"Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 11-бабының 3-2-тармағына және "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қаржылық емес сектор үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар бекітілсін.
2. "Қаржылық емес сектор үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында Ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 28 қыркүйектегі № 926 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21300 болып тіркелген).
3. Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігініңҚаржылық мониторинг субъектілерімен жұмыс жөніндегі департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы |
Ж. Элиманов |
Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы 2021 жылғы 6 тамыздағы № 4 Бұйрықпен бекітілген |
Қаржылық емес сектор үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қаржылық емес сектор үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 11-бабының 3-2-тармағына сәйкес әзірленді және Заңның 3-бабы 1-тармағының 7), 8), 13, 15), 16) және 18) тармақшаларында көзделген қаржылық мониторинг субъектілері (бұдан әрі – Субъектілер) үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ) мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды анықтайды.
2. Осы Талаптарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландырудың (бұдан әрі – КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдері) – КЖ/ТҚ немесе өзге де қылмыстық әрекет процестеріне Субъектілерді әдейі немесе әдейі емес тарту мүмкіншілігі;
2) КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін басқару – КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін айқындау мониторингі бойынша Субъектілер қабылдайтын шаралар жиынтығы (қызметтерге, клиенттерге қатысты);
3) ҚМ-1 нысаны – КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес КЖ/ТҚҚ саласында қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті орган бекітетін (бұдан әрі – уәкілетті орган), Субъектілердің қаржылық мониторингке жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты беру қағидаларында көзделген қаржылық мониторингке жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпараттар нысаны;
4) ішкі бақылау – КЖ/ТҚ заңдастыруды алдын алу мақсатында Субъект қабылдайтын ұйымдастырудың, саясаттың, рәсімдердің және әдістердің жүйесі.
3. Ішкі бақылау:
1) КЖ/ТҚҚ туралы Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарын Субъектілердің орындауын қамтамасыз ету;
2) КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін басқару үшін жеткілікті деңгейде ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін сақтау;
3) КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін азайту мақсаттарында жүзеге асырылады.
4. Ішкі бақылау қағидалары (бұдан әрі – ІБҚ) Заңның 11-бабының 3-тармағында көзделген бағдарламаларды қамтиды және КЖ/ТҚҚ-ға бағытталған жұмыстың ұйымдастырушылық негіздерін регламенттейтін құжат болып табылады және КЖ/ТҚҚ Субъектілерінің іс-әрекеттер тәртібін орнатады.
5. КЖ/ТҚҚ туралы заңнамаға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде, Субъектілер 30 (отыз) жұмыс күні ішінде ІБҚ-ға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.
2-тарау. Қаржылық мониторинг субъектілерінің қызметкерлеріне қойылатын талаптарды қоса алғанда, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау ұйымдастыру бағдарламасы
6. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылау ұйымдастыру бағдарламасы мына рәсімдерді:
1) Субъектілердің КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды жүзеге асыру кезінде ішкі бақылау ұйымдастыруды;
2) клиенттермен іскерлік қарым-қатынас орнатудан бас тарту мен іскерлік қарым-қатынасты тоқтату, ақша және (немесе) өзге мүлікпен операция жасаудан бас тарту, ақша және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды тоқтатып қою бойынша шаралар қабылдауды;
3) клиенттің қылмыстық кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операцияларды күдікті ретінде тануды;
4) қаржылық мониторингке жататын операциялар туралы, клиентпен іскерлік қатынастарды орнатудан бас тарту, клиентпен іскерлік қатынастарды тоқтату, ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операцияларды жүргізуден бас тарту фактілері туралы уәкілетті органға мәліметтерді, ақпаратты және құжаттарды беру үшін қолданылатын автоматтандырылған ақпараттық жүйелер және бағдарламалық қамтамасыз ету нұсқамалары мен регламенттерін қоса алғанда, уәкілетті органға ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операцияларды тоқтатып қою бойынша шаралар туралы мәліметтер мен ақпараттар беруді;
5) клиенттің дерекнамасын және онымен хат-хабар алмасуды қоса алғанда, клиентті тиісінше тексеру нәтижелері бойынша алынған құжаттар мен мәліметтерді, қаржылық мониторингке жататын операцияларды, оның ішінде күдікті операциялар туралы құжаттар мен мәліметтерді, сондай-ақ барлық күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияларды зерделеу нәтижелерін құжаттық тіркеуді және сақтауды;
6) зерделеуге жататын күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияларды күдікті ретінде Субъектілердің тануын қамтиды.
