Экологиялық бағалауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 30 шiлдедегі № 280 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 3 тамызда № 23809 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы Экология кодексінің 48-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Экологиялық бағалауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық саясат және тұрақты даму департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің, Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің міндетін атқарушының және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2021 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрі
М. Мирзагалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ақпарат және коммуникациялар

      министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрінің
2021 жылғы 30 шілдедегі
№ 280 Бекітілген

Экологиялық бағалауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулық

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Экологиялық бағалауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 48-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және экологиялық бағалауды ұйымдастыру және өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Нұсқаулықта мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:

      1) экологиялық бағалау – көзделіп отырған және жүзеге асырылатын қызметті немесе әзірленетін құжатты іске асырудың қоршаған ортаға ықтимал тікелей және жанама елеулі әсерлерін анықтау, зерделеу, сипаттау және бағалау процесі. Экологиялық бағалаудың түрлері стратегиялық экологиялық бағалау, қоршаған ортаға әсерді бағалау, трансшекаралық әсерлерді бағалау және оңайлатылған тәртіп бойынша экологиялық бағалау болып табылады;

      2) стратегиялық экологиялық бағалау – Кодекстің 52-бабының 3-тармағында санамаланған салаларда мемлекеттік бағдарламаларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын және елді мекендердің бас жоспарларын іске асырудың қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерлерін тиісті зерттеулер негізінде анықтау, зерделеу, сипаттау және бағалау процесі (бұдан әрі –құжаттар), оған Кодекстің 53-бабында көзделген сатылар кіреді;

      3) қоршаған ортаға әсерді бағалау – Кодекстің 67-бабында көзделген сатыларды қамтитын, көзделіп отырған қызметті іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерлерді тиісті зерттеулер негізінде анықтау, зерделеу, сипаттау және бағалау процесі;

      4) трансшекаралық әсерді бағалау – бір мемлекеттің (қозғалатын тараптың ) юрисдикциясындағы ауданда жоспарды, бағдарламаны немесе көзделіп отырған қызметті іске асырумен байланысты және нақты түрде басқа мемлекеттің (шыққан тараптың ) юрисдикциясында орналасқан дереккөзден ықтимал елеулі теріс әсерлерді тиісті зерттеулер негізінде анықтау, зерделеу, сипаттау және бағалау процесі;

      5) оңайлатылған тәртіп бойынша экологиялық бағалау – Кодекске сәйкес көзделіп отырған және жүзеге асырылатын, қоршаған ортаға әсерді міндетті бағалауға жатпайтын қызмет үшін, I және II санаттағы объектілер үшін эмиссиялар нормативтерінің жобаларын әзірлеу кезінде, сондай-ақ көзделіп отырған қызмет бойынша жобалау құжаттамасының құрамында "Қоршаған ортаны қорғау" бөлімін әзірлеу кезінде және қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны дайындау кезінде жүргізілетін экологиялық бағалау түрі.

2-тарау. Экологиялық бағалауды ұйымдастыру

      3. Экологиялық бағалауды ұйымдастыру көзделіп отырған және жүзеге асырылатын қызметті немесе әзірленетін құжатты іске асырудың қоршаған ортаға ықтимал тікелей және жанама елулі әсерлерін (бұдан әрі – елеулі әсерлер) анықтау, зерделеу, сипаттау және бағалау процесін ұйымдастыруды қамтиды.

      4. Стратегиялық экологиялық бағалау барысында құжаттың қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерлерін анықтау процесін ұйымдастыру үшін әзірлеуші мемлекеттік орган:

      1) Осы Нұсқаулықтың 6-тармағына сәйкес Кодекстің 52-бабы 3-тармағының күші қолданылатын құжаттарға қатысты стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау рәсіміне (бұдан әрі – қамту саласын айқындау) бастамашылық жасайды;

      2) Кодекстің 55 – бабының 6-тармағына сәйкес Кодекстің 52-бабының 4 және 5-тармақтарының күші қолданылатын құжаттың әсерін скринингтеу (бұдан әрі – с крининг) рәсіміне бастамашылық жасайды;

      3) осы Нұсқаулықтың 6-тармағына сәйкес стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу скринингінің нәтижелері бойынша қажетті деп танылған жағдайда Кодекстің 4 және 5-тармақтарының күші қолданылатын құжаттарды стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау рәсіміне бастамашылық жасайды.

