Зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін инвестициялық портфельді басқарушыға қойылатын талаптарды, сондай-ақ осы зейнетақы активтерінің есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін бекіту және "Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 10 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 15 ақпандағы № 29 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 16 ақпанда № 22218 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1-3) тармақшасына, "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабы 2-тармағының 8) тармақшасына, 45-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін инвестициялық портфельді басқарушыға қойылатын талаптар, сондай-ақ осы зейнетақы активтерінің есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. "Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 10 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9248 болып тіркелген, 2014 жылғы 16 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім), "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы, "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі (бұдан әрі – Бағалы қағаздар нарығы туралы заң), "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі, "Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы" 2004 жылғы 7 шілдедегі (бұдан әрі – Инвестициялық қорлар туралы заң), "Жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы" 2006 жылғы 20 ақпандағы (бұдан әрі – Секьюритилендіру туралы заң), "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы (бұдан әрі – Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді, Қазақстан Республикасында инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асырудың талаптары мен тәртібін белгілейді.

      Қағидалар:

      уәкілетті органның лицензиясы негізінде ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығынсыз инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға;

      уәкілетті органның лицензиясы негізінде ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға олар ерікті зейнетақы жарналарын тарту есебінен емес қалыптастырылған инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асырған кезде;

      "өмірді сақтандыру" саласында қызметті және уәкілетті органның бағалы қағаздар нарығында инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясының негізінде сақтанушының инвестицияларға қатысу талабы көзделетін сақтандыру шарттары бойынша инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру жарналарының) бір бөлігі және оларды инвестициялаудан алынған кірістердің (шеккен зиян) есебінен қалыптастырылған активтерді дербес басқаруды жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдарына (бұдан әрі – сақтандыру ұйымдары) қолданылады.

      Инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру жарналарының) және сақтанушының инвестицияларға қатысу талабын көздейтін сақтандыру шарттары бойынша оларды инвестициялаудан алынған кірістердің (шығындардың) бір бөлігі есебінен қалыптастырылған активтерді басқару жөніндегі қызметі "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 5-тармағына сәйкес уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде (бұдан әрі – Сақтанушының инвестициялауға қатысу қағидалары) белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнайы қаржы компаниясы – жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру мәмілелерін жүзеге асыру үшін Секьюритилендіру туралы заңға сәйкес құрылатын, пайдасына талап ету құқықтары берілетін заңды тұлға;

      2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      3) инвестициялық декларация – инвестициялау объектілерінің тізбесін, клиенттің активтеріне қатысты инвестициялық қызметтің мақсаттарын, стратегияларын, талаптары мен шектеулерін, активтерді хеджирлеу және әртараптандыру талаптарын айқындайтын құжат;

      4) инвестициялық портфель – инвестициялық портфельді басқарушының меншігіндегі немесе басқаруындағы қаржы құралдарының алуан түрлерінің не өзге мүліктің жиынтығы;

      5) инвестициялық портфельді басқарушы – өз атынан клиенттің мүддесінде және оның есебінен азаматтық құқықтар объектілерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы;

      6) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі шарт – оған сәйкес клиент мүлікті инвестициялық портфельді басқарушыға инвестициялық басқаруға беретін, ал инвестициялық портфельді басқарушы осы мүлікті клиенттің мүддесі үшін басқаруды жүзеге асыруға міндеттенетін шарт;

      7) инвестициялық портфельді басқарушының есепке алу жүйесі – инвестициялық портфельді басқарушы клиенттерінің инвестициялық шоттарында қамтылған, клиент пен оның активтерін сәйкестендіруді, инвестициялық портфельдің құрылымын және белгілі бір уақыт сәтінде клиенттің активтерімен мәмілелерді қамтамасыз ететін мәліметтер жиынтығы;

      8) инвестициялық шешім – инвестициялық портфельді басқарушының клиенттің активтерімен мәмілелер жасау туралы оның активтерін басқару процесінде қабылданатын шешімі;

      9) клиент – инвестициялық портфельді басқарушының қызметтерін пайдаланатын немесе пайдалануға ниет білдірген тұлға, сондай-ақ инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру жарналарының) және активтері инвестициялық портфельді басқарушысында болатын, сақтанушының инвестицияларға қатысу талаптарын көздейтін сақтандыру шарттары бойынша оларды инвестициялаудан алынған кірістердің (шығындардың) бір бөлігі есебінен қалыптастырылған инвестициялық қор және инвестициялық портфель, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтеріне қатысты бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры;

      10) клиенттің активтері – инвестициялық портфельді басқарушының басқаруындағы активтердің жиынтығы;

      11) құрылымдық өнім - шығару талаптары осы қаржы құралы бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары төлемдерінің оны шығару талаптарында берілген көрсеткіштерге қол жеткізуге және (немесе) оқиғалардың туындауына тәуелділігін көздейтін қаржы құралы;

      12) мүдделер қақтығысы – инвестициялық портфельді басқарушы мен оның клиентінің (клиенттерінің) мүдделері бір-біріне сәйкес келмейтін жағдай;

      13) уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      14) үлестес тұлғалар – тізбесі "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 64-бабына сәйкес белгіленетін, тікелей және (немесе) жанама түрде шешімдерді айқындауға және (немесе) бір-бірімен (тұлғалардың бірімен) қабылданатын шешімдерге, оның ішінде жасалған мәмілеге орай ықпал етуге мүмкіндігі бар (өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда) жеке немесе заңды тұлғалар;

