Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және медициналық көмек алуға құқық беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-333/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 30 желтоқсанда № 21977 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 7-бабының 66) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және медициналық көмек алуға құқық беру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі М. Е. Шорановқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 29 желтоқсандағы
№ ҚР ДСМ-333/2020
бұйрығымен бекітілген

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және медициналық көмек алуға құқық беру қағидалары

1-бөлім. Жалпы ережелер

      1. Осы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және медициналық көмек алуға құқық беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 7-бабының 66) тармақшасына сәйкес әзірленді және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) шеңберінде тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) ақпарат алмасу – бір ақпараттық жүйеден екіншісіне деректерді қабылдау және беру процесі;

      3) аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеушілер (бұдан әрі – төлеушілер) – "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) белгіленген тәртіппен аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеуді, ұстап қалуды, Қорға аударуды, төлеуді жүзеге асыратын тұлғалар;

      4) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (бұдан әрі – Қор) – аударымдар мен жарналарды жинақтауды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерін медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптармен сатып алу мен оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;

      5) Қордың ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – Қордың АЖ) – Қордың процестерін электрондық форматта жүргізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;

      6) міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық қызметтерді тұтынушы (бұдан әрі – тұтынушы) – Заңға сәйкес МӘМС жүйесінде медициналық көмек алуға құқығы бар жеке тұлға.

      3. Заңның 5-бабына сәйкес МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекке өздері үшін қорға аударымдар және (немесе) жарналар төлеу жүзеге асырылған, сондай-ақ осы Заңның 28-бабының 7-тармағына сәйкес қорға жарналар төлеуден босатылған адамдардың құқығы бар.

      4. МӘМС жүйесі шеңберінде Қор тұтынушыларды есепке алуды жүргізуді Қордың АЖ-да Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының ақпараттық жүйелерінен келіп түсетін Мемлекеттік корпорацияның деректері немесе мәліметтері электрондық түрде ұсынылатын әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметшілері туралы деректер негізінде жүзеге асырады.

      5. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының ақпараттық жүйелері, Қордың АЖ арасында деректер алмасу Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы, мемлекеттік құпиялар және дербес деректерді қорғау туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес интернет желісін қоса алғанда, бөлінген немесе ашық байланыс арналары бойынша электрондық түрде жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтер, сондай-ақ таратылуы шектелген қызметтік ақпарат ақпарат алмасуға жатпайды.

      6. Осы Қағидалардың 3-тарауында көзделген деректерді қоспағанда, тұтынушылар санаты бойынша деректер күн сайын автоматтандырылған режимде жаңартылады.

      7. Егер заңдарда немесе халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, осы Қағидалардың 2-тарауында көрсетілген адамдардың, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелерінің деректерін қалыптастыру көздері болып мыналар табылады:

      1) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің (бұдан әрі – ҚР БҒМ) ақпараттық жүйесінен мәліметтер;

      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің (бұдан әрі – ҚР Әділетмині) мемлекеттік дерекқорының мәліметтері;

      3) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінен (бұдан әрі – ҚР Еңбекмині) мәліметтер;

      4) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінен (бұдан әрі – ҚР ДСМ) мәліметтер;

      5) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі – ҚР ІІМ) орталықтандырылған автоматтандырылған дерекқорынан мәліметтер;

      8. Қордың АЖ-да тұтынушыны есепке алуды жүргізу осы Қағидалардың 3-тарауында көрсетілген тұтынушылар санатын қоспағанда, Мемлекеттік корпорациядан келіп түсетін деректер негізінде автоматты режимде жүзеге асырылады.

      9. Осы Қағидалардың 2-тарауында көрсетілген адамдар Қордың АЖ-да тұтынушы ретінде осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген деректерді қалыптастыру көздері тиісті санатты берген күннен бастап есепке алынады. Адамды мемлекет төлейтін адамдар санатынан алып тастау туралы мәліметтер Қордың АЖ-ға келіп түскен жағдайда, МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығы Заңның 5-бабының 2-тармағына сәйкес оны алып тастаған күннен бастап үш ай бойы сақталады.