      5. Скрининг барысында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:

      1) әзірлеуші мемлекеттік орган Кодекстің 55-бабының 6-тармағында көзделген құжаттарды өзінің ресми интернет-ресурсында жариялаған күннен кейінгі он жұмыс күні ішінде жұртшылық пен мүдделі мемлекеттік органдардың ескертулері мен ұсыныстарын қабылдайды;

      2) келіп түскен ескертулер мен ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдармен екі жұмыс күні ішінде консультациялар хаттамасын қамтиды.әзірлеуші мемлекеттік орган Кодекстің 55-бабының 6-тармағында көзделген құжаттарды өзінің ресми интернет-ресурсында жариялаған күннен кейінгі он жұмыс күні ішінде жұртшылық пен мүдделі мемлекеттік органдардың ескертулері мен ұсыныстарын қабылдайды;

      6. Құжаттарды стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау мыналарды қамтиды:

      1) әзірлеуші мемлекеттік органның қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға Кодекстің 55-бабының 6-тармағында көзделген құжаттарды ұсынуы;

      2) Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Кодекстің 55-бабының 6-тармағында көрсетілген құжаттарды алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде:

      қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның көрсетілген құжаттарды өзінің ресми интернет-ресурсында орналастыруы және бұл туралы барлық мүдделі мемлекеттік органдарға хабарлауы;

      әзірлеуші мемлекеттік органның көрсетілген құжаттарды өзінің ресми интернет-ресурсында орналастыруы және мүдделі жұртшылықты Кодекстің 60-бабының 5-тармағында көзделген тәсілдерге сәйкес ескертулер мен ұсыныстар жинау туралы хабардар етуі;

      3) Кодекстің 55-бабының 6-тармағында көзделген құжаттар әзірлеуші мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында жарияланған күннен кейін он бес жұмыс күні ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жұртшылықтан, мүдделі мемлекеттік органдардан ескертулер мен ұсыныстар немесе олардың болмауы туралы хаттар қабылдайды;

      4) екі жұмыс күні ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен көрсетілген мерзімде келіп түскен олардың барлық ескертулері мен ұсыныстарын көрсететін консультациялар хаттамасын жасауды қамтиды;

      5) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Кодекстің 55-бабының 6-тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап жиырма бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады:

      қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қамту саласын айқындау туралы қорытынды шығаруы және оны әзірлеуші мемлекеттік органға беруі;

      қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қамту саласын айқындау туралы қорытындының көшірмесін өзінің интернет-ресурсында орналастыруы;

      9) әзірлеуші мемлекеттік орган қамту саласын айқындау туралы қорытындыны алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде – әзірлеуші мемлекеттік органның оның көшірмесін өзінің ресми интернет – ресурсында орналастыруы және оның көшірмесін мемлекеттік экологиялық ақпарат қорына жіберуі.

      7. Скрининг және қамту саласын айқындау барысында Кодекстің 60-бабы 5-тармағының 3) тармақшасында көзделген жұртшылықты хабардар ету тәсілін қолдану кезінде әзірлеуші мемлекеттік орган жеке тұлғалар болып табылатын мүдделі жұртшылық өкілдері тұратын аумақтарда таратылатын және заңды тұлғалар болып табылатын мүдделі жұртшылық өкілдері болатын мерзімді баспасөз басылымын, телеарнаны немесе радиоарнаны таңдайды.

      8. Жеке немесе заңды тұлға мынадай критерийлердің біреуіне немесе бірнешеуіне сәйкес келген кезде мүдделі жұртшылыққа жатады:

      1) жеке тұлғалардың тұратын және (немесе) болатын (оның ішінде жұмыс кезеңінде), заңды тұлғалардың қозғалатын аумақта болуы;

      2) жеке немесе заңды тұлғаның қозғалатын аумақта қызметті жүзеге асыруы;

      3) қозғалатын аумақта жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі мүліктің не жеке немесе заңды тұлға пайдаланатын табиғи ресурстардың болуы;

      4) құжатты іске асыру немесе көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру салдарынан қоршаған ортаға және халық денсаулығына ықтимал әсер ету нәтижесінде жеке немесе заңды тұлғаның мүдделеріне қазіргі немесе ықтимал әсер ету болып табылады;

      5) жеке немесе заңды тұлғаның экологиялық бағалауға қатысуға мүдделілігінің болуы;

      6) коммерциялық емес ұйымның жарғысында қоршаған ортаны тұтастай немесе оның жекелеген элементтерін қорғауға жәрдемдесу мақсаттарының болуы негіз болып табылады.

      9. Қоршаған ортаға құжаттың елеулі әсерін зерделеу мен сипаттауды ұйымдастыру үшін әзірлеуші мемлекеттік орган стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті дербес дайындауды қамтамасыз етеді немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес сыртқы сарапшыларды тартады.

      10. Құжаттың қоршаған ортаға елеулі әсерін бағалауды ұйымдастыру үшін әзірлеуші мемлекеттік орган:

      1) Кодекстің 57-бабының 6-тармағына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға оның сапасын бағалау үшін стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті ұсынады;

      2) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есеп қанағаттанарлық деп танылғаннан кейін құжаттың жобасын қоғамдық тыңдауларға шығарады;

      3) құжаттың қоршаған ортаға елеулі әсеріне мониторинг жүргізуді ұйымдастырады.