Қаржылық мониторингке жататын және уәкілетті органға жіберілетін операцияларды құжаттық тіркеу Субъектілер белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
7) қызметін жеке өзі жүзеге асыратын Субъектілерді қоспағанда, Субъект қызметкерлері жол берген КЖ/ТҚҚ туралы заңнаманы, ІБҚ-ны бұзу фактілері өздеріне белгілі болғандығы туралы Субъект қызметкерлерінің басшысын хабардар етуді;
8) бағалауды, анықтауды, құжаттық белгілеуді және КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін бағалаудың нәтижелерін жаңартуды;
9) бақылау шараларын әзірлеуді, КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін басқару және КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін азайту бойынша рәсімдерді;
10) КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін бағалаудың тәуекел деңгейін ескере отырып өз клиенттерін сыныптауды қамтиды.
7. Субъектілер ІБҚ-ны сақтау бойынша мониторингті жүзеге асыруға жауапты тұлғаны (бұдан әрі – жауапты қызметкер) тағайындайды, сондай-ақ қызметін жеке өзі жүзеге асыратын Субъектілерді қоспағанда, құзыреттеріне КЖ/ТҚҚ мәселелері кіретін қызметкерлер немесе Субъектілердің бөлімшесі (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ бойынша бөлімше) анықтайды.
Жауапты қызметкердің лауазымына жоғары білімі жоқ, экономикалық қызмет саласындағы қылмыстары не ауырлығы орташа, ауыр немесе аса ауыр қасақана жасалған қылмыстары үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы бар адам тағайындалмайды.
"Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 214-бабына сәйкес қызметін жеке өзі жүзеге асыратын Субъектілер ІБҚ-ны сақтау және ұйымдастыру үшін жауапты болады.
8. Жауапты қызметкердің, Субъектінің КЖ/ТҚҚ бойынша бөлімше қызметкерлерінің және қызметін жеке өзі жүзеге асыратын Субъектілердің функциялары:
1) ІБҚ-ны әзірлеуді, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді;
2) уәкілетті органға қаржылық мониторингке жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпарат беруді ұйымдастыруды және бақылауды;
3) клиент операцияларын күдікті ретінде тану туралы шешімдер қабылдауды;
4) клиент операцияларын күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияларға, қылмыстық кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операцияларға жатқызу туралы шешімдер қабылдауды;
5) клиент операцияларын тоқтату не жүргізуден бас тарту туралы және уәкілетті органға операциялар туралы ақпарат жіберу қажеттігі туралы шешім қабылдауды;
6) уәкілетті органның күдікті операцияны жүргізуді тоқтату туралы шешімін орындауды;
7) клиенттермен іскерлік қатынастар орнату, жалғастыру не тоқтату туралы шешім қабылдауды;
8) клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің операцияларына қатысты қабылданған шешімдерді құжаттық тіркеуді;
9) ІБҚ-ны іске асыру нәтижесінде алынған деректер негізінде клиенттің дерекнамасын қалыптастыруды;
10) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды;
11) клиенттің дерекнамасын және онымен хат-хабар алмасуды қоса, клиентті тиісінше тексеру нәтижелері бойынша алынған құжаттар мен мәліметтерді, қаржылық мониторингке жататын операциялар, оның ішінде күдікті операциялар туралы құжаттар мен мәліметтерді, сондай-ақ барлық күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияларды зерделеу нәтижелерін клиентпен іскерлік қатынастарды тоқтатқан күннен бастап кем дегенде бес жыл сақтау жөніндегі шараларды қамтамасыз етуді;
12) өз қызметін жүзеге асыру кезінде алынған ақпараттың құпия сақталуын қамтамасыз етуді;
13) КЖ/ТҚҚ туралы заңнаманың орындалуына бақылауды жүзеге асыру үшін тиісті мемлекеттік органдарға ақпарат беруді;
14) уәкілетті органға оның сұратуы бойынша қажетті ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды ұсынуды жүзеге асыруды қамтиды.