      Заңның 26-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдар үшін мемлекеттен жарналар түспеген жағдайда МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығы Заңның 5-бабының 2-тармағына сәйкес жарналарды төлеу тоқтатылған кезден бастап үш айдан аспайтын кезеңге сақталады.

      10. Заңның 14-бабы 2-тармағының 1), 10) тармақшаларында көрсетілген адамдарды қоспағанда, Заңның 14-бабының 2-тармағында көрсетілген адамдар Қордың АЖ-да тұтынушы ретінде Қордың АЖ-ға төлем күнінің алдындағы он екі ай ішінде аударымдардың және (немесе) жарналардың төленгені туралы мәліметтер болған кезде айдың бірінші күнінен бастап есепке алынады.

      Аударымдар және (немесе) жарналар төленбеген жағдайда, МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығы Заңның 5-бабының 2-тармағына сәйкес осындай аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу тоқтатылған кезден бастап үш айдан аспайтын кезеңге сақталады.

      11. Заңның 28-бабы 7-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген адамдар Қордың АЖ-да тұтынушы ретінде олар туралы ақпарат келіп түскен күннен бастап есепке алынады.

      12. Заңның 14-бабы 2-тармағының 10) тармақшасында көрсетілген тұлғалар Қордың АЖ-да тұтынушы ретінде бірыңғай жиынтық төлем төлеген күннен бастап есепке алынады және медициналық көмек алған уақыттың алдындағы қатарынан кемінде үш айға Қорға жарналар болған кезде күнтізбелік айдың соңына дейін қолданылады.

      13. Қордың АЖ-да, мемлекеттік органдардың АЖ-да техникалық ақаулар туындаған жағдайда жеке тұлғаға МӘМС жүйесінде тұтынушы мәртебесі АЖ түзетілгенге дейін сақталады.

      14. Тұтынушы туралы ақпарат медициналық көмек көрсетуді қаржыландыру көзін одан әрі айқындау үшін медициналық ақпараттық жүйелерге және өзге де ақпараттық жүйелерге сұрау салу бойынша Қордың АЖ-дан ұсынылады.

      15. Қордың АЖ-да Заңның 14-бабына сәйкес төлеуші болып табылатын тұтынушыларды есепке алу мынадай мәліметтерді енгізе отырып, автоматты режимде жүргізіледі:

      1) тұтынушының жеке сәйкестендіру нөмірі;

      2) тұтынушының тегі, аты, әкесінің аты;

      3) төлеушінің бизнес-сәйкестендіру нөмірі (бар болса);

      4) төлеушінің атауы;

      5) төлеу мерзімі;

      6) Қорға төлемнің келіп түскен күні;

      7) Қорға түскен төлемнің референсі;

      8) төлем сомасы;

      9) төлем мақсатының коды.

2-тарау. Өздері үшін жарналарды мемлекет төлейтін адамдар санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      16. Мемлекеттің МӘМС-ке жарналары Заңның 14-бабының 1-тарауында белгіленген адамдар үшін төленеді.

      17. Мемлекет жарналар төлейтін адамдар санатының дерекқорын актуалдандыруды Мемлекеттік корпорация ай сайын жүзеге асырады.

      18. Өздері үшін жарналарды мемлекет төлейтін адамдар санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу үшін Қордың АЖ-ға автоматты режимде мынадай мәліметтер енгізіледі:

      1) жеке сәйкестендіру нөмірі;

      2) санат берілген күн;

      3) санат беру көзі;

      4) санаттан шығару күні;

      5) санаттан шығару көзі;

      6) санаттан шығару себебі.

      19. Жарналарды олар үшін мемлекет төлейтін адамдардың санаттары бойынша есепке алуды жүргізу және алып тастау үшін Мемлекеттік корпорациядан деректер Қордың АЖ-ға күн сайынғы негізде келіп түседі.