      15) хеджирлеу – хеджирлеу объектiсi бағасының немесе өзге де көрсеткiшiнiң қолайсыз өзгеруi нәтижесiнде туындайтын ықтимал залалды өтеу мақсатында жасалатын туынды қаржы құралдарымен операциялар. Активтер және (немесе) мiндеттемелер, сондай-ақ көрсетілген активтерге және (немесе) мiндеттемелерге немесе күтiлетiн мәмiлелерге байланысты ақша легi хеджирлеу объектiсi деп танылады;

      16) ішкі құжаттар – инвестициялық портфельді басқарушының, оның органдарының, құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдарының, өкілдіктерінің), қызметкерлерінің қызметінің талаптары мен тәртібін, қызметтер көрсетуді және оларға ақы төлеу тәртібін реттейтін құжаттар.";

      мынадай мазмұндағы 2-2-тармақпен толықтырылсын:

      "2-2. Қағидалардың 7, 8, 29, 38, 41, 42, 43, 45, 54 және 55-тармақтарының ережелері бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға берілген зейнетақы активтерін басқару жағдайларына қолданылмайды.";

      мынадай мазмұндағы 7-2-тармақпен толықтырылсын:

      "7-2. Зейнетақы активтерінің есебінен инвестициялық портфельді басқару бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және инвестициялық портфельді басқарушы арасында жасалған зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттың (бұдан әрі – зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт) негізінде жүзеге асырылады.

      Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 35-1-бабының 3-тармағына сәйкес жасалады.";

      10-тармақ алып тасталсын;

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Клиенттің инвестициялық портфелін басқару Бағалы қағаздар нарығы туралы заңға, Инвестициялық қорлар туралы заңға, Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға, Қағидаларға және клиенттің инвестициялық декларациясына сәйкес жүзеге асырылады.";

      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. Егер инвестициялық портфельді басқарушының іс-әрекеттеріне байланысты емес жағдайлардың нәтижесінде клиенттің инвестициялық портфелінің құрылымы Қазақстан Республикасының қаржылық заңнамасында, Қағидаларда және (немесе) клиенттің инвестициялық декларациясында белгіленген талаптарға сәйкес келуін тоқтатқан жағдайда, инвестициялық портфельді басқарушы осындай сәйкес келмеуді ушықтыратын қызметті дереу тоқтатады және бір күн ішінде осы сәйкес келмеуді жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын қоса бере отырып, осы сәйкессіздік фактісі және себептері туралы уәкілетті органға және клиентке хабарлайды.

      Инвестициялық портфельді басқарушы клиенттің инвестициялық портфелінің құрылымын Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген, уәкілетті органмен келісілген іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзімдерде, не осы іс-шаралар жоспарын қарау нәтижелері бойынша уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде Қазақстан Республикасының қаржылық заңнамасының, Қағидалардың және (немесе) клиенттің инвестициялық декларациясының талаптарына сәйкес келтіреді.";

      33-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "33. Инвестициялық портфельді басқарушы мыналар бойынша мәмілелер жасасу жөнінде шешім қабылдамайды және мәмілелерді жүзеге асырмайды:

      1) клиенттің инвестициялық басқаруға берілген активтері есебінен инвестициялық портфельді басқарушының меншігіндегі қаржы құралдарын және өзге де мүлікті сатып алу бойынша;

      2) клиенттің активтерін өз меншігіне иеліктен шығару бойынша;

      3) қор биржасында ашық сауда-саттық әдісімен жасалған мәмілелерді қоспағанда, инвестициялық портфельді басқарушы бір мезгілде өз клиентінің мүдделерін және оның клиенті болып табылмайтын үшінші тұлғаның мүдделерін білдіргенде;

      4) инвестициялық портфельді басқарушы шығарған қаржы құралдарын және (немесе) осы инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық басқаруындағы инвестициялық қорлардың бағалы қағаздарын клиенттің активтері есебінен сатып алу бойынша;

      5) тарату процесіндегі эмитенттердің бағалы қағаздарын клиенттің активтері есебінен сатып алу бойынша;

      6) эмитент дефолты (эмитенттің бағалы қағаздарын және өзге де міндеттемелерін эмитенттің міндеттемелерін қайта құрылымдау мақсатында шығарылған осы эмитенттің бағалы қағаздарына айырбастауды қоспағанда), эмитенттің бағалы қағаздарын қор биржасының ресми тізімінің "буферлік санат" санатына ауыстыру, қор биржасы осы бағалы қағаздармен сауда-саттықты тоқтата тұру күнінен бастап клиенттің активтері есебінен бағалы қағаздарды сатып алу бойынша;

      7) клиенттің инвестициялық басқаруға қабылданған активтеріне қатысты мәміле жасау кезінде төлемді күнтізбелік отыз күннен астам мерзімге кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді көздейтін;

      8) инвестициялық басқаруға қабылданған клиенттің активтерін өзінің жеке міндеттемелерін немесе осы клиенттің инвестициялық портфелін басқару жөніндегі қызметке байланысты емес үшінші тұлғалардың міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін пайдалануды көздейтін;

      9) клиенттің активтерін өтеусіз иеліктен шығару бойынша;

      10) қор биржасының сауда жүйесінде ашық сауда-саттық әдістерімен жасалған мәмілелерді қоспағанда, осы инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық басқаруындағы инвестициялық қорлардың активтерін инвестициялық қор болып табылмайтын клиенттің активтерінің құрамына сатып алу бойынша;

      11) нәтижесінде Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасында және (немесе) клиенттің инвестициялық декларациясында белгіленген талаптар бұзылатын.

      Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігі 4) тармақшасының күші жабық инвестициялық пай қоры болып табылмайтын инвестициялық пай қорының пайларын сақтанушылардан инвестициялау мақсаттары үшін алынған сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру жарналарының) және сақтанушының инвестицияларға қатысу талабын көздейтін сақтандыру шарттары бойынша оларды инвестициялаудан алынған кірістердің (залалдардың) бір бөлігі есебінен қалыптастырылған инвестициялық портфельге сатып алу жағдайларына қолданылмайды.

      Инвестициялық қорлар активтерінің, сақтанушылардан инвестициялау мақсаттары үшін алынған сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру жарналарының) және сақтанушының инвестицияларға қатысу талабын көздейтін сақтандыру шарттары бойынша оларды инвестициялаудан алынған кірістердің (залалдардың) бір бөлігі есебінен қалыптастырылған инвестициялық портфельдер активтерінің, инвестициялық портфельді басқарушының (сақтандыру ұйымының) басқаруындағы зейнетақы активтерінің және инвестициялық портфельді басқарушының (сақтандыру ұйымының) меншікті активтерінің қаржы нарығы лицензиаттарының дауыс беретін акцияларына инвестицияларының жиынтық көлемі инвестициялық портфельді басқарушының (сақтандыру ұйымының) оларды сатып алуға уәкілетті органның келісімін алуды талап ететін мөлшерден аз болуы тиіс.";

      мынадай мазмұндағы 33-2, 33-3, 33-4, 33-5, 33-6, 33-7 және 33-8-тармақтармен толықтырылсын:

      "33-2. Қайталама нарықта бағалы қағаздармен, сондай-ақ туынды қаржы құралдарымен зейнетақы активтері есебінен мәмілелер, мынадай жағдайларды қоспағанда, қор биржасында ғана жасалады:

      1) эмитенттің инвестициялық портфельдегі облигацияларды акцияларға конвертациялауы;

      2) артықшылық берілген сатып алу құқығын іске асыру;

      3) эмитенттің инвестициялық портфельдегі акцияларды сатып алу талабы;

      4) қор биржасы делистингке ұшыратқан бағалы қағаздарды өткізу;

      5) эмитенттің бағалы қағаздарын және өзге де міндеттемелерін эмитенттің міндеттемелерін қайта құрылымдау мақсатында шығарған осы эмитенттің басқа бағалы қағаздарына айырбастау;

      6) қор биржасы мәміле жасау кезінде сауда-саттық ашылмаған бағалы қағаздарды өткізу;

      7) эмитенттің меншікті бағалы қағаздарды сатып алуын жүзеге асыруы;

      8) халықаралық (шетелдік) нарықтарда Қазақстан Республикасының резидент эмитенттері және Қазақстан Республикасының бейрезидент-эмитенттері шығарған (ұсынған), халықаралық (шетелдік) қаржы нарықтарында сауда-саттыққа түсетін қаржы құралдарын сатып алу-сату бойынша мәмілелер жасау;

      9) "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында жұмыс істейтін қор биржасында мәмілелер жасау;

      10) Қағидалардың 33-4 және 33-7-тармақтарында көзделген талаптарды ескере отырып жасалған туынды қаржы құралдарымен мәмілелер жасау.

      33-3. Қор биржасында жасалатын бағалы қағаздарды сатып алу-сату мәмілелері бағалы қағаздарды бастапқы орналастыру кезінде оларды сатып алу бойынша мәмілелерді қоспағанда, ашық сауда-саттық тәсілімен жасалады.

      "Кері репо" операциялары зейнетақы активтері есебінен қор биржасында орталық контрагенттің қызметін қолдана отырып, "автоматты" тәсілмен 90 (тоқсан) күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде жүзеге асырылады.

      33-4. Зейнетақы активтері есебінен мәмілелер бағалы қағаздардың халықаралық (шетелдік) нарықтарында қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысулар "төлемге қарсы жеткізу" қағидаты бойынша шетелдік есеп айырысу ұйымы арқылы жүзеге асырылған кезде жасалады, мұнда тараптың қаржы құралдарын жеткізу бойынша міндеттемелерді орындауы өзге қаржы құралдарын алу бойынша немесе орталық контрагенттің қызметтерін қолдана отырып оның қарсы талаптарын орындаусыз мүмкін емес.

      33-5. Зейнетақы активтері есебінен қаржы құралдарымен мәмілелер мыналармен жасалмайды:

      1) инвестициялық портфельді басқарушының үлестес тұлғалары;

      2) осы инвестициялық портфельді басқарушының ірі акционерлеріне қатысты инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын сенімгерлік басқарушылар;

      3) инвестициялық портфельді басқарушының ірі акционерлері шығарған акцияларды және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі акционерлерінің жарғылық капиталына қатысу үлестерін сенімгерлік басқарушылар;

      4) Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген сенімгерлік басқарушылардың үлестес тұлғалары.

      Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігінің нормалары ұйымдасқан нарықта ашық сауда-саттық әдісімен жасалған мәмілелерге, сондай-ақ Қағидалардың 33-2-тармағының 1), 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларға қолданылмайды.

