

      1.1.8. тапсырыс беруші – өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын алқалы атқарушы орган;

      1.1.9. тұтынушы-қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді пайдаланатын немесе пайдаланғысы келетін жеке немесе заңды тұлға.

2-тарау. Шарттың мәні

      2.1. Осы Шарттың мәні учаске аумағынан коммуналдық қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша қызметтер көрсету (орындау) болып табылады ___________________________

      (учаскені, елді мекенді көрсету);

      2.2. Коммуналдық қалдықтарды жинау және тасымалдау кестеге сәйкес жүзеге асырылады.

3-тарау. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

      3.1.Орындаушы міндеттенеді:

      3.1.1. коммуналдық қалдықтарды жинау және тасымалдауды тиісті ЖАО-мен келісілген бекітілген аумақ қоса берілген кесте бойынша жүзеге асыруға;

      3.1.2. тапсырыс берушімен қызмет көрсету кестесін келісуге;

      3.1.3. Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарын сақтауға;

      3.1.4. шарт бойынша өзіне алған міндеттемелердің толық және тиісінше орындалуын қамтамасыз етуге;

      3.1.5. шарт талаптарын орындау үшін Орындаушы тартқан персоналды қоспағанда, Тапсырыс берушінің алдын ала жазбаша келісімінсіз Тапсырыс беруші немесе оның атынан басқа адамдар ұсынған техникалық құжаттаманың мазмұнын ашпауға тиіс. Көрсетілген ақпарат осы персоналға құпия түрде және міндеттемелерді орындау үшін қаншалықты қажет болса, сол шамада берілуі тиіс;

      3.1.6. Тапсырыс берушінің алдын ала жазбаша келісімінсіз Шартты іске асыру мақсатында қоспағанда, жоғарыда аталған құжаттар мен ақпаратты пайдаланбауға;

      3.1.7. Тапсырыс берушінің бірінші талабы бойынша шарт бойынша міндеттемелердің орындалу барысы туралы ақпарат беруге;

      3.1.8. сапасыз көрсетілген қызметтер жағдайында табылған кемшіліктерді өз бетімен жоюға. Егер Тапсырыс берушінің қызмет көрсету сапасына қатысты қандай да бір талаптары немесе Орындаушының оларды көрсетпеуі болған жағдайда, бұл фактілер жазбаша шағыммен және Тапсырыс беруші Орындаушының өкілімен жасаған актімен расталуға тиіс. Орындаушының актісіне қол қоюдан бас тартылған жағдайда, Тапсырыс беруші бұзушылықты көрсете отырып, Орындаушының атына жазбаша шағым жіберуге міндетті.

      3.1.9. көрсетілген қызметтер үшін есептеу мәселелері бойынша халықты қабылдау үшін Орындаушының абоненттік бөлімімен жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге;

      3.1.10. коммуналдық қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша қызметтер көрсету жөніндегі жедел мәселелерді шешу үшін тұтынушыларға қызмет көрсету жөніндегі диспетчерлік қызметтің жұмысын қамтамасыз етуге;

      3.1.11. жеке және заңды тұлғалармен коммуналдық қалдықтарды жинауға және тасымалдауға шарт жасасуға;

      3.1.12. Осы Шарт жасалған күннен бастап 14 (он төрт) жұмыс күні ішінде жеке тұлғалар үшін жария Шартты жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға;

      3.1.13. ҚТҚ сұрыптауды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне коммуналдық қалдықтарды жеткізуді қамтамасыз етуге. Қатты тұрмыстық қалдықтарды көму полигонына тікелей ҚТҚ шығару осы елді мекенде сұрыптауды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері болмаған жағдайда ғана жүргізіледі;

      3.1.14. ҚТҚ тасымалдауға арналған арнайы жабдықталған көлік құралдарын пайдалануға;

      3.1.15. контейнерлік алаңнан немесе қалдықтарды жинайтын өзге де орыннан кемінде 10 (метр) радиуста қоқыс жинауды жүзеге асыруға.

      3.2. Тапсырыс беруші міндеттенеді:

      3.2.1. қызмет көрсету үшін Орындаушы мамандарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге;

      3.2.2. тұрғылықты жері бойынша тіркелген азаматтардың санын сәйкестендіру мақсатында орындаушының халықты тіркеу туралы мәліметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етуге;

      3.2.3. көрсетілген қызметтердің сәйкессіздігі анықталған кезде 12 сағат ішінде Орындаушының хабарламаны алуын тіркеуді қамтамасыз ететін тәсілмен Орындаушыны жазбаша хабардар ету;

      3.2.4. заңды тұлғалармен Шарт жасасу бойынша Орындаушыға жәрдем көрсетуге;

      3.2.5. жаңа контейнерлік алаңдарды орнату кезінде орнату орнын орындаушымен келісуге;

      3.2.6. Орындаушыға осы шартта айқындалған учаскелерден тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және тасымалдау құқығын осы Шарттың қолданылу мерзіміне беруге;

      3.2.7. жеке және заңды тұлғалармен келесі мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу:

      қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға және тасымалдауға шарттар жасасу қажеттілігі;

      пайда болған ҚТҚ-ны ҚТҚ жинауға арналған контейнерлерге жинау; ҚТҚ -ны бөлек жинау орындарында ҚТҚ-ны қалдықтардың осы түріне арналған контейнерлерге бөлек жинау;

      сұйық қалдықтарды төгуге, ҚТҚ-ға жатпайтын қалдықтарды ҚТҚ жинауға арналған контейнерлерге және/немесе контейнерлік алаңдарға шығаруға тыйым салу;

      бұл үшін белгіленбеген жерлерде ҚТҚ-ны сақтау арқылы стихиялық қоқыс үйінділерін құруға тыйым салу;

      ҚТҚ жинауға арналған контейнерлерге, контейнерлік алаңдарға және олардың қоршауларына ұқыпты қарау;

      автомобильдерді тұраққа қоюға, сондай-ақ контейнерлік алаңдарға кірме жолдарда өзге де заттарды сақтауға тыйым салу;

      тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдаудың тарасыз әдісі кезінде-қолданыстағы санитарлық нормалар мен ережелерге сәйкес ҚТҚ-ны көше бойында тек жергілікті атқарушы орган бекіткен кестеге сәйкес жинау және тасымалдау (әкету) күндері, мамандандырылған техника келгенге дейін қою;

      коммуналдық қалдықтардың қауіпті компоненттерін мамандандырылған кәсіпорындарға бөлек жинау және беру.

