Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 қыркүйектегі № 56/6-VI шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 16 қыркүйекте № 7537 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актiлер туралы" Заңының 27-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес Шемонаиха аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Шемонаиха аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрайымы А. Яровикова
      Шемонаиха аудандық мәслихатының хатшысы А. Боровикова

  Шемонаиха
аудандық мәслихатының
2020 жылғы 3 қыркүйегі
№ 56/6-VI шешімімен бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      3) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Шемонаиха ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      4) ең төменгі күнкөріс деңгейі – Шығыс Қазақстан облысының статистикалық органдары есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      8) уәкілетті орган - жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын "Шемонаиха ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде Шемонаиха ауданының жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі -ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсіндіріледі.

      4. Осы қағидалар Шемонаиха ауданының аумағында тіркелген тұлғаларға таралады.

      5. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек ақшалай төлемдер түрінде бір рет көрсетіледі. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек жылына бір рет тағайындалады.

      6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру, не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;

      3) ең төмен күн көріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.

      8. Әлеуметтік көмек алушылар санатының тізбесі:

      1) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар;

      2) қараусыз қалған, оның ішінде мінез-құлқы ауытқымалы кәмелетке толмағандар;

      3) арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында жүрген кәмелетке толмағандар;

      4) психофизикалық дамуы ерте бұзылған туғаннан үш жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар;

      5) дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктерімен байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы бар адамдар;

      6) әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігі шектелген адамдар;

      7) егде жасына байланысты, басынан кешірген аурудың және (немесе) мүгедектік салдарынан өзіне-өзі қызмет көрсетуге қабілетсіз адамдар;

      8) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соқтырған қатыгездікке ұшыраған адамдар;

      9) баспанасыздар (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);

      10) бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдар;

      11) пробация қызметінде есепте тұрған адамдар;

      12) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өзіне не оның мүлкіне зиян келтірілген адамдар (отбасылар);

      13) белгіленген шектен аспайтын өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы бар адамдар (отбасылар).

      9. Адамның (отбасының) жан басына шаққандағы табысының шегі күн көріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде белгіленсін.

      10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

      11. Атаулы күндер мен мереке күндеріне біржолғы әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына негіздердің бірі бойынша көрсетіледі:

      1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні - 15 ақпан:

      бұрынғы КСР Одағы үкімет органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілеріне, бұрынғы КСР Одағы ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда); оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүріп жатқан кезеңде жіберілген әскери міндеттілерге; ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне; бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерi; Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлеріне – 33,4 айлық есептік көрсеткіш;

      Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 33,4 айлық есептік көрсеткіш;

      Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 33,4 айлық есептік көрсеткіш;

      Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 33,4 айлық есептік көрсеткіш;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлерге – 33,4 айлық есептік көрсеткіш;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 33,4 айлық есептік көрсеткіш;

      2) Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз:

      "Алтын Алқа", "Күміс Алқа" белгілерімен марапатталған көп балалы аналар немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталған аналарға – 5 айлық есептік көрсеткіш;

      бірге тұратын төрт және одан да аса бірге тұратын кәмелеттік жасқа толмаған балалары, олардың ішінде олар кәмелеттік жасқа толғаннан кейін оқу орындарын бітіргенге дейін (бірақ жиырма үш жасқа жеткенге дейін) орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары оқу орындарында білім беру ұйымдарында оқитын балалары бар отбасыларға – 5 айлық есептік көрсеткіш;

      3) Халықаралық радиациялық апаттар мен авариялардың құрбандарын еске алу күні – 26 сәуір:

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – 33,4 айлық есептік көрсеткіш;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушыларға, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға – 33,4 айлық есептік көрсеткіш;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына – 33,4 айлық есептік көрсеткіш;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедек болған адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына - 23,857 айлық есептік көрсеткіш;

      4) Қазақстан халқының бірлігі мерекесі – 1 мамыр:

      1, 2-топтағы көруі бойынша мүгедектерге – 10 айлық есептік көрсеткіш;

      5) Жеңіс күні – 9 мамыр:

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне – 215,983 айлық есептік көрсеткіш;

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 35,998 айлық есептік көрсеткіш;

      қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде қызметтік мiндеттерiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 35,998 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына - 35,998 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға– 35,998 айлық есептік көрсеткіш;

      екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында шет елдердің аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар мен басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистік Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға – 35,998 айлық есептік көрсеткіш;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелеріне – 35,998 айлық есептік көрсеткіш;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға – 35,998 айлық есептік көрсеткіш;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға – 35,998 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестiрiлген адамның екiншi рет некеге тұрмаған жұбайы (зайыбы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына) – 35,998 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға - 35,998 айлық есептік көрсеткіш;

      бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына – 4,294 айлық есептік көрсеткіш;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға- 15,299 айлық есептік көрсеткіш;

      6) Саяси қуғын – сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні – 31 мамыр:

      саяси қуғын – сүргіннен зардап шеккен адамдарға – 4,294 айлық есептік көрсеткіш;

      7) Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – 30 тамыз:

      16 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдарға - 4,771 айлық есептік көрсеткіш;

      8) Тәуелсіздік күні - 16 желтоқсан:

      күнтізбелік жылы бесінші баланы дүниеге әкелген аналарға – 25 айлық есептік көрсеткіш.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша Шемонаиха ауданының әкімдігі бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса Үлгілік қағидалардың 13-тармағына сәйкес құжаттарды ұсынады.

      Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдайға түскен адамдар (отбасылар) өтінішті оқиға болған күннен бастап үш ай ішінде береді.

      14. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      15. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      16. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидалардың 2, 3-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.

      17. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      18. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.

      19. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      20. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      21. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы қағидалардың 17 және 18-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      22. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      23. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш берушілер ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) өтініш берушінің адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен асқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      24. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру жергілікті бюджетте көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4-тарау. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      25. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы Шемонаиха ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      26. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5-тарау. Қорытынды ереже

      27. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Шемонаиха
аудандық мәслихатының
2020 жылғы 3 қыркүйектегі
№ 56/6-VI шешіміне қосымша

Шемонаиха аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Шемонаиха аудандық мәслихатының 2019 жылғы 4 сәуірдегі № 38/4-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5839 болып тіркелген, 2019 жылғы 17 сәуірде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электронды түрде жарияланған) шешімі;

      2. Шемонаиха аудандық мәслихатының 2019 жылғы 7 маусымдағы № 41/2-VI "Шемонаиха аудандық мәслихатының 2019 жылғы 4 сәуірдегі № 38/4-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6013 болып тіркелген, 2019 жылғы 17 маусымда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электронды түрде жарияланған) шешімі;

      3. Шемонаиха аудандық мәслихатының 2019 жылғы 18 қазандағы № 45/8-VI "Шемонаиха аудандық мәслихатының 2019 жылғы 4 сәуірдегі № 38/4-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6232 болып тіркелген, 2019 жылғы 6 қарашада Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электронды түрде жарияланған) шешімі;

      4. Шемонаиха аудандық мәслихатының 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 50/14-VI "Шемонаиха аудандық мәслихатының 2019 жылғы 4 сәуірдегі № 38/4-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6899 болып тіркелген, 2020 жылғы 17 сәуірде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электронды түрде жарияланған) шешімі.