Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2021 жылғы 21 желтоқсандағы № 791 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 27 желтоқсанда № 26127 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кейбір бұйрықтарына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1) "Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіптеме қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9984 болып тіркелген):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіптеме қағидаларында:

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Карантин бөлімшесінде болған уақытта сотталғандарға ҚАК және осы Қағидаларға сәйкес белгіленген жаза өтеу тәртібі туралы және шарттары, өздерінің құқықтары және міндеттері туралы жазбаша түрде қол қойғыза отырып, ақпарат ұсынады, жазаны өтеу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ескертіледі. Оларға мекемеде қадағалаудың, бақылаудың және күзеттің техникалық құралдарын, "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда дене күшін, арнайы құралдарды және қаруды қолдану, ал сотталғандардың топтық бағынбаушылығы және жаппай тәртіпсіздігі жағдайында мекемеде ерекше жағдайлар режимін енгізу туралы түсіндіріледі.

      Сотталғандардың жазаны өтеу тәртібін бұзуының алдын алу және жолын кесу, мекеме әкімшілігі тарапынан азаптауларға және өзге де құқыққа қарсы әрекеттерге жол бермеу мақсатында бейнекамералар дәретханаларды, қол жуатын және себезгі бөлмелерін, моншаларды және ұзақ мерзімді кездесу бөлмелерінің жатын үй-жайларын қоспағанда, комиссия айқындайтын орындарда орнатылады. Бұл ретте сотталғандарды сыртқы дене тексеруі жүзеге асырылатын үй-жайлар шымылдықтармен жабдықталады.

      Әйелдерді ұстауға арналған мекемелер мен үй-жайларда бейнебақылау операторлары әйел жынысты қызметкерлерден тағайындалады.

      Бейне мұрағатты сақтау мерзімі кемінде 60 тәулікті құрайды.

      Бейнежазбалардың көшірмелерін беру қылмыстық-атқару жүйесінің жоғары тұрған органдарының, қылмыстық қудалау органдарының, соттың, прокуратураның, сондай-ақ Қылмыстық-процестік кодексте көзделген тәртіпте адвокаттардың және жәбірленушілер өкілдерінің ресми сұрауы бойынша жүргізіледі.";

      2) "Қылмыстық-атқару жүйесі тергеу изоляторларының ішкі тәртіптеме қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 26 шілдедегі № 505 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15564 болып тіркелген):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі тергеу изоляторларының ішкі тәртіптеме қағидаларында:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Тергеу изоляторларында ұсталатын күдіктілер мен айыпталушы адамдардың тәртібін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес сақтайды.

      Күдіктілер мен айыпталушылардың мінез-құлық қағидаларын бұзуының, сотталғандардың жазаны өтеу тәртібін бұзуының алдын алу және жолын кесу, азаптауларға және өзге де құқыққа қарсы әрекеттерге жол бермеу мақсатында бейнекамералар дәретханаларды, қол жуатын және себезгі бөлмелерін, моншаларды және ұзақ мерзімді кездесу бөлмелерінің жатын үй-жайларын қоспағанда, комиссия айқындайтын орындарда орнатылады. Бұл ретте күдіктілерді, айыпталушыларды және сотталғандарды сыртқы дене тексеруі жүзеге асырылатын үй-жайлар шымылдықтармен жабдықталады.

      Әйелдерді ұстауға арналған үй-жайларда бейнебақылау операторлары әйел жынысты қызметкерлерден тағайындалады.

      Бейне мұрағатты сақтау мерзімі кемінде 60 тәулікті құрайды.

      Бейнежазбалардың көшірмелерін беру қылмыстық-атқару жүйесінің жоғары тұрған органдарының, қылмыстық қудалау органдарының, соттың, прокуратураның, сондай-ақ Қылмыстық-процестік кодексте көзделген тәртіпте адвокаттардың және жәбірленушілерінің өкілдерінің ресми сұрауы бойынша жүргізіледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ішкі істер Министрі
Е. Тургумбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Бас прокуратурасы