Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап-тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-172/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 30 қазанда № 21557 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жығы 7 шілдедегі Кодексі 7-бабының 73) тармақшасына, "Жол жүрісі туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 2) тармақшасына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап-тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің міндеттерін атқарушы
А. Ғиният

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы Цифрлық даму,

      инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі

      министрлігі

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндеттерін атқарушы
2020 жылғы 30 қазаны
№ ҚР ДСМ-172/2020 бұйрығына
қосымша

Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап-тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу қағидаларын бекіту туралы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап-тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жығы 7 шілдедегі Кодексі 7-бабының 73) тармақшасына, "Жол жүрісі туралы" 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 2) тармақшасына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 10 - бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидалар көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап-тексеруден (бұдан әрі – медициналық қарап-тексеру), механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу (бұдан әрі- жүргізушіні қайта медициналық қарап тексеруден өткізу) тәртібін айқындайды.

      3. Үміткерді медициналық қарап-тексеру және жүргізушіге қайта медициналық қарап-тексеру (бұдан әрі – Үміткерлер) кәсіптік жарамдылық сараптамасын жүргізу жөніндегі медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар медициналық денсаулық сақтау ұйымдарында (бұдан әрі – медициналық ұйымдар) өткізіледі.

2-тарау. Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткерді медициналық қарап -тексеруден өткізу тәртібі

1-параграф. Медициналық қарап-тексеруден өткізу тәртібі

      4. Үміткерді медициналық қарап-тексеруден өткізу үшін медициналық ұйымдарда тұрақты жұмыс істейтін медициналық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылады.

      5. Комиссия құрамын медициналық ұйымның басшысы бекітеді. Комиссияның құрамына: терапевт, окулист, оториноларинголог, медициналық психологпен психиатр (немесе психолог маманымен), нарколог енгізіледі. Медициналық комиссия штатында қажетті мамандар болмаған жағдайда, комиссия құрамына басқа медициналық ұйымдардың басшыларымен келісім бойынша тиісті бейіндегі мамандар енгізіледі.

      Комиссия төрағасы болып медициналық ұйым басшысының емдеу ісі жөніндегі орынбасары тағайындалады.

      6. Үміткерлерді медициналық қарап-тексеру осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген терапевтің, соңғы 6 айда болмаған кезде флюорографиялық зерттеуді, психобелсенді заттарды пайдалану тұрғысынан биологиялық ортаны зерттеуді қамтиды.

      7. Үміткерлерді медициналық тексеру деректері Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілетін нысан бойынша амбулаториялық пациенттің медициналық картасына енгізіледі, онда денсаулық жағдайы туралы деректер көрсетіледі.

      8. Зерттеу нәтижелері бойынша наркологтың есебінде тұрған (немесе тұрмаған) адамдарды және ағзасында психобелсенді заттар алмасу өнімдері бар адамдарды басқаруға жіберу туралы мәселені мамандандырылған наркологиялық медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының дәрігерлік-консультациялық комиссиялары қайта медициналық тексеру мерзімін кемінде бір жылдан кейін міндетті түрде көрсете отырып шешеді.

      9. Үміткерлердің басқаруға жарамдылығы туралы қорытындыны әрбір маман өзінің бейіні бойынша жеке ұсынады.

      10. Көлік құралын басқаруға жарамды деп танылған адамдарға Анықтама беріледі.

      Көзілдірікпен басқаруға жарамды деп танылған адамдарға анықтамада "Қорытынды" деген сөзден кейін "Көзілдірік міндетті" деген белгі жасалады.

2-параграф. Қайта медициналық қарап-тексеруден өткізу тәртібі

      11. Қайта медициналық-тексеру өткізу мынадай адамдардың контингенті үшін жүргізіледі:

      1) жолаушыларды және қауіпті жүктерді тасымалдауды орындайтын механикалық көлік құралдарының жүргізушілері;

      2) алпыс бес жасқа толған механикалық көлік құралдарының жүргізушілері;

      3) мүгедек-жүргізішілер;

      4) механикалық көлік құралдарын мас күйінде басқарғаны үшін немесе механикалық көлік құралын басқаруды осындай күйдегі адамға бергені үшін немесе жүргізушінің мас күйінде болуын анықтау үшін медициналық куәландырудан өтуден жалтарғаны үшін жүргізу құқығынан айырылған адамдар жатады.

      12. Жүргізушілердің қайта медициналық-тексеруден өту мерзімі "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабының 5-тармағында көзделген.

3-тарау. Көлік құралын басқаруға рұқсат беру туралы анықтама беру тәртібі

      13. "Көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы анықтама беру" мемлекеттік көрсетілетін қызметті беруші көрсетеді.

      14. Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтерді қамтитын "Көлік құралын басқаруға рұқсат беру туралы анықтама беру" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында келтірілген.

      15. Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру көрсетілетін қызметті беруші арқылы жүзеге асырылады.

      16. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер:

      1) көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;

      2) көрсетілетін қызметті алушының осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеуі.

      17. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.

      18. Мемлекеттік қызметті көрсету орындарының мекенжайлары Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау басқармасының, Алматы, Түркістан облысының қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының, облыстардың, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармаларының, сондай-ақ медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымдардың интернет-ресурстарында орналастырылады.

4-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      19. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға жүгінуі мүмкін.

      20. "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25 бабының 2-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      21. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

                              _________________________

  Қағидаларға
қосымша

"Көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы анықтама беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

"Көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы анықтама беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет

1

Қызмет берушінің атауы

Медициналық ұйымдар

2

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну тәсілдері

Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету нәтижелерін беру көрсетілетін қызметті беруші арқылы жүзеге асырылады

3

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсету мерзімі

Құжаттарды күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты-1 жұмыс күні

4

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету нысаны

Қағаз түрінде

5

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету нәтижесі

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы анықтама беріледі

6

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

ақылы түрде, мемлекеттік қызмет көрсету құны "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 202-бабына сәйкес айқындалады.

7

Жұмыс кестесі

Көрсетілетін қызметті берушінің белгіленген жұмыс тәртібіне сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден жұмаға дейін

8

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі

1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін талап етіледі);
2) Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамдарға медициналық қарап - тексеруді жүргізу қағидаларына сәйкес медициналық қарап – тексеру нәтижелері;
3) мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету үшін төлемді растайтын құжат.

9

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер

1) көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;
2) көрсетілген қызметті алушының осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбауы және қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынуы;
3) көрсетілетін қызметті алушының осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеуі.

10

Мемлекеттік қызметті көрсету ерекшеліктері ескерілген өзге де талаптар

Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 8-800-080-7777, 1414.

  бұйрыққа
2-қосымша

Денсаулық сақтау саласындағы кейбір күші жойылған нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      1) "Көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамды медициналық қарап тексеруден, механикалық көлік құралдары жүргізушісін қайта медициналық қарап тексеруден өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2013 жылғы 20 наурыздағы № 166 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8437 болып тіркелген, 2013 жылғы 20 желтоқсанда №190 (2565) "Заң газетінде" жарияланған);

      2) "Көлік құралдарын басқару құқықтарын алуға үміткер адамдарға медициналық тексеріп-қараулар жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2013 жылғы 20 наурыздағы № 166 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2014 жылғы 26 маусымдағы № 350 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9619 болып тіркелген, 2014 жылғы 6 тамызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);

      3) "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 19 шілдедегі № ҚР ДСМ-106 бұйрығының (нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізімінде № 19072 болып тіркелген, нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2019 жылғы 22 шілдеде жарияланған) 1-тармағының 1) тармақшасы.