      Инвестициялық портфельді басқарушы Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар шығарған (ұсынған) үлестік қаржы құралдарын, көрсетілген үлестік қаржы құралдарына конвертацияланатын борыштық қаржы құралдарын, сондай-ақ құрылымдық өнімдерді зейнетақы активтері есебінен сатып алу жөнінде шешімдер қабылдамайды.

      33-6. Бір тұлға және оның үлестес тұлғалары шығарған (ұсынған) қаржы құралдарына зейнетақы активтері есебінен инвестициялардың жиынтық мөлшері инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері құнынан 10 (он) пайыздан аспауға тиіс.

      Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігінде бір-біріне қатысты үлестес тұлғалар шығарған (ұсынған) инвестициялардың жиынтық мөлшері бөлігінде белгіленген нормалар дауыс беретін акцияларынан 50 (елу) пайыздан астамы мемлекетке немесе ұлттық басқарушы холдингке тиесілі, бір-біріне қатысты үлестес тұлғалар шығарған (ұсынған) қаржы құралдарына қатысты қолданылмайды.

      Зейнетақы активтері есебінен инвестициялардың осы зейнетақы активтерін есепке алуды және сақтауды жүзеге асыратын кастодианның банк шоттарындағы шетел валютасындағы қалдықтарды қоса алғанда, шетел валютасында номиналданған қаржы құралдарына жиынтық мөлшері инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері құнынан 50 (елу) пайыздан кем болады.

      Зейнетақы активтері есебінен эмитенттің бір шығарылымының борыштық бағалы қағаздарына инвестициялардың жиынтық мөлшері эмитенттің осы шығарылымының орналастырылған борыштық бағалы қағаздарының жалпы санынан 50 (елу) пайыздан кем болады.

      Қазақстан Республикасының ұйымы шығарған акцияларға, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акцияларға зейнетақы активтері есебінен инвестициялардың жиынтық мөлшері осы эмитенттің дауыс беретін акцияларының жалпы санынан 10 (он) пайыздан кем болады.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы және инвестициялық портфельді басқарушылардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен инвестициялардың жиынтық мөлшері бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өзінің интернет-ресурсында жариялаған зейнетақы активтері есебінен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфелінің құрылымы туралы мәліметтерге сәйкес осы эмитенттің дауыс беретін акцияларының жалпы санынан 10 (он) пайыздан асқан жағдайда, инвестициялық портфельді басқарушы зейнетақы активтері есебінен Қазақстан Республикасының ұйымы шығарған акцияларды, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акцияларды сатып алу жөнінде шешімдер қабылдамайды.

      33-7. Егер туынды қаржы құралдарының базалық активі зейнетақы активтерінің құрамына кіретін жағдайда, зейнетақы активтері есебінен туынды қаржы құралдарымен мәмілелер хеджирлеу мақсатында ғана жасалады.

      33-8. Зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкіндегі депозиттерге (салымдарға) орналастыру мерзімі 36 (отыз алты) айдан, шетелдік банктерде – 12 (он екі) айдан аспайды.";

      38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "38. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының, сақтандыру ұйымдарының меншікті активтері есебінен, инвестициялау мақсаттары үшін сақтанушылардан алынған сақтандыру сыйлықақылары (сақтандыру жарналары) және сақтанушының инвестицияларға қатысу талабын көздейтін сақтандыру шарттары бойынша оларды инвестициялаудан алынған кірістер (зияндар) бөлігінің есебінен қалыптастырылған инвестициялық портфельді құрайтын активтерді есепке алуды және сақтауды, сондай-ақ инвестициялық қорлардың активтерін және арнайы қаржы компаниясының активтерін есепке алуды және сақтауды кастодиан мен инвестициялық портфельді басқарушы арасында жасалған кастодиандық шарт негізінде кастодиан жүзеге асырады.

      Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген инвестициялық портфельді басқарушының клиенттерін қоспағанда, клиенттердің бағалы қағаздарын есепке алуды инвестициялық портфельді басқарушы мен нақтылы ұстаушы арасында жасалған нақтылы ұстау туралы шарттың негізінде бағалы қағаздарды нақтылы ұстау бойынша қызметтер көрсететін шетелдік есеп айырысу ұйымы немесе бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы (бұдан әрі - нақтылы ұстаушы) жүзеге асырады.

      Клиенттердің бағалы қағаздардан басқа, өзге де активтерін есепке алуды және сақтауды кастодиан жүзеге асырады.

      Қағидалардың мақсаттары үшін шетелдік есеп айырысу ұйымы деп мыналар түсініледі:

      Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ-" төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осындай деңгейдегі рейтингі бар Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі;

      Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "А-" төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осындай деңгейдегі рейтингі бар бейрезидент-бас банктің еншілес банкі болып табылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі;

      Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ" төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осындай деңгейдегі рейтингі бар, Бағалы қағаздар нарығы туралы заңның 59-бабының 1-тармағында белгіленген функцияларды жүзеге асыратын шетелдік ұйым;

      Бағалы қағаздар нарығы туралы заңның 59-бабының 1-тармағында белгіленген функцияларды жүзеге асыратын, мынадай талаптарға сәйкес келетін шетелдік ұйым:

      заңды тұлғаның шыққан елінде бағалы қағаздар нарығын реттеу, бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті орган (бұдан әрі – шетелдік қадағалаушы орган) берген бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға лицензиясы (рұқсаты) бар;

      заңды тұлғаның шыққан елінің шетелдік қадағалаушы органы Бағалы қағаздар жөніндегі халықаралық комиссияның консультациялар, ынтымақтастық және ақпарат алмасу жөніндегі өзара түсіністік туралы көпжақты меморандумына қол қойған;

      Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "А-" төмен емес рейтинг бағасы немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осындай деңгейдегі рейтинг бағасы бар елде тіркелген заңды тұлға.";

      мынадай мазмұндағы 40-1-тармақпен толықтырылсын:

      "40-1. Инвестициялық портфельді басқарушы зейнетақы активтеріне инвестициялайтын зейнетақы активтерін есепке алу және қаржы құралдарын бағалау тәртібі Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9274 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 26 ақпандағы № 24 қаулысымен бекітілген Зейнетақы активтерін есепке алу мен бағалауды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.";

      41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "41. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтынвалюта активтерін және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық басқаруға берілген активтерін есепке алу мен сақтауды қоспағанда, инвестициялық портфельді басқарушының клиенттеріне тиесілі ақшаны есепке алу және сақтау инвестициялық портфельді басқарушы өзімен үлестес емес, бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар банктерде ашқан банк шоттарында немесе осыған ұқсас шетелдік қадағалау органы берген лицензиясы бар шетелдік есеп айырысу ұйымында жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы 41-1-тармақпен толықтырылсын:

      "41-1. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт бойынша инвестициялық портфельді басқарушыға берілген зейнетақы активтері есебінен қалыптастырылған инвестициялық портфельді құрайтын активтерді есепке алуды және сақтауды кастодиан, инвестициялық портфельді басқарушы және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалған кастодиандық шарт (бұдан әрі - үшжақты кастодиандық шарт) негізінде жүзеге асырады.

      Инвестициялық портфельді басқарушы өзінің ішкі есепке алу жүйесінің деректерін олардың зейнетақы активтерін есепке алуды және сақтауды жүзеге асыратын кастодианның және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректеріне сәйкестігін үшжақты кастодиандық шартта белгіленген тәртіппен, мерзімдерде және кезеңділікпен салыстырып тексеруді жүргізеді.

      Инвестициялық портфельді басқарушы салыстырып тексеру жүргізілген күннен бастап 5 (бес) жыл ішінде олардың негізінде салыстырып тексеру жүргізілген құжаттарды сақтауға тиіс.";

      44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "44. Инвестициялық портфельді басқарушының ішкі есепке алу жүйесінің деректерін шетелдік есеп айырысу ұйымының деректерімен салыстырып тексеру SWIFT (СВИФТ) - хабарламалар алмасу арқылы ақпарат берудің және төлемдер жасаудың халықаралық банкаралық жүйесі арқылы не шетелдік есеп айырысу ұйымымен жасалған шартта көзделген басқа да байланыс құралдары арқылы жүзеге асырылады және клиенттерге тиесілі және шетелдік есеп айырысу ұйымының шоттарындағы қаржы құралдарының қалдықтарын инвестициялық портфельді басқарушының ішкі есепке алу жүйесінің деректерімен салыстырып тексеруді жүргізу күніне салыстырып тексеру болып табылады.

      Олардың негізінде салыстырып тексеру жүргізілген құжаттар, оның ішінде SWIFT (СВИФТ) - хабарламалар салыстырып тексеру жүргізілген күннен бастап бес жыл бойы сақталуға тиіс.";

      46-тармақтың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) ішкі есеп жүйесін олардың кастодиандардың және (немесе) номиналды ұстаушылардың және (немесе) шетелдік есеп айырысу ұйымдарының деректеріне сәйкес келуін салыстырып тексерулер;";

      мынадай мазмұндағы 56 және 57-тармақтармен толықтырылсын:

      "56. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын инвестициялық портфельді басқарушы лицензияның қолданысы тоқтатыла тұрған не одан айырылған жағдайда уәкілетті органның тиісті хабарламасын алған күні осы ақпаратты жеке хабарлама жіберу және осы инвестициялық портфельді басқарушының корпоративтік интернет-ресурсында тиісті хабарландырулар орналастыру арқылы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және зейнетақы активтерін есепке алуды және сақтауды жүзеге асыратын кастодианға жібереді.

      57. Лицензия тоқтатыла тұрған не одан айырылған жағдайда зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын инвестициялық портфельді басқарушы уәкілетті органның тиісті хабарламасын алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде зейнетақы активтерін қабылдау-өткізу актісінің негізінде зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кастодиандық шотына қайтарады, онда мынадай мәліметтер қамтылады:

      1) инвестициялық портфельді басқарушының, кастодианның, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің толық атауы;

      2) инвестициялық портфельді басқарушының, кастодианның, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заңды мекенжайын және нақты орналасқан жерін мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтер;

      3) инвестициялық портфельді басқарушының, кастодианның, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының банктік деректемелері;

      4) инвестициялық портфельді басқарушының, кастодианның, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының атқарушы органы басшысының және бас бухгалтерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірінші басшысының немесе оның орынбасарының тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса);

      5) зейнетақы активтері мен міндеттемелерін беру күнінің алдындағы күннің соңындағы есептелген инвестициялық кірісті қоса алғанда, зейнетақы активтерінің ағымдағы құны;

      6) инвестициялық шоттардағы ұлттық және шетел валютасындағы ақша қалдығы;