Субъект жауапты қызметкер немесе КЖ/ТҚҚ бойынша бөлімше қызметкерлерін тағайындаған жағдайда, ІБҚ қосымша функцияларды:
1) ІБҚ-ны әзірлеуді және келісуді, Субъект басшысымен оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, сондай-ақ іске асыру мониторингін және сақтауды;
2) клиенттермен іскерлік қарым-қатынасты орнату, жалғастыру немесе тоқтату туралы шешімдерді қабылдау үшін Субъект басшысына сұрату жіберуді;
3) ІБҚ бұзушылықтарының анықталғаны туралы басшыға хабарлауды;
4) басшыға есептер қалыптастыру дайындау үшін ІБҚ-ны іске асыру нәтижелері туралы ақпарат пен КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін басқару және КЖ/ТҚҚ ішкі бақылау жүйесін жақсарту бойынша ұсынылатын шараларды дайындауды қосады.
9. Жүктелген функцияларды орындау мақсатында жауапты қызметкер мен КЖ/ТҚҚ бойынша бөлімше қызметкерлеріне мынадай өкілеттіктер:
1) Субъектінің барлық үй-жайларына, ақпараттық жүйелеріне, телекоммуникация құралдарына, құжаттар мен файлдарға, өз функциясын толық көлемде жүзеге асыруға;
2) өз функцияларын жүзеге асыру барысында алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету;
3) Субъектінің бөлімшелерінен алынған құжаттар мен файлдардың сақталуын қамтамасыз ету қоса беріледі.
3-тарау. Технологиялық жетістіктерді пайдалану тәуекелін қоса алғанда, клиенттер тәуекелдері мен қылмыстық мақсаттағы қызметтерді пайдалану тәуекелдерін ескеретін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландырудың тәуекелдерін басқару бағдарламасы
10. КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру мақсатында Субъектілер технологиялық жетістіктерді пайдалану тәуекелін қоса алғанда, клиенттер тәуекелдері мен қылмыстық мақсаттағы қызметтерді пайдалану тәуекелдерін ескеретін КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін басқару бағдарламасын әзірлейді.
Субъектілер жыл сайынғы негізде КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдері есебінен ақпаратты және кем дегенде, тәуекелдердің мынадай ерекше санаттарын: клиенттердің түрі бойынша тәуекелді, елдік (географиялық) тәуекелді, қызметтер және (немесе) оны ұсыну тәсілі тәуекелдерін ескере отырып КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдеріне Субъектілер қызметтерінің (өнімдердерінің) ұшырау дәрежесін бағалауды жүзеге асырады.
Тәуекелдерді бағалау нәтижелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 3 мамырдағы қаулысымен бекітілген Кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне бағалау жүргізу қағидаларына сәйкес уәкілетті орган Субъектілер мүшелері болып табылатын коммерциялық емес ұйымдардың талап етуі бойынша ұсынылады.
11. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелін арттыратын клиенттер санаттары:
1) клиент:
шетелдiк жария лауазымды адам болып табылған;
шетелдiк жария лауазымды адамның мүддесіне (пайдасына) әрекет ететін тұлға болып табылған;
шетелдiк жария лауазымды адамның отбасы мүшесі, жақын туысы болып табылған;
азаматтығы жоқ адам болып табылған;
Қазақстан Республикасында тіркелген немесе тұрған орны жоқ Қазақстан Республикасының азаматы болып табылған;
бейрезидент болып табылған;
коммерциялық емес ұйым болып табылған жағдайда;
2) клиент (оның өкілі) немесе бенефициарлық меншік иесі немесе клиенттің операция бойынша контрагенті болып табылған жағдайда:
Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16404 нөмірімен тіркелген "Салық салуда жеңілдігі бар мемлекеттер" тізбесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 8 ақпандағы № 142 бұйрығымен (бұдан әрі – Бұйрық) бекітілген салық салуда жеңілдігі бар мемлекеттер тізбесіне енген мемлекетте (аумақта) операциялар бойынша тіркелген немесе қызметін жүзеге асырған;
террористік қызметті жүзеге асыратын адамдардың тізіміне (бұдан әрі – Тізім) және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне, сондай-ақ жаппай қырып-жоятын қаруды таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне (бұдан әрі – Тізбелер) енгізілген;
3) клиент (оның өкілі), бенефициарлық меншік иесі:
операцияның шұғыл түрде өтуіне көндірген;
пайдаланылуы Субъектілердің әдеттегі тәжірибесінен айрықшаланатын, стандартты емес немесе есеп айырысудың әдеттегіден ерекше күрделі схемаларын жүргізуді талап еткен;
қаржылық мониторинг рәсімдерінен жалтаруға бағытталған әрекет жасаған;
операциялары бұрын күдікті деп танылған жағдайда;
4) клиент:
төлемнің шарттық талаптарын орындамайды, нәтижесінде лизинг алушының атынан жасалатын төлемдер жүйелі түрде яғни лизинг мәмілесінің қатысушысы болып табылмайтын басқа жеке немесе заңды тұлға (кепілгер, кепіл беруші) бір жыл ішінде қатарынан екі немесе одан да көп рет жүзеге асырады;
лизинг беруші бұны талап етпесе де, жалға алынған актив үшін тиісті себепсіз үлкен мөлшерде алдын ала төлем ұсынған;
сатып алынатын тауардың құндылығына, оның мөлшеріне, салмағына және табиғи ерекшеліктеріне назар аудармастан бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған бірнеше зергерлік бұйымдарды сатып алған;
Кимберлий процесінің мерзімі өткен сертификатын ұсынған;
бағалы металдардан және (немесе) асыл тастардан жасалған (бір типті бұйымдарды) бірнеше зергерлік бұйымдарды және (немесе) сертификатталған асыл тастарды жүйелі түрде сатып алатын;
сатып алынған бағалы металдар мен асыл тастардан, олардан жасалған зергерлік бұйымдардан алынған ақшалай қаражатты үшінші тұлғалардың шоттарына аударуды талап еткен;
5) мына жағдайда:
лизинг нысанасын қаржыландыруға жүгінген клиенттің мәлімдемесі лизингті пайдалану ниетіне немесе клиенттің іскерлік белсенділігіне қатысты (лизинг алушының қызмет түрі мен лизинг мәмілесі арасындағы айқын сәйкессіздік) ақылға қонымды емес болып көрінген;
мемлекеттік тіркелу кезінде көрсетілген клиенттің орналасқан жері оның органдарының нақты қызметінің орнымен сәйкес келмеген;
клиентпен іскерлік қатынас ерекше жағдайларда (мысалы, Субъекті мен клиенттің арасында өте үлкен түсініксіз географиялық арақашықтық бар) жүзеге асырылған;
клиенттің қызметі қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты болған;
клиент берген мәліметтерді тексеру кезінде Субъектілерде қиындықтар пайда болған;
6) мемлекеттерден (аумақтардан) іскерлік қарым-қатынастар мен мәмілелер жасаған:
Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (бұдан әрі – ФАТФ) ұсынымдарын орындамаған және (немесе) жеткіліксіз орындаған;
сыбайлас жемқорлықтың немесе өзге де қылмыстық әрекеттің жоғары деңгейімен;
санкцияларға, эмбарго және Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – БҰҰ) салған ұқсас шараларға ұшыраған;
террористік (экстремистік) қызметті қаржыландыруды ұсынатын немесе қолдайтын ұсынатын және орнатылған террористік (экстремистік) ұйымдары бар мемлекеттердің (аймақтардың) клиенттерімен.
БҰҰ және халықаралық ұйымдар ақпараты бойынша мұндай мемлекеттердің (аумақтардың) тізбесіне сілтемелер уәкілетті органның Интернет-ресурсында қол жетімді;
7) ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операциялар:
тараптардың жеке қатысуынсыз жүзеге асырылатын;
белгісіз немесе байланысты емес үшінші тараптардың атынан немесе олардың пайдасына жасалатын;
қолма-қол есеп айырысуды қоса алғанда, жасырын банк шоттарымен немесе жасырын, жалған есімдерді пайдаланумен байланысты;
айқын экономикалық мәні жоқ немесе анық қойылған заңды мақсаты жоқ;
клиентке тән емес жиілікпен жүргізілген немесе ерекше ірі сомаға жүргізілген;
КЖ/ТҚ-ның жоғары тәуекелі туралы ақпарат болған жағдайда беріледі.