      20. Адамдардың бірнеше санаты бойынша мәртебесі болған кезде өзі үшін мемлекет жарналар төлейтін адамдар санатына жататын тұтынушыларды есепке алу мынадай басымдық бойынша жүзеге асырылады:

      1) балалар;

      2) жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;

      3) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;

      4) осы тармақтың 5) тармақшасында көзделген адамдарды қоспағанда, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі);

      5) жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар;

      6) мүгедек балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар;

      7) бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адам;

      8) зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

      9) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар;

      10) тергеу изоляторларындағы адамдар;

      11) жұмыс істемейтін оралмандар;

      12) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар;

      13) мүгедектер;

      14) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар;

      15) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы жұмыс істемейтіндер.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар санатынан шығару себебі бойынша тұтынушыларды шығарғанға дейін басымдығы бойынша төмен тұрған адамдар санаттары бойынша мәртебенің болуына тексеру жүзеге асырылады.

      Тексеру нәтижесі оң болған жағдайда МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығы сақталады.

      20-1. Қордың АЖ-да осы Қағидалардың 20-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар санаттары бойынша деректер болмаған жағдайда, Қор оларды мынадай растайтын құжаттарды ұсына отырып, Қорға жүгінген күннен бастап бір айға Қордың АЖ-ға тұтынушы ретінде енгізеді:

      1) балалар бойынша – баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) (не туу туралы азаматтық хал актілері жазбаларынан мәліметтерді қамтитын анықтама (анықтамалар));

      2) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер – "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген 031/у нысаны бойынша анықтама;

      3) жұмыссыз ретінде тіркелгендер – "Жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу және халықты жұмыспен қамту орталықтары көрсететін еңбек делдалдығын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2018 жылғы 19 маусымдағы № 259 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17199 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 259 бұйрық) бекітілген нысан бойынша жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтама;

      4) бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар (баланың заңды өкілдерінің бірі) – баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) (не туу туралы азаматтық хал актілері жазбаларынан мәліметтерді қамтитын анықтама);

      5) жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала күтімі бойынша демалыста жүрген адамдар – баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) (не туу туралы азаматтық хал актілері жазбаларынан мәліметтерді қамтитын анықтама);

      6) мүгедек балаға күтімді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар -"Медициналық – әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10589 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша баланың мүгедектігі туралы анықтама (бұдан әрі – № 44 бұйрық), баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) (не туу туралы азаматтық хал актілері жазбаларынан мәліметтерді қамтитын анықтама), № 259 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтама;

      7) бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар – № 44 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша мүгедектігі туралы анықтама;

      8) зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері:

      Ұлы Отан соғысына қатысушылар үшін – "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Ардагерлер туралы заң) 9-бабына сәйкес Ұлы Отан соғысы ардагерінің куәлігі немесе жасына байланысты зейнетақы төлемдерін (жәрдемақыларды) алушының куәлігінде белгі қойылған беттердің көшірмелері;

      Ұлы Отан соғысының мүгедектері үшін – Ардагерлер туралы заңның 9-бабына сәйкес Ұлы Отан соғысы ардагерінің куәлігі немесе жасына байланысты зейнетақы төлемдерін (жәрдемақыларды) алушының куәлігінде белгі қойылған беттердің көшірмелері;

      ардагерлер үшін - жасына байланысты зейнетақы төлемдерін (жәрдемақыларды) алушының куәлігіне белгі қойылған беттердің көшірмелері;

      зейнетақы төлемдерін алушылар үшін – "Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн бюджет қаражаты есебiнен беру, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 223 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11110 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша жасына байланысты зейнетақы/жәрдемақы алушының куәлігі;

      9) жұмыс істемейтін қандастар – "Оралман мәртебесін беру немесе ұзарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 22 шілдедегі № 329-Ө-М бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8624 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша қандастар куәлігі және № 259 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтама;

      10) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналар – "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталғанын немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алғанын растайтын, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы ананың наградталғанын немесе атақ алғанын растайтын құжат;

      11) мүгедектер - № 44 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша мүгедектігі туралы анықтама;

      12) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай – ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын адамдар - орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымынан анықтама;

      13) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті жұмыс істемейтін алушылар – "Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11426 болып тіркелген) сәйкес берілген өтініш берушінің (отбасының) атаулы әлеуметтік көмек алушыларға тиесілігін растайтын анықтама;