      3.3. Тапсырыс беруші көрсетілген қызметтердің сапасын тексеруге құқылы;

      3.4. Орындаушының мыналарға құқығы бар:

      3.4.1. Жергілікті өкілді орган белгілеген тарифке сәйкес Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен тұтынушылардан қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау жөніндегі қызметтер үшін төлемақыны уақтылы алуға және уақтылы төлемеген кезде өндіріп алу шараларын қолдануға;

      3.4.2. Тұтынушылардан елді мекен аумағында абаттандыру, санитарлық күтіп ұстау, тазалауды ұйымдастыру және тазалықты қамтамасыз ету бойынша белгіленген талаптардың сақталуын талап ету.

      3.4.3. Тапсырыс берушімен келісім бойынша қызмет көрсетуге қосалқы мердігерлерді тарту. Қосалқы мердігерлерге берілуі мүмкін қызметтердің шекті көлемі жиынтығында көрсетілетін қызметтер көлемінің 1/3 аспауға тиіс;

      3.4.4. Авариялық жағдай кезінде не Орындаушының жұмыскерлеріне өміріне және қауіпсіздігіне қатер төнген кезде қызметтер көрсетуді тоқтату немесе шектеу;

      3.4.5. Өзіне жинау және тасымалдау үшін берілген, оның ішінде контейнерлік алаңдардың аумағында орналасқан контейнерлерге немесе қалдықтарды жинайтын белгіленген орындарға орналастырылған қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты меншік иесінің құқықтарын жүзеге асыру.

4-тарау. Тараптардың жауапкершілігі

      4.1. Шарт талаптарынан туындайтын міндеттемелер орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда. Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауаптылықта болады.

5-тарау. Форс-мажорлық жағдайлар

      5.1. Тараптар, егер бұл еңсерілмейтін күш – форс-мажор мән-жайларының салдары болып табылса, төтенше, болжанбайтын және еңсерілмейтін сипаттағы оқиғалар, атап айтқанда: жер сілкінісі, өрт, су тасқыны, әскери іс-қимылдар, мемлекеттік билік органдарының заңнамалық актілері мен тыйым салу шешімдері және өзге де мән-жайлар болып табылатын осы Шарт бойынша міндеттемелерді ішінара немесе толық орындамағаны үшін жауапкершіліктен босатылады.

      5.2. Шарт бойынша міндеттемелерді орындау мүмкін еместігі туындаған Тарап осы мән-жайлардың басталу күні және міндеттемелерді орындауға кедергі келтіретін себептер туралы екінші Тарапқа дереу, бірақ олар басталған сәттен бастап 10 күннен кешіктірмей хабарлауға міндетті.

      5.3. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары туралы хабарламаның болмауы немесе уақтылы хабарламау Тарапты шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін жауапкершіліктен босататын негіз ретінде жоғарыда аталған кез келген мән-жайға сілтеме жасау құқығынан айырады.

6-тарау. Осы Шартты мерзімінен бұрын бұзуға негіздеме

      6.1. Шартты орындаушы немесе Тапсырыс беруші бұзуы немесе қолданыстағы заңнама негізінде ғана жарамсыз деп танылуы мүмкін.

      6.2. Шарт барлық өзара міндеттемелер орындалғаннан кейін қолданысын тоқтатады.

7-тарау. Жалпы талаптар

      7.1. Шартқа кез келген өзгерістер мен толықтырулар олар жазбаша нысанда жасалған және оған Тараптардың уәкілетті өкілдері қол қойған жағдайда ғана жарамды болады.

8-тарау. Даулардың өзге де талаптары мен тәртібі

      8.1. Тараптар келіссөздер жолымен осы Шартты орындау барысында туындауы мүмкін даулар мен келіспеушіліктерді шешу үшін барлық мүмкін шараларды қабылдауға тиіс. Егер келіспеушіліктер мен дауларды келіссөздер арқылы шешу мүмкін болмаса, олар талапкердің орналасқан жері бойынша қаралуға жатады.

      8.2. Осы Шарттың қолданылу мерзімі ішінде Тараптардың ешқайсысы осы Шарт бойынша өз құқықтарын немесе міндеттемелерін екінші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тұлғаларға беруге құқылы емес.

      8.3. Осы Шартта көзделмеген мәселелер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.

      8.4. Осы Шарт қазақ және орыс тілдерінде 2 (екі) данада жасалды. Барлық даналар бірдей және бірдей заңды күшке ие. Тараптардың әрқайсысында шарттың бір данасы бар.

9-тарау. Шарттың қолданылу мерзімі

      9.1. Осы Шарт "____" ___________________ 20___________ жылы күшіне енеді және өз әрекетін

      20_____________ жылғы "__" _____________________ дейін жалғастырады.

10-тарау. Тараптардың деректемелері мен қолдары

      10.1. Тараптардың деректемелері өзгерген жағдайда Тарап 20 жұмыс күні ішінде өзгерістер туралы екінші Тарапты жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті.

Орындаушы

Тапсырыс беруші