      11. Қоршаған ортаға әсерді бағалау барысында көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерлерін анықтау процесін ұйымдастыру үшін көзделіп отырған қызметтің бастамашысы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға осы Нұсқаулыққа қосымшада белгіленген нысан бойынша көзделіп отырған қызмет туралы өтініш береді.

      12. Көзделіп отырған қызметті іске асырудың қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерін зерделеу және сипаттау процесін ұйымдастыру үшін көзделіп отырған қызметтің бастамашысы қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлғаны ықтимал әсерлер туралы есепті дайындауға тартады.

      13. Көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерін бағалауды ұйымдастыру үшін:

      1) көзделіп отырған қызметтің бастамашысы Кодекстің 72-бабының 6-8-тармақтарына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ықтимал әсерлер туралы есептің жобасын ұсынады;

      2) белгіленіп отырған қызметтің бастамашысы Кодекстің 73-бабының 4-тармағына сәйкес қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы хабарландыру таратады;

      3) Кодекстің 73-бабының 19-тармағында көзделген жағдайда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган сараптама комиссиясын құрады;

      4) Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган кодекстің 76-бабына сәйкес ҚОӘБ нәтижелері бойынша қорытынды шығарады;

      5) белгіленіп отырған қызметтің бастамашысы Кодекстің 78-бабына сәйкес жобадан кейінгі талдау жүргізуді ұйымдастырады.

      14. Қоршаған ортаға ықтимал елеулі трансшекаралық әсерлерді анықтау процесін ұйымдастыру үшін:

      1) әзірлеуші мемлекеттік орган құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал трансшекаралық әсерлердің ықтималдығын, сипаты мен ауқымын бағалау үшін қажетті ақпаратты құжаттың әсеріне скрининг жүргізу туралы өтініш берілгенге дейін немесе егер құжат скринингке жатпайтын болса, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау кезеңінде жинауды бастайды

      2) белгіленіп отырған қызметтің бастамашысы бағалау нәтижелері бойынша шешім беру туралы өтініш берілгенге дейін белгіленіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал елеулі теріс трансшекаралық әсерлері туралы ақпарат жинауды бастайды;

      3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Кодекстің 80-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында санамаланған негіздер анықталған кезде Кодекстің 81-бабына сәйкес трансшекаралық әсерлерді бағалауға бастамашылық жасайды.

      15. Қоршаған ортаға ықтимал елеулі трансшекаралық әсерді зерделеу және сипаттау процесін ұйымдастыру үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бастапқы консультациялар барысында келісілген тәртіп пен шарттарға сәйкес қозғалатын тараптармен консультациялар өткізуді ұйымдастырады.

      16. Қоршаған ортаға ықтимал елеулі трансшекаралық әсерлерді бағалау процесін ұйымдастыру үшін:

      1) Қазақстан Республикасы және қозғалатын тараптар Қазақстан Республикасының жұртшылығымен қатар қозғалатын тараптар жұртшылығының стратегиялық экологиялық бағалауға немесе қоршаған ортаға әсерді бағалауға қатысуының тәртібі мен шарттарын келіседі;

      2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қозғалатын тараптарға Кодекстің 82-бабының 7 және 8-тармақтарында көзделген ақпарат пен құжаттарды Кодекстің 82-бабының 9-тармағына сәйкес ұсынады.

      17. Оңайлатылған тәртіп бойынша экологиялық бағалау кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерлерді анықтау процесін ұйымдастыру үшін белгіленіп отырған немесе жүзеге асырылып жатқан қызметтің бастамашысы I және II санаттағы объектілер үшін эмиссиялар нормативтерінің жобаларын немесе белгіленіп отырған қызмет бойынша жобалау құжаттамасының құрамында "Қоршаған ортаны қорғау" бөлімін әзірлеуге бастамашылық жасайды.

      18. Оңайлатылған тәртіп бойынша экологиялық бағалау кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерлерді зерделеу мен бағалау процесін ұйымдастыру үшін көзделіп отырған немесе жүзеге асырылатын қызметтің бастамашысы I және II санаттағы объектілер үшін эмиссиялар нормативтерінің жобаларын немесе "Қоршаған ортаны қорғау" бөлімін әзірлеу кезінде жүргізілуге жататын зерттеулердің түрлері мен көлемдерін белгіленіп отырған қызмет жөніндегі жобалау құжаттамасының құрамында айқындайды.

      19. Оңайлатылған тәртіп бойынша экологиялық бағалау кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерлерді бағалау процесін ұйымдастыру үшін белгіленіп отырған немесе жүзеге асырып отырған қызметтің бастамашысы I және II санаттағы объектілер үшін эмиссиялар нормативтерінің жобаларын және белгіленіп отырған қызмет бойынша жобалау құжаттамасының құрамында "Қоршаған ортаны қорғау" бөлімін дайындауды және бекітуді қамтамасыз етеді.