      14) Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 224 қаулысына сәйкес аударымдар және (немесе) жарналар төлеуден босатылған немесе жұмыс беруші дағдарыстық жағдайлар кезеңінде елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған құқықтық актілердің ережелеріне сәйкес МӘМС-ке аударымдар және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне сәйкес халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін немесе қатер төндіруі мүмкін адамдардың жеке басын куәландыратын құжат болып табылатын немесе Салық кодексінде – Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек қызметін растайтын мынадай құжаттардың бірі:

      еңбек кітапшасы;

      тоқтату күні мен оны тоқтатудың негізі туралы жұмыс берушінің белгісі бар еңбек шарты;

      еңбек шартын жасасу және (немесе) тоқтату негізінде еңбек қатынастарының туындауын және (немесе) тоқтатылуын растайтын жұмыс беруші актілерінен үзінді көшірмелер;

      жұмыскерлерге жалақы төлеу ведомосынан үзінді көшірмелер;

      жұмыс беруші қол қойған және мөрімен (ол болған кезде) растаған қызметтік тізім (жұмыскердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі);

      аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірмелер;

      жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер;

      дуальды оқыту туралы шарт;

      жұмыскердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған архивтік анықтама;

      еңбек қатынастарының болуын растайтын заңды фактіні анықтау туралы соттың заңды күшіне енген шешімі жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжат болуы мүмкін.

      Ескерту. Қағида 20-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 18.10.2021 № ҚР ДСМ-106 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-параграф. "Балалар" санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      21. Мемлекеттік корпорация "балалар" тізімін ҚР БҒМ АЖ-дан алынған ҚР Еңбекминінің ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – АЖ) деректерінің негізінде қалыптастырады.

      22. ҚР БҒМ АЖ-ға балалар туралы деректер Әділетминінің жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорынан беріледі.

      Санатты растау туған күні бойынша жүзеге асырылады.

2-параграф. "Жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар" санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      23. Мемлекеттік корпорация "жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар" тізімін ҚР Еңбекминінің АЖ-дан алынған деректер негізінде қалыптастырады.

      Санатты растау есепке қойылған және (немесе) жұмыссыз ретінде есептен шығарылған күні бойынша жүзеге асырылады.

3-параграф. "Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер" санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      24. Мемлекеттік корпорация "жұмыс істемейтін жүкті әйелдер" тізімін ҚР Еңбекминінің АЖ деректерінің негізінде қалыптастырады.

      25. ҚР Еңбекминінің АЖ-ға жүкті әйелдер бойынша деректер ҚР ДСМ "Жүкті және бала туатын жастағы әйелдерді тіркеу" АЖ-дан (бұдан әрі – ЖжБТЖӘТ АЖ) беріледі.

      26. ҚР Еңбекминінің АЖ-да МЗЖ және (немесе) ӘА-ның бар-жоғына деректерді салыстырып тексеру жүргізілгеннен кейін "жұмыс істемейтін жүкті әйелдер" санаты:

      1) салыстырып тексеру күнінің алдындағы бір ай үшін МЗЖ және (немесе) ӘА бойынша төлем болмаған кезде беріледі;

      2) салыстырып тексеру күнінің алдындағы екі ай үшін МЗЖ және (немесе) ӘА бойынша төлемдер болған кезде алып тасталады.

4-параграф. "Бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі)" санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      27. Мемлекеттік корпорация "бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі)" тізімін ҚР Еңбекминінің АЖ деректерінің негізінде қалыптастырады.

      28. ҚР Еңбекминінің АЖ-да некеде тұрған және үш жасқа дейінгі балалары бар адамдар (ата-анасының екеуі де) туралы деректер ата-аналарының жеке сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – ЖСН) бір-біріне және баланың ЖСН-ге байланыстыра отырып, Әділетминінің "Азаматтық хал актілерін тіркеу" АЖ-дан беріледі.

      29. ҚР Еңбекминінің АЖ-да үш жасқа дейінгі балалардың асырап алушысы (қамқоршысы) екені анықталған адамдар туралы деректер баланың ЖСН және асырап алушысының/қамқоршысының ЖСН-мен бірге байланыстыра отырып БҒМ "Жетім балалар, ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар Республикалық деректер банкі" АЖ-дан беріледі.