      7) халықаралық сәйкестендіру нөмірін (ISIN коды), санын (данада), айналыс мерзімін, сатып алу бағасын, бір бағалы қағаз бойынша есептелген кірісті, бір бағалы қағаздың ағымдағы құнын, бағалы қағаздардың жалпы санын, есептелген кірістің жалпы сомасын, бағалы қағаздарға инвестициялардың ағымдағы құнын, зейнетақы активтері есебінен сатып алынған бағалы қағаздарға жататын өзге де ықтимал мәліметтерді көрсете отырып, берілетін бағалы қағаздардың тізбесі;

      8) банктің атауын, салым сомасын, банктік салым шартын жасасу күнін, шарттың қолданыс мерзімін, салым бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесін, салым бойынша есептелген және алынған сыйақы сомаларын, салымның ағымдағы құнын, зейнетақы активтері есебінен жүзеге асырылған салымдарға жататын өзге де ықтимал мәліметтерді көрсете отырып, екінші деңгейдегі банктердегі берілетін салымдар тізбесі;

      9) қаржы құралының атауы мен түрін, сомасын, санын және осы қаржы құралдарына тән қосымша сипаттамаларды көрсете отырып, басқа қаржы құралдарының тізбесі;

      10) міндеттемелер сомасы, оның ішінде қате есептелген сомалар;

      11) зейнетақы активтері мен міндеттемелерін беру күнінің алдындағы күннің соңындағы зейнетақы активтерінің бір шартты бірлігі құнының есептеуі;

      12) инвестициялық портфельді басқарушы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына беретін зейнетақы активтеріне жататын өзге де ықтимал мәліметтер.

      Қабылдау-өткізу актісі зейнетақы активтерін беру күніне инвестициялық портфельді басқарушы, кастодиан, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі үшін бір-бір данадан қазақ және орыс тілдерінде 4 (төрт) данада жасалады, оған инвестициялық портфельді басқарушының, кастодианның, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының атқарушы органының басшысы және бас бухгалтері және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірінші басшысы немесе оның орынбасары қол қояды.".

      3. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық Банкі

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту
Агенттігінің Басқармасының
2021 жылғы 15 ақпандағы
№ 29 Қаулыға
қосымша

Зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін инвестициялық портфельді басқарушыға қойылатын талаптар, сондай-ақ осы зейнетақы активтерінің есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі

      1. Осы зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін инвестициялық портфельді басқарушыға қойылатын талаптар, сондай-ақ осы зейнетақы активтерінің есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі (бұдан әрі – Талаптар) "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және зейнетақы активтері сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін инвестициялық портфельді басқарушыға қойылатын талаптарды, сондай-ақ осы зейнетақы активтерінің есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін белгілейді.

      2. Талаптарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) инвестициялық декларация – инвестициялау объектілерінің тізбесін, зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық қызметтің мақсаттарын, стратегияларын, талаптары мен шектеулерін, зейнетақы активтерін хеджирлеу және әртараптандыру талаптарын айқындайтын құжат;

      2) инвестициялық портфельді басқарушы – "Бағалы қағаздар рыногы туралы" және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензия негізінде инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті өз атынан және клиенттің мүддесінде және соның есебінен жүзеге асыратын, сондай-ақ Талаптарға сай келетін бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы;

      3) уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      3. Талаптардың мақсаттары үшін негізгі қор индекстері деп мынадай есептік көрсеткіштер (индекстер) түсініледі:

      САС 40 (Compagnie des Agents de Change 40 Index) (Компани дэ Эжон дэ Шанж 40 Андэкс);

      CSI 300 (Shanghai Shenzhen CSI 300 Index) (Шанхай Шенжен Си Эс Ай 300 Индекс);

      DAX (Deutscher Aktienindex) (Дойтче Акциениндекс);

      DJIA (Dow Jones Industrial Average) (Доу Джонс Индастриал Эвередж);

      FTSE 100 (Financial Times Stock Exchange 100 Index) (Файнэншл Таймс Сток Эксчейндж 100 Индекс);

      HSI (Hang Seng Index) (Ханг Сенг Индекс);

      KASE (Kazakhstan Stock Exchange Index) (Казакстан Сток Эксчейндж Индекс);

      KOSPI 200 (Korea Exchange KOSPI 200 Index) (Корея Эксчейндж Кэй Оу Эс Пи Ай 200 Индекс);

      MSCI World Index (Morgan Stanley Capital International World Index) (Морган Стэнли Кэпитал Интернешнл Ворлд Индекс);

      MOEX Russia (Moscow Exchange Russia Index) (Москоу Эксчейндж Раша Индекс);

      NASDAQ-100 (Nasdaq-100 Index) (Насдак-100 Индекс);

      NIKKEI 225 (Nikkei-225 Stock Average Index) (Никкэй-225 Сток Эвередж Индекс);

      Russell 1000 (The Russell 1000 Index) (Зэ Рассэл 1000 Индекс);

      RTSI (Russian Trade System Index) (Рашен Трейд Систем Индекс);

      S&P 500 (Standard and Poor's 500 Index) (Стандард энд Пурс 500 Индекс);

      STOXX Europe Large 200 (The STOXX Europe Large 200 Index) (Зэ Эс Ти Оу Экс Экс Юроп Лардж 200 Индекс);

      TOPIX 100 (Tokyo Stock Price 100 Index) (Токио Сток Прайс 100 Индекс).

      4. Уәкілетті орган зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыру үшін Талаптардың осы тармағының екінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімін (бұдан әрі – басқарушылар тізілімі) жүргізеді және ай сайын өзінің интернет-ресурсына орналастырады.

      Зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыру үшін инвестициялық портфельді басқарушы мынадай талаптарға сәйкес болуға тиіс:

      1) Талаптардың осы тармағының үшінші бөлігінде белгіленген талаптарды ескере отырып, меншікті капиталдың мөлшері кемінде 3 000 000 000 (үш миллиард) теңгені құрайды;

      2) Талаптардың осы тармағының төртінші бөлігінде белгіленген тәртіппен есептелген, басқарушылар тізіліміне енгізілген күннің алдындағы соңғы 36 (отыз алты) ай ішінде кемінде 5 000 000 000 (бес миллиард) теңге сомасында инвестициялық портфельді басқару тәжірибесінің болуы;

      3) инвестициялық портфельді басқарушының басқарушылардың тізіліміне енгізу күнінің алдындағы соңғы 2 (екі) аяқталған қаржы жылының әрқайсысының нәтижелері бойынша, аудиторлық есеппен расталған зиян шеккен қызметі фактілерінің болмауы;

      4) басқарушылардың тізіліміне енгізу күнінің алдындағы соңғы 6 (алты) айдың ішінде уәкілетті орган белгілеген пруденциялық нормативтерді бұзу фактілерінің болмауы;

      5) басқарушылардың тізіліміне енгізу күні уәкілетті органның инвестициялық портфельді басқарушыға және (немесе) оның ірі қатысушысына қатысты қолданған, орындалмаған және (немесе) қолданыстағы қадағалап ден қою шараларының, санкциялардың, әкімшілік өндіріп алулардың және өзге де ықпал ету шараларының болмауы;

      6) басқарушылардың тізіліміне енгізу күні инвестициялық портфельді басқарушының қаржылық орнықтылығын арттыру бойынша ертерек ден қою шараларын көздейтін іс-шаралардың орындалмаған жоспарларының болуы;

      7) инвестициялық портфельді басқарушыда инвестициялық портфельді басқарушының дауыс беретін акцияларының он немесе одан көп пайызына иелік ететін (дауыс беру мүмкіндігі бар) акционерінің болуы;

      8) басқарушылардың тізіліміне енгізу күні инвестициялық портфельді басқарушының және (немесе) оның басшы қызметкерлерінің бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп танылған мәмілелерге қатысу фактілерінің басқарушылардың тізіліміне енгізу күнінің алдындағы соңғы 12 (он екі) айдың ішінде болмауы;

      9) инвестициялық портфельді басқарушыда қадағалап ден қою шараларын қолдану негіздемелерін болдырмау фактілерінің уәкілетті орган белгілеген мерзімде болмауы;

      10) басқарушылардың тізіліміне енгізген күннен бастап инвестициялық портфельді басқарушының және (немесе) оның басшы қызметкерлерінің бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп танылған мәмілелерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі айда үш және одан көп) жасау фактілерінің болмауы.

      Егер инвестициялық портфельді басқарушының меншікті капиталы 5 000 000 000 (бес миллиард) теңгеден кем болған жағдайда, зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт бойынша инвестициялық портфельді басқарушы қабылдаған зейнетақы активтерінің көлемі инвестициялық портфельді басқарушының меншікті капиталының 10 (он) еселенген мөлшерінен аспайды.

      Талаптардың осы тармағының екінші бөлігінің 2) тармақшасының мақсаттары үшін уәкілетті орган инвестициялық портфельді басқарушыны басқарушылардың тізіліміне енгізген күннің алдындағы 36 (отыз алты) айдан әрқайсысының соңындағы жағдай бойынша клиенттердің инвестициялық портфельді басқарушының басқаруындағы активтерінің орташа құны (өзге де қаржы құралдарынан басқа мүліктің құнын, қоғамның акционерлері болып табылмайтын заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу үлесін және дебиторлық берешек сомаларын қоспағанда) есепке алынады.

      Инвестициялық портфельді басқарушыны басқарушылар тізілімінен алып тастау зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шартты бұзу үшін негіз болып табылады.

      5. Инвестициялық портфельді басқарушы сенімгерлік басқаруда тұрған зейнетақы активтерін Талаптарға қосымшада көрсетілген қаржы құралдарына инвестициялайды.

      Зейнетақы активтерін Талаптарға қосымшада көрсетілген қаржы құралдарына инвестициялау лимиттері инвестициялық декларацияда белгіленеді.

  Зейнетақы активтері сенімгерлік
басқаруға берілуі мүмкін
инвестициялық портфельді
басқарушыға қойылатын
талаптарға, сондай-ақ осы
зейнетақы активтерінің есебінен
сатып алуға рұқсат етілген
қаржы құралдарының тізбесіне
қосымша

Зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі

Қаржы құралының атауы

1

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары (оның ішінде шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес бастама жасалған), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдеме беруімен және (немесе) кепілімен шығарылған бағалы қағаздар

2

Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары шығарған борыштық бағалы қағаздар

3

Акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі заңды тұлға шығарған борыштық бағалы қағаздар

4

Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес "Қазақстанның Даму Банкі", "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі, "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамдары шығарған борыштық бағалы қағаздар

5

Мынадай талаптардың біріне сәйкес келетін Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі салымдар:
Standard &Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ-"-тен төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар немесе Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) ұлттық шкаласы бойынша "kzА"-тен төмен емес рейтингтік бағасы бар банктер;
бейрезидент бас банкi Standard &Poor's (Стандард энд Пурс) агенттiгiнiң халықаралық шкаласы бойынша "А-"-тен төмен емес ұзақ мерзiмдi кредиттiк рейтингi немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегi рейтингi бар резидент еншiлес банктері