Субъектілердің тәуекелдің қосымша факторларын енгізуіне жол беріледі.
12. КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асыру шеңберінде Субъектілер Талаптардың 11-тармағында көрсетілген тәуекел санаттары мен факторларын, сондай-ақ субъектілер белгілейтін тәуекелдердің өзге де санаттарын ескере отырып, клиенттерді жіктеу бойынша шаралар қабылдайды.
Клиент (клиенттер тобы) тәуекелінің деңгейін Субъектіде бар клиент (клиенттер) туралы мәліметтер мен ақпаратты талдау нәтижелері бойынша Субъектілер белгілейді және кем дегенде екі деңгейден тұратын тәуекел деңгейін анықтау шкаласы бойынша бағаланады.
Талаптардың 11-тармағында көрсетілген тәуекелдер санаттары мен факторларын пайдалана отырып тәуекелді бағалау операциялар (іскерлік қатынастар) мониторингінің нәтижелері негізінде клиенттерге (клиенттер тобына) қатысты жүргізіледі.
Клиент (клиенттер тобы) тәуекелінің деңгейін қайта қарауды Субъектілер клиент (клиенттер тобы) туралы мәліметтердің және операциялар (іскерлік қатынастар) мониторингі нәтижелерінің жаңартылуына қарай жүзеге асырады.
13. Субъектілер:
1) өнімдер берудің жаңа механизмдерін қоса алғанда, жаңа өнімдер мен жаңа іскерлік практика әзірлеу;
2) жаңа өнімдердің немесе бұрыннан іс жүзінде бар жаңа өнімдердің дамып жатқан технологияларын пайдалану кезінде КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін анықтайды және бағалайды.
КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін бағалау жаңа өнімдерді және іскерлік практиканы іске қосқанға немесе жаңа немесе дамып жатқан технологияларды пайдаланғанға дейін жүргізіледі.
4-тарау. Клиенттерді идентификациялау бағдарламасы
14. Клиентті идентификациялау бағдарламасы Субъектілердің клиент (оның өкілі) туралы мәліметтерді тіркеу және оның дұрыстығын тексеру, бенефициарлық меншік иесін анықтау және ол туралы мәліметтерді тіркеу, клиент (оның өкілі) туралы бұрын алынған мәліметтерді жаңарту, іскерлік қатынастардың болжамды мақсатын белгілеу және тіркеу, сондай-ақ Заңда көзделген клиент және олардың өкілдері туралы өзге де мәліметтерді алу және тіркеу бойынша:
1) Заңның 5-бабының талаптарына сәйкес клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін тиісінше тексеру жөніндегі шараларды сақтау;
2) Заңның 5-бабы 3-тармағының 6) тармақшасына сәйкес клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің анықтығын тексеру;
3) Тізімде және Тізбелерде клиенттің (оның өкілінің) болуы немесе болмауы;
4) Заңның 8-бабының талаптарына сәйкес клиенттiң шетелдiк жария лауазымды тұлғаға, оның отбасы мүшелеріне және жақын туыстарына жататынын және (немесе) қатыстылығын тексеру;
5) сәйкесінше тіркеуі, тұратын жері немесе орналасқан жері бар клиенттерді анықтау:
ФАТФ ұсынымдарын орындамайтын және (немесе) жеткілікті орындамайтын не Заңның 4-бабының 4-тармағының 4) тармақшасына сәйкес көрсетілген мемлекетте (көрсетілген аумақта) тіркелген банктегі шоттарды пайдаланушы мемлекетте (аумақта);
Бұйрықта көзделген салық салу жеңілдігі бар мемлекетте;
6) болжалды мақсатты және іскерлік қатынастар сипатын белгілеу;
7) берілген тәуекелдің деңгейіне байланысты клиентті тиісті тексеру бойынша тәуекелдерді басқару бағдарламасына сәйкес клиентке шараларды қолдану;
8) идентификациялау нәтижелері бойынша алынған мәліметтерді клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы сәйкестендіру мәліметтерінің өзгеруіне қарай, алайда жылына кемінде бір рет жаңарту;
9) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін идентификациялау нәтижесінде алынған мәліметтерді тіркеу мақсатында, сауалнаманы (дерекнаманы) ресімдеудің бастапқы күнін көрсете отырып), Субъект рәсімдейтін клиенттің сауалнамасының (дерекнамасының) нысанына, мазмұнына және толтыру тәртібіне қойылатын талаптар;
10) мәліметтерді жаңарту мерзімділігін көрсете отырып, сауалнамада (дерекнамада) қамтылған мәліметтерді жаңарту тәртібі;
11) клиенттің КЖ/ТҚ заңдастыру мақсатында операциялар жасау тәуекелінің дәрежесін (деңгейін) бағалау тәртібі, осындай тәуекелді бағалау негіздері;
12) клиенттен сұратылатын құжаттар мен ақпарат тізбесін, Субъектінің жеке тұлғаны бенефициарлық иеленуші деп тану туралы шешім қабылдау тәртібін қоса алғанда, Субъектінің клиенттердің бенефициарлық меншік иесін анықтауға және сәйкестендіруге бағытталған шаралар (рәсімдер) тізбесі сияқты іс-шаралар жүргізуімен қорытындыланады.
Клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты Субъект жүргізетін іс-шаралар дәрежесі Заңның 5-бабының 7-тармағына сәйкес клиенттерді тиісінше тексерудің оңайлатылған не күшейтілген шараларын қолданылуымен білдіріледі.
КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелінің жоғары дәрежесі бар клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту кем дегенде жарты жылда 1 (бір) рет жүзеге асырылады.
Жаңарту мерзімділігі және (немесе) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы қосымша мәліметтер алу қажеттілігі клиенттің (клиенттер тобының) тәуекелінің деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын Субъект қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін ескере отырып белгіленеді.
5-тарау. Клиенттердің күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияларын зерделеуді қоса алғанда, клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы
15. Заңның клиентті тиісінше тексеру жөніндегі, сондай-ақ қаржылық мониторингке жататын операциялар туралы хабарламаларды анықтау және уәкілетті органға жіберу жөніндегі талаптарын іске асыру мақсатында Субъектілер клиенттердің операцияларын мониторингілеу және зерделеу бағдарламасын әзірлейді.
16. Қызметін жеке өзі жүзеге асыратын Субъектілер үшін клиенттердің операцияларын мониторингілеу және зерделеу бағдарламасына:
1) Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен күдікті операцияларды айқындау белгілері негізінде жасалған, сондай-ақ Субъектілер дербес әзірлеген ерекше және күдікті операциялар белгілерінің тізбесі;
2) Заңның 4-бабының 5-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәсілдеріне, типологияларына сәйкес келетін сипаттамасы бар клиенттің операциясын анықтау рәсімі;
3) Клиент жүйелі түрде және (немесе) елеулі көлемде өзгеше және (немесе) күдікті операцияларды жүзеге асырған жағдайда клиент пен оның операцияларына қатысты Субъектілер қабылдайтын шараларды қабылдау тәртібі және сипаттамасы кіреді, бірақ олармен шектелмейді.
