"Атом энергиясын пайдалану туралы" 2016 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 31) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Атом энергиясын пайдалану саласында лицензиялауға жататын ядролық материалдар, радиоактивті заттар және электрофизикалық қондырғылар үшін алып қою деңгейлері белгіленсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрі |
Н. Ногаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрлігі
Қазақстан Республикасы Энергетика министрі 2021 жылғы 2 сәуірдегі № 116 бұйрыққа қосымша |
Атом энергиясын пайдалану саласында лицензиялауға жататын ядролық материалдар, радиоактивті заттар және электрофизикалық қондырғылар үшін алып қою деңгейлері
1. Ядролық материалдар үшін алып қою деңгейлері:
1) уран-235 (бұдан әрі – U-235) изотоптық концентрациясы оның табиғи құрамына тең немесе одан жоғары уран (массасы бойынша ≈0,7 %-ға) және құрамында уран изотоптарының физикалық шамаларының мәндеріне қарамастан табиғи уранды өңдеудің өнімі;
2) массасы бойынша плутоний-238 (бұдан әрі – Pu-238) концентрациясы 80 %-дан асатын плутонийдің құрамында плутоний-239 (бұдан әрі – Pu-239) болған жағдайды қоспағанда, кез келген мөлшердегі Pu-239 бар;
3) торий-232 грамына уран-233 құрамында 10-7 грамнан астам бар торий.
2. Радиоактивті заттар үшін алып қою деңгейлері:
1) жабық радионуклидтік сәулелену көзінің белсенділігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 132-1) тармақшасына сәйкес бекітілетін "Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" гигиеналық нормативтерінде көрсетілген маңыздылығы ең аз белсенділіктен (бұдан әрі – МАБ) жоғары болса;
2) радионуклидтік сәулелену көздерінің радиациялық сипаттамалары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-275/2020 бұйрығымен бекітілген "Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21822 болып тіркелген) (бұдан әрі – "Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидалары) 5-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген мәндерден жоғары болса.
Ескерту: Осы Атом энергиясын пайдалану саласында лицензиялауға жататын ядролық материалдар, радиоактивті заттар және электрофизикалық қондырғылар үшін алып қою деңгейлерінің 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, құрамында белсенділігі МАБ-тан жоғары U-235 және (немесе) белсенділігі МАБ-тан жоғары Pu-239 және массасы бойынша 80 %-дан жоғары Pu-238 плутоний бар болған кезде радиоактивті заттармен жұмыс істеу қызметі радиоактивті заттармен жұмыс істеу жөніндегі қызмет ретінде лицензияланады.
3. Электрофизикалық қондырғылар үшін алып қою деңгейлері "Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларының 5 тармағының 1) және 2) тармақшасындағы көрсетілген мәндерден жоғары.