"Қалаларда және моноқалаларда кредит беру/микрокредит беру қағидаларын және Қалаларда микроқаржы ұйымдары /екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер/микрокредиттер бойынша кепілдік беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 27 қарашадағы № 84 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 30 қыркүйектегі № 87 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 2 қазанда № 24599 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қалаларда және моноқалаларда кредит беру/микрокредит беру қағидаларын және Қалаларда микроқаржы ұйымдары/екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер/микрокредиттер бойынша кепілдік беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 27 қарашадағы № 84 бұйрығына (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркелу тізілімінде № 17810 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қалаларда және моноқалаларда кредит беру/микрокредит беру қағидаларында:

      2-тармақта:

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Бағдарламаға қатысушылар – "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыссыз адамдар, "Жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттарын айқындау туралы" Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2019 жылғы 11 сәуірдегі №178 қаулысымен айқындалатын жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттары, жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар, жас және табысы аз көпбалалы отбасылардың мүшелері, табысы аз еңбекке қабілетті мүгедектер, ауыл шаруашылығы кооперативтері және олардың мүшелері, зәкірлі кооперацияларға қатысушыларды қоса алғанда, шаруа және фермер қожалықтары;";

      17) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "17) МҚҰ – коммерциялық ұйым болып табылатын, ресми мәртебесі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында мемлекеттік тіркеумен және есептік тіркеуден өтумен айқындалатын, микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi, сондай-ақ "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат етілген қосымша қызмет түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлға;";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Кредиторлар әлеуетті бизнес-жобаға бағалау жүргізеді, қорытынды береді және кредитті/микрокредитті берудің мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы шешім қабылдайды. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар, ауыл шаруашылығы кооперативтері және олардың мүшелері, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабында белгіленген зейнеткерлік жасқа толмаған қысқартылатын жұмыскер кредитті/микрокредитті алуға өтініш бергенге дейін шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектісінің мәртебесіне ие болады.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қалаларда микроқаржы ұйымдары/екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер/микрокредиттер бойынша кепілдік беру қағидаларында:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қалаларда микроқаржы ұйымдары/екінші деңгейдегі банктер беретін микрокредиттер бойынша кепілдік беру қағидалары (бұдан әрі – Кепілдік беру қағидалары) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы № 746 қаулысымен бекітілген "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2020 жылғы 27 наурыздағы № 55-ө өкімімен бекітілген Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы (бұдан әрі – Жұмыспен қамтудың жол картасы) шеңберінде әзірленді және Қазақстан Республикасының қалаларында кредиттер/микрокредиттер бойынша кепілдік беру тәртібін айқындайды.

      2. Кепілдік беру жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржылай қолдау құралы болып табылады және Бағдарлама мен Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде қаржыландырылатын кредит/микрокредит ресурстарына кәсіпкерлердің қолжетімділігін кеңейту және қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.";

      4-тармақта:

      13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "13) микроқаржы ұйымы (бұдан әрі – МҚҰ) – коммерциялық ұйым болып табылатын, ресми мәртебесі әділет органдарында мемлекеттік тіркелумен және есептік тіркеуден өтуімен айқындалатын, микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi, сондай-ақ "Микроқаржы ұйымдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат етілген қосымша қызмет түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлға;";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Жұмыспен қамтудың жол картасының және осы бұйрықпен бекітілген Қалаларда және моноқалаларда кредит беру/микрокредит беру қағидаларының тиісті талаптарына сәйкес келетін, кредиттер алатын кәсіпкерлерге кепілдік беруге қатысуға рұқсат етіледі.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Кепілдік беру жүзеге асырылатын, бір кәсіпкерге МҚҰ/ЕДБ беретін кредит/микрокредит(-тер) сомасы:

      қалаларда, моноқалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларынан басқа) 6,5 мың айлық есептік көрсеткіштен;

      Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында 8,0 мың айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.