Субъект КЖ/ТҚҚ бойынша бөлімшенің жауапты қызметкерін немесе қызметкерлерін тағайындаған жағдайда клиенттердің операцияларын мониторингілеу және зерделеу бағдарламасы қосымша мыналарды:
1) Талаптарда көзделген жағдайларда клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған және (немесе) қосымша мәліметтерді жаңарту жөніндегі міндеттерді Субъектінің бөлімшелері (қызметкерлері) арасында бөлуді;
2) Субъектінің бөлімшелері (қызметкерлері) арасында шекті, ерекше және күдікті операциялар туралы мәліметтерді анықтау және бөлімшелер (қызметкерлер) арасында беру жөніндегі міндеттерді бөлуді;
3) шекті, ерекше және күдікті операциялар анықталған кезде Субъект бөлімшелерінің өзара әрекеттесу тетігін сипаттауын;
4) жауапты қызметкердің клиент операциясын саралау туралы шешім қабылдау тәртібі, негіздері және мерзімін;
5) клиенттің операциясын жүргізуден бас тарту туралы (клиенттің, бенефициарлық меншік иесінің Тізбелерде болуына байланысты бас тартуды қоспағанда), сондай-ақ клиентпен іскерлік қатынастарды тоқтату туралы шешім қабылдау бойынша бөлімшелердің (қызметкерлердің) өзара әрекеттесу тәртібін;
6) Тізбелердегі клиенттерді және бенефициарлық меншік иелерін анықтау бойынша, сондай-ақ осындай клиенттердің ақшасымен және (немесе) өзге мүлкімен операция жүргізуден, осындай клиенттерге қызмет көрсетуден бас тарту не онымен іскерлік қатынастарды тоқтату бойынша Субъект бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) өзара әрекеттесу тәртібін;
7) шекті және күдікті операцияның анықталғаны туралы Субъектінің лауазымды адамдарын хабардар ету (қажет болған жағдайда) тәртібін қамтиды, бірақ шектелмейді:
17. Клиенттер операцияларын мониторингілеу және зерделеу бағдарламасы шеңберінде Субъектілер қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар барлық шекті, ерекше, күдікті операциялар мен операциялардың мақсаттары мен негіздерін белгілеуге бағытталған іс-шараларды жүргізеді.
Клиенттердің операцияларына мониторинг жүргізу және зерттеу нәтижелері Субъект қызметтерінің КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін жыл сайын бағалау үшін, сондай-ақ клиенттердің тәуекелдерінің деңгейін қайта қарау үшін пайдаланылады.
Клиент операцияларының мониторингі және зерделеу бағдарламасын іске асыру шеңберінде алынған мәліметтер клиенттің досьесіне енгізіледі және (немесе) клиентпен іскерлік қатынастардың бүкіл кезеңі бойы Субъектіде және операция жасалғаннан кейін кемінде бес жыл сақталады.
18. Клиент операцияларын зерделеу жиілігін Субъектілер клиенттің тәуекелінің деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын Субъектілер қызметтерінің КЖ/ТҚҚ тәуекелдеріне ұшыраушылық дәрежесін, клиенттің қаржылық мониторингке жататын операцияларды (операцияларды) жасауын (жасауға әрекет етуін) ескере отырып, сондай-ақ Заңның 4-бабының 5-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен немесе субъектілер дербес әзірлеген қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларын, схемалары мен тәсілдерін ескере отырып айқындайды.
Клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда, сондай-ақ клиент күдікті операция жасаған жағдайда Субъектілер белгілі бір уақыт кезеңінде клиент жүргізетін (жүргізген) операцияларды зерделейді.
Клиенттің операциялары:
Заңның 4-бабының 4-тармағында көрсетілген негіздер бойынша;
егер олар күдікті операция белгілерінің сипаттамасына ие болса зерделенуге жатады.
19. Клиенттің операциялары, егер осы Талаптардың 18-тармағында көрсетілген операцияларды зерттеу нәтижелері бойынша Субъектілерде клиенттің операциялары КЖ/ТҚ заңдастыруымен байланысты деп пайымдауға негіз болған жағдайда күдікті деп танылады.
Субъектілер клиенттің операциясын күдікті операция ретінде тану (танымау) туралы шешімді клиенттің (оның өкілінің) және операцияны жүзеге асыратын бенефициарлық меншік иесінің мәртебесі мен қызметін сипаттайтын, оның иелігіндегі ақпарат пен құжаттар, сондай-ақ клиенттің қаржылық-шаруашылық қызметі, қаржылық жағдайы және іскерлік беделі туралы ақпарат негізінде дербес қабылдайды.
Операцияны жасау уақыты мен осындай операцияны күдікті деп тану уақыты арасындағы айырмашылық Субъектілердің ІБҚ-ға сәйкес клиенттің операциясын зерделеу жиілігін айқындайтын уақыт аралығынан аспайды.
6-тарау. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл cаласындағы қаржылық мониторинг субъектілерін дайындау мен оқыту бағдарламасы
20. КЖ/ТҚҚ мәселесі бойынша Субъектілерді даярлау және оқыту бағдарламасы Заңның 11-бабының 8-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекітетін Субъектілердің қызметкерлерін даярлау және оқыту жөніндегі талаптарға сәйкес әзірленеді.