3-тарау. Экологиялық бағалауды жүргізу

      20. Экологиялық бағалауды жүргізу көзделіп отырған және жүзеге асырылатын қызметті немесе әзірленіп жатқан құжатты іске асырудың қоршаған ортаға ықтимал тікелей және жанама елеулі әсерлерін анықтауды, зерделеуді, сипаттауды және бағалауды қамтиды.

      21. Стратегиялық экологиялық бағалау процесінде құжаттың қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерін анықтау мыналарды қамтиды:

      1) құжаттың қоршаған ортаға ықтимал әсері туралы ақпаратты бастапқы жинау;

      2) елеулі болуы мүмкін әсерлерді алдын ала бөліп көрсету;

      3) алынған ақпаратты Кодекстің 55-бабының 6-тармағында көрсетілген құжаттарға енгізу.

      22. Стратегиялық экологиялық бағалау процесінде құжаттың қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерін зерделеу және сипаттау мыналарды қамтиды:

      1) қамту саласын айқындау туралы қорытындыға сәйкес қоршаған ортаға құжатты іске асырудың ықтимал елеулі әсерлеріне зерттеулер жүргізу;

      2) Кодекстің 57-бабының 1-5-тармақтарына сәйкес стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті дайындау.

      23. Стратегиялық экологиялық бағалау процесінде құжаттың қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерін бағалау мыналарды қамтиды:

      1) Кодекстің 57-бабының 10-тармағына сәйкес стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің сапасын бағалау;

      2) қоғамдық тыңдаулардың және(немесе) сараптамалық комиссия отырысының нәтижелері бойынша стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті пысықтау;

      3) құжатты бекіту кезінде стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің тұжырымдарын есепке алу;

      4) құжаттың қоршаған ортаға елеулі әсеріне мониторинг жүргізу.

      24. Қоршаған ортаға әсер етуді бағалау шеңберінде көзделіп отырған қызметтің ықтимал елеулі әсерін анықтау бастапқы ақпаратты жинауды, көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал әсерін бөліп көрсетуді және әсер етудің маңыздылығын алдын ала бағалауды, алынған ақпаратты көзделіп отырған қызмет туралы мәлімдемеге енгізуді қамтиды.

      25. Көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалау:

      1) 1) Каспий теңізінде (оның ішінде қорық аймағында), ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, олардың күзет аймақтарында, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлерде; сирек кездесетін және Құрып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктер түрлерінің табиғи ареалдары шегінде; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен байланысты экологиялық желі элементтері орналастырылған учаскелерде; табиғи ортаның компоненттеріне экологиялық залал келтірілген аумақта (акваторияда); табиғи ортаның тарихи ластануы анықталған аумақта (акваторияда) жүзеге асырылады; елді мекеннің немесе оның қала маңындағы аймағының шегінде; төтенше экологиялық жағдайы бар аумақта немесе экологиялық зілзала аймағында;

      2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген жердің, ареалдардың, объектілердің жай-күйіне жанама әсер етеді;

      3) жер бедерінің өзгеруіне, сарқылуға, шөлейттенуге, су және жел эрозиясына, селдерге, су басуға, батпақтануға, қайталама сортаңдануға, құрғауға, тығыздалуға, топырақтың басқа да бұзылу процестеріне әкеп соғады, су объектілерінің жай-күйіне әсер етеді;

      4) орман пайдалануды, ормансыз өсімдіктерді пайдалануды, арнайы су пайдалануды, жануарлар дүниесін пайдалануды, қайта жаңартылмайтын немесе тапшы, оның ішінде қаралатын аумақ үшін тапшы табиғи ресурстарды пайдалануды қамтиды;

      5) адам денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіруге немесе қоршаған орта немесе адам денсаулығы үшін нақты немесе болжамды тәуекелдерді бағалау қажеттілігін туындатуға қабілетті заттарды немесе материалдарды өндірумен, пайдаланумен, сақтаумен, тасымалдаумен немесе өңдеумен байланысты болуы мүмкін;

      6) өндірістің және (немесе) тұтынудың қауіпті қалдықтарының түзілуіне әкеп соғады;

      7) атмосфераға ластаушы (оның ішінде уытты, улы немесе өзге де қауіпті) заттардың экологиялық нормативтерді немесе атмосфералық ауа сапасының нысаналы көрсеткіштерін бұзуға, ал олар бекітілгенге дейін гигиеналық нормативтерді бұзуға әкеп соғуы мүмкін шығарындыларын жүзеге асырады;

      8) табиғи ортаға физикалық әсер ету көзі болып табылады: шу, діріл, иондаушы сәулелену, электромагниттік өрістердің кернеуі, жарық немесе жылу энергиясы, табиғи орта компоненттеріне өзге де физикалық әсер ету;

      9) оларға ластаушы заттардың түсуі нәтижесінде жердің немесе су объектілерінің (жер үсті және жер асты) ластану тәуекелдерін тудырады;