      Бұл ретте, кредит/микрокредит(-тер) сомасы кәсіпкермен үлестес тұлғалардың кредиті/микрокредиті(-тері) бойынша берешекті есепке алусыз бір кәсіпкер үшін есептеледі. Кредит/микрокредит теңгемен беріледі.";

      мынадай мазмұндағы 12-1-тармақпен толықтырылсын:

      "12-1. Кепілдік беру жүзеге асырылатын "Бастау Бизнес" жобасының түлегі болып табылатын бір кәсіпкерге мемлекет қатысатын МҚҰ кредит/микрокредит (-тер) сомасы:

      қалаларда, моноқалаларда (Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларынан басқа) - 6,5 мың айлық есептік көрсеткіштен;

      Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында - 8,0 мың айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.

      Бұл ретте, кредит/микрокредит (-тер) сомасы кәсіпкермен үлестес тұлғалардың кредиті/микрокредиті(-тері) бойынша берешекті есепке алусыз бір кәсіпкер үшін есептеледі. Кредит/микрокредит теңгемен беріледі.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Ісін жаңа бастаған кәсіпкер үшін кепілдік мөлшері кредит/микрокредит сомасының 85 % дейін (Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде кредит/микрокредит сомасының 50 % - на дейін) құрайды, бұл ретте ісін жаңа бастаған кәсіпкер құны кредит/микрокредит сомасының кемінде 15 % мөлшеріндегі кредит/микрокредит (кепілдік) бойынша (Жұмыспен қамтудың жол картасышеңберінде кредит/микрокредит сомасының 50 % - на дейін) қамтамасыз етуді ұсынады. Қамтамасыз ету мөлшерінің жеткілікті болуын есептеу кезінде талап ету құқығының кепілі және жарғылық капиталға қатысу үлесінің кепілі ескерілмейді.

      Жұмыс істеп тұрған үлестес кәсіпкердің ағымдағы қызметінен ерекшеленетін қызметтің жаңа түрін құру жағдайында ісін жаңа бастаған кәсіпкердің жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлермен үлестес болуына (экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші класының деңгейінде) жол беріледі.";

      17 және 18-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Кепілгерге ЖАО төлейтін кепілдіктің құны кепілдік сомасының 30 %-ын құрайды.

      18. Кепілгер МҚҰ/ЕДБ-ге төлеген талаптар кепілгердің кепілдігімен қалыптастырылған кредиттік портфель көлемінің (берешек қалдығының) 10 %-дан жоғары шегінен асқан кезде, Бағдарлама шеңберінде осы МҚҰ/ЕДБ кредиттері/микрокредиттері бойынша одан әрі кепілдіктер беру тоқтатыла тұрады.

      Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде қаржыландырылған кредиттер/микрокредиттер бойынша күнтізбелік 60 күннен асатын мерзімі өткен берешегі кепілгердің кепілдігімен қалыптастырылған кредиттік портфельдің көлемінен (берешек қалдығынан) 2%-ға және одан көп асқан кезде осы МҚҰ-ның кредиттері/микрокредиттері бойынша одан әрі кепілдіктер беру тоқтатыла тұрады.";

      35-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "35. Кепілдік беруге бөлінген қаражаттың қалған бөлігі төмендегідей тәсілмен, кепілдік шарттарының жасалуына қарай, жылдың басында кепілгерге аударылған қаражаттың бірінші жартысы толық игерілгеннен кейін кепілгерге аударылады:

      1) кепілдік шартын жасағаннан кейін кепілгер ЖАО тиісті хабарламаны жібереді;

      2) ЖАО кепілгерден кепілдік шартын жасау туралы хатты алғаннан кейін кепілгердің ағымдағы шотына кепілдік сомасының 30 % мөлшерінде қаражат аударуды жүзеге асырады.".

      2. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
А. Иргалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Еңбек және халықты әлеуметтік

      қорғау министрлігі