      30. ҚР Еңбекминінің АЖ-да ата-аналардың екеуінен де МЗЖ және (немесе) ӘА-ның бар-жоғына деректерді салыстырып тексеру жүргізілгеннен кейін "Бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі)" санаты:

      1) МЗЖ және (немесе) ӘА жоқ ата-анаға беріледі;

      2) салыстырып тексеру күнінің алдындағы бір ай үшін ата-анасының екеуінде де МЗЖ және (немесе) ӘА бойынша төлем болмаған кезде Мемлекеттік корпорацияға әкесінен өтініш болмаған жағдайда анасына беріледі;

      3) салыстырып тексеру күнінің алдындағы екі ай үшін МЗЖ және (немесе) ӘА бойынша төлемдер болған кезде алынады.

5-параграф. "Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар" санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      31. Мемлекеттік корпорация "жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар" тізімін ҚР Еңбекминінің АЖ деректерінің негізінде қалыптастырады.

      32. ҚР Еңбекминінің АЖ-ға еңбекке жарамсыздығы туралы парақ негізінде жүктілікке және босануға байланысты демалыстағы адамдар туралы деректер ЖжБТЖӘТ АЖ-дан беріледі.

      33. ҚР Еңбекминінің АЖ-да некеде тұрған ата-аналардың екеуінен де МЗЖ және (немесе) ӘА-ның бар-жоғына деректерді салыстырып тексеру жүргізілгеннен кейін "Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамд" санаты:

      1) МЗЖ және (немесе) ӘА жоқ ата-анаға беріледі;

      2) салыстырып тексеру күнінің алдындағы бір ай үшін ата-анасының екеуінде де МЗЖ және (немесе) ӘА бойынша төлем болмаған кезде Мемлекеттік корпорацияға әкесінен өтініш болмаған жағдайда анасына беріледі;

      3) салыстырып тексеру күнінің алдындағы екі ай үшін МЗЖ және (немесе) ӘА бойынша төлемдер болған кезде алынады.

6-параграф. "Мүгедек балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар" санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      34. Мемлекеттік корпорация "мүгедек балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар" тізімін ҚР Еңбекминінің АЖ деректерінің негізінде қалыптастырады.

      35. ҚР Еңбекминінің АЖ-да МЗЖ және (немесе) ӘА-ның бар-жоғына деректерді салыстырғаннан кейін "мүгедек балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар" санаты:

      1) салыстырып тексеру күнінің алдындағы бір ай үшін МЗЖ және (немесе) ӘА бойынша төлем болмаған кезде беріледі;

      2) салыстырып тексеру күнінің алдындағы екі ай үшін МЗЖ және (немесе) ӘА бойынша төлемдер болған кезде алып тасталады.

7-параграф. "Бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адам" санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      36. Мемлекеттік корпорация "бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адам" тізімін ҚР Еңбекминінің АЖ деректерінің негізінде қалыптастырады.

      37. ҚР Еңбекминінің АЖ-да МЗЖ және (немесе) ӘА-ның бар-жоғына деректерді салыстырып тексеру жүргізілгеннен кейін "бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адам" санаты:

      1) салыстырып тексеру күнінің алдындағы бір ай үшін МЗЖ және (немесе) ӘА бойынша төлем болмаған кезде беріледі;

      2) салыстырып тексеру күнінің алдындағы екі ай үшін МЗЖ және (немесе) ӘА бойынша төлемдер болған кезде алып тасталады.

8-параграф. "Зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері" санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      38. Мемлекеттік корпорация "зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері" тізімін ҚР Еңбекминінің АЖ деректерінің негізінде қалыптастырады.

9-параграф. "Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар" санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      39. Мемлекеттік корпорация "қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар" тізімін ҚР Еңбекминінің АЖ деректерінің негізінде қалыптастырады.

      40. ҚР Еңбекминінің АЖ-ға шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қоспағанда, "қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар" туралы деректер Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесінің орталықтандырылған автоматтандырылған дерекқорынан (бұдан әрі – ҚАЖ ОАД) беріледі.