      10) қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер етуі мүмкін авариялар мен инциденттердің туындауына әкеп соғады;

      11) дәстүрлі халық кәсіпшілігін қоса алғанда, демографиялық ахуалдың, еңбек нарығының, халықтың өмір сүру жағдайлары мен оның қызметінің экологиялық жағынан негізделген өзгерістеріне әкеп соғады;

      12) қоршаған ортаға әсер етуге қабілетті басқа да объектілерді (құбырларды, жолдарды, байланыс желілерін, өзге де объектілерді) салуға немесе жайластыруға алып келеді;

      13) осы аумақта жүзеге асырылатын немесе жоспарланатын өзге де қызметпен бірге қоршаған ортаға әлеуетті кумулятивтік әсер етеді;

      14) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерден тыс орналасқан және ерекше қорғалатын табиғи аумақтармен байланысты экологиялық желіге жатқызылмаған ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени, эстетикалық немесе рекреациялық маңызы бар объектілерге және тарихи-мәдени мұра объектілеріне ықпал етеді;

      15) табиғи ортаның жай-күйі үшін маңызды немесе олардың басқа компоненттермен экологиялық өзара байланысы салдарынан әсерлерге сезімтал компоненттеріне әсер етеді (мысалы, сулы-батпақты алқаптар, су ағындары немесе басқа су объектілері, таулар, ормандар);

      16) өсімдіктердің немесе жануарлардың қорғалатын, бағалы немесе әсерге сезімтал түрлері пайдаланатын (иеленетін)орындарға (атап айтқанда, өсу, көбею, мекендеу, ұя салу, жемшөп өндіру, демалу, қыстау, шоғырлану, қоныс аудару орындарына) әсер етеді;

      17) адамдар демалыс орындарына немесе өзге де орындарға бару үшін пайдаланатын маршруттарға немесе объектілерге әсер етеді;

      18) кептелістердің туындау тәуекелдеріне ұшырайтын немесе экологиялық проблемалар туғызатын көлік маршруттарына әсер етеді;

      19) тарихи немесе мәдени құндылығы бар аумақтарға немесе объектілерге (белгіленген тәртіппен тарихи-мәдени мұра объектілері деп танылмаған объектілерді қоса алғанда) әсер етеді;

      20) игерілмеген аумақта жүзеге асырылады және құрылыс салынбаған (пайдаланылмайтын) жерлерде құрылыс салуға (пайдалануға) әкеп соғады;

      21) жер учаскелеріне немесе басқа адамдардың жылжымайтын мүлкіне әсер етеді;

      22) елді немесе құрылыс салынған аумақтарға әсер етеді;

      23) әсер етуге сезімтал объектілерге (мысалы, ауруханалар, мектептер, ғибадат объектілері, халыққа қолжетімді объектілер) әсер етеді;

      24) бағалы, жоғары сапалы немесе шектеулі табиғи ресурстары бар аумақтарға (мысалы, жерасты сулары, жерүсті су объектілері, ормандар, учаскелер, ауыл шаруашылығы алқаптары, балық шаруашылығы су айдындары, туризм үшін жарамды орындар, пайдалы қазбалар) әсер етеді;

      25) қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтерін бұзуға әкеп соққан, нормативтен тыс ластануға немесе өзге де теріс әсерлерге ұшыраған экологиялық нұқсаннан зардап шеккен учаскелерге әсер етеді;

      26) жер сілкіністерінің, топырақтың шөгуінің, көшкіндердің, эрозиялардың, су тасқындарының, сондай-ақ төтенше немесе қолайсыз климаттық жағдайлардың (мысалы, температуралық инверсиялардың, тұмандардың, қатты желдің) әсерінен экологиялық проблемаларды туындатады немесе күшейтеді.;

      27) көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға әсер етуіне байланысты және зерделеуді талап ететін факторлар жатады.

      26. Көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға әсерінің елеулі болуын бағалау мақсатында көзделіп отырған қызмет туралы өтінішті дайындау кезінде көзделіп отырған қызметтің бастамашысы, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган көзделіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу және қамту саласын айқындау кезінде осы Нұсқаулықтың 25-тармағын басшылыққа ала отырып, көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал әсерін анықтайды.

      Егер осы Нұсқаулықтың 25-тармағында көрсетілген ықпал ету мүмкін деп танылса, көзделіп отырған қызметтің бастамашысы немесе қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган тиісінше көзделіп отырған қызмет туралы өтініште, скрининг нәтижелері туралы қорытындыда немесе қамту саласын айқындау туралы қорытындыда ықтимал әсердің қысқаша сипаттамасын көрсетеді.

      Осы Нұсқаулықтың 25-тармағында көрсетілген әсер ету кезінде мүмкін емес деп танылса, көзделіп отырған қызметтің бастамашысы немесе қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган тиісінше көзделіп отырған қызмет туралы өтініште, скрининг нәтижелері туралы қорытындыда немесе қамту саласын айқындау туралы қорытындыда мұндай әсердің болмау себебін көрсетеді.