6

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "А"-тен төмен емес ұзақ мерзімді рейтингі немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар бейрезидент банктердегі салымдар

7

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ+"-тен төмен емес рейтингтік бағасы немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар мынадай халықаралық қаржы ұйымдары шығарған борыштық бағалы қағаздар:
Азия даму банкі (the Asian Development Bank);
Америкааралық даму банкі (the Inter-American Development Bank);
Африка даму банкі (the African Development Bank);
Еуразиялық даму банкі (Eurasian Development Bank);
Еуропа қайта құру және даму банкі (the European Bank for Reconstruction and Development);
Еуропа инвестициялық банкі (the European Investment Bank);
Еуропалық Кеңестің Даму Банкі; (the Council of Europe Development Bank);
Жеке Секторды Дамыту жөнiндегi Ислам Корпорациясы (the Islamic Corporation for the Development of the Private Sector);
Ислам даму банкі (the Islamic Development Bank);
Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігі (the Multilateral Investment Guarantee Agency);
Скандинавиялық инвестициялық банк (the Nordic Investment Bank);
Халықаралық валюта қоры (the International Monetary Fund);
Халықаралық даму қоғамдастығы (the International Development Association);
Инвестициялық Дауларды Реттеу жөнiндегi Халықаралық Орталық (the International Centre for Settlement of Investment Disputes);
Халықаралық қайта құру және даму банкі (the International Bank for Reconstruction and Development);
Халықаралық қаржы корпорациясы (the International Finance Corporation)

8

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ+"-тен төмен емес тәуелсіз рейтингі немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар шет мемлекеттердің орталық үкіметтері шығарған, мемлекеттік мәртебесі бар бағалы қағаздар

9

Шетелдік ұйымдар шығарған мемлекеттік емес бағалы қағаздар:
Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ"-тен төмен емес рейтингтік бағасы немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингік бағасы бар шетелдік эмитенттердің акциялары;
негізгі қор индекстерінің құрамына кіретін шетелдік эмитенттердің акциялары және базалық активі осы акциялар болып табылатын депозитарлық қолхаттар;
Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВ"-тен төмен емес рейтингтік бағасы немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осындай деңгейдегі рейтингтік бағасы бар борыштық бағалы қағаздар

10

Қазақстан Республикасының немесе басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының ұйымдары шығарған мемлекеттік емес бағалы қағаздар:
қор биржасында инвесторлардың ауқымды тобы арасында жария ұсыныс (сату) шеңберінде орналастырылған (орналастырылатын) Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік секторы эмитенттерінің акциялары және (немесе) осы акциялар базалық активі болып табылатын депозитарлық қолхаттар;
қор биржасының ресми тізіміне "Негізгі" алаңының "акциялар" секторы "премиум" санатының талаптарына сәйкес келетін, қор биржасының ресми тізіміне енгізілген заңды тұлғалардың акциялары және базалық активі осы акциялар болып табылатын депозитарлық қолхаттар;
негізгі қор индекстерінің құрамына кіретін заңды тұлғалардың акциялары;
Standard &Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "В+"-тен төмен емес рейтингтік бағасы немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар немесе Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) ұлттық шкаласы бойынша "kzBBB"-тен төмен емес рейтингтік бағасы бар борыштық бағалы қағаздар;
осы эмитенттің бұрын шығарылған бағалы қағаздарына не өзге міндеттемелеріне айырбастау мақсатында эмитент міндеттемелерін қайта құрылымдау шеңберінде шығарылған бағалы қағаздар

11

Morningstar (Морнинстар) рейтингтік агенттігінің "3 жұлдыздан" төмен емес рейтингтік бағасы бар Exchange Traded Funds (Эксчейндж Трэйдэд Фандс), Exchange Traded Commodities (Эксчейндж Трэйдэд Коммодитис), Exchange Traded Notes (Эксчейндж Трэйдэд Ноутс) пайлары

12

Басқарушы компаниясы қор биржасының ресми тізіміне "Аралас" алаңының "инвестициялық қорлардың бағалы қағаздары" секторы талаптарына сәйкес келетін, қор биржасының ресми тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылатын аралық инвестициялық пай қорларының пайлары

13

Активтерінің құрылымы негізгі қор индекстерінің бірінің құрылымын қайталайтын немесе олардың пайлар бойынша баға белгілеулері негізгі қор индексіне байланысты болатын Exchange Traded Funds (Эксчейндж Трэйдэд Фандс) пайлары

14

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ"-дан төмен емес тәуелсіз рейтингі немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осындай деңгейдегі рейтингі бар елдердің шетел валютасы

15

Лондон бағалы металдар нарығының қауымдастығы (London bullion market association) қабылдаған және "Лондондық сапалы өнім беру" ("London good delivery") стандарты ретінде осы қауымдастықтың құжаттарында белгіленген халықаралық сапа стандарттарына сай келетін аффинирленген бағалы металдар, сонымен қатар он екі айдан аспайтын мерзімге Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктеріндегі Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің "АА"-дан төмен емес рейтингтік бағасы немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осындай деңгейдегі рейтингі бар метал депозиттер

16

Хеджирлеу мақсатында жасалған, базалық активі осы қосымшаға сәйкес зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдары болып табылатын мынадай туынды қаржы құралдары:
опциондар;
фьючерстер;
форвардтар;
своптар;
жоғарыда аталған туынды қаржы құралдарының жиынтығы болып табылатын туынды қаржы құралдары