10-параграф. "Тергеу изоляторларындағы адамдар" санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      41. Мемлекеттік корпорация "тергеу изоляторларындағы адамдар" тізімін ҚАЖ ОАД-дан алынған ҚР Еңбекминінің АЖ деректерінің негізінде қалыптастырады.

      42. ҚР Еңбекминінің АЖ-ға Қазақстан Республикасына уақытша келген шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды қоспағанда, тергеу изоляторларындағы адамдар туралы деректер ҚАЖ ДБО орталықтандырылған автоматтандырылған дерекқорынан беріледі.

11-параграф. "Жұмыс істемейтін оралмандар" санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      43. Мемлекеттік корпорация "жұмыс істемейтін оралмандар" тізімін ҚР Еңбекминінің АЖ деректерінің негізінде қалыптастырады.

      44. ҚР Еңбекминінің АЖ-да МЗЖ және (немесе) ӘА-ның бар-жоғына деректерді салыстырып тексеру жүргізілгеннен кейін "Жұмыс істемейтін оралмандар" санаты:

      1) салыстырып тексеру күнінің алдындағы бір ай үшін МЗЖ және (немесе) ӘА бойынша төлем болмаған кезде беріледі;

      2) салыстырып тексеру күнінің алдындағы екі ай үшін МЗЖ және (немесе) ӘА бойынша төлемдер болған кезде алып тасталады.

12-параграф. "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар" санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      45. Мемлекеттік корпорация "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар" тізімін ҚР Еңбекминінің АЖ деректерінің негізінде қалыптастырады.

13-параграф. "Мүгедектер" санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      46. Мемлекеттік корпорация "мүгедектер" тізімін ҚР Еңбекминінің АЖ деректерінің негізінде қалыптастырады.

14-параграф. "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар" санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      47. Мемлекеттік корпорация "орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар" тізімін ҚР БҒМ АЖ-дан алынған ҚР Еңбекминінің АЖ деректерінің негізінде қалыптастырады.

15-параграф. "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы жұмыс істемейтіндер" санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      48. Мемлекеттік корпорация "мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы жұмыс істемейтіндер" тізімін ҚР Еңбекминінің АЖ деректерінің негізінде қалыптастырады.

      49. ҚР Еңбекминінің АЖ-да МЗЖ және (немесе) ӘА-ның бар-жоғына деректерді салыстырып тексеру жүргізілгеннен кейін "мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы жұмыс істемейтіндер" санаты:

      1) салыстырып тексеру күнінің алдындағы бір ай үшін МЗЖ және (немесе) ӘА бойынша төлем болмаған кезде беріледі;

      2) салыстырып тексеру күнінің алдындағы екі ай үшін МЗЖ және (немесе) ӘА бойынша төлемдер болған кезде алып тасталады.

3-тарау. "Әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері" санатына жататын тұтынушыларды есепке алуды жүргізу тәртібі

      50. "Әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері" санаты бойынша деректер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында айқындалған берілген өкілеттіктер шеңберінде Қордың АЖ-ға Қорғаныс, Ішкі істер, Қаржы министрліктерінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, Бас прокуратурадан, Мемлекеттік күзет қызметінен, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) (бұдан әрі – уәкілетті органдар) келіп түседі.

      51. Уәкілетті органдар әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының қызметкерлері туралы мәліметтерді Қорға күнтізбелік он төрт күнде бір рет береді.

      52. Қордың АЖ-да "әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері" санаты бойынша тұтынушыларды есепке алу уәкілетті органдардан деректер түскен сәттен бастап мәліметтер келесі берілгенге дейін жүзеге асырылады.

      53. Уәкілетті органдар әскери қызметшілердің, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің құрамы туралы мәліметтер (жұмысқа қабылдау, жұмыстан шығару, штат санының өзгеруі) өзгергеннен кейін күнтізбелік жеті күннен кешіктірмей Қорға әскери қызметшілер, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері туралы мәліметтерді енгізеді.