      27. Қоршаған ортаға әрбір анықталған ықтимал әсер ету бойынша оның мәніне бағалау жүргізіледі.

      28. Жиынтықта мынадай шарттарды сақтау жағдайларын қоспағанда, қоршаған ортаға әсер ету барлық жағдайларда елеулі деп танылады:

      1) қоршаған ортаға оның ықтималдығына, жиілігіне, ұзақтығына, жұмыстарды орындау мерзімдеріне, кеңістікте қамтылуына, оны жүзеге асыру орнына, кумулятивтік сипатына және басқа да параметрлеріне байланысты, сондай-ақ көзделіп отырған қызмет туралы өтініште көрсетілген осындай әсердің алдын алу, оны болғызбау және азайту жөніндегі және (немесе) оның салдарларын жою жөніндегі шараларды ескере отырып әсер етуі:

      тапшы және бірегей табиғи ресурстарды қоса алғанда, экологиялық жүйелердің тозуына, табиғи ресурстардың сарқылуына әкеп соқпайды;

      қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтерін бұзуға әкеп соқпайды;

      мыналарды: адамдардың денсаулығына әсер ететін қоршаған ортаның жай-күйін; демалыс, туризм орындарына, ғибадат үйлері мен өзге де объектілерге баруды; табиғи ресурстарды дайындауды, көлік және басқа да объектілерді пайдалануды; халықтың ауыл шаруашылығы қызметін, халық кәсіпшілігін немесе өзге де қызметті жүзеге асыруын қоса алғанда, адамдардың тұру жағдайлары мен олардың қызметінің нашарлауына әкеп соқпайды;

      осы Нұсқаулықтың 25-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген аумақтар мен объектілер жай-күйінің нашарлауына әкеп соқпайды;

      қоршаған ортаға теріс трансшекаралық әсер етпейді;

      Кодекстің 241-бабының 3-тармағында көзделген салдарларға алып келмейді.

      29. Егер Кодекске 1-қосымшаның 2-бөлімінде көзделген көзделіп отырған қызмет, көрсетілген бөлімнің 10.31-тармағында көрсетілген қызмет түрлерінен басқа жоспарланса, қоршаған ортаға әсерді бағалау міндетті деп танылады:

      1) Каспий теңізінде (оның ішінде қорық аймағында);

      2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда (оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қызметті жүзеге асыру үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыруға жол берілетін жағдайларда) немесе олардың күзетілетін аймақтарында;

      3) сауықтыру, рекреациялық немесе тарихи-мәдени мақсаттағы жерлерде;

      4) өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін немесе құрып кету қаупі төнген түрлерінің табиғи ареалдары шегінде (оның ішінде өсу, мекендеу, көбею, өріс аудару, жемшөп өндіру, шоғырлану орындары);

      5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесімен байланысты экологиялық желі элементтері орналасқан учаскелерде;

      6) табиғи ортаның компоненттеріне экологиялық залал келтірілген аумақта (акваторияда);

      7) тарихи ластанулар анықталған аумақта (акваторияда);

      8) елді мекеннің немесе оның қала маңы аймағының шегінде;

      9) төтенше экологиялық жағдайы бар аумақта немесе экологиялық зілзала аймағында;

      10) ядролық қару мен әскери полигондар сынақтары жүргізілген аумақта жүргізіледі.

      30. Осы Нұсқаулықтың 29-тармағында көрсетілмеген қызмет түрлері (оның ішінде, егер көзделген қызмет 10.31-тармаққа жататын болса және Кодекске 1-қосымшаның 2-бөлімінің басқа тармақтарына жатпайтын болса), Егер қоршаған ортаға бір немесе бірнеше әсер ету елеулі деп танылса, не егер қоршаған ортаға бір немесе бірнеше әсер ету бойынша белгісіздіктің болуы танылса, қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу міндетті деп танылады.

      31. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерін зерделеу және сипаттау ықтимал әсерлер туралы есепті дайындауды қамтиды.

      32. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерін бағалау мыналарды қамтиды:

      1) Кодекстің 73-бабының 19-тармағында көзделген жағдайда, қоғамдық тыңдаулар барысында, сондай-ақ сараптама комиссиясының есеп жобасын қарауы кезінде көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал әсері туралы есеп жобасын талқылау;

      2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды шығаруы;

      3) бастамашының белгіленіп отырған қызметті іске асыру кезінде жобадан кейінгі талдау жүргізуі.

      33. Оңайлатылған тәртіп бойынша экологиялық бағалау шеңберінде көзделіп отырған қызметтің ықтимал елеулі әсерлерін анықтау мыналарды қамтиды:

      1) бастапқы ақпаратты жинау, көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал әсерлерін бөліп көрсету және әсерлердің маңыздылығын алдын ала бағалау;

      2) I және II санаттағы объектілер үшін эмиссиялар нормативтерін әзірлеу үшін қажетті ақпарат жинау;

      3) көзделіп отырған қызмет бойынша жобалау құжаттамасының құрамында және қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны дайындау кезінде "Қоршаған ортаны қорғау" бөлімін әзірлеу үшін қажетті ақпаратты жинау болып табылады.

      34. Оңайлатылған тәртіп бойынша экологиялық бағалау шеңберінде көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерлерін зерделеу мен сипаттау қосымша зерттеулер жүргізуді (қажет болған кезде) және алынған ақпаратты "Қоршаған ортаны қорғау" бөліміне немесе I және II санаттағы объектілер үшін эмиссиялар нормативтерінің жобасына енгізуді қамтиды.

      35. Оңайлатылған тәртіп бойынша экологиялық бағалау шеңберінде көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерін бағалау қоршаған ортаға әсер етумен байланысты көзделіп отырған немесе жүзеге асырылатын қызметтің сандық параметрлерін айқындауды, оның ішінде эмиссиялар нормативтерінің есептерін орындауды және белгіленіп отырған немесе жүзеге асырылып жатқан қызметтің экологиялық талаптарға сәйкестігін тексеруді қамтиды.

      36. Қоршаған ортаға ықтимал елеулі трансшекаралық әсерлерді анықтау құжатты немесе көзделіп отырған қызметті іске асырудың қоршаған ортаға ықтимал трансшекаралық әсерлері туралы ақпаратты бастапқы жинауды, оны алдын ала бағалауды және алынған ақпаратты Кодекстің 55-бабының 6-тармағында көзделген құжаттарға немесе көзделіп отырған қызмет туралы өтінішке енгізуді қамтиды.

      37. Құжатты немесе көзделіп отырған қызметті қоршаған ортаға іске асырудың қоршаған ортаға ықтимал елеулі трансшекаралық әсерін зерделеу және сипаттау сатысын жүргізу кезінде стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті және қозғалатын Тараптың мүдделі жұртшылығы мен мүдделі мемлекеттік органдарының ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, ықтимал әсерлер туралы есепті жасау кезінде зерттеулер жүргізуді және осындай әсерлер туралы егжей-тегжейлі ақпарат жинауды қамтиды.

      38. Құжатты іске асырудың немесе көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал елеулі трансшекаралық әсерлерін бағалау сатысын жүргізу кезінде қоршаған ортаға елеулі трансшекаралық әсерлер туралы ақпаратты қамтиды:

      стратегиялық экологиялық бағалау, құжат жобасының қоғамдық тыңдаулары, құжатты бекіту, құжаттың қоршаған ортаға елеулі әсеріне мониторинг жүргізу жөніндегі есептің сапасын бағалау;

      сараптама комиссиясының есеп жобасын қарауы (Кодекстің 73-бабының 19-тармағында көзделген жағдайда), қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытынды жасауы, қызметті іске асыру кезінде іс жүзіндегі әсерлерге жобадан кейінгі талдау жүргізуі туралы жоба бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізеді.

  Экологиялық бағалауды
ұйымдастыру және өткізу
жөніндегі нұсқаулыққа
қосымша

      Өтінішке қол қойылған күн

      Өтінішке қол қою орны

Көзделіп отырған қызмет туралы өтініш (нысан)

      Белгіленген қызметтің бастамашысы туралы мәліметтер:

      1. жеке тұлға үшін: тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жерінің мекенжайы, жеке сәйкестендіру нөмірі, телефоны, электрондық поштасының мекенжайы;

      2. заңды тұлға үшін: атауы, орналасқан жерінің мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, бірінші басшы туралы деректер, телефоны, электрондық поштасының мекенжайы.

      3. Көзделіп отырған қызмет түрлерінің жалпы сипаттамасы және оларды Кодекске 1-қосымшаға сәйкес жіктеу.

      4. Қызмет түрлеріне елеулі өзгерістер енгізу кезінде:

      бұрын қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізілген объектілердің қызмет түрлеріне және (немесе) қызметіне елеулі өзгерістердің сипаттамасы (Кодекстің 65-бабы 1-тармағының 3) тармақшасы);

      өздеріне қатысты бұрын көзделіп отырған қызметтің әсер ету скринингінің нәтижелері туралы қорытынды берілген объектілердің қызмет түрлеріне және (немесе) қызметіне қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізу қажеттілігінің жоқтығы туралы қорытындымен елеулі өзгерістердің сипаттамасы (Кодекстің 65-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы).

      5. Көзделген қызметті жүзеге асырудың болжамды орны туралы мәліметтер, орынды таңдаудың негіздемесі және басқа орындарды таңдау мүмкіндіктері.

      6. Объектінің қуатын (өнімділігін), оның болжамды мөлшерін, өнімнің сипаттамасын қоса алғанда, көзделіп отырған қызметтің жалпы болжамды техникалық сипаттамалары.

      7. Көзделіп отырған қызмет үшін болжанатын техникалық және технологиялық шешімдердің қысқаша сипаттамасы.

      8. Белгіленген қызметті іске асыруды бастаудың және оның аяқталуының болжамды мерзімдері.

      9. Қызметті жүзеге асыру үшін қажетті ресурстар түрлерін, оның ішінде су ресурстарын, жер ресурстарын, топырақты, пайдалы қазбаларды, өсімдіктерді, шикізатты, энергияны олардың болжамды сандық және сапалық сипаттамаларын көрсете отырып сипаттау.

      10. Көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пайда болуы мүмкін қоршаған ортаға эмиссиялардың және қалдықтардың болжамды түрлерінің, көлемінің және сапалық сипаттамаларының сипаттамасы.

      11. Көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін болуы мүмкін рұқсаттардың және осындай рұқсаттарды беру құзыретіне кіретін мемлекеттік органдардың тізбесі.

      12. Көзделіп отырған қызметтің мақсаттарына қол жеткізудің ықтимал баламаларының және оны жүзеге асыру нұсқаларының сипаттамасы (баламалы техникалық және технологиялық шешімдерді және объектінің орналасқан жерін пайдалануды қоса алғанда).

      13. Көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру нәтижесінде қоршаған ортаға теріс және оң әсер етудің ықтимал нысандарының сипаттамасы, олардың ықтималдығы, ұзақтығы, жиілігі және қайтымдылығы ескеріле отырып, олардың сипаты мен күтілетін ауқымы.

      14. Қоршаған ортаға трансшекаралық әсер етудің ықтимал нысандарының сипаттамасы, олардың ықтималдығы, ұзақтығы, жиілігі мен қайтымдылығын ескере отырып, олардың сипаты мен күтілетін ауқымы.

      15. Белгіленген қызметті жүзеге асыру көзделетін аумақтағы және (немесе) акваториядағы қоршаған орта компоненттерінің ағымдағы жай-күйінің қысқаша сипаттамасы, сондай-ақ егер бастамашыда осындай болса, фондық зерттеулердің нәтижелері.

      16. Қоршаған ортаға қолайсыз әсер етудің ықтимал нысандарының алдын алу, болдырмау және азайту жөніндегі, сондай-ақ оның салдарын жою жөніндегі ұсынылатын шаралар.

      Белгіленген қызмет бастамашысының басшысы (өзге уәкілетті адам ):

      _____________________________

      қолы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      Қосымшалар (өтініште көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттар):

      ______________________________

  Қазақстан Республикасының
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрінің
2021 жылғы 30 шілдедегі
№ 280 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің, Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің міндетін атқарушының, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің күші жойылды деп танылатын кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1) "Қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 28 маусымдағы № 204-ө бұйрығы (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 4825 болып енгізілді);

      2) "Жоспарлау алдындағы, жоспарлау, жобалау алдындағы және жобалау қүжаттамасын әзірлеу кезінде көзделіп отырған шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалау жүргізу бойынша нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 28 маусымдағы № 204-ө бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2008 жылғы 20 наурыздағы № 62-ө бұйрығы (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 5181 болып енгізілді);

      3) "Жоспарлау алдындағы, жоспарлау жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын әзірлеу кезінде көзделіп отырған шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған ортаға әсеріне бағалау жүргізу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 28 маусымдағы № 204-ө бұйрығына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2009 жылғы 3 ақпандағы № 17-ө бұйрығы (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5577 тіркелді);

      4) "Жоспарлау алдындағы, жоспарлау, жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын әзірлеу кезінде көзделіп отырған шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған ортаға әсеріне бағалау жүргізу бойынша Нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 28 маусымдағы № 204-ө бұйрығына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 26 наурыздағы № 70-ө бұйрығы (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6166 тіркелді);

      5) "Жоспарлау алдындағы, жоспарлау, жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын әзірлеу кезінде көзделіп отырған шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған ортаға әсеріне бағалау жүргізу бойынша Нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 28 маусымдағы № 204-ө бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің міндетін атқарушының 2012 жылғы 19 наурыздағы № 72-ө бұйрығы (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7595 тіркелді);

      6) "Жоспарлау алдындағы, жоспарлау, жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын әзірлеу кезінде көзделіп, отырған шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалау жүргізу бойынша нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 28 маусымдағы № 204-ө бұйрығына өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2013 жылғы 24 қыркүйектегі № 289-ө бұйрығы (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8775 тіркелді);

      7) "Жоспарлау алдындағы, жоспарлау, жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын әзірлеу кезінде көзделіп отырған шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған ортаға әсеріне бағалау жүргізу бойынша нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 28 маусымдағы № 204-ө бұйрығына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 17 маусымдағы № 253 бұйрығы (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14007 